Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Дидар Амантай: Рахымжан Отарбаевтың бес қателігі

08.09.2016 219

Дидар Амантай: Рахымжан Отарбаевтың бес қателігі


МҰҚТАР МАҒАУИН – ҰЛЫ ЖАЗУШЫ немесе  Рақымжан Отарбаевтың бес қателікке ұрынған ызаға толы пафосы


Didar Amantay. Дидар Амантай.jpeg



Сұқбат беруші автордың оңды-солды сілтеген ауыр шоқпарынан қазақ әдебиетінің шаңырағы шайқалып кеткендей екен. Сыйлайтын ағам еді, неге қазақтың ұстазы, адамзаттың данышпаны Абайға тіл тигізді деп ойладым. Абайды әлем оқырманы өте жақсы қабылдады. Оған дәлел көп. Ал “Абай жолы” – тарих сахнасынан кетіп бара жатқан, ат үстінен түспеген, жалын тартып мінген жылқының қадіріне жеткен, көшпелі өмірдің соңғы дәуірін жанталаспен бастан кешкен, Батыс техникамен арпалысып жатқанда, ру тартысымен әлек, үнемі көшіп-қонған, жанталаса мұратына қол созған номадтардың бірі – көшпелі қазақтың ой-арманын, тұрмыс-тіршілігін, метафизикалық-философиялық дүниетанымын, ой-санасын мейлінше анық әрі ғажап бейнелеген, ешқашан құны да жоғалмайтын, қадірі де кетпейтін қайталанбас шығарма. Мұқтар Мағауин десек, көз алдымызға айбынды Қазақ Ордасы елестейді. Ұлан-байтақ сақарада үдере көшіп-қонып жүріп ұлы Қазақ Ордасын құрған алаштың алып хандары ел үшін бейнет кешті. Жаудан жағасы босамады. Бейбіт өмір үшін алысты. Жұлысты. Ойы онға, санасы санға бөлінді. Абай жарықтық айтқандай, ақыл алтау, ой жетеу болды. Мамыражай шақ орнаса, ел алаңсыз шаруашылық жүргізіп, жұрт қала салып, үй тұрғызар еді. Еңбектің жемісін, бейнеттің зейнетін татар еді. Алыптар аттан түскен жоқ, аяғы үзеңгіде кетті. Жақсылыққа ізденді. Жарыққа ұмтылды. Хандар басқарған шерік, қолбасшылар бастаған тас түйін әскер қалың бұқараны соңынан ертіп, оқшау қонып отырған әрбір ауылды шепке айналдырып, жан-жақтан анталап ат қойып шапқан, аңдыздап жауар бұлттай қаптаған жауға майдан ашып, дұшпанға лайықты тойтарыс беріп, шапқыншыларды, басқыншыларды туған жерден түре қуып отырды. Сөйтіп, алыптар Хандық дәуірде мекенімізді Отанға айналдырды. Біз Отанымызға шекарасы толық айқындалған заманауи мемлекеттік сипат беріп, қастерлі тәуелсіздікке қол жеткіздік. Хандық дәуірдің күрделі образын Мұқтар Мағауин жасады. Асқарға байланысты, тіпті, қиянат айтқан екен. Асқар – прозаның табиғатын ашты. Прозаны әлеуметтік тақырыптардан абстракциялық ақындық прозаға қарай сүйреді. Есіктен – төрге... Рахымжан ағам кешірімі қиын ауыр сөздер айтқан екен. Абайды дәл бұлай аяқасты ету жаудың да қолынан келмейтін сияқты. Абай – қашанда замандас тұлға, пікір таластыр, келіспе, кемшін тұстарын көрсет, Абай, бәрібір, сонысымен ұлы. Бірақ, оған тіл тигізу... Біз қашанда атағынан ат үркетін аға толқын ақын-жазушылардан салиқалы, сабырлы, зиялы сұқбат күтеміз. Өнер-әдебиеттің бір көрінісі де сол – парасаттылық, әділдік және бүгінде ел ұмытып бара жатқан ұяңдық, болмаса зиялы қарапайымдылық. 


Құрметпен Дидар АМАНТАЙ: 


1) “Мен сізге бір қызық айтайын, «Абай жолы» романын ендігі уақытта жүз жерден жарнамалап, мың жерден тықпаласаң да бәрібір оқылмайды. Бай-шонжардың баласының әр жерге барып кеңес қылып, жиын-той өткізгені кімге керек”?


2) “Кейбір жиындарда «қазақтың айшықты, көркем тілі менімен бірге өледі» дегенді айтып қалып жүрмін. Сөз - тірі құбылыс. Ана тіліміздің академиялық дәрежесінің астарында қалың ой, сұңғыла сюжеттің сан түрін таба беруге болады. Бірақ, қаламгер үшін әлем қажет деп табатын бір ауыз сөз айту қиын. Қазақтың мен деген жазушылары: Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкей, Тәкен Әлімқұловтардың өзі бұндай дәрежеге жеткен жоқ. Олар бар болғаны орыс пен еуропа әдебиетінің сәтсіз суррогаттары”.


3) “Сенің қандай деректерге сүйеніп отырғаныңды білмеймін, бірақ мен Мағауинді классик жазушылардың қатарына жатқызбаймын. Ол нашар жазушы, жаман адам. Тұла бойы толған кек, бітпейтін ыза, тарқамайтын ашу. Шығармаларынан да соны байқадым. Ешқандай суреткерлік жоқ. Өзіңіз ойлап қараңызшы, бас аяғы жоқ сынық сөйлеммен көркем шығарма жазуға бола мА”?


4) “Дегенмен, оның табанды еңбегі мен ғалымдығын мойындаймын. Тек, жыраулар поэзиясын ғалым Ханғали Сүйіншәлиевтің еңбегінен ұрлап, өз атына меншіктеп жариялағанын айта кетейін. Оны мен кез-келген жерде дәлелдеп бере аламын”.


5) “Өтежан жақсы ақын. Бастапқы өлеңдері әдеби ортаға жағымды әсер етті. Бірақ ол өмірінің соңында Эйнштейн сияқты бас ауруымен ауырды. Менің мінезім қаншалықты қыңыр болғанымен оның кейінгі өлеңдерін қабылдай алмадым. Асқар Сүлейменов жазушы емес. Оның «Ақ кемпірі» мен «Қара шалынан» басқа жөні түзу көркем шығармасы жоқ. Ол бар болғаны өзінің еркіндігін ғана қорғаған адам. Бірақ, әлемдік деңгейдегі этнограф, ғалым еді. Білмейтін дүниесі жоқ. Дегенмен, екеуі де өздері айтқандай классикалық туынды қалдырған жоқ. Әдебиетті тек қана хобби ретінде қарастыратын бірқатар жазушылар болды”.


Жазушы Дидар Амантайдың facebook парақшасынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар