Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Серік Ақсұңқарұлының естелігі

24.08.2016 240

Серік Ақсұңқарұлының естелігі


Дәуітәлінің есімін естіген сайын әлі күнге дейін егіліп отырамын мен... Алматыда туған-туысым, арқа сүйер көкем, ат басын тіреп түсетін үйім жоқ. Дәуітәлінің үйі – Сарыарқаның алтын бекетіндей. Алаштың бүгінгі айтулы ақындары Абзал Бөкен, Ғалым Жайлыбайлар осы үйден шығып, коммунистер даңғылындағы 105-ші үй – Қазақстан Жазушылар одағына имене кірген-ді...


Серік Ақсұңқарұлының естелігі.jpg


Ол Қасым мен Пушкинді өле-өлгенше пір тұтып кетті.


Дәуітәлі Станбековтің мына жарық дүниеге ақын болып келмеуі ақылға сыймайтын дүние десе болады. Кіндік қаны түскен топыраққа қараңыз: Алашорданың үш бірдей арысы – Әлихан Бөкейхан, Ақбайдын Жақыбы, Әлімхан Ермеков туған жер.


– Совет өкіметі Ақтоғайды неге жек көреді?! Білесіңдер ме? – деуші еді кейде Дәукең ашуына мінген бір кезіңде – Совет өкіметін иттің етінен де жек көрген қазақтың үш боздағы осында туған!


«Ассалаумағалейкум, Ақырзаман!» - деп жазды ол сол кезде.


Біреулер заманның балын жалап жатқанда, ол уын ғана ішіп жүрді...


Достарым менің – ұрылар!


Достарым менің – бандиттер! – деп жазды ол 70-шы жылдары. Совет өкіметіне ерегесіп айтқаны!


«Алаш» сыйлығына ұсынғанда ол өлім аузында жатқан. Лауреат болғанын естімей кетті марқұм. Соңғы кітабі – «Жұмағым мен тамұғымды» қолына ұстай алмай да кетті.


Ол маған бір өзі бір әдеби ортадай болған тұлға еді.


Алматыға келсем, ат басын Дәуітәліге тіреймін. Буырқанып Қазақстан Жазушылар одағының үйіне келеміз.


– Қашан келіп едің? – дейді Қадағам (Қадыр Мырзалиев).


– Келгеніме 2-3 күн болды – деймін күмілжіп...


– Ендеше, өзіңе-өзің келіп ал... Соңсоң, маған келесің ғой!


Алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлысып жүріп, мені сүйреп әдеби ортаға әкелген – сол! «Менің пірім – Сүйінбай» деген Жамбыл тәтем. Менің пірім – Дәуітәлі! Алдында Дәуітәлідейін адуынды азамат ағасы болмаса, мына дүниеде Серік Ақсұңқарұлы деген басы жұмыр пенде болар еді. Ақын болмас еді! Алматыға келсем, көзіме Дәуітәлі елестейді. Бәрі – бар. Дәуітәлі – жоқ...


Ақынның алдында – Алла, арқасында – Аруақ болу керек! Екеуінің ортасында – Алаш! Басқа ешкім болмауы керек! Ақынның «Жұмағым мен Тамұғым» атты жыр кітабы – соның бір нышаны. Алаштың ақылы – алтау, ойы – жетеу болып тұрған 90-шы жылдары жарық көрді де, әдеби орта мен қалың оқырманның көзіне түспей қалды...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар