Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Гиннес рекордтар кітабына енген жазушымен сұхбат

10.06.2016 253

Гиннес рекордтар кітабына енген жазушымен сұхбат


Джеймс Паттерсон әдебиет әлемінің алып тұлғасы. New York Times бестселлер авторлар тізімінде біраз жылдар бойы бірінші орыннан түспей келген ол Гиннес рекордтар кітабына ең көп оқылатын жазушы ретінде енді. Және Forbes журналы Паттерсонды әлемдегі ең бай автор деп таныды. Бірақ ол бір күнде жарқ етіп шыққан сәттілік иесі болмаған. Ол алғашында жинақтары мен тамаша оқиғаға құрылған шығармаларын өз қаражатымен шығарып жүрді. Оның алғашқы романын отыздан аса баспа үйі жарамсыз деп қабылдамай қойған. Тек 1976 жылы ғана алғашқы романы жарық көреді. Ол Эдгар Аллан По атындағы сыйлықты жеңіп алған кезде өзінің бұл жеңісіне онша сенімді болмаған, «қазылар алқасы бұл орынды маған қателесіп беріп жіберді», деп ойлады. Кейінгі он алты жыл ішінде шыққан бір топ романдары сатылымда сәтсіздікке ұшырады. Бұл сәтсіздік 1992 жылға дейін созылды және тек Алекс Кросс романы жарыққа шыққаннан кейін ғана бәрі өзгерді де, оның табысты жылдары басталды. Шығармашылығындағы бұл оқиғадан кейін ол өзінің мансап жолын мықтап қолға алды. Оны аса жақтыра қоймаған әдеби топтардың қатаң пікірлеріне қарамастан телевидениеде оны дәріптеу үдерісі жүріп жатты. Оның қысқа әрі балама көзқарастарға негізделген тараулары жазудың түбін түсірген қас шеберлердің тырнақ асытан кір іздеген сындарының астында қалды. Оның құрама жанрда жазылған жұмыстары оқырмандарының өзін шатастырды. Ол жылдар бойы біраз авторлармен бірлесе отырып, құрама кітаптар шығарып отырды және ол жазуды негізінен бизнес көзі ретінде қабылдады.


Сіз алғаш рет «Томас Берримен саны» атты туындыңызды жариялаған кезде өзіңіздің болашақ бестселлер жазушыға айналатыныңызды елестете алдыңыз ба, және сіздің табысты болуыңыз отбасыңыз бен достарыңыз арасында қандай түсінік қалыптастырды?


Менің алғашқы романымды отыз бір баспа үйі кері қайтарды, сондықтан да мен ол кезде соншалықты табысты болуды күткен жоқпын. Менің анам мұғалім болды, содан да шығар, ол менің балалар тақырыбындағы шығармаларымды өте жылы қабылдады.


Егер уақытты жылжыту мүмкіндігі туып, сіз жас жазушы қалпыңызға қайта келсеңіз не істер едіңіз, не үйренер едіңіз?


Басқаларға жақсы әңгіме айтып бере алатыныңызға сеніңіз. Менде бұл сенім қазір бар, ал бұрын болмаған. Эдгар атындағы сыйлықты жеңіп алған кезде, қазылар алқасы бұны маған қателесіп беріп жіберді деп ойладым. Жалпы, жас жазушылардың көбіне тән үлкен кемшлілік ол сенімнің жоқтығы.


Сіз алғаш жазуды дәстүрлі бағытта бастадыңыз, ал кейін авторлармен біріккен және құрама кітаптар жазуыңызға не түрткі болды?


Менің Питер Де Джондж деген досым болды, бір күні біз гольф ойнауға бардық. Артынан сыра ішіп отырып, менің бір оқиғамның идеясын екеуміз әрі-бері талқылай бастадық. Сол уақытта маған Питер екеуміздің бір қызықты шығармада бірге жұмыс істеуімізге болады екен ғой деген ой келді, сосын көп өтпей авторлық құқығымыз ортақ «17-Гриндегі ғажайып» романын жарияладық. Мен бұл жазу процесінен шындығында рахат алдым. Мен бірлесіп жұмыс істеген бұл авторлардың қай -қайсысы да өте танымал әрі біз бұрын да басқа жобаларда жақсы жолдас болған кісілер болатын.


«Өртену» блокбастер Майкл Беннетт сериясының соңғы кітабы, ал, Алекс Кросс сериясының ең соңғы бөлімі «Өлімге деген үміт» қараша айында өз оқырмандарына жол тартты. Бұл кітаптар яғни Майкл Беннетт пен Алекс Кросс серияларының соңғы бөлімдері қандай жаңалықпен туды деп ойлайсыз?


«Өртену» кітабы Майкл мен оның отбасы қорғаушы айғақтарын жоғалтып алып, Нью-Йоркке қайта оралған жерінен басталады. Майкл Харлем қаласындағы аутрич командасының артынан ереді және олар бақылаған қылмыс шындығында тамаша дүние боп шығады.

«Өлімге деген үміт» шындықты көтерген жерде «Жүрегімнің шоқынуы» аяқталады. Мен бұдан артық ақпарат бергім келмейді, бірақ Алекс Кросс менің ең сәтті шыққан кітабым деп айта аламын.


Менің білуімше, осы жыл аяқталмай тұрып тағы үш кітап шығаруды жоспарлап отырсыз. Сіздің күн сайын жаңа бір белесті бағындыруыңыз, жаңа бір әлемге танылуыңыз, рекордтық деңгейдегі сатылымдар, әртүрлі ынталандыру сыйлықтары, осындай табысты болуыңыздың сыры неде?


Мен ешқашан оқиға іздеп сыртқа жүгірмеймін. Менің жұмыс бөлмемде ішіне идеялар толтырылған бес дюмдық қалыңдықтағы папка бар және оларға күн сайын жаңасы келіп қосылып отырады. Олар маған не дейтінін білесіз бе, «Егер өміріңде өзің сүйіп істейтін бір нәрсемен айналыссаң және сенің сол жасағандарыңа басқалар төлем беріп отырса бұл ғажайып сәттілік, сен шындығында бақыттысың». Солай, мен оқиғаларды әңгімелеуімді жалғастырамын.


Сіз өз мансап жолыңызда қалыпты келісімділік заңына онша бағынбайтындай көрінесіз. Бұл бүлікшіл қасиет сізге қайдан келді? Және бұл әрқашанда сізге тек жақсы жағынан қызмет көрсетеді деп ойлайсыз ба?


Білмедім, мен көп уақытымды жарнаманың ішінде өткіземін, жаңа бірнәрсе өзгертуге тырысамын, және біз сол үшін жұмыс жасаймыз, бірақ егер ол жұмысымыз болмай жатса тағы басқасына көшеміз. Ия, ол рас, әлемдегі қара халықтың миында орнап қалған кейбір түсініктерге менің қарсы шығуым қажет деп ойлаймын, бірақ мен егер соншақты бүлікшіл болып кетсем онда менің бір жаңа идея тудыруды қалағанымның белгісі деп ойлаймын. Олар егер әрі қарай тобыр көзқарасын өзгертуге жұмыс жасаса бұл мен үшін ең үлкен сәттілік болмақ. Мен көтерілісшімін, бірақ бұл нағыз тозақ өміріне ұқсайды.


Сіз жазуды жаңа бастаған жас жазушыларға немесе орташа деңгейлі жазушыларға әдебиетте табысты болу туралы қандай кеңес берер едіңіз?


Мен табысты болуға ешқандай кепілдік бере алмаймын. Бірақ өз ойыммен бөлісе аламын. Меніңше, алдымен сізге жалғыз әрі бірегей кітап жазу керек әрине, ол сауда кеңістігіне лайықталып жазылуы керек. Қазір жазушылар көп шығып жатыр, бірақ іштерінде нағыз тәтті оқиғаны тартымды етіп жаза алатындары көп емес. Менің барлық жазушыларға берер кеңесім, алдымен сіз жазуды схемадан бастаңыз, бұл басыңыздағы оқиғаны бір ізге түсіретін ең ұтымды жол, сосын сіз оны оңай жазып шығасыз.


Сіздің кітаптарыңызда екі нәрсе ерекшеленеді, ол, оқиғалар және есте қаларлық кейіпкерлер. Бұл жерде тамаша оқиғалар жасауда қандайда бір қалыптасқан құрылым бар ма? Және сондай есте қаларлық образдарды дүниеге әкелуіңізде қандай жазушылық әдіс айла пайдаланасыз?


Мен белгілі бір құрылым бар деп ойламаймын, бірақ оқиғаларды баяндауда міндетті түрде құрылымдық жүйе өте қажет. Мен басында атап өткенімдей, схема жасау жазушы үшін өте маңызды нәрсе. Мен өз кітаптарым бойынша айтсам, оқиғаларымның ішінде кейбір ұсақ-түйек адамдар болады, олар менің қаһармандарымның алға қарай қадам басуына мүмкіндік береді де керек уақытқа келгенде өздігінен жоғалып кетіп отырады. Ал есте қаларлық кейіпкерлердің образын дұрыс табу ол тікелей шеберлікке байланысты. Бұл ең қиын жұмыс бірақ ең соңындағы шиеленіскен сюжеттің шешемге қарай бағытталуы әрі шығарманың мақсатының толықтай орындалып шығуы бұл да өте маңызды. Әрбір кейіпкердің өзіне тән дауысы болады, және оларды бір-бірінен ерекшелендіріп тұратын да сол құрал, содан барып оқырмандар өз қызығушылықтарына байланысты олармен байланысқа түседі. Менің бойымда халыққа деген жанашушылық көп болады және бұл маған оқиға баяндаушы ретінде аса қажет. Сіз бұны менің кейіпкерлерім арқылы сезіп отырасыз.


Сіздің авторлық жеке сайтыңыздың мақсаты барынша жас оқырмандарға қарай бағытталғаны байқалады. Әрі сіздің фейсбук парақшаңызда қазына іздеушілер жалауы бар, жарияланған осы жазбаларыңыз шындығында сіздің балалар тақырыбына деген құштарлығыңыздан туған дүниелер ме?


Балалар сүйіп оқитын кітаптарым, ия, менің ерекше құмарлықтан туған шығармаларым. Мен балалар әдебиетінде өте көп тамаша кітаптар жаздым деп ойлаймын, әсіресе «Максимум Райд» және «Орта мектеп хикаяттарын» атауға болады. Балалар менің кітабымды оқып аяқтаған соң, «Бұл тамаша, енді тағы береңізші» деген кітапқа сұраныс менің басты мақсатым.


Сіз мына цитатаны өте жиі келтіресіз, шығарманың «Кінәлі рахаттану» қуатын онша жақсы көрмейтініңіз туралы, және ешкімде кітап оқып отырып өзін кінәлі сезінгісі келмейтіні де шындық. Бұл сізден басқаны оқығысы келмейтін жастар тобының қалыптасуына жетерліктей аңыз болуы мүмкін?


Солай деп үміттенемін. Бұл менің отбасылық және балаларға арналған шығармаларымның негізгі мақсаты. Және бәріңіз білетіндей, бұған дейінгі шығармаларым да осы мақсатты ақтады деп ойлаймын. Мен осылай оқырмандарымды алға қарай жігерлендіруді әлі жалғастырамын.


Қазір біз түрлі смартфондардың, өлшеуі жоқ шексіз виртуальді ойындардың, визуальді хаостың ішінде өмір сүріп жатырмыз. Сіздің ойыңызша, ата -аналар өз балаларын кітап оқуға қалай қызықтыра алады?


Ата-ана алдымен баласының өз қызығушылығы арқылы таңдау жасауына мүмкіндік беруі қажет. Және әкесі мен анасы өздерінің әдеби сауаттылығы арқылы отбасылық кітап оқу дәстүрін қалыптастыруы маңызды роль атқарады.


Сіз сауаттылыққа бағытталған көптеген шаралар мен жұмыстар жасадыңыз. Оқырмандарыңызға алдағы жобаларыңыз бен бастамаларыңыз туралы біраз ақпарат айтып бере аласыз ба, мүмкін олардың да қолдарынан көмек көрсету келіп қалар.


Жақсы, менде «ReadKiddoRead» деген арнайы сайт бар, оның мақсаты ата- аналар мен мұғалімдерге, кітапханашыларға шындығында балаларымыз сүйіп оқитындай кітаптар тауып беру. Және жиырма екі колледж бен университеттерге тағайындалған менің атымдағы төрт жүзден аса стипендия жыл сайын болашақ мұғалімдеріміздің балалармен қалай дұрыс жұмыс жасау керектігі туралы тәжірбие жинауына үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Бірақ кейбіреулер отбасылық және қоғамдық оқу мәдениетін қалыптастыруда өздерінше жол тауып жатыр. Кітап сатып алу ол кітап сөресіне байланысы, демек сіз өз мекеніңіздегі кітапханаларға көмек көрсетуіңіз бұл үлкен жұмыс. Оқудан жігерленетін отбасылар мен қоғамдық орталар іздестіріңіз. Сізге велосипедті қайта ойлап табудың қажеті жоқ.


Сіз үшін шым-шытырық оқиғаға толы кітаптарыңыз болашақта фильмге немесе телевидениялық бағдарламаларға айналуы бұл қалыпты жағдай сияқты, жақын арада оқырмандарыңыз бен көрермендеріңізді қандай жаңалықтар күтіп тұр?


CBS арнасының тапсырысы бойынша түсіріліп жатқан «Зверинец» сериялы келесі жазда экранға жол тартады. Кейін Netflix компаниясының жұмыстарын да көре аласыздар. Бұлар менің ерекше құлшыныспен жасап жатқан жұмыстарым. «Орта мектеп» сериялының «Менің өмірімдегі сәтсіз жылдар» деген жаңа бөлімі де шыққалы жатыр.


Кино туралы айтсақ, мен сіздің жеке сайтыңыздан шыққан жаңа фильмдеріңіз туралы пікірлерді қалдырмай оқып тұруға тырысам. Соңғы жылдардағы көрген сүйікті фильмдеріңіз туралы айта кетсеңіз.


Мүмкіндігінше көп кинолар көруге тырысамын. Мен әр жылдың соңында өзім көрген сүйікі фильмдер тізімін жасаймын. Менің соңғы көрген екі сүйікті фильмім - «Ересектік» (Boyhood) және «Көлік үстіндегі аспаз» (Chef).


Дәл осы сұрақ енді кітап жайында, соңғы жылдары оқыған сүйікті шығармаларыңызды атап айтсаңыз.


Маған Корморан Страйктың соңғы сериялары қатты ұнады. Тағы сол сияқты Джоан Роулингтың «Шелкопря́д» криминалдық романы бар. Роулингтың шығармаларында егер басқа жазушылар жазса оқырмандарын жалықтырып алатын оқиғалар бар бірақ ол керісінше қызықтыра түседі. Және жақында оқыған Хамптон Сайдстың «Мұз королдігі» де мені қатты қуантты.


Сүйіктілер туралы сұрақты жалғастырсам, өзіңіздің жүзден аса кітаптарыңыздың ішінде сүйіктілері, жаныңызға жақындары деп қайсыларын атап өтер едіңіз?


Сіз менен қайсы балаңызды қаттырақ жақсы көресіз деп сұрап отырған сияқтысыз. Әрине, мен Алекс Кросспен өте ұзақ уақыт бірге болдым, және мен оны кейіпкерім емес, туғанымдай сезінемін. Оның алғашқы шыққан нұсқасы «Өрмекшінің келуі» мен үшін шындығында өте қымбат болып есептелінеді.


Егер сіз жазумен айналыспағанда, сіздің мамандығыңыз қандай болар еді деп ойлайсыз немесе нені армандаған едіңіз?


Жазу менің сүйікті кәсібім және сол арқылы мен өзімді әркүн сайын бақытты сезінемін. Егер бұндай мүмкіндік маған берілмегенде бәлкім, кинорежиссер немесе телевидение маманы болар ма едім.


Ал енді соңғы сұрағымыз, осыдан жүз жыл өткеннен кейін яғни болашақта Джеймс Паттерсон туралы халықтың не айтуы мүмкін деп ойлайсыз немесе үміттенесіз?


Мен әрқашанда отбасында жақсы отағасы, жақсы әке, жақсы жазушы болып қалғанды армандар едім. Құдай соған жазсын!


Ойыңызбен бөліскеніңізге көп рахмет!


«The big Thrill» сайтынан алынды.

Сұхбаттасқан: Антони Френс

Аударған Мерей Қосын

Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар