Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Дәулеткерей Кәпұлы: Шын мәнінде, өз бауырымызды өлтірдік

13.06.2016 232

Дәулеткерей Кәпұлы: Шын мәнінде, өз бауырымызды өлтірдік


KapulyDauletkerey.jpg

Ішің қалайша қан жыламайды, жүрегің сыздамайды? Құдды бір Әбіл мен Қабылдың кебі келгендей... Кеше Қазақ еді ғой, алаяқтарға ерді, салафи (псевдо салафи) болды, сосын бірақ-ақ күнде террористке айналып шыға келді. Өз қанын, өз қағынан шыққан қазағын қолы қалтырамастан өлтіре салды. Атты, бауыздады. Өз мемлекетіне қарсы шықты. Демек, кез-келген салафит, кез-келген уақытта террористке айнала алады деген тұжырым жасауға әбден болады. 

Соңғы террористі өлтірдік деп қуанып жатырмыз... Шын мәнінде, өз бауырымызды өлтірдік. Қынадай қырылғандардың бәрі қыршындай жас. Қайдағы жоқ біреулердің азғыруына түсті, ажал құшты. Әулеті болса, қара бет болып қала берді... Ұлттық трагедия! 

Біздің шекеміздің қызарып жүргені де сол. Идеология! Жат идеология! Салафизм дін емес, саяси идеология! Әйтпесе, ислам ғана емес, кез-келген дінде адамға қиянат жасау туралы бір ауыз сөз таба алмайсыз. 

Адамзат тарихында сан түрлі идеология үшін осы уақытқа шейін миллиондардың қаны қып-қызыл теңіз болып ақты. Ең үлкен соғыстардың көбі идеология үшін болды. Сол үшін аға ініге қарсы келді, бала әкені өлтірді. Салафизм біздің қоғамға сыналап еніп барады. Қазақ қоғамы оны қабылдау үшін байырғы салт-дәстүрінен бас тарту керек.

Жо, жоқ, ол мүмкін емес! Сондықтан біз «ата-бабаларымыз кәпір болыпты, адасып келіпті»,-деп өткенге мүсіркей, жиіркенішпен қарамаймыз. Өткен тарихымызға, бабаларымыздан қалған асыл мұраға мақтанмен қараймыз. 

Бұл идеология өте қауіпті. Қаншама елді іштен ірітіп, құрдымға жөнелтті. Бұлардың артында үлкен күш бар, үлкен қаржы бар. Ат төбеліндей аз ғана топ солардың қызығын көріп, миссионерлік дұрысы — Отанға сатқындық жасап келеді. Тұтас халықты соңынан ертіп аздырып, қырғынға итермелеп, қалың қазақты бір-біріне қарсы қойып отыр. Нәтижесі міне, Сирияға, Таяу Шығысқа барып қырылған жастар, өз елімізді өз бауырларын баудай түсіріп, бауыздайтын қаныпезерлер пайда болды. Осы жолда құрбан болғандардың бәрінің қаны ат төбеліндей осылардың мойынында. 

Жүректі ауыртатын трагедия да осы. Теріс діннің жетегінде кеткен талай жас ата-анасының істеген тамағын жемегені былай тұрсын, оларды ұрып-соғып, «кәпірсің» деп үйінен айдап шығып жатқанын да көріп отырмыз. Әсіресе, батыс өңірлерде. 

Біз жат идеологияға жол бермейміз! Қазақтың қасиетті топырағында саясиланған салафиліктің дәнегінің өсуіне қарсымыз. Өз құндылығымызға қарсы шығатын жастар өсіріп, солардың қолымен дәстүріміздің тамырына балта шабуға рұқсат етпейміз. Қазақстанда өмір сүргіңіз келмесе, жергілікті билікке, дін басыларына бағынғыңыз келмесе, Әбу-Ханифа мәзһабына мойынсұнғыңыз келмесе, мархабат, арабстанға барыңыз. Әйтпесе, Алты Алаштың ашуын әбден тасытып, шамына тиіп болдыңыздар. Давай, до свидания! 

Мен бейбіт елде өмір сүргім келеді. Біз сан ғасыр аңсаған Мәңгілік елді құрғымыз келеді. Өзімнің терең тарихыммен қуаттанып, саф алтындай салт-дәстүрімді ұрпағыма өнеге еткім келеді. Тектілігімді өлсем де "арабтыққа" айырбастамаймын!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар