Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Несіпбек Айтұлы: “Әркім өз ішінен тазару керек”

22.09.2016 426

Несіпбек Айтұлы: “Әркім өз ішінен тазару керек”

IMG_0947 - копия.JPG

– Несіпбек аға, «Әдебиет – ардың ісі». Кез келген классикалық шығарманы оқып шықсаңыз, адамның әлсіз жақтарын көрсете отырып, мінез мәселесін керемет бейне­леп шығады. Бізде қазір «қазақы мінез» дейтін ірілік тіпті азайып барады. Осыған ең бірінші араша түсетін әдебиет болуы керек деп ойлаймын. Айтыңызшы, бізде неге классикаға татитын тақырып көп те, бірақ классикалық шығарма жоқ қазір? Неге ақын-жазушылар көзге көрініп тұрған рухани кеселдерді дөп басып жазбайды?

– Қай заманда да қазақ әдебиеті тоқырады дегенге келіспеймін. Бірақ та кешегі кеңестік дәуір, Ұлы Отан соғысы уақыты, 1930 жылдардағы қуғын-сүргін тұсында әдебиет, әрине, бір шеңберге түсіп, содан шыға алмады. Ақын-жaзушылар ішіндегіні бұлқынып айта алмай қалған заман болды. Бірақ әдебиет мұз астынан жүрген су сияқты, ұлттық ойлар қашанда ұлттық әдебиеттің жүгін арқалады. Сондықтан әдебиет тоқырады, қазір әдебиетте классикалық дүниелер жоқ дегенге өз басым қосылмаймын.


– Мысал келтіріп өтесіз бе?

– Мәселен, тәуелсіздіктен кейін туған Мұхтар Мағауиннің шығармаларын, әсіресе әңгімелерін ерекше айтуға болады. Со­дан кейін Қадырдың «Иірімі» сияқты кесек туындылар келді. Есенғали Раушанов, Ұлықбек Есдаулеттің еңбектері бар. Жас таланттар да жетеді.

Сонымен бірге Тәуелсіздікті жырлау жағы кемшін деген­ге де қосылмаймын. Өз басым Тәуелсіздікке арналған поэмалар циклын жасадым. Бүкіл қазақ батырларын қайта жыр­лап шықтым. Соңғысы – Шапырашты Наурызбай жақында жарық көрді. Бұрын Қабанбай, Бөгенбай, Бердіқожа, т.б. көптеген батырды жырға қостым. Кенесары да жырланды. Енді Жалаңтөс баһадүрге түсіп отырмын. Сырым батыр ту­ралы Қажығали Мұхаметқалиевтің романы жазылып жатыр. Мен тек оқығандарымды ғана айтып отырмын. Таласбек Әсемқұловтың Біржан сал жөніндегі киносы, Фариза апайдың өлеңдері, Қойшығара Салғараұлының тәуелсіздікке арналған шығармалары бар. Ал мен білетін қазақ поэзиясы көштен қалған жоқ, қай елдің поэзиясынан болсын кем емес. Мысалы, Бауыр­жан Жақып, Ғалым Жайлыбаев, Оңайгүл Тұржановалардың поэзияда өз орындары бар.


– Онда неге жастар арасында торығу басым?

– Кейбір жастар кейбір пікірлерге сеніп кетіп жатады. Осы заманда, әсіресе ауылда жікшілдік, әлеуметтік теңсіздік, қаламақы төленбеу, тұрмыстық қиналыс кезеңін олар бүкіл бір Тәуелсіздік жылдарындағы трагедия деп қабылдайды. Со­дан кейін барып билікке өкпелеу басталады. Қарсы жазып жатқандар да бар, кейде олардың да пікірін қолдаймын. Бірақ билікке бір қырынан қарап, қаралай, даттай беруге болмайды. Тәуелсіздік жылдары биліктің де, олардың да еткен еңбегі, жет­кен жетістігі жетеді.

Тағы да қайталаймын, қазақтың тілі барда әдебиет тоқырады дегенге сенбеймін. Өкініштісі – қазір оқырман азайып кетті. Жұрт кітап оқымайды. Туған әдебиетті талдап, халыққа көрсетіп айтатын сын азайды. Содан болар, журналистиканың осындай кездегі ұшқырлығы, шапшаңдығы әдебиетті басып кетіп жатқаны. Осыдан кейін журналистер «Әдебиет жоқ» дегісі келеді. Әдебиет деген журналистика емес қой! Әдебиет – ұзақ жылдар толғанып, толғатып барып туатын дүние, мысалы, романдардың өзі жеті-сегіз жыл, он жыл жазылады. Күні бүгінге дейін Әбдіжәміл ағамыз «Қан мен терін» әлі өңдеп келе жатқан жоқ па?!

Сондықтан әдебиетті қолжаулыққа айналдырып, жеңіл-желпі қарауға болмайды. Әдебиет – халықтың рухы, тарихы, ты­нысы. Толғаныстан туатын туындылар мен шапшаң шығатын мерзімді баспасөздің аражігін ажырату керек, шатастырмау керек. Екеуі екі бөлек сала ғой.


– Аға, ендеше біздің қаламгерлер қазіргі қоғамдағы руха­ни дерттерді ашып айтып, көрсете алып отыр деп айта аласыз ба?

– Әдебиетте оқылымды шығармалар жоқ емес, бар. Бірақ қазіргі әдебиетте көлденең келген көк аттылар көбейіп кетті. Әдебиетке қатысы жоқ адамдар кітап шығарып, оқырманның талғамын, талабын шатыстырды. Біздің оқырмандар айтыс ақындарын ақындардың ең кереметі деп ойлайды. Мен айтыс ақындарына қарсы емеспін, ол – көнеден келе жатқан өнеріміз. Шындығында жазба ақындары мен айтыс ақындарының деңгейі бірдей емес қой! Екеуі екі басқа дүние. Теледидардан көреді де, «Ақындарымыз осы екен» деген ойға қалады. Ал олар керемет жазба поэзияның тереңіне бара алған жоқ. Жазба ақындарының сөзі халыққа жетіп жатқан жоқ. Өйткені таралым аз. Бізде оны саралап, талдап, жеткізіп жүретін сыншылар жоқтың қасы. Сыншылар «Аш пәледен қаш пәле» дейді. Оларға қаламақы төленбеген соң жау іздеп қайтеді? Содан кейін қазақта, біздің әдебиетте, авторларда сынды қабылдау мәдениеті әлі орныққан жоқ. Сын айтса, сыншының желкесінен шоқпарды үйіреді. Мінін көріп, керегін алып, керек емес жерін іріктеп, сыншымен сәлемдесіп жүру, міне, бізде жоқ нәрсе.


– Тәуелсіздіктің 20 жылдығында мәдениет пен әдебиет саласында жеткен ең басты жетістігіміз деп нені айтар едіңіз?

– Қазір тап басып айта алмаймын. Негізі көптеген автор тәуелсіздікті дұрыс сезініп отырған жоқ. Өйткені тәуелсіздік пен билікті шатыстырады. Билік уақытша, ертең ауысады. Біз билікпен күресетіндей кешегі басқыншылармен немесе отар­шылармен күресіп жатқан жоқпыз ғой. Тәуелсіздік алдық, ту тігілді, Президентің қазақ, Құдайға шүкір! Ал биліктің кемшілігі болса, айту керек. Бірақ ол күрес емес қой. Күрес деген басқа. Ал тәуелсіздіктен құнды нәрсе жоқ. Тәуелсіздікті жан-тәнімізбен жырлауымыз керек. «Той дегенде өлең таппас, әншейінде ауыз жаппас» деп, Ленинді де, балшебекті де – бәрін де жырладық осы. Ал ақ түйенің қарны жарылған кезде неге тәуелсіздікті жырламасқа?! Тәуелсіздікті жырлауға шақырамын.

Тәуелсіздік – қанша ғасыр күткен қазақ халқының бақыты, төгілген қаны, көзінің жасы, кешегі бабалардың арманы. Тәуелсіздік пен билікті шатыстырмауымыз керек. Билік мәңгілік емес. Бірақ биліктің де жақсылығын көре білу керек. Астана салдыру, шекара бекіту, тағы басқа істер жетерлік. Әрине, жиырма жылдың ішінде бәрін тындыру мүмкін емес. Бірақ мен бір нәрсеге өкінемін, жиырма жылда мемлекеттік тілді орнықтыра алмағанына. Соған жете алмай отырмыз. Міне, істелмей отырған шаруа – осы. Тіл тағдыры жолында тиімді күресуіміз керек әлі.

Жақында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов есеп бергенде Астана қаласындағы 51 балабақшаның барлы- ғын қазақ тіліне көшіргенін айтты. Бірде-бір қалада, бірде-бір әкім бұлай жасаған жоқ. Құр айғайлап, газет бетінде шула­тып, даурыққаннан гөрі осындай нақты шаруа жасау керек. Заманның қиын кезінде, 1990 жыл мен 2000 жылдар арасын­да біздің жас жазушылар қалыптаса алмай қалды. Тұрмыстың әлегімен кетті. Сондықтан әдебиет жоқ деп жылай бергеннен гөрі жазушыларға ептеп жағдай жасалса, сабасына түседі. Қазір жөнге келе жатыр, әдебиетіміз дамиды ғой деп ойлаймын. Про­за біраз саябырлағаны рас. Бірақ қазақ поэзиясы өз деңгейінен түскен жоқ. Ақындарымыз жазу жағынан кенде емес. Қаулап жас ақындар келе жатыр. Мысалы, Дәулеткерей Кәпұлы, Ақберен Елгезек, Моңғолиядан келген Бауыржан Қарағыз, т.б.


– Ақын әлеуметтегі келеңсіздікті көрсе, айтпай отыра алмайды ғой. Қазір суицидтен Қазақстан алғашқы орынға шығып, бәрінен озып кетті. Кеше ғана Ақтауда бір қыз 9-қабаттан секіріп, өз-өзіне қол жұмсады. Бұдан басқа нашақорлық, араққұмарлық, ажырасу, т.б. бойынша еліміз әлемде жиырмалыққа, тіпті ондыққа кіреді. Аға, неге біз жастар тәрбиесінен жаңылып қалдық?

– Бұл – трагедия. Әсіресе мен бет-аузын бүркеп алатындарға қарсымын. Қазақ қызы ешқашан бетін жапқан жоқ, қазақ қызы бетін ашып, басына бөркін, әдемі тақиясын киіп жүрген, анала­рымыз ақ кимешек, келіндер басына байлауыш тартқан. Қара киімді қара жамылғанда киеді. Қазақ оны «қара жамылу» дейді. Бізде бабаларымыздың аруағын сыйлап, бір Алла деп, ас беріп, ат шаптырып жатады. Қазір ата-баба дәстүріне қарсы шығатын бір ағымдар пайда болды. Мен үшін барлығынан да ұлтым қымбат, ұлтымның тілі, дәстүрі қымбат. Қысқаша айтқанда, мен мұсылман араб болғым келмейді, мұсылман қазақ болғым келеді. Егер мені мұсылман қазақтықтан әкетіп, мұсылман араб қыламын дейтін болса, одан да кәпір қазақ болғаным жақсы. Мен бәріне осы принциппен қараймын. Жат ағымдарды дамытып отырған сыртқы жаулардың, ішкі жаулардың қазақ халқын, жастарды құртуды мақсат тұтып отырғаны белгілі. Нашақорлыққа, араққұмарлыққа, түрлі күмәнді дінге бөліп, елді ыдыратуды көздеген сыртқы күштердің әсері. Мұнымен үзілді-кесілді күрес жүргізу керек. Біздің жастарымыз осыдан адасып жүр. Кім ата-баба дәстүрін білмейтін болса, неғұрлым надан болса, соларды алдымен қақпанға түсіреді. Өзінің көзқарасы, ұлттық көзқарасы, позициясы қалыптасқан адам кеселге ұрынбайды. Дәстүрін, тілін білмегендіктен көрінген ортаға түсіп, құрбан болып кетіп жатыр біздің жастар. Сондықтан мемлекетіміз осы жөнінде қатты ойлану керек. Өйткені олар күшейіп ба­рады. Бұл тәуелсіздікке қауіпті, елдігімізге, болашағымызға қатер төндіреді. Сондықтан жастарды осыдан арашалауымыз, құтқаруымыз керек. Сырттан келіп жатқан мәдени экспансия арамызға кіріп, құрт сияқты жеп жатыр, соңында қауақ болғанда лақтырып жіберуі мүмкін. Кешіктірмей ел болып ойланатын шаруамыз – осы.


– Өзіңізде торығу, шаршау жоқ па?

– Тәуелсіздігім болса, халқым аман, ұрпағым көбейетін бол­са қалайша торығамын?! Мемлекеттің, әдебиеттің игілігін өзі көріп отырып, басқаның баласына «Қазақша оқу, сөйлеу ке­рек!» деп трибунада айқай салып, ал үйінде немересі мен әйел-баласына ие бола алмайтын адамдарды көргенде торығамын. Қазір бізге ең керегі – тіл, елдің тұтастығы, шекара, жастарды көлденең көк аттылардың жетегінен құтқару.


– Қоғамның зиялысы деп жазушыларға қарайлаймыз. Бірақ қазіргі кезде мүйізі қарағайдай жазушы ағаларымыз ел алдында дауласып, бір-бірімен қырқысып жатқанын көріп мұқалып қаламыз... Бұл жазушылардың да торыққанын көрсетпей ме?

– Мен осыған қарсымын. Біздің ағалар ұсақ-түйек өкпеге бола том-том кітап жазады. Оның оқырманға керегі жоқ. Бір-бірімен бет жыртысқанын халық көреді, естиді. Сосын ел алдын­да беделі түседі. Естелік жазғанда да халыққа қажет, ұрпақ үлгі алатын, елдің тағдырына байланысты мәселелерге қалам тарту керек, ал от басы, ошақ қасындағы жеке бастың күйкі тірлігін кітап қылып, оқырманға ұсынып жату – ұят нәрсе. Шыны керек, осы жайттар біздің біраз ағаларымыздың беделін түсірді.


– Қазіргі кезде жазушылар арасында рушылдық мәселесі бар деген сөз әр жерде бір айтылып қалып жүр, бұған не дейсіз?

– Рушылдық мәселесі жазушылардан басталған жоқ, әу баста Кеңес өкіметінің тұсында қазақты бір-біріне қарсы қою үшін рушылдық дертін ушықтырған, бұл сол кезде басталған. Билік кезінде үшке де бөлінген. Саясат әдейі солай жасаған. Әрине, соның салқыны әлі үзілмей келе жатыр. Бізге ұлттық деңгейге көтерілетін уақыт әлдеқашан жетті. Ұлттық деңгейде ойлауы­мыз керек. Рас, бөлінді, іріді, шіріді. Тіпті тәуелсіздіктің тұсында кейбір өңірлер ұлттық деңгейден төмендеп, рушылдықтың құдығына түсіп кетті. Міне, торығатын нәрсе – осы. Қазір бізге бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, кеше кеткен кемшіліктен қайта тазарып, арылу керек. «Анау рушыл» деп көрсетеміз, әркім өз ішінен тазару керек. Әркім өзін тазар­татын болса, қазақ есін жияды. Өтер іс өтті, өткенге салауат, қателік болды, енді мына заманда тазарып, бабаларымыздың бір ту астында жиналған кезеңіндегідей бір ниетке ұйымайтын болсақ, қатерлі күндер алда деп ойлаймын.


– Аға, шын ұялған кезіңіз болды ма?

– Орынсыз сөз айтып, әкемнің, шешемнің, жолдастарымның алдында ұялған кезім болған шығар. Ақын болғасын шалқып жүреміз, тартып жүреміз дегендей. Ал халқымның алдында ешқандай ұялатын жайым жоқ, ұялатындай өрескел іс жасағам жоқ. Арым таза.


– Лев Толстой деген жазушы «Бәрі Ресейді құтқарғысы келеді, ал ешкім өз жанын құтқарғысы келмейді» деген екен. Ішкі дүниеңізді жадыратар, қайғырғаныңызда демеу бо­латын өмірлік ұстыныңызды айтып бере аласыз ба? Сол өмірлік тәжірибеден шыққан рухани қуатты жастар да пайдалана жүрсе деп сұрап отырмыз.

– Қазақты құртатын – көреалмаушылық. Кең болу керек. Ғафу Қайырбековтің «Аспан кең ұшам деген қанаттыға» деген сөзі бар.

Тазаратын кез келді. Өткен ғасырда ағалар тастап кеткен былықтан ХХІ ғасырда тазаруымыз керек.


– Сонда өзіңізді өмірде жағымды кейіпкер ретінде сезінесіз бе?

– Өзін жек көретін ешкім жоқ, айналайын. Кез-келген шошқа өзін жақсы көреді. Бізде кез-келген «халтурщик» өзін классик санайды. Сондықтан бұл сұрағың мен үшін орынсыз!


– Қазір кәрістің керемет тарихи сериалдарын халық тамашалап отыр, балалар бойларына сіңіріп жатыр. Мен Жұмоңмын, мынау Дон И деген сияқты қаһармандар пайда болғаны белгілі. Осылай... шынайы, моральдық кейіпкерлер мен тақырыптарға барар біздің жол әлі ұзақ па? Ол «ауыл» бізден неге алыс?

– Осының барлығы біздің өзіміздің қаһармандарды наси­хаттай алмай отырғанымыздан. Ұрпаққа насихатталсын деп, бұрынғы батырларды қайталап жазып жүрмін. Балалардың көретіні шетелдің батыры болса, олар ертең кім болып шығады? Мысалы, Сыр бойындағы Жанқожа батыр. Оны қазіргі бала білмейді. Осының бәрін насихаттау керек, жазу керек. Балабақшадан бастап, өткенімізді, батырлық жырларымызды санасына құю керек. Әркім өзінің отбасын, баласын, қызын, немересін тәрбиелесін.


– Аға, күнделік жазасыз ба?

– Күнделік жазбаймын, жазып көрген жоқпын, бірақ жазу керек еді. Әдетке айналдырған жоқпын. Мен өлеңнің адамы­мын. Айта кетейін, бұрын бір шығарма, өлең газетке шықса, екінші газет қайталап басып шығармай қоятын жағдай болады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Өйткені қазір кітаптың тиражы аз. Басылған дүниелерді де қайталап баса беруіміз керек. Мысалы, шығыс өңірде шыққан шығарманы батыстағы «Үш қиян» басса, әдебиетіміз насихатталар еді. Себебі газеттер де өздері шығып отырған өңірге кең тарайды, басқа жерге жетпейді. Әдебиетті насихаттаудың бір жолы – осы. Өзеннің бұлақтан басталып, бір арнаға құятыны белгілі. Әр басылым өз өңірін қамтып жазып жатыр. Одан рушылдық, топтық нәрселерді іздеп, елді адастыруға болмайды.





Несіпбек Айтұлының “Жеті томдық шығармалары” атты кітабынан

Сұхбаттасқан Дәурен Сейітжанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар

Ең көп талқыланғандар