Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жолтай Жұмат-Әлмашұлы: Роман-Өмір (жалғасы)

26.07.2016 508

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы: Роман-Өмір (жалғасы)


Жалғасы. Басы мұнда




«ӘКЕНІҢ КӨҢІЛІ»


Университетте оқып жүрген кез. Студенттік жылдар. Кеудемізге нан піседі. Болашақ ең мықты ақын да, жазушы да, публицист те өзіміз секілдіміз. Өйткені қарқынымыз ерен. Арынымыз қатты. Ішімізде дүлей күш бар! Аспандап-аспандап аламыз! Жылма-жыл жаз келе бізді түп-түгел өндірістік практикаға жібереді. Таңдаған қаламызға, қалаған газетімізге барып, практикадан өтеміз. Ой, ол бір тамаша шақ! Ұмытпасам, екінші курсты аяқтай бере, курстасым Ертай Бекқұлов екеуміз Қызылорда облыстық газетіне практикаға келдік. Екі айға. Енді өзімізді-өзіміз көрсетуіміз керек қой. Ал, отыра қалып мақала жазу басталды. Очерк, суреттеме, репортаж...бірінен соң бірі туындап жатты. Бірін аяқтай бере, екіншісін бастаймыз. Алайда, маған бұндай мақалалар әсерсіздеу. Көркем әңгімемді тезірек жариялатсам деймін. Қол сөмкемде таяуда ғана жазған "Шалғышы" /кейін "Әке көңілі" деп өзгерттім/ деген шағын әңгімем жүр. Әке туралы. Әке мінезі хақында. Әкенің қаталдық құпиясын өзімше көрсетпек болған талпыныс... Жарияланып кетсе, әкем оқитын болар деген ұлы арман... Оның да сәті түсті. Әдебиет бөлімінің меңгерушісі Қомшабай Сүйенішев аға көп сөзге келмеді, оқып шықты да, қол қойды. «Ұнады, алдағы аптада жариялаймыз!» Тап осы әңгіме газетке басыла сала маған зор мадақ әкелді. Тіпті сол аралықта Қызылорада облысының Қарақалпақстандағы күндері өтпекші екен, соған орай олар менің әңгімемді ұнатып, қарақалпақ тіліне аударған. Өздерінің бас газетіне жариялап кеп жіберді. Қатты қуандым. Ауылға келгем. Әкем сол дүркірей жөнелген әңгімем хақында тілге тиек етіп, жылы сөз айтар деп қатты үміттенгем. Қайда! Ол туралы мүлде сөз болған жоқ! Есіне де түсірмеді! «Аман-саусың ба, балам!" Бар айтқаны осы! Міне, нағыз әке көңілі! Міне, боямасыз шын бейнесі...Әңгіме деген не, тәйірі! Әкемнің осы мінезін қанша тырбанып-талпынсам да сөзбен суреттеп, мөлдіретіп жаза алғам жоқ! Әй, жаза да алмаспын...



БІР КҮНГІ КЕШТЕ...


Осындай да қызық бола береді екен. Бір-ақ күнде «Оралхан мақтаған жігіт» болып шыға келгенім бар. О, ол күндер қайда-а! Талай-талай заман сырғып кетіпті-ау одан бері де! Бұны мақтаныш үшін емес, ірілік туралы ойлағанда марқұм Оралхан ағамды сағына іздеген соң еске түсіріп жатқаным ғой. Бір күні сыншы болып көрініп жүрген, менен бір курс төмен оқитын Елгезек Азбергенов деген жас жағынан үлкендеу аға-досым былай деді: «Сен қарсы болмасаң, осы Сералин атындағы бірлестік атымен жазушы Оралхан Бөкеевті кездесуге шақырсақ қайтеді?» Таңдана қарап: «Ол келе ме?» дедім. «Келеді, келісімім бар!» Бұл – 1976-жылдың аяқ шені. Орекеңнің Жастар сыйлығын алып, аты дүркіреп тұрған шағы. Ішімнен қатты қуанулымын. Елгезек-досқа тәнтімін. Қалай ғана келістірді екен деп ойлап қоям. Қысқасы, түс ауа университеттің бас корпусындағы шағындау залда Орекеңмен кездесу өтті. Кешті, әрине, Елгезек өзі жүргізді. Мен залда, алдыңғы қатарда отырдым. Орекең өзіне тән асқақ бейнесімен сөзді үсті-үстіне төгіп, сөйлеп тұрған. Кенет... маған көзі түсті де, даусын бәсеңсітіп: «Мына жігіт өткен аптада Жазушылар Одағында өткен әдеби жиында тайсалмай, мінберге шығып, әдебиет жайлы өз ойларын кесіп-кесіп айтты, бұны батылдық деу керек, шын талантқа жүрек те керек, көрінгеннен тайсалып, бұқпантайлай беретіндерден ештеңе де күтпеймін» демесі бар ма! Селк еттім. Мен туралы айта қояр деп ойласам кәні! Орнымнан тұрып, басымды игенімді білем. Айтайын дегенім – сол күнгі кештен соң, менің атым университетке тарап жүре берген. «Оралхан мақтаған жігіт» болып шыға келдім. Қазір ойлаймын ғой, Орекең мені неге іштартты екен деп! Ол уақта мандытып жазып тастағанымыз да шамалы! Асылы, ол кісі өзінен соңғы жастардың әрбір сәтті қадамына шын қуана білетін талант екен де! Қазір қалаймыз? Біз де жігіт ағасы жасынан ауып барамыз. Неге сондай емеспіз? Неліктен кейінгі ұрпақ тағдыры бізді алаңдатпайды? Неге қуануға, қуантуға тым шорқақпыз? Неге... тым селқоспыз?..


ӘДЕБИ ҮНСІЗДІК


Мұндай да болады. Қазір қайдам, біздің жастау күнімізде кітап шығарып, есімің таныла бастаған шақта жазуды кілт тоқтатып, әдеби аренадан шығып кету үрдісі бар-ды. Бір жолы Бердібек Соқпақбаев ағатайыммен Жазушылар Одағында оңаша кездесе қалмаймын ба! Фойеде емін-еркін отырдық. Әңгіме-дүкен құрдық. Алғашқы балаларға арналған әңгімелеріме риза болып жүретін көкем аяқ астынан: «Сен енді әдебиет аулынан уақытша жоғалып кет!» дегені. Сасып қалдым. Бұл сөз маған «талантың шамалы ғой, бала!» дегендей естілген. Қабағым түсіп кетсін. Қанша дегенмен алғашқы кітабым шыққан, Оралхан ағам мақтаған, көлемді туындылар жазуға талпынып жүрген кезім емес пе! «Сізді түсінбедім» деп қиғылық салуға ыңғайлана беріп ем, Бекең байқампаз кісі ғой, арқамнан қақты. «Осылай етсең өзіңе жақсы болады, бала! Айтқанды тыңда!» деді. «Оқырмандарыңды біраз сағындырып алсаң, сені іздей бастайды, бұл деген қаламгер үшін керемет нәрсе! Әрі өз бағаңды өзің біліп аласың! Сен, менің сөзіме!» Арада аз уақыт өтпей жатып, оқуды аяқтап, елге қайттым. Жо-жоқ, әдебиеттен қашқаным емес, жағдай солай болды. Әкей ауырып жүретін. Елге келгенімді қалады. Сол кісінің көңіл арманын орындағым келген. Қызық болғанда, комсомол қызметіне кіріп кетіп, он жылдай жазу өнерін өгейсіттім. Бердібек ағамның айтқаны өзінен-өзі орындала қалғанын көрмеймісің! Құрысын! Жазу өнерімен ауырған адамға жазба деу – қылмыс! Он жыл азап кештім десем де болады. Он жылдан соң Алматыға әзер оралдым. Онда да Жоғары партия мектебін сылтауратып...Қатарластарым үш-төрт кітаптан шығарып тастаған. Алды Жастар сыйлығының иегері дегендей... Көп нәрсеге кешігіппін. Кейінгілер мені мүлде танымайды. Тіпті сөйлесе қалсам, әлдебір халтурщикпен тілдесіп тұрғандай, мұрын шүйіреді. Ашуым келді. Ішімнен Бердібек ағама да өкпелеп қоям. «Әдебиет аулынан уақытша жоғалу деген осы ма, бұның несі қызық?» деймін өз-өзіме сия алмай. Бір қатарлас қаламгер шындықты айтты: «Сен, бауырым, өкпелеме, өзіңді мұндағылар карьера қуып кеткен қаламгер деп біледі» деді. Ашудың көкесі осы кезде тұтанды. Әдеиі істеппін бе? Әдейі қашыппын ба? Намыс оянды кеудемде. Мен солармен бірге шыққан, тіпті кейбірінен ерте танылған жазушы емеспін бе! Қызметті кім істемейді! Қызметте жүріп те классикалық дүниелер тудырған таланттар аз ба! Әлемде де, өзімізде де... Жоғары партия мектебінің сабағы жайына қалды. Ал, кеп кірісейін! Ал, жазуға отырайын! Кешірерсіңдер, мақтанып бара жатқам жоқ па? Айтайын дегенім – жазушы Бердібек Соқпақбаев ағатайымның сөзінің астарын арада талай жылдар өткенде, осы кездері түсіне бастағандаймын. Жалпы, қай қаламгер де өз бағасын білгісі келсе, уақытша тоқтап үйренгені абзал. Ол керек-ақ! Ал, содан кейін бойыңа соны күш, соны ойлар ұялайды. Ең бастысы – өз кемшілігіңді өзің-ақ байқайсың! Басқа әуенді бастайсың... Қайта түлейсің! Жаңарасың...


КЕҢШІЛІКТЕН ҚАШУ


Осы сын жазу, сыни мақала жазу десе, төбе шашым тік тұратын кез! Баяғы Сағат Әшімбаев ағамның тапсырмасын орындаймын деп мықтап опық жегенім есіме түсе беретін. Бір жолы досым екеуміз Сәтбаев көшесіндегі кішкене моншаға бара қалдық. Бір күн бұрын той тойлаған соң, жеңілденіп алайық деген ой ғой баяғы. Бұл жерді көп кісі біле бермейтін, оңашалау орын-ды. Моншаға емін-еркін кіріп келсек, шешінетін орындардың бірінде ұзынынан түсіп Кеңшілік Мырзабеков ағам жатыр. Өзі өте көңілді. Әлдебір танысына өлең туралы «лекция» оқып жатыр ма, қалай? Біраздан таныспыз. Туған інісіндей жақын тартып жүретін. Бірақ, өзінің інісі емес, мені «Сағаттың інісі» дейтін. Оған себеп- тағы да баяғы сын мақалалар ғой...Мені көрді де, орнынан атып тұрып: «Жалынды сыншыға сәлем!» демесі бар ма! Сасып қалайын! «Аға, мен сыншы емеспін, прозаға біржола ауысқанмын» деп ақтала бастап ем, сөзімді тыңдамады. Былай деді: «Інім, саған тамаша тақырып берейін, тыңда. Сен арқалы ақын Төлеген Айбергенов жайлы трактат жаз! Ғажап шығарма болады. Сөзіме сен!» деді. Содан соң Төлеген жайлы көсіле сөйлеп берсін! Сөздері қандай! Дөп түсіп жатыр. Төлегенді түсінбесе, өзі де ғажап ақын болар ма! Сөзін бөлу – ерсілік! Тыңдап отырмын, тыңдап отырмын. Осы кезде жанымдағы досым екі рет парға кіріп, жуынып, сүртінуге кіріскен. Маған қарап: «Сен жуынбайсың ба?» деді. Оған Кеңшілік ағам жауап берген. «Сыншы жолдастардың жаны ғана емес, тәні де таза болады, кірлегіштер біздер ғой...» Шамамен бір сағаттай әңгіме айтты. Тек Төлеген ақын жайында...Содан соң ғана орнынан тұрып, жуынуға беттеді. Ал, мен...қайта киіндім де, досыма еріп, моншадан шығып бара жаттым. Айтайын дегенім – Кеңшілік Мырзабеков ақынның сол жолғы бейнесі, бурадай тасып сөйлегені жиі есіме түсе береді. Өзін емес, өз поэзиясы туралы емес, Төлеген ақын жайлы соншалық бір іңкәрлікпен сөйлегені, өлеңдеріне биік баға бергені, ақын ағасын сағына тілге тиек еткені – бүгін ойласам, үлкен азаматтығы екен! Міне, менің алдымдағы ағалар осындай болды! Ірілікке іңкәр еді! Алдымен басқа таланттарды көкке көтеруге тырысты! Солардың мерейі үстем болғанын қалады. Ал, мен...моншадағы мөлтек әңгімені енді елжірей еске алып отырмын. Ол кезде, жасырып қайтейін, қашып кеткен едім...Кеңшілік ағамнан емес, сыннан...


АЙТМАТОВПЕН «АУЫРУ»


Еліктеу – жас кезге тән табиғи құбылыс. Оны кім-кім де жоққа шығара алмақ емес. Студент кезімізде «жазушы» атанып, кеудемізге нан пісіп жүрген шақта, осы «кеселмен» біз де ауырдық. Бірақ ол шақта өзің біле бермейсің. Дұрыс жазып жүрмін деп ойлайсың. Сондай күндердің бірінде әлде повесть, әлде ұзақ әңгіме- есімде жоқ, жазып болып, «Жалынға» әкелгенім бар. Ол кезде «Жалынның» бас редакторының орынбасары Төлен Әбдіков болатын. Басқаларын менсінбей, дереу Төкеңе кіріп бармаймын ба! Маған жылы қабақ танытатынын сезіп жүруші ем, соның да буы ма! Ағам кеудемнен кері итермеді, отыра қалып, шығарманы оқи бастады. Маған да керегі сол, мақтайтын шығар деген үмітім де зор. Паңданып отырғам. Орта тұсқа жеткен Төлен ағам шығарманы жаба салды да, маған қарап: «Осы еліктеп жазуды қашан қоясыңдар?» деді. «Кімге еліктеппін?» деймін өзімше ыза болып. Төкең былай деді: «Сенің жазғандарыңмен ептеп таныспын, әуелде Оралханға еліктеңкіредің, енді Айтматовтың стилі аңқып тұр, бұл түбі жақсылыққа апармайды, жас кезден өз соқпағыңды табуға ұмтыл!". Қабылдай алмадым. Қабылдау тұрмақ, ол кісіге ренжіп, қолжазбамды алдым да, шығып жүре берген екем. Айтайын дегенім – арада талай жыл өткенде еске түседі ғой. Шығармашылық адамы үшін еліктеуден өткен қорлық жоқ білем. Ол деген өз жолыңды өзің таба алмадың деген сөз. Сол себепті қандай шығарма жазсаң да, қанша талпынып-ышқынсаң да шығар шыңың белгілі. Сен – сен емессің! Өзіңді-өзің таппаған жансың! Төлен ағамның астарлап айтпақ болғаны да сол ма деймін. Осы кезде еліктеуден ара жікті ажырата алдым ба? Білмеймін! Өзім де түсінген емеспін! Түсіне алмай келемін әлі күнге...


МАҒАУИННІҢ «МЫҚТЫЛЫҒЫ»


Он жылғы шығармашылық үзіліс. Ештеңе де жазбай қойған кез. Сосын Алматыға қайта оралған шағым болатын. Жоғары партия мектебінің тыңдаушысымын. Байқап қарасам, оқуға келгендердің ең ересегі мен болып шықтым. Соны ескерді ме, ректорат мені шақырып алып, курсқа староста етіп бекіткен. Басымды алып қашсам да, дегендеріне көндірген. Әуелде ренжіп қабылдасам да, кейін ойласам, бұл маған өте ыңғайлы болып шықты. Өзім басшы, өзіме-өзім бақылаушы. Сабаққа кешігіп қалсам, ректоратта болып едім дей салам. Содан шығармашылыққа қайта ден қоя бастадым. Тап осы кезең – Алаш ардақтыларының батыл ауызға алынып, енді-енді ақтала бастаған шағы-тын. Қызылордада жүргенде Қожанов деген атышулы қайраткер жайында екі-үш мақала жазғам-ды. Өйткені, ол кісі Астананы Қызылордаға көшіріп әкелген адам. Өзі Казкрайкомның екінші хатшысы лауазымында отырып-ақ бар билікті бермепті. Нағыз жүрек жұтқан қазақ! Сталинмен бетпе-бет келіп, Қожановқа "Орта Азияның Шыңғысханысың" дегенде, "Мен емес, өзің Шыңғысхансың" дейтін жаужүрек қайраткер. Бұл деректі ең алдымен Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінен» оқып-білген едім. «Қандай жүректі қазақ» деп ойлап жүретінмін. Міне, аз-кем уақыт табылып, жазуға мүмкіндік болып, осы тақырыпты қаузай бастағам. Көп тарихи деректер қолымда бар-ды. Әні-міні дегенше жүз беттен асатын кітапша әзір болды. Кітап шығару ол шақта өте қиын кез. Енді қайда бастырам? 100-беттік дүниені газет баспайды. Тәуекел деп, «Жұлдызға» келдім. Бас редактор Мұхтар Мағауин ағамның алдында отырмын. «Не әкелдің?» деді Мұхаң. «Сұлтанбек Қожанов туралы деректі хикаят!» Маған жалт қарады. Көз жанары жалындап кетті. «Қандай ауыр тақырыпқа барғансың, інім?» деп қолжазбаны алды да, парақтай бастады. Көп оқып, бас қатырған жоқ, бір қызметкерін шақырды да, «келесі нөмірге әзірлеңдер» деді. Ана жігіт «көлемі..» деп күбірлей бастап еді, «түгел береміз» деп кесіп айтты. Мағауиннің алдынан марқайып шықтым. Бұдан артық қандай бақыт керек. Қожанов туралы тұңғыш хикаятты мен жазамын! Қожановтың өмір-жолы менің атыммен алты алашқа тарайды. Бұрынырақ армандасаң да орындала қоятын іс пе? Жоқ, орындалды. Оның авторы – менмін! Айтайын дегенім – Мұхаңның тік айтар, кесіп айтар және өз сөзінде тұра білетін мінезі арқасында деп-демде Қожановтанушы болып шыға келгем. Менің Алаш тақырыбына бұдан кейін де тереңдеп-негіздеп баруыма Мағауиннің тікелей ықпалы тигенін ашық айтуым керек. Сәл кейінірек Сұлтанбек Қожанов жайлы еңбек «Қазақстан» баспасы арқылы жеке кітап болып басылды. Бұл – бір! Одан соң белгілі ұлт қайраткері Нәзір Төреқұлов туралы жеке кітап жазылды. Содан соң... қоғам қайраткері Садықбек Сапарбеков туралы тарихи очерк кітабы... (Бұл еске сала кетейін, тоқсаныншы жылдар.) Көп соза беретін не бар, Мұхтар ағатайымның арқасында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ақтаңдақтар ақиқатын аршуға мен де бір кісідей үлес қосып тастаппын. Қазір соны ойласам, есіме Мұхаң еріксіз түсе береді. Ер мінезі, өр мінезі көз алдыма келіп тұра қалады. Мағауин – мінез өнер үшін қазір де аса керек-ау бұл қазаққа...


«БҮКІЛ СЫР ЕЛІ АМАН СИЯҚТЫ...»


Қызылордадамын. Комсомол қызметіндемін. Кейін қатарластарым әзіл араластыра күлкі ететіндей – «қып-қызыл шенеунікпін». Идеология бөлімін басқарам. Бір күні бірінші хатшы шұғыл шақыртты. «Тағы не жазып қалдым екен» деп имене алдына кіргем. Жоқ, бұл жолы басқаша. Жайдарылана сөйледі. «Біздің облысқа бір топ ақын-жазушылар ат басын тіремекші, бастап келе жатқан- Әбділда Тәжібаев. Күтіп алу үшін осындағы Асқар ақынды / Тоқмағанбетов/ алып шығу керек. Соны саған жүктегелі отырмыз. Ақын ағаңның тілін табарсың, журналист емессің бе!» деді. Бұлтарар жағдай жоқ. Сыртымнан шешіп қойған сияқты. Шамасы, Обкомға да солай айтылған. Амал жоқ, келістім. Ертеңіне Асқар ағамды жетелегендей болып, /ой, ол кісіні үйінен таң ата алып шығудың азабын айтпай-ақ қояйын/ аэропортқа келіп тұрмыз. Самолет қонды. Қонақтарды арнайы автобус алып келе жатыр. Асыға күтуліміз. Біз мініп келген жеңіл көлікке Асекең мен Әбекең отыруы тиіс. Әне, Әбділда ақын да көрінді. Қолында таяғы, бір аяғын сылтып басып келе жатқан. Кенет...Асқар ағасын /аралары екі-үш –ақ жас болар/ көре сала маған «Әй, комсомол бала, мә!» деп таяғын берді де, асыға ұмтылды. Сол жерде айтқан бір ауыз сөзі мынадай: «Ой, Асеке-ай, өзіңнің күтіп алғаның қандай жақсы болды, сен алдымнан аман-есен шықсаң, бүкіл Сыр елі аман-сау сияқты көрінеді...» Мен тыңдап тұрып, толқып кеттім. Туған жерді бұдан артық сүйіп, бұдан артық қалай бағалауға болады? Әй, білмедім...


ӨЛЕҢ ШІРКІН...


Баяғыда-а... Қырашқа бармаймын ба! Менің туған аулым ғой. Біраздан бері келмеген соң ба, адамдарын да, тастарын да сағынып қалыппын. Адамы тұрмақ, тастарын да жата қалып сүйгім келетіндей. Менің келгенімді естіп қатар құрбылар – жігіттер мен қыздар жинала қалған. Әртүрлі әзіл-қалжыңдар айтылуда. Сөзде буын жоқ. Сөз арасында Өтеп деген тілділеу досым: "Сенің ақын-жазушы болғаныңды қайтейін, әлі күнге осы Қыраш туралы бір өлеңің жоқ" дегені.«Ақын емеспін» деп қалай түсіндірейін! Ауылдағылар үшін жазатындардың бәрі-ақын! Қатты қиналдым. Не де болса, өлең жазып байқайын дедім. Сондағы өлеңімнің түрі мынадай:


«Ауылдан ұзап, қыр астым,

Достарға талай сыр аштым,

Өзіңе тартып қоймадың,

Топырағы ыстық Қыраштың!

Ұзақта жүрген кезім мың,

Белгісіз мұңды сезіндім,

Өзіңе тартып қоймадың,

Топырағы бала кезімнің!

Бөлшегі менің жанымның,

Сағындым, аңсап сарылдым,

Өзіңе тартпай қоймадың,

Топырағы кіндік қанымның!

Жартысы менің санамның,

Ауылсыз қалай Адаммын?

Өзіңе тартпай қоймадың,

Топырағы ата-бабамның!

Ұлы жер десе қостармын,

Даналар талай басқан мың!

Өзіңе тарта берші сен,

Топырағы қимас достардың!..

Өзегі болдың әнімнің,

Жырмен де саған табындым!

Гүлдене берші, ауылым,

Махаббаты жас жанымның!...» Жә, осылай жалғасып кете береді. Төгілген-ақ екем! Бірақ, өлең бе? Қайдам! Өлең шіркін, өте асау арғымақ іспетті білем! Көрінгенге жалын сыйпата бермес! Талайлар ақын болам деп жүріп, ақыры сөз өнерінің зынданына түсіп кетті! Сөз өнерінің шыңырауында жоғалып жүр...Сосын да «поэзия-я...» деп кеңірдегімізді созып айтып жатамыз. Ал, мына өлеңсымақ... бір жылдары достар арасында отырып, жан қиналғанда жазыла салып еді, көне дәптерлерімнің ішінен сумаң етіп шыға келгенін қарашы! Ойлана келе, кейінгі адуынды, алғыр, талантты ақын інілерім оқып, әбден күліп алсын деген ниетпен бере салғаным ғой! Бұлай жазбаңдар, бұндай өлең болмайды деген ойды да сездіре кеткенім шығар!


«СЫР-АНАМ БӘРІН БІЛДІРМЕЙ ЖІБЕРЕДІ...»


Сол жолы деймін-ау, арқалы ақын Әбділда Тәжібаев Қызылордаға қонақ боп келген шақта, бірер күн кездесу-басқосу болып, өзге қонақтар дереу Алматысына аттанып кеткен. Әбекең екі-үш күн аялдады. Тағы да басшылық ұйғарымы бойынша мен көлік ұйымдастырып, айтқанын орындап дегендей, қасынан шықпай жүргем. Әбеке айтты: «Мені СЫР-АНАМА алып баршы!». Айтқаны –заң! Бір көлікпен Сыр өзенінің жайпақтау, суға түсуге болатын тұсына алып келгем. Әбе дереу шешінді. Сосын таяғына сүйене Сырдарияны кешіңкіреп барды да, маған бұрылып «таяқты ұста» деген. Алдым. Жағалаудан ұзамай, үсті-басын жуып, қайта шығар деп ойлап тұрғам. Бір кезде Әбекең жүзіп ала жөнелсін. Әуелі етпетінен, сосын шалқалай жүзіп, жағадан бірте-бірте алыстап барады. Жаным мұрнымның ұшына келгені. «Суға кетіп қалса қайтем?!» Сасқанымнан «Әбеке, су мұздай ғой, ұзамасаңызшы» деп айқайлай беріппін. Әбділда ақын Сыр суына мейлінше еркелеп, қайта-қайта сүңгіп, молынан жүзіп, алыстан айналып, жағалауға да жетті. Мен осы кезде ғана демімді алғам. Жағалауға жақындай бергенде маған дауыстап: «Таяғым қайда?» деді. Жүгіріп барып, қолына ұстаттым. Жағаға шықты. Жаюлы көрпешеге отырып, демін алды. Сосын айтты: «Бала, сен байқадың ба, менің Сыр-анам бәрін де білдірмей жібереді, тіпті жүзіп жүрген кезімде талай жылғы жан серігім – таяғым да керек емес!» деп Сырдарияға қарап отырып, балалық мейіріммен емірене-толқи сөйледі. Даусынан жеңіл діріл де байқалды. Көңілім босап кетіп, көзіме ыстық жас кептеліп-ақ қалғаны. Білдірмеуге тырыстым...



ДӘУІТӘЛІМЕН «ДОСТАСУ»


Сол Алматыдағы кез! Сол студенттік шақ! Алғашқы курстарда өзімше спортқа қатысып, боксер болам деп, ішкілік аулынан қашып жүретінмін. Соңғы курсқа таман студенттік достар «енді бізбен бір саптаяқ сыра ішпей кетпексің бе!» деп қинай берген соң, бір жолы сыраханаға кірдік. Іші ығы-жығы адам. Көк түтін. Шеткі столды алып, күтіп тұрмын. Бір досым сыра әкелуге кеткен. Кенет...көрші столда тұрған ақын Стамбеков Дәуітәліні көре қалайын. Өтірік көрмеген болып, қалай тұрарсың. Бас изеп амандастым. Дәуітәлі ағам маған қарай жүрді. Қасыма келді. Сұрады: «Сен Жолтайсың ба?» Мен басымды изегем. Ол мені құшақтай алсын. Айтады: «Әлгі «Жұлдызға» батыл-батыл сын жазып жүрген сен емессің бе?» Енді ыңғайсыздана бастадым. «Жоқ, аға, ол бұрынырақ қой, мен қазір сын жазуды мүлде қойғам!» деймін. Ол айтады: «Мен бастапқыда жап-жақсы балалар ақындарын аяусыз сынап жүрген бұл бір сезімі жоқ, қырт жігіт болар деп ойлаушы ем. Жалпы, шынымды айтайын, сыншыларды көп ұната бермеймін. Өйткені, олар өте қасаң, өздерінше пысық, біздерді ішкіш деп ойлайды. Ал, сен... сыраханаға келіп, бізбен бірге сыра ішіп тұрған тұңғыш сыншысың. По крайнем мере, мен көріп тұрған алғашқы сыншысың! Так что, менің есебімнен бір саптаяқ сыра ішуің керек!» Осыны айтты да, досына ым қақты. Не дерімді білмей, мен тұрмын. Ішімнен өлеңдерін қатты құрметтейтін ақыным болған соң, сөзіне қарсы келе алар емеспін. Қысқасы, сол күні біз Дәуітәлі ағам екеуміз сыраханадан «достасып» шықтық. Тіпті көпке дейін қоштаспай тұрып алып ек...



ШАһИЗАДАНЫ ЕЛГЕ ШЫҒАРЫП САЛУ...



Студенттік кезде не болмады дейсің! Күні кешеге дейін айтуға ұялып келген жағдаяттарды енді ептеп суыртпақтап жатқан жағдай ғой. Ең болмаса арттағыларға естелік болып қалсын деп...Екінші курстың аяғына таман бөлмеме ақын досым, курстасым Шаһизада Әбдікәрімов кіріп келген. Өзі қатты ашулы. Әлдекімдерді боқтап-боқтап қояды. Мән-жайды түсіне алмай, мен әлек. «Мен кететін болдым» деді. Сонда да түсіне алар емеспін. «Қайда?» деймін аңырып. «Елге кетем! Алматы да, оқу да тойдырды мені!» дейді ақын досым. Сөйтсем, осының алдында ғана оны оқудан шығарыпты. Жо-жоқ, оқи алмағандықтан емес, бәрі де «серіліктің» салдары! Әйтпесе, Шәкең сабаққа өте мұқият болатын. Кез-келген пәнді ұршықша иіріп әкететін. Таланттың аты-талант қой! Ал, өлеңдері... Сол күні түннің бір уағына дейін сырласа сөйлестік. Айтылмаған әңгіме қалмады. Шабыттана шалқып, соңғы кезде жазған өлеңдерін оқып берді. Бірінен соң бірін...Менің жаттап алу қабілетім керемет емес. Тек есімде қалғаны – оның «Сырғанақ» деген өлеңі болатын. Оның да соңғы жолдары... Топ бала сырғанақ ойнап жатады. Бұны да қол бұлғап шақырады. Сондағы түйіні: «Барар ем-ау, өзім шыққан биіктен, Төмен қарай сырғанағым келмейді!..» деп аяқталатыны...Тағы бір өлеңі – «Он сегіз жас» деп аталды-ау деймін. Оның да соңғы жолдары мынадай: «...Мені күткен жолдар бар, өйткені мен, Он сегіз сүрлеуімен өлшенбеймін...» Балаң шақтағы соңғы қоштасу түнінде оқылған жырлардың есте қалғандарын тілге тиек еткенім ғой. Сосын Шәкең Алматыға қолын бір-ақ сілтеп, Сыр еліне біржола кетіп қалды. Мен көпке дейін жалғызсырап жүрдім. Бір-бірімізге сүйеу едік. Біріміздің жазғанымызды бірімізге жарыса оқитын едік. Жеткізуге асығушы ек! Ол – өлеңдерін, мен – әңгімелерімді... Бәлкім, соны сағынам ба! Айтайын дегенім – кісі өмірінде осындай ауыр қоштасулар да болып жатады. Оның салмағы зіл-батпан! Еңсеңді езіп жібере жаздайды. Ондай қоштасулар өмір бойы есіңнен кетпей, кеудеңде кермек ой боп кептеліп тұрып қалатыны тағы бар...



ҚОҢЫРАТБАЕВ – МЕНІҢ «ҚЫЗМЕТКЕРІМ»



Қызылорда қаласында алшаң басып жүрген кез ғой баяғы. Жазушылықты ұмытып, қызмет «қызығына» белшеден батып жүрген пақырмыз. Облыстық комсомол комитетінің идеология бөлімін басқарам. Осал қызмет емес. Әжептәуір дөкеймін. Біздің бөлімнің жанынан лекторлар тобын құру керек болды. Насихаттайтын шаруа жетіп-артылады. Қызметкерім тізіп әкелген тізімге көз жүгіртсем, өңкей бала-шаға! Ішінен іріктеп, жырау Алмас Алматовты, Қайырбай Зәкіров деген суретшіні, тағы бір-екі адамдарды алмақ болдық. Салмақты кімдер бар? Содан Пединституттағы профессор Әуелбек Қоңыратбаев есіме сап ете қалғаны. Дереу хабарластым. Жағдайды түсіндірдім. Әукең баяғы комсомол емес пе, екі сөзге келмеді. Іссапарға шығатын болса, ақшасын төлеп отырамыз. Оқыған лекциясына тағы да ақы алады. Қысқасы, Әукең біздің штаттан тыс лектор. Телефон шала қалып, аға деп сөз бастасам, «сен маған қызметкерім деп сөйлей бер, өйткені ендігі ерік сенде» деп күлетін. Ағамен бір жолы кеңірек сөйлесудің сәті түсті. Ғани Мұратбаевтың 80-жылдығын атап өтуге әзірленіп жатқан кез-ді. Сөз арасында профессор былай деді: «Жастардың жалынды жетекшісі Ғани жалғыз болмаған, оның жанында Садықбек Сапарбеков деген өте алғыр комсомол қайраткері де жарқырап көрінген еді, оны неге атамайсыңдар, неге білмейсіңдер?» деп тебірене сөйлеп берсін. Міне, сол күннен бастап, мен жастардың жетекшісі болған Садықбек туралы дерек іздей бастағам. Таптым. Әуелгі дерек- Мұқановтың «Өмір мектебінен» шықты. Голощекин заманында Орталық партия комитетінде иделогия бөлімін басқарып тұрған екен, Сәбитті сол қандықолдың «қанды шеңгелінен» құтылуына ықпал етсе керек. Сосын...көптеген облыста басшы қызметте, оның ішінде Қарағандыда обкомның хатшысы болыпты. Сейфуллиннің мерейтойы кезінде «Еңбекші Қазаққа» бір бет толғау-мақала бастырыпты. Қандай әдем толғаныс! Жүрек сөзі! Сәкенмен аға-інідей араласыпты. Елге шақырып, тойын өткізуді де ойластырса керек. /Мен осы деректер негізінде «Сәкеннің соңғы сапары» деген драма жазғам, ол Қарағанды драма театрында екі жылдан бері сахналануда/. Айтайын дегенім – Әукең түбі жоқ түпсіз шежіре шал еді. 1982 жылы Ғанидың 80-жылдығында өзі баяндама жасады. 50-60 беттік сөз мәтінін қолмен жазып шығыпты. Сол қолжазба әлі күнге менде сақтаулы. Әркез парақтап қоям! Әр парағын ашқан сайын Әукеңнің асыл бейнесі көз алдыма келіп тұра қалады.



КЕНЖЕБАЕВТЫҢ «БАТЫРЛЫҚ БЕЙНЕСІ»



Бұл кісі кәдімгі профессор Бейсенбай Кенжебаев! Әуезовтің аса қадірлеген інісі. Бейсекең бізге университеттің бірінші курсында «Әдебиет тарихынан» лекция оқығаны бар. Жаймен сөйлеп, асықпай баян ететін. Жасы да келіп қалған уақыт екен-ау! Студенттерге осындай жайлы, ұрыспайтын мұғалім керек. Лекция тыңдау қайда, сабақ үстінде хат жазысып, сыбырлап сөйлесіп, қыбыр-жыбыр болып жатқаны. Мен де жаспын. Менің де салмақты болып тұрғаным шамалы. Әйткенмен...бір жерден оқығаным бар-ды, осы кісі Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының бірінші кітабын баспа арқылы шығарып берем деп, жұмыстан қуылыпты. Тағы бір дерек – Ғанидың жақсылығын көрген азамат! Бір жолы сабақ соңынан кейін, ізіне еріп, есік алдына бірге шықтым. Ол кісі маған қарап былай деді: «Бірнеңе сұрайын деп пе ең?» күткенім де осы еді, ол кісіден Ғани жайлы сұрай бастадым. «Өзім де сол Сыр еліненмін, Ғани жайлы көлемді көркем туынды жазсам ба деймін...» дедім батылданып. «Онда мені үйге дейін шығарып сал» деп профессор ілгері жүре берді. Ілесіп келем. Айтқаны мынадай: «Ғани жалғыз-жарым тұлға емес, оның айналасында қаншама ұлы азаматтар болды, міне, солар Ғаниды Ғани етті! Анық жазуға бел байласаң, тым асықпа, көп ізден, сол заман шындығын аршып бақ!» Содан соң Әуезов жайына ауыса бергем. Аға күлді. «Ол рас! Мен соғыс кезінде Орталық Комитеттің тапсырмасын орындамай, кітапты баспадан басып шығардым, редакторы Шаңғытпаев болды, сосын екеумізді де жұмыстан қуды, ол кезде заман солай болатын, бала!» деп сәл-пәл жымиған. «Ал, бірақ, сол ісіміз өте дұрыс болған сияқты, Мұхаң содан соң ерекше шабыттанып, Абай жайлы кітапты төрт том етпеді ме!» Мен не дейін! Тек тыңдаушымын. Іштей Бейсекенің үндемей жасаған ерлігіне риза болып, ол кісіні барынша жақсы көре түстім...



ҚАСЫМДЫ «БІР ШУМАҚПЕН» БАҒАЛАУ



Маған кейінгі іні-ізбасарларым «Мұқағали ақынды көрдіңіз бе?» деп көп сауал беріп жатады. Көп жағдайда иығымды қиқаң еткізіп қоя салушы ем. Бір емес, бірнеше рет көргенім де, кездескенім де рас. Алайда бас қосып отырып, тығыз сырласа алмаған соң, оның несін сөз етерсің? Қайсыбір күні теледидардан ақын Қасым Аманжолов туралы хабарды көріп отырғанда кенет...бір оқиға өзінен-өзі есіме орала бергені! Сол Алматыда университеттің алғашқы курстарының бірінде оқып жүрген кез. Ауыл шаруашылығы институтында ауылдас досым оқушы еді. Екеуміз кездесе қалып, Киров көшесі бойындағы «Шахтаға» /осылай атайтынбыз/ түсіп, тамақтанып алайық дедік. Кірдік. Досым кезек алды. Мен бос орын іздей бастағам. Ең шеткі столда бір топ ақындар жиналып қалыпты. Дауыстары жарқын-жарқын шығады. Орталарында – Мұқағали Мақатаев! Әдебиетке жақын адам емеспін бе, тақап барып, сөздеріне елеусіз ғана құлақ түрген болам. Байқасам – сөздерінің бағыты Қасым ақын турасында. Біреулері мақтаса, енді біреулері тырнақ астынан кір іздегендей боп, оны жамандап та алады. «Саясатқа бұрып жазған жырлары баршылық» деп қояды. Тап қай ақын айтты, оны айта алмаймын. Өйткені ол кезде көп ақынды тани да бермейтінмін. Ал, Мұқағали... сол кезде-ақ бәріміздің аузымыздан түспейтін. Бір сәтте Мұқаң жуан даусымен гүр-р етіп, бір шумақ өлең оқыды:


«Дейсіңдер-ау!

Қасымның несі басым?

Қасым солай болмаса, несі Қасым!

«Ақынмын» деп қопаңдап жүргендердің,

Әммасынан Қасымның десі басым-м...» Осыны оқыды да, орнынан тұрып жүре берді. Мен көзбен шығарып салдым...



ОЛЖАСТЫ ҚИЯНАТҚА ҚИМАУ



Бір жолы «Жалын» журналына бара қалайын. Онда ақын ағам Ибрагим Исаев жұмыс істейтін. Өзі маған жезде болып келеді. Әрі көңіліміз де жақын. Кабинетте ешкім жоқ. Екеуміз ғана сөйлесіп отырғанбыз. Кенет...есік жұлқи ашылды да, ішке Мұқағали Мақатаев кіріп келді. Түрі өрт сөндіргендей. «Маған осы жаңа Олжас ауыр сөз айтты, одан мұндайды күтпеп ем, жаныма батыра айтты...» деп, қинала сөзге келді. Осы кезде тағы бір жас ақын келе қалған. Әлде сол ақын, әлде Ибрагим ағам айтты ма – есімде жоқ, «Мұқа, Сүлейменов Олжасқа несіне ренжисіз, ол сіздің қасыңызда ақын ба?» деген. Сол кезде Мұқаң орнынан атып тұрып, былай деді: «Олжастың шығармашылығы туралы бос сөйлей бермеңдер, Олжас-ақын!» деп кесе сөйлеп, есікке беттеді. Мен аң-таңмын. Осы жаңа ғана оған қатты көңілі қалып келген кісі қалаша бұлай сөйлейді? Не деген ірілік!.. Не деген тазалық!.. Біз ше?..



НҰРМАХАН АҒАДАН СӨЗ ЕСТУ



90-жылдардың басында Баспасөз министрлігі құрылып, сонда алғаш баспасөз хатшысы қызметінде болдым. Қуаныш Сұлтанов ағамның өзі шақырып алған-ды. Бір күні Қарағандыдан Нұрмахан Оразбеков келіп, министрліктің басқарма басшысы қызметіне қонжиды. Бұрын да танитынмын, сәлеміміз де түзу, бір елдің адамдарымыз дегендей... Бірақ сырына аса қанық емес едім. Оны әп сәтте-ақ байқап үлгердім. Баспасөз қызметі сол кісінің басқармасына бағындырылған, демек не істесем де Нұрекеңе көрсетіп отыруым керек. Бұрынғы комсомол қызметкері емеспін бе, өзімше жоспар жасап, мерзімдік баспасөзді бақылап отыру, қисық кете бастаса, тәртіпке салып отыру, есебін тыңдап отыру... секілді «пысықтық» жазбалар болатын-ды. Нұр-ағам парақтап көрді де, шарт кетті: «Осындай жылтыңғалилықты қашан қоясыңдар! Баспасөз – халықтың мінбері. Оның аузын ешкім де жаба алмайды. Жабуға тиіс те емес!» Төбемнен қос қолдап ұрғандай әсер еткені. Жазбаны алдым да, көз алдында жыртып тастадым. Нұр-ағам сонда да жібімеді. Көпке дейін бұртиып жүрдім...



НҰР-АҒАММЕН СОҢҒЫ КЕЗДЕСУ



Өткен жылдың орта кезі болар. Телефоным безілдеп қоя берді. Көтердім. Арғы жағынан тарғылдау үн естілді. Тани кеттім. Нұрмахан Оразбек ағам! «Сен жұмыстасың ба, мен осында келіп ем, жолығуым керек боп тұр!» деді. «Қайдасыз, бәлкім машина керек шығар?» деймін елпектеп. Ағам айтты: «Менде көлік бар, «Егемендегі» Жанболат машинасын берген, тез жетіп барам». Келді. Орындыққа отырды. Жүзі сынық. Не айтар екен деп күтулімін. Айтты: «Менде баяғыда алған «мәдениет қайраткері» деген атақ бар, ал қазір «еңбек сіңірген қайраткер» болып өзгеріп кеткен бе? Осы болмаса, ауруханаға да тіркемей ме, қалай! Сенің қолың ұзындау ғой, бөлімдермен хабарласып, тиісті кісілерге менің осы өтінішімді жеткізе аласың ба?» Қалай сылтау айтайын! «Қиындау шаруа» десем, қашқақтағандай болатын түрім бар. Көңілін онан бетер түсірмейін дедім. Қағазын алып қалдым. Буфетке апарып, шәй алып беріп, қайтадан шығарып салдым есік алдына дейін... Ал, өтінішін.... орындап үлгере алмадық. Өткен күзде аяқ астынан бақи дүниеге сапар шегіп кете барды ғазиз аға! Жаныңыз жаннатта болсын, жақсы аға! Біз сізді әлі талай-талай сағына іздейтін боламыз-ау! Менің кеудемнен сондай ой жиі-жиі бас көтереді осы күндері...




ҰЛЫҚБЕКТІҢ ЖҰБАТУ ӨЛЕҢІ



Осы ғасырдың бас кезінде ақын Ұлықбек Есдәулетов екеуміз үкімет аппаратында бірге қызмет істедік. Отыратын орнымыз да бір қабатта. Сосын да жиі-жиі ұшырасамыз. Кездесе қалсақ, тоқтап, қоштаса алмай, әдебиет жайынан екі-үш ауыз сөз айтып тұрып аламыз. Жақсы жаңалықтарға бірге қуанамыз. Бір жолы басқа бөлімде істейтін менімен деңгейлес, жасы да қатарлас қызметкермен қаттырақ сөзге келіп қалғаным бар. Жұмыс бабында ондай-ондайлар жиі болып тұрады, көбісін елемеуші ем. Бірақ мінезі қаттылау, сөзі түйеден түскендей жігіттің шегелеп тұрып айтқаны есімнен шықпай, қамығып отырсам керек, тап сол сәтте Ұлықбектің кіріп келгені. «Не боп қалды?» деп сұрайды менен. «Әй, бір қисық мінез қызметкерден жазықсыз ауыр сөз естіп...» деймін күбірлеп. Сондағы Ұлықбек-достың жұбату өлеңі мынадай: «...Бұл күнде заман түзу, адам қисық, Бола ма дипломды наданға ұрсып...». Мен еріксіз күліп жіберіппін...



ҒЫЛЫМНЫҢ «ҚОРАСЫНА» КІРГІЗУ



Ғалым болам деген арман үш ұйықтасам ойыма келіп пе! Бірақ, өмірде бәрі де бола береді. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап, «ақтаңдақтар ақиқатымен» айналысып, белгілі-белгілі тұлғалар жайынан екі-үш кітапша жазғаным рас. Алды «Жұлдыз», «Егемен Қазақстан», т.б. басылымдарда жарияланып, елге барынша таныла бастаған-ды. Бір жолы ҚазМУ-де қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловқа арналған ғылыми конференция өткен. Мені де шақырған. Өйткені, Нәзір Төреқұлов туралы алғашқылардың бірі боп мен кітап жазған екем. Сол бас қосуда ұстазым Темірбек Қожакеев қолымнан ұстап тұрып, былай деді: «Әй, бала, сен өзі қандай адамсың! Қожанов туралы біраз еңбектенген екенсің, оны басқа бір жігіт ғылымға негіз етіп, қорғағалы жатыр. Енді Төреқұловты да біреу қағып кетпей тұрғанда, тақырып етіп бекітпейміз бе?» Әуелде сөз астарын түсінбегем. Сөйтсем, ол кісі маған ғылым кандидаты болатын тақырып ал деп тұр екен ғой. Келісім бердім. Келіспейтін не бар? Онсыз да зерделеп жүрген тақырыбым... Қысқасы, бірер жылға да созылмады, ғылым кандидаты болып шыға келдім. Темкең мен қорғағанша қыр соңымнан қалмады. Қатты асықты! Дамыл бермеді! Неге өйтті – соны көп ойланам осы күндері... Ал, бірақ, ашығын-ақ айтайыншы, мен шын ғалыммын ба? Кейде осындай атағым бар деп айтуға ұялып тұрам! Үлкен ғалым ағалар алдына! Бар өмірін ғылымға арнаған ойшыл- ғұламаларды көргенде...



ЖАРАСХАННЫҢ ЖАСТАРДЫ «БИЛЕТУІ»



Бұл , енді, Қызылордада жүрген кезде болған оқиға. Облыстық комсомол комитетіндемін. Бір жолы әп-әдемі кеш ұйымдастырдық. Облыс көлеміндегі шығармашылықпен айналысатын жастар көптеп жиналған сәт. Кешті жүргізуші –өзім. Обкомолдың хатшысы қатысып отырған. Енді бастағалы жатқан сәтте жергілікті ақын Кіребаевпен бірге залға Жарасхан Әбдірашев кіріп келгені. Мен қуана қарағам. Хатшы да есіміне қанық, Жарасхан ағаны президиумға шақырды. Қасымызға келіп жайғасты. Мен кешті әрі қарай жүргізе бергем. Бәрі де жоспар бойынша жүргізілуі тиіс. Бекітілген тәртіп бар. Кімнен соң кім сөйлейді – ол да хатталып қойылған. Кенет... Жарасхан ағам маған қарап былай деді: «Мен ертерек кетіп қалам, сөз берші қазір...» Кеудесінен итеруге бола ма! Мінберге көтерілді. Екі-үш ауыз сөз айтты да, өлең оқуға кірісті. Жастық туралы, махаббат туралы... Әсіресе, зал жақтан "О, махаббат, сегіз әріп, бір арманды" оқыңызшы" деген дауыстар естіліп-естіліп қалып жатты. Бір кезде қарасам, залдағы біраз жастар орнынан тұрып, билей бастапты. Хатшы маған қарап, алақанын жайған. Сосын тәртіптің аты – тәртіп, ақын Әбдірашевке өтініш айтып, әзер тоқтатқан жайымыз бар-ды. Ақылды азамат қой, дереу түсіне қойып, мінберден түсті де, залдан шығып бара жатты. Зал қол шапалақтап шығарып салды...



ЖАРАСХАННЫҢ ЖАРИЯЛАНБАҒАН ЭПИГРАММАСЫ



Ескі жазбаларымның арасынан Жарасхан Әбдірашев ағама қатысты тағы бір дерекке кезіккенім бар. Әуелде осыны жариялау қажет пе деп біраз ойға баттым, бірақ өткеннің аты-өткен, тарихтың аты-тарих! Кезінде өзім де онша жақтыра қабылдамаған жыр еді, қазір ойлап қарасам, ештеңе де жоқ. Арыма тиетіндей ауыр сөзді де байқамадым. Қалай жазса да, қалай шымшыса да, дөп түсіп тұрғандай. Қызмет деп жүріп, қаламды біраз уақыт өгейсіткенім де рас. "Ақтаңдақтарды" көтердім деп аракідік бөсе сөйлеген кездерім де/жастық желік / болған шығар! Кемшілік кімде жоқ! Пенденің бәрі де азды-көпті кемшіліктен құр алақан емес! 90-жылдардың орта тұсында Алматыда ойда-жоқта жолыға қалып, «Алматы» қонақ үйінің буфетінен сыра ішіп отырған сәтте көзімше жазғаны бұл! Былайша айтқанда-экспромт! Қалай еді:


– «Ақтаңдақты» жазғанмын деп есіп жүр,
Кабинеттен кабинетке көшіп жүр!
Қаламында кібіртік бар, қайтерсің,
Қызметте қарғып-қарғып өсіп жүр! 
Қожановтар қайсар болған дейді де,
Батырлардың ауысып ап кейпіне,
Сыраға да тиын таппай тұрғаны,
Бар ақшасын салып қойып сейфіне! 
Сөйлескенде, жылы сөзбен арбайды, 
Пікір айтса, тым қаттыға бармайды! 
Өзін қайдам, Роботтай жүрісі, 
Мұндай жанды «періштесі» қорғайды...

ҚАБДОЛОВТАН «КӨҢІЛ ҚАЛУ»


Университетке оқуға түскен кездегі біздің көңілді қоя беріңіз! Мен ғана емес, бәріміз де аспандап жүрген шақ. Шетінен ақын, шетінен жазушы, шетінен сыншы! Солардың арасынан әсіресе, Шаһизада Әбдікәрімов екеуміз ерекше ықыласқа ие болып алғанбыз. Оқуға түскен жылы Әбдікәрімовтың бір топ өлеңдері «Жалынға» шыққан. Танымал ақын. Ал, менің әңгімелерім «Балдырғанға», «Қаз. Пионеріне», «Лен. Жасқа» шығып, жазушы атана бастағам. Алғашқы курста бізге Зейнолла Қабдолов ағай «Әдебиет теориясынан» лекция оқыды. Өзіміз жазып-танылып жұрген соң, теория да қиын боп па! Алдыңғы шептеміз. Сессия кезінде бестік алатындар сапында алғаш аталып жүрген де –бізбіз! Сондықтан, сынаққа да алдымен кіргенбіз. Қырсық шалғанда, олай болмады. Сұрақ бойынша келген Ілияс поэмалары туралы қанша толғап/ шамасы, тым ұшқалақтана- шабыттана сөйлеп кетсем керек/ айтсам да, Зекең жымия күліп алып, «ақынсың ба?» деп сұрап, төрт қойып жібере салғаны. Қисая сөйлеп, «ақын емеспін» десем, онда бұдан былай өлең жаз дейді. Бұл сөзге онан бетер шамданам. Дүниедегі ең үлкен қорлық осы сияқтанып кеткені сол сәтте. Сөйтіп, алғашқы сынақтан төрттік алдық та, үздік болуға деген үміт біржола үзілді. Қайта тапсыру деген ой ол кезде басымызға да келмепті. Сырттай өте қатты сыйлайтын Қабдолов ағайға алғаш «көңіл қалу» осылай болған еді...



ҚАБДОЛОВТЫҢ ҚОЛЫНАН АЛҒАН ДИПЛОМ


Заман деген әп-сәтте зырлай бермекші екен де! Күні кеше ғана Қабдоловтың жап-жас шәкірті болып жүрген мына біздер де әке болдық, ата болдық. Зекең бақи дүниеге озды. Артында жақсы атын қалдырып озды. Енді сағына бастадық. Осындайда еске түседі, оқуды бітіріп, Қызылорда барып, қызмет істеп, он жылдан соң Алматыға оралғанда Зекеңдер қариялыққа бет қойған шақ екен. Қожакеев ағайдың қамшылауымен қысқа мерзім ішінде кандидаттық диссертация қорғадық демедік пе! Сол диссертациялық Кеңеске ол кезде Қабдолов ағай басшылық ететін-ді. Қорғау теріс болмаған. Өте сәтті өткен. Зекең қорғау сәтінде де ризашылығын білдірген еді. Ал, кейінірек дипломды өз қолынан алар сәтте толқып тұрып айтқаны бар: «Қарағым, бүгін сен үшін кандидаттықтың соңы, ал докторлықтың басы басталғалы тұр. Сенің жақсы әдебиетші-ғалым болатыныңа имандай сенгім келеді. Сәттілік тілеймін бұдан кейінгі барша қадамдарыңа!» Осы күні сол сөздері есіме түседі. Қолымды қатты-қатты қысқаны ойға оралады! Сағына еске алам. Әттең, ол кісіге екі нәрсені ашып айта алмадым. Бірі – баяғы бозбала шақта емтиханнан төрттік алып, қатты қамыққанымды, екіншісі – менен алдағы уақытта мықты ғалым шыға қоймайтынын...Ойлап қарасам, екеуі де тілге тиек етуді аса қажет ете қоймайтын нәрсе екен! Алып таудай академикке осындай өлімші сөзді майдалап айтып тұру – мен үшін де майдалық болар еді. Ал, еске алып жатқаным- жақсының қадірін көзі тірісінде біліп, барынша құрметтей білсек қой деген ұлы арман...



ЕСКЕ САЛҒЫМ КЕЛДІ...



Сонымен, менің ФБ-дағы достарым, өздеріңіздің ой-пікірлеріңіз маған аса құнды боларын қайталап айтқым келеді. Мәселе – мақтауда емес, тіпті сынап жазса да, ол пікір ғой. Ал, пікір айтылған жерде, шындық та бой қылтитады. Қаламгерлік ұзақ жолда /шамамен 40-жылға созыла ма екен!/ аз пікір естімеген де шығармын. Өткен өтті! Енді бүгінгі күнмен өмір кешу де керек. Бірінші еске салмақшы болғаным – «Әдебиет порталында» соңғы екі-үш ай шамасында екі бірдей романым /өте шағын формада жазылған/ жарияланды. Аттарын да айта кетейін: «Бақидан келген келіншек» және «Жатпланеталық жігіт». Қазір жарияланып жатқанымен, олардың қағаз бетіне түсуі ертерек! Өте шұғыл жария еткені үшін портал басшылығына шоң рахмет! Осы дүниелерді уақыт тауып, оқып шықсаңыздар деп едім. Екіншісі – өзімнің ФБ-дағы соңғы естелік- жазбаларыма қатысты сөз. Кей оқырмандарым мені дұрыс түсінбей қала беретін сияқты. Жоқ, мен өткенді айтып, әлдекімді кіналап, дау туғызып, есе жинау үшін баян етпеймін. Бар арманым – көзбен көріп, құлақпен естігенді кейінгі жас буынға айта кету. Іште өлтірмеу. Шын сөзім – мен еш жерінде өзімді көтермелейін, мақтанып қалайын деп жазған емеспін. Барынша тартынамын. Барды-бар, жоқты-жоқ деп айту ғана басты шарт! Бұған да басты төреші – өздеріңіз! Бәлкім, кей жазбаларда артық-ауыс айтқан кем-кетігім де байқалып жатқан болар! Ондайды айтыңыздар... Еске салғым келгені – осы!


Жалғасы бар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар