26 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Марфуға Шапиян: Мағжан ақын өзін неге «пайғамбар» атады?

18.07.2016 331

Марфуға Шапиян: Мағжан ақын өзін неге «пайғамбар» атады?


 

 

Мағжан Жұмабаев – қазақ поэзиясының дүлдүлі, Алаш үкіметінің көрнекі қайраткері, ұлт мақтанышы. «Өзі – от, өзі – жалын» ақынның поэзиясы нәзік, сыршыл лирикаға ғана емес, үлкен рухқа да толы. Және «Алла», «Тәңір», «Жаратқан» деген сөздер өзгелеріндей емес, Мағжан ақында жиі кездеседі. Соған қарамастан, өзін «пайғамбарға» балап өлең жазған да осы – Мағжан. Ақын өзін расымен пайғамбар сезінді ме, жоқ әлде бұл әдеби көркемдеуден туған дүние ме? Міне, кезекті мақаламыздың зерттеуін осы төңіректе жүргізіп көрген едік.

 

Magjan.JPG


Жұмабай қажының немересі


Мағжан 1893 жылы 25-маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, Сасықкөл жағасында дүниеге келген. Мағжантанушы ғалым Шериаздан Елеукеновтың жазуынша, атасы Жұмабай қажылық парызын өтеген, шаруаға пысық, саудамен айналысқан адам болыпты. Ортаншы ұлы Бекмұхамедтен (Бекен) көрген төртінші немересінің есімін ауыл молдасына азан шақыртып «Әбілмағжан» қойдырыпты. Осы деректерден-ақ Мағжанның текті жерден шыққанына, дінді білетін, түсінетін ұяда тәрбиеленгеніне көз жеткізуге болады. Өйткені, ол уақытта қазіргідей емес, қажылыққа қазақтар жылдап жол жүріп баратын. Жол азабына иманына, құлшылығына берік жан болмаса, былайғы жұрттың шыдауының өзі оңай емес еді. Жұмабай ақсақалдың қасиетті Мекке-Мәдина сапарынан әкелген көне Құран кітабы мен жайнамазы бүгінде ақынның туған жеріндегі музейінде ең бағалы жәдігерлердің бірі ретінде сақтаулы тұр.

 

Әріпті молдадан таныған Мағжан


Жұмабай қажы ауылының балаларына дүмшелеу Кәрім атты молда сабақ береді екен. Алты жасар Мағжан арасында өзінен ересек балаларға еріп, оның сабақтарына қатысып қалатын көрінеді. Сондай кезекті дәрістің бірінде араб әріпінің сөз соңында қалай жазылатынын білмеген бір баланың орнына кішкентай Мағжан жауап беріп, молданы таңғалдырады. Бұл туралы «Мағжан» кітабының авторы Шериаздан Елеукенов: «Жауабын мүдірмей дұрыс берген Мағжанға қайран қалған молда бұл оқиғаны атасы Жұмабайға жеткізеді. Сонда Жұмекең: «Осы немерем менің атымды дүниеге әйгілі ете ме деп дәметем. Оқыт. Оқысын», - деп батасын беріпті», - деп жазады. Осылай Мағжанның молдадан оқуы басталады. Араб әріпін қағазға үлкен етіп түсіріп, қолындағы таяғының басына қыстырып үйрететін Кәрім молданың сабақ беру тәсілі, шамадан тыс қаталдығы қанша шошытқанмен білімге құмар Мағжан оқуын тоқтатпайды. Кейін әкесі Бекен ауылындағы мектепке білімдірек молда іздестіріп, Ахия Аханов деген кісіні тауып әкеліп, Мағжанды содан оқытады. Мұнымен де тоқтамай, шамамен 1906 жылдары Мағжанды Қызылжардағы жәдид молда Қасен Панамарұлының медресесіне түсіреді. Сонымен қатар, ақынның Ыстамбұл университетін бітіріп келген имам Мұхамеджан Бегішевтің медресесінде оқығаны туралы да дерек бар.

 

Мағжан – атақты «Ғалия» медресесінің шәкірті


Қызылжардағы медреселерде алты жылдай білім алған Мағжан 1911-1912 жылдары сол кездегі ірі дін мектептерінің бірі, Башқұртстанның Уфа қаласында орналасқан «Ғалия» медресесінде оқиды. Бұл туралы жазушы Жүсіпбек Аймауытов 1923 жылы Ташкенттегі қазақ студенттері алдында сөйлеген баяндамасында: «Медресе «Ғалияның» оқытушылары Мысырдан, Ыстамбұлдан оқып шыққан татар зиялылары болған. Өздері ислам бұлағынан су ішіп, мұсылманшылдық, түрікшілдікпен уланған татар оқытушылары шәкірттерін де сол рухпен тәрбиеледі. Ұлтшылдық, түрікшілдік, қала берсе исламшылдық туын көтеріп, медресе «Ғалия» өз заманында қазақ, татар, башқұрт, уақ ұлттардың жасына недәуір сезім кіргізді. Руссия қоластындағы түркі баласын оятып, жауыз патшаның арамза саясатына қарсы тұрғызбақ болды», - деген болатын. Расымен, «Ғалия» медресесі Мағжанның кейін өзі талай айыпталған мұсылманшылдық, түрікшілдік, ұлтшылдық болмысын қалыптастырды. Ақынның діни білімін ғана жетілдіріп қоймай, әдебиет әлеміне де жолын ашты. Онда жүріп Мағжан белгілі татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовпен танысты. Ол Мағжанның тұңғыш өлеңдер жинағы – «Шолпанның» жарық көруіне көмектеседі.

Мағжанның әр өлеңінен Жаратушысына деген махаббат пен сенімнің, тәуекелдің көрініс табуы 10-12 жыл бойы үздіксіз алған діни білімінің әсері, соның бойына әбден сіңгендігінен болар.

 

Мағжанның «ескішіл», «діншіл» деп айыпталуы


Қазақта «Абай – ақылдың ақыны, Мағжан – ақынның ақыны» деген сөз бар. Ал академик-жазушы Зейнолла Қабдолов оған: «Қазақ өлеңінің Абайдан кейінгі алыптарының, айтулы алтын діңгектерінің бірі ғана емес, бірегейі – Мағжан Жұмабаев» деп баға береді. Міне, сол Мағжан Кеңес үкіметі тұсында «ескішіл», «діншіл» деп айыпталды. Олай айыпталуы заңды да. Ақын қандай қиындық көрсе де, «тар жол, тайғақ кешуден» өтсе де өлеңдерінде Алладан үмітін үзбейді, бар керегін Жаратушысынан сұрайды. «Айға» атты мына бір өлеңінде:


Ант етіп айырылмасқа бірігейік,

Ас-сусыз, мың бейнетпен жол шегейік.

Тыңдайтын бар ғой тілек әділ Алла,

Көл қылып, қан аралас жас төгейік, - деп Алла тағаланың әділдігін жырға қосса, Міржақып Дулатовқа арнаған «Жауға түскен жанға» өлеңінде:


Мейiрiмi кең күштi Ием, 
Сорлы жұртты оң баста. 
Дұшпан – құлаш, бiз – сүйем, 
Рақмет ұшқынын таста! 
Көбейсiн елде қайратты ер, 
Жұрт үшiн болсын қара тер. 
Сорлы жұртты бастасын, 
Жасаған, соған көмек бер! – деп бар жан-тәнімен Құдайға жалбарына сөйлейді. Ал ақын ұстазына бостандық бұйырғанда»М.Д. абақтыдан шыққанда» деген өлең жазып:


Зор қуаныш – қара түн өткенiне, 
Алтын таңды ашық күн жеткенiне, 
Қан аралас төгiлген көп көз жасты 
Тәңiрi қабыл, мейiрiм ғып, еткенiне. 
Ерiк құсы қайта ұшып келгенiне, 
Душар болмай дұшпанның мергенiне. 
Қайта шықты батқан Күн, нұр шашылды, 
Мың шүкiрлiк Тәңiрiнiң бергенiне, - деп бұл жақсылықтың Алла тағала тарапынан болғанын айтып, Жаратушысына шүкірлік етеді.


Мағжан өзге замандастарындай емес, Алаш зиялыларымен Кеңес үкіметін мойындауға мәжбүр болып, дін молдалары қудалауға түсіп, құдайшылдыққа тиым салынып жатқанына қарамастан, өлеңдеріне діни ұғымдарды қосуын қоймайды. Жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың 1923 жылы «Лениншіл жас» журналында «Мағжанның ақындығы туралы» атты мақаласында: «Кейбіреулер Мағжанды ескішіл дегеннен тудырып, діншіл деп ойлап қалуы мүмкін. Олай ойлауға да жеңіл-желпі себеп бар. Мағжан екі сөзінің бірінде «Алла», «жасаған», «пайғамбар», «періште», «иман», «құран», «ғарыш», «ұжмақ», «ібіліс» деген сөздерді келтіреді. Осындай сөздеріне байланысып, діншілдікпен айтады десек, ол тым сыңаржақтық болады. Қандай діншіл ақын болса да сөзді күшейту үшін, халықтың ұғымымен есептесу үшін дін лұғаттарын алудан қашпайды. Қазақтың, қала берсе мұжықтың ақыны боламын деген кісі «құдай, әулие, пайғамбар» деген сықылды күшті сөздерден қашып құтыла алмайды. Өйткені, бұқараның екі сөзінің бірі құдайсыз келмейді», - деп қорғаштауы да осы тұс. Ол ақынды діншілдіктен алыстатып, ақтап алғысы келді. Бірақ алған бетінен қайтар Мағжан ба?! Ол ең аяғы поэзиясындағы табиғат суреттеріндегі теңеулерді де діни ұғымдармен байланыстырады. Мысалы, "Қысқы жолда" өлеңінде желдің долы мінезін суреттей келіп:


Кейде кенет баяулап,

Жер бауырлап жаяулап,

Аузы-басы жыбырлап,

Асып-сасып сыбырлап,

Жерді жапқан кебінді,

Сүйіп ақырын құшақтап,

«Әпсүн» оқып үреді, - дейді. Бұлай жырлау Мағжанға ғана тән дүние болар. Немесе «Күзді күні» өлеңіндегі жас қайыңды суреттеуіне қараңыз:


Балапан нәзік жас қайың,

Соққан суық жел сайын.

Бүрсиіп, сорлы, дірілдеп,

Ақырын ғана күбірлеп,

«СұбханАлла, сұбхан» деп,

Жасағанға жалынып,

«Жәрдем бер» деп сұрайды, - деп, қайыңның өзіне дұға еткізіп қояды.


Ал өзінің «Жаралы жан» атты өлеңінде: 


«Ойпырым-ай, Алла-ай, Жасаған, 
Қысылды ғой шыбын жан! 
Қуат кеміп барады, 
Көл болды мынау аққан қан. 
Тәңірі, өзіңе жылайын, 
Хал жоқ, қалай тұрайын! 
Жүректі жара жеп барад, 
Жасаған-ау, қалай шыдайын?! – дей келіп, «Мынау қарға, құзғынның, Бердің-ау, Тәңірім, тілегін!» немесе «Күштісің ғой, Құдірет, Періштеңе әмір ет!» деп күңіренеді.


 

Діни білімінің ақын шығармашылығында көрініс табуы


Мағжан өлеңдерінен Жаратқанына жалбарыну, тілек тілеу сипаттарынан өзге діни білімінің тереңдігі де байқалады. Адам ата мен Хауа ананың жұмақтан жерге түсу оқиғасын ақын «Әйел» атты өлеңінде:

Қылмыстан жазып Тәңіріге, 
Қарсы келіп әміріне, 
Қуылды Адам жұмақтан. 
«Қайт,- деген,- қара жеріңе, 
Бесігіңе, көріңе!» - 
Бұйрық болды бір Хақтан, - деп жырласа, «Баланың қабір тасына» өлеңіндеөзгелерді жыламауға шақырып, жұбатып:


Өлгені емес, жерді тастап кеткені –

Шын бақытқа ерте бастан жеткені.

Ізгі оймен, жайлы жәннат төрінен,

Орын алып, ата-анасын күткелі, - дейді. Діндегі жас бала шетінесе, ата-анасын жұмақтан күтеді деген қарапайым адамдар біле бермейтін ұғымды осылай өлеңмен беруі Мағжанның шариғатқа білгірлігін көрсетсе керек.


Сонымен қатар Мағжан 1923 жылы «Ақжолда» жарияланған жиырма жасында өзін-өзі атып, дүниеден қайтан ақын Бернияз Күлеев туралы мақаласында оның өмірден ерте өткеніне өкініш білдіре отырып, «Ақынның өмірден ерте кетуіне не себеп?» деген сауалға жауап іздейді. Өмірден солай өткені үшін, ертең о дүниеде жауап береді-ау деген өкінішпен:

Күнә сенікі емес, көптікі,

Жаның тыныш болғай еді, жас ұлан! – деп Бернияз үшін өлеңмен дұға да жасайды. Бұл ғана емес, Мағжан «Ақан сері» атты зерттеу еңбек жазып, серінің өмір жолын егжей-тегжейлі зерттейді. Сонда Ақанның ораза, намазына, сопылығына күмән келтірген көптің күдігін сейілтіп: «Ақанның сопылық туралы өлеңдері де менің қолыма жөнді түспеді. Алайда серілік пен сопылықты қоса білген, намаз, оразаны жанының тілеген уақыттарында ғана атқаратын Ақанның сопылығы жанына жын ұялаған сиыр көзді соғылғандардың сопылығынан бөлек десек, құрғақ сәуегейлік қылған болмаспыз», - деп серінің сопылыққа қатысты бір өлеңін келтіреді.

 

Мағжан жырлары мен мақалаларында ғана емес, Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен жазған «Педагогика» еңбегінде де дін тұжырымдарына жиі сүйенеді. Ол туралы алаштанушы ғалым Айгүл Ісімақова: «Қазақ ұлттық тәрбиесінің негізгілерін шартты түрде зерттеуіне кіргізген Алаш ғалымы ойын мұсылманша тәмамдап, «Мұхамбет пайғамбар «Сөзді әрбір адамның ақылына қарай сөйле» депті. Сол айтқандай, балаға тәрбиені өзінің шамасына, жаратылысына қарай беру керек», - деп жазады.


 

Мағжан өзін неге «пайғамбар» атады?


Кезінде Мағжанның «Пайғамбар» атты өлеңі жарық көргенде оның поэзиясы сынға алынып, ақындық тұлғасына күдік келтірілді. Өлеңдегі:


Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,

Мен – Күн ұлы, көз Күн нұры бар.

Мен келемін, мен келемін, мен келем,

Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар, - деген жолдар жаппай қарсылыққа ұшырап, дін адамдарын шошытты. Тіпті күні бүгінге дейін кей зерттеушілер осы өлеңді немесе:


Күннен туған баламын,  
Жарқыраймын, жанамын. 
Күнге ғана бағынам.  
Өзім – күнмін, өзім – от,  
Сөзім, қысық көзімде – от, 

Өзіме-өзім табынам, - деген жолдарды алға тартып, Мағжанды дінге қарсы қойғысы келеді. Бірақ ақиқат расымен солай ма? Егер бұл өлеңдерде айтылған сөздер рас болса, ақынның «Жаратушым», «Аллам» деп жалбарынған өлеңдері қайда қалады? Осы тұсқа келгенде мағжантанушылардың да пікірлері екіге жарылады. Филология ғылымдарының кандидаты, «Мағжан – символист» кітабының авторы Бақыткамал Қанарбаева дәл осы мәселе туралы: «Олар ақынның бұл сөзі «Құдайдың құдіретіне күпіршілік жасау, пайғамбардың күшін өзімен теңестіру» деп, Мағжанды «ақыл-есі дұрыс емес, санасы шатасқан ауру» деп кінәлауға дейін барды. «Пайғамбар» сөзі көркем шығармадағы көркем ойдың образы екендігі ескерілмеді. Бұл образды ойының төңірегіне түсінбеушілік әкелгенін кейін ақын өзі де мойындайды. «Ж...-ға арнау» деп аталатын өлеңінде, о дүниелік болған кезінде:

Күнәсі көп жаны үшін ағаңның,

Сол уақытта, қарашығым, дұға қыл! – деп, кешірім сұрайтыны содан. Негізі, Мағжан шығармашылығының бастапқы кезеңінде ислам дініне деген құрметі айқын байқалады», - деп жазды. Яғни, Мағжанның «Пайғамбармын», «Отпын» деуі поэзиядағы көркемдеу әдістері анықтап оқыған жанға бірден белгілі дүние. Өйткені Мағжан күпірлікке баратын ақын емес. Түрмеде отырғанында қарындасы Ғазизаға жазған хатында:


Тәңірі жазса, сарғаймаспын, шығармын,

Күнәм жоқ қой, қасіретте күйгендей, – немесе:


Жолықтырып дұшпанның бір жауызын,  
Ағаң сорлы көрді бейнет ауырын.  
Тәңіріден ерте-кеш те тілей көр,  
Жан жүрегім, қарашығым, бауырым! – деп өзінің бостандығын Құдайдан сұрауды бұйыруы да: 


Жастық өтіп, қартайып,

Қан сары су боп сарғайып,

Сүмбіл шашым қуарып,

Алма жүзім суалып,

Мен де сорлы бір күні,

Қоштасармын өмірмен

Өлмей, мәңгі кім қалар?! – деп тағдырына бойсұна сөйлеуі де Мағжанның дініне деген беріктіген деп түсінеміз.


 

Магаданда өлген Мағжан ба?


Осындай өлеңдер жазып, ноқтаға басы сыймаған ақынның Кеңес үкіметінің қанды шеңгелінен аман қалуы мүмкін емес дүние еді. Ақын 1937 жылдың желтоқсанында «Жапонияның шпионы» деген айып тағылып, қамауға алынды. НКВД Қауіпсіздік басқармасының кіші лейтенанты Гайковичтің қолымен үкімді жүзеге асыру актісінде: «1938 жылғы 11 ақпан күнгі Мағжан Бекенович Жұмабаевты ату жөніндегі шешімі 1938 жылғы 19 наурызда жүзеге асырылды» деген жолдар бар. Осы құжатқа сенсек, Мағжан өлді, атылды. Бірақ ең қызығы, қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы "1948 жылы Мағжанды Сібірден көрдім» дейді. Ол туралы батыр кітабында: «Кезекті әскери жаттығулар өткізіп жүрген кезімде ну орманның арасында отқа жылынып отырған бір топ адамды көріп, маңына жақындадым. Киген киімдері біртүрлі, әсілі сотталғандар болуы керек. Олардан өзгешелеу, басында түлкі тымағы бар бір адам 10-15 метрдей жерде өз алдына жылынып отыр екен. Тегінде қазақ сияқты. «Ассалаумағалейкум» деп сәлем бердім. Мен оның қазақтың ақиық ақыны Мағжан екенін біліп, шамам келсе көмектескім келді де: «Мен он шақты күннің көлемінде қайта ораламын. Сол кезде дайын болып тұрыңыз» дедім. Он шақты күннен кейін уақытым болмай, қайтып келе алмадым. Бір айдан кейін келсем, түрменің бастығы маған оның сал айдап жүріп суға кетіп қайтыс болғандығын айтты», - деп жазады. Бауыржан батырдың өтірік айтпасы анық. Ендеше атылған Мағжан кім? Сібірде өлген Мағжан кім? Біздіңше, Мағжанды атпай, жалған атпен Сібірге айдатып жіберген болуы да мүмкін. Өйткені Баукеңнің жазбасынан кейін арада біраз жылдар өткенде Атыраудың Құлсарысында тұратын 90-жасар Абдулла Әбдірахманов деген ақсақал Қиыр Шығыстың Магадан деген жерінде Мағжанмен бірге тұтқында болғанын айтты. Мағжан ақсақалға «Елге ала кетерсің, Алматыданмын деген қазақтың қолына ұстатарсың» деп қойын дәптерін аманаттапты. Ең өкініштісі, ақсақал оны пойызда келе жатып, ұрлатып алған. Мағжанның қабірін іздеп Магаданға барған журналист Рысбек Сәрсенбайұлы да Абдулла ақсақалдың бес уақыт намаз оқитын, өтірік айтатын адам еместігін айтады.


Кеңес үкіметінің қитұрқы саясатының қулығына құрық бойлаған ба? Ұлты «Қазақ поэзиясының жарық күні» деп төбесіне көтерген ақынын қиыр асырып, қаңғытып жіберді. Ал ақынның артында:

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты

Мен жастарға сенемін! – рухты үні, жалынды жыры қалды...




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар