Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұхтар МАҒАУИН: "Қазақ қазаққа жау" деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?

02.09.2016 952

Мұхтар МАҒАУИН: "Қазақ қазаққа жау" деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?


Мұхтар МАҒАУИН,

Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты


Мұхтар Мағауин.jpg


– Тəуелсіздіктен кейінгі уақыттың динамикасындағы əдебиеттің дамуына көңіліңіз тола ма? Қазіргі заман əдебиеті жасалып үлгерді ме? Осы заманның шындығын көркем тілмен кестелеген шығармалар сіздіңше, дүниеге келді ме?

– «Əдебиет əлсіреп кетті», «Əдебиетте елеулі шығармалар жоқ» дейтін қасаң пікір қалыптасып кетті. «Əдебиет неге төмендеп кетті?» дейді. Мен «əдебиет төмендеп кетті» деп айта алмаймын. Əдебиет қайта жоғарылады. Əдебиеттің сапасы шығармалардың санымен есептелмейді. Бұрын «Жазушы» баспасында қызмет атқарған Есенберлин заманында, кейін 80-жылдарда өзім де бас редактор болдым, жыл сайын 220 кітап шығатын. Жастарға арналған «Жалын» баспасы да 200-ге жуық кітап шығаратын. Сонда 500-ге жуық таза əдеби көркем шығармалар оқырманға жол тартатын. Кейінгі жылдарда жазылған шығармалар сан жағынан содан аз емес. Ерінбегеннің бəрі кітап шығарады. Ондай халтура кітаптар бұрын да болған. Қазір де бар. Бола да береді. Бұнымен əдебиеттің деңгейін бағалауға болмайды. Он жылда бір үлкен шығарма жазылатын болса, ол – əдебиеттің табысы. Тіпті «совет дəуірі өркендеді» деген 1940-50-60-70-жылдарды, оның арғы жағындағы 20-30 жылдарды алайықшы, кім бар? 20-жылдарда Мағжан бар, Жүсіпбек Аймауытов бар, 20-жылдың аяғын ала бере шыққан Мұхтар Əуезов бар. Содан кейін Мұхаңның «Абай жолы», Сəбит Мұқановтың «Өмір мектебі» бар. Тағы бірлі-жарым шығарманың атын атауға болады. Сонда айналып келгенде бес жылға бір үлкен шығармадан айналып келе ме? Кейде 10, 20 жылға дейін үлкен дүние жазылмауы мүмкін. Кейін тəуелсіздік алып, цензура жойылғаннан кейін, қазақ əдебиетінің алтын қорына қорықпай қосуға болатын ірі шығармалар жазылды. Мысалы, Бекежан Тілегеновтің Семей полигонына арналған «Қара жел» романы. Классикалық роман. Ондай романды əлі ешқайсымыз жаза алған жоқпыз. Содан кейін – «1986 жыл» романы. Атына қарап жұрт Желтоқсан оқиғасы туралы деп ойлайды. Жоқ, ол – партноменклатура, советтік құрылым, отарлық жағдайдағы қазақ халқының басына түскен кеп. Бұл да – классикалық шығарма. Заман тақырыбын толғауда осы екі роман өте үлкен шаруа тындырып кетті. Партноменклатураға қатысты тыйым салынған тақырыпты қозғаған Оразбек Сəрсенбаевтың «Шеңбер» романы, Баққожа Мұқаидың «Өмірзая» романы, Қабдеш Жұмаділовтің жазғандары іште булығып жатқан біраз нəрселерді сыртқа шығарды. Сонда «бүгінгі күннің тақырыбы көтерілмеді» деген не сөз? Бүгінгі күн – ертең болады. Бұл орайда көңілге келетін жалғыз-ақ жағдай – бұрын жазушылардың тұрмысы, жағдайы жақсы болды, мол қаламақы алды, тіршілік жасауға мүмкіндігі жететін еді. Əлі де сол ескі инерциямен жазып жатырмыз. Ал кейінгі жастар прозада жоққа тəн. Ал «жас» деп жүрген өте дарынды қаламгеріміз Дидар Амантайдың өзі отыздың жуан ортасында жүр ғой деймін. Негізі, қаламгер отызға дейін қалыптасып, қатарға ену керек.


– Кезінде қабырғалы саналған əр қаламгердің бір өзі Парламенттің бір депутаты сияқты міндет арқалайтын еді. Бүгінгі депутаттың айтатыны жазушының дуалы аузымен айтылып, жұрт соған ұийтын еді...

– Жазушы жазу керек. Саясаткер саясатпен айналыссын, қойшылар қойын бақсын. Құңфұзының бір сөзі бар: «Əмірші əмірші болу керек, əскер əскер болу керек, əке əке болуы керек, бала бала болу керек. Сонда ел дамиды». Əркім өз шаруасымен айналысу керек. Парламенттегі жазушыларды онша мақұл көрмеймін. Менің бір достарым саясатпен айналысқалы жазуды мүлде қойды. Жазу деген – Алла Тағаланың берген қасиеті, оны кəдеге жарату керек. Ал екі кеменің құйрығынан ұстауға болмайды. Жұрт жаппай ұмтылып жатқанда «депутат боламын» деп сайлауға да түскем жоқ, «болам» деп айтқан да емеспін. Кейде бір жағы қалжың, бір жағы шын айтамын: «Маған қарсы, мен жақтырмайтын ағайындар мені жазалау үшін Парламентке депутат қып сайлап, отырғызып қоятын болса, ең үлкен жаза маған сол болар еді». Билікке ұмтылыс, Парламентке талпыныс – ол да бір уақыттың əсері болса керек.


– Сіз қазақтың жыраулық поэзиясын бес ғасыр ары жылжыттыңыз. Зерттеуші болдыңыз. Прозаңызға ықпал етті ме? Пайдасы тиді ме?


Мұхтар Мағауин -.jpg

– Мен енді пəлендей деген дəрежеге жеткен жазушымын, сондықтан да айтамын, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиізді жинақтап келген кезде, біреуінде жүз жол өлең, біреуінде екі жүз жол, ең көп Шалкиізде – жеті жүз жол өлең, жинақталғанда мың жолға жетер-жетпес кез келген толғауына менің ең таңдаулы шығармамды тұтасымен айырбастап жіберуге болар еді. Таразының басына салатын болсақ, бір ғана толғау менің жүздеген парақтан тұратын пəлендей деген кітабымды басып кетер еді. Өйткені қалай мақтансақ та, қалай бағалансақ та, қатардағы көп жазушының біріміз. Тіпті алды-ақ болайық. Ал анау толғаулар – тұтас ғасырлардың жүгін арқалап жеткен ұлы мұра. Ол жоқ болса, ғасырлардың орны үңірейіп қалады. Мен жоқ болсам, қазақтың əдебиеті онсыз да өз дəрежесінде дамып, ары қарай жылжи береді. Мəселе – осында. Жырауларды зерттеу кезінде қалған өміріме, бүкіл шығармашылығыма, тағдырыма ықпалы өзгеше болды. Біріншіден, өткен рухани өмірімізді тануға мүмкіндік болды, екіншіден, архивті қазбалағанда ежелгі қазақтың тілінің қазыналарын игеруге тура келді, содан соң өзім Құдайға, аруаққа сенетін адаммын, жыраулардың бетіндегі көмескіні ашқаннан кейін, Құдай-аруақтың қолдауына ие болдым деп ойлаймын. Сол жасалған жұмыс маған əр уақытта дем беріп келе жатыр. Бүкіл жазу мəнерім, сөйлем құрау, сөздік қор, барлығы қазақтың ескі əдебиетінен бастау алады. Жаңа тақырыптарды, көркем жазбаларды жарыққа шығару үшін, оларды белгілі бір деңгейге көтеріп, жеткізу үшін ойдағы сюжеттерді кейіптеу үшін, жаңа бір тіл, жаңа бір тəсілдер керек болады. Əлем əдебиетінде арғы заманнан келе жатқан жетілген тəсілдер бар. ХІХ ғасырдағы орыстың əдебиетіне, ХХ ғасырдағы американ, жапон ұласатын тəсілдерді игеріп, қазақтың ескі қазынасын жарыққа шығаруға тырыстым, иншалла.


– Аға, Шыңғыс ханды айтпасақ, сөздің атасы өлгелі тұр. Шыңғыс ханның жалғасы бола ма? Шыңғыс хан үлкен дүниенің шеті сияқты. Арғы жағынан үлкен екпін білінеді. Ұлы қолбасшының төңірегіндегі үлкен түйінді шешіп бердіңіз. Егер тақырыпты індетіп, жалғастырмақ ниетте болсаңыз, ол шығарма деректі дүние бола ма, əлде көркем шығарма жазуды көздеп отырсыз ба? Исай Калашниковтың «Қатыгез заманы» мен Янның «Шыңғыс ханына» ұқсай ма, əлде басқаша жазасыз ба?

– Менің əкем мұғалім еді, сондықтан да тарихты ерте тани бастадым. Шыңғыс хан туралы Янның романын он жасым- да оқыдым. Қазір біреулерге жайдақ көрінуі мүмкін, бірақ Шыңғыс хан туралы жазылған ең жақсы шығарма – сол. Тар заманда біздің ата-бабаларымыздың келбетін жасаған. Шыңғыс хан туралы жазу өмір бойы көкейімде болғанмен, ол ойды іске асыру мүмкін емес еді. Ал қазір мана сөз басында айтқандай, бұрыш-бұрышты түгендеу, қазіргі заманға байланысты əр түрлі тараптағы дүниелерді жазуға тура келгендіктен, уақыт жетпей жатыр. Алайда Шыңғыс хан жөнінде өмірбаяндық үлкен кітап жазсам деген ойым бар. Дерегі дайын, бір жыл уақыт жұмсасам, жетіп жатыр.

Ал Шыңғыс хан жөніндегі əңгіме, шынын айтайын, надандығымызды көрсетті. Ұлттық санамыздың əлі төмендігінің бір белгісі бұл. Баяғы советтің заманында айтылған, партиялық үгітшінің дəрежесіндегі əңгімелер көрсетілді. Өте ұят болды. Ең кереметі, қаншама жұрт сол əңгімеге қосылып кетті. Бəрі қайта қаралып жатқан кезде, біздің тарихымыз неге қайта қаралмауы керек? Шыңғыс хан – біздің тарихымыз. Ежелгі түрік қағандығын қайта көтеріп, қайта құрды. Түркі қауымының, түркі текті халықтың бүкіл əлемдік аренаға қайта шығуына Шыңғыс хан ұйытқы болды. Біздің ұлы мемлекетімізде Алтын Орданы Шыңғыс ханның өзі бастап, үлкен ұлы Жошы қостап, немересі Бату негіздеді. Ол барып қазақ ордасының тарихына ұласты. Шыңғыс хан – біздің ұлылығымыздың көрінісі. Оның ата-тегін қуаласаң, қияттан шығады. Қият – ежелден түрік руы. Ол қазақтың тарихында бар. «Қырық рулы қият» деп «Қобыланды» жырында да, М. Əуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды» пьесасында да айтылады. Бəрін жинап қойғанда, Жəнібек Керейден бастап, қазақтың бүкіл хандары – Жəңгір, əз Тəуке, Абылай, ең соңғы Кенесарыға дейін Шыңғыс ханның ұрпағы. Кешегі Алашты қайта көтерген Əлихан Бөкейханов – Шыңғыс ханның ұрпағы. Қазақтың мемлекетін негіздеген Шыңғыс ханның əулеті. Біздің бүкіл тарихымыз Шыңғыс ханның заманымен байланысты, «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», əз Тəуке ханның «Жеті жарғысы» Шыңғыс ханның жасағынан негіз алады. Ал енді осы əңгіме қозғалған кезде, мені теріске шығару үшін «қазақта тарих болған жоқ» деп айтты ғой. Осыған сенесің бе? Бұл баспасөзде көтерілді. «Абылай да, басқа хан да қазақ емес, жеті жүз жыл моңғолдың тепкісінде болды» деп жазған жоқ па? Өте ұят нəрсе, ұят екені ертең белгілі болады. Содан соң, айту – парыз. Он үш томдығымды шығарып жатыр едім, қолым тимесе де, амалсыз араласуға тура келді. Халқымызды тарихынан жеріту бағдарындағы абыройсыз жұмыс болды. Бұған ештеңе білмейтін, сауаты төмен тарихшылар да қосылып кетті. Біреулердің көңілі үшін қазақтың жеріндегі иелігіміз, өткен тарихымыз, рухымыз қалпына келу үшін өткен тарихты теріске шығара алмаймыз.


– Əдебиет туралы əңгімемізді түйіндей келе, меценаттардың əдебиетке араласу жөніндегі ойыңызды білгім келеді. Оның бір себебі ақын-жазушылардың көп томдығын шығаруға байланысты өрістеген жағымпаздау əңгімеге де байланысты. Көп томдыққа байланысты пікіріңізді айттыңыз. Ал меценаттардың əдебиетке жақындауы нендей қажеттіліктен туды? Бай жігіттер басқаның есебін білсе де, əдебиет пен өнердің асылы мен жасығын айыра ала ма өзі?

– Меценат деген – əдебиет пен өнерге қамқорлық емес. Ол алақан жаю емес, бұл – ең алдымен ұлтқа қамқорлық, ұлттың болашағына жасалатын қызмет. Баспалардан шығып жатқан қарыс-қарыс, том-том шығармалардың барлығы да меценаттардың арқасы. Баспа, əдебиет тарабындағы қамқорлық «Отырар кітапханасы» сериясымен шыққан 100 кітаптан бастау алды ғой деймін, шамасы. «Атамұра» баспасынан ұлтқа қажет көп дүние басылып шықты. Содан соң əдебиеттің парқын білетін, кітаптың қадіріне жеткен жекелеген азаматтар бар. Мысалы, Медғат Құлжанов дейтін азамат. Астанада Абайдың 160 жылдық тойын өткізді. Абай тақырыбын зерттеушілерге арнап, бəйге жариялады. Бəйгенің қорытындысы əлі шыққан жоқ. Тəуелсіз «Тарлан» сыйлығын алайық. Бірнеше жігіт топ-тобымен сыйлық беріп жатыр. Бір жағы атақ, тəуелсіз сыйлық, екінші жағынан, өнер адамына деген көмегі ғой. Ол жігіттердің де ниеттері жақсы, бірақ орысшалау тəрбиеленгеннен кейін кейде дəп баса алмай, кісісін таба алмай қалады. Бірақ ниеті дұрыс, жасап жатқан істері игі, үлгілі іс.


– Абайға «Неден жеңілдіңіз?» дегенде, «Сөз ұқпайтын ақымақтан күнде жеңілемін» деген екен. Бар қазақтың демей-ақ қояйық, бірақ кей қазақтың тірлігін тобырдың ісі демеске амалың жоқ. Абай тіріліп келсе де, таптап кетуге бар тобырдан іш жиып, қорқып қалған кезіңіз болды ма?

– Жоқ, Абайды баяғыда-ақ бірталай жерге апарып тастадық қой. Мен кезінде мақала да жазғам, бір ағамыз жасына жетпей алжыды ма, Абайдың өзіне ауыз салып, ғайбаттап, тірі жүргендердің өзін жамандаудан аман қалдырған жоқ. Бұл – құнсыздықтың көрінісі. «Бүкіл тарих менен басталады» деп айтқысы келетін адамдар бар. «Іш жиып қалған жоқсың ба?» дейсің, адам не айтпайды? Гогольдің бір кейіпкері жындыханада отырып, өзін «Испанияның королімін» деп жариялағандай, бір адам не айтпайды? Мəселе – соған жел беруде. Баспасөзде соған орын беруде. Жабылып сол дүрмекке қосылуда. Əңгімеміз жұртты жалықтырып жібере ме деп қорқамын, өйткені неше рет айтылды, тағы да қайталап айтамын, Шыңғыс хан ежелгі түрік қағанатын қалпына келтірді. Ол кезде оңтүстікте екі өзеннің аралығында бір жағы Иракқа, бір жағы Ауғанстанға дейін таралатын, 500 мың əскер шығара алатын Хорезм мемлекеті болды. Хорезм маңайындағы даланы түгел басып алып отырды. 1510 жылы жорық жасап, Таразды, Алматы орнындағы Алмалыны, Отырарды басып алды. Отырардың ең соңғы ханы Білте ханды тұтқындап, басын алды, орнына шешесінің бауыры Қайырханды отырғызды. Қыпшақ даласына қарай жазалау жорықтарын ұйымдастырып отырды. 100 мың əскер қолменен Хорезм жолындағысын жайпап, түгел қырды. Шыңғыс ханның далалық түркі тайпаларын біріктіріп, үлкен мемлекет құру мақсаты бар, үлкен ұлы Жошының 20 мың қолыменен əлгі 100 мың əскермен кездеседі. Күнұзақ соғысады. Екі жақ жеңісе алмайды. Хорезм шах тұтқынға түсіп қала жаздайды, əскері қирап, жеңілудің аз-ақ алдында қалады. Осыдан кейін Орта Азияға қарсы жорық жасайды. Қараңыз, Хорезм Отырарды басып алды ғой, Шыңғыс хан Отырарды босатты. Отырарды біз қорғаған жоқпыз, Отырарды біз алдық. «Отырарды қорғаудың 800 жылдығын тойлаймыз» деп, «соған дайындық жасаймыз» деп осында бір ағайындар шала шабылды. Содан мен мақала жаздым. Біздің бабаларымыздың барлығы Отырарды алды. Шыңғыс ханның жасағының құрамында, Отырарға келген əскердің ішінде Керей, Найман, Қоңырат, Жалайыр, Қият, Қатаған, Күрлеуіт, Төлеңгіттер болды. Тарихта солай жазылған. Қоңырат – Шыңғыс ханнан да бұрын, Манчжуриямен шекаралас жатқан ел, бүкіл түркі тайпаларының ішінде ең шығыс бетте жатқан – қоңыраттар. Жазып едім, бəлеге басым шатылды да қалды. «Ойбай, мынау қоңыраттарға қарсы. Олай болған жоқ, ойдан тарих шығарып отыр» деп он бес академик қол қойып, хат жазды. Əдебиетте бұл ештеңе етпейді, ал қоғамдық өмірге осындай дақпырт, айғай араласатын болса, ол халықтың соры болады. Құдайға шүкір, қағазға жазылған дүние ешқашан өшпейді. Баспасөзге жариялады, Президентке жазды. Өте тамаша. Надандығымызды көрсететін нəрсе. Басқаша ешнəрсе айта алмаймын.


– Қаламгер қоғаммен қатар жүреді, қоғамда болып жатқан оқиғалардан өзін бөліп қарай алмайды. «Шаңырақта» болып жатқан дүрбелеңді шағын мəселе дей алмаймыз, бірақ бірталай қауымның шамына тиіп отырған шетін жағдай. Бұл оқиғаны «Жер ашуы – жан ашуына» сыйдырамыз ба, əлде бұл жерде кезінде жер бөліп сатқан биліктің де кінəсі бар ма? Билік пен қарапайым халықтың əрекетін сіз қалай бағалап отырсыз?

– «Шаңырақтағы» оқиға ел-жұртты дүрліктірген жағдай болды. Түршіктіргені – кісіні тірідей өртеу еді. Əр түрлі жағдай болады – біреу біреуге пышақ салып алады, тонап алады, ашу үстінде он адам жабылып бір адамды тепкілейді, мүгедек етеді, ереуілдер болады, наразылықтар туады. Бірақ біздегі жағдай басқа. Соғыста ерекше бір садизмнен туатын өш алу үшін əдейі өртейтін жағдайлар болатын. Ал бейбіт күнде жас жігітті байлап қойып, үстіне бензин құйып, тірідей өртеу – тарихта болмаған қылмыс. Қан төгіліп жатқан соғыстың кезі емес, мың адам, екі мың адам қарап тұрады, əлгі баланы ұстап алады – қазақтың баласы, ол да қызмет бабында жүрген адам, бағанға апарып сыммен байлайды, үстіне бензин құйып, өртейді. Үш мың адамнан он адам қарсы тұра алмаған. Жалғыз-ақ Арон Атабек деген азамат қана қорғапты, бірақ шамасы келмеген. Бұл не сұмдық? Қазақтың жас жігітін, өз бауырын, өз баласын өртетіп қойып үндемеу – қатыгездіктің шыңы емей не? Денесін тұтас күйік шалған Əсет дейтін бала ауыр халде жатқан көрінеді. Қалай болғанда да аман болсын. Үйіріне қосылсын. Бұл оқиғаның бірнеше мəні бар. Бұл «біздің халқымыз не болып бара жатыр, қайда бара жатыр?» деген сұрақты қойғызады. Жанашырлық деген қайда? Бұрын былай болатын. Көшеде бір адамды машина қағып кетсе, қара-құра жұрт жиылып, мəн-жайды сұрайтын болса, «қазақ па?» деп сұрайтын. Қазақ болса, «ой-бу» деп іші ауыратын, басқа ұлт болса, «байғұс-ай» деп есіркейтін. Адам ретінде жанашырлық танытқанымен, дəл қазағына іші ауырғандай, болмысымен бетіне үңіліп, босай қоймайтын. Толып жатқан садистік фильмдерді көріп, адамға деген аяушылық өшпенділікпен алмасыпты. Не ұтамыз? «Қазақтың жауы – қазақ» деп он бес жыл бойы шулап келеміз. Осы жөнінде арнайы жаздым да. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, əлі де екі бөлініп отыр, «кəрістің жауы – кəріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ. «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нəрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды? Көлденең қарап тұрған қалың қазақ үшін де, құқық қорғау орындары үшін де бұл – өте ауыр жағдай.


– Сіздің «Кесікбас» хикаятыңыздағы терісін сыпырып, тұлып жасаған қазақ пен қалмақтың арасындағы өштік пен қаталдықтай, жері жоқ, үйі жоқ, сіріңке мен бензин ұстап қаруланған халықтың ашуы шетінен асып төгілсе, атқарушы орындарға қандай қадамдар жасаған абзал деп ойлайсыз?

– «Шаңырақта» орныққан 30 мың халық бар. Берік орныққан, үй-жайлары зандастырылған, сонымен қатар, өзім барып көргем жоқ, теледидардан байқағаным, кейбір үйлер жардың басында, ойпаңда, өзеннің арнасында тұр. Оған қоса, газ құбыры, тағы басқа құбырлар өтетін, рұқсат етілмеген жерге қоныстанған. Ол жерге үй салуға болмайды. Сырт қарасаң, үйме-жүйме, қоқыр-соқыр. Қателік неде? Қателік – бұдан бұрынғы қаланың əкімшілігінде. Атын атайық-атамайық, кінə бұрынғы əкімшілікте. Жардың басына, саздың үстіне үй салып жатқан кезде, сол кезде бару керек еді, айту керек еді, үй салуға рұқсат етпеу керек еді. Əуел баста салғызбау керек еді. Тұрғындар сол жерде бір адамдардың жүргенін, олардың өтірік құжаттар бергенін, тіпті кейбірі құжатсыз-ақ өзі үй салып алғанын жылап-еңіреп айтып жатыр. Ал енді заң деген бар ғой. Бүкіл дүние жүзі заңға бағынады. Қырғызда басталған самозахваттың аяғы неге ұласты? Бішкектегі бүлікке ұласты. Ол ешқандай да төңкеріс те, революция да емес. Президенттің кабинетіне басып кірді, көзге көрінгенін түгел талқандады, содан қырғыздың шекесі шылқып, қызық көріп отырғанын көргеміз жоқ. Бас прокурорға, қауіпсіздік хатшысына «сен кет» деп талап қояды. Бұл – анархия ғой. Бұл – мемлекеттің іргесін шайқайтын жағдай. Ондай жағдай бізде болмауы керек, халық ертеңгі күннің тыныштығын ойласа, оған жеткізбейтін шығар деп ойлаймын.

Қалалық мəслихаттың мүшелерінен тəуелсіз комиссия құрылыпты. Жағдайды ұғындырып, жұмыс жасап жатқан көрінеді. Болар іс болып қойды. Үйлер салынып қойды. Ол заңға бағыну керек, заңға көну керек. Барлық уақытта заң – темірқазық. Үкіметке зорлық жүрмейді. Бұл мəселе ақылмен шешімін табуы тиіс. Бірақ сонымен қатар, бұл қаланың деңгейінде шешілетін мəселе емес. Парламент, Үкімет, мемлекет деңгейінде шешімін табатын мəселе. Тұрғындарға белгілі бір төлемақы төленуі қажет немесе басқа аудандардан арзанға жер бөліну керек. Қалай болғанда да, адамдардың жағдайын есепке алу керек. Содан кейінгі бір мəселе, көңілдеріңе келмесін, қазақ тіліндегі басылымдар өте азусыз. Бұлар ылғи тайғақ жазады, бүркемелеп жазады. Орыс тіліндегі газеттер анығын айтады, соның ішінде оппозициялық дейтін газеттер тұздықтап жібереді, бір жақты айтады, бірақ ішінен теріп, тексере келгенде, шындықтың деректерін табасыз. Мысалы, анау жас жігітті өртеп жібергені туралы мен Ерғалиеваның газетінен оқыдым.

Менің айтатыным, бұл – халықтың басындағы трагедия. Тəуелсіздіктен кейінгі жабайы нарықтың біз көріп отырған теріс əсері, «жемісі».


– «Шаңырақты» шайқалту əлдебір сырт күштердің жоспары емес пе екен? Əйтпесе «Шаңырақта» бүгін байбалам туатындай, үйлер бүгін ғана салынған жоқ қой...

– «Лай судан балық іздеу» деген болады. Осы төңіректегі əңгіме қазір көбейіп жатыр. Əсіресе, оппозициялық басылымдар екі білегін сыбана кірісті. Мен оппозиция дегенді теріс көрмеймін. Оның құрамында да қазақтың жақсы ұлдары, жақсы қыздары жүр. Əдетте жазушы барлық уақытта оппозицияда болуы керек, яғни тың көзі, тысқары жағдайда. Менің қазір де Үкіметке берілген ештеңем жоқ, оппозицияны да қос қолымды көтеріп қуаттамаймын. «Оппозицияға қарсы оппозиция, Үкіметке қарсы оппозиция» туралы «Ұлтсыздану ұраны» деген кітабымда жазғанмын. Мынаны қараңыз, «қазақ» деген сөзді, қазақтың тілі, мүддесі туралы айтпайтын, тек билікті ғана сынайтын орыс тілді газеттеріміз енді келіп халықтың қамқоры, қазақшыл бола қалыпты. Қамқор болып, айқай көтеріп жүргендер бұрын не бітірген? Алғашқы кезде, жарайды, үйлерін салып алсын, содан бері бес жыл, үш жыл, бір жыл өтті ғой, тіпті соңғы бес-алты айды ғана алайықшы, сол екі арада олар халыққа жағдай туғызу туралы əңгіме неге көтермеген? «Шаңырақ» сияқты шағын аудандарда ешқандай жүйе жоқ. Мектеп, емхана, кинотеатр, демалыс орындары деген бар ма? Жоқ. Ойластырмаған. Халықтың жайын ешкім ойламаған. Енді келіп дəл мұндай жағдайдан саяси ұпай жинауға болмайды. Бұл жерде бұзық элементтер араласып кетті ме деп қорқамын. «Шаңырақтың» өз тұрғындарынан тыс теріс пиғылды адамдар келген сыңайы бар. Айналып келгенде, бір адаммен мəселе шешілмейді. Ал енді келіп қаланың əкімі туралы əр түрлі əңгімелерді қоздатып қоя берді. Мұның бəрін «саяси ойын» деп есептеймін. Жағдайды пайдаланып, есе қайтарып қалу.

Иманғали Тасмағамбетов əкім болып келгелі қыруар шаруа атқарып отырғанын халық көріп отыр. Көшенің бəрі көлік жүре алмайтындай тесік-тесік болатын. Жол жөнделді. Қаладағы көліктің көптігінен туған тығын – жолдарды ашып, көшелерді кеңейтіп жатыр, жоғарғы жақтан иін-тірестіріп салып жатқан биік үйлердің құрылысы тоқтатылды. Қазан шұңқырдың ішінде жатқан Алматының экологиясының бұзылуының басты себебі, ғалымдарымыздың қалай ойламайтынын білмеймін, Қапшағайдың салынуы. Ұзындығы – 70, ені он-он бес шақырым көл пайда болды. Бұрын ол Құдайдың қу даласы болатын. Жазда құм суырып, ысыған кезде таудан далаға қарай жел соғатын. Жаздыгүні құм тез суийды, кешке салқын болады, сөйтіп, даладан Алматыға қарай жел соғады. Алматының ауасы тазаратын. Көл пайда болғалы, ауа райы да бұзылды. Осы тараптан да көп жұмыс жасалып жатыр. Тұрғын үй беру мəселесі жолға қойылды. Кеше ғана орыс-қазағы аралас театрдың бір топ əртісіне пəтер берілді. Өнер, мəдениет қайраткерлеріне жасап отырған Иманғалидың қамқорлығы өз алдына. Баяғыда «Отырар кітапханасы» деген сериямен жүз ақын-жазушының кітабын шығаруға көмектесті. Қазаққа қолынан келген жақсылығын аямай жасап жатыр. Ал қараптан-қарап отырып кісіні қаралауға болмайды. Иманғалиға осы əкімшіліктің керегі жоқ. Иманғали бізге керек. Иманғали қайда жүрсе де – үлкен қайраткер. Зиялылар таныған, халық бағалаған. Қазақтың үлкен қайраткері ұлтжанды болады дейміз ғой, ұлтжанды деген сөзді тəуір көрмейтін, ол – ұлтшыл, мемлекетшіл қайраткер. Қазақ тəуелсіздігін орнықтыруға жəне нығайтуға айрықша еңбек еткен санаулы тұлғалардың бірі. Қазақтың мұңын білетін, ешкімді алаламайтын, барлық ұлтқа бірдей қарайтын, мемлекеттік тұрғыда ойлайтын азамат. Оның үстіне жұрт аса біле бермейтін, көп бағаламаған бір қыры жəне бар. Иманғали – тарихшы ғой. Қазақ тарихына байланысты жазған «Құлпытас», «Ат жалындағы өркениет» деген кітаптары көп тарихшының қолынан келмеген өзгеше бір еңбектер. Ол ғалым болса да, тіршілігін жасай алады. Керек болса, қолы босайды. Осының бəрін теріске шығарып, қаралауға ұмтылушылық белгілі бір топтың саяси ойыны ғана.


– «Заң сыйлау», «заңға бағыну» дейсіз, заңға да, басқаға да онша бас қатыра қоймайтын, Қазақстан заңдарынан бейхабарлау шеттен келген оралмандар «Шаңырақта» көптеп қоныстанған деседі. Осы арада оралмандардың құқы тапталған болып шықпай ма?

– Бір заманда қиын болып, барлық қазақ Алматыға жиналды. Солай болуы заңдылық еді, табиғи нəрсе еді. Бірақ енді тынысымыз кеңейіп келе жатыр емес пе? Барлығы да – Ресей, Тəжікстан, Украина, Молдова, Беларусьтың азаматтары бүкіл Шығыс Еуропаны шарлап жүр. Анау Қырғызстан, Өзбекстанның тұрғылықты азаматтары босып, қаңғып қазақ жеріне келіп, жұмыс іздеп жүр. Тегін жұмыс күші. Ал ел асып қаңғып жүрген бір қазақ бар ма қазір? Өз жеріңде отыр. Əлгі қырғыз, өзбек жігіттердің жалданып жасап жүрген жұмысын істеуден олар бас тартады. Өйткені қазақ үшін ол жұмыстың төлемі, ақысы кем. Бұл да біздің қазіргі жағдайымыздың бір көрінісі. Бəрі оңалып келеді. Осы ретте стихиялы түрде келе жатқан ішкі миграция мəселесін бір ретке келтіру керек. Оралман мəселесіне аса сақтықпен қараған жөн. Қазақтарды топтастыру – мемлекетіміздің тəуелсіздік алмай тұрған кезде, тəуелсіздікке бет бұрған кезде жасаған бағдарламасы. Назарбаев астананы неге Ақмолаға көшірді? Қазақстанның географиялық орталығы болғандықтан ғана емес, солтүстік облыстар қазақтың уысынан шығып бара жатқан аймақ болғандықтан, осындай қадам жасалды. Солтүстік Қазақстан өңірі деген дүниеде жоқ ғажайып ұжмақ жер ғой, ал қазақ неге сондай жерлерге ағылмайды? Айналып келіп Алматының төңірегіне арқандалады. Ал ол үшін мемлекет оған жағдай, жоспар жасауы керек. Жұмыс болса, үй берсе, əрине, олар да ойланбастан барар еді. Осы əңгімеден кейін туатын тағы бір мəселе бар. Алматының Бас жоспары бойынша, Алматы қайта құрылып, əлемдік деңгейдегі əдемі қалаға айналу керек. Дүние бұл қалпында тұрмайды, ол үшін ескі үйлер бұзылып, жаңасы салыну керек. Мынау айғайдың ақыры Алматының дамуына, халқымыздың болашағына, ұрпағымыздың келешегіне кесел келтіре ме деп қорқамын. ХХ ғасырға аяқ басқан қазақ халқы қиқы-жиқы, үйме-жүйме жерде тұруға тиіс емес. Ендігі бір мəселе – тарихи үйлер бұзылып жатыр деген бір əңгіме көтерілді. Тарихи ештеңесі де жоқ. Отызыншы жылы салынған нашар үйлер. Ал енді «пəленшекең тұрып кеткен», «түгеншекең тұрып келген» дейтін болса, біз де тұрып кеттік біраз жерде. Ертең біз де тарих боламыз. Опера театрын бұзғалы жатқан, Мұхтар Əуезовтің мұражайына сүймен салғалы жатқан ешкім жоқ қой. Халқымыз жел сөздің бəріне ере бермеу керек, ол айқайдың қандай астары барын білу керек. Ең бастысы, халық арандап қалмауы керек. Азаматтардың басын сыйлап, жағдаймен есептесу керек. Қазақ деген халық сабырлы еді, ал мынау оқиғалар даңғырақ болып кеткеніміздің көрінісі. Өкінішті жағдай, бірақ мəселенің ақ-қарасы айырылады, ақылмен, сабырмен, парасатпен шешіледі деп ойлаймын. Мұның бəрі бір адамның, белгілі бір топтың, Үкіметтің кінəсі емес, бұл – заман туғызған қайшылық, заманның зардабы. Мемлекет өзіміздікі. Бас амандығынан артық не керек? «Шаңырақтың» төңірегіндегі əңгімені көтеріп, індетіп, дабыра жасап жүрген адамдар қазаққа жақсылық ойлаған адамдар емес.


– Əңгімеңізге рахмет!



Айгүл Аханбайқызының “Оқырман күткен – əңгіме” атты кітабынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар