Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Менің "меншікті сыншым"

17.06.2016 207

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Менің "меншікті сыншым"



00223471ea58694fb1016c6517e07b43.jpg


... Жақында, "Қазақ Әдебиеті" газетінің кезекті нөмірі (№ 23. 3-9 маусым. 2016) қолға тиді. Ол тұтастай Әдеби жыл Қорытындысына арналыпты. Оқып шықтық, әдебиет туралы әдемі Кеңес. Ал, поэзия жөніндегі баяндаманы Аманхан Әлімұлы жасаған екен. Дұрыс-ақ делік. Алайда, оның нендей сипатта, қандай дәрежеде болатынын да, оның ішінде міндетті түрде менің аты-жөнімнің аталатынын да оқымай тұрып-ақ, автоматты түрде, бірден біле қойғанымды қалай жасырайын. Кәдімгідей, шартты рефлекс. Неге? 

Өйткені, баяндамашының "сыншы" ретіндегі тыныс-тіршілігі өз басыма соңғы ширек ғасыр бойы жақсы таныс. Оның үстіне, Әбекең осы жылдар бойына, үнемі, менің "меншікті сыншым" болып та келе жатыр. Әбекеңнің поэзия жайында мерзімдік баспасөз бетінде жариялаған "сыни" жазбаларының бәрінің басты нысанасы - мен. Әйтеу, жазғанымды ылғи "сойып салады" да жатады. Сондағы мықтап ұстанатын "ғылыми теориясы" - әдеби-мәдени сын ғылымына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өзінің пенделік жеке көзқарасы, өзі "сынап" отырған авторға деген кіжіністі эмоциясы. Реті келген жерде, ол өзінің сондай "соқыр сойылымен" мені жылдар бойы "сабап кетіп" жүрді. Шыдап бақтым. Бірақ, шыдамның да шегі бар ғой. Ақыры, 2008 жылы, оның тағы да өзімді басты нысана еткен "Түйсік тамшылары" (ҚӘ. № 52. ) атты кезекті, көлемді "сынына" жауап беруге тура келді. Яғни, "Түйсік тамшыларына" - "Ес тамшылары". Ол мақалам "Қазақ Әдебиеті" газетінің 2009 жылғы екі санына бірдей (№№ 2-3) жарияланды. Аманхан "сынының" күл-талқаны шықты. Ең бастысы, онда мәнісі "Поэзия" деген ұғымнан да жоғары тұратын "Өлең" аталмыш рухани ғажап құбылыстың Қазақ Жанынан Тәңіріге дейінгі мәні мен маңызы жайында талай-талай соны Ойлар қозғалды. Бір әріптестерім қалжыңдап, "Тыныштықбектің "Ес тамшылары"-нан кейін, Аманхан қайтыс болып кетті" дегенді де айтып жүрді, сол мақаладан соң. Сөйтсем, "меншікті сыншым" өлмепті, "тірі" екен. Араға жеті жыл салып, міне, ол тағы да, сол баяғы "сойыпсалма соқыр" әдетіне қайта басыпты. Қош. 

Әбекеңнің бұ жолғы "сынына" әйгілі Ақсұңқарұлы мен бірнеше тегеурінді талант иелері де қоса ұшыраған. Оларға айтылған "сынның" бәріне төрелік еткендей болуым дұрыс болмас. Сондықтан, өзіме "тиесілісін" ғана айтайын. Сонымен, баяндамашымыз, алдымен, "қазіргі қазақ поэзиясының үш мінін анықтап" алған. Маған қатыстысы - "екіншісі": "... сана-сезімдегі поэтикалық-поэзиялық хаос және логикалық қарама-қайшылық пен жүйесіздік, шашыраңқы да сусыма сынаптай сырғыған абстракциялық, тұманды, кешіріңіздер, ыстығы көтерілген сәби сандырағындай көңіл-күйдің көрінісінде өлеңдердің тенденцияға айналып бара жатқандығы". Мұндағы әдеби сынға еш қатысы жоқ "шашыраңқы да сусыма сынаптай сырғыған", "тұманды", " ыстығы көтерілген сәби сандырағындай" деген көпірме сөздерді алып тастасақ, Аманханның қазіргі Қазақ Поэзиясына тағып отырған "екінші міні" былай болып шығады: "... сана-сезімдегі поэтикалық-поэзиялық хаос және логикалық қарама-қайшылық пен жүйесіздік, абстракциялық, көңіл-күйдің көрінісінде өлеңдердің тенденцияға айналып бара жатқандығы". Осы абракадабраның сынға нақты қатысты тұсы - "логикалық қарама-қайшылық пен жүйесіздік" деген тіркес қана. Ал, енді, "сана-сезімдегі поэтикалық-поэзиялық хаос" дегеніңіз - сана-сезімнің көсем де көркем ойлау жүйесінің бей-берекетсіздігі, яғни, кәдімгі дәндүріс сана-сезім. Ондай сана-сезімге тән сөздерді Аманханның түсініксіз өз теориясымағынан келтіреміз: "абстракциялық, көңіл-күйдің көрінісінде өлеңдердің тенденцияға айналып бара жатқандығы". Баяндамада біздің екі өлеңіміздің Аманхан тарапынан "сынға" алынуы - оның "Ойының орнында емес екендігінің" кезекті бір белгісі. Себебі, ол екі өлең - Фейсбуктегі біздің жеке парақшамыздан алынған. Оларды сондай әлеуметтік желілерде сынауға болатын да шығар. Ал, жеке парақшамдағы жеке меншігім болып табылатын сондай кез келген жазбамды заңсыз көшіріп алып, мәртебелі рухани орган ретіндегі Жазушылар Одағының қасиетті мінберінен сынауға Аманханның да, басқаның да еш қақысы жоқ. Иә, аталмыш өлеңдер "Әдебиет порталында" жарияланды. Бірақ, мен ол "Порталға" да жариялауға рұқсат берген емеспін. 


КӘДІМГІ ҚАРАПАЙЫМ АҚИҚАТ

Оның әулие болғысы келеді. 
Бола ала ма? 
Ой тұтқынында әбден қамықты арман... 
Бола алмайды. 
Көкірек Көзі ит тірліктің көтіне бағытталған. 
Құрдан-құр жабықпасын. 
Жан нұрын Тәңір Нұрына бағыттасын. 

Осыны мұндар да біледі. 
Діндар да ескермейді. 
Көт сасыған Сана Жұмақтың қошын қош көрмейді. 

 Аманханды осындағы "көт" деген сөз қоздырып жіберді ме екен? Олай болса, бекер қозады. "Ұлы Сөзде ұяттық жоқ", - орынымен қолданылса. 


ЭВОЛЮЦИЯ

Менің Түп Атам - икс-вирус. 
Содан бері жәндік те болдым. 
Тышқан да болдым. 
Қорқау да болдым азулы... 
Тіпті, маймылдық дәуренім де - маңдайымда жазулы. 
Қазір де Адам емеспін, хайуанға ұқсас пендемін. 
Өйткені, кемел Ойлардан әлі де кендемін. 

Иә, менің Түп Атам - Х-вирус, 
Миы - Тәңір нұрынан себілген бір өскін. 
Сол миды жетілдіре жүріп, тіршілік үшін күрестім. 
Ол - бүгін де шикі жеміс-дүр. 
Тілім - кеміс тіл... 
Болашақта, миым жұпар аңқып әбден піскенде, 
Тілдесу оңай - періштелермен де, құспен де!..
 
Мен солайша ұдайы құбыла жаралам. 
Тәңіріме жасампаз Нұр боп оралам! 

Сонымен, осы екі өлеңге қатысты Аманхан "сынының" сықпыты мынадай: "Міне, тыңдап, көріп отырсыздар, осы өлеңдердегі жылтыр сөздер мен сөйлемдер жиынтығы, мағынасыздық, біз көрсеткен қазіргі қазақ поэзиясындағы екінші міннің толық көрсеткіші". Яғни, Әбекең өлеңнің архитектоникасын, көркемділігін, образдылығын, философиялық мән-мағынасы мен тағылымдық қадір-қасиетін кәдімгі сыншыға тән білімдарлықпен, әділдікпен талдап-жіктеп жатпайды, мінін дәлелдеп көрсетпейді; мәнсіз-мағынасыз өз теориясымағының "қағидасына салып", ұрады да жібереді! Ал, біз сол "екінші мін" жөніндегі Аманхан "қағидасының" қандай сандырақ екендігін жоғарыда айтып кеттік. Енді ол сандыраққа Аманханның осындағы "жылтыр сөздер мен сөйлемдер жиынтығы" деген қызыл сөзін де қосып қоямыз, әрине. 

"Сыншы" Аманхан санасының "кіжіністі хаоста" екендігіне қатысты, психогендік мынадай да бір маңызды мәселе бар. Әбекеңе баяндама жасауға мандат берген - Жазушылар Одағы. Оның төл газеті - "Қазақ Әдебиеті". Баяндама сол газетте жарияланды. Дәл сол газеттің биылғы 3-наурызда шыққан нөмірінде менің "Тәж тоқып жүрек нұрынан..." деп аталатын топтама өлеңдерім (№№ 9-10. 11-б.) де жарық көрген. Баяндамаға арнайы дайындалған Әбекеңнің көлемі тұтас бір бетке жетеғабыл ол топтаманы өзі апта сайын оқып отыратын Одақ газетінен көрмей қалуы мүлде мүмкін емес. Ендеше, соны неге сынамаған? Қалай сынасын, одан сынайтындай өлең я сөз тұрмақ, бір үтір де таба алмас еді ғой ол. Осы тұста, кейбір әріптестерімнің психикасы мен этикасына байланысты, мына бір жағдаятты да айта кетпесем болмас. Фейсбук дегеннен шығады, жақында сол желінің "таспасын" әдеттегідей шолып отырсам, "АМАНХАН АҚИҚАТЫН АЙТТЫ!..." түрінде "айқайлай сүйінші сұрап тұрған" бір жазбаға көзім түсті. Біз айтып отырған Әдеби жыл Қорытындысы хақындағы қысқаша ғана хабар. Авторы - өзім бұрыннан сыйлап жүретін Жұмаш Кенебай ағам. Мен сол "хабардың" нақты өзіме қатыстысын ғана сөзбе-сөз келтірейін: "... Былайша көпшілік көңілінен шығып жүрген ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы поэзиясының да қазақ поэзиясына тән көркемдіктен көп төмен түсіп жатқанын, баса айтты баяндамашы. Айтпақшы, баяндамашы Аманхан Әлім Тыныштықбек шығармашылығы туралы айтып жатқан кезде, менің қасымда залда отырған ақын досым Мырзан Кенжебай жұлып алғандай: "Тыныштықбектің ақындығынан гөрі оның шизофринеясы басым",- деп айтып салды. Бір назар аударарлығы - осы әдеби жыл қорытындысынан тарап жатқандардың дені: Аманхан ақиқатын айтты...- десіп айтып жатты... 27. 05. 2016 жыл". Өз сөзін: "айтты ... десіп айтып жатты" - деп, орашолақ түйіндеген Жұмаш ағамыздың сол "хабарындағы" басқадай да сауатсыздықты мен айтып жатпаймын. Тек, оның Мырзан Кенжебай деген досы екеуінің "шизофринеясына" қайран қалам. Себебі, ҚЖО-ның мүшесі ретінде, екеуі де - өздерін ақынмын деп, білімдімін деп ойлайтындардан ғой. Солардың әлі күнге дейін "шизофрения" деген қарапайым терминді де білмей, дұрыс айта алмай жүріп, баяндамашының жөнсіз пікірлеріне қыбы қанып, өз әріптестері ретіндегі мені еш негізсіз кекете-мұқата мазақ етулері, ақындық һәм азаматтық ар-намысыма шабуылдаулары несі екен? Өздерінің "шизофринеялық" мінез-құлықтарынан емес пе екен, ә?!... 

Күндестігі де қоздамалы көкдолы әйелдер болса, бір сәрі, түсінер ем ғой. Ұят енді... Сондықтан, алдағы уақытта ондай "фринеялармен" сот алды арыздасқым да, Сөз Өнері турасында Ой жарыстырғым да келмейді. Ондай құрметтің салмағын олардың көтеріп жүре алмайтындықтарын жақсы білем, өйткені. 

 
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар