Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Ойдың серігі – мұң»

17.08.2016 326

«Ойдың серігі – мұң»

                                     

20160817_165236.jpg

Қазіргі таңда ғылыми-теориялық һәм сыни-сараптамалық тұрғыда жазылған еңбектер қатары көп емес. Осы орайда әдебиет сыншысы әрі танымал ақын Гүлзада Ниетқалиеваның көрнекті жазушы Рахымжан Отарбаевтың көркем жазбаларын зерттеу мақсатында жазылған «Дара» атты шығармасы сәтті шыққан деп ойлаймыз.


Бұл кітапта жазушының прозасына жеке-жеке тоқталып, айтар ойдың негізгі өзегіне екпін түсірілген. Шағын әңгімедегі өміршең ойлар зерттеуші тарапынан оң бағаланып, философиялық талқының «езгісіне» алынған. Автордың сыни шығарма мазмұнын «Психологизм иірімдері», «Жалған дүние», «Қоғамның бітеу жарасы», «Сана соққысы», «Тағдыр талқысы» деп қарастыруының өзі бұл еңбектің адам мен қоғам өмірінен тікелей тілдесу жасайтынын көрсетеді. Мәселен, сыншы кітаптың алғашқы тарауында жазушының «Тоқтышақ» деген әңгімесіне талдау жасайды. Әңгіме: «Наурыздың шағырмақ күні мен өкпек желі сіре қардың көбесін екеулеп сөгіп жатты», - деп басталады. Табиғат үйлесімдігін екі ауыз сөзбен шып-шымыр бейнелеген жазушы шеберлігі сүйсіндіреді. Бірақ бұл сурет тек қана оқырман түсінігіндегі табиғат қимылына қатысты ма? Бұл сұрақтың жауабына текстің сыртындағы жасырын ойды көре білетін Гүлзада Ниетқалиева: «Жазушы әңгіменің бас кейіпкері Тоқтышақтың жаңа ашылған ақ парақтай көңілін мұздай суық бетімен қайтарған тасжүрек дүниенің кім-кімнің де қабырғасын сөгіп, өзіне құл ететін мейірімсіз қалпын да осы бір сөйлемнен айқын аңғарта алған, - дейді. Кітаптың жалпы ырғағы осындай соны ойларды тәпсірлеу арқылы баяндалады. Сыншының «Ыстықкөл» эссе-элегиясын зерделеудегі қорытынды ойлары жазушының «дара» болмысын айшықтай түседі. Табиғатты мәңгілік образға балама ретінде қарастырған жазушының іс-әрекетіне сыншы былайша баға береді: «Негізі жалғыз адам ойшыл болады. Өйткені жалғыздықтан құтылам деп аласұрып, «суға кеткен тал қармайдының» кебімен Ойға жармасатыны ақиқат. Ойдың серігі – мұң. Содан келіп, Ой мен Мұңды қолтықтап, Табиғат - ана құшағынан пана табады. Яғни, өз көңіл күйіне табиғат дидарын табыстырады. Осылайша жазушының Ыстықкөлмен мұңдасып, жан дүниесіне рухани қолдау табатыны тағы рас».


Сонымен қатар еңбек барысында қазақ ұғымындағы мифтік наным-сенімдерге қатысты біршама қызықты деректер келтіріледі. Жазушының осы тұрғыдағы әңгімесі танымдық түрде талқыланады. Сыншы прозадағы уақыт, мәңгілік деген ұғымдарды терең бақылайды.


«Қазақ халқы – философ халық. Қазақта уақыт оқиғаның табиғи ағынымен өлшенеді. Ал мәңгілік ұғымын санмен өлшеу мүмкін емес, ол – сапа. Ол сандық бөлшектерге түспейді, сондықтан өлшемі жоқ. Уақытқа мүшел де өлшем бола алмайды. Мүшел – адам ғұмырының ғана өлшемі. Үш бөліктен тұратын кеңістік пен уақыт – дүние үндестігінің іргетасы. Дүние үндестігі (гармониясы) – табиғат құбылысы мен әлеуметтік құрылыстың іргетасы. Яғни, табиғат пен адамның тепе-теңдігі, бірінсіз бірінің жоқ болу қалпын жазушы өзіне тән көркемдік әдіспен нақыштаған, - дейді ол.


Жалпы алғанда «Дара» атты зерттеу кітабінің оқырманға берері мол. Бұл еңбектен Рақымжан Отарбаев сияқты күрделі жазушының күрмеуі шешілген образдарын игеруге мүмкіндік бар. Аталған еңбекті жақын күндері порталдан оқитын боласыздар.


Adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар