23 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ: ТӘУ ЕТЕР ТӘУЕЛСІЗДІК

01.07.2016 171

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ: ТӘУ ЕТЕР ТӘУЕЛСІЗДІК



Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Азаттық аясында» атты Республикалық жыр бәйгесінде белгілі қаламгер Әділбек Ыбырайымұлы бірінші орынды иеленген еді.

Бүгін, яғни, 1 шілдеде Астана Жастар театрында сағат 17.00-де аталған мүшәйраның жеңімпаздарына сыйлықтарды салтанатты тапсыру шарасы өтеді. Соған орай Әділбек Ыбырайымұлының бәйгеге ұсынған топтама өлеңдерін жариялап отырмыз.


ӨЛЕҢДЕР ТОПТАМАСЫ



Астанамен сырласу


Ыбрайымулы Адилбек- Жетису.jpg

Төгілген аспанынан алтын арай,

Жеткен жоқ бұл бақытқа халқым оңай.

Азаттық шұғыласына шомылған соң,

Астана қалай тұрсын жарқырамай?!


Асқақта,

Азат елдің астанасы!

Ешкімнің мәртебеңе жоқ таласы.

Сен үшін ата-бабам қанға батып,

Байланған арыстардың оққа басы.


Еңсесі мәңгілікке аласармас,

Мәрмәрдан

Елім неге қала салмас?!

Орынбор, Қызылорда былай тұрсын,

Сенімен Алматы да таласа алмас.


Қаңбақтай үйіргенде құйын-заман,

Қазақтың көзден жасы тиылмаған.

Алматы – ару қала болғанымен,

Басына бостандығы бұйырмаған.


Қазақтың әлдилеген кең даласы,

Келеді өркен жайып сан қаласы.

Астана, бірақ сенің орның бөлек,

Өзіңсің Азаттықтың бел баласы!


Шарқ ұрып іздесек те жерді айнала,

Біз үшін табылмайды сендей қала.

Мызғымас Тәуелсіздік тұғыры етіп,

Өзіңді салған адам қандай дана?!


Өмірдің ой жіберсем шалғайына,

Татиды бақыт дәмі таңдайыма.

Жұлдыздай жарқырай бер жерге түскен,

Халқымның біткен қала маңдайына!..



Алаң. 1986


Дүрліккен жойқын халық ұрандатқан,

Қайтпайтын қайсарлықпен сыр аңдатқан.

Мұздай боп қаруланған қалың әскер,

Жолына құрып жатты құрал, қақпан.


Алаңда – өңкей жастар.

Білінеді,

Ел үшін бәйгеге бас тігіп еді.

Кеңесті кемелденген көргені жоқ,

Болжаса болашақты түңіледі.


Пәрмені күшті болды Кремльдің,

Сұрқы да қашып кетті рең, үннің.

Қыршындай қыз-жігіттер мызғымады,

Түгінен айналайын жүрегіңнің.


Ән салды ұран тастап, жігерленіп,

Барлығын батыр қылып жіберді ерік.

– Тіл қайда?! Дәстүр қайда?! –

жайып салды, –

Қалғанын ұлт мүддесі шідерленіп.


Алаштың қылаңытты көксегені –

Бабаның мұрасына бек сенеді.

Алаңда айқайлады ұран тастап,

Ертең күн не боларын екшемеді.


Тағдыры алаңдатты ұлт, еліңнің,

Сөз жатты көкейінде Күлтегіннің.

Қалайша үйде отырар қымтанып ап,

Сәулесі солғындаса білте-күннің.


Аяз да келеке етіп сақылдаған,

Әскер де қыса түсіп жақындаған.

Елдіктің мұраты үшін тізе қосқан,

Кіл жастар селт етпеді лапылдаған.


Санада атойлаған елдік мұрат,

Келіп тұр бұл алаңға теңдік сұрап.

Тілі жоқ, дәстүрі жоқ ел болмайды,

Керек пе жатқандығың ендік құрап.


Лап етті тұтастықтың жанартауы,

Ынтымақ қашан-дағы жан арқауы.

Алаңда қиян-кескі...

Қалмады әттең,

Халықтың басар жері, барар тауы.


Ұранға жан шымырлап, қан қайнады,

Әлдекім соққыға ұшып, байбайлады.

Тұранның тітіркенді Тәңірісі,

Боданның буырқанды қан майданы.


Қайтқан ба күресуден сірә, халық,

Ұмтылды үмітпенен шырақ алып.

Сол күнде қиылғанмен қыршын ғұмыр,

Жеткізді қолын созып мұраға анық.


Жатқанда бірің – тұрып, бірің – өліп,

Сілкінді Ұлы Дала күңіреніп.

Өршіген Мәңгілік Ел ой-парасы,

Санада күннен-күнге іріленіп.


... Қанатын көкке жайып,

Ғажап ұшқан,

Естілді аққу-қаздың сазы алыстан.

Айманын айдынымның сүйіндіріп,

Байрағың желбіресін, Қазақстан!



Түнгі Астана


Нұр бөлейді жаныңды... Леп еседі.

Шаттығымның осында келешегі.

Қызыл-жасыл көшесі Астананың,

Сонша жақсы көремін неге сені?!


Субұрқақ пен елітер гүлзар бағы,

Аспалы шам құбылып, жүзді арбады.

Аллеяның бойында сырласқан жұп,

Сылқ-сылқ күліп қояды қыздар-дағы.


Зәулім үйлер арудай сыланады,

Аспан құшып, зеңгірде тын алады.

Бақытымның биігі деп қараймын,

Алаулаған тым асқақ мұнараны.


Сұқтанады көркіңе қай сұғанақ?

Іргең кеңіп, Астана, жайшы қанат,

Бозғыл сәуле құлайды құшағыңа,

Ала бұлттың астынан Ай сығалап.


Қабырғаңа ақ сәуле шаншылады,

Шаншылады, сезім боп тамшылады.

Жаһұтымдай құбылған ғимараттар –

Дербестіктің, Елдіктің шамшырағы.


Есіле ағып Есіл де шалықтайды,

Толқынында сан бояу, жан ұқпайды.

Кемпірқосақ секілді доғаланып,

Аспан көпір әуеде қалықтайды.


Ақыл-есті алады әлдене анық,

Манаурайды Ақорда сәл демалып.

Тәуелсіздік Туы тұр Көк бетінде,

Қара түнді көкпеңбек нәлге малып.


Түн құшағы тербейді Астананы,

Қала тұтас тыныштық жастанады.

Сам жамырап, жұлдыздар үздігеді,

Тым қиыла қарайды Аспан, әні.


Аңсары ауса Аспанның, сыр – басқада,

Ұлымменен о, менің құрдас қала!

Тұмса күннің талпынған тұңғышындай,

Арманымды әуелет, түнгі Астана.



Күлтегіннің киесі


Көк Түріктің ұрпағы,

Тегің бүтін әуелден.

Намысыңды жыртады,

Дәргейіңе тәуелді ел.


Таралғысы атаңның

Алты қабат боп біткен.

Дуалысы батаңның,

Айта берсең көп тіптен.


Бақ та берді маңдайға,

Қағандықты билетті.

Сөз байлады таңдайға,

Қас дұшпанды күйретті.


Бастыларды идірдің,

Тізеліні бүктірдің.

Алтын сауыт кидірдің,

Халқың үшін тік тұрдың.


Елдік мұрат басты боп,

Ақбоз атты сабылттың.

Жұртқа арналды жастық-от[1],

Аталы сөз ағылттың.


Көктен Тәңір кәрленбей,

Жер ойылып түспесе.

Жүрер едің әл бермей,

Дұшпан жаулық істесе.


Көк Түріктің ұрпағы,

Қожырады қаймағың.

Бәтуасыз жұрт әні,

Бүлінді әттең аймағың.


Ыдырады ынтымақ,

Ішмерездік ірітті.

Құлдыратты құлқын-ақ,

Тастай түйін түрікті.


Олқы тартты бесенең,

Алауыздық аралап.

Тауқыметті пешенең,

Жанды жүрді жаралап.


Табылды әйтеу ымыраң,

Тізе қостың қайтадан.

Заман деген зымыран,

Талайларды шайқаған.


Тоныкөктің тілеуі,

Күлтегіннің кемелі –

Түркілердің түлеуі,

Тұтас жатқан Ел еді.


Мұратына жете алдық,

Бабалардың көксеген.

Болашаққа бет алдық,

Бағытыма бек сенем.


Уа, қазағым, қазағым!

Сақтай көрсін кеселден!

Шықпаса екен азалы үн,

Халық едің неше өлген.


Таси берсін мейманаң,

Елдігіңді ту етіп.

Байқамайды кейде адам,

Уақыт өтер зу етіп.


Көңіліңде жүр секем,

Жаның қалар тыз етіп.

Ынтымағың тұрса екен,

Тыныштықты күзетіп.


Құйсын мәңгі нұр таңым,

Біте қайнап жүйесі.

Қолдап жүр ғой ұрпағын,

Күлтегіннің киесі.



Ақшамдағы Астана...


Ақшам уақ,

Астана тамылжыған,

Елітеді бойкүйез жаның бұған.

Би билесе әуенге «Сулы бульвар»,

Аспан, сенің әдемі әніңді ұғам.


Шашырайды тамшы-нұр сан құбылып,

Таусылмайды, белгілі, жанды да үміт.

Тамшы болып кеткім кеп қалар кейде,

Қиял деген пәтшағар қаңғып, ұлып...


Естіледі сәбидің былдыры да,

Шалынады телефон шылдыры да.

Тап келесің күлкіге тұнық та әсем,

Шырмап-матап әкетер шылбырына.


Күй кешесің ғажайып, гүлзарда шын,

Паң сұлулық бар жерде ызбар басым.

Кейде селқос қарайсың...

Сезімді іркіп,

Қайқаң етіп көтерсе қыздар басын.


Шаршағаным күндізгі ұмыт қалып,

...Сам жамырап барады

Ымырттанып,

...Бояуы мол Астана, баурап мені,

Тарта берме, өтінем, ырықты алып...


Желтоқсан. Тәуелсіздік


Түскенде қияметтің салмағы шын,

Арқалап туған елдің Ар-намысын.

Халқыма Тәуелсіздік алып берген,

Аңсаған

Алашымның арманысың.


«Желтоқсан» – жігерімді жанығансың,

Тарланды көп ішінен танығансың.

Құлатқан үстемдікті буырқанып,

Мәңгілік ұстын етер мағынамсың.


Тағдырым қалт-құлт еткен кешегі – сын,

Өткенді екшемесең өсемісің?

Халқымның маңдайында сормен қоса,

Бағы да бар екен ғой бес елі шын.


Алсам мен тарихымды есіме өткен,

Қай ғасыр мұндай күнді несібе еткен?

Төрінде әлем жұрты тұрды Қазақ,

Тағдырдың небір тұсын кешіп өткен.


Қазақша сөз естілді асқақ үнмен,

Жүргендер жалт қарады басқа ұғыммен.

Аймаңдай Алаш өліп-тірілгендей,

Бөркімді алшысынан тастадым мен.


Таныды төрткүл дүние халқымызды,

Байқады бейбітсүйгіш қалпымызды.

Әлемдік өркениет дәстүрім мен

Бағалап біліп жатыр парқымызды.


Басымда десім артып, бақ тұрғасын,

Ілесіп кеткем де жоқ дақпырға шын.

Көк туым заңғар көкте желбірейді

Жібердім «Нұрлы Жолмен» аттың басын.


Ел аман, жұртым тыныш – кенерем кең,

Әлі де айбын бітіп, көгерем мен.

Не бары жиырма бес жыл бостан елміз,

Тарихым табылады сөрелерден.


Көгертті Тәңір қолдап, көсегемді,

Сабақ боп мәңгі тұрар кешегі енді.

Тәу еткен халық тұтас Тәуелсіздік –

Баққа орап, тәлейлі етер пешенемді.


Басыма қонған ба еді бәрі бұлай?

Жайнашы, Қазақстан, нарығы – бай!

Алаштың Отаны – Өзің, жалғыз ғана,

Жалғыздың қашан-дағы жары – Құдай!


***





[1] Күлтегін 10 жаста ер атағын алып, 16 жасынан ел ісіне араласқан. Ол – өмірінің соңына дейін ат үстінде өтті.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар