Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Заман Төлеуов: Кермек

02.08.2016 271

Заман Төлеуов: Кермек


(Әңгіме)


заман төлеуов.jpg

- Аға, анаған қараңызшы. – деді Бекбосынды түртіп, қасындағы бала.


Бірнеше жігіт он-он бес метр жерге жүлгемен бетон қуалап жатқан-ды. Шыр көбелек айналып тұрған миксердегі бетонды көп қабатты болашақ коттедж табанына төгіп, берік ірге тасын құю үстінде. Бекбосын қолындағы күрегін қайықтың қалағындай есіп тұрып, баланың меңзеген жағына мойын бұрды. Десанттардың көк жолақ жейдешесін киген, бұлшық еттері бұлт-бұлт еткен білекті жігітті байқады. Расында сымбаты кісі сүйсінерлік екен. Өзі сияқты қасында бір орысы бар, қол астаумен құмғайыр тасымалдап жүр. «Орыстардың әйелі де еркегі де ірі келеді...» деді ол өзіне өзі күбірлеп.


- Аға, не дедіңіз?

- Жәй, әншейін... Мықты жігіт екен!..

- Айтары жоқ... – деп әлгі бала бастапқыда өзіне, сосын қарны аша төңірегіндегі қара сирақ қандастарына қарады.


Бекбосынның бұл құрылысқа келгеніне екінші айдың жүзі болған. Арасында бір орыс қана бар, кілең қазақ жігіттерінен құрылған бригада. Орыс бұлар құсап күн ұзақ күрек ұстай бермейді. Білсе де білмесе де бригадирдің маңында: барып кел, шауып кел. Аяқ-асты қолына нивелир тиіп, жер өлшей қалады. Кейде әкіреңдеп, бұларға бастықсынатыны да бар. Әйетеуір, пысықай біреу. Оған пәлен деп ешкім наразылық та танытпайды. Себебі, бұл жердің өз тәртібі бар...


Бригадир орысша сөйлегені болмаса түбі шикі - дүмбілез. Бұйраланған сабалақ шашы мен қазанның сырт түбіндей түріне қарап, сыған бауырға ұқсатасың. Неде болса, бүйірі қазакеңе шамалы. Соноу азаннан қара кешке дейін барқылдап, қарамағындағыларды бір шыбықпен қуалап жүргені. Күрекке сүйеніп дем алсаң, темекіңді қолыңа алып, сәл босаңсысаң жарты күніңді кесіп тастайды. Қысқасы ертеңгі сағат сегізден түскі бірге дейін тізе бүгу жоқ. Бір күн жұмыстан қалсаң, үш күн тегін өтейсің. Ал бұнда орналасу үшін алдымен он күн ақысыз жұмыс жасауға міндеттісің. Осының бәріне көнген адам ғана келешекте тұрақты еңбекақыға ие болады. Сонымен қабаған ит пен автоматтары ғана жоқ демесең: бұндағы тәртіп құдды немістердің концлагері дерсің...


Осы құрылыс туралы қайдан естігені қазір оның анық есінде жоқ. Қалада бұрқыратып жатқан құрылыс нысандары жеткілікті. Тек, олардың көбісі ақша төлей бермейді. Бір ай істетіп алып, сылтау табады да қуып шығады. Жұмыс іздеп сапырылысқан ел. Соның дені ауылдан келгендер. Олар бейнебір, құл базарындағы еріксіздер сынды. Өздері еншілеген қала көшелерінде тізіліп тұрғаны. Бір көшеде тәнін сатқан қазақтың жезөкшелері, енді бірінде қара күшін сатқан қайыстай қатқан қазақтар. Бекбосын олардың арасына сіңісе алмады. Оған да таныс керек. Сосын жасы елуге келген егде адамды керек қылып та жатқан ешкім жоқ. Білек күшіне қарап, жұмыс берушілер мал таңдағандай шертіп алады. Көлік тосып тұрғандай жол жиегін сағалаған жәлап қыздарды да солай таңдайды. Ар-ұяттан ада сумаң қолдар әйел мүшелерін усыпен бағалап, көңіліне сай келгенді көлікке салып әкетіп жатқаны...


* * *


- Аға, күрекке сүйенбеңіз! – деді қасындағы жас жігіт.

- Неге? Шаршап қалдым. Перекур жоқ па?

- Естімеген екенсіз ғой. Бізде перекур деген болмайды. Прораб сізді аңдып отыр, төбеде.

- Мен оның әкесін өлтірдім бе?!

Бекбосынның алғашқы күні еді. Сабалақ бригадир басында бұған сенімсіздеу қарап, сосын жалынышты түріне бола иій салған сынды.

- Иди, покидай землю, на котловане... десять дней испытательного срока, выдержишь, будешь получать стабильную зарплату... пока трудись даром.


Өзі сұранып тұрған адам қандай уәж айта алсын. Бойындағы бар намысы жер болып кеткенін аңғарса да сыр білдірмеді. Құмырсқадай құжынап, безіп жүрген мына адамдар да осы сынақтан өткендер ғой деп, өзін-өзі жұбатты. Осы өміріндегі алғаш рет шарасыз күйге түсіріп, тығырыққа жаныштай тығып, күйзелдірген бір сәті болса сірә, осы шығар. Тап бір өзге мемлекетке түсіп кеткендей әсерде жүр. Күні кеше ғана емес пе еді, бай-бақуатты тұрмыс кешіп жүргендері. Иә, бодан болдық деп тулады. «Егемен» деген өмірі естімеген бастарына бақ келді. Қуанды. Бөріктерін аспанға атты. Шам сөнді. Дүкен қаңырады. Ауылдан ел қашты. Соның бірі осы Бекбосын еді...


Сағат кешкі бесті алқымдағанда барқылдақ бригадир бұлардың тұсына келіп: - Жұмысты кешкі жетіге дейін жасайсыңдар!. Ышқырларыңды көтеріп, сәл-пәл ыққынуға тура келеді... – деді де ары қарай жөнелді. Бұлар келісе ме келіспей ме онда шаруасы жоқ. Бұрыннан келе жатқан жігіттер қыңқ етпестен, байырғы екпінін өзгертпестен жұмыстарын жалғай берді. Бұнысы несі дегендей аңырып тұрған Бекбосынның ту сыртынан әлдекім гүж етті.


- Саған немене, ерекше ұғындыру керек болып тұр ма?!.


Селк етіп артына қараған Бекбосын орыстың шегір көзді, сап-сары, жас жігітін көрді. Өзіне таяу тұрған ұлдың бірі: «Аға, үндемей жұмысыңызды жасай беріңіз. Қуып жібереді!» деді естілер-естілмес сыбырлап. Бекбосын оның ақылына иіп, ләм деместен жер қазуға кірісті. Шегір көз жар жағасында біразға дейін шаншылып тұрды да жөніне кетті. Екі сағат та өте шықты. Бекбосын онша барлықпағанын сезді. Жас жігіттерден қалыспай, қосымша уақытты абыроймен өткергеніне іштей масаттанды. Күрек-саймандарды жинастыра бергенде барқылдақ «бауырлары» жөпелдетіп қайта жетті.


- Тағы бір қуантып тастайын! Аврал! Енді екі сағат ерлеулеріңе тура келеді. Қарсы, қалыс ешкім жоқ. Кілең азамат!

- Мыналар, өлтірейін деген бе бізді? – деді Бекбосын, түтіге бастаған жүзі мүлдем қарауытып. Жүзі ғана емес, енді жарты сағаттан соң көзі де қарауытып, етбеттей құлауға шақ халде еді. Осы уақытқа дейін соңғы күшін сарқа сүйретіліп жеткен-ді. Енді тағы екі сағат жер қопару ол – шектен шыққан тым өрескелдіктей көрінді. Бір минут тізе бүгіп, тыныстаған да жоқ ешқайсысы. Күрекке сүйеніп, теңселген денесін ауып кетпестей әрең ұстап тұр. Маңындағылар аузын буған малдай тым-тырыс. Бір сәт кідірместен жұмыстарын жалғастыруда. Күні бойы бұған жаны ашып жүрген жігіт:


- Аға, қырқына шыдадыңыз, біріне шыдаңыз. Көз қылып болса да қимылдап, менің ойған топырағымды лақтыра беріңіз... – деп, өз ығына алды.


Бағанашыл мен Ерменсайдың арасы төрт-бес шақырым. Сайды өрлеп, табандағы үйлердің ең соңғысына жеткенде - жол қайқайып тауға бет алады. Қалың алмағаш өскен төскей беттің етегіндегі саяжайға жету керек. Өң мен түстің арасында, сүрініп-қабынып қалай жеткенін өзі де білмеді. Күйеу баласы мен қызы да үрпиісіп, тосып отыр екен. Қалжырап жеткен әкесін көрген қызы: - Папатай, мына түріңіз не?! Жұмысы құрысын бүйткен! Біз бармыз ғой... – деп жағасын ұстап, көз жасын төгіп жіберді. Бекбосын алдына қойған қараң-құраңсыз кеспені қасығымен ары-бері қуалап, бір-екі талын әрең дегенде іліп, аузына апарды. Бірақ, дірілдеген қолы қасықты дәлдей алмады.


- Балам, төменге түсіп маған бір құмыра қызыл шарап әкеп берші...

- Папа, тамақ ішсейші...

- Қызым, тәбетім жоқ... Жандарың шын ашыса, айтқанымды істеңдер.

- Тек, ертең бұл жұмысқа бармаймын деп уәде беріңіз.

- Иә, қызым... Таңға жетсек көре жатармыз...


Таң алакеуімде Бекбосын ұйқысы әбден қанып, сергек оянды. Аяқ-қолы жеп-жеңіл, түндегі өлексе күйінен сызат та қалмапты. Ауыздығымен алысқан жылқы тәрізді - бойынан құлшыныс тулайды. Балаларды оятпа-ақ өзі ас-суын ішіп, жұмысқа алатынын мойын қабына салып, сыртқа шықты. Екі ара кемінде бір сағаттық жол еді. Оны кешегісін бара жатқанда байқаған-ды. Сағат сегізде қарасы жүзе тарта жұмыскерлерді сапқа тізіп, бас-бастарынан ұрып, бар-жоғын анықтайды. Бекбосын ағаларының келгеніне бірге істейтін ұлдары қатты қуанды.


- Сізді енді көрмейміз бе деп едік?!

- Тұра алмай жатып қалған шығар деп едік?!

- Мықты екенсіз! Түріңізден түк те білінбейді!

- Сүйегіңіз асыл екен!


Осы сияқты жүрекжарды лебіздер жан-жақтан борап берді. Бекбосын олардың жылы шырайына аса тәнті болып, іштей бір масатты күйге бөленді. Жарты ғасырлық өміріндегі басына түскен ең бір қатал сын осы болғандай-тын. Бұрындары да талай өзен-суды өткел таңдамай өтіп келсе де бұл сынның жөні бір бөлек көрінді. Әлі де болмысындағы күрескерліктің оты өше қоймапты. Ешкімге есесін беріп көрмеген кешегі жігіт кезін алдына қайта бір әкелгендей болды. Бұны жасына қарап «Шал» дейтіндерге сабақ, өнеге боларлық іс істегендей сезінді. Тиісті он күннің сыбағасын - әлгіндей қосымша сағаттардың арқасында жеті күнде орындап, тұрақты айлыққа шықты...


Бұлар түскі үзіліске шығып бара жатып, ортақ қол жуғыш тұсында кезек тосып тұрған манағы білекті жігітті жолықтырды. Ол ертеңгіліктегідей емес: бет-аузы шаңытып, сұры қашып кетіпті. Жігіттер апыл-ғұпыл шәйіне салып, ас ішуге кірісті. Бұнда бетоншылар, арматуршылар, опаловкашылар, жер қазушылар сияқты жеке-жеке звено бар. Бір сағат ішінде ауқаттанып, тынығып үлгеру керек. Себебі, бір минут уақыт қымбат. Әсіресе, бетоншыларға. Ішіп отырғандары басылған кеспе мен картоп сияқты салқын тамақ. Кейбірі термоспен шәй әкелсе, көбінікі пластик құмыраға құйған су мен қара шәй. Осы топтың ішіндегі қазақ жігіттері ғана дастарханды ортақ жайып, барларымен бөліседі. Орыстар өзді-өзі жеке шаруа болып, бір-біріне арқасын беріп, қымсынбастан күйсей береді.


Бастапқыда күніне жеті долларлық жер қазудан бастаған топтың дәрежесі мен табысы өсіп, бетон құюшы звеноға айналды. Жалпы осында алғаш келгендердің арнайы қабілеті бар ішінарасы болмаса, күрек ұстамай кетпейді. Бетоншының күндік табысы екі-үш доллар жоғары. Сөйтіп, он бес-жиырма бес долларға дейін кәсіби шеберлігіне сәйкес кете береді. Бригадир мен прорабтың айлықтары мың доллар. Бұларға бетон таситын миксердің жүргізушілері: «Сендер секілді, құж-құж етіп жұмыс жасап жатқан бірде-бір құрылысты көрген жопыз!» деп ішегін тарта таң қалысатын-ды.


Бекбосын таяуда топқа қосылған Андрей деген жұқалтаң, орыс жігітімен әңгімеге көшкен. Тегі, осындағы жастардың талайы жоғары білімді жігіттер. Тіпті, бір ғылым кандидаты да бар.


- Мұнда оқыған азаматтар жұмыс жасар деген ой қаперіме келмепті!

- Өңеші бардың қарны ашады ғой…

- Шынымды айтсам, жолы болмай жүрген жалғыз мен бе деп күйінсем... Мынау масқара екен!?.

- Аштан өлгің келмесе көнесің де... Мысалы, мені кезінде бір мекеме басқарған бастық деп кім айтады?

- Оныңыз рас. Мен де бір телекомпанияда журналист едім, кеше ғана...

- Бірдеңе бүлдірдің бе?

- Иә. Бір дөкей туралы тұздығы ащы материал шығарып...

- Түсінікті. Жассың ғой әлі. Бұл саған пайдалы сабақ және тәжірибе болады. Қуануың керек.

- Қуанышымда шек жоқ!..


Екеуінің сөзін өз жігіттерінің бірі бөлді: «Миксер келді!» деген. Бұл ойда жоқта, кейде тамақты алдарына енді алғанда ажал секілді сап ете қалатын бір пәлекет еді. Бетоншы звеносы жедел оны-пұлыларын жинастырып, құрал-саймандарын арқалап жұмыс басына жөнеді. Миксерді тостырмай, қотарып алулары керек. Бекбосын салақұлаш тегістегіш тақтайының (полутер) бетін сипап тазалағын байқады. Қырына жабысқан бетон қабыршақты үгітіп, үрлеп шаңын ұшырды. Әр істелген жұмыс соңында құрал-сайманды ыждағатпен жуып-шәйіп отыруды - барқылдақ бригадир бұлардың қанына әбден сіңірген-ді. Тіпті, ол антұрғанның өзі келіп, ерінбей тексеріп шығады. Әу баста оған теріс пиғыл танытушы еді, бұлар. Кейін келе осы тәртіпке өздері де төселіп, кері кетпей істейтін ғадетке айналды.. Сонымен шала-шарпы демалыс пен ішілмеген ас та ұмытылып, өзгелер керіліп созылып енді түрегеліп жатқанда, бұлар ақ тер, көк тер қызу жұмыс үстінде жүрді.


Кешкісін қайтар кезде топтағы бір жігіт: - Көкелер, анаған қараңдар! – деп ілгері де кетіп бара жатқан екі жігіттің соңынан нұсқады. Десант жейдешелі білекті жігіт біресе оң, біресе солға ауып, өзін-өзі әрең алып бара жатыр. Әлсін-әлсін жолдасына соқтығысып, оның иығынан демеу іздейді. Әлдекім тырқылдап күлді. Бекбосын өзінің басынан кешкені есіне түсіп, әлгі күлегешті тиып тастады.


- Қарағым, бұл күлетін жағдай емес қой! Өзің де осының кебін киген шығарсың?!

- Аға, сөзіңіз жөн! Бұны арқалап қайтқанбыз!

- Осында такси шақыртып, ішіне көтеріп салғанбыз!

- Соқпасаңдаршы өтірікті! Сендер де жетіскенсіңдер!

- Олай болса, біреудің сорына күлме!


Дабырласып келе жатып, жолды біраз өндіріп тастапты. Ерменсайдың етегінде бұлар жан-жаққа тарасады. Соңғы кезде осы тұста қалқиған, шарап сататын бір дүңгіршекке соғып кетуді дәстүрге айналдырған-ды. Күн ұзақты ауыр жұмыстан соң әлгі неме бойға қуат беріп, Бекбосынды тауға қарай ирелеңдеген жолмен жетектей жөнеледі...


Балалары үйде кешкі асты әзірлеп, Бекбосынды тосып отыр екен. Жуынып-шәйініп дастархан басына жайғасты. Төрт-бестердегі немересі Сымбат сыңғырлай күліп атасының мойнына асылды.


- Бүгін бізді мелисалар қуалады!

- Астапыралла, не жаздыңдар?

- Ештеңе жазған жоқпыз. Бір мелиса аға маманың сатып отырған тауарларын бір теуіп шашып тастады да «Санит» деген келе жатыр, кетіңдер деп айғайлады. Сосын папам оған бірдеме деп еді, бәрі жабылып папамды автобусқа мінгізіп алып кетті. Біз мамам екеміз жыладық!


Төмен қарап отырған күйеу баласы мырс етіп күлді де: - Атаңа айтпа деп келісіп едік қой, ертеңгі шокаладтан айырылдың. – деді.


- Атам өзі әпереді, керек болса...

- Иә жарығым, әперем. Бірақ келіскен уәдені орындау керек. Ұят болады.

Айтпақшы, ол немене қаптаған иттер келмек боп жатқан?

- Ит емес, саммит болады деп көше бойындағы ұсақ саудагерлер мен газет сатушыларды тырқыратты. Бір жаман сержант әй-шәй жоқ келе сап Мәликенің жаймасын тепті. Айтса да бола еді. Кетіңдер деп...


- Ұрған жоқ па өзіңді?

- Егер есі дұрыс каптитаны араласпағанда түйгіштеуден аулақ емес еді.

Суқаным сүймейді сол қызыл жағалыларды!

- Не боп кетті өзі? Екі күннің бірінде саммит, жиын... Қаланың әкімі болса

тәйірі, қатыны жүрсе де жолды жауып жатқаны. Әйтеу өздерімен өзі болып жатқан бір түсініксіз тірлік.

- Папа, шын түсініксіз болып кетті. Кешке дейін саудаңды жасап, үйге аман-есен қайтатыныңа сенімді емессің. Жол-жөнекей қарақшылар аңдыса, күні бойы қызыл жағалыларды көрсең ішің түсіп қала жаздап отырғаны!


- Бүгін бізге бір жаман аға тиісті! Папамның жоқ екенін біліп. Мамам екеуміз ақшаны бермей айғай салдық... Жол бойы мамам көп жылады. Маған айтты: «Сен биыл нөлебойға барасың. Саған киім-кешек алып берейік деп жүрміз. Ал сен күнде тәтті мен балмұздақ сұрайсың. Қайтып үнемдейміз ақшаны? Ауылға апаңа қайт!» деді. Сосын мен де жыладым. Енді ештеңе жемеймін. Тек су ғана ішем дедім...


Кезінде қатарлас группада бірге оқыған жолдасын тауып, соның тау басына салдырған саяжайын мекен етіп, Бекбосын жалғыз қызы мен күйеу баласын қалаға тартқан-ды. Кейбіреулер құсап, үй-мүлкін сатып үдере көшпеді. Тиын-тебеннің басын құрастырып, сосын ары қарай ойластырмақ ниетте болған. Әрекідік сол жолдасы түйедей қара көлігімен әлдекімдерді ілестіріп, бас сұғып кетеді. Ол - үлкен қызметкер. Қасындағыларымен оқшау тұрып, өзара әңгімелеседі де аман-сау жоқ кете барады. Нәсілі өзінің саяжайын көрсетуге әкелген адамдары болуы керек. Бекбосынның өзін де өзгесін де елеп жатқан ол да олар да жоқ. Жерде жорғалаған құмырсқаның бірі секілді ме...


«Бір скважинам іске қосылды, енді екіншісін барлап жатырмын.» деген-ді бір жолы жолдасы. Балалар қысылған соң, оның жұмыс орнына барып, жүз доллар сұрағанда: «Бос ақша ұстамаймын. Бәрі айналымда» деді ол беті қыбыр етпей. Бір жапырақ қара нанды бөліп жеп, бір табақтағы асты бір қасықпен кезектесіп ішкен курстас досты танымады. Жігері құм болып, енді сенің алдыңа барсам ба деп қарайып қайтқан. Және ығыты келсе, осы мекеннен де кетуді ұйғарды. Расында, бөтен бір елге тап болғандай күй кеше бастады. Немесе көз байлап, іште жүрген біреулер елді басып алған тәрізді. Ары кетсе он жылдан енді асты ғой, ел басшысының суреті басылған төсбелгіні омырауына қадап, мемлекетім деп еміреніп жүргеніне... Он жыл тарих үшін қас-қағым сәт екені рас. Ал адам өмірі үшін бір келелі кезең. Сол кезде біреу: он жылдан соң осылай ит өмірде жүресің десе көзін шұқып алар еді. Төңірегің толған: басқыншы сынды өз жауың мен қоңыз терген қара болады десе мылтықсыз атар ма еді? Себебі, ертеңгі кемел келешекке сенді. Кеңес үкіметі теңестірген теңдіктен де зор қатарға көтерілем деп аңсады. Кешегі бас түйістірген жоралары жон бітсе жотадан қарайды деп ойлады ма?..


Иә. Сол жон біткеннің бірі осы жолдасы болды. Ол екінші курсқа қараған жылы - бітіруге шақ жүрген осы әйелімен танысты. Тегі, өзінен бір-жар жас үлкендігі де бар секілді. Қыздың шыққан жері бақуатты екен. Әкесі оңтүстік облыстағы бір ауданның басшысы болып шықты. Жатаханадан жеке пәтерге ауысты. Жағдайы дұрысталып, келешегі де анықталды. «Атам жүз сом тастаса, райисполкомның председателі екі жүзді атып кетеді! Қысқасы, Алматыға аяғы тиген сол жақтың шолақетегі бізге соқпай кетпейді. Қазы-қарта, жал-жая...» деп бөсіңкірегенін Бекбосын талай естіген-ді. Оқу тәмам болған соң бұлар бет-бетімен кетті. Кейін талай жылдан соң бір соққанда ол үйіне шақыра алмады. Кафеден дәм татысып, іш жылитын әңгіме табылмады. Бекбосын жолдасының қымсынысын байқап, өзі де кетуге асықты. Балдызы бір облыстың құлағын ұстапты. Бұл да қарабайыр емес екен. Қаужаңы бар қызметке тұрыпты. Ортақ тақырыпсыз әрнені бір айтқан болды. Оның жас кезіндегі кеуде керіп, мақтана сөйлейтініне әзілмен қараушы еді, қатарлары. Сол мінезі берік іргетас болып, енді мүлдем мақтанбаса сөйлей алмайтын хәлге жетіпті. «Анау менің теңім емес, мынау менің қолыма су құюға жарамайды..» деген сияқты лепірулер көз аштырмады. «Мен де сенің теңің емес шығармын?» деген Бекбосын шыдай алмай. Анау бұған көзін сығырайта сыздана қарап барып: «Сен басқа вариантсың...» деді. Ауылдан абырой қалмай, елі тозған шақта не де болса бір кездегі дос еді ғой деп, Бекбосын осыған жолыққан. «Жұмыс мәселесі де шешілер, таудағы иесіз қалған саяжайымды баспана қып тұр.» деп кілтін ұстатты. Содан бері үшінші жыл. Жұмыс қарасы да көрінер емес. Соғымға бір жылқы сұрады. Бекбосын таба алмасын айтқан соң, ара қатынас та сиреді. Сонымен бұлар өз қотырын өздері қасып кете барды.


Бекбосын осы жұмысқа тұрғанша көшедегі ұсақ сауданы өзі жасады. Ауылдан келген бетте жолдасы берген уәде орындала қоймады да өлмес күнді өзі көруге тура келді. Саяжайдың үстірті жеті жүз гектар алма бағы болатын. Оның иесі күллі елге танымал адамның әйелі деген жұрт арасында қауесет бар. Олай деуге де себеп: осы алма бағы мен оның ішінде жайылған асыл тұқым жылқыларды бір рота сарбаз қарап, күтеді. Рота командирі - жәй аға офицердің бірі емес, бақандай генерал-майор. Білетіндер оны генерал-прапорщик деп қылжақ етеді. Оның бастапқы қызметі моншашы болыпты да әлгі мәртебелі адамды өзі шомылдырған сыңайлы. Сонымен көңілден шыққан епті адам ақыры осындай дәрежеге жеткен сынды.


Жерге түскен алманы, сосын теруден қалған масақты жинап, сиыр бүлдірген, долана сияқты жеміс-жидектерді теріп, соны апарып қала ішіне сатты. Алма турап қақ кептірді. Бұл науқан өткен соң, көк базардан шекілдеуік сатып алып, өзі қуырып, онымен қоса сағыз, тал-талдап сигарет, насыбай сияқты ұсақ-түйекті саудаға салды. Көзге көрінбегенмен күндігіне жеті-сегіз жүз теңге тауып қайтып жүрді. Осылай қыс пен жазды алмастырып, екі жыл жолдасынан жұмыс тосты. Бірақ, еш нәтиже болмады. Бірде Бекбосынның өткізуге арнап жиған құмыраларын көріп ол: «Сенің қатты ішетініңді білмеппін!?» дегені жанына қатты батты. Оның бұл сөзі енді жұмыстан үміт күтпе деген ескерту екенін анық түсінді. Елде не жасарын білмей жүрген қызы мен күйеу баласын шақырды. Олар Бекбосынның кәсібін жалғастырып, өзі осы құрылысқа кеткен-ді.


... Жүзге тарта азаматты сапқа тізіп, түгендеу басталды. Кешегі десант жейдеше киген білекті жігіттің аты-жөні аталғанда оның серігі: - «Бұндай жұмысың көрінде өкірсін!» деп сәлем айтты. – деді. Барқылдақ бригадир: - Түсінбедім? – деп аңыра сұрады.

- Шағылып, қирап жатыр... тағдырына қарғанып!

- Е, сөйдемейсің бе! Көрінде өкіртем мен ондай боркемікті, тауып алып!


Жігіттер өзара мәз болысып, жөндеріне тарасты. Елу килограмм темір опаловканы жалғыз өзі арқалап бүкеңдеген, қоластаумен құмғайыр тасып қосақтаса желген, қысқасы бір сәт тыным таппайтын мәңгі тірлік қайта басталды...  


       


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар