Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Әулиемін - Өлеңде...

20.07.2016 402

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Әулиемін - Өлеңде...






***


 

Бүгінгі жаңбырды-ай, ажалдай суық...
Жаулардың боратқан оқтарындай...
Кедейлер жыртық үйлерін жанталаса жамаумен болды.
Сарайларында той тойлап жатты көп қарынбай.

 

Енді, бұлттар теріс көшіп барады, 
Түлен тулақтарындай жынданған.
Қарғалар шулап жүр, 
Бұрқыраған жұқпалы күйедей, тозақтағы зынданнан.
Бұлбұлдар зим-зия, құйқылжыта сайрайтын кие күндері.
Көздерін тарс жұмып алған шие гүлдері.
Шөптер де - дір-дір, 
Бес тал сақалдай, діндар қазақ иегіндегі...

 

Мұның бәрі тегін емес.
Ауадан да жат мінез сезіледі өктем.
Не Жерден кесапат шығады...
Не...
Шапағат түссінші Көктен!...

 

Қарап отырмын Аспанға.

 

БІЗДІҢ ҚОҒАМ

 

Бізде, бас бар, ауыз бар, көтен бар...
Тіпті, қан да бар. 
Бірақ, Жан жоқ.

 

Бізде сот бар, прокурор бар, полиция бар...
Тіпті, Заң да бар. 
Бірақ, Ар жоқ.

 

Бізде қаулы бар, қарар бар, жарлық бар... 
Тіпті, мөр де бар. 
Бірақ, мән жоқ.

 

Бізде Күн бар, жел бар, су бар...
Тіпті, у да бар. 
Бірақ, Жер жоқ.

 

Бізде маса бар, қандала бар, егеуқұйрық бар...
Тіпті, жұрт та бар. 
Бірақ, ұлт жоқ.

 

Бізде Ту бар, Елтаңба бар, Әнұран бар...
Тіпті, шекара да бар.
Бірақ, Отан жоқ.

 

Бізде бәрі бар,
Бірақ, ештеңе жоқ.


 

***


 

Өзім үшін - мінезімді қалжыңмен баптайтыным.
Қарғыспен қаныпезерді де атпайтыным - өзім үшін.
Өзім үшін - әулие-ән тыңдап, оңашада жылап жататыным, 
жан-дүниемде жарқылдаған кезінде... жаз қанатының да. 
Киелі бұғыдай әдемі қозғалатыным да - өзім үшін.
Өзім үшін - үйренетіндігім өсімдіктердің де ең таза тілін.
Ауру арамшөпті де өлеңмен емдеп жазатыным.

 

Заманымыздың бақылай отырып жындысүрей ғасырын,
үнемі өз сайтаныммен керілдесетінім де, жасырын;
ең сорлы пенде секілді адасып көрмегім де;
дана кітаптар жол сілтеген тылсым әлемдерге енбегім де - өзім үшін.
Өзім үшін - алақандай ғана жеріме де жанарлы гүл егетінім.
Бәрін тастап қойып, көктемгі шуаққа еретінім...

 

Солардың баршасы-баршасы жарқ-жұрқ өмір сүреді ұдайы, ішімде,
періштелік сезімдер дулап,
отыз екі омыртқам мен отыз екі тісімде...
Мен солайша кемел нұрлануға тырысам,
бақыты үшін - бүткіл жаратылыстың!
Жаратушым үшін де!


 

***


 

Уақыт аға береді... бізге көнбей.
Қазір - көктем. 
Сонан соң, жаз... күз дегендей...
Маңдайлы келіншегім шүңіле қарап отыр жырыма,
Өзіне гауһар алқа іздегендей.

 

Ана-санда жымиып та қояды ептеп.
Сірә, көңілінде бәйшешек көктеп...
О кісі - менің ұстазым.
Мен де о кісіге - мектеп...

 

Ал, өлеңдерім бағынбайды ережеге.
Оларға ақыл-есім де емес еге...
Ана кісі боталаған көзін бұрып та әкетті
Жалған жарық төгілткен терезеге...

 

Мейлі, өзі түсінбесін-түсінсін,
Ол - тағдырымның кейпін мүсіндейтін мүсінші.
Ең қауіпті дұшпаным да - сол,
Айлам болмаса "алпыс үшінші"!..

 

МЕНДЕГІ ҒАШЫҚТЫҚ

 

Қазағымды, өліп бара жатса да, қарайлайтын қонағына,
Домбыраны, ғарыш музыкасын сыйғызған шанағына,
Атамекенімді - Жер кіндігін,
Аққан судың, соққан желдің еркіндігін,
Жүріп бара жатқандағы жылан биін,
Басына бұта өсірген бұлан миын,
Түнгі салютты, күркіреген зеңбіректен,
Күнді, Жанымыздың жапырағын желбіреткен,
Сол сияқты,
Сайтан және саналы Аспан...
Яғни, барша жаратылыс пен құбылысты, 
Құдайдың жұпар Демі араласқан
һәм Құдайды 
- жақсы көрем!
Мендегі сондай ғашықтық - 
- қиял да ұшып өте алмайтын қашықтық.

 

ҚИЯЛИ

 

"Адастырғанда соқыр жол мен саңырау түн,
Адам болып көрінеді күңгірі алыстағы қоңыраудың.
Мұрат бар ма сонша дәл,
Мейлі, ол қоңырау сайтандікі болса да?
Бұ Дүние ше, жасанды?
Адасып жүреміз қашанғы?
Әділетті Құдай қайда - сендіре алатындай адамды?
Өзі келсін, бар болса 
Жалбарынта бергенше беталды!..."

 

Осылайша іштей қатты қамығып,
Алмұртиісті ертек оқып та отыр ол, сәби жүзімге...
Ал, мен оны жаза қойдым, 
Жұмаққа баратындардың аты-жөні бар тізімге.


 

***


Түске дейін - арман, түстен кейін - жалған.
Бір күн.
Сөздің құрты - Елге, көздің құрты - Жерге...
Құлқын.

 

Жоғалмайтын құлдық, жамалмайтын жыртық...
Теңге.
Сыртындағы - жәй тән, ішіндегі - шәйтән.
Пенде.

 

Бұқарасыз тілім - буындырылған ілім...
Кекті у...
Көсемсиді шерге, көлгірсиді желге...
Көк Ту.

 

Қанжылаған безден, тамшылаған көзден...
Өмір.
Білінбеді Көктен, көрінбеді көптен...
Тәңір.

 

Еһһ...
Түске дейін - арман, түстен кейін - жалған.
Бір күн.
Жаным қалса Елде, тәнім қалса Жерде.
Шіркін!..


 

***


 

Иә, 
Жерден сәуле суырып алғандай,
Немесе,
Түсіргендей үзіп Көктен алма...
Қақым бар мақтанарға.
Көкіректегі Көзім көрместі көріп тұрады.
Еніп тұрады 
Дүние құбылыстарындағы небір жасырын қақпаларға...

 

Ал, кәдімгі көзімнің бір осалдығы бар...
Қиянатқа кемсеңдей төзген қорғансыздарды,
Елі үшін ажалын күткен армансыздарды көргенде,
Жетім де жесір көңілдерді сезгенде шерменде,
Нәзіктіктің аңғарғанда алпамсалықтың да қолынан келмес ерлігін,
Қайрансыздардың түйсінгенде 
Құрып бара жатқан өзектегі жұпар өндірін,
Шыдай алмай, еріксіз төгіп алады
Обал атаулының ұдайы лықсып келіп тұратын 
Өзіндегі тәңірлік мөлдірін...
Тіпті, өзгенің маңдай терінен де қорқып қалады үнемі,
Нақақтан аққан көздің жасы екен деп шатасып...


 

***


 

Шашы жұлдыздана қаракөк бұйраланған мына Түннің
Жарқыраған меңін-ай!
Кәдімгі керім Ай!
Тәніммен қарасам, - бір қарын сары май?..

 

Осы Түннің көзі қайда екен деп те ойланам.
Бар болса,.. Жаныммен сүйіп алуға да сайланам.
Тәніммен ойласам, ... байбалам?..
Ойбай!... құйрықты жұлдызын жарқ еткізді!..
Не дейт?!.. "Қой, балам!"?!..


 

***


 

Аңыз емес қадымғы.
Ол - еш қошы жоқ, ағаш еді кәдімгі.
Биыл содан бұлбұл сайрайтын болды ұзақ тым.
Ал, Көктем ғұмыры - жүз-ақ күн.
... Қырық күн құйқылжытты бұлбұлы.
Тоқсанын тойлады Көктем де.
Сол ағашқа қарай тартылатынды шығарды өкпем де.
Соған бүгін өзім бардым, құйын үйіртіп жотама.
Бұлбұлы жоқ.
Бірақ, өзі бұлбұл аңқып тұр екен, о тоба!..

 


 

Жаңбырға қосыла жылап отырмын...

 

Байтеректей кеттім бе екен өсіп тым,
Тілін білем ағаштекті бесіктің.
Әттең, Шеше сүтінен де, әттең-ай,
Көктем иісі аңқығанын кеш ұқтым...

 

Қайран Шешем!...
Жаза бер - деп, - өлеңді,
Қамбар-пірге сапыртатын зеренді...
Кетті о Кісі Күн нұрына тартылып...
Көктемді де Шеше көрем мен енді.

 

Әрине ғой, уақыттың зарпынан,
Күн нұрына мен де бірде тартылам.
Қайран Шешем!... үміттенем көрем деп,
Тәңірінің Жұмағында шалқыған.

 

Ал, Көктем ше? 
Көктем-Шешем жұпардем!...
Қоштасуға ыңғайланды бұ да әлден.
Мен Мамырдың баласымын,
Әйтпесе,
Жаңбырына қосылып ап жылар ма ем?..

 

***


Күрсінгендей жиналып мың қыз кәрі,
Түн пысқырса, - ішінде мұң қызғаны?..
Заузалар да жалмауыз жарқырап жүр, -
- Қара Жердің жаратқан жұлдыздары.
Өзімдегі болмаса ой-сана мас,
Күдік қалай дәтімді найзаламас?
Көкке қарап ойланған көл көзіне
Ақ құйрығын тосады Ай жалаңаш!
Қара су да дірілдеп... семіз тіптен!..
Дию ойнап тұрғандай кеңістікпен.
Құйрық-жалы сұрапыл жарқылдаса,
Бұлт арқырап қояды терістіктен.
Дуы да жоқ шалғынның ұнатымды.
Таулар жақтан бөрі үні шұбатылды.
Бірінші рет байқадым, сарғыш қана
Құла Түзге күйлеген Бұқа-Түнді!
Бұқа-Түннің бұтында - сап-сау енек?... 
Байғыз, ол да қоймайды қақсап ерек...

 

Менімше, осы...
Тым жөнсіз бастығырыла,
Мамыр айы түс көріп жатса керек?!...

 

Ұйқы мыжып желкемнен... демі қызыл...
Қайда кеткен семсерім керім ұзын?!..
Таң атқанша өзім де көк түсімде
Көріп шықтым елірген пері қызын...

 

***


Көктем Тілі - көгжілтім мазданар Тіл,
Жапырақтардан жаратар Жаз қанатын!
Бұл Маусымның тас екеш тасының да
Жүрегі бар әдемі қозғалатын!..

 

Көктем шіркін - жасампаз Өлөң көші!..
Жанымнан да кетердей денем көшіп!..
Бұл Маусымда ең сорлы азғынның да
Күн туралы сөйлейді көлеңкесі!

 

Күркіреген нөсерлі, сәлемді Аспан!...
Жалаңаяқ жүгірем!.. 
Жалаңбас та!..
Бұл Көктемді, 
Мыйынан жусан аңқып,
Сүйе алатын жан бар ма менен басқа!

 

Нұрлана алмай қиналсам ізгі іліммен,
Сырт кіріммен - жоламан - іш кіріммен.
Бұл Көктемдей әлемде кірпияз жоқ, 
Сәл күрсінсем, бүршігі түшкірінген!..

 

Ән салған маң, әлпеншек-нұрға асылып -
- жасылойлы еркектік-ұрғашылық!
Бұл Көктемді армансыз құшу үшін,
Кетемін мен жасырын, қырға шығып!

 

Қырға шығып, қызынып той-тобында!..
Бұлтын алып келермін қайтарымда!..
Аңғалды да сүйемін Көктемде бұл!
Ақымақты да!
Көшенің сайқалын да!..

 

***

 

Ер жеткен ұл, бұрымды ұнап арман,
Бойжеткенді аңдитын тұма барған.
Бір қылп етер қыздағы қабақ үшін,
Жетектегі қиярдай жабағысын.

Қыздағы үміт - бір нәзік нұр ғана-тын.
Иінағаш иықта ырғалатын.
Ержеткеннің жігері бу ғана-тын,
Қалбалақтап, жабағы суғаратын.

Жүрді екеуі солайша мылқауланып,
Іштей ғана құс ұшып, түлкі ауланып...
Кімді алдайды ұл сонда, нені алдайды?
Жабағысын суғарып бола алмайды...

Ақырында бір күні, тұма басы,
Пайда бола кеткендей жын абасы,
Бір нажағай жарқ етіп қыз есінде,
Иінағаш шарт сынды тізесінде...

 

***

 

Мен күн сайын, 
Оянғанда,
Ашпай жатып көзімді,
Нұрлы бала сезінемін өзімді,
Ұйқы құрсағынан жаралған.
Санамда ойнап қоя береді сан арман!
Көзімді ашсам, аш ит көрем... пендешілік тірлікті.
Әй, оғым жоқ-ау атарға!..
Бір алжыған шал сезінем өзімді,
Қайта ұйқыға жатарда.

Жағдай солай...
Итшілеткен тірлік те - бір ілім?
Бүгін тағы, көзімді ашар-ашпастан,
Естіп жатырмын ырылын.
Соры болды-ау шекемнің!
Әй, әкеңнің!..

 

***

 

Жұпар Ойдың мөлдір түгін де сезіну қандай,
Жұпарының ішінде еңіреп, езілу қандай...
Тұла-бойыңның да жұпар бөлгені қандай,
Түгел бездерімен Дүниені тұтас көргені қандай...
Тауқыметтеріңді мыйыңның санап біткені қандай...
Қабілетіңе жұпарперіштелік қанат біткені қандай... 
Рақат!..

 

Беу, адамдар,
Басыма сондай Бақ қонса,
Әуелі, қошиісті Мұңың болар едім ғой!
Сонсоң,
Барша аңқыған армандарыңды орындайтын 
Аңқылдақ Жының болар едім ғой!..
Бірақ, нан жегім келіп отыр... әзірше.

 

***


Әй, Көктемім-ай, күлімдесең күлімде!
Көктегі жұлдыздар да сөйлейді сенің тіліңде!
Демің шалған жердің бәрі де - өмір, бүгінде.
Ажал да көктеп өсіп тұр уқорғасын түрінде!...


 

"НАМАЗХАН"

 

Жерін сатайын деп жатыр біреулер.
Ол үзбейді намазын.
Елін сатайын деп жатыр біреулер.
Ол үзбейді намазын.
Ертең дұшпандар келеді де...
Ол жайнамазда жайрап қалады!... 
Сабазың!..
Ұрып қойыппын ондай намазын!

 

ҚАЗАҚ ПЕН КІЙІЗ ҮЙ

 

Қазақтың Кійіз Үйіне, 
Іргеден жылан кірді ирелең, 
Жербетіндік хайуанаттар атынан.
Сыйлады Қазақ, басына оның ақ құйып.
Шаңырақтан қарлығаш кірді, шырылдап,
Көкжүзіндік хайуанаттар атынан,
Шаңыраққа ұя саларға.
Сықырлауықтан қарақшы кірді, қайыршының кейпінде,
Адамзаттың атынан.
Қазақ төрін ұсынды, Қыдыр көріп оны да...

Ай-һай десеңші!
Қазақтың Бағы мен Соры ежелден бері - осылай!..
Неге?
Жасампаз уық-нұрлары сансыз таралған 
Шаңырақ-Күнін де шексіз сүйеді Ол Тәңірдің!
Өйткені,
Жарық Дүние де - Кійіз Үйі Өзінің,
Ішінде Мейман-Өмір гулеген!..

 

***

 

Мен жинаған қисапсыз байлық ішінде
Ақымақтардың кейбір кездері де бар, жақсылыққа сеп болған.
Арамзалардың кейбір сөздері де бар, жамандыққа тиер оқ болған.
Сараңдардың кейдегі бір рақымы да бар, 
Аш баланы жұбатқан. 
Ата Жаулардың орасан қателіктері де бар, 
Елімді сақтап тұрған қанды сынақтан.
Антұрғандардың тәубасы да бар, жалбарына жылаған.
Өз өкініштерім де бар, айналамнан жиі кешірім сұраған.
Осындайлық қазына да өте-өте көп менде.
Кез келгені үйлесе кетеді мейірімді шөппен де...

 

МАМЫРДЫҢ СОҢҒЫ КҮНІНДЕ

 

Ай, мына Көңілді-ай, ә!... 
Түкті сезбей ме, түкті көрмей ме көзі?!
Нағыз ақымақ екен ғой өзі!..
Анық біліп отырмын,
Гүлдерді - көбелектік жем,
Самалды - диюлық дем,
Жайқалған жапырақты - желпілдеген шүберек,
Кербез кептерді - сүмелек,
Созылған көлеңкені - мін,
Көркем бұлтты - Көкте қозған жын,
Гүрілдеген қаланы - қаңыраған мола,
Батып бара жатқан Күнді бықсыған шала... санайды!
Көктем кетіп бара жатыр екен деп, солайша қастасуға бола ма?
Солайша қоштасуға бола ма Көктеммен?!
Ол - оралатын Құт-Қызыр!..

 

... Жүрегімде қайтадан сұйық нұр ойнай бастады қып-қызыл!..

 

КӨКӘЛӘЙ

 

Перілік тілмен суреттелетіндей дастанда,
Періштелер - Аспанда?!
О қалай?!
Қиялдай салу - оп-оңай...
Ал, Жер бетіндегі сәбилердің бәрі - періште.
Кереметі - Көкәләй.

 

Жан сала алмасымдай бұйымға,
Дәлелдемегім оны қиын ба?..
Мәселен,
Көкәләйім сықылықтай қалса, ғаламат Жұмақ орнай қалады, 
Кеседей ғана балшық- Мыйымда!

 

Олай деудің өзі - айып?
Айыпқа жатпайды ғажайып.
Көкәләйім жылай қалса, 
Көзінен қаншалықты бейкүнә жас ақты, 
Күннің нұры да дәл соншалықты кетеді азайып!
Мен оны да ылғи байқап қаламын, 
Көкәләйім үшін күйге түскенімде жанқиды.
Тіпті, оның кәкегінің өзі көктемгі топырақ аңқиды!

 

***

 

Жалықтым!..
Менің жалығуымда - 
- баршаға Бақ іздеген мыңдағанжылдық обалы бар Зарықтың.
Мен солайша жалықтым.
Қамықтым.
Шектеулі құлдық тірліктен жалықтым - 
- тірлігіндей аквариумдағы балықтың.
Тақпаққа айналып кеткен моральдан,
Қорғансыздардағы жаутаң жанардан,
Қайталана беретін маусымдардан,
Кеңселердегі ұят ойнағыш нән сұмдардан
Һәм олардың обырлығынан,
Тобырлығынан халықтың... жалықтым.
Дүниеге келгендердің сорасынан,
Дүниеден кеткендердің моласынан,
Доссыз сәлемнен,
Қошсыз өлеңнен,
Құдайсыз Әлемнен... жалықтым...
Ешкім де, ештеңе де өзгерер емес!
Бәрінен өлердей жалықтым!
Тозағыңа әкетсең де, алып кетші мені, Жарық Күн!

 

***


Бір ғажап Нұр бар, тани алмай қойған Құран да.
Қайран қалам, жұмбақ екендігін ұғам да.
Қол-аяқ та біте кетеді, сол Нұрды көктей өткен жыланға.
Жұпар гүлге айналады - мұң онда...

 

Егер, Ол шындап тілесе,
Жарықтан да озар, өзінен шапшаң мың есе.
Біресе, Жерге өлең оқып тұрады.
Күнді тыңдап отырады, біресе.
Хайуан да адамданар еді, жүрер болса Оған ілесе...

Сонда ғана ма екен іңкәрлік те, ілім де,
Сөйлеп жататын Көк-Аспан тілінде?!..
Оған бір жағынан тиген қастанды оқ та, 
Екінші жағынан ұшып шығады, сайраған бұлбұл түрінде!..

 

Айтып-айтпай не керек,
Ол - сондай бір ғажап Нұр, мәңгі өмір сүруге қақылы.
Жасасын Ақын Ақылы!

 

ЖАҢЫЛЫСУ

 

Әй, батып бара жатқан ана Күнді-ай, ә!...
Болмаушы еді ғой түр ондай?!..
Бұлттарға дейін қаны шашырап бауыздалған бұландай!...
Бұлбұлдардың да сайрап тұрғаны несі-ей, әр бұтаққа асыла?
Сайрай ма аталарының басына?!..
Ойбайй!... мынаның!...
Қайтадан басын көтере бастады-ей бұланым!.. 
Бәлі-іі... Күн шығып келе жатыр!
Жаңылысып кетіппін ғой Ойымнан...
Бәсе... Таң аңқып тұр еді бойымнан...

 

***

 

Балалар шомылуда, өлі фонтанның сасық суында.
Өкпемнің нәпсісі бар тұтанған шылымда.
Осы екеуі осылай болатұғын бұрын да.
Әне - балағат араластыра қарқылдаған қарғалар...
Жалаңаш жарнама әр...
Әншейін, қараусыз қалған сор Қала.
Бұл Қаланы бұрын да сүйгем мен.
Міне -арсыз да семіз кептерлер, тегін жемге үйренген.
Көбелектер, гүл мен жапырақты айырмас...
Әлде, өзім маспын ба?... әлде, Өмір - мас?!..
Отырмын әйтеуір қамығып.
Жынымды қоздырады ұрғашылықтың теректенген мамығы...
Осындай Жаз енді, 
Бұйра-бұйра көкжасыл шашы газ бен шаңнан ұйысқан.
Уақытпен бірге мый ұшқан...

 

Әй, шіркінің!... мый соңынан жүрек те бұлқынып!..
Болашақта бұл Жаз да, бұл Қала да жадымда жайнап тұрады,
Жұмақтай құлпырып!
Айтпайды Олар, әрине, құбылуының амалын.
Арсыз да семіз кептерлерді де аңсаймын мен сонда...
Жоға, өткенімді аңсаймын... обалын...

 

***


Хаққа да аян - ақындықтың мәңгі бітпесі.
Ажал оғы - Поэзияның жәй бір нүктесі.

 

***

 

Тоғызыншы қабаттағы балконым - аспаным.
Нөсерге қарап тұрамын, бұлттарша буырқанып мас қаным.
Көшедегі жұрт – тырым-тырақай!
Қандай күлкілі ек!
О әділ Нөсерім менің!.. 
Сөйлеп-сөйлеп алады да күркіреп,
Жалған Дүние етегін қара дауылмен түре сап,
Өкіртеді-ай сойқан найзағайларымен шатыр да шұтыр дүре сап!..
Сонда,
Жаңбырмен бірге ағып кетердей бар күнәм,
Жан-дүнием Көкке қарай дір-дір тартылып, мен тұрам...

 

***


Иісін де сезбейді бұ қала - пырақ-жылқының,
Иесі оның – Ақын, келе жатыр көшеде.
Ол – осы қаланың да тұрғыны, 
Қала оны "белгісіз біреу" десе де.

Қалада қасиетті жерлер көп, тап-таза....
Көп ешкім бармайды әттең оларға.
Есесіне, айнала –  тұтастай көкбазар, 
Берер менен аларға.

Қала және Ақын, бір-бірін...
Жүріп келе жатыр Ақын көшеде. 
Ол – осы қаланың да тұрғыны,
Қалаға белгісіз біреу еді кеше де.

Ертең қала келе жатады Ақынға... арқырап...

 

САЙТАН


Періштемін! - деп, сыңқ етті.
Ажал иісі мүңк етті.

 

МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ ПРОГРЕСС

 

Темірленудің ғасыры келді соңғы.
Бәрі - ретте.
Мый - тұтастай компьютерленіп болды.
Кезек - жүректе...

 

ПОСТКЕҢЕСТІК ШИЗОФРЕНИК

 

Оның да Ақыл-Есі - сансыз Ой...
Бұрын солардың біреуі су болып ақса, 
Біреуі шам болып жанатын.
Біреуі - егінін мақтан етіп, 
Біреуі - қанатын...
Біреуі - ін қазатын. 
Біреуі - өлең жазатын...
Бірақ, бәрі де құдайсыз еді.
Дегенмен, белгілі бір мөлшерде, күнәдан таза-тын.
Кәдімгідей шалдығып,
Ортақ мақсатқа жұмыс істейтін барлығы...

 

Бір күні оған Сайтан келіп, кеңес берді:

 

- Ақыл-естік барша қазынаңды тарат меншікке!
Өзің де зор байлыққа кезігерсің!
Әр Ойың өз күнін өзі көрсін!
Әрқайсысы өзі тапсын құдайын!...
Сонда еркіндік болады ұдайы!...

 

Қабыл алды Сайтанның кеңесін.
Сонан кейін-ақ басталып берді көресін...

 

Қазір Ақыл-Есін басқарудан қалды мүлдем Ол.
Бір Ойлары - меншікқұмар-менмен қожалар!...
Екінші бір Ойлары - малайлары солардың.
Үшіншілері - улы сынақ алаңдары жат елдің.
Төртіншілері- террористер сәлделі...

 

Бәрін де жөнге салар еді-ау күшімен!
Әттең... Сайтанның демін сезеді ішінен...

 

ӨМІР ТУРАЛЫ ДИАЛОГ

 

- Дүниеде кім өлмейді, не өлмейді? 
- Ажал өлмейді, жемір. 
- Неге өлмейді? 
- Өйткені, ол – Өмір.

 

***

 

Қабырғада – сағатым.
Іліп қойғам – ермекке.
Жалған Дүние уақытын көрмекке.
Ақыл-Есімнің өз уақыты бар,
Өмір сүретін қайырымды жын секілді,
Сиқырлы шөлмекте...
Ал, өзім - Болашақпын.
Сорым да, құтым да аман.
Соңымда – жүрек дүрсілдеп, сағат шықылдаған.

 

ОРАЗАМ

 

Таң нұры мыйымды қытықтап... ояна кеткенім сол еді...
Алтынға тұра ұмтылды бір Ойым!
Арсыз алқынған Түнді аңсай қалды бір Ойым!
Атақ-даңқ жаққа жүгіріп кетті бір Ойым!..
Бет-бетімен нәпсі қуып мың Ойым!...
Ой, оңбағандар-ай!.. ашкөзденген жын-ойын!..

 

Сонда, бәрін... құлданған, бұлданған, жынданған,
Күн нұрының атынан дереу тұтқындап,
Қамап тастадым, Ес түкпіріндегі зынданға. 
Ұят шұғыласы құлпырып зейінде.
Енді, ғұмыр бойы жұпарлы жыр жазам. 
Ғұмырымнан кейін де.

 

***


Қасіретті жырларымды жерлеймін көзжасыммен.
Ішкі.
Қасиетті күндерімді мөрлеймін көңілімдегі алжасылмен...
Күшті!...

 

***

Кеше ғана Көктем еді,
Түртіп емген Көк-Аспанның емшегін
Әр бүршігінен Тәңір Жаны аңқыған.
Енді, міне,
Жұпар желі Көңіл шалғынындай еспелі,
Күркірек нөсерлері - қалың орман көшпелі,
Жасылбұйрашашты кербез Жаз - мынау!
Жазға қарап, мен де өзімше мәзбін-ау!..
Маңдайыма жапырақ жырын жазғыр-ау!..

 

Күз де келер соңыра,
Омырауын алмабақпен жасырып.
Салқын сағым, еркелеген дірдек түр.
Сонсоң - тұман гүлтекті...
Сонсоң, қар да жапырақтана жауады...
Бәрі-бәрі Өмір аңқып бағады!

 

Мен де соларша өсіп ем.
Мен де коректенемін Тәңір қошымен,
О Дүниеге таза бармаққа.
Жұмаққа қарай домалайды қаңбақ та.

 

ПЕНДЕШІЛІК ҚАҒИДАСЫ

 

Біреудің таңғы досы өзін сатып кетеді кешкісін.
Біреудің бақшасына біреу қасақана жайып жүреді ешкісін.
Бес кісі "Құдай бар!" десе, "Құдай жоқ!" дейді бес кісі...
Барлығы - баяғыдан келе жатқан ескі сын.

 

Мында - қуану, ал, анда - мұңаю...
Неге солай бола береді ұдайы?
Өйткені, әр адам - әрі бейкүнә, әрі мүләйім,
Танығысы келмейтін ортақ Құдайын.

 

***

 

Жас атаулыдан - арманшыл ақымақ кезімді,
Мас атаулыдан - жалмаңдаған безімді көрем.
Кемсең қаққан корғансыздарға кезіксем,
Қорлағыштарды күні ертең тәубасына түсірер 
Көрдей суық сөзімді көрем.
Еліме қарасам,
Өзімдегі Аспандай нұрлы сезімді;
Жеріме қарасам,
Өзімдегі ажалдан да ауыр төзімді көрем.
Мен бүкіл дүниеден Өзімді көрем.
Көрем де,
Баршамыздың бір ғана Атаның - құтынан,
Бір ғана Ананың сүтінен жаралғанымызды түсінем.
Шіркін-ай, әркім осылай түсінсе ғой ішінен...

 

***


Жалған Дүние –  ұрғашы? Ол –  ашына?..
Жұмбақ па ғұмыр мәні?
Сенбеймін мен адамның баласына.
Бәрі де – құбылмалы.

Берер деп те тоспаймын Жұмақ аян.
Бар менің бөлек дінім.
Сайтанымның пиғылынан біле қоям,
Не істемеу керектігін.

 

АДАМЗАТ?..

 

Бір ел бір елді кісендеп отыр.
Бір ел бір елдің қанын ішем деп отыр.
Ал, бір ел бір елді сатып алмақ.
Көнбесе, атып алмақ.
Енді, бір ел қатын етіп те алды бір елді.
Бір ел бір елді түпкілікті мәңгүрт етіп те жіберді...

 

Әйтеуір, біреуі біреуімен параланып,
Біреуі біреуінен жараланып...
Күндері тұтылып, Айлары қораланып...
Өзара ешқандай шынайы туыстық та,
Ешқандай шынайы достық та жоқ...
Саясат пен сауда һәм соғыс қана бар еларалық.

 

Енді,
Ажалымызды да тартып алмақ па, біз сияқты күнәсіз өлген елден?..
Әй, иттің ғана балалары-ай, садаға кеткір пенделерден!

 

***

 

Мен мыйымды Көңілімнің қошымен жұпарлап,
Жарық Дүниеге тосамын, тебірене.
Ал, Ол мыйыма жұпар Өлең жазып береді, емірене.

 

 

БАҚЫЙ АЙНАЛАЙЫНЫ

Жатырдағы өмір,
Жалған Дүниедегі өмір,
О Дүниедегі өмір,
Тәңір,
Жатырдағы өмір...

 

***

 

Арман-ай десеңші!...
Мен де адамша күлер ем ғой, 
Өмірді әдемілеп сүрер ем ғой!...
Елімнің қайғы-зары толып тұрған Басымнан 
Бала сипай қалса да, жылап... жіберем ғой!..

 

ЖАЗ, САҒАН АЙТАМ...

 

Ғашықтыққа күйдім көп.
Мен де сендей Ійемін.
Жан-дүниеңнен сүйдім деп,
Жапырағыңнан сүйемін!

 

Жаңбырлатсаң,
Мың есер
Жап-жарық боп ойланар.
Жүрегіңде бір түнесе,
Жын да адамға айналар!

 

Бұлтпен көшкен мыйы - өлең,
Жоқ өзіңе тең шебер.
Ажалды да сүйер ем,
Сендей жасыл болса егер!

Дәл өзіңдей құлпыра құбылып,
Нұр сөйлейді өкпем де.
Тым құрмаса, қалсыншы бір шыбының,
Ертең өзің кеткенде!

 

МӘСЕЛЕ

 

Маған осы не жетпейді, білмеймін.
Жұлынымды жаныштайды да тұрады зілдей мұң...
Бейне бір, тұмсығы жоқ пілдеймін.
Әлде, көгі күйіп кеткен күңгеймін?..

 

Барлап қарасам,
Бүгінгісі - қор, ертеңгісі зор Елім бар.
Бүгінгісі - сатылған, 
Ертеңгісіне дұшпандарымыз аһ ұрған Жерім бар.
Бүгінгісі - тоңқаңдап арабша ән салған, 
Ертеңгісі өліге де Дем салған тәңірлік Сенім бар.
Яғни, өзімді бақытты сезінетіндей-ақ жөнім бар.
Бірақ...
Үнемі қамыға ойлаймын.
Маусымдар айналысына ұқсаған айналма қойдаймын...
Неге?

 

Жүрегім - жаутаңдарға жақтасып,
Мыйым - тылсымдарға қақпа ашып,
Сегіз қырлы хақ Сөзімнен өзіме атылған оқ қашып,
Жанымның жайлауында ойнап-күліп жатса да көп ғашық,
Бәрібір, Сор мүңкитіндей Бақ-Басым...
Мейлі ғой, бұ Дүниеден де өтермін ыңырсып.
Тек, о Дүниенің Тозағынан я Жұмағынан да
Құдай дәл осылайша қоңырсып өтуден сақтасын!..

 

Ал, о жақта да солай болса ше?!..



***

 

Сол ғой, сол... жұрт секілді шерліміз біз.
Оңаша шер тарқату - ендігіміз...
Есіме қай-қайдағым түсе кетер, 
Алдыма келе қалса меңді қымыз.

 

Ал, іштім меңді қымыз бүгін мен де,
Есермін, ақымақ Басы - жұмыр пенде...
Ернінен өпкендеймін меңді Қыздың,
Зереннің ернеуінен сіміргенде!..

 

Құныға сәл қақалу, жөтел... өңеш...
Меңді Қыз!.. бет-әлпеті - бөтен елес!..
Тегене түгесіле... 
Сезінемін
Өзімді, не жын емес, не пері емес!..

 

Ол сезім... өз-өзіңнен қорқасың да,
Бақсыдай, аюы бар арқасында...
Меңді Қыз... меңді қымыз құбылады,
Жұмақ пен ит тірліктің ортасында!..

 

Сонда да өткірленіп ақыл-ынсап,
Аңқимын әулиенің нақылынша!..
Тозаққа өкінбей-ақ барар едім,
Онда да меңді қымыз сапырылса!.. 
Әрине, меңді Қыз да шақырылса!..

 

***

 

Жарықтық Нөсер ғана - жан ғажабым,
Көкіректен үркіп ұшар даңғаза мұң!..
Жапанда күн күркіреп, Үй қозады,
Үй іші, терезе алды - мен қозамын!..

 

Ұшты ма мұңмен бірге үркінді Өлең?
Басыма көнер емес шіркін денем!..
Қозғалған жалпағынан қара бұлттар
Диюлар көрпесіндей бүлкілдеген!..

 

Жын-пері шыға келді қай қапастан?
Дүние ұмар-жұмар айқаласқан!
Бас түгіл, Басымдағы шашқа дейін
Күркірей қоздырады қайтара Аспан!..

 

Көк Нөсер!... 
Өте шықты Ол, анайы ұлып,
Ұрғашы емен тәнін қақ айырып!
Шалқадан... ыңырсиды шалғын-Сұлу... 
О неткен көркем еді Жабайылық!..

 

Сол ма екен Нөсерді де дұғалаған?
Кім білсін, жұрт та жаппай құмар оған?!..
Жалғыз Үй жапандағы
Айналаға
Астынан кемпірқосақ сығалаған.

 

Қайтадан жұпарлана жел де есілген.
Қой, болды, ұят болар, енді есірмен...
Есіме сол бір Обал түсе қалып,
Терезе жаба қойдым пердесін мен...

 

***

 

Отқа күйген, нұрға күйген, жарыққа...
Пәруана... бойындағы шалық па?
От пен Оттың, Нұр мен Нұрдың сүйісі - ол!
"Жынды көбелек" - түк ұқпайтын халыққа.

 

Жанымды жеп қоймас үшін күйе-мұң,
Күн Нұрының етегінен сүйемін...
Жерлеймін мен пәруананың да сүйегін,
Саумалына шомылдырып биенің.

 

Ынтығысып пәруана-Ойлар Басыма,
Қош үстеуде Ақылымның қошына...
Сүйегімді жерлеп ертең халайық,
"Жындыкөбелек" деп, жазып қояр тасыма.

 

***

 

Арсыз заман жатып алып көлденең,
Тәңіріге жете алмастан өлді Өлең?
Топас қала!..
Жаным - ауру!..
Мен енді
Түзге барып емделем!

Күйбең тірлік - жай алдамшы місе бір.
Кетем бүгін қабылдауға Түз емін.
Жапанымның жаңбырымен қылғытып,
Жайдың оғын ішемін!

Сансыз сезім!... миллиондаған иісі
Түйсігімде қалған сынды-ау ұйысып!
Самбыр-самбыр сөйлейді кеп үздіксіз
Сайтанхана-мый іші!

Ғыз-ғыз жүйке - дерт көкесі қышыма!..
Әлде, бәрі - қош Өлеңнің сұсы ма?!
Күннің нұры кәдімгідей қалшылдап,
Тартылады қаламымның ұшына!..

 

АДАМ

 

Күнде ғажап жарылыстар бар! - дейді ғалымдар.
Со да тылсым ба таң қалар?
Адам бір ғана Сөз айтқысы келсе де,
Мың жарылыс жасайды ондағы нұрлы Жан-ғалам!

 

"Шіркін, Жұмақ-ай!.." дейді діндарлар, жінігіп.
Жұмақтың көксерліктей сонша несі бар?
Аң да иіскеп қалмаққа асығар
Адамның Бақыт аңқыған Басынан!

 

Аспан неткен шексіз! - деп сүйсінеді ғашықтар.
Ол сүйсіністі де ұға алман.
Көктегі барша жаратылыс оза алмас
Адамдағы ізгі қиялдан!

 

Періштелікті армандайды бәр пенде.
Періштелік те зор арман?
Адам Құдаймен де дос болады.
Әйтпесе, Адам болар ма!..

 

Бұл тұжырым - Ес Бағындағы бір түйін ғой.
Тек... Адам болу қиын ғой!..

ЖЕРЛІК ЯКИ ТАЖАЛДЫҚ ТАРТЫЛЫС

 

Сәби кезімізде екі аяқтан тік тұрып,
Адамдығымызды өзге тіршілік иелеріне ұқтырып,
Аспанға, Күнге ынтығамыз, өзімізді жаратқан.
Ай, неткен құп қылық! 
Неткен мықтылық!
Бойымыздағы Жұмақ иісі төгіліп те жатады балақтан!..

 

Өсе келе, төртаяқты аңдарша
Нәпсі соңынан жортып кетеміз, әбден хайуан болғанша.
Күн де - адыра, Аспан да..
Ай, неткен қор қылық!
Неткен сорлылық!
Тозақ иісі мүңкиді, көтен түгіл, Бастан да!

 

САҚТАНДЫРУ?

 

Жаһан жазмышын жадына 
Күн нұры жазған көк мәрмәр
Жер бетінде тіршілік жоқ кезде де бар еді.
Шөп те пайда болды, аң мен құс та, балық та...
Адам пайда болғанда, 
Бір Сөз айтпақ-тын оған сол көк тас.
Тастың Тілі өте баяу қозғалар.
Сол себепті, бүгін ғана айтып болды ол Сөзін:
"Тоқтатыңдар!.."
Кім біледі мәнісін?

 

БІР КӨРГЕННЕН ҒАШЫҚ БОЛУ

 

Қыз: – Бір-ақ рет қарадың. Бір-ақ рет.
Тәтті азапқа қалдырдың! Рақмет!..
Жігіт: – Бір-ақ рет қараттың. Бір-ақ рет.
Бір махаббат - болады - бір ақырет.

 

ӘСЕР

 

Бәлі, жаздың мына Таңын қара, жұпары аңқыған төсінің!
Тұла-бойыма тұтас сіңсе еді осы шаттық, осы мұң!..
Мұндайда жапалақ-жапалақ қар жауып кетсе де, несі мін?
Мен қазір Ата Жауымның да досымын!
Дүние-ай, тілек нұрларымен шым-шытырық жалғанған!
Сонау әсем қарғаларды қара, 
Қаптай ұшып келе жатқан орманнан!..
Қанша азап шексем де, Тәңіріге қарғанбан,
Өмір ғажап қой, соңы - сағыныш, алды - арман!..
Иесіз қалған иттер жүр... 
Олардың да кемпірқосақтанған нұрлары бар мыйының!..
Ана бұлттарды қара - қызыл айғыр үйірі!...
Жаным Жан емес, - тылсым құйыны!..
Құдіретін-ай Қазақтың төкпе де шертпе Күйінің!..

 

***

 

Бұл маусымда да менің ұйқым - үнемі түс көру.
Түстегім де - сол, өңімдегі ішкен у...
Сөйтіп, әбден титықтағанда
Өмір сүрудегі қарекет пен арманнан,
Әбден түңілгенде мына Жалғаннан,
Іштей ыңылдап обал-ән,
Бірер сәтке демалам.
Сонда да, 
Тұла-бойыммен тұтас мейірім ойлауды қоймаймын.
Ауаны да көзіммен қытықтап ойнаймын.
Ол самалға айналады!... Жәннәтім!..
Кірпігіммен тазалап берем көбелектің де қанатын.
Тынысыммен де жан бітірем солып бара жатқан гүлге, ерен.
Қуарған Далаға да нажағайлы бұлт шақырып үлгерем.
Балдырғандарды да баурап самалам...
(әлбетте, іштей ұдайы ыңылдап отырам обал-ән)
Менің Жаным - сондай мырза Жан.
Тіпті, әжетхана ішінде темекімнің түтінімен де жыр жазам...
Сонсоң, 
Бір жымиып алып мына Жалғанға,
Қайта кірісем өмір сүрудегі қарекет пен арманға.

 

***

 

Көктем мен Жазды сүйетінім соншалық,
Жан-Дүниемдегі Қорқыныш храмы, оның қақпасы,
Жан-Дүниемдегі қайғы-зарларымның да түгел улы бақшасы, 
Жан-Дүниемдегі елірмелік от шашу,
Жан-Дүниемдегі нәпсі-күлкі, нәпсі-ашу...
Бәрі-бәрі - жап-жасыл!

 

***

 

Уай, Ақын-Жан, 
Әр Сөзіңмен
Ойсыздарды да ойландырасың.
Оңбағандарды да толғандырасың.
Асқақтасаң асқақта!
Жербетіндік барша қасіретті де
Жүрегің арқылы ізгілікке айналдырасың, 
Мыйыңнан Дүниеге жасампаз жарық шашпаққа!

 

 

ЖАЛҒАН ДҮНИЕДЕН ТҮҢІЛУ

 

Нұрлы Болмысым оранған топырағымды
Атамекендік топырағыма тапсырып,
Көкке ұшып кетпегім - ең керемет жақсылық.
Мен солай,
Әділетті тәрк еткен
Осы Жалған Дүниеден құтылмаққа бекінгем.
Сонда Тозаққа түссем де, өкінбен.
Оның барша азабына да көнер ем.
Тек, әділетті болса екен сол Әлем...

 

***

 

Бұл - Құдайдың жоғы ма, бары ма:
Елім деген, Жерім деген Жаныма
(тұтас болмысы жарадан көрінбейтін)
Шыбын екеш шыбын да тышып кетуден ерінбейді!
Әй, ызылдақ ұғынық-Ой!..
Тышса, тышып-ақ кетсінші,
Ол да - Елім мен Жерімнің шыбыны ғой!

 

ӨТКІНШІ ЖАҢБЫР

 

Іңкәрлікпен аластау үшін, Ойдағы мен бойдағы кеселді,
Бұлтпен айқаластым нөсерлі.
Ғажап-ай!...
Жан-дүниемде - мың сан жасампаз нажағай!..
Есім де шығып кетті, қым-қиғаш жаңбырлаған өбістен!..
Аздан кейін, қала бердім: - Тұрақсызын-ай!.. - деп, іштен.

 

ЖАЗ, САҒАН АЙТАМ ТАҒЫ ДА...

 

Жұлдызды шымылдығың - шарапат Түн.
Дұғалы арайыңды да аралаттың. 
Жазуын бұл өмірдің бізге жұмбақ,
Оқисың көзімен де қарақаттың...

 

Тірліктің деме мені жазған құлы,
Күрсінсем, қобыздың да қозған қылы.
Мұнартқан санам іші ұйықтап жатқан
Самалды оятады қаз қаңқылы.

 

Демің - сол, қызыл өлең, жасыл өлең!..
Күн сайын шырмауығының да шашын өрем.
Мен Сенің, рұқсат етсең, арамшөбіңді де,
Өзімнің обалыма көшірер ем!..

 

Сүйдіртіп үлгерсе де бәрін ғұмыр,
Сен ғана - бұ Жалғанда қалыңдығым!
Иіскер ем маңдайыңнан,
Арман ғой - ол,
Құсың да ұстатпайды, Жаның түгіл!..

 

О Кійе-Махаббатым, пішімі ерен!...
Көрмеп пе ең некелесіп кісіменен?!..
Мен өлсем, 
Тәңір Сөзі аңқып ұшқан
Орасан нажағайыңды құшып өлем!

 

 

***

 

Жаңбырлы Жаз, жаңбырлы...
Жапырақ түгіл, Жан - бүрлі!..
Қуаныштан егіл-тегіл жылап алған көңіліңнен де
Кемпірқосақ сезінесің сан қырлы.

Тауларды бұлттар бүргенде,
Аспан тәні сұрапыл нажағайлана, Жерге кіргенде,
Аласұрған ерен жасыл отты да байқайсың
Ар-ұяттық түрмеңнен!

Сол кезде Күннің шекетамырлары да көкпеңбек!...
Жүйкең де бір рахат азапты шеккенде!..
Ыңыранған Жер жарықтық жүкті болып та үлгереді
Келесі бір Көктемге!

 

***

 

Жап-жас сұлу, ұрғашы бұлаңдаған.
Ғашық болып қалар-ау жылан да оған!
О Сұлулық!.. адамға мәңгі мақтан,
Өтіп бара жатқан-ды таңғы бақтан.

 

Бақтың іші - мөп-мөлдір сана тынған.
Сәкілердің бірінде шал отырған.
Қасиеті жетерлік бір басына.
Қарай қалды әдемі ұрғашыға.

 

Көзінде оның - бір көркем сүйік-ұнам...
Ал, қыз өтті, мырс етіп миығынан.
Қайран жап-жас еркектік қыршын қылық,
Тозған топырақ ішінде бір шыңғырып!..

 

***

 

Ақ таңмын.
Көңілімді өкінішпен қақтар мұң.
Өмірден қашқан бауырларымдағы көп арман
"Көктен түскен кітаптарға" қамалған...

 

Талтүспін.
Жанымның мазасын алғыш мұң.
Заман - мынау, ауызкесел, бұткесел.
Бақ пен Сордың құпиясын ұқпас ел...

 

Іңірмін.
Ғұмыр - мұң.
Бақыт дәмі де - у дәмі.
Тәңір Жүзі тым бұлыңғыр - жадішіндік будағы...

 

Бүгін де түк бітпеді. Масқара!..
Сөз соңындағы көп нүктелер - көзімдегі жас қана.

 

***

 

Ооо, қандай ғажап - тұла-бойымнан тыс әлем!
Құс болып та ұшар ем!..
Су жарықтыққа да айланып!..
Аң болып та отырар ем ойланып!
Жүрер де едім шөпті емдеп!..
Тілдесер ем Көкпен де!..
Тіршілік иелеріндегі барша қасиет - бойымда.
Тек сол қасиеттерге сенім ғана жоқ - менде.
Әзірше.
Еһ, пенде...

 

***

 

Ынта мен күрек дайын.
Ағаш екті көршіміз, - жұмақ пайым.
Тал мен терек, ешкітал, шілік, шеңгел.
Арасында - тегі асыл бір ақ қайың.

Күтім мен қорек дайын.
Жел мен жаңбыр шаштарын тарап дәйім,
Шұбар тілде шуласып жатты бәрі.
Қайтыс болып кеткені - сол, ақ қайың.

 

***

 

Әр Сөзіңе, жаратылған періштелердің демінен,
Әзәзіл де өлердей болған, еміне,
Ата Тілім,
Сені де; 
Әр жусаныңды қорғап тұрған жүз балбал,
Күнге Кійең кісінеген, Түз-Қамбар,
Сені де - 
Құртып тынбақшы биліктегі дұшпандар!

 

Енді кімге, қалай жеткізем назамды?!..
Оданда, бүгін өткерейін де қазамды,
Тәңіріге аман-есен алып барайын, тым құрмаса,
Бір ауыз Аталы Сөз бен бір түйір атамекендік тозаңды!..

 

***

 

Ақиқат бар, әңгүдіктер тарих топырағына жасырған...
Өлең тылсымына Ақын енгенде тосыннан,
Жапырыла қашып түйе үстіндегі қосындар,
Жасылтулы пайғамбар да шошынған!..

Қорқыт сарыны гулесе де қобыз бенен қурайдан,
Күннің нұры сөйлемейді түнгі Айдан.
Ақын - жалғыз, ақымақ - сансыз. 
Арасы - 
бітіп болмас гүр майдан.

Ақылсыз Ес - дін сөзіне де ұйып, түтіндер...
Поэзия - ажалсыз әлем, бітімгер.
Әй, пенделер, 
Ақынды өлтіргілерің келсе,
Өлең тылсымынан тыс қалған кезін күтіңдер!

 

ТОТЕМ

 

Ақыл-Есім іші - қошқылтым...
Азуы туған Ай түрінде ақсиған қасқыр-Түн
Ұлиды-ай кеп!
Ұлығаны сондай,
Қоздырады тіпті тас құртын!..

 

Қара тырнағына дейін - компьютер
Қалалық тірлігімізді маңқитып,
Қасқыр-Түн ұлыса,
Қара Түзде кәдімгі қасқырдың ұлығаны да өмір аңқиды.

 

Кім білсін,
Әр монитор смайликтерін ғана жымитып,
Әр көмейдегі қызыл сөздер - тіл үйтіп...
Көкбөрілік түйсігіміз құриды?
Жоқ, анық білем,
Қасқыр-Түнге мағынасыз үріп жатқан қалалық иттер де,
Бәрібір, өлерінде ұлиды...

 

Ақыл-Есім іші сондай Ой бар қошқылтым,
Оянатын, ырылдағанда қасқыр-Түн.
Көңіліміз ұлый-ұлый...
Түбінде,
Бір көкжалын Көктен түсіреді тақсыр Күн!..

 

***

 

Түйсігіме елестейді қадымнан
Атабабалық алтын жамбылар...
Барша жазу - Уақыттың жадында.
Тарих - соның ізі ғана, қалдырар.

 

Ол іздің де сырын ұқпай, егілдім.
Тарихшылар да түк ұқпайтын сияқты. 
Бұл өмірден білмей өтсем Тегімді,
Жаратқаннан ұят-ты.

 

Уақыттың жадын оқу - мақсатым.
Кім не десе, о десін.
Толғанамын, Ой сүйегін қақсатып,
Иіскей қалсам Туған Жердің көдесін.

 

Күбірлейді дулығалы әпсана...
Көдеде де көне заман даусы бар!..
Ақылымның ақ түнегін қақ жара,
Шауып шыға келердейін қадымдағы жаушылар!..

 

МҰҢ

 

Кімдікі қалай, білмеймін,
Мендегі ғұмыр - шұғыл іс...
Бүкілғарыштық түндей Мұң -
Жаным түкпіріндегі құбылыс...

 

Рас, шектеулі - бұдүниелік өмірім.
Дауасыз, бірақ - әр арман.
Барша Ойларымның тамыры
Мұңның дымқыл нұрынан нәр алған...

 

Түйсінем соны шашпен де.
Ал, сырын қалай ұғармын?
Қиялдай да алмайтын еш пенде
Құдайдың Демі.. шығар - Мұң?!..

 

ТҮНГІ  НӨСЕР

 

Қара Түн. Күн күркіреп, бұлт өртенген...
Кәдімгі жылқы сынды үркер пендең...
Балконда, тоғызыншы қабаттағы,
Мен тұрмын дұға ұшырып шілтен-демнен!

 

Жай оты жаманды да соқса, - обал-ақ!..
Алқынған айқайлы ауа - көк самала!
Жарқылдап, Жан шошыта сүйсінтеді
Көз алдым - жатәлемдік патша-Қала!..

 

Десем де табынбайын, құлданбайын,
Естіп тұр бір тылсымды пір-маңдайым.
Айпыр-ай, неткен төгін!
Нөсер емес,
Аспаннан мұхит сөйлеп тұрғандайын!

 

Қосыла кісінесе азбан әлем,
Ғайыпты көре алатын Көз болар ем!...
Бейнелеп берді маған Құдай Жүзін 
Алапат нажағайлар жазған Өлең!..

 

ТЕККЕ ӨТКЕН КҮННІҢ ҰЙҚАСЫ – БҰЛ

 

Баяғыда таң атқан. Үр ғашығым...
Қызыл сөзбен мезі етті нұр-басылым.
Ызың да бар ауада... жын ба? шыбын?..
Күйбең тірлік... дəрі мен құрмасы - бір.
Кемсеңдейді ішімнен ұрғашы мұң.
Мен Тыныштықбек емеспін, сұлбасымын.
Батуға да таяу Күн. Жыр басы - іңір?..
Жиырматөртсағаттық қайран бір ғасырым!..

 

***

 

Мен, тегінде, көсемдердің де білмейтінін білемін.
Қас дұшпандар үшін қылшылдаған семсер - түр-өңім.
Сорлылардікінен де бетер сорам да ағады.
Арлылардікінен де асыра, әдемі күлемін.
Абызымын Даланың.
Доңызымын қаланың.
Ұлағатын айтып тұрып дананың,
Ұғатынын ұқпай да жатам баланың.
Әулиемін - Өлеңде.
Жаным - космостық тереңде.
Әдебімнен айырылып та қаламын,
Әзәзілге ерем де.
Албастылардың да жанды жерін білемін...
Алкеуделілерге де жасай аламын жын емін.
Бірде - пайғамбар, бірде қас топас болып,
Бұ Жалғанда қыдырыстап, біраз жүремін,
Қашан өзіне шақырғанша Көктегі таң-ғажайып Күн-Өмір...

 

ШІЛДЕНІҢ ОСЫ ТҮНІНДЕ

 

Қараниеттілердің көкейін жаралағыр,
Қандай өткір - қара ала нұр!..
Жанымды ұлытар қайғым барда, 
Осы Түннің кекті қасқыры да бола аламын.
Көркем жұлдыздарына да көз жауымен қаңғырып кетем...
Қияли болып ораламын...

 

Еһ, күркіреген, дүркіреген кешегі өр Көктем-ай!..
Бір кеткеннен, оның да мол кеткені-ай!
Сиқырлана несіне жымияды,
Алқаракөк бұрымына су күмісін шолпы еткен Ай?!..

 

Тапсам ғой шіркін дамыл.
Бұл Түн де - бүлк-бүлк еткен құлқын-тамыр.
Мен - ішіндемін елдің нәп-нәзік үмітінің.
Қалың ұйқысының сыртындамын...

 

Бір жыным сыртқа ұмтылып, бір жыным - ішке...
Үзілер ме екен болашаққа деген үмітім, жіп-жіңішке?
Жындыкөбелектер лап қояды 
Мендегі көкжалын күрсініске!..

 

Бүкіл ғұмырым - әншейін бекер қызық.
Көрмепті ешқашанда шекем қызып.
Осы Түн арқылы кетіп қалсам қайтеді өзге әлемге,
Ажалмен ортақ некем бұзып...

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар