Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жұлдыз Мұқағалиұлы: “Әкемді Алматыға өлең алып келді...”

23.08.2016 673

Жұлдыз Мұқағалиұлы: “Әкемді Алматыға өлең алып келді...”


Мұқағали Мақатаев. Жұмбақ та қарапайым, қарапайым да жұмбақ тағдыр иесі. Уақыт өткен сайын биіктеп бара жатқан заңғар. Қазақтың қара өлеңіне шекпен жауып қайтарған абыз. Өмірдің базарынан жылап қайтқан ақын, біреуді жұбата алмағаны үшін. Ол дауа-пенде еді, ол өзінің өлеңдерімен қазақтың барлық сыздаған дертіне дауа тапқан ұл еді. Ол жұбаныш еді. Оны біз жақсы білеміз, білеміз дейміз, бірақ білмейміз. Ол жайлы бізге «Дариға-жүрек» айтады, «Шолпан» айтады, «Қарлығашым келдің бе?» айтады... Ол жайлы бізге əрбір парақ сыбырлайды, өлеңінің əрбір жолы айтады...


Жұлдыз Мұқағалиұлы.jpg

Мұқаңның үлкен ұлы Жұлдыз ағамен əңгімеміз ə дегеннен-ақ жарасып жүре берді. Əкенің жасына жеткен ұл əлі де əкелік алақанды, əкелік мейірімді, əкелік махаббатты сағынады екен. Мен соны аңғардым.

...Олар менің жанымды қайдан білсін,

Жасын жырдың жолына құрбан болған...

...Барлығы да,

Поэзия, сен үшін!

– Ол Алматыға өлең үшін келді. Шындығында, əкемді өлең шақырды. Тəнінен тараған бізді жан перзенті үшін шаһарға алып келді.

Өзінің жеке бөлмесіне отырып жазатын. Аузына насыбай салып алатын, көк шапаны болды, соны желбегей жамылып отыратын. Үстелді кеудесіне тіреп отырып алатын еді. Сосын жазып біткесін жайраңдап келіп, анамызға оқып беретін. Оқитын да, «Лашын, қалай болыпты?» деп күлетін. Ең алғашқы төреші – анамыз-тұғын. Əжеміз Нағиман əкем өлең жазып отырғанда бізді жолатпайтын.

Кейде бізге де ақтарыла сыр айтатын еді. «Өлең құраудың өзі – тұнып тұрған математика. Математика 4 амалға қалай бағынса, өлеңнің де бағынатын өз заңдылықтары бар» дейтін.

Ол күз мезгілін айрықша ұнатты. Жапырақ түсіп, жауын құйып тұрған күз түндерінде қолынан қаламын тастамайтын. «Көктемде сайрандадық, жасардық, жаңғырдық, күз – енді тек жазатын мезгіл» деп əзілдеп қоятын.


– Бір жазған өлеңдеріне қайта айналып соғып, түзеткен кездері де болады деседі...

– Өлеңдерін əкем сəбиден ары өбектейтін. Кейде кей өлеңдерін қайта қарап, қайта жазып шығатын. Ондайда «бүйтіп /TT2жазыппын, былай өзгерттім» деп айтып отыратын. Əр сөзге кірпияздықпен қарады. Шамасы, бұл əдет бала жасынан қалыптасса керек. Құрдастары айтады, бала күнінде, ол кез соғыс уақыты, көрші қырғыздарға өлең сатады екен. Қырғыздар да сөз парқын білетін халық, ерекше от-жалын байқаған-ау. Бір жолы бір өлеңін 25 сомға сатыпты. 25 сом ол кезде едəуір ақша. Сонда шешесіне кеп: «Əй, Нағиман, мен енді өлең жазғанның қандай екенін көрсетем!» – депті.


– Бақтырам! – деді бастығым,

– Бағасың, – деді, – жетпегір!

Сонымен біраз жас күнім,

Қысырақ қуып өткен бір.


– Бала күнін есіне түсіру əкеме өте ауыр еді. Кəдімгідей мұңайып қалатын. «Бізде балалық болған жоқ. Соғыс жалмап кетті» дейтін.

Содан да шығар, балаларына ерекше мейірімді болды. Ең үлкеніміз Майгүлді көшеде мотоцикл қағып кеткенде, қатты қайғырды. Арнаған екі-үш өлеңі бар екенін білесіздер.Үйде дастарқан басында отырғанда, анда-санда бізге де өлең шығаратын. Бірде інім Айбарға «жаман қазақ жалпақбас, тамақ десе жан таппас» деп əзілдеді. Біз содан кейін Айбарды «жалпақбас» деп атап жүр едік, өзі қойдыртты. Мені көбінесе Панфилов-Шевченко көшелерінің қиылысындағы моншаға ертіп апаратын. Үйден шықпас бұрын қолыма пышақ беріп, терекке шығарып жіберетін. Мен балауса бұтақтар қиып түсемін, оны ыстық суға салып біраз жібітіп қоямыз. Соны алып, моншаға кететінбіз.

Сабағымызды қатты қадағалайтын. Мені жетелеп апарып, №12 мектепке оқытты. Тамырынан ажырамасын деді-ау, сірə. №12 мектеп ол кезде бірден-бір қазақ мектебі еді.

Мен əжеме тəн едім. Қазір ойлаймын, үйдің үлкені мен болғасын да шығар, менің болашағыма қатты алаңдады. Бір күні мені Шевченко-Аманкелді көшелерінің қиылысындағы ескі ғимаратқа ертіп барды. Сол жерде ҚазМУ-дің заң факультеті болыпты, өзі сонда жарты жылдай оқыпты, сосын біреумен келіспей қалып, шығып кеткен көрінеді. Маған «сен көп сөзді қой, заңға бар» деді. Мен оқуға түскенде қалай қуанғанын көрсеңіз. Студент кезімде де ақылын айтып жүрді. «Сен кейін кеңседе отырасың, ұқыпты бол. Қағаз-қаламың орнында тұрса, миыңда да тəртіп болады» дейтін. Мектеп бітірген жылы отырыста мен сəл ұрттап қойдым. Қатты ашуланды, тіпті қолы да тиіп кетті. «Сақтық керек, Жұлдыз. Өмір сенің босбелбеу екеніңді сезсе, екі сөзге келтірмей алып ұрады. Сені жылату оған түк емес» деді сосын. Кейінірек ұғындым, ол біздің, яғни, балаларының өзгеше, өзінікінен мүлде бөлек жолмен жүргенін қалапты ғой. Өзі жасаған қателіктерін біздің қайталамауымызды қалапты.


... Тағы да сен бе, тентек, тілін алмай,

Анамды өкпелетіп тастаған кім?..

...Байқа, тентек!

Сен емес, Ана алдында,

Мына тұрған «құдайың» қымсынады.

– Əкем Тиын деген əжесінің тəрбиесінде өскен. Көз көрген қарттардың айтуынша, əжеміз аса қайратты, рухы мықты кісі болыпты. Əкем ол кісіні аузынан тастамайтын. Сірə, қандай қиындықты да қара нардай қайыспай көтеру əкеме əжесінен жұқса керек. Бала күнінде асық ойнап жүріп, ұтылып қалса, əжесіне айтады екен. Əжесі бар асығын қайта əпереді екен.

Мен ойлаймын, əкемнің ақындығы ең бірінші – табиғи дарын, сол дарынның дамуына, өсуіне бірінші – туған жері, екінші – осы Тиын əжеміз қатты əсер еткен. Кейін өз шешесі Нағиманды да қатты сыйлап өтті.

«Көп нəрсені əжемнен үйрендім» дейтін. Аңғарғыш еді. Ол əр адамнан тереңдік іздейтін. Жан-дүниесі түгел ақтарылып əңгімелескенді ұнататын. Əңгімелескен адамы көңілінен шықпай қалса, кəдімгідей мұңаятын, «таяз екен» дейтін.

«Мен адамға бір рет қарағанда, оның ішінде не жатқанын сезе қоямын» дейтін кейде. Сыртынан қарап тұрған адамға оның қалай сөйлесіп тұрғаны бірден аңғарылатын. Жаратпай қалса, «иə-иə» дей беретін, тамағын кеней беретін. Сосын əңгімесі жараспайтыны белгілі болып қалатын.

Жанары отты еді. Кеудесін тік ұстап жүретін. Ол қанша ішті десе де, Алматы түгелге жуық танитын. Көшеде келе жатқанда, адамдар сыйлы көзбен қарайтын.


...Көп қателік жіберіппін, амал не,

Кешір, ұлым, мойындадым, жарайды!


– Менімен тең құрбысындай əңгімелескен сəттері де болды. Анда-санда қателіктерін де мойындайтын. Маған сабақ болсын деген шығар. «Бұл қателіктер маған сыяды, маған жарасады, Жұлдыз. Бірақ сен қайталама, оны көтере алмайсың» деп қоятын.

Иə, ол көп жағдайда қолдау таппай қалатын. Ондай сəттерде анамыз Лашын басу айтатын. «Бəрі дұрыс болады» дейтін. Сəл мұңайып отырып, əкем еңсесін қайта көтеретін. Сондайда бөлмеде ерсілі-қарсылы адымдап: «Əй, мені түсінгісі келген адам өлеңдерімді оқиды. Ничего, төрт миллион қазағым аман болса, мен ешқашан өлмеймін», – дейтін. Əбдімүтəліп дейтін нағашымыз болды. Сол кісіні көбірек тыңдайтын. Ақылын басшылыққа алатын. Басқалар айтып жатса, қол сілтей салатын.

Менің көзім жеткен бір жағдай, əкем өзінің ұлы адам екенін сол кезде-ақ сезді. Тіпті айтып та жүрді. «Мыналарың бір төбе, мен бір төбе» деп күлетін.

Кезінде Димаш Ахметұлына хат жазғанын білесіздер. Сол кісіден жауапты көп күтті. Əттең, жауап келмеді. Əйтпесе, əкемнің өмірі сəл басқа арнамен ағатын ба еді...

Дантені аударған кезде тіпті демалған жоқ. Содан да шығар, өмірлік арманы Рим қаласын бір көру еді.

Əбділдə Тəжібаев ақсақалды қатты сыйлады. Өзінің Алматыға келуіне бірден-бір себепкер сол кісі болған соң да шығар...


...Бауырластықтың жалауын біз де көтеріп,

Жарқын өмірден

Жауласпай жүріп өтелік!


– Жақсылық жасағанды жаны сүйетін. Бірде екеуміз көшеде келе жатып, келіншегіне дөңайбат көрсетіп, кіжініп тұрған жігітке кезіктік. Əкем шыдап тұра алмады. Жігітті көкірегіне қысып, көтерген күйі терекке тақап алды да, «неге ренжітесің? Ескертіп айтсаң болмайтын ба еді?» деп қатты жекіді. Жігіт мойындап қалды.

Тағы бірде үйге бейтаныс екі жігіт іздеп келді. Түрмеден шыққан беттері екен. Əкеме алғыс айтып, ризашылық білдірді. Сөйтсе, олар түрмеде жатып, əкемнің өлеңдерін оқыпты. Сосын хат жазыпты. Əкем оларға жауап жазса керек. Олардың іздеп келгеніне əкем кəдімгідей риза болып қалды.

Жастармен көп жүретін. Үйге де ертіп келетін. Олармен поэзия жайлы сөйлескенді ұнататын.


...Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,

Қырықтың бесеуінде.


– Əкем өзінің өлетінін сезді. Ауруханадан дəрігерлер «мүлдем үміт жоқ» деп шығарып жібергенде, Комсомол-Космонавт көшелерінің қиылысындағы аялдамада ұзақ отырды. Көзін бір нүктеге қадап, үнсіз отырды. Сосын үйде бір күн ғана болды. Ертесі қайта əкетті.

Қайтқан күні жаңбыр құйып тұрды. Табиғаттың өзі жылап тұрған сияқты. Кеңшілік ағамен қатты араласатын. Сол бізге басу айтты. «Мына шуылдақтардың бəрі кетеді. Сенің əкең мəңгілік. Босама» деді.


...Əке, сенің жасыңнан асып барам...


– Жұлдыз аға, сіз дəл қазір əкеңіздің жасындасыз. Қалай ойлайсыз, қазіргі сіздің өмірге қөзқарасыңыз бен əкеңіздің көзқарасы арасында ұқсастық, болмаса өзгешелік бар ма?

– Əр адам өзінше қорытынды жасайды ғой. Əйтсе де, əкемдікі əлдеқайда терең. Ол біз көре алмайтын, сезе алмайтын, біле алмайтын əлдебір тылсым күштен өзіне демеу алып тұрған тəрізді. Ол қазіргі менің жасыма дейін бала болып былдырлады, ақсақал болып ақыл айтты, жігіт болып жалындады. Оның өмірі – өлеңдері. Əкем жайлы бізге тек өлеңдері ғана айта алады.

Жұлдыз ағамен əңгімеміз аса жылы райда өтті. Араға жылдардың із салғаны емес пе, тұлпардың тұяғы көп естеліктерді есіне қиналып түсірді. «Дегенмен ойланып жүру керек екен. Енді əкемнің басынан өткен, мен көрген сəттер еске түсетін болса, қағазға түсіре беремін» деді ол. Біз осыған келістік.


Есей Жеңісұлының “Сендер бəрің жақсысыңдар, адамдар!..”кітабынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар