25 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Міржақып Дулатұлының кесенесі құлағалы тұр (ФОТО)

06.06.2016 300

Міржақып Дулатұлының кесенесі құлағалы тұр (ФОТО)


17d68935ef72dedda82df7c3238e7a13.JPG

Алаш көсемдерінің бірі, XX ғасырдың басында қазақ халқын отты өлеңімен оятып, өнер-білімге, еркіндікке үндеген Міржақып Дулатұлының Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Қызбел (Бидайық) ауылындағы кесенесі қауіпті жағдайда тұр. Алашқа азаттық әперу жолында басын ажалға байлаған ақын осыдан 81 жыл бұрын айдауда жүріп өмірден өткен еді.


1989 жылы Міржақып Дулатовтың сүйегі Карелиядан табылып, қызы Гүлнар Дулатовның бастамасымен, міржақыптанушы ғалым Марат Әбсеметов, белгілі кино-режиссер Халила Омаров, танымал журналист Қайсар Әлім және өзге де адамдардың қатысумен 1992 жылы Қазақстанға, туған жері Торғай даласына әкеліп жерленген болатын.


Мұндағы кезек күттірмейтін ең басты мәселе – Міржақып жерленген кесененің ұзақ жылдық күтімсіздіктен соң, бір жағына қарай қисайып, құлау алдында тұрғандығы. Іргетасы ауыр салмақты көтере алмай жарылып, үстіңгі жақтағы қаланған кірпіштер де қақырап бөлінуге айналған.


Бұл жайтты өзіміз де көзімізбен көрдік.

Кесененің шырақшысы Нағашыбай Бірмановтың айтуынша, Жақаңның зиратымен қоса сол жерге салынған музей үйінің де мүлде қараусыз қалғанын айтады.


«Міржақыптың басына зиярат етіп келушілер көп. Рухнаи салаға қатысы бар адамдармен қоса қарапайым адамдар да алыстан ат терлетіп келіп жатады. Өкінішке орай, бұл аумақ ешқандай бір мемлекеттік мекемеге тән емес болып, қараусыз қалған соң Қызбел ауылының әкімдігі сот шешімі арқылы өз қарамағына алған болатын. Бірақ, шалғай ауылдағы шағын әкімдікте кесене мен музейді ремонттап, коммуналдық шығындарды төлеп, күтіп ұстауға қаржы тапшылығы қатты әсер етіп отыр. Музейге электр жүйесі тартылмаған, келген қонақтарға фонарик жағып, қызмет көрсетемін. Кесене мен музей аумағын тазалап, күтіп ұстауға өзім жүгіремін. Еш мекемеге қарасты болмаған соң айлық та төленбейді. Тек, ұлы әруақ үшін жыл он екі ай тегін қызмет көрсетемін», - дейді шырақшы.

b621cabbbab688fbcf95ec36043af840.JPG

Ызғарлы Карелиядан сүйекті әкелер алдында Жақаңның қызы Гүлнар Дулатова бір естелігінде:


«Миллиондаған жазықсыз жазаланған боздақтарымыздың сүйектері әр жерде шашылып, не құпия көміліп қалған жандарды ойлағанда жанымыз күйіп, қабырғамыз қайысады. Солардың ішінен жалғыз Міржақыптың сүйегі табылғанда қазақ халқының қол қуысырып қарап отырғаны ақылға сия ма? Қазағының сілкініп оянуын көксеп кеткен Міржақып Карелияда қала беруі керек пе? Несін жасырайын, бұл істі мемлекет тұрғысынан қолға алар деген ниетпен республика басшыларының атына хат жаздым. Жауап күтуімен біраз уақыт өтті, нәтиже шықпаған соң «алдарынан өттім, енді маған кінә таға қоймас» деген ойға келдім», - деп жазған екен.


Аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері туралы тарихшылар Міржақып Дулатұлының қоғамдық-саяси қызметі 1905 жылы Қарқара жәрмеңкесінде қазақтардың Ресей патшасына тарихи құзырхат жазған кезінен басталғанын айтады. Осы құзырхатты ұйымдастырушылардың бірі Міржақып болған.


Тарихи деректер бойынша, Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» өлең кітабы 1909 жылы Қазан қаласындағы «Шарқ» баспасынан шыққан. Тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің айтуынша, «Оян, қазақ» кітабы ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы түрлі топтардың бәрінің көңілінен шыққан.


Жақаңның аталмыш кітабы жайлы Мәмбет Қойгелдиев: «Ресей патшалық үкіметінің шымбайына тиген кітап болды бұл. Бір қызығы, «Оян, қазақ» сол кездегі қазақ зиялыларына да ұнады. Қазақ халқының да ойынан шықты. Сондай-ақ, дін адамдарының да көңілінен шықты. «Оян, қазақтың» елге ұнағаны соншалықты, кітапты мешіттер, молдалар елге таратты. Осыдан-ақ, бұл кітаптың мән-мағынасын, маңызын байқауға болады. Патша өкіметі кітап авторының соңына түсті. Ол кітапты оқуға тыйым салды», – дейді.


Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай сол кезде «Оян, қазақ» кітабын Абайдың кітабымен бірге ұзатылған қыздың жасауына қосып беру дәстүрі пайда болғанын айтады.


«Осы «Оян, қазақ» пен «Бақытсыз Жамал» қазақтың жүрегіне жол тапқан алғашқы көркем шығарма болып табылады. Осы кітаптар арқылы қазақтың ішінде ояну, гүлдену, өркениетке ұмтылу деген аңсар пайда болды. Және қазақ қоғамы «Бақытсыз Жамалдың» тағдыры арқылы өз тағдырын елестетіп, ойлануға мүмкіндік алды», – дейді Тұрсын Жұртбай.


ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының өзекті мәселелерін күн тәртібіне шығарған және қазақ зиялыларының еркін пікір алаңына айналған «Қазақ» газеті 1913 жылы жарық көре бастағанда оның басы-қасында бас редактор Ахмет Байтұрсынұлының орынбасары қызметінде Міржақып Дулатұлы болды.

Міржақып Дулатұлы 1917 жылы құрылған Алашорда үкіметінің белді мүшесі, Алашорда үкіметінің бағдарламасын жасағандардың бірі болғаны тарихи деректерден белгілі.

Ол 1916 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс зардабын тартып, қырғынға ұшырап, босқынға айналған елге көмектесу мақсатында, Семей қаласында, қазақ тарихындағы ең алғашқы «Жанар» жәрдем қорын ұйымдастырғандардың бірі.

1921-1922 жылғы ашаршылық кезінде Алаш зиялылары аштыққа ұшырағандарға жылу жинап беруді қолға алғанда Міржақып Дулатұлы пен Жүсіпбек Аймауытов осы іске басшылық жасап, бірнеше айда 15 мың бас ірі қара жиып, ашыққан елге үлестірген.

Міржақып Дулатұлы 1928 жылы желтоқсан айында қамауға алынып, екі жылдан кейін ату жазасына кесілді. Кейін сот үкімі он жыл абақты жазасымен ауыстырылады. Беломор-Балтық арнасының құрылысы бойында, Сосновск станциясындағы жазалау лагерінде жазасын өтеген Міржақып Дулатұлы 1935 жылы осы лагерде ауыр науқастан көз жұмады.

d8d1b7b8cb24480fe64591a311534bea.jpg


Безымянный.png


629c873a434c22b31f209ce75a556bb1.JPG


28c58aed6f6faa596b70d3ccf503989d (1).JPG


65c01d6552e2cd65545c6be1a1f54a8b.JPG




Ұларбек Дәлейұлы


дерек көзі: baq.kz

фото: Ержан Жаубай



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар