24 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жаман үйді қонағы билейді

22.08.2016 468

Жаман үйді қонағы билейді



немесе ілеспе аударма ел имиджін елеулі етеді


Бірдеңе болса, «Қазақ тілі дамымай жатыр!» деп айғай салып, тұлпар мініп, ту ұстап, ары-бері ойқастап шыға келеміз. Алайда нақты іске келгенде, мұрнымыздан міңгірлеп, аузымыздан сөзіміз, қойнымыздан бөзіміз түсіп қалатыны - ащы да болса ақиқат. «Елбасымыз неге өзге елге барғанда өз тілінде сөйлемейді?!» деп тағы да көбік ата көпіреміз. Алайда ол кісі халықаралық мінберде қазақша сөйлесе, кідіртіп қойып, қазақшадан шет тіліне аударатын маман іздеп сабыламыз! Онан қалды өз елімізде өтіп жатқан әлемдік дәрежедегі жиналыстарда қазақша ілеспе аудармамыз «а-а-а-а», «ы-ы-ы-ы» деген аңырақтар мен ыңырақтарға толып кетеді. Журналистер мұндай аудармашыларды әдемілеп бір сыбап алып, орысшадан өздері аударуға мәжбүр болады. Сонда бұл қалай? Бүгінде елімізде ілеспе аударманы тез арада дамыту үшін не істеу керек? Осы бағытта қандай да бір шаралар қолға алынып жатыр ма?


IMG_6936.JPG


Осы сұрақтарға жауап ретінде бүгін Астанада өз жұмысын бастаған «Ілеспе аударма жүргізуді үйретудің шеберлік кластары» тақырыбындағы іс-шараны атауға әбден болады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің мемлекеттік тапсырысы бойынша Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы ұйымдастырып отырған бұл шара тамыз айының 22-26 аралығанда өтеді. Оған еліміздің 4 облысынан 12 кәсіби аудармашы тартылған. Шеберлік кластарын белгілі аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, еліміздегі ілеспе аударманың негізін қалаушылардың бірі - Камал Әлпейісова жүргізеді.




Айта кетейік, аталған шара «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында өткізіліп отыр. Оған еліміздің аударма саласына елеулі үлес қосқан ғалым аудармашылар шақырылып, жас аудармашыларға өздерінің тәжірибелерін үйретеді.


IMG_6949.JPG


Камал Әбілқасымқызының айтуынша, бұл шеберлік кластары мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында қазақшадан орысшаға және орысшадан қазақшаға ілеспе аударма жасайтын аудармашылардың біліктілігін артыруды көздейді.


«Шеберлік кластарында аударма теориясы, жазбаша аударма мен ауызша аударманың ерекшеліктері, ілеспе аудармашыға қажетті базалық грамматикалық және фразеологиялық үлгілері, сөздік қорды байыту жұмыстары бойынша дәрістер оқимыз. Сонымен қатар, аудармашы мамандарға аударма теориясы мен практикасы, аударматанудың өзекті мәселелері шеңберінде оқу-әдістемелік көмек көрсетіліп, аударма саласындағы ғалым мамандар озық тәжірибелерімен бөліседі», - деп атап өтті ол.


Камал Әбілқасымқызының айтуынша, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуде ілеспе аударманың атқаратын рөлі аса зор.


«Мемлекеттік тілдің қолданылу аясының кеңеюі дегенде оның күнделікті тіршілікте, адамдар арасындағы қарым-қатынаста, одан қалды қызметтік хат-хабарлар алысуда қолданылуын ғана емес, үлкен, мәртебелі жиындардың ана тілімізде жүргізілуін, сөз сөйлеуші шешендердің бәрі болмағанмен, басым көпшілігі қазақ тілінде сөйлеуі екенін де түсінуіміз керек. Сонда ғана - қазақ тілі толғақты ойлар ортаға салынып, ортақ бір тұжырым жасалатын ғылыми конференциялардың, заманауи мәселелер талқыланатын саяси саммиттердің, экономика, қаржы мәселелері қаралатын форумдардың тіліне айналған кезде ғана - оның қолданылу аясы шын мәнінде кеңиді деп айтуға болады», - дейді еліміздің бас аудармашысы.


Әзірше, дамудың қазіргі кезеңінде, қазақ тілінің мұндай жиындар тіліне айналуының бірден-бір жолы – ілеспе аударма жасау, - деп баса айтқан Камал Әбілқасымқызы бұл салаға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.


«Елбасымыз осыдан он шақты жыл бұрын айтқан «...Бүкіл республика көлемінде үлкен мәжілістерді ілеспе аудармамен қамтамасыз ете отырып, қазақ тілінде жүргізуге көшу керек» деген сөздерді үлкен жиналыстарда өзім аударғанмын! Содан бері ілеспе аударма біршама дамыды деп айтуға болады. Дегенмен әлі де мамандар жетіспейді. Қазір менің шәкірттерім қазақшадан ағылшыншаға, арабшаға, қытайшаға және керісінше де кәсіби түрде ілеспе аударма жасап, қаншама халықаралық жиналыстарда ана тіліміздің абыройын асырып келе жатыр деп мақтанышпен айта аламын», - дейді Камал Әбілқасымқызы.


Бүгінгі шара да болашақта білікті аудармашыларды дайындауға өз септігін тигізеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазан айында тағы да 12 аудармашыға осындай шеберлік кластары өткізіліп, арнайы сертификаттар табысталмақ. Сонымен қатар, бұл шараны жылда ұйымдастырып отыру жоспарланған.




«Бүгінде ілеспе аударма жүргізетін білікті аудармашыларды дайындау ауадай қажет. Оған көп қаражат та кетпейді. Арнайы жоғары оқу орындарында грант бөліп, қыруар қаржы шығындаудың да қажеті шамалы. Ол үшін аудармашы мамандығын бітірген мамандарды іріктеп, 2-3 айлық арнайы курстар өткізсе, жеткілікті. Бұл біздің мемлекеттік тілдің болашағы үшін ғана емес, қазіргі әлемдік аренадағы имиджіміз үшін де аса қажет», - деп атап өтті Камал Әлпейісова.


Ел имиджі демекші, жоғарыда айтқанымыздай, БҰҰ-ның үлкен мінберінде қазақша сөйлеген кезде, Президентімізді ұятқа қалдыра жаздаған едік. Осы аударма саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген Камал апайымызбен әңгімелескенде, мұндай мысалдардың шаш-етектен екеніне көз жеткіздік.


«Осыдан төрт жыл бұрын, V Астана экономикалық форумына келген Түркияның сол кездегі премьер-министрі Реджеп Эрдоған өз ана тілінде сөйлеп, аудармашысы оны әдеттегідей қазақ тіліне аударды, - деп еске алады аудармашы маман. – Сол кезде залда қазақ тілінен ілеспе аударма жасайтын маманның жоқтығынан бірнеше минут бойы оның не айтқанын қатысушылардың басым көпшілігі түсіне алмай, бір-біріне қарап отырды. Өйткені мұндай жағдайда қазақ тілінде сөйленген сөз әуелі орысшаға, одан сатылап басқа тілдерге ілеспе аударма жасалады. Ұйымдастырушылар зыр жүгіріп іздеп, заты қазақ біреуді микрофонға отырғызғанымен, қазақша «тұрмыстық деңгейде» ғана білетін адам саяси сөзді қайдан аударсын! Халықаралық деңгейде өткізілетін үлкен форум осылайша үлкен «ұят» жағдаймен есте қалды», - дейді Камал Әбілқасымқызы.


Тағы бір қызық та шыжық жағдай, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығының Алматыда өткен екінші отырысында Қытай делегациясы қазақшадан қытайшаға және керісінше аударатын қазақ қызын ерте келіпті. Жиынның басқа делегаттары түсіну үшін екі күн бойы өткен жиналыста қытайлық делегаттардың сөйлеген сөздерін сол қыз қазақ тіліне аударып, одан әрі ағылшын, араб тілдеріне аударатын аудармашылар үшін осы Камал Әбілқасымқызы бастаған мамандар қазақ тілінен орысшаға ілеспе аударма жасап отырған. Бірақ осы жағдайдан кейін қытай тарапы мұндағы «орыс тілді бәрі түсінеді» деген ұстанымды алға қойған болуы керек, кейінгі жиындарға қазақ тіліне аударма жасайтын маман әкелмейтін болыпты. Міне, көрдіңіздер ме?! «Өзіңді-өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер» демекші, басында бізді сыйлап кеп тұрған адамдардың өзіне лайықты мінез көрсете алмай, «жаман үйді қонағы билейдінің» кебін киеміз де отырамыз!


Ендігі бар үмітіміз - Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы қолға алған осындай шараларға барынша қолдау көрсетіп, ілеспе аударманы кәсіби деңгейге көтере білу. Бұл біздің ана тіліміздің алдындағы бір борышымыз екенінде дау жоқ!


Әбу-Асқар Мекешұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар