24 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
«Поэзия, менімен егіз бе едің?!» мүшәйрасының жеңімпаздары белгілі болды

09.09.2016 278

«Поэзия, менімен егіз бе едің?!» мүшәйрасының жеңімпаздары белгілі болды


мукагали.png



Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» бірлесіп өткізіп жатқан дәстүрлі «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты жазба ақындардың республикалық онлайн-мүшәйрасы өз мәресіне жетті.


Мүшәйраға жыл басынан бері 30-ға жуық ақын өз өлеңдерін жолдап, олар оқырмандар тарапынан жақсы баға алды. Кейбір өлеңдердің оқылымы 2 мыңнан асып түсті. Сонымен қатар, оқырмандар өздеріне ұнаған ақындарға дауыс беріп, олардың жеңіске біртабан жақындай түсуіне жол ашты.


Осы дауыс берулер арқылы жиналған рейтинг бойынша және ұйымдастырушылар алқасының қызу талқылауы бойынша жеңімпаздар анықталды.


Сонымен, «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты жазба ақындардың республикалық онлайн-мүшәйрасының қорытындысы бойынша астаналық жас ақын Ұмтыл Зарыққан 7 балл жинап, Бас жүлдені иеленді. Оның «Тас қыран» атты балладасы мен «Тәуелсіздік алаңындағы жыр» деген өлеңі құрылымы бойынша да, жазылу шеберлігі бойынша да лайықты бағасын алды деп ойлаймыз.


6 балл жинаған шығысқазақстандық ақын Нұржан Байтөс «Дариға-ай ақын жырлары...» және «Азаттықтың анықтамасы» атты өлеңдерімен 1-орынды жеңіп алды.


Ақтөбелік ақын қыз Ақілгек Мырзабай 4,79 балмен 2-орынға лайықты деп танылды. Оның «Қазақ» және «Мұқағалиға арнау» атты өлеңдері ең көп оқылғандардың қатарында.


Алматы облысынан қатысқан ақын қыз Мағрипа Сандуғаш та «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген қағиданы растап, «Мен қазақпын» және «Сен ұлысың!» атты өлеңдерімен 3-орынға табан тіреді.


Ал шығысқазақстандық жас ақын Алтынғадыс Күнтуғанұлының өлеңдері «Әдебиет порталы» ұжымының атынан жоғары бағаланып, оған «Әдебиет порталының» Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлығы берілді.


Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталының» ұжымдары «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты жазба ақындардың республикалық онлайн-мүшәйрасына қатысқан барлық ақындарға алғыс айта отырып, шын жүректен шығармашылық табыс тілейді! Қаламдарыңыз ұштала берсін, жазар таусылмасын!


Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі 23 қыркүйекте Алматы облысы, талдықорған қаласында өтеді. 


Назарларыңызға жеңімпаздардың жырларын ұсынамыз.



Бас жүлде - Ұмтыл Зарыққан:


Тәуелсіздік алаңындағы жыр


умтыл.jpg

Түсіме кіреді...

Қып-қызыл толқындар,

Ағатын бір алаңды қанға бояп.

Осы түн ұлыды бөрі біткен,

Тұмсығын айға қадап.


Өңкей бір нөкерлер,

Еркіндік тілеген.

Көздері – от,

Сөздері – жебеден.

Айналдым, бостандық, атыңнан,

Бабамның рухы жебеген.


Ұқтырып мәңгілік өлімнің жоқтығын,

Көк зеңгір аспанға шашылды от нұрың.

Мендағы күні ертең

аттанам сен жаққа,

Жастанып жез қанат тұлпардың шоқтығын.


Лаулады жаңа оттар,

Қоламта өшпестен...

Ұмытпан ол күнді ұландар өрт кешкен.

Төрімде ілулі батырдың жейдесі,

Кеудесін оқ тескен.


Осы күн,

Азат күн,

Қазаққа Нұр келді!

Талқан ғып тар қапас темірлі түрмеңді.

Өзімнің аспаным,

Өзімнің топырағым,

Өзіңнен екі елі бөле алман іргемді.


Мәңгіге өшер ме, бір сіңсе қан дағы.

Өмірлік өзгер ме, ерліктің салмағы.

Сәбиің ұйқыда, басына жастанған,

Бабамның қанжары.


Білемін,

Ақжайық,

Атырау өзендер...

Сендерсіз жанымның жарасын кім емдер?

Көзімде шашырап тұр әлі сол оттар,

Белімде жарқырап жүр әлі берендер.


Осы таң ‒ ұлы таң шығатын шығыстан,

Ақ бұлттар таулардың артына ығысқан.

Көгілдір аспаннан бұлғаймын көк туды,

Көгілдір жер шары шыққанша уыстан.



Тас қыран

(Баллада)

... Серіппесі үзіліп тұр садағым.

М. Мақатаев


Ауылым Алтай да еді,

Ұл едім қиялшаңдау.

Кеудеме шөккен ерте,

Тұманға сіңген таулар.


Мұнартып жатты жолдар,

Күтумен күрсінетін.

Алматы дейтін шаһар,

Түсіме көп кіретін.


Сапарға шықтым бір күн,

Сонда деп жырдың кені.

Мұқаңның көшесімен

Шайқалып жүргім келді.


Алатау айтты сырын,

Қабағы сұсты неткен:

«Сен іздеп келген жандар,

Кеңсайға көшіп кеткен».


Мұқаңның көшесімен,

Теңселіп келем енді.

Жаралы қыран сынды,

Тас мүсін еңсемді езді...


Қойным да күпі киген,

Қазақы өлеңім бар.

Азырақ бояу қосып

Менің де өңдегім бар.


Әу баста ұям бөлек,

Кеш түлеп қатарымнан.

Үзілген серіппедей,

Сенің көн садағыңнан.


Әлі ешкім бойламаған,

Өзімше бір шың едім.

Хантәңір боп ойланам,

Алтай боп күрсінемін.


Қол бұлғап қалды қырлар,

Жаныма болған жалау.

Бармысың, аспаған бел,

Армысың, баспаған тау.


Аққулы – жырларыңның,

Сұңқылдар дауысымен.

Киелі қанатыңнан

Жалғыз тал қауырсын ем.


... Жаңғырса біздің Алтай,

Дауысым кеш естілген.

Тербеліп келем тағы

Мұқаңның көшесімен.


Аңсары алда да ма,

Арманы басқа ұранның.

Ұша алмай тұрмын келіп,

Түбіне тас қыранның.



1-орын - Нұржан Байтөс:


Азаттықтың анықтамасы

(Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту)


нуржан байтус.jpg

16 мен 86 арасын,

Жалғап жатқан сәйкестікті қарашы.

70 жылда бір бұлқынып қойыпты,

Бодандықтан бұл қазақтың баласы.


91-де бұлтын түріп көк аспан,

Тұғырыма бүкіл әлем қарасқан.

Егеменді ел қадірін ұқпасақ,

Енді бізге қай еркелік жарасқан?!


Сондықтанда «көтеріліс»- бұл шындық,

Құлдық емес, құлалыққа күрсіндік.

Тәуелсіздік жайлы айтпай тұрып-ақ,

Тарихтардың толқынында іркілдік.


Үйімізге келіп жатыр бар қонақ,

Берекемді ақ ырысым жалғамақ.

Соны көріп шырайланып қарайды,

Төрде отырған қарт әжеміз «тәубалап».



Дариға-ай ақын жырлары...


Дертті жүрекке дем салған,

Көктемнің жыры, келші, алдан.

Домбыра үні дұға қып,

Қос ішегін тең шалған.

Естідім, һәм есіттім...


Өрімдей қыздың меңінде,

Қушыкеш жігіт көзінде.

Арбасып тұрған тәтті жыр,

Орала кеттің ерінге.

Естідім, һәм, есіттім...


Сызылып аққан суларда,

Бидайық билеп тұрғанда.

Отыра қалса орақшың,

Оқылған осы жырлар да.

Естідім, һәм есіттім...


Асыр сап алыс жайлауда,

Бүлдірген тере барғанда.

Қозысын баққан жас бала,

Қоңырлап әнге салғанда...

Естідім, һәм есіттім...


Көздерін тастап көк белге,

Қалаға сапар шеккенде.

Сөзге жоқ шопыр жігітің,

Сазыңды бастай кеткенде...

Естідім, һәм есіттім...


Арайлап тағы алдымнан,

Тойларда назар аудырған.

Тақтаға шыққан сияқты,

Тақылдап тұрды балдырған.

Естідім, һәм есіттім...


Жылаған сәби үнінен,

Жұлдызсыз аспан түнінен.

Бүр жарған дала гүлінен,

Ғажайып ғасыр тілінен...

Естідім, һәм есіттім...


Жапырақ күннің нұрына,

Сыйына берді, сыйына...

Қиқулап қайтқан құстар да,

Салады сенің жырыңа...

Естідім, һәм есіттім...


Бусанып, шіркін, бұлттар да,

Таңдарда тұнған шықтар да,

Торы айғыр жинап үйірін,

Көк сайға әкеп тыққанда...

Естідім, һәм есіттім...


Арман-ай, арман, арманда,

Сыртымды беріп жалғанға.

Өзіммен-өзім бөлмемде,

Оңаша оймен қалғанда...

Естідім, тағы есіттім...



2-орын - Ақілгек Мырзабай:

Қазақ


 акилгек.jpgҚазақтың айтсам дастанын,

 Қинала қоймас жас жаным.

 Қалықтап ұшқан қыраны,

 Қақ жарып əлем аспанын.

 Қынаның өзі пайдалы,

 Қиялап өскен тастарын.

 Құдіретті ана тілі бар,

 Қарасаң мəнін, астарын.

 Қанымен жазған тарихын,

 Қып-қысқа күнде қас қағым.

 Қаңсығын таңсық қылмашы,

 Қаймана қазақ басқаның.


Алатау, Арқа етегі,

 Атырау, Алтай мекені.

 Анамның жасы, бабамның -

 адал терінің өтеуі.

 Айрылмас енді ұрпақтың,

 Ата салтына бекемі.

 Айды да бағындырды ғой,

 Арманшыл ұлдар шекелі.

 Аспаннан төмен түсірмес,

 Абыройлы ұлын тек елі.

 Алаштың енді ап-айқын,

 Айбыны асқақ екені.


Заман да заман, заман-ай,

 Зымырап өткен қарамай.

 Зіңгіттей жігіттеріңді,

 Заңғарға болмас санамай.

 Зүбəржаттайын қыздарың,

 Зерленген əсем жағадай.

 Зерек боп туған баласы,

 Зерделі келер данадай.

 Зəузаты Қазақ елінің,

 Зобалаң кезде панадай.

 Зар заман, зұлмат кетті енді,

 Зулаған қыста шанадай.



Алаң да алаң, алаң күн,

 Арзуын тыңда балаңның.

 Абылай болып қосқанмын,

 Ашылған жерін араңның

 Ахмет, Мағжан, Сəкен боп,

 Абақтыға да қамалдым.

 Абай мен Мұқағали боп,

 Арызын жаздым қаламның.

 Арсыздар аттап баса алмас,

 Аймағын күллі даламның.

 Атамнан қалған бай мекен,

 Аманаты бұл бабамның.



Қағанат болып құрылып,

 Қағбаға қарай бұрылып.

 Қамданып келген қас жаудың,

 Қапысын тауып құлы қып.

 Қылышын сүйген анданы,

 Қабағынан-ақ ұғынып.

 Қара жер, теңіз, тауының,

 Қорғаны болған бірігіп.

 Құран хақ, Құдай жалғыз дер,

 Қалса да құлап, жығылып.

 Қағанағын қақ жарып,

 Қазақ боп туу – Ұлылық!



Бос мақтанбалық алда да,

 Жаныңа қарап паңдана.

 Ар, ұят басты кодекс,

 Жазылмағанмен заңға да.

 300 жыл ғұмыр кешкенмен,

 Қырғилық қонбас қарғаға.

 Желбіреп тұрған көк туға,

 Қарасын əлем таңдана.

 Тəуелсіз күнге тəу еттім,

 Үмітпен атсын таң жаңа.

 Жоғыңа – сабыр, барыңа –

 Тәуе қыл, халқым, Аллаға!



Мұқағалиға арнау



Ойы биік,

Бойы биік ортадан,

Жанды-сөнді лапылдаған өрт адам.

Ешкім оны сипаған жоқ маңдайдан,

Ешкім оны қаққан емес арқадан.

Жүрсін Ерман



Ақтарған ақын қаламға сырын,

 Сөздерің қалған даламда бүгін.

 Өзіңнің қойын дəптерің сынды,

 Сайрап жатыр-ау санамда жырың.



Жүрмейтін бастың қара қамымен,

 Тау қыранының балапаны ма ең?

 Тау тұлғаңа деп Алатау өзі,

 Ескерткіш қойған алақанымен.



Қайғының бұлты төбеңде тұрды,

 Қаламай даңққа бөленгеніңді.

 Шығыстан соққан самалдың лебі,

 Сыбырлап оқып өлеңдеріңді.



Бəрі өлең, қайғы, бақ-ырысыңның,

 Саған белгілі қадірі шыңның.

 Майданға кеткен əкеге деген,

 Жырыңда табы сағынышыңның.



Жақтырмай кейде кешін қаланың,

 Таулық ақынды есіме аламын.

 Қаршадай кезден қажытқан мұңы,

 Жұтаған үй мен жесір ананың.



Тірі талантты талайды бəрі,

 Сырттай «өлеңші» санайды-дағы.

 Қыран боп туу бұйырмағасын

 Құзғандар енді қалай қылады?!



Өлеңің айтар төрге кеп шешім,

 Өзің өлген соң көпке жеткесін.

 Өмірден бəлкім, өкініп өттің,

 Өгей қоғамың өкпелеткесін?!



Мисыздар бермес бес күнге баға,

 Менмендер маңғаз, тектім де дара.

 Мансапқұмарлар мазалағасын,

 Маңдайға сыймай кеттің бе, аға?!

Майгүл қызыңа жеттің бе, аға?




3-орын - Мағрипа Сандуғаш:


Мен қазақпын



магрипа сандугаш.jpg

Мен қазақпын – еркін елмін, өр елмін,

Жирма бес жыл тәуелсіз боп келемін.

Мен Қазақпын Абай, Жамбыл жырымын,

Күмбірлеген күйімін мен Кененнің.


Мен Қазақпын - қайсар елдің туымын,

Самғап ұшам тым биікте тұғырым.

Бабалардан қалған жерді қорғайтын,

Қазақ деген өр халықтың ұлымын.


Мен қазақпын – Ілияспын, Сәкенмін,

Бауржан боп нардың жүгін көтердім.

Махамбет пен Исатайдай ер болып,

Тыныштығын аңсап өттім осы елдің.


Мен қазақпын Қонаевпын, өр ұлмын,

Желтоқсанның ұмытады желін кім?!

Көгімізде желбіретіп көк туды,

Тәуелсіздік қаны болып төгілдім.


Тәуелсізбін, еркін елмін, азатпын,

Рухым биік, Сәбирамін, Ләззатпін.

Желтоқсанда елі үшін күрескен,

Қайсар мінез қайратымын қазақтың.


Елін сүйген ерлеріңмен азатпын!

Сен ұлысың!

Сен ұлысың,

Ұлылыққа басыңды идің жыр үшін.


Қаламыңнан туған жаһұт жырларың,

Қандыратын қалың елдің құрышын.

Сенің жырың,

Басатындай баршаның көңіл мұңын.


Ақын жаны таза ғой, таза шіркін,

Дәл өзіңдей суреттейді өмірді кім?!

Тұңғиықсың,

Тауларыммен таласқан шың биіксің.


Мына әлемнің қат-қабат тіршілігін,

Жырларыңа жинақтап сидырыпсың.

Туған күнің,

Қаламайды жалғанда думанды кім.


Құшақ-құшақ гүл сыйлар өзің жоқсың,

Жырым болды бүгінде сыйлар гүлім.

Қазынасың,

Дастансың сен әліде жазылатын.


Үш бақыттың біреуі халықың бар,

Есіне алып, елжіреп сағынатын.

Архивтерде,

Әндерің шешек атты шалқып белде.


Өзі өлседе ақынның сөзі өлген жоқ,

Жаратқан бұл құрметті артық көрме.

Ақтангерім

Ақиық ақыным деп мақтанды елің.


Ұрпақтарың мұраңды өлтірмейді,

Ұлы ақын жаннат болсын жатқан жерің.

Ақтангерім

Ақиық ақыным деп мақтанды елің.

Ұрпақтарың мұраңды өлтірмейді,

Ұлы ақын жаннат болсын жатқан жерің.



Арнайы жүлде - Алтынғадыс Күнтуғанұлы:


алтынгадыс.jpgСан түрлі белгісіз қиырға жолдарым түрленіп,

 Қып-қызыл бояуға малынған ғасырлар жыртылып.

 Өксіген бұлттардың ішінде көмейім күрмеліп,

 Тарихымды оқимын, жанымда жасынның күркірі...

Жылқының ізіндей мөрі бар күндерім шұрқырап,

 Жебенің уілін етимін басымнан ұстеген.

 Ең соңғы қанды түн парағын жыртып ап

 Желтоқсан жайында түс көрем...

Заманның тұманы санамнан сарқыла арылып,

 Уақыт өтінен қалықтап ұшады жайдақ ән...

 Кеудеме "Еркіндік"- деген бір белгіні тағынып,

 Өзімді көремін бүп-бүтін айнадан.

-Рақымет. әй, БАБАМ!!!


***

Хантәңір үстімен мұзбалақ қалықтап,

 Қанаты көтеріп әкетті аспанды.

 Қаламның ұшында өртенген таң ықтап,

 Парақтың ізінде шексіздік басталды.


Дұға оқып ғарыштың тілінде жапырақ,

 Бақтарда түн аунап жылады.

 Жүрегі күйген Ай күрсіне "аһ"-лап,

 Көзінен мөп-мөлдір жұлдыздар құлады.


Көк аспан күп-күрең бұлттарын бүркеніп,

 Мұқым ел ақынды өліге теңеді.

 Қарасаз басына мәңгілік жыр төніп,

 Көзімнің алдында қауырсын қалықтап келеді...


Біздерге жұпарлы самалын бұлдап түн,

 Мазасыз әуенге бөледі жер көкті.

 Сіз мені түсініп тұрсыз ба, қымбаттым?!

 Шеңбердің сыртында біреу жүр...

 О, Мұқаң өлмепті!!!

Adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар