Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тіл шеберін дайындау – болашақ кепілі

06.06.2016 410

Тіл шеберін дайындау – болашақ кепілі


С.Итегулова

Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың

республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы.

Астана қаласы


Бүгінгі таңда еліміздің білім беру жүйесінде оқыту үрдісін тың жаңалықтарға негізделген жаңа мазмұнмен қамтамасыз ету міндеті тұр. Соның бірі – қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуға қабілетті, өзіндік пікірін ауызша және жазба түрде тиянақты, анық, жүйелі жеткізе алатын жеке тұлғаны қалыптастыру. Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан 2050» Стратегиясы - құрылған мемлекеттің жаңа саяси беталысы» жолдауында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашағы біртұтас ұлт» институционалды реформасында қазақстандықтардың тіл мәдениеті мен тілдік білім деңгейлеріне айрықша мән беріледі.

«Тілдердің үштұғырлылығын – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін дамыту – қоғамды топтастырудың, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың кепілі. Біздің басты мақсатымыз – қазақ­стандықтардың жаңа жалпыұлттық мұ­раттар мен құндылықтарды – құқықтың үстемдігін, жеке меншікті қорғауды, мемлекеттік дәстүрлерді, қазақстандық құндылықтар мен тәуелсіздік жылдарындағы табыстарды өздерінің этностық мінез-құлық модельдерінен жоғары қоюына қол жеткізу. Барлық қазақстандықтар үшін қазақ­стандықтың бойында азиялықтың да, еуропалықтың да жақсы қасиеттерін шынайы сүзгіден өткізетін еуразиялық идеясы біріктіруші болып табылады» делінген.

Жалпыұлттық патриоттық «Мәңгілік Ел» идеясының негізгі құндылықтарының бірі де осы мемлекеттік тілді - рухани бірлік пен Қазақстан тәуелсіздігінің негізі, орыс тілін – тарихи игілік пен халықтың жетістігі, ағылшын тілін - бәсекеге қабілеттілікті арттырушы және әлемдік даму деңгейіне шығарушы ретінде дамыту, сол арқылы қазақстандық біртектілікті нығайту болып отыр. Көп тілді меңгеру - заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Бірнеше тілде еркін сөйлеп, сауатты жаза білетін мамандарға деген сұраныс та жылдан жылға артып келеді.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында білім беру жүйесінің жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған ролі атап көрсетілсе, осы заңның 41-бабында: «педагог қызметкерлер оқушылардың мемлекеттік білім беру стандартында көздеген деңгейден төмен емес білім, білік, дағды алуын қамтамасыз етуге, жеке шығармашылық қабілеттерінің көрінісін, дамуы үшін жағдай жасауға міндетті», - делінген.

Қазіргі таңда жалпы білім беретін мектептердің дамуында жағымды өзгерістер және оқыту мен тәрбиелеу ісінің ұтымды жақтары ашылып жатқанымен, оқушылардың жеке басының шығармашылық жақтарына терең үңіле бермейміз. Тұжырымдамада көрсетілгендей, бастауыш сынып оқушыларына әдебиеттік оқу сабақтарында жазба жұмыстарын орындай отырып, тілдік құралдарды өз тәжірибесінде пайдалана білудің ғылыми-әдістемелік жолдарын көрсетіп, ойын жүйелі түрде дұрыс айта және жаза алатындай етіп үйрету – бүгінгі заман талабы. Мұның себебі, біріншіден, тіл – адам мәдениетінің, интеллектісі мен жан-жақтылығының көрсеткіші болса, екіншіден, өз ойын байланыстырып айту және жазу баланың басқа адамдармен еркін қарым-қатынас жасауына мүмкіндік береді. Басқалармен қарым-қатынастың тартымды, сәтті болуы адамның өзінің ойын қаншалықты еркін, тиянақты, жүйелі түрде жеткізуіне байланысты. Бастауыш сынып оқушылары әдебиеттік оқу сабақтарында жазбаша жұмыстарды орындау және сөздерді байланыстырып сөйлеуге үйрену арқылы тілдің мағыналық, құрылымдық ерекшелігін тануға, көркемдік бейнелілігін ұғынуға, сөздік қорының кеңеюіне мүмкіндік алады. Жазбаша байланыстырып сөйлеу әрекетінде оқушы сөйлемнің мәніне, мағынасына көңіл аудара отырып, ойлау әрекеті мен пайымдауы арқылы санасынан өткізеді де, өз ойын байланыстырып, жүйелі жазудың нәтижесінде жазбаша тілдік қатынасты жүзеге асырады. Баланың мектепке келгенге дейінгі өзі игерген ауызша сөйлеуімен салыстырғанда, тілдік қатынастың күрделі түрі жазбаша сөйлеуге үйрету белгілі бір жасанды дағды негізінде қалыптасады. Сондықтан да бұл жұмыс мұғалім мен оқушы тарапынан көп көңіл бөлуді қажет етеді..

А.Байтұрсыновтың жазуға үйрету әдісі жайлы «...сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай қажет болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек....Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге: қай сөз қандай орында өзгеріп, қалайша бір-бірімен қиындасып, жалғасатын дағдысын білу керек», – дей отырып, сөйлеудің жазба түрінің күрделі екеніне көңіл бөліп, жазуға үйретуге ерекше мән берілуі тиіс екендігін айтады. Жазбаша байланыстырып сөйлеу тілдік таңбаның мағыналық тұтастығынан тұратын, тілдік қатынастың іске асуына негіз болатын қатысымдық тұлға мәтін құру арқылы жүргізіледі.

Соңғы кездері әдістемелік еңбектерде мәтін тек оқу және оқыту материалы ретінде ғана емес, сөйлеу кезінде ойды басқаға жеткізу құралы тұрғысынан қарастырылуда. Сөйлеушінің айтатын ойы мәтін құру арқылы жүзеге асырылатыны жөніндегі ой-пікірлер, зерттеулер Ф.Ш.Оразбаеваның, Т.Әбдікәрімнің, С.Р.Рахметованың, Н.Ж.Құрманованың, А.С.Қыдыршаевтың, Б.Қалимұқашеваның, Ә.Е.Жұмабаеваның, Б.Қабатайдың, Н.Сламбекованың, Н.Тойбазарованың т.с.с. көптеген ғылыми-әдістемелік еңбектерінде қарастырылған. Дегенмен бастауыш сынып жасындағы балалардың жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйретуге байланысты шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес. Бастауыш сынып оқушыларының әдебиеттік оқу сабақтарындағы жазба жұмыстарын тексеру барысында бірқатар олқылықтар бар екені байқалды. Мысалы:

1) оқушылардың көпшілігі өз ойын байланыстырып жүйелі жаза алмай-тындығы;

2) бағдарлама, оқулық, оқу құралдарындағы оқушыны жазбаша байланыстырып сөйлеу әрекетін меңгертуге байланысты берілетін материалдар көлемінің теориялық жағынан да, тәжірибелік жағынан да жеткіліксіздігі;

3) оқушының мәтін құру кезінде тақырып пен мазмұнының байланысын ұғына алмайтындығы;

4) мәтіндегі негізгі ойды анықтай алмайтындығы;

5) сөз таңдау қабілетінің төмендігі, бір сөзді ретсіз қайталай беруі;

6) оқушының құрған мәтініндегі сөйлемдерінің бір-бірімен байланыспауы.

Мұның себебі, бастауыш сыныпта балаларға «мәтін» жайлы бірқатар мағлұмат бергенімен, оқушыға оны саналы түрде ұғындыру мәселесіне көп көңіл бөлінбегендіктен деп ойлаймыз, екіншіден бастауыш мектепте баланы белгілі бір дәрежеде жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйрету дәстүрлі таза жазу, көркем жазу, көшіріп жазуға үйрету баланың шығармашылық қабілетінің деңгейін көтеруге көмегін тигізеді. Осы сияқты олқылықтарды есепке ала отырып, бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілетін жазба жұмыстарын орындау арқылы сөйлеуге үйретуде мәтіннің мағыналық, құрылымдық ерекшеліктері туралы теориялық білім бере отырып, мәтін құру білігі мен дағдысын қалыптастырудың тиімді жолдары мен әдіс-тәсілдерін іздестіру бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр.

Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілетін дамыту үшін әдебиеттік оқу сабақтарында жазба жұмыстарының тиімділігі мынадай шарттар орындалған жағдайда артады: егер оқушыға берілетін мәтін жайлы теориялық білім мен қажетті білік, дағдылар нақтыланып, тақырыпқа байланысты мәтін құрастырудың әдіс-тәсілдері саналы түрде меңгерілсе, онда оқушылардың өзіндік әрекеттері мен шығармашылық қабілетінің белсенділігі қамтамасыз етіліп, ойын тиянақты түрде жазуға дағдыланады, өйткені оқушыны жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйрету әдістемесі жүйелі сөйлеу мәдениеті мен логикалық ойлау қабілетін жетілдіруге мүмкіндік ашады. Ұлы Абай ақынның “…жан қуаты әуелден кішкене ғана болады. Ескеріп баққан адам ол қуатын зор айтады, ескерусіз қалса, ол қуаттар жоғалады, не аз-мәз нәрсе болмаса, үлкен ешнәрсе жарамайтын болады. Адам ішіп-жеп тән қуатын ғана ойламай, жан қуатын да жетілдіруі үшін қам жеуі керек”, деп тұжырымдағанындай мұғалім оқушының жан қуатын арттырудың жолдарын іздей білгені дұрыс. Ал оқушылардың жан қуатын арттыратын, халқымыздың сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігінен мәлімет беретін, ұлттық мәдениетіміздің деңгейін көрсететін асыл қазыналарымыздың бірі – фольклорлық мұраларымыз. Осы мұраларымызға терең бойлаған адам ел тарихынан мол мағлұмат алады. Бір қарағанда қиял дүниесі болып көрінетін фольклорлық шығармаларда халықтың тарихы, наным-сенімі, дүниетанымы туралы қаншама құнды мәлімет бар. Қарапайым, қиял аралас күйде әсірелей суреттелу фольклорлық шығармалардың өзіндік ерекшелігі болып табылады. Алайда осы оқиғалардың түп негізінде жіті қараған адамға ашылатын терең мағына, құпия сыр мен астарлы әлем жатыр.

Ертеңімізді болжап, бүгінімізге сын көзбен қараған сәтімізде халықтың рухын көтеріп, тіліміз бен ділімізді сақтап қалуға көмектесетін құралдардың бірегейі ата-бабаларымыз мирас еткен мәдени игіліктер екенін айқын аңғарамыз. Жас ұрпақты өз елінің патриоты етіп тәрбиелеп шығару, жас өркеннің шабыты мен дарынының ашылуына жағдай жасау, сондай-ақ оларды бәсекеге қабілетті азамат етіп дайындау – аға буынның басты мақсаты. Бұл мақсатқа жету үшін берілетін тәрбие ұлттық дәстүрлерге сүйеніп жүргізілуі тиіс. Ұлттық құндылық мәселесі сөз болғанда халықтың сан ғасырлар бойы жинақтаған алтын көмбесі – халық ауыз әдебиетіне тоқталмай өту мүмкін емес. Өйткені «сөз қадірін – өз қадірім» деп ұққан ата-бабамыз тілі мен діліне, ұрпақ тәрбиесіне қатысты көрген-түйгендерін, насихат-өнегесін халық ауыз әдебиеті арқылы мирас етіп отырған. Аты айтып тұрғандай, халық ауыз әдебиетінің алтын сандығы атадан балаға ауызша жеткізіліп, асыл мұраның қасиетті кілті жатқа айту арқылы табыс етіліп келді. Бертін келе, ел ішіндегі көкірек көзі ашық сауатты азаматтар бұл көмбені хатқа түсіріп, ғасырлар қойнауында жасырынып қалмаудың жаңаша жолын тапты. Қазіргі электронды ақпарат алудың жолдары кеңейіп, кітап оқу жағы кенжелеп отырған заманда «ел қазынасы – ескі сөзімізді» замана көшімен бірге алып жүру үшін том-том кітап шығару жеткіліксіз. Бүгінгі фольклортанушылардың алдында құнды мұраларымызды жастардың санасына сіңіртудің жаңаша жолдарын табу міндеттері тұр.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар