Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мырзан Кенжебай: ...Бұлбұл жырдан басым боп ақымақ үн

05.09.2016 161

Мырзан Кенжебай: ...Бұлбұл жырдан басым боп ақымақ үн



КҮЗ-КӨҢІЛ


Ада қылған адамдай ақыл-арын

Дауыл сілкіп қайыңның жапырағын,

Бағы тайған бақтарда ойран сап жүр

Бұлбұл жырдан басым боп ақымақ үн.


Қыр жайлаған қырмызы бояуларды

Құйын-дүлей құлпыртып қоя алмады,

Қоя алмады зұлымдық сұлулықты

Гүл орнында сорайып сояу қалды.


Су сорғалап сұр бұлттың сауырынан,

Аспан астын алып тұр ауыр бір ән,

Зират жақтан ұлиды иесіз ит

Күдер үзген адамша қауымынан.


Жаз-жарықтық тау-тастан алған сұрап,

Кәусар-көзі кесіліп қалған бұлақ.

Не тәніңді, не жанды жылытпайды

Жыртық бұлттан жылмиып жанған шырақ.


Боп-боз әлем, білмейсің кеш пе, түс пе,

Сүйреткен не кеудеңді, ес пе, күш пе?

Кір-кір мына күзді де қимайсың-ау–

Ақ кебін қыс келері еске түссе.


Табылмайтын аурудай емі бірден,

Көрінбейді көңілдің көгі кірден,

Орғыл құмда ойқас із, ойран әжім –

Айнымайды өзімнің өмірімнен.


Қиялыңды қыран деп, құмай деп те,

Олай деп те не керек, бұлай деп те,

Отырған соң сұрғылт күз, сұрқай үйде

Сыртқа қарап, сұқтанып су әйнекке.


Айтарыңды ақтарып ақ параққа

Бірде жақтап өмірді, бірде даттап.

Отырғанда-ақ өмірің өтер-кетер

Нарбұт уақыт төбеңнен аттап-аттап.


Табыса алмай бақытпен қауыша алмай,

Қақ маңдайға тигендей қарғыс аумай,

Өтіп кетті-ау, талайлар дәл біз құсап

Жоқ нәрсені жыр қылып, тауыса алмай.


1. Айдың өзі жылап тұрып жұбатты

(кенжем Әбді-Нәжімге ғұмырнамалық өсиет)


Жібімеді-ау, - деп жүргенде, - бұл жалған

Алла берген Ай да болған, Күн болған

Әбді-Нәжім! Жарығым-ау тыңдап ал,

Әкең қандай күн өткерген? Кім болған?


Қозғаса да қай қуаныш, қай шерін,

Әкең ешбір сөз айтпайды «жәй», «тегін»;

Сенің жиырма беске толған күніңе

Жете алмайтын сияқтымын, қайтемін?!


Бұл заманның көтере алмай салмағын,

Жабырқасаң, жанашырсыз жан-жағың.

Мен өлгенде сен нешеге келеді деп,

Білгім келеді қанша күнім қалғанын.


Алла оңғарып тағдыры мен талабын,

Ержеткенін көрсеткей – деп баламның,

Оңашада анаң жоқта, сен жоқта

Көз жасымды төгіп-төгіп аламын.


Татпасам да тірліктің бал, шекерін,

Сен ержеткен шаққа мүмкін жетерім,

Сені ойлап сенделемін бұл дүние

Білгендіктен рахымсыз екенін.


Мен кеткесін тек Алла жар десем де,

Уайымның убатпағын кешем кеп

Жарығым-ай, біреулерден таяқ жеп,

Зәбір көріп, жылап жүрсе нетем? – деп.


Сонау сәби кезімнен-ақ кекілді

Өмір маған өгей шеше секілді

Құшақтар дос, не пышақтар дұшпан жоқ,

Жаңғыздық жеп келеді жүрек-жетімді.


Жоқ дұшпанды кейде «өзім сұрап ап»

Жіберсем де жүз қателік, мың ағат,

Арбалмадым, сандалмадым табам деп,

Байлық деген салдақыны қуалап.


Жылу көрмей дүние жалған-жарықтан,

Жылап тұрған сәби көрсе қамыққан

Жаным солғын күзгі раушан секілді

Тұман жапқан жарты әлемдей жабыққан.


Арсыздығы алға түскен арындап,

Замандаспен мекенім-бір, жаным-жат,

Күзгі аспаны сұп-сұр, жері боз қырау

Тұлабойым уайым толы – табиғат.


Күнболғаным! Тыңдап алшы күнім-ай,

Мен қайтейін бұралқы иттей ұлымай,

Алақтадым «Кінәм не?» - деп,

Жат түгіл

Ең жақыным жүргенде іші жылымай.


Көз алдымда керуен-өмір көсіліп,

Үзілгенде үздіктірген бос үміт,

Өлең жазып күбірледім,

Көз жасым

Шыныаяқта шараппенен қосылып.


Аз дегендей маған түскен сынақты

Ақ жүрекпен сүйгендерім жылатты,

Бұлттар аяп, маған қарап күрсініп,

Айдың өзі жылап тұрып жұбатты.


Күнболғаным! Ақылдым да көріктім!

Есі барым, әрі ерке еріктім!

Жер бетінде мені ұнатқан ешкім жоқ

Көп адамға көрі жоқ бір өлікпін.

«Осы өмірдің бар ма, -- деп те – керегі?»

Жабырқаған сәтте жанның желегі

Шағым айтып мархұм әке-шешеме

Әлі еңіреп құшақтағым келеді.


Болса-дағы еш мұқтажы жоқ мейлі,

Адам күллі арманымен көктейді

Жету үшін мендік биік арманға

Жүз адамның ғұмыры да жетпейді.

Бақыт деген кімге- сүйеу, кімге-сын,

Бар болса сол бірде-өтірік, бірде-шын,

Өлмей келем,

Қайғы деген досыммен,

Өрлігім де қатар өмір сүргесін.


«Жоқ болғасын кескін-келбет, дерегі,

Сол бақыттың бар ма, - десем, - керегі?»

Қайғы әумесер бөркін теріс киіп-ап,

Құрдасымдай қылжақтаумен келеді.


Жаратқасын ойы еркін адам ғып,

Келмей ешбір қалыбына қамалғым,

Ұясына у құйғым кеп тұрады,

Өрісі-кең, пейілі тар заманның.


Әкең емес бірге жылап, бір күлген

Өмір сайқал бір күн өзге бір күннен

Балам менен өрлікті үйрен,

Қалғанын

Не болса да үйрен заман-түлкіңнен.



2. БIЛМЕГЕСIН БАҚЫТ ДЕГЕН НЕ ЕКЕНIН


“Көңіл қалды жақыннан да, жаттан да,

Көңіл қалды кәріден де, жастан да.

Бір түкіріп, кетейікші дүниеден”,–

Деп жүрегім аттан салып жатқанда,


Сені берді Жарылқаушым – бір Алла,

(Тұтқын едім тастай қалың тұманға)

Алла берді

Нәжім деген атың да,

Жазулы тұр қасиетті Құранда.


Айтпасам да ешкімде есем кетті деп,

Тағдыр мені тастаған ғой тепкілеп,

Сәл ауырсаң, зәре-құтым қалмайды,

Жарығымды аман қылшы деп тілеп.


Жарығым-ау, жарығым-ау, жарығым!

Бұл әкеңе бәрі қайғы,бәрі мұң.

Ішкізіп ап, тағы отырам түнеріп,

Залалы мен зәрін ойлап дәрінің.


Қайдан ғана көрсетіп ем, шиенің

Жұтып қойып жүрмесе екен сүйегін.

Орындықтан құлап кетсе қайтемін,

Аламын деп домбыраның тиегін?


Жұрт айтатын мені батыл, албырт деп,

Ит өмірден қорқақ болып қалдым тек.

Анаңа да сенбей, өзім тексерем

Айраныңды жылы,әлде салқын деп.


Ойнамады бұл бала деп ертелі,

Қызуыңды екі-үш өлшеп ең кемі,

Ұйықтатқан соң анаңа да байқатпай,

Жабам әкеп тағы да бір көрпені.


Мейлі бұл жұрт сенбесе де, сенсе де.

Шошып кетем арқаң шып-шып терлесе.

Түніменен кірпік ілмей, төрт рет

Көйлегіңді алмастырдым мен кеше.


Шаңырағыма сен келгесін, жарығым,

Бұл өмірдің тәтті екенін таныдым.

Шемішкенің аршып қоям әр дәнін,

Жұтып қойып жүрмегей деп қабығын.


Шайыр Құлжан, Нұрмағанбет, Нұртуған

Атаң Сахи байлық емес, жыр қуған.

Текті ұрпақсың,

Сәйкес болғай соларға

Ақыл-ойың, парасатың, түр-тұлғаң.


Білмеген соң бақыт деген не екенін,

Деуші едім-ау: “Соны іздеп не етемін?!”.

Сен туған күн сол бақыттың өзі кеп,

Біздің үйден тапты тұрақ-мекенін.


Көзі – ойлы, ажары – Ай, жүзі – Күн,

Бірде жуас, бірде тентек бұзығым,

Алла сенің аман қылсын жаныңды,

Сонда менің таусылмайды қызығым.


Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар

Ең көп талқыланғандар