27 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Тоқтарәлі Таңжарық. Кісінегім келеді бейуақ…

13.09.2016 295

Тоқтарәлі Таңжарық. Кісінегім келеді бейуақ…




Гүл


Түн.

Балауыз шамның әлсіз жарығы

Жалауын жел жыққан кемедей

Қиялымызды иенге сүйреген.

Ұмыта алмайтындығымыз бен

ұмытуға болмайтындығын да елемей,

санамызды мағынасыз әуендер билеген…


Әйтсе де бір буда қызыл гүл

ұсынар едім мен саған,

Бірақ, сен таңырқамайсың

дала гүлінің иісіне.

Иә, біздің сезім –

Өзіміз ойлағаннан да «сараң»,

Тіпті оны қуат та қалмаған түйсінер.


Біздің бұл ауыр да азапты халімізді ұғар кім?

Сен нені аңсайсың, жаным,

көзіңді үн-түнсіз әйнекке қадап.

Бәлкім, біз бір күні

ұмыта алмайтындығымыз бен

ұмытуға болмайтындығы үшін

егіліп жылармыз…

Бірақ, ол кезде тым кеш болар!

Жасымыз көкірегімізде бүр жарған

қауашақ гүлдің жапырағына

аппақ қырау боп қонар…

Сосын…

Сосын, ол да солар!


Құштарлық

Сезім нұры жауғанда себелектеп,

Ермен мұңға мас болған ебелектеп.

Қызыл гүлдің жабысып қауызына,

Қонса жалғыз қоңырқай көбелек кеп…

Ол менмін ғой,

Әлдене керек еткен.


Жетім көлшік бөленіп шұрылға сан,

Маңғаз тірлік айтқанда жырын масаң.

Бозала таң атқанда бозторғай кеп,

Терезеңе қонақтап шырылдаса,

Ол менмін ғой…

Қайтейін ұғынбасаң.

Тырналарын түн бойы тыраулатқан,

Мұңлы әуенге тұншығып мұнарлы аспан.

Қара жолдың үстінде қайғы құшып,

Жапырақты көрсең сен құлап жатқан…

Ол менмін ғой,

Сені ойлап жылап жатқан!


Қыңыр боран қымсынбай қыңсыласа,

Қыңсыласа,

Бір сәтке тыншымаса.

Сенің алма жүзіңді аяз келіп

Ақырын шымшыласа…

Ол менмін ғой сүюге құштарланған,

Жүрегіңнен бір күні бүршік атам…


Жылқылар

Олар шұрқырап сұп-сұры тұманнан шығатын,

Қайтадан кіретін сұп-сұры тұманға.

Дүбірден дүниенің жүрегі дүрсілдеп тұратын,

Жаңғырып бейуақ кіл аңғар…


Қолымызға құрық ап құла дүзден іздейміз,

Іздейміз оларды –

Көшпенді жылқысын.

Құла ма, қоңыр ма, қылаң ба… білмейміз,

Біз үшін беймәлім түр-түсі.


Бізді де солардай барады жеміріп,

Уақыт пен қара жол –

Ирелеңдеген қос жылан!

Жалы мен құйрығы сусылдап, төгіліп,

Бұл күнде олар тек түсімде осқырар.


…Іңірде жатқан бір жандайын есінеп,

Тарихым ұмытқан олардың тұяғын.

Мен оны мінемін да-ла-лар төсінде,

Иә, бұл кәдімгі ақынның қиялы.


…Енді үнсіз отырмын

сағыныш сарғалдақтарын бүрлетіп санада,

жусаны бұрқырап

көктем ғой бұл мезгіл құлпырар.

Құлазу кейпіндегі

мендік бұл қасіретті білмейді тағы олар,

Кісінегім келеді бейуақ…

Шұрқырап…


…Қайда сол үйірлі жылқылар?!



Теңіз. Ай. Елес


Көгілдір ай сәулесі астында буырқанып жатқан теңіз…

Толқындар сапырылыса шайқаған айдың «өлі» денесін.

Бәлкім, сол Ай – біздің ғұмырмен егіз,

Бәріміз шарқ ұра аңсаймыз өткеннің елесін.

Көкірегімізді қан-жоса ғып қадалған

Тіпті де ұмыта алмаймыз уақыттың улы жебесін.


Ай мен сол Елес.

Жылымға шөккен кеме.

Су бетіне шықпайды енді олар қалқып.

Сұңқылдап жалғыз ұшқан аққуды көрсең сен, егер,

Қанатын көгілдір сәулелерге шарпып;

Ол да біздей күңіреніп Елес дүниесін кезер,

Аласұрған сезімнің құшағында малтып.


…Бүгін теңіздің демі салқын.

Үн-түнсіз барамыз қайтып…


Иек сүйеу


Үн-түнсіз. Жым-жылас.

Есік пен терезе –

Мәңгілік ашылмас кейіпте. Жабылған.

Әлдене аңсайсың. Кебедеі кенезең.

Масалар ызыңы билеген қабырға –

Ол да үнсіз! –

Қиялға шомылған.


Кірпікте қара түн түнеріп,

Қарашық ішінде мұң ағып…

Екеуміз сүйетін бұл өмір

Барады, ә, осылай қуарып…


Қасірет иектеп жанымды,

Жұбатар едің ғой күрсінсем.

Бейуақ сыңсиды қалың ну:

«Қай жақта жүрсің сен?»


…Үзілген үмітті жалғар кім?

Ұзақ түн ғасырдан.

Ертеңгі ататын таңдардың

Парағы шашылған…



* * *


…Солады сыйлауға жаралған гүлдер.

Дәл осы гүлдердей

қарашығымызда қуарып, солар күз.

Әрине, тым қиын өткенді ұмыту мүлдем…


Бізде

ағыстар шайқаған

мұзтаудай мүжілген болармыз…

…Қиялды тоғытып түнге,

Елесін іздейміз солардың.

Ал қазір іңір ғой қарс түйген қабағын,

Ынтық пен өксіктің қауышқан сәті –

Немесе қураған гүлдердің сабағы,

Бояуы қалмаған жасыл…


Аппақ сүңгіден тамған мөлдір тамшыдай –

Сенің жасың…

Көкірегіме шым-шымдап сіңген.

Сен енді қайтесің бұл түнге жылап.

…Қайтадан қауашақ жаяды гүлдер…


Бірақ,…

Бірақ,…

Бірақ,…


* * *


Түн. Құлазыған бейне.

Айнаның жүзінде сағым.

Екеуміз өксиміз кейде,

Еске алып бақидың таңын.

Қиялдың қанаты талса,

Жабылар белгісіз бір есік.


Моладан бүр жарар арша,

Көлкіген көлеңкені кешіп.

Шыңғырар шытырман жолдар,

Үнсіздік өксіген сәтте.

Мүлгиді қап-қара орман,

Біз үшін жат енді ол әттең.


Күз бе бұл, яки көктем?

Даланы тұмшалар тұман.

Көмейде талықсып кеткен,

Ешқашан айтылмас бір ән.

Түн. Құлазыған бейне.

Жүзінде ескірген әжім.

…Біз неге өксиміз кейде,

Еске алып бақидың таңын?..


Орман

Жиілейді қара орман…

М.Жұмабаев

Суық һәм сүркейлі Шығыстың желі…

Ауыр бір ойларға шомған –

Мен мәңгі сүйемін сені,

Үн-түнсіз мүлгіген қап-қара орман.


Жататын жым-жылас жыныстар бүркеп,

Онда да аюлы шатқал бар –

Шытырман жолы.

Мен өскен тауларға жарасар бұл тек,

Білемін, ешкім де сезген жоқ оны.

Анамның ағарған шашындай селдір,

Менің де қиялым ағарды, жаным:


Іленің суындай тап-таза, мөлдір,

Тауындай тым асқақ тағы –

Сол орман туралы пікір жоқ оңды,

Себебі, ешкім де болған жоқ ұғып.

Дәл өзі сияқты

қиялға шомсаң бір болды,

ойыңа жап-жасыл бояуы қалады жұғып.


Төбеңде жүреді Ай балқып… толысып…

Тек соған бастайды

бейуаққы белгісіз жолдар.

Мен сені сүйемін сол үшін,

үн-түнсіз мүлгіген қап-қара орман…


…Болады енді кім қорған?!..



Өртелген мешіт


Бейуақта сөккен кім сенімімнің көбесін?

Үйі өртелді Тәңірдің.

(Түсім емес, өңім бұл).

Жанарымда боталап жазулардың елесі,

Кірпігімнен ұшады құсқа айналып көгілдір.


…Тұншықтырып жанымды жанайқайым өзімнің,

Құмда қалған құлазып жолаушыдай сезіндім.

Мендік тағдыр жазылған «Тәңірхаттың» парағы,

Көз алдымда тұр әне, отқа оранып күп-күрең.


Қанат қағып Қиссалар қиялымның үстінен,

Әлсін әлі қағады қылқобыздың шанағын.

Жалқын оттың ішінде күрсінеді көлеңкем,

Шым-шытырық, қым-қиғаш елес торлап жанарын.


Өртке сүңгіп барамын…

…Батып бара жаттым бір қап-қараңғы түнекке,

Қалды артымда шұбалып иір-қиыр жалғыз із.

Таңғы азанның дауысы қалқып шығып жүректен,

Маңдайыма қадалды өртенген Ай алқызыл…



* * *


Долданып жататын ағып,

Теңіз һәм құлазыған жаға.

Қолына шақпақ тас алып,

Ең алғаш от жаққан ана.


Сонан соң күркіреп аспан,

Жасыннан жаңғырған аңғар.

Көз жасын көгілдір тасқа,

Ойып бір жазатын жандар.


Жерұйық туралы ұғым –

Мәңгілік ғұмырға сапар.

Көру де тым қиын мұны,

Сызылып таң қазір атар.


Қобыздың зарлы үнін ішкен…

Қазулы бұл кімнің көрі?

…Шұбалған шытырман түстер,

Сен қайда апарасың мені?..



* * *


Мұңайма, жылама жаным,

Бұл маңда жұбатпас ешкім.

Онсыз да қасіреті қалың

Мынау бір сұп-сұры кештің.


Қайтесің уайымға жүзіп,

Көз жасың көтермес оны.

Уақыт сызған бір сызық,

Емес ол маңдайдың соры.


Мағынасыз әуендей сөзің:

«Көремін, – дейсің, – бір жебе!»

Нүктеге қадалып көзің,

Сен іштей егілесің неге?


Өтінем, күлші бір мұңсыз,

Жүрген не еңсеңді езіп.

…Сен қайда барасың үнсіз,

Бейуаққы көшені кезіп?


Жалғыздық картинасы


Түн өксіп ұзақ жылайды…

Парыз бен сүндет

Орындалмаған.

(Ол дағы ескі бір індет).


Менікі меңіреу үнсіздік.

(Жолы болмаған).

Қаланың о бір шетінде айғай-шу, дүрмек.

Көкжиектің де көрінбес көркем бояуы –

Желге ұшқан жалғыз қауырсын,

Тозған бір сурет.


Санада әбден сарғайған естеліктердің

өшкен оттарын үн-түнсіз отырам үрлеп.

Ескі қиялдың әлемін елес торлаған.

Жолдарды жұтқан жондардай қимылсыз, сұлық.


Көгершін түстес көңіл-күй құлпыра алмаған:

Түзге қараған терезе – әйнегі сынық.

Айналам толы есіктер. Ескі сарайлар.

Кілітсіз құлпы.

(Ешқайда жете алман жүріп).


…Бозамық айдың сәулесін көзімен жұтып,

Иесіз қалған күшіктер жатады ұлып…


Күз элегиясы


Күз.

Солғын жапырақтардың сарғыш бояуы

Ескі ғашықтың есіл жүзіндей

Сағыныш лебін сапырған.

Дала бір кезген дәруіштердің

құм жұтқан құбыла ізіндей

Естеліктерді өткен күн өрнегі жасырған.


Өткен күн жасырған естеліктерді оята алмай,

Қараша желі боздайды демімен «аптап»,

(Айтпақ боламыз екеуміз қосыла ыңылдап әлдебір әнді).

Иесіз иен қиырға қыдырған жолдай,

Жапырақтармен көмілген

Сүрлеусіз соқпақ

Адастым сенен,

Сол үшін кешірші мәңгі.

Адастым тағы өзіңнен,

есіл ғашығым,

Көңілсіз дүние төсінде көз жасым ақты,

Көкірегімде киік күн өртеніп батты…


…Жаныма сіңіп

жабықтым сарғыш бояуың –

Есіл ғашықтың ескірген күңгірт жүзіндей,

Сен тілсіз діріл қағасың, солғын жапырақ,

Мен үнсіз мұңға батамын айсыз түніңдей…

Құлазыр жолдар бейуаққы –

Кешсең ой ауыр:

Күбір қағады Көлеңке ымырт гүліндей,

Көзінде күзгі суреттер – жым-жырт атырап…


…………………………………………………………….


…Қом судан ұшқан қаздардың соңғы күйіндей

Қайғымды кіммен бөлісем, қара топырақ?..



* * *


Түн қойнында түпсіз қиял шырағы,

Орманында адастырған ой мұнар.

Ессіз сәттің естелігі жылады,

Үскірігі үмітіңді тоңдырар.


Сіркірейді нөкей мезгіл нөсері,

Ешкімге де тиісті емес обалы.

Жиылмаған жардың салқын төсегі,

Шымырлаған мұңның қызыл шарабы.


Қайық малтыр қалшылында сезімнің,

Баяны жоқ бағзы соқпақ.

Меңіреу.

Табыт жүзер тамшысында көзіңнің,

Кімге керек еңіреу?!


Өкініштің өрті емес мына түн –

Қасіреттің қарапайым тұнбасы.

Өзін-өзі үгіп біткен бір ақын,

Ал, өмірді жырлашы!..



ӨРМЕКШІ


Екі дәуірдің арасын бөлген

ақжал толқынды өзен,

Кешіп өтудің мүмкін еместігін

жон арқаңмен сезесің.


Жүзіне Уақыттың мұңлы табы

ұялаған әлдебір кезең –

Бозаң да бозғылт торғынға

жасырған өзінің елесін.


Егіз қара таудың

Сілемін бағзы өрмектер қосады –

Шым-шытырық жолдардың өксігімен өрілген.

Буырыл

О бір дүниеде бүлкілдеп бұлақтар жосады,

Жасыл жамылшынмен көмілген.


Кешегі көргеніңнің барлығы

бүгін түс секілді ізім-ғайым.

Боз жусан жұпарын сімірген

боздақ қыр құшырлана.


Ғұмыр-дария –

Таң мен Кештің өткелегіне

тіршілік торын жайып,

Өз несібіңді Тәңірден күту ғана…


Мінәжат


…Үһілемеші бейуақта.

Әр сөз – әмір.

Ауыр.

Қорғасын!

Тәңір кешірмейді,

Кешпейді Тәңір,

Жауапсыз аққан көз жасын!


…Неге?!

Неліктен өзіңді қарғайсың?

Ұрлатқандай бабаңның бағзы мұрасын.

Ескі бәйіттерді

мың қайтара ақтарсаң да кезіктіре алмайсың,

Рухыңның дал-дұл болған дұғасын!


Өмір –

бар болғаны бір шумақ ақ өлең,

Өзің қоясың нүктесі мен үтірін.

…Алдыңда тұрған не қасқайып?

Тілсіз қара Емен!…


…………………………………………..


Тыңдашы, жүрегіңнің лүпілін!



Жолайрық


Бітпейтін менің ертегім едің,

Бақытқа бірақ жетпеген.

Қанша жыл өтті…


Көз жасыңменен көгілдір таулар көктеген.

Салмағы батпан ымырасыз бұл сәт

ымыртқа қалай ұйыған?..

Сырғыған жасты шыт орамалмен

сүртесің баяу еппенен.


Неге үнсіз қалдың,

Сарғайған жұрттың сағымын аңдап,

мұңданып,

Баяғы ескі әніңді айтшы,

Қайтадан, қалқам, тыңдалық.


Біз терген гүлдің қауашағына

үскірік салып өрнегін,

Біз жүрген жолдың сүрлеуін қымтап,

Леппенен мүлгір шырмауық…


Қайда сол інжу сезімдеріміз,

Алданған біз бе, арман ба?

(Көне жұрттағы кәрі теректің

жапырағы желмен саулауда).


Мұңсыз кездердің мүрдесін жерлеп,

Көз көрмес жаққа кетерміз,

Обалымыздың отына күйген

Үміттей бейуаз жалғанда…


Қар


Далада қапалақтап қар жауып тұр,

Өзінің ізін өзі жасырып.

Айнала ымырт құшағында мүлгіген.

Құлайды кіршіксіз ұшқындар жерге асығып…


Тұмса қиялдың тереңіне сүңгіген

әлдекім ескі әуенді есіне түсіре алмай әуре,

Алақанына қонған қар ериді баяу,

Өз салмағын көтере алмай адасқан ұлпадай зәуде,

Үзілген әуезді іздейді, көңілі қаяу…


Әйнек ішін дымқыл бу басқан, мұнар…

Жетім сәуле діріл қағады, ұмсынып.

Ана омырауынан уыз сорған сәбидей құмар,

Неткен риясыз тіршілік!



ҰЙҚАССЫЗДЫҚ


Мына ескі сарайды құстар мекендейді.

Бөренелер ежелгі сәнін еске салғанымен,

Өрмекшінің торы өткенін шимайлап тастаған.

Кептер мен қарлығаштың қауырсындары

Дөдегелердің қуысынан жерге түседі.


Оларды жел баяу қалқытып,

Белгісіз қиырларға ұзатып салуды шешкендей.

Сары ауыз балапандар шиқылдап,

Жем іздеп кеткен аналарын күтеді,

Тіршілік бәрінен қымбат.


Аңқиған есіктер мен терезелер

Бізге әлдебір қимас көзбен сыр шерткендей,

Бірақ олар емес, біз солай қиялдаймыз.

Жел кеулеген жақпардан ішке үңілсең

жүрегің лоблиды,

Саңғырыққа толы босағаны аяйсың.


Қираған пештің қалқасында өскен

сарғыш саңырауқұлаққа күйе жұқпаған.

Мүк басқан ағаштар жаңбыр суымен көгеріп,

Еден тақтайлары иесіз қалудың не екенін паш еткендей…


Бәлкім бізге жұмық көздерімен қараған марғаулармен тілдесерміз,

Олар бұрыштар мен қуыстар жайлы ертек айтар.

Шырмауық ораған жетім гүлдердің аянышты халіне назар салма,

Бәрібір біз құтқара алмаймыз…


Көзіңе жас алма, інім, кері қайталық.

Анамыз алыс сапарға шықсаңдар,

Арттарыңа бұрылмаңдар дейтін.

Бұл ұғым өшпестей мөрленген.


Біз туған үйдің

Біз тұрған үйден әлдеқайда ыстық екенін сезбейді қазір ешкім,

және ешкім біздің әулет тарихын баяндап бере алмайды.

Ол – тек біздің шежіре, көкірегімізге жерленген…



***



Қоңыр кештерде өрген ойларым

Қайырусыз кеткен түзге…

Қыраулы сезім құндақтап көңіл орманын,

Қолаты қорған бола алмас қоңырқай гүлге.

Жетпеген бізге сірә, не?


Жылу мен жарық.

Көбелек мүлгіп тұр, әне,

Бүріскен гүлдің шығына сирағын малып…


***


Көлге түнеген күміс түн сәулесі зерлі…

Маңдайда мөлдір сағыныш, сағымы мөрлі.

Ай қауызынан арманың қауашақ жарып,

Сен қайда отыр екенсің, қара қыз меңді?


Айтылмай қалған сөз қанша көкірекке ұйып,

Сан тарау жолдар шақырар… тамыры тұйық.

…Жаулығын орап басына, жарым жүр бейғам,

Қараша айы бүрлеген гүлге су құйып…


Иірім

Ақшамда

Өзен иіріміне ұзақ үңілсең,

Өзіңді сезінесің кісідей

Алыс ғасырларда өмір сүрген бізден.

Түпсіз сезім шыңырауына жүгінсең,

перінің қызы дерсің Айды

сарғылтым шілті жамылып суда жүзген.

Өзіңнің ұмытылғаныңды ұмытпау үшін

Түпсіз ойға бату қолайлы –

Өзен иіріміне малтыққан Ай сәулесіндей күңгірт.

…Жүзінен мың раушан жұпары аңқыған әлдебір мүсін

Құлаш ұрғандай, шымырлаған толқындарға сүңгіп …

Бәлкім, ұмытылған махаббатыңды ұмытпау үшін

Жалғыз қиял кешу жарасымды…

Жалғыздығыңды ұмыту – күнә.

…Өзіңнің Әлдекім екеніңді ұлықтау үшін,

Ешкім еместігіңді еске аларсың, сірә…




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар