Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Зылиха Тұрарқызы: Сәбира

20.06.2016 257

Зылиха Тұрарқызы: Сәбира



Зылиха.jpg
Шымкент-Түркістан тас жолында көлікпен кетіп бара жатып,Төрткүл маңына мойнын соза қарады. Көзіне шеңберлене көз жасы жиналып қалды. Қолындағы кішкене бүлдіршіні жанарындағы жасты көргенде аңтарыла қарайды да былдырлап қолын созады. Сол жолдан 5-6 шақырым жердегі бейітте көнтерлі қалпымен ешкімге мұңын айтпайтын Сәбира әпкесі мәңгі тыныс алып жатыр. 

Сенімі сетінейтін сәттері аз емес.Еңсесі түсе қоймайтын. Ішкі тегеуіріні сетінеген сеніміне төзімін серік ете қоятын. Жылаңқы сәттері көп емес,жылаған кездері аз емес. Анасы ерте қайтыс болып кеткендіктен, әке тәрбиесін алып бойжетті. Әкесі де жас кезінен жетімдік пен жоқшылық көріп,жаны қатайып кеткендей сезілетін. Кейде жападан-жалғыз ән айтып отырған кезіне тап бола қалса,әкесінің де ішкі жан-дүниесінде нәзік бір әлемнің өлімші болса да өлмей жүргеніне қуанатын. Отыз екі жастағы анасын емес, жеті жастағы жетім қалған өзін аяп келіпті. Мейірімді көре алмадым –ау деп қамығыпты. Қырық жасқа келгенде ғана өзінен де жас көрінер ана суретін көкірегіне басып қамықты. 

Анасын сағынғанда анасының сіңлісі Сәбираны сағалаушы еді. Ол да жан-жағын мейірімге толтырам деп жүріп,бауырымдап жүріп бауырының іріп кеткенін кештеу біліп қалып, дүниеден кете барды. 

Сәбира есімі бұл үшін аяулы есім. Әпкесі Сәбира өз есімі жайында баяндап бергенде жүрегін бір әлсіз мұң тербеп өткен.
Ұл күткен шаңыраққа қыз бала келіпті. Әкесі жарық дүние есігін ашқан қызға бұрылып та қарамайды. Тіптен дәті беріктігі сонша дүние есігін ашқан перзентіне еншілеп есім де қоймайды. Анасы еріне жаутаңдап қарай береді. 

-Отағасы—ау,мына жаманға ат қойсаңшы. Әкесінің қабағы ашылмай: 

-Ат па, ол жаманға қандай ат. Маманға ұқсатып Шаман деп атай салсаңшы деп бұрылып кетеді.Сәбираның әпкесі аты Мамырайхан да,оны үйде Маман деп атасады. Анасы әкесінің райынан қайтуын ұзақ күтеді. Жалғанға келе сала жазықты болған перзентін көкірегіне басқан анасы сәбиінің құлағына сабыр,сабыр,сабыр деп айқайлайды.

Құжатын толтырарда да әдейіде күйеуінің ырқынан шықпайтын анасы бұл жолы өз қалауымен сабыр деп жазғызады. Үйде шаман аталып жүре береді. Өмір көші тоқтап тұрсын ба,есімсіз қыздың да мектепке баратын кезі жақындайды. Алғаш мектеп табалдырығын аттағанда кішкене қыз өз есімін айта алмайды. Шаман деуге ұялады. Жоғары сыныпта Сапаргүл атты бір әдемі қыз бар екен, әлгі қыздың сұлулығына таң қалып анасына: 

Апа, менің атым-Сапаргүл ,Сапаргүл болсыншы,мен сондай сұлу қыз боламын дейді еркелей. Жөнді ат қоя алмағанына көңілі қаяулы ана,ия Сапаргүл болсан бола ғой деп қарсылық танытпайды. .Мектепте Сапаргүл атанған қыз ,орта мектепті аяқтап,оқу орнына аттанарда есімі есіне оралады. Құжатта Сабыр деген ер адамның атымен оқуға баруға ұялатынын ағасына әрең жеткізеді. Ауыл кеңесінде қызмет атқаратын ағасы:

Қарындасым,қиналма, құжатта Сабир деп жазылған екен, оған а әріпін тіркеп жіберсек Сабира болып шыға келесін деп жұбатады. 

Өзі ұнатып қойған Сапаргүл есімінің ұзақтығы мектепті бітірумен тәмамдалады , өмір сапарында тек сабыр сөзін еншілегеніне көзі жетті.Өкініш,қайғы,азап барлығы сабыр сөзімен тұйықталады екен. Қиындықтың барлығын сабырымен жеңіп отырыпты. Оның бойында Асқарша айтқанда бедірейген сабыр емес, жұп-жұмсақ әрі нәзік әрі қайсар сабыр ұялапты. Бәлкім ол шақалақ кезінде анасының қысыла отырып құлағына сыбырлаған сабыр сөзінен ұялап қалды ма екен? 

Сен әкеңе ұқсағансың, анаңа ұқсасаң өте сұлу болар едің. Барлықтарың да әкелеріңе ұқсап тұрсыңдар ғой. Әпкем шіркін, сұлу еді. Екеуміз қатар жүрсек,жұрттың көзі сенің анаңа қадалатын. Кейде соны қызғанып ренжісіп қалатынбыз дейтін өткенді елжірей еске алып.

Анам жайында айтшы деп қиыла қарайтын.

Анаң Мамырайхан сұлу болып бойжетті.Оны біз Маман деп атайтынбыз. Анаң мен әкең алғаш танысқанда анаң әкеңді онша ұната қоймады. Реңсіз ғой деп күбірлеп қалыпты. Шүкіршілігі басым ақылды әрі қатал әкесі қызын шақырып алып:

Қызым, мына жігіт жалгызгілікті жан екен. Ата-анасынан ерте айырылған, үйленген жары қайтыс болып қолында екі жасар баласы қалыпты. Жетім әрі жесір.Сен мына жігітке тұрмысқа шық,жетімді жылатпа.Менің шешіміме қарсы болмайтын шығарсың.Осылай сенің анаң әке пәрменімен ұзатылып кете барды... Әпкесінің көзіне жас ұялайтын.

Арғы жағы бұған да мәлім. Қып-қысқа ғана ғұмыр.

Дүниеге екі қыз,бір ұл алып келді. Ұлым деп ұлықтап үлгермеді, қызым деп қылығын қызықтады. Кенеттен белгісіз дерт жабысты. Емі табылмады. Жабырқап тұрған жары мен есік алдында ойын баласы балаларын қия алмай қиналды.
Жаз өмірін,мәз өмірін қысқартып.

Бара жатыр ,бара жатыр құс қайтып.
Туған жерінен жылы жаққа ұшып бара жатқан құстарға қамыға көз салды. Күйеуін қасына шақырды. Мейірімге қанып өспеген қамығыңқы әрі қаталдау күйеуінің қабағына қарады. 

-Балалар саған аманат. Әркімнің есігін сағалап күн кешпесін. Әсіресе, анау Сағыныш ойнап жүріп,бір жерде ұйықтап қалмасын. Қош деп айтуға шамасы келмей үзіліп кете барды. 

Ойынды білетін балалар алғаш рет өліммен жүздесті. Табытқа салып алып бара жатқанда шырылдап тұра жүгірді. Қолды-аяққа тұрмайды. Тиіспеңдер деді әкесі . Анасы жерленген қыратқа жылап қарап тұрды. Әкесі анасын жерлеп келіп, балаларын бауырына басты. Кенет көзіне жас алмаған әкесінің көкірегінің жылап тұрғанын сезіп қалды. Әкелер де жылайды екен тек үнсіз. Екеуі үнсіз сөйлесті. Адамдармен үнсіз сөйлесуді жаны қалайтын болды. 

Әкесі үйленгесін Сәбира әпкесі өгей шешенің салқын қабағын бағып қайтесін деп өз қолына алды. Тағдырдың айдауымен әпкесінің алтыншы баласына айналып шыға келді. Жолдас жездесі қабағы қату болса да балаға мейірбан екен. Қабағын шытпады,қолынан қақпайламады.


Орта мектепті бітіргесін,жоғары оқу орнына Сәбира әпкесі ертіп апарды. Емтихан кезінде сыртта тілеуін тілеп жылап тұрыпты. Алладан анасы көрмеген қызықты қызына бере гөр!- деп тілек тіледім дейтін көршілеріне ақтарыла. Оқу оқып, білімі мен парасаты толысып, елге қызмет ететін мамандық иесі атануын ,бір жанұяның келіні атануын тілейтін тілекшісі еді.

Оқуға түсті,студент атанды. Демалыста асыл әпкетайына келгенде,құшағына басып, жүрегін мейірімге толтыратын.Ақшадан тарығып жүрсің бе? - деп қабағын бағатын. Өзінің жинағанын қолына ұстатып тұрып, маңдайынан аялай сипайтын. Әпкесінің жүзіндегі ықылас мен жүрегіндегі мейірімге жаны еріп сала беретін. Келешекте әпкесі мен жездесінің жасаған жақсылықтарын еселеп қайтарамын деп әдемі қиялға шоматын. Балаларыма жетсін деп жаңа көйлек алмайтын әпкесіне дүкендегі ең әдемі көйлектерді алып беремін деп армандайтын.

Оқу орнын аяқтады, алғашқы айлығына әпкесіне екі көйлек алып келген. Әпкесі ауырып жүргенін байқатқысы келмегендей әбігер болды. Жаңа көйлектерді киіп көрді, қуанды. Киімге емес мұнын жетілгеніне ,енді ешкімге кіріптар болмай тіршілік кешетініне көзі жеткендей жабырқау жүзі жадырап сала берді.Көйлектерді неге алдың,құдай-ау мені киімсіз жүр дейсің бе? Ауылдан алысқа шығып жатқан жоқпын ғой. Өзіңе алсаңшы,өзің жарқырап киінбейсің бе күнім-ау деген айналып-толғанып.


Әпкетай,енді саған алтын тағам,сен дүниедегі ең алтын адамсың деп толғанып еді іштей.Алтын таға алмады, алтыннан да ардақты адамынан көп ұзамай айырылып қалатынын жүрегі сезбепті. 

Жанына батқан ауруын жасырып, жансебіл қалпында күн кеше беріпті ғой. Ауруханаға жатқасын , үш күннен кейін көз жұмды. Жұмыс бабымен алыс қалаға кеткен күйеуін күтіп жатты. Күйеуінің рұқсатынсыз аттап баспайтын әпкетайы ,о дүниеге де күйеуінен рұқсат сұрардай аласұрыпты.

Бұл да жеткен еді, жаны жүдеп. Әпкесінің мейірімге толы жүзін,бес уақыт намазын қаза етпейтін қалпын, өзгенің қайғысына жаны күйзелетін болмысын ұзақ іздеді.Үйден басталып ,мектепке апаратын шаңы бұрқырап жатқан жолға да телміре қарады. Қолындағы ауыр сөмкесімен ,ұзын жолдың бойында үйге жете алмай келе жатқандай қамыға қадалды.

Шкафты ашып қараса ,өзі әкелген екі көйлекті киіп те үлгермепті. Айтылмай қалған алғысы сынды көйлектер де жан әпкесінің көзін қуантқанымен ,игілігіне киілмей қалыпты-ау. Ешкімді ренжітпейтін, ешнәрсеге қабақ шытпайтын, алдағанға алдана салатын таза болмысына тәнті ауылдастары қайтыс болғанда:

-Әулие келін еді-ау деп қамығыпты. 

Жоқтады.ұзақ жоқтады. Себебі, ол жүректегі уайымдарды мейіріммен толтырып жүрген екен ғой.
Бағытынан адасып қалғандай, жан-дүниесі босап қалғандай ұзақ сенделді. 
Сабыр кесесі толып төгілердей болғанда сол аяулы жанның бейнесі жанына келіп жаймен ғана әп-әдемі жанары мейірімге толып «сабыр, сабыр, сабыр»-деп сыбырлайтындай.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар

Ең көп талқыланғандар