Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Сұраған Рахметұлы: Тәңіри аяу – жасырын көз

16.08.2016 429

Сұраған Рахметұлы: Тәңіри аяу – жасырын көз

(аяни гомеоэлегия)

* * *

Өткір құздың күлкісі... О, мұзбалақ,

«Ақ-о-о-о-оу!» - күмбір ысылдап жайқалады.

Шөптің қызғылт ұшында қобыз жылап

Теңбіл елең же-ле-ді Ай тағалы.

Сайда аламан самал жай, айқайлы үркін,

Сеңгір-сеңгір селеулі өр нұрға сүңгіп,

Қара өлеңнің дәмін-ай,

пай-пай шіркін!!!

Тырау сүмбіл аспаннан тырна сырғып.

Құлқынсәрі қуалап сыңғыр дауысын,

Жылқы ізінде өлең жүр қайқаңдағы,

Бұлдыр-бұлдыр мұң кешім – бұл бір Маусым,

Бұла бесін көшеді Ай таңбалы.

* * *

Ұлы жолда апанды ұры-жым көп, мұншалық,

Жалын жалмап жаһандық - жалғыз ойдың су көзін,

Гүлдер мөлтең жас төгіп, шер айнадай мұң шағып?!

Бей заттардың кебіндей сезбейтіндер туды өзін...

Сансыз жұлым түнгі ызғар - жердің бетін тұмшалап

Адамзаттың әуенін басы-на-р-сың-дар, ә?!

Алдауыңа қараймыз әлсіз ғаріп күн салып,

Шырақ, сен де бір күні ашыларсың іңгәлап!!!

Адамзаттың мойнына асылатын Күн алда,

Шалғы айдың бетінде қалғып тұрған мәңгі із, Біз.

Ешбір мәнсіз жолағы кескінсіз көк тұман да,

Сіздің күллі күйіңіз миыңызда пәң Жұлдыз!!!

Сорғалаған сорғыған соңғы атамыз Ор Ғұндар,

Қорғалаған жер жалғыз, өзіміз де жалғызбыз?..

Оңға қараң - ғаламда ойып алған орыным бар,

Жаһан деген жалғанды жаншып өскен жанды ізбіз.

Аппенияда әппақ нұр, Ромулада әуелгім,

Мәрт Колизей – солған ми, толған, қалған қонышым.

Қасиетіне сенем бе, сан дәуірлі сәуемнің,

Біз өмірміз – беу ғалам, жер – ілулі қонысым,

Сен ақырын күте бер, ең ақылды әуеннің.

* * *

Сайда салқар бұлыңғыр жаймашуақ кешіп жүр,

Па-а-й, керімсал сұлулық – падишасы іңір ме-е ең??

Қой қараған тұсымнан қоңыраулы бесік жыр,

Ой жусанның бояуын бойымызға сіңірген,

Алабажақ алаптың ғажабын-ай, мұның!

Етегінде еңістің жел кеулеген сыбыр мен,

Кеужірінде кернейдің үні қалған тай, құлын!

Қара көзде жүзетін уақыт пен ғұмырмен,

Үстіндеміз бе, әйтеуір үрден берген қайғының?!

Еркелеп кеп, кетерде еңіреген көктемің

Жоғалтарым секілді, жолығардай тағы алдан,

Соңы оянған даланың мұнарына шөкті өңім.

Үнсіз әуен, үнсіз нұр уыты бар қадалған,

Өшіп кетіп өнерің – өксімедің, өксідің?!

Өлең сүйреп өлерсің өрмегі көп, зады алуан?!

Өңменіңді өртей ме, өзін шалған көкшіл үн,

Көлеңкесі өзінен өзгермеген Адамның.

* * *

Арбасулымын, дарға асулымын бүгін Мен.

Жалаңаш үміт жанымда қонақ, шала Шын!?

Мөр басулы үрім, «обал-ақ!!!» - көгала күзге жүгінген.

Әппақ сүтімен арымды жапқан анашым!!!

Сүлдерім бұлтта, сүгіреттерге елес емінбей,

Түндер еседі, күндер өшеді жолай бүлінген,

Самал жел шарпып ып-ыстық сенің деміңдей,

Қараөткел жылап ағады көзіммен Менің, үніммен.

Бүрсеңдеп тоңған гүлдердің нәзік нілінде өң,

Мұң болып ұшып жоғалып көкке қанатты,

Жыртық жержатыр, кірпікке сорғып ілінген,

Мыртық тауларды мыжып, тегершігі теріс сағаттың;

Өлгенін айтып өзгешелігі жоқ тағы таң атты!!!

2016.08.16


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар