27 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Гүлбақыт Қасен: Сыр жасырдым қауызына гүлдердің

18.08.2016 443

Гүлбақыт Қасен: Сыр жасырдым қауызына гүлдердің

 

 

гулбакыт.jpg

Сырласу. Триптих

 

Поэзия, менімен егіз бе едің...

Мұқағали

І.

Поэзия,

Ұлы ақынды сағындық  Біз.

Ізде сен...

Бұлақтардан таба алам ба іздесем?

Егізіңнің мекенін айт бізге сен –

Жолын көрсет, қалай, қайтіп жүздесем?

 

Жолы қайда?

Қарасаз ба барайын?

Шалкөденің жайлауына қарайын.

Салған шығар Хан Тәңірге сарайын –

Аңсап жүрмін шуағы мен арайын.

 

Ақынымды асып туған ғасырдан –

Қайыңды ма, Күрметі ме жасырған?

Шоғансайда із қалды ма асылдан?

Қыземшек пе дана даңқын асырған?

 

Жүрек от боп оранғанда жалынға –

«Сая болған емен, терек  жанына...»

Аяулы арман...

Жылы ұшырап Үшқақпақ,

Елшенбүйрек шақыра ма маңына?

 

Қарлығашым, келдің-ау, -

 деп  қуанып,  

қарлы басын сілкіп тастар жыр Алып.

Ой сала ма Ойқарағай сырды алып,

Елесіне тастар болсам бұғалық?

 

Көлсай жаққа аттың басын бұрайын,

Тылсым табиғаттан оны сұрайын.

«Қалқам» деген үнін естіп тұрайын...

Жыры тұнған мөлдір суға құлайын.

 

Құлайын да,

тап-таза боп шығайын,

Мұң арылып, шырайланар шырайым.

Қыз да болсам...

Ақын жанын ұғайын,

Тербет мені, тербет мені, Жыр айдын!

 

ІІ.


Сыр жасырдым қауызына гүлдердің,

Көз тұнатын сырға сынды гүлдер мың.

Жыр жасырдым жанарынан аймалап,

Жамалына күндер менен түндердің...

 

Ақын көрдім ақиқатқа бет бұрған –

«Кел, болашақ! Өмір – мәңгі» деп тұрған...

Айналайын тағдырынан тұмарлы,  

Ай қабағын бағып туған текті ұлдан.

 

... «Бір Күн шықса» –

мәңгі батар Күн көрдім...

Жыр бұрымын күндіз тарап, түнде өрдім.

Бесігімнен ою-өрнек, жыр көрдім,

Есіл күннен терең әжім, мұң көрдім.

 

Күрең күзде қарлы жаңбыр тоңдырған,

Жаз күнім аз сапарымды оң қылған...

Тәубе етемін,

ғұмырымның тұғыры  –

«Үш бақытым» алақанға қондырған.

 

«Қара өлең» – маңдайдағы несібем,

Шайырлы елдің уайым жібін есіп ем...

Жыласам да сүйіп тұрам өкпесіз,

Бұлаң өмір ұнайды екен несімен?

 

Арманым көп, арманым көп аңсаған,

«Ән сал, жаным!»

десе болды – ән салам...

Жанарымды жарық нұрға толтырып,  

Әр таңымды күлім қағып қарсы алам.

 

Маржан қосам тізбегіне маржанның,

Түбі әйтеуір,

...үзілер деп арзан мұң.

Бір өлеңі – бір адамның тағдыры,  

Жыр өмірі – жүрегінде әр жанның...

 

 

ІІІ.


Өмірге ғашық жүрекпен-

Сыйлаған елге мол бақыт.

Тамырын тағдыр бір еткен –

Табиғатымен толғатып.

 

Бұлағы – кәусар, мөп-мөлдір,

Тұмадай тұнып жырлары.

Аспаннан маржан төккен дүр –

«Өмірдастанда» сырлары.

 

Тау ұлы – таудан жаралған,

Биікте – оның тұрағы.

Мәңгілік нұрдан нәр алған –

Төгілер көктен шуағы,

сөнбейді ақын шырағы...

 

Сөнбейді ақын шырағы!

 

Ақын көрдім...

 

Ақын көрдім –

Елге келіп талай сырын ақтарған,

Мұңын шаққан ақ қайың мен ақ талға.

Бозторғайы шырылдаған ақ таңнан...

 

Ақын көрдім –

Ақ арманын айналдырған ақ қарға,

Жаңбыр болып жыры жауған бақтарға,

Аспантаудың аспанында қап-қалған...

 

Ақын көрдім –

Жалған дүние құбылтса да түсін мың,

Тілін ұққан шексіз мынау тылсымның.

Бұлбұл еткен жүрегінің дүрсілін...

 

Жақын көрдім...

...жылап тұрған ақынның тасмүсінін –

Жетімкөлдей жетімсіреп күрсінді...

Не байқадым?

Нені ұғып түсіндім?..

 

Ақын көрдім –

мен ақынға жолықтым...

Кие қонған жыр ұяға қоныппын,

Қасиетін үркітем деп қорықтым,

Қасіретін ұғындым да, торықтым...

Бас иетін ақын – жалғыз, соны ұқтым...

Ақын – жалғыз! Соны ұқтым...

 


*****


О, Жаратқан,

Пенделердің қабыл қылғай тілегін,

«Тәубе» дейтін құлдарыңның бірі едім.

Қасиетті жұма – күннің сұлтаны,

Құран сөзбен нұрланады жүрегім.

 

Не бітірдім, нені ұқтым, не білдім?

Қадіріне жете алмаспыз тегіннің.

Құран жаттап, жыр жазсам да өзімше,

Мың мінажат, азан үнге егілдім...

 

Алла үйі – мәңгі тұрақ, баспанам,

Мейірім мен ізгілікке бастаған.

«Ла иллаха иль Аллах» тұр тілімде,

Бұдан өзге болған емес асқақ ән...

 

 

 

Әже монологы


 

Бақыттымын, бақыттымын,

ТӘҢІРІМ!

Қызығына куә болдым бәрінің.

Тағы біраз жүре тұрсам болғаны,

Жылдамдатпа, тағдыр, ажал әмірін.

 

Бақыттымын, Бақыттымын,

ЖАРАТҚАН!

Кейуанамын нұр, мейірім таратқан.

Ұрпағыма дұға тілеп, қол жайып,

Құбылаға ақ жүзімді қаратқам.

 

Бақыттымын, бақыттымын,

Ей, АЛЛАМ!

Асып кеттім, тасып кеттім дей алман.

Сәби күліп, ұрпақ өссін өркендеп,

Қазағымның амандығын бер, АЛЛАМ!

 

 

Гүл әлем

 

Тағдырым менің – гүл әлем,

Өмірге ғашық бір әлем.

Тербеткен бесік әлдилеп –

Бауырға басқан жыр-әуен.

 

Өмірім менің – гүл үміт,

Жылт еткен сәуле, бір үміт.

Өлеңге өрнек салдырған –

Қуаныш-қайғым бірігіп.

 

Жолдарым менің – гүл арман,

Аяулы арман, бір арман.

Кестелі ою-ойларым – 

Сағыныш жырдан құралған.

 

Күндерім менің – гүл дәурен,

Тұрмайтын мәңгі бір дәурен.

Оралмай кеткен жастық шақ –

Аңсаумен өткен, жырлаумен...

 

Бақытым менің – гүл ғұмыр,

Жетпейді-ау жанға бір ғұмыр...

Бәйгеге тігер басымды –

Аламан ойлар, жыр дүбір.

 

Бұйырған  Аллам нұр, бақыт,

Несібем менің –жыр, бақыт.

Әдемі етіп әлемді –

Сүйгенім менің шын бақыт...

Сүйікті болу – мың бақыт!

 

 

 

Қымбаттым

 

Бірінші жыр


Қабағымнан кілкіп мұң мен қайғыны,

Жұбатып тұр...

тербетіп жыр айдыны.

Жанарында жылдың сезім ұшқыны –

Түйісті екен қай сағатта, қай күні?

 

Қай сәт ойды –

тоғыстырған, бесін бе?

Нәркес көзден маржан төккен кешім бе?

Сезімімді соқыр еткен ақшам ба?

Түн талықсып, Шолпан туған.   

Есімде.

 

Ән есімде.

Бәрі есімде.

Тілдескем. 

Ақ періштем,  

арманыммен үндес пе ең?

Көктем-өлең.

Көктен жаңбыр төккенде – 

Мен ерекше өмір кешкем, сыр кешкем.

 

Бәрі есімде –

ерке назым, күлгенім...

Шешу қиын тағдырымның күрмеуін.

Қай тасадан таптың екен,

Қымбаттым,

Ұмыт болған бақытымның сүрлеуін?..

 

 

 

Екінші жыр


Мұңды байқап жанарынан қалқаның,

Тұтылғандай Күн мен Айы Арқаның.

Екі дүние қыл көпірі тұсында –

Сенім жүгін

айтшы кімге артамын?..

 

Тасып жатса суы көлдің, теңіздің,

Жер қозғалса мүйізінде өгіздің.

Жаза басып адасқанда тұманда –

Жаратқаным,

«жар бола гөр» дегіздің.

 

Көтере ме аспа жолы аспанның?

Биік тұрып құлдырауым – қас-қағым.

Мейірімді жүректемін –

қуансам,

Мұңайғанда –

тамыры жоқ тастамын.

 

Тоңдырды қыс, жанымды күз жауратты,

Жар астында дос пейілді жау жатты.

Жалғыздықта –

бір Жан мені іздейтін,

Жаңғыртатын таныс Дауыс тау жақты...

 

Ат іздедім өтер сәтте өткелден –

Көрінбедің көктемдерден, көк белден...

Сәуір-сезім.

Сүмбілеге серт байла,

Тағдырласым,

тағдырыма дөп келген!

 

 

 

Үшінші жыр


Жаз да келді,

сағынып ем көктемде, 

Хат жібергем өлеңменен өткенге...

Ақ тамақты қарлығаштар айтқан ба –

ат байлапсың мен өтетін өткелге.

 

Тасыр ойлар тұңғиыққа батырған –

Ту сыртымнан талай жебе атылған...

Санам сөніп, талмаураған сәтте де –

арылмадым сендік ойдан, ақылдан.

 

Ұшқын үміт үрлегендей шоқтарын,

Қайда кеткен?

Жоқ қызуым, жоқ табым.

Сенің ғана жаз жанарың сездірген –

ең аяулы мейірімді жоқтадым.

 

Құсжолының жолағына жалғанып,

Ғұмыр кештім өлең бағып, жан бағып.

Тамшы сезім жүрегіме тамып тұр,

...ағып келем арманымды арна ғып.

 

 

Сен жіберген Ақ боз атты ерттедім –

Ғайып болған бақытыма беттедім.

Шілтерледім шымылдығын шілденің,

Өткен шақтай...

тым алыстап кетпегін!

Қымбаттым!

 

 

*****

 

Қаншалықты күлсем бәрі «жақсы» деп,

Соншалықты зілмауыр мұң төгілер.

Ақшамнан соң шырағыңды жақшы кеп,

Нала түннің қабырғасы сөгілер.

 

Сәл ренжісем, 

сезім жібі сетінеп,

Мөлдір тамшы тамса үзіліп кетпей ме?

Құрсағымда жыр-шақалақ шетінеп,

«тілсіз» келіп, үнсіз ғана өтпей ме?

 

Қайғы емес, қуанышты қалаған,

Ғұмырыма –

ғашық жанның жыры азық.

...түсімде ылғи топты көрем аламан –

Жапан түзде жалғыз қалам құлазып...

 

 

 

Таңғажайып түс. Жұлдыз ғұмыр.

 

І.


Таңғажайып түс пе,

әлде ертегі...

Ханзаданың жансарайы өрт еді.

Үр қызының үрияты өзгеде –

Ой нысана мүлт кетеді,

көздеме!

 

Дидарында –

дөңгеленген дүние,

Байлық, мұра,

Хан тағына кім ие?

Ғашықтығын сездіретін күш қайда?

Сүйсе егер,

Хордың қызын құшпай ма?

 

Қолын созса,

ғайып болар мезетте,

Өкінген сәт –

өрт түседі өзекке.

Орындалар ертегіде – аңсар ой,

Аңсар ойлар алақанға тамса ғой...

 

Хан сарайы –

жансарайы ғашықтың,

Ей, Үр қызы!

Кімге? Қайда асықтың?!

Ақша бұлттар жасырды ма жүзіңді –

Жасырды ма ынтық жаннан ізіңді?

 

Періштенің көкте болар тұрағы,

Бұл жалғанның

бітпес сірә, сұрағы.

Шынға айналса,

ертегілер елесі,

Өңге айналған түске еріксіз сенесің...

 

Таңғажайып түс пе,

әлде ертегі...

Ертегі ой –

мені еріксіз ертеді.

Сүмбіленің жарығын-ай,

Қарағым,

Көзім талмай,

көзімді алмай, 

қарадым!

Қарағым...

 

ІІ.

 

...Жылап келем –

түсімде жылап келем,

Ұйқаспаған екі жол –

жылатты өлең.

Бір заматта, бұлдыр түс өңге айналса...

Мен ғайыптан, шашбаулы шуақ төгем.

 

Қашып келем –

бейтарап, қашып келем,

Бәсіремді байқаусыз,

шашып, төгем.

Ұл туамын деймін де, жыр туамын –

Құрсағыма ақ сәуле шашыпты өлең!

 

Көзелерге құйылып жыр несібем,

Орын тептім ойлы аспан іргесінен.

Құсжолында жолығып,

Алтын пырақ –

Қара түннің қойнына бірге сіңгем.

 

Нама жазғам, хұснихат –

жұлдызға арнап,

Ақ жанымды қарыды түнгі ызғар бақ.

Арманы жоқ пенделер жұмақта жүр –

Арманы көп адамды жүрміз алдап...

 

Жұлдыз ғұмыр.

Жарқырап жанғаны бар,

Сөнгені бар.

Бәрі де жанға құмар...

Кім біледі...

Жап-жарық  Шолпанның да  –

Көк аспанға айтпаған арманы бар...

 

...жылап келем, 

мен неге жылап келем?

Ұйқаспаған екі жол – жылатты өлең...

 

 

ІІІ.


Жұлдыз ғұмыр.

Бір-бір тағдыр.

Бір өлең.

Жыр бұрымын түн тарқатып, күн өрем.

Ай арудың

Шолпысы ем, сырғасы ем...

Көзмоншақтар малынады нұрға әсем.

 

Бір жұлдыз бар,

Бір жұлдызды жандырар.

Тылсым дүние құпиясы жанды ұғар.

Сырдың бағы,

Жаздың таңы – ертегі,

Тану үшін мың түн керек ең кемі...

 

Жұлдыз ғұмыр.

Бір-бір өмір.

Бір өлең.

Қапияда мың тіріліп, мың өлем.

Қыз жұлдыздың  Аспан ба екен төркіні ?

Төркіндесе, бірге кетсем сол  күні...

 

Бірге кетсем,

Мекен етсем,

Зеңгір алып Аспанды,

Жұлдыздарға күнде жасап берер едім бастаңғы.

Бір жұлдызға ұнап қалсам,

Ұнап қалса ғарыш көк –

...«қайт» дей көрме, айта көрме,

өтінемін «алыс» деп!

 

Жұлдыз ғұмыр...ғарыш көк...

 

 

 

Іздеп жүрмін

 

Іздеп жүрмін бақытымның сарайын – 

Атқан таң мен батқан күннен, арайлым.

Сенің жүзің күлімсіреп тұрғандай

Дүниенің дидарына қараймын.

 

Адалдықты іздеп жүрмін аспаннан –

Ақша бұлттан, ары таза жас тамған. 

Мына әлемнен әдемілік іздеуім  –

Сенің сұлу сезіміңнен басталған.

 

Өзендерден,

өрнек іздеп өлеңнен –

Мен өзіңнің шуағыңа бөленгем.

Ақ жүрегің, мөлдіреген жанарың

Құтқарады тұңғиықтан, тереңнен.

 

Төзім іздеп,

тау мен тастан төгілген –

Теңдесі жоқ мият таптым көңілге ем.

Жаным жасып, жабырқаған сәттерде 

Мен сендегі мейірімге көмілгем.

 

 

Кенен іздеп, дала кезіп, орманнан – 

Орда барам,

Алтын күмбез орнаған.

Дауыл соғып, шатырласа найзағай, 

Сендік айбат, айбыныңмен қорғанам.

 

Түнде Айды, жұлдыздарды құшамын...

Қанатсызбын.

Қиялыммен ұшамын.

Аласұрып іздемеймін мен отты,

Мені өртейді оттан да ыстық құшағың.

 

Жусан, гүлден,

дертке дауа іздесем –

Жайлауымда мен өзіңмен жүздесем.

Уақытынан сәл кешіксем,

уәделі –

Өтінемін, үмітіңді үзбе сен!

Өтінемін, үмітіңді үзбе сен!

 

 

*****

 

Нені іздедім ақша бұлттан, ақ қардан...

Сені іздедім бірге жүрген бақтардан.

Теңіз бе едің толқынымды тербеген,

Егіз бе едің бар сырымды ақтарған?

 

Күнім бе едің нұрын төккен аспаннан,

Үнім бе едің шарықтаған, асқақ ән?

Жылулығын сезінбесем жаныңның,

Сұлу мұңның жанарынан жасқанам.

 

Жазым ба едің жайлау төрін ұсынар,

Назым ба едің базыналы қысы бар? 

Дос қабақты бағатындай хәлде емес...

Қос қанатты құстың тілін құс ұғар.

 

Жалынсың ба?

Отқа орайтын жүректі.

Жауынсың ба?

Қырда гүлдер дір етті. 

Көңіл күзді көктем етіп бүрлетті...

Өмір біздің жолымызды бір етті. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікірлер

Гүлмарал

18.05.2018 06:38
Айдарынан жел ескен Айдарлымның жұлдызы. Сырлы жырдың иесі Гүлбақыт әпке, қаламыңыз ұштала берсін!
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар