Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Әбіл-Серік Әліәкбар: Айықпас мұңға оранған қаламгер

22.06.2016 64

Әбіл-Серік Әліәкбар: Айықпас мұңға оранған қаламгер



photo_62203.jpg

Өміржан Әбдіхалықұлының «Володяның басы» әңгімесі бойынша

 

Ұлт қапасын, ел наласын ішіне түйіп, милет қоғамында орын алған, алып жатқан, түбі алуға тиіс дүниелерді түрлі қалыпта, түрлі аңысқа, түрлі жосықта бере білуде өз жазушылық мәнерін тапқан, өз шығармашылық жолын дәп қапысыз аңдаған жас прозаиктердің арасында Өміржан Әбдіхалықұлы өзгешеленіп тұрады. Оның прозалық шағын дүниелері кәміл авторлық концепцияға құрылған жазушылық стратегиясы негізінде қазақ оқырманына ой сала, рухы мен жан дүниесін жаулап алуға бағдар ұстанған.

 

Өміржан өзінің көз алдында өтіп жатқан милети тірлікті еш боямаламай, қайта шығармашылық мехнат шегіп, әр қилы әдеби бағыттар мен ағымдардың қилы тоғысымымен әрлеп, кейбірде жастар жетегінде кетіп қалатын Батыстық әдеби үрдістен іргесін аулақ сала отырып, не жазса да, тек қана ұлттық психологиялық тұрпатта, қазақы ділмен өзіндік «идиостилімен» береді. Қара аспанды тілдің әрін, әңгіменің шырайын кетіріп төндірмейді. Қайта бәрін нық берік авторлық концепция аясына сыйдырады.

 

Біз қазақтың азаттық алуы мотивін арқау еткен ата, аға және іні буынның талай шығармасын оқып жүрміз. Пафос көп те, оқырманға ой салар дүние тым сирек. Міне, осы өзіне дейін таптауырын болған, кейбіреулердің айтуынша іліп алар ойы жоқтықтан жұртты сүреңсіздігімен мезі еткен тақырыпқа жас жазушының баруы көзсіз ерлік.

 

Өміржанның осы көзссіз ерлігі өзін ақтаған шығармашылық жетістікке айналғандығын оның «Володияның басы» әңгімесінен аңғарамыз.

 

Әңгіме КСРО құлайтын, Алаш өз тәуелсіздігін жария ететін күнді өз өзегіне арқау етеді. Әрі коммунистік идеологияның күні өткендігін авторлық неосимвол «Күн көсемнің басымен» танытады.

 

«Барлық балаларға тән қасиетпен ол да тезірек есеюге асығатын. Бірақ бұл сапар есеюге емес, Құдайға апаратынын білмейтін. Есеюдің ешбір қызығы жоқ екенін кейін білді.
Қызыл галстук байлаған пионерлердің ән айтып тізіліп бара жатқанын көргенде, тіпті қызығып кетті. Қақпа алдынан жүгірген бойы шешесіне келді де,
– Мама, мен қашан пионер болам?- деді ентігін баса алмай. Шешесі күлді де,

– Пионер болу үшін алдымен октябрят болуың керек. Құдай қаласа, деп барып, шешесі аузын алақанымен жаба қойды.

 

 Анасының әр сөзін тыңдап тұрған кішкентай қыз:


– Құдай деген кім?-деді, жұлып алғандай.

 

– Ақырын ойбай, ешкім емес. Ендігі әрі бұл сөзді айтсаң - деп барып, үнсіз қалған шешесі қызын қолынан жетектеп, төргі үйдегі сандықтың қасына алып келді» деген әңгіме үзігінен «құлдық таңбасы басылған» ана мен «құлдық таңбасы басылатын» қызы арасындағы диалог көп нәрсені аңғартады.

Қазір әр қазақтың Қасиетті Құран Кәрім сақталатын сандығында қолдан жасалған Тәңірі – Ленин орналасқантын.

 

 Осыны жазушы төмендегі мәнерде:

 

«Сандықтан кішкентай ақ матаға оралған нәрсенің орауын жазғанда, ішіндегі төсбелгіні көрген көрген қызы -Мынау Ленин атам ғой-деп, қуанып кетті. Ленин атасын жақсы көретін. Төсбелгіні қолына ұстап отырған шешесі қызына қарап күлімсіреді де, – Міне, осы төс белгіні сен октябрятқа өткен кезде кеудеңе тағасың. Бірақ сен жаңағы құдай деген сөзді ұмыт. Әйтпесе көршінің баласына бере салам. Жарай ма? Лениннің бас суреті бейнеленген төсбелгіге қызыға қарап тұрған қыз: – Жарайды мама, - деп, басын изеді. Шешесінің «О, Алла» деп күрсінгенін сыртқа қарай жүгіре жөнелген қызы естіген жоқ» деп әдеби штрихтайды.

 

Біз кезінде үш сатыдан тұратын коммунистік құлдық ноқтасын басқа ілдік. Осы қызыл отаршылардың ұлт ұрпағын құлданудың үш амал-тәсілін автор «ана мен қыздың» арасындағы жағдаятқа әкеп тіреген автор барша қазақ анасы мен қазақ қызы бастан өткерген 70 жылдық сойқанды бүкпесіз бере біледі.

 

Бұл әңгімеде қазақ әдебиетінде енді ғана орныға бастаған «жарымавтор» және «жартыкеш персонаж» әдеби тәсілі бар. Осы әдеби тәсілді қолдану арқылы жазушы көп нәрседен ұтып тұр. Енді Өміржанның өзіндік қолдананысындағы «жарымавтор» және «жартыкеш персонаж» әдеби тәсіліне кезек берейік:

 

«Ол кезде бәрі басқаша еді. Адамдардың бәрі арманшыл болатын. Құдай деу де арманға айналған кез еді. Мен алғаш Құдай бәрімізді жаратқанын естігенде ата-анама біртүрлі сенімсіздеу қарағаным есімде. Ол шақта бәрі бар, тек, бостандық жоқ еді. Бірақ, біздің ауылдың адамдары бостандыққа зәру емес еді. Қарапайым адамға керектің бәрі болды. Армандардың орындалуы да партияға адалдықтан басталатын. Ал қазір бостандық бар да, ештеңе жоқ. Иә, Құдайға ештеңе егіз емес екенін кейін білдік. Арман да, бостандық та бос әуре екен. Қолға түскен соң құны жоғалады».

 

Автор интеллектуалды ой түйіндеуін өздік авторлық концепциямен ары қарай былайша жалғастырады:

 

Сонымен, біздің кейіпкеріміз күткен көктем де келіп жетті-ау. Бұл қайта құрудың дәуірлеп тұрған тұсы еді. Ел іші, тағы бір керемет болардай алаңдаулы-тын. Тегінде Бостандық дегеннің өзі адамның өз ішіндегі шын бейнесімен бетпе-бет келуі. Адамның шын бейнесіне жасырылған шындықтар, Құдай ақиқатына не жақын, не алыс болуы мүмкін. Себебі, Құдай мен Адам арасындағы кедергінің өзі адам ғой. Қалай болғанда да, еркіндік деген сөз ел ішін кезіп жүрген еді».

 

Автордың оқиға ширатуындағы ұтымды жазушылық мәнері «бар мен жоқ» логикалық сөз қисындатуды шебер меңгеруі:  

«Өзінен бір клас жоғары оқыған көршінің баласы октябрятқа өткенде қатты қызықты. Тіпті, «ұйқтап таңертең тұрғанда көктем болып тұрса ғой» деп те армандады. Әлгі көрші бала бұрын мектептен бірге қайтып, бірге ойнайтын. Қазір бөлектенген. Октябрятқа өткен өз кластастарымен ғана ойнайтын болды. Октябряттарға Володяның басы белгіленген төс белгі беретінін естіген. Бірақ төс белгіні көрмеген еді. Әдемі екен. Бірде, бір топ бала ойнап жүргенде көрші бала келіп өз төсбелгісін көрсетіп, Володя туралы мұғалімнің қандай әңгіме айтқанын, өзінің октябрятқа өткенде ант бергенін айтып мақтанды. Қызығып, қызғанып кеткен бұл, –Көктемде мен де октябрят болам. Менің төсбелгім мынадан әдемі. Ол мамамда-деп еді. Октябрят көрші – Сендер өтпейсіңдер. Енді октябрятқа қабылдамайды -дегені сол екен кішкене қыз жылап жіберді. – Мамама айтам - деп, үйіне қарай жүгіре жөнелді» деген диалогтық «қосаравторлық» арқылы танылады. Автор қызды қандай тағдыр күтіп тұрғанын «Енді октябрятқа қабылдамайды» деген кейіпкер сөзі арқылы танытады.

 

Ленин мен алаш арасы алшақтай бастағанын жұрттың көбі сезбеді. Расындай солай еді. Осыны Өміржан бүлдіршін қыз арқылы таныта білген. Жұрттың бәрі Егмендікті бөрікті аспанға атып қуана қарсы алған жоқ. Бодандықтың өтіп кеткеніне жылау, бостандыққа қуанбаудың нышаны да орын алғантын. Осыны автор шеберлікпен оқырманына жеткізе біледі:

 

Көктемнің әр күні октябрятқа өтуге жақындатып келе жатқанда бәрі нілдей бұзылды. Бұдан былай октябрятқа өту тоқтатылыпты. Мұғалім мұны аса бір қынжылыспен, жыларман болып жеткізді. «Неге, неге бізге келгенде тоқтайды, сонда бізді Ленин жақсы көрмей ме?». Балалар шуылдап кетті. Өзі енді ғана партияға өтемін деп, дайындалып жүрген жас мұғалім өзін кінәлай қараған кішкентай көздерге қарай алмай сырт айналып кетті. Бір класс арманның тас-талқаны шықты. Мұғалімдерінің теріс қарап жылап жібергенін байқаған оқушылар тым-тырыс бола қалды. Сол сәтте ол кластан лып етіп шықты да, үйіне қарай безектеді-ай келіп. Жылап келеді. Жүгіріп келеді. Келе сала сандықтағы төсбелгіні іздеді. Төсбелгіні көрді де, өксіп-өксіп жіберді. Кішкентай қыз арманның орындалуы да біреулердің саяси шешіміне байланысты болатынын сезген жоқ.
Үйге келген шешесі, Лениннің басы бейнеленген төсбелгіні ұстап жылап отырған қызын қалай жұбатарын білмеді. Сол күні октябрятқа өтпей қалған балалардың ешбірі ойынға шықпады.

 

Іле-шала Тәуелсіздік деген сөз бұл ауылға да жетті. Ешкім қуанған жоқ.

 

Бәріне кінәлі тәуелсіздік секілді көрінді. Жұрт жақсы өмір сыйлаған тәуелділіктен айырылғысы жоқ еді. Ол да октябрятқа өтпей қалғанын тәуелсіздіктен көрді. Төсбелгі сандықта алты жыл жатты. Бұл - бәлкім бәрі қайта қалпына келер деген шешесі екеуінің үміті еді. Тәуелсіздіктің алтыншы жылында ауылдағы Лениннің ескерткішін құлатқанда үміттері біржола өшті» деген жолдарды бей-жай оқи алмайсыз.  Бодандық психологиядан арылу әлі күнге дейін созылып келе жатқанын автор асқан шеберлікпен таныта білген тамаша туынды оқырманға жол тартты.

 

Бір кезде алаш баласы құдайды қалай тарс естен шығарса, енді Күн Көсемді де тарс есінен шығарып үлгерді. Құдаймен табысып, Коммунизммен құйрық кесісу бір отбасында, бір сыныпта қалай болғанын жазушы жанынан еш нәрсе қоспай ұлттық психология арқылы бере білген.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар

САЙЫН

18.06.2018
178

Ең көп талқыланғандар