Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Әбдіжәміл Нұрпейісов. Соңғы парыз (жалғасы)...

15.08.2018 11543

Әбдіжәміл Нұрпейісов. Соңғы парыз (жалғасы) 12+

Әбдіжәміл Нұрпейісов. Соңғы парыз (жалғасы) - adebiportal.kz

Қалайда, сол жылдар көңілді еді! Әзім астанада тұратын құрылысшы ағасының үйінде жатқаны болмаса, көбіне жатақханада жүреді. Ағасы астана тұрғындары "дворяндар ұясы" деп атайтын бастықтарға мекен болған тыныш көшеде тұрады екен. Табыскер, күйлі ағасы Әзімді мұздай қып киіндірді. Бұрын да ақсары әдемі жігіт бас-аяғы сықиып киініп алғанда қыздар тұрсын, көшеде көзі түскен көлденең жұрт бұрылып бір қарамай өтпейтін.

Астанаға келгелі Әзім қатты өзгерді. Ауылда әкесі ұрысса ұрысқандай көті қоныс таппай, ұшып-қонып жүретін жеңілтек Әзім астанаға келген күннен бастап біреу өзіне тиым салғандай көрер көзге өзгеріп, салауатты бола қалды.

Аузын ашса тек ағасын мақтады: ағасы атақты құрылысшы: Үлкен Кісімен дос. Өзге түгіл, құрылыс министрінің өзі ағасының алдында құрдай жорғалайды, бұлар Әзімнен құрылысшы ағасының қанша ордені барын да біліп алған-ды. Бір күні сәті түсіп, бұл Әзімге еріп ағасының үйіне барып еді. Ағасы үйде екен. Жұрттың бәріне солай ма, әлде бұларды баласынды ма, әйтеуір Әзімнің соңын ала кірген бұған бұрылып та қараған жоқ, тек көз қиығын тастады да, ләм деместен сыздана басып аржағында тұрған креслоға барып отырды. Сонан кейін де бұл Әзімге еріп талай барды. Бірақ соның бәрінде де ағасы үйде болмады.

Ал, Әзім "жеңгем" деп таныстырған шінжау, арық әйелді сен шынымен аяушы едің. Анада, өзің көретін мейлінше маңғаз, нағыз еркектің жұбайы дегенге сен сенер-сенбесіңді білмей, жалтақтап қарай бергенсің-ді. Қараған сайын мына бишара әйел анадағы еркектің жарынан гөрі есіктегі малай қатынға көбірек ұқсаған еді де, қашан кетер-кеткенше әлдебір аяныш сезімнен айыға алмай қоятын.

Астанаға келген күннен бастап Бәкизат сені қызбен таныстырам деп әлекке қалды. Әзім екеуі ертіп киноға апарады, театрға апарады. Кейде жастар кешіне бірге бара қалғанда, Бәкизат бұған үнемі бір қызды сыртынан көрсетіп: "Қалай?.. Ұнай ма?" деп мазасын алып болатын. Былайғы кезде де сенің бірдеңең болмаса, бірдеңеңді күлкіге айналдырып жүретін Әзімнің құдайы берді. Тұла бойыңнан түк таппағанда әрі-берідесін аузыңды, мұрныңды қылжақтайтын жігіт. Бір күні бұның жанына қатты бататын осал жерін ұстап: "Бәкизат қазір кітап бетін ашуды қойды. Оқу жөніне қалды. Жатса-тұрса ойлайтыны – Жәдігерді қызбен таныстыру", – деп жастарды қыран-топан күлдіріп еді, құшағына кіріп жабысып тұрған Бәкизат қолын Әзімнің қолтығынан босатып ала бере, "ну, ты!" деп оны итеріп қалды да, сырт айналып кетті. Сонан кейін Әзімнің көзінше ештеңе айтпайтын болды. Құпиясы болса, бұны оңашалап шетке алып шығады. Айтпас бұрын әуелі жан-жағына қарап алады. Сосын өзінен қол созым биік жігітке бойы жетпей бара жатқасын өкшесін көтеріп, құлағына құпиялап "бір қыз бар..." дей бастағанда, сен қайда кетеріңді білмей, құлағың дуылдап ала жөнелетінсің. Жазғы каникулда да бұлардың жұбы жазылған жоқ. Бел-Аранның ығында отырған балықшы ауылдан қырық шақырым жерде, Орынбор жағалауы деп аталатын теңіз жағасында кен іздеген геологтар тұратын. Басқа жерге қарағанда сол араның суы ала-беле терең; түбі де аппақ ақ қайраң; ешқашан лай шалмай көз жасындай мөлдіреп тұратын тұнық судың жағасына геологтар үш қабат үй салып, асхана, дүкен ашып, жазда үй іштерімен демалатын.

Бірінші курсты бітірген жылы Әзім балықшы ауылдың жастарын Орынбор жағалауына апарып, теңіздің су шайып жатқан жағасына екі шатыр тікті. Бірінде – ер балалар, екіншісінде – қыздар. Ер балаларды – Әзім, қыздарды Бәкизат басқарды. Қыздарын қатал ұстайтын кәрі қақсал "ә" дегенде Бәкизатты жібермей, әлек шығарып еді; епті Әзім тілін тауып көндірді; соның өзінде кәрі қақсал қызын оңашалап, жеке алып отырып құлағына көп нәрсені құйып, "ер балалар зұлым, қу болады" депті; "жіліктің майын жұтқызғандай жылы сөз, жаудыраған көзбен-ақ жас қыздардың жүйкесін құртады" – депті; "есіңде болсын, аңғал қызым" депті кәрі қақсал кеткісі кеп қипақтай бастаған Бәкизаттың бір қолына қағаз, екінші қолына қалам ұстатып: "жаз!" депті: "ер балалармен екеуден-екеу кездеспе, бұл бір", – депті; "шарап ішпе, әсіресе, шампан деген пәле бұрын-соң ішкілікпен әуестенбеген жас адамның бірден басына шабады"– депті. "Шампанды татып алма, бұл екі",– депті; сонан кейін де кәрі қақсал қызына тесірейе қарап отырып, он екіде бір гүлі ашылмаған жас қыздар ата-ана көзінен аулақта жүргенде өзінің абыройына кір келтірмейтін бұнан да басқа тағы талай "үйтпе-бүйтпелерді" оқушы дәптерінің екі беті толғанша жаздырыпты да, төрт бүктеп сыртынан су өтпейтін жып-жылтыр бірдеңемен қаптап, мойнына тағып жіберіпті. Ақ жарқын ашық қыз сырын сыртқа шығарғанша шыдамы қалмайтын. Осы жолы да ол Әзім мен бұны шетке оңашалап алып шықты. Өзі көңілді, сықылықтап күле береді. Қара көзі жайнаңдап, Әзім мен бұған кезек қарап:

– Мынау не? – деп мойнындағы жіп бауы бар жылтыр бірдеңені көрсетіп еді.

– Бойтұмар ма? – деді Әзім.

Бәкизат басын шайқады.

– Ал... білсең, өзің айтшы!

– Бұл...Қалай десем екен?.. Бұнда менің... мамама берген антым бар.

– Не-е?.. Ант?..

– Күлме. Шын айтам.

– Түсінсем не дейсің...

– Түсінбейтін түгі жоқ. Ана жаққа барғасын қыздарға тиіспей, тыныш жүріңдер. Әсіресе, се-н... Енді білдің бе?

– Бәтішжан... бұл қолдан келмейтін, қиын шаруа екен. Жарайды, оны бара көрерміз,– деді Әзім күліп.

Көріп тұрсың – досыңның миына түк кірген жоқ; оның "бара көрерміз" дегені де, барғасын "өзім білем" дегені еді; оның "өзім білемінің" аржағында шынында да, өзге ешкім емес, тек оның өзі біліп, өзі шешіп, өзінің білгенімен ғана жүретін жігіттің осы жолы да тек өзінің қалауы болатынына нығыз сенім жатты; шынын айтқанда, қыз сөзіне сен де мән берген жоқсың; өйткені өзгені білмесең де, осы қызды жақсы білетінсің: бұл өзінің апа, сіңлілеріне мүлде ұқсамайтын; ал балықшы ауылдың жұрт алдында "ішімдегіні біл" деп жұмған аузын ашпай, төмен қарап тымырайып алатын бұйығы қыздарына, болса-болмаса да, ұқсамаушы еді; еркек алдында өзінің нәсілі әйел екенін ол, сірә, бір сәт есінен шығарып көрген емес. Қашанда болса назданатын жерде назданып, қылымситын жерде қылымсып, жанары шоқтанып тұратын қара көзін жанындағы жұртқа жалт-жұлт тастап, жайраңдап еркелеп тұратын; сен оның Әзім екеуіңе айтқан жаңағы сөзіне де онша мән бере қойған жоқсың-ды. Оны да осы қыздың тек өзіне ғана жарасатын көп қылықтың бірі шығар деп қалғансың-ды. Сөйтсе, жоқ... Шыны секілді. Орынбор жағасына келген сәттен бастап, Әзімнен іргесін аулақ салып, бойын тартып ала қойды. Керек десе, Әзіммен бірге киноға да бармады. Биге де шықпады. Орынбор жағасына келген күні... Жоқ, ұмытпаса, соның ертеңіне Әзім құшақтамақ болғанда, қыз жолатпай ыршып түсті. Ештеңеден беті қайтып көрмеген жігіт құшағын ашып қайта ұмтылғанда, қыз оны кеудесінен тіреп тұра қалды:

– Мынаны білесің ғой,– деді мойнындағы бойтұмарды көрсетіп.

– Ой, оны қойшы!

– Қоятыны жоқ, болмайды.

– Шешең көріп тұрған жоқ қой.

– За то Құдай көреді. Антты бұзған күнә.

Әзімнің қабағы түсіп кетті. Бұл оның көкірегінде көптен бері сары уыздай шайқап жүрген арманы еді; енді соны дәл іске асырмақ болғанда, кесір қыздың қырсығып көнбей қойғаны ызасына тиді.

Бәкизат оның көңіл күйін көрсе де, түк білмегенсіп қыздардан жұбын жазбай қойған-ды. Тек бір жолы... Сол өзі ұмытпаса түс ауып, күндізгі аптап ыстықтың беті қайтқан кез-тұғын. Суға ұзақ түскен қыздар мен жігіттер жағаға жүгіріп шығып, ыстық құмға бауырын басып жата-жата қалды. Әзім анадай жерде газетпен бетін бүркеп жатқан Бәкизатқа білдірмей, аяғын ақырын басып жақындап барды. Бәкизат оны байқаған жоқ; тек Әзім газеттің бір шетін көтеріп, бетінен сүйгелі ұмтыла бергенде, қыз атып тұрды.

– Болмайды.

– Бір рет...

– Жарты рет те болмайды. Ауылға барғасын, пожа-луйста.

– Орамал арқылы сүюге де болмай ма?

– Орамал-л?..

– Иә, орамал арқылы. Құдай біледі, шешеңе орамал арқылы сүйіспеймін деп уәде берген жоқ шығарсың?

– Әй, бұл басыңа қайдан келді?

Екеуі қосыла күлді. Осыдан бастап олар орамал арқылы сүйісіп жүрді. Әзім қызды сүйетін кезде әрдайым жанынан аппақ ақ жібек орамал шығаратын.

Бұлар күнде-күнде тал түсте демалатын. Жігіттер палатканың іргесін түріп тастап шахмат ойнайтын да, ал қыздар бұнда келгелі де қыз сырының шетіне шыға алмай, өзара сыбырласып, сықылықтап күліп жатушы еді; бір күні түсте күлкі сап боп тыйыла қалды. Бірақ ойын қызығына түскен жігіттер оны байқаған жоқ. Керек десе, сонан бастап қыздардың күнде тал түсте палатканың сырт жағындағы ақ шоқалақтың тасасына тығылып отырып ұрланып шарап ішіп, сосын қақалып-шашалып темекі шегіп жүргенінен де бейхабар еді; Тек, ауылдан шығарда анасына ант берген Бәкизат бұған араласқан жоқ-тын. Қыздарға сыртын беріп, теріс қарап отырып топыраққа әлде бірдеңелерді сала бастаған еді де, кенет есіне не түскенін қайдам, мойнындағы бойтұмарды ашып қарады. Көз жүгіртіп, асығыс оқыды. Өзіне өзі сенбегендей, көзін уқалап жіберіп қайта оқығанда қуанып кетіпті.

– Қыздар! Қыздар!– деп орнынан атып тұрды.– Қыздар, бері келіңдер! Міне!.. Міне, қараңдар!– деп бойтұмардағы жазуды әр қызға бір көрсетті.– Көрдіңдер ме? Міне!.. Міне, оқыңдар! Мамам "шарап ішпе. Шампан ішпе" деген ғой. Ал... сыра ішпе деген жазу жоқ. Ал, кеттік! Сыра ішеміз.

Сол күні Бәкизат сыраны қыздардың бәрінен көп ішіпті. Келесі күннен бастап қыздар палаткаға сумка-сумка сыра әкеліп, жігіттерден жасырып ішетін болыпты. Босаған бөтелкелерді дүкенге тапсырмай, палатканың о жер бұ жеріне құмға көме беріпті. Сонан бір күні бұлар ауылға кайтатын болды. Ойында ештеңе жоқ. Әзіммен бұл екеуі қыздарға көмектесіп палатканы жығып жатқан-ды. Әзім де, сен де аяқ астында бұлтылдаған жұп-жұмыр бірдеңеге табандарың тайғанап, құлап қала бергенсіңдер. Шалқалап құлаған Әзім әлгі құм арасында бұлтылдаған тастай бірдемеге басын қатты ұрып алды. Ыңырсып біраз жетті. Сосын жатқан жерін сипа лап, құм арасынан сыртында "Жигули" деген жазу бар бос бөтелкелерді қазып алып жатып:

– Жәдігер, бері кел! Көр, мына софы қыздардың не істеп жүргенін,– деді.

Қыздарда үн жоқ. Әсіресе балықшы ауылдың қыздары бетінен от шығып, бірінің тасасына бірі тығыла берді. Тек Бәкизат қыңған жоқ. Қайта өзінің осындайда ештеңеден тайсалмай, қайсарланып кететін өжеттігіне мініп, екі бүйірін таянып алды.

– Сен қыз тұра тұр. Осыдан ауылға барғасын көресің. ІІІешеңе айтам.

– Айта бер. Мамамның өзі кінәлі. Сыраны жазбаған.

Бұлар жүкті машинаға тиесе де, табан астынан айнып, тағы да бір күнге ерулеп қалды. Бұған қыздар да, жігіттер де қуанып, даланы басына көтере дуылдап дүкенге барды; бөтелке-бөтелке сыра құшақтап, қосқа келді; палатка құрған жоқ; тор қалтадағы сыраларды мұздатып суға салып қойды да, сол күні таң атқанша ашық аспан астында сайранды салған еді-ау! Әуелі ән айтты; сосын биледі; күн қызуы қайтқан кешкі қоңыр салқында жарысты; жарыста бірінші орынды қыздардан – Бәкизат, жігіттерден – сен алдың. Әзімнің ұсынысы бойынша бірінші орын алған екеуді жарыстырып еді; қол-аяғы жеп-жеңіл қағілез қыз салған жерден суырылып алға түсті. Қыздар мен жігіттер қыран топан.

Бәкизат жеткізер емес. Соңында арпаң-тарпаңдап келе жатқан бұған жалтаң-жалтаң қарап, қол созым алда бара жатқан-ды. Кенет көзіне тер құйылды. Дүние бұлдырап кетті ме, әлде Бәкизат екеуінің арасы әлгіден де гөрі алшақтап ұзай бастады ма, бұл кірпігін қағып қап қайта қарағанда жаңа ғана оқ бойы алда табаны жерге тимей құлдырап бара жатқан Бәкизат қалай болғаны белгісіз, қапелімде басқа бейнеге ауысып, қол-аяғы шидиген әлде бір кіп-кішкентай сап-сары қыз көз ұшында бара жатты. Зырқырап бара жатып, жалт етіп артына бұрылғанда, мынаның шүйкедей сары қыз екенін, әлде түлкінің күшігі екенін айыра алмай қалды. Әсіресе біздей тұмсығы мен бір шөкім беті, шикіл сарылығы түлкінің күшігі сияқтанып кетті. Шықылықтаған күлкісіне дейін қас пен көздің арасында адамға айналған түлкі күшігінің күлкісінен аумады да, бұл төбеге ұрғандай кілт тұра жаздады; қол-аяғы, бүкіл тұла бойы дірілдеп әкетіп бара жатқан денесін дереу билеп алды да, жүгіріп кетті. Мынаны кім де болса қуып жетіп, қолға ұстап көргісі келді. Қол-аяғы шидей пәлеге жете алмағанына намыстанып ызалана бастады. Тертедей сереңдеген ұзын аяқ арпаң-тарпаңдап аннан-саннан бір тиеді. Бірақ жете алмады; тіпті жеткізер түрі жоқ. Жеткізбесін білген қыз артына жалтақ-жалтақ қарап, сықылықтап күліп, қол созым алда зырлады да отырды.

Көзіне тер құйылып, алқына бастады. Әлі құрып бара жатқанын біліп, қарақшыға дейін қалай да қуып жеткісі кеп өкпесін қолына ала өңмендеп ұмтыла берген. Қыз да сол кезде тәсіл жасап ілгері созған қолының саусағының ұшы тиер-тиместе бұғып қалды. Сен қолыңды қапелімде жия алмай, екпініңмен ағып өтіп, қарсы алдыңда қауқиған әлдебір бұта түбіндегі топырақты бұрқ еткізе бір аунап түскенсің-ді. Көзің қарауытып кетті. Басың айнала ма, қалай? Өзіне өзі келіп те үлгерген жоқ. Қыз күлкісі енді қасынан шықты. Түлкінің күшігіндей бір пәле тағы да зырқырап қаша жөнелетіндей қорқып, сен апалақ-құпалақ атып тұрғансың-ды; үсті-басыңнан сау-сау төгіліп жатқан құмды да қақпастан күлкі шыққан жаққа қарап едің... Сүйтсе, Бәкизат екі бүйірін таянып апты. Қасыңда сықылықтап күліп тұр екен.

– Ой, сен... екенсің ғой? Ал, мен... мен шатасып.

– Ша-та-сқаның қалай?

– Басқа біреумен шатастырып...

– Басқа біреу? Кіммен?

– Өзім де түсінбеймін. Көзіме...

– Көзіңе не болды? Топырақ түсті ме?

– Жо-жоқ... Қос көрінді ме, білмеймін. Түсініксіз... Бір елес...

– Елес-с?

– Құрсын, қайтесің... Ал, енді... Керемет жүйрік екенсің!

Қыздар мен жігіттер ана жақта әлі де қыран-топан. Әлі де улап-шулап даланы бастарына көтеріп жатыр.

– Демалайық!

Сүйдеді де, Бәкизат өзінің қасынан саған да орын көрсетіп қарақшы тіккен нар шоқалақтың күнгей бетіне отыра кетті. Ақ тер-көк тері шығыпты. Екі беті алаулап қызарған. Екі иінінен ентіге дем алып отырып, көз қиығын саған тастап қояды. Сосын сенің самайыңнан саулап аққан терді ып-ыстық алақанымен сүртіп отырып:

– Жәдігер,– деді қыз.

– Аа?..

– Маған ренжіген жоқсың ба?

– Жо-қ...

– Иә, ренжіме. Мен қыздар институтында қысқа қашықтықтағы жарыста екінші орын алғам...

– Талай жүйрікті көріп едім, ал, сен... айтатыны жоқ, керемет екенсің.

Бәкизат сен білетін қыздардың ешқайсысына ұқсамаушы еді-ау! Әттең, не пайда, жұрты құрғыр осы бір бала мінезді, ақ жарқын елгезек қыздың таныса да, танымаса да жан біткенді жатсынбай, өз аяғынан жайраңдап жетіп баратын жайдары мінезін түсінді ме? Біреуге жеңілтек көрініп, ойы бұзықтар оңай олжалағысы келді. Соны өзі де білді. Бір күні бұнан "Мен жеңілтекпін бе? Қалай ойлайсың, жігіттер жеңілтек қызды жақсы көрмей ме?" деп сұраған-ды. Сен сонда қарсы алдыңда аузыңнан шыққан сөзді аңдып көзі жаутаңдап тұрған қызды әрі аяп, әрі жанын үзіле жақсы көріп едің-ау!

Сол күні бұл үйықтай алған жоқ. Ештеңе ойламайын деп көзін жұмса да, бағанағы елес тіріліп, көз алдына қол-аяғы шидей мыршай сары қыз тұра қалады. Осындай біреуді білетін сияқты. Бірақ қанша ойласа да, есіне түсіре алмады. Есіне түсіре алмаған сайын мазасы кетті. Жер бетінде ең жақсы көретін қыз, бұлайша иманын ұшырып, басқа құбыжық бейнеге ауысқанына қайран. Бұл не? Бұнда не сыр бар?

Түн ортасы ауды. Ұйықтай алмай зықы кеткесін түрегеп, теңіз жағалап жүріп кетті. Ай әлі тумаған. Айдай әлемді салбырап үстінен басып тұрған қап-қара аспанда ине шанышатын орын қалмай жыпырлаған жұлдыздар құдды жерге құлап түсіп, түп-түгел теңіз түбінде жымыңдайтын сияқты. Сонау аспандағы жұлдыздар сияқты теңіз түбіндегі мына жұлдыздар да сәт сайын бірі өліп, бірі тіріліп, ал ағып түскен жұлдыздың орнына бұлардың да бір жас ұрпағы дереу пайда боп, сәуле шашып, жер беті сияқты ту сонау айдай әлемде де өмір жалғасып жатыр екен.

Түн құшағында түксиген теңіздің әрегірек бір жерінен әлдебір құс қырқылдады. Сен оған назар аударғанша болмай, мына жақта су шолп етті. Дәл сол арадан тағы бір балық секірді. Сірә, жар сүйген жастар жалғыз жер беті емес, су астында да жүрегін қолына ұстаған әлдебіреу өліп-тіріліп шоршып, секіріп жата ма? Кім білсін, солай болса солай шығар. Тек, мынау да балықтардың ішіндегі бас терісі келіспеген біреу болар-ау. Көрмейсің бе, бұл жазған да алдынан өтіп бара жатқан ақ шабақты ұстамақ боп ұмтылғанда, оспадар қимыл жасап, су астынан солаң етіп көтеріліп, шалп еткізе қайта құлап түсті. Осындай оңтайы келіп тұрғанда бұның өзі де қолына түсіп тұрғаннан айырылып қала беретін ебедейсіздігі есіне түсіп, езу тартып күлімсіреген еді-ау!

* * *

Оқу бітіретін жылы бір күні Бәкизатты іздеп ЖенПИ-дің жатақханасына барсаң, төрт керуетті бір-біріне бүйірін тақап тығылыстырып қойған бөлмеде қыздар толып отыр екен; күтпегесін бе, Бәкизат қысылып қалды. Оның қысылғанын көріп, сен тіпті ыңғайсызданып, бұрылып қайта шығып кетудің де есебін таба алмай, есік алдында қипақтап-сипақтап тұрып қалғансың-ды. Көңілге болмаса, Бәкизат көбіне-көп құрбы қыздар мына терте сирақ ұзын қараны жігіті екен деп ойлап қала ма деп қысылатын сияқты. Әйтеуір бұл есіктен басын сұқпай жатып:

– Жерлесім. Біздің ауылдың баласы,– деп таныстырып еді, бір кіп-кішкентай тықылдақ қыз:

– Жігіт біткеннің бәрі сенің жерлесің болады,– деп, шағып алды. Қалған қыздар көпе-көріне құптамаса да, іштерінен ырза болып, бір-біріне көзінің астымен қарап жымыңдасып жатыр. Бәкизат оны байқады ма, жоқ па, белгісіз. Байқаса да құрбылар алдында сыр алдырмай, өзін әдепті ұстап:

– Бір мектепте оқыдық,– деп еді, жаңағы қыз жарқ етті:

– Бәлкім, бір партада қатар отырған шығарсыңдар?

Сол арада не түлен түрткенін қайдам, аузын бағып жөніңе қарап отырмай:

– Жоқ, қатар отырған жоқпыз. Әзім екеуміз мектепті Бәкизаттан екі жыл бұрын бітірдік,– деп, аузын жапқанша болмай, әлгі жырқылдақ қыз есікке жалт қарап:

– Кімді айтса сол келеді,– десін.

Шынында да, айқара ашылған есіктің аржағынан Әзім кіріп келе жатты. Үй тола қыздарды көргенде көзі жайнап кетті. Сен есебін тауып шығып кеткің кеп, есік жақта отырғансың. Әзімді көргенде атып тұрып, қайта отырдың. Күлегеш қыз бұған да жырқ етті.

Әзім үй тола қыздарды шетінен бауырына бір-бір қысып, Бәкизатқа ең соңынан мысық табандап жақындап келе берген-ді. Осы сәтті аңдып отырған әлгі жырқылдақ қыз:

– Қыздар, көздеріңді жұмыңдар!– деп еді, қыздардың да тілегені осы сияқты, жырқ-жырқ күліп, бәрі бір кісідей алақанымен бетін баса-баса қалды. Сен өзіңнің қыз емес екенің есіңе түсіп, "мен қайтем?" дегендей жаңағы жырқылдақ қызға қараған едің; ол саған да "көзіңді жұм" дегендей дереу ымдай қойды. Өзің қаламасаң да, үй ішін ұршықтай үйіріп отырған пысық қыз бұйырғасын лажсыз көзіңді жұмып едің, қылжақ қыз құлағыңа сыбырлап:

– Енді аша бер!– деді. Бұл жолы ол күлмесе де, бірақ сен көзіңді ашқанда қалған қыздар қыран-топан күліп жатыр екен. Қайсы бірі ішегі түйіліп, жастыққа бетін басып құлай-құлай кетіпті. Бәкизатты құшағынан босатқан Әзім енді саған бұрылып, анадағы құрылысшы ағасы сияқтанып аяғын сыздап басып жақындап қалған екен. Амандасқалы орныңнан тұра бергеніңде, ол сенің иығыңнан басып орныңа қайта отырғызды.

– Ау, бала,– деп, өзіне қарағанда сенің шынында да әлі бала екеніңді білдіргісі келді ме, қайдам, арқаңнан қақты да, – ay, сені таба алмай қалдық қой. Сүйтсе, сені іздесе, тек осында келу керек екен ғой,– деді күліп.

– Қой, жоқты соқпа. Мен сабаққа да бармай, бір жеті үйде ауырып жаттым ғой.

Ағыңнан жарылып шыныңды айтқансың-ды. Басқа кісі болса, қысылар ма еді, ыңғайсызданып кешірім сұрар ма еді, ал Әзім құлағына да қыстырмады. Қайта, саған бұл арада да ұпай салғысы кеп, аузынан бір сөз шықса жырқ-жырқ күліп жолы бола қалатын жәркелеш қыздарға қарап:

– Бұл осылай. Ал, бұған не дейсің,– деп еді, жәркелеш қыздар бұған тіпті мәз.

Сен әлі де болса шығып кетудің есебін таппай, терлеп-тепшіп отырғансың-ды. Жырқылдақ қыз қалайы шәйнекті бұрқылдатып шәй әкелді. Қастан шықпағыр Әзім:

– Іш, бала! Іш!– деп, ыстық шайды саған тыққыштап болды. Сен кесеге аузыңды апара бергеніңде, Әзім:

– Шай ішпесе, басы ауырады. Ағаңның бала кезден сондай әдеті бар,– деп, қыздарды тағы күлдірді.

Құрсын, қара терге түсті. Қалтасынан орамал іздеп таба алмады. Соны байқап қалған Әзім:

– Жақсы болды, ағаң терледі, енді басының ауырғаны жазылады,– деді де, онсыз да күлкіге булығып өліп отырған қыздардың көзінше жанынан әтір иісі аңқыған жібек орамал шығарып, бұның тершіген алақанына ұстата қойғаны. Іш жарғыш келгірлер ду күлді.

Сен сыртқа ата жөнелдің. Осыдан кейін жыл бойы Әзім мен Бәкизатты көрген жоқсың. Тіпті, көргің келмеді. Жарайды, Әзім Әзім болсын. Бәкизаттың жәркелеш қыздарға қосылып күлгеніне жол болсын. Бәкизатқа ренжігенде есіне анада Орынбор жағалауындағы жарыс түсті. Құрық бойы алға түсіп алып сықылықтап күліп бара жатқан осы қыздың қас-қағымда әлдебір қол-аяғы шидей, мұрны біздей мыршай сары пәлекетке ауысқаны қайдан тегін болсын? Бұнда, қандай да бір сыр бар.

Сол күні түнімен ұйықтай алмаған-ды. Тек таң алдында көзі ілініп кеткен екен, біреу бұған: "жүр, ойнайық!" дегені. Бұл жалт қарады. Жаңа ғана есіне түсіре алмаған түлкінің күшігіндей біз тұмсық, секпіл бет мыршай пәлені көргенде шошып оянып еді... Бәрі, бәрі есіне түсті. Ол өзі баяғыда... Баяғы болғанда... ұмытпаса, бұның мектепке я барған, я барайын деп жүрген бала кезі-тұғын. Сонда да жаңа түсіне кірген түлкінің күшігіндей, кіп-кішкентай қыз бұны қолынан тартып... Жо-жоқ, ол кейін болды. Оның алдында анасы бұған күлше пісіріп берді. Қоламтадан жаңа шыққан ыстық күлше қолына тиген бойда бұл сыртқа жүгіріп шыққан еді ғой. Иә, сыртқа жүгіріп шықты. Сосын, аш ит қыңсылап аяғына орала берді. Бұл нан ұстаған қолын артына жасырып, бос қолымен итті жасқай бергені сол еді... шидей нәп-нәзік саусақ бұның нан ұстаған қолынан тартты. Бұл ит екен деп қалған-ды. "Кет! деп жекігелі жалт қараса, күнде-күнде өзімен бірге ойнайтын кішкентай сары қыз: "жүр, ойнайық!" деп тұр екен. Бұл қуанып, күлшені қызға ұстата салды. Қыз "қуып жет"" деді де, жүгіре жөнелді. Тарпаяқ қара бала тұра қуды. Қашанғылары осы. Есіл-дерті ойнағысы кеп екі көзі жайнаңдап тұратын секпіл бет, селеу шаш, мыршай сары кіп-кішкентай қыздың іш пыстырып зеріктірмейтін бірдеңесі бар. Жанына жуып кетсе, бұны не түртіп қашады. Не бірдеңесін алып қашқысы кеп қол-аяғы тақат таппай жыбыршып тұратын. Өзінің кіп-кішкентай қағылез денесі де құстай ұшуға жаралғандай еді. Зырқырап бара жатып, жалтақ-жалтақ қарап шықылықтап күледі. Шүйкедей қызға жете алмағанына бұл ызаланады. Қол созым алда аяғы-аяғына жұқпай құлдырап бара жатқан кішкентай қыз ешқайда бұрылмай, күнде-күнде өздері ойнайтын ауыл сыртындағы ақ құмға жеткенше жүгіреді.

Қыз құмға бұрын жетеді. Ақ шоқалақтың аржағына қалай асып түсті, солай құлайды. Шалғайласа жеткен тарпаяқ қара бала топырақты бұрқ еткізе кішкентай қызға қатарласа жығылып еді; аптығын басар-баспастан нанға ауыз салды. Кішкентай қыз өз үлесін жалмаңдап бұдан бұрынырақ жеп болды да, әлденеге ауыл жаққа мойын созып қарады. Сосын бұған қарай ысырылды. Бүйірін-бүйіріне тақап қатарласып жатты да, әлденеге тып-тыныш бола қалды. Ернін жымқырып тістеп алған. Демін ішіне жұтып тымырайып жатты да, бұны шынтағынан түртті. Ала көз қара басын көтеріп алды. Ойынға зауқы болмаса да, тағы да бір жаққа жүгіреміз екен деп аузындағы нанды апалақ-құпалақ асығыс жұтты да, жас ыршып кеткен көзі жаутаңдап кішкентай қызға қарап еді, қыз "қазір... қазір" деді де, балағы салпылдаған күлдәрі дамбалды жалма-жан аяғының басына қарай ысыра бастады. Жетесіне бірдеңе жаңа жеткен қара бала қорқып кетті. Көзін жұмып, қайта ашып алғанда кішкентай қыз дамбалды шешіп, ақ шоқалаққа арқасын бере шалқалай құлапты да, енді бұны тосып жаутаңдап қарап жатыр екен. Баланың есі шықты. Алақанымен бетін баса қалғанын біледі. Соның аржағы... Аржағында не боп, не қойғанын бала білген жоқ-ты; тек соның ертеңіне кешегі сұмдықты есіне алып еді: үйге қалай жеткенін есіне түсіре алмады. Тек сырттан кіріп кеп, ес-түс жоқ төсекке құлағанын біледі. Сол үстіне анасы кірді. Оны біледі. Анасы көрпе астында дір-дір етіп жатқан бұны құшақтап "кім тиді?" деп еді; бұл "жоқ, сұрама. Сұрама",– деді де, сосын "кетпе, кетпе! қорқам" деп анасынан айырылмай, жабысып алды. Үлкен кісілердің әлгі бір "ақ пен қызыл арасында шайтан жүреді" дегені есінде қалған бала көзін ашуға қорықты.

Көзін ашса, шам жақпай, бұрыш-бұрышқа қараңғы орнап, түксиіп тұрған үлкен үйдің бір жерінде екі шекесінде екі тұлымшақ селтиген сап-сары пәле тығылып тұрғандай. Анасы қалай кетсе, о да солай қасына жетіп кеп "жүр, ойнайық!" деп сиқырымен арбап ауыл сыртындағы ақ шоқалаққа ылықтырып алып кететіндей. Анасына "Кетпе! Кетпе!" деп жабысып алған бала, бір кезде көзі ілініп кеткен екен. Сол бойда түсіне көрші үйдегі күнде-күнде өзімен бірге ойнайтын кішкентай мыршай сары қыз кіріпті. Бұл түсінде де дәл өңіндегідей осы пәледен тезірек құтылғысы кеп әзерде-безер. Онан құтылудың басқа амалын таппағасын қолындағы күлшесін беріпті. Жаңа ғана қасында ауызы-басы бұлтылдап нан жеп тұрған кішкентай қыз бала, о, Жасаған... бұның назары сәл басқа жаққа ауып еді; о да қапелімде басқа бейнеге ауысып, ор ауыз сары лаққа айналыпты.

Жеп тұрғаны да бұл берген нан емес, бір бау көк құрақтың қауылдырығын жалмаңдап сытыр-сытыр сыдырып жеп бола сала, тағы да бұған көзін сатып телміре қапты. Бұл түкке түсінбей таңданады. Лақ та соны байқады. Аржағында күдік қалдырғысы келмегендей нағыз лақтың даусына салып "мәә-ә-ә" деді. Бұл бәрібір сенер-сенбесін білмей, кірпігін қағып қап қайта қарап еді, көк құрақты кіп-кішкентай аузы шүпілдеп сытыр-сытыр жеп тұрған жаңағы ор ауыз сары лақ... жоқ, лақ дегені лақ емес, екі шекесіне екі мүйіздің көк тұқылы қылтиған сары шайтан... шайтанның нағыз өзі... Бала шыр етіп шошып оянған-ды.

* * *

Бәкизатты көрмегелі күз өтті. Онан қыс түсті. Міне, күлімдеп көктем де шықты. Сонда Әзім екеуіне көңілі мықтап қалғаны сонша, кейінгі кезде олардың осы дүниеде бар-жоғын да ұмытқандай есіне алудан да қалып бара жатқан-ды. Тек сол күні... Айтса да, сол күн өзі қалай болып еді? Неден басталып еді? Ұмытпаса... Иә, ұмытпаса сол күні мемлекеттік емтиханға әзірлік басталған еді-ау? Бұл кітаптан түс ауғанша бас көтерген жоқ; тек түс ауа бергенде басы сынып бара жатқасын дем алғысы кеп сыртқа шығып еді. Көктемнің пышақ жүзіндей өткір сәулесі көзін қарып алды. Бұл жасқанып, бетін бұра бергенде көзі жатақхана алдында бір өзі жеке тұрған жалғыз терекке түскен еді. Бәкизат пен екеуінің шырғалаңмен басталған шым-шытырық тірлігінің түп басында осы теректің тұрғаны ақиқат! Тағдыр ма, әлде Тәңірінің маңдайға жазғаны ма, әйтеуір үш қабат үйден бойын асырып тұрған зәулім теректі көргенде, бұл жанарын ала алмай арбалып қалған еді-ау!.. Апырай, деп ойлаған еді, осы терек күні кеше басқаша еді. Күні кеше ылғал тартып ісінгені болмаса, тұла бойын бершімек безге толтырып алған, құшақ жетпейтін қыжым-қыжым күпшек, құдды, кәрі сиырдың қыртыс-қыртыс мойны сияқты еді-ау! Ал, енді қараш, Ай мен күн астын қуантып, дүркіреп кірген көктемнің құдіреті мына кәрінің қасаң жанын қалай жібіткен! Кешегі бездер бүгін бүр жарған. Кеше сонау құс ұшар биікте жел астында қалтыраған сып-сидам жалаңаш бұтақтардың бүгін балапан жапырақтарын жыпырлатып бауырына толтырып ала қойғанын қарашы!

Судыраған жапырақ арасында пыр-пырлаған торғайларды әлі көрген жоқсың. Бірақ осы пақырлардың тірлігіне көктем әкелген мазасыз әбігерді жаның сезіп түр. Бұлар да ертең бауырынан өрер болашақ ұрпақтың қамымен қапылып жүріп, біріне-бірі жаңа қауышып жатыр ма? Мына кәрі сиырдың мойнындай қыжым-қыжым қара теректің қай бұтағына ұя салу керек екенін ақылдасып, шықылықтап соз таластырып жатпаса не қылсын? Тұла бойыңды анық сезе қоймаған әлдебір қуаныш баурап, күлімсіреп тұрсың. Жылда-жылда қыстан аман шыққан сайын адамдар сияқты бұлардың да тірлік қамына кірісетінін қайтерсің! Бұл не ғажап! Бір тұқым болып алып жылдың төрт мезгілін адамнан бетер білетінін қайтерсің! Тіпті ай мен жылдың қалай болатынын алдын ала болжауға келгенде, бұлар бізден әлдеқайда сергек те сезімтал-ау. Көрмейсің бе, күнде-күнде сабақ, сессия деп жанын жалдап жүріп көктемнің келгенін де білмей қапты. Біз ғой, қит етсе адамбыз, жер тәңіріміз деп кеудеге ұрамыз. Сонда дүние қадірін осы пақырлар құрлы білдік пе? Ертеңді ойладық па? Қолына ойыншық түскен сотқар баладай, біз осы дүниенің басы-көзіне қарамай, тек қиратып, тек сындырып, тек бүлдіргеннен басқа не бітірдік? Ал мына пақырлар... Айналайындар-ай, өздері өмірге қандай құштар! Құп-құртақандай болып алып осы пақырлардың жылда-жылда дүние қапылып бара жатса да, өздерінің болымсыз тірлігіндегі дағдылы әбігерінен жаңылмайтынын қайтерсің!..

Кәрі дүниенің жылда-жылда жастық шағына бір рет қайта қауышып, қайта құлпырып түлеп шыға келген қуанышы, сол күні қолды-аяққа тұрғызбады. Көкірек алып ұшып барады. Әлденені аңсады ма, армандады ма, алып ұшқан көңіл әйтеуір бұны сол күні алды-артына қаратпай, құстай ұшып трамвайға барған еді-ау! Баруын барса да, бірақ әлгі алып ұшқан құс қанат көңіл аялдамада да аялдауға шамасын келтірмей, жүгіріп ала жөнелген еді ғой! Неге асықты? Қайда асықты? Кімге асықты? Білген жоқ. Тек үш қабат сары үйді көргенде алып ұшқан жүрек аттай тулап ала жөнелген еді-ау! Бірақ, алдында әлде бақыт, әлде сор күтіп тұрғанын білген жоқ-ты. Көшеде кездескен кісілерді таныса да, танымаса да бас жоқ-аяқ жоқ ыржалақтап күле беріпті. Тіпті "қайда барасың?" деген вахтер кемпірге дейін көзіне жылы ұшырап, бұған да ыржың етіп күліпті де үш қабат үйдің үшінші қабатына ұмтылыпты.

Құдай бұған басқаны бермесе де, сирақты берген. Тертедей ұзын аяқ көстеңдеп екі басқышты бір аттап, жоғарыға ұмтылып келе жатты да, кенет... төбеге ұрғандай қалшиып тұра қалды. Құрбы қыздар мен жоғарыдан төмен түсіп келе жатқан Бәкизатқа көзі түскен-ді. Сені Бәкизат та көрген сияқты. Саған көзі түсер-түспесте кірпігін қағып қалды. Тық-тық басып келе жатқан қара туфли күрмеу түскендей кібіртіктеп бөгеле түсті де, қайта жүріп кетті. Қасындағы бір қызды иығынан тартып, құлағына сыбырлап еді, сен анадағы тілі ащы тықылдақ қызды бірден таныдың; оған не деп сыбырлады екен? Е, не деуші еді; бұның сонда тершіген алақанына қыстыра салған Әзімнің орамалын айтатын шығар?

– Айтпай-ақ қой. Түсінем ғой,– деді де, Бәкизат қапталыңа симай тұрған қолыңды сыртынан ұстап ақырын қысты.– Сабаққа дайындалып жатқан шығарсыңдар?

– Иә, солай... Ал, өздерің?..

– Бізде де сол. Жаңағы қыздармен читалкаға бара жатыр едік.

– Онда... Сен бара бер. Мен тек... былай... соғып кетейін деп...

– Келгенің жақсы болды. Енді кідіргенде өзім іздеп барғалы жүр едім.

Сенер-сенбесіңді білмей, қызға күдіктене қарап едің. Шыны сияқты. Бәкизат бұрын істемеген әдетін жасап, осы жолы бас-аяғыңа мұқият қарады да, әлденеге ду қызарды.

– Сен де келмей кеттің...

– Иә, рас... Ке-шір.

– Оқасы жоқ. Ал енді... маған сондай қиын болып жүр, қиналып жүрмін...

Бәкизат ерні дірілдеп, жас құйылып кеткен жанарын қайтерін білмей, кірпігін сабалады да қалды.

– Бәкизат...

– Қайтесің. Көңіл бөлме.

Бұл, әрине, тегін емес. Бұның аржағында қыз жанын қан қақсатып ауыртып тұрған қандай да бір себеп бар. "Үй іші аман ба екен? Бірақ онда жасырмас еді, айтар еді ғой. Әлде... Әзім екеуінің арасы?.. Анада Арал балаларының айтып жүргендері. Апыр-ай, сол рас болмаса не қылсын?"

Бәкизат сырт айнала бере көзін сүртті. Кідіріп барып қайта бұрылғанда, құп-қу бетке күлкі оралды:

– Осы күндері біртүрлімін. Жүйкем құрып жүр...

Шынында да, қан-сөлсіз беттегі кірпіктер сабаудай боп ұзарып жүдеп кетіпті.

– Жәдігер, кішкене... былай... былай бұрылшы!

Қыз ойының ар жағын білмесең де, айтқанын екі етпей сырт айналып бұрыла бергенсің-ді. Сүйтсе, бұл жаңа қыздарға жол бермек боп қабырғаға жабысып тұра қалғанда арқасын ақ борға үйкеп алған екен. Бәкизат арқасын қағып жатқанда, бұл басы айналатын сияқтанды. Осының бәрі әлде түс, әлде өңі екенін біліп тұрған жоқ. Егер өңі болса, басынан кешіп жатқан мына халге нанар, нанбасын білмей тұрғанда, Бәкизат "нан, нан" дегендей, бұған:

– Үсті-басыңа қарап жүрсейші,– деді.

Жасаған-ау, осы қыздың бұрын Әзімге қосылып жуас жігітті жүндеп алғысы кеп тұратыны қайда? Сен түкке түсінген жоқсың. Түс көрген адамдай, аң-таңсың. Мынау өңі емес, түсі боп жүрмесін. Егер, түсі болса, онда басы да түсінде айналып тұрмаса не қылсын? Ендеше өңі қуарған жүдеу қызды да түсінде көріп түр. Сондықтан, кенеттен килігіп жатқан мына ағыл-тегіл қуаныш пен күдіктің үміт пен үрейдің қайсысына ден қоярын білмей, қызға "сен айтып жіберші" дегендей жаутаң-жаутаң қарайтын болар? Бірақ Бәкизат үнсіз. Өңі сынық. Жаңа ғана өңіріндегі түймелерді тартқылап түр еді; енді қараса түймелерді тастай сала, аяғындағы қылмиған қазық өкше туфлидің тұмсығымен табанның астына түрткілеп кетіпті.

– Үйің... Үйіңнен хат аласың ба?

Бәкизат басын изеді. Кезін көтермей, кірпігін сабалап томен қарап түрып қалды. Мына түрі қазір көңілін аулап жұбатпаса, еңіреп жылап жіберетіндей. Бірақ сен не айтарыңды білген жоқсың. Қайсы бірде темір керуетте түнімен кез ілмей, дөңбекшіп шығатын кездер болатын. Сонда осы қызға кездессем айтар едім деп армандайтын ағыл-тегіл әңгіменің дәл енді қолма-қол керек болған кезде бірі басына келмегеніне таң қалып тұр. Қызды жұбататын жібі түзу бір сөз аузына түспей сасқанда, әлгінде терек басына ұя салып әбігерге түсіп жатқан жаңағы кіп-кішкентай құстардың өмірге құштарлығы есіне түсті. Соны айтқысы кеп оқтала бергенде, Бәкизат:

– Арал балаларынан есіттім. Былтыр күзде шешең келіпті ғой,– деді.

– Иә... Иә, келді,– дедің әңгіменің басталғанына қуанып,– көп болған жоқ. Қаланы бір күн аралатып едім, екінші күні беттемей қойды. "Кентті жұрт қызық-ау. Шіркіндер, ерінбей-жалықпай тасты үйе берген екен?" – деді.

Бәкизат ішек-сілесі қатқанша күлді; әрі-берідесін әлі құрыды ма, әлде әдейі істеді ме, сілесі құрып бара жатқасын бұның иығына қолын салып асылып тұрып күлгені. Бұл жолы да сен түкке түсінбей, бағанағы түстің жалғасын көргендей аң-таңсың.

Бәкизат күлкісін әзер тыйды.

– Елге қайтарда апамның не дегенін білесің бе?

– Иә, не деді?

– Балам-ау, мына қаланың кісілері жұмыс істемей ме? Таң атса бәрі көшеге шығып шапқылайды да жүреді ғой деді.

Соны айта сала қыздан бұрын бұл өзі күлді; былтырдан бері шешесінің сөзін кімге айтса да, басқадан бұрын өзі күлетін боп жүрген-ді. Бәкизат қайтадан ештеңеге зауқы шаппай, көңілсізденіп кірбиіп тұр екен. Қолындағы кітап салған сумканы жоғары көтеріп бауырына қыса түсті де, кідірмей қайта жерге түсірді. Сен ұмтылып қыз қолындағы сумкаға жармастың.

– Биыл оқу бітіресің ғой?– деді Бәкизат.

– Иә, құдай қаласа...

– Құдай қаласа... енді үйленетін шығарсың?

– Ой, ол... Ол әзір болмайтын...

– Неге? Анаңа қолғанат керек емес пе? – деді де, Бәкизат бұған күлкі тепсініп келе жатқан көзін қулана тастады. – Солай емес пе?

– Солайы солай ғой... бірақ оған...

Аржағын айта алмай, сол арада қыз алдында қызарақтап қала берген едің-ау. "Не қылса да,– деп ойлағансың-ды,– әркімнің басынатын бір кісісі болатыны ғой. Әзімнің алдында осы қыздың өзі қысылып, туфлидің тұмсығымен аяғының астын түрткілеп тұрғанын талай көріп еді..."

– Үндеме, сені өзім үйлендірем,– деді Бәкизат. Енді тіпті еркінсіп, арқаңа қағып-қағып қойды.

Бұған орай не деу керек екенін білген жоқсың да, әлгінде арқаңды үйкеп алған аппақ ақ борды алақаныңмен ысқылап кеттің.

– Естимісің, Құдай қаласа, сені өзім үйлендірем.

– Кім?.. Кімге?

Өз даусы өзіне әзер жеткен сияқты еді, сүйтсе, Бәкизат естіпті:

– Қыз көп емес пе?

– Көбі көп қой, бір... бірақ... сол қызы құрғырлар...

– Іркілме, айт. Айта бер!

– Айтсам... Солар қайда?

– Қасыңда тұрған жоқ па,– деп Бәкизат та осы арада әзілге жеңдірмек боп күлді де, бірақ ыңғайсызданды ма, іштей толқып іркіліп барып,– ұнатсаң...– деп күлкісін кілт тыйып, көзінің астымен саған қарады.

Сен болсаң, қыз аузынан құдды үкім есітетіндей есің шығып кеткен-ді.

– Ұнатсаң... Иә, ұнатсаң маған-ақ үйлен.

Құрсын, құлақ қатты шыңылдап кетті. Таудай тулаған жүрек кеудеде емес, құлақтың дәл түбінде дүрсіл сап жатқандай.

– Әй, Жәдігер... Есітіп тұрсың ба?

Иә, есітіп тұр. Басыңды изедің. Оны өзің біліп тұрсың. Әлдене аяғыңның басына дүрс етіп құлап түсті. Башайың шым етіп ауырып кетті. Ауырсынсаң да бірақ шыдам тауып сумкаңнан ақтарылып түскен кітаптардың басқыштан төмен қарай сатырлап домалап бара жатқанын көріп тұрсың. Бірақ бұның бәрі өңі емес, түсі болғандықтан ба, тұла бойында дәрменсіздік бар. Бәкизатқа да жалтақтап қарап қойды. Өзі білетін Бәкизат болса, көре қал, ол тағы бір пәлені шығарып: "Жігітім, кәне, жүр! Неке қиятын жерге барайық!" деп, жұрт көзінше қолынан сүйрелеп пәле қылмаса қайтсін.

– Бәтіш... Бәтіш шын... Шын айтып тұрсың ба?

Жалғыз сен емес, Бәкизат та қатты қиналып тұрған сияқты. Албыраған ерні әнтек дір етіп, аузын аша түсті де, тоқтап қалды. Ернін тістелей береді. Қара көз шарасы кеңіп кенет жас толып кетті. Сен сенер-сенбесіңді білмей, көзіңді тас жұмып, іле-шала қайта ашып едің. О, Жасаған!.. Қас қағымда қалай өзгеріп кеткен! Әлдебір тәуекелге бел буған қыздың жанары тайсалмай тура қараған көзінде әлгіндегі мұң да, жаутаңдаған жалыныш та жоқ. Тек тәуекелге табан тіреген адамдарда ғана болатын тағдырдың салғанын сабырмен күткен шыдам бар. Оны сен де көріп тұрсың. Оның не екенін де жүрегің сезіп тұр. Өзіңнен бір саты жоғары тұрған қызға бір ырғып жетіп барғаныңды білген жоқсың. Аблыққан дем алқымыңа тығылып:

– Бәтіш!.. Шын... Шын айтып тұрсың ба?– деп едің, шыдамы таусылған қыз күйіп кетіп:

– Шын! Шын! Шын айтам!– деді де, келеңсіз неме жетеңе әлі де жеткен жоқ па дегендей, тастай қып түйіп алған жұдырығымен сені иығыңның басына ұрды-ұрды да, жылап жіберді.

Құрсын, сонан ары не боп, не қойғанын білген жоқсың. Қашаннан бері сыртқа шықпай, іште булығып келген сезім ақтарылып кетті. Бұл не? Адуын, ақ жын ба? Әлде құйынға айналып кеткен жынды сезім бе? О-хо-ха-ха! Оқыс шыққан оспадар күлкінің оң-терісін де ойлаған жоқсың. Тағы да сондай оғаш қимыл жасап жаныңда тұрған Бәкизатты жас бала құрлы көрмей көтеріп алғансың-ды. Бәкизат құшағыңда қол-аяғы тыпырлап: "Жібер! Жібер!" деп жатыр. Тақа болмағасын жұдырығымен төмпештеп ұра бастады. Сен есіріксің бе, есалаңсың ба, не боп, не қойғанын білмейтін сияқтысың. Бұның аяғы қайда апарады? Неге соқтырады? Ойлаған жоқсың. Сол арада жүрегін кернеп бара жатқан осынау шексіз шаттық, шексіз қуанышты тежемей, тіпті тежегісі келмегендей әлі де болса қарқ-қарқ күліп құшағындағы қызды жоғарыға жүгіріп алып шықты да, ізінше төмен түсіп, жаңа өздері тұрған жерге әкепті. Неге бүйтті? Неге бүйткенін білген жоқ-ты. Бәкизат құшағынан дік етіп ырғып түсті. Қызарақтаған бетіне қапелімде қан ойнап, қара көздің жанары шоқтанып кетіпті.

Әйтеуір ұрыспады. Тек сенің онсыз да елжіреп тұрған іші-бауырыңды егілте түскісі келгендей, қолыңның сыртына алақанымен ақырын-ақырын ұрып еді-ау.

* * *

Бұның күні бойы екі аяғынан сарсылып тұрған жері – Тұщыбас қолтығы. Бүгінгідей бүркеу күн түгіл әдетте ашық күндерде де о басынан бұ басына көз жетпейтін осынау ішектей созылып жатқан ұзыннан-ұзақ қолтықтың бір беті қашанда көк қатпар шың. Сол шыңдардың барып-барып таусылар жері – Қаратүп. Оның аржағы ұшы-қиырсыз ұлы теңіз. Ашық күндері аңқиып-саңқиып тұратын сол биік шың қазір бас тоқсанның бұлыңғыр ауасында көз ұшында әзер-әзер қылаңытады.

Ал Бел-Аран артта. Қыста да, жазда да теңізге шыққан балықшылар ертеден кешке жалғыз жүріп қарасырағанда әрқашан артта қалған қара жерге назар аударатын. Сонда осы жарықтық көзге түсетін. Бұ да осы өңірдің қарақшылы түйесіндей көнекөз куәгері ғой! Әне, көрмейсің бе, қыс айларында арка беттен қадалып соғатын ызғырық суық желдің жолын кес-кестеп бөгеп жатып алатын осы елдің ежелгі жанкешті кәрісі. Бұл өңірде Бел-Араннан кейін көзге түсетін Қаражар. Ерте кезде осы Қаражардың басында орыс байына жалданған қазақтардың жер қазбалары бопты.

Қазір де сол кездегі адам мекенінің ізі сайрап жатыр: опырылған апан. Қоқырсыған көң. Үйілген күл. Күл арасынан балық сүйектері ақсияды. Қазіргі ұрпақ бұларға көз тоқтатпай тұсынан өте шығады. Тек осы ауылдың көнекөз қариялары мына апандарды түстеп танып, әрқайсысына ат қойып, анау – Кәленнің, анау – Мөңкенің, анау – Достың, ал әне бір Қаражардың ұшар басынан құлап түсетіндей кішілеу апан Судыр Ахметтің үйінің орны деп отырады. Берегірек келіп қартайып дүние салған сол кісілер көзі тіріде Еламан мен Ақбала үйінің орнын дәл бір киелі орындай қастерлеп, анда-санда кеудесін сүйретіп баратын. Сүйеніп келген таяқты жанына қойып, өлі аруаққа бағыштаған дұға ма, жүрек сыздатқан мұң, шер, әлде сағыныш па, әйтеуір көкіректе қордаланған сезімді ескі жұртта қалдырып кететін. Сондықтан болар-ау, әлі күнге балықшы ауылдың кәрі-жасы қолын Қаражар жаққа сілтеп: "күн Кәлен үйінің тұсынан шықты" деп, немесе "жататын уақыт болды, ай, әне, Еламан үйінің үстінен ауып барады" деп, ал, ауа райын топшылаған біреулер "бұлт көбесі сөгілді-ау деймін, жаңа бір жұлдыз Судыр Ахмет қазбасының төбесінен жылт етті" деп отырғандары.

Жә, жер бетінде есіміңді еске алатын жалғыз кісі қалғанша жақсы адамның аты өшпейтіні ғой. Ендеше кісі өміріне шек қойылғанға ренжу қажет пе? Құдіреті күшті Құдай бұл пәниде беттегі ажар мен бойдағы қайратты, жүректегі жалынды сараң қатынның сығымына салып мысқалдап өлшеп берсе берсін.

Кісі жасына қойылатын қатал шек, әрілесе әр ұрпақ, әр буынға, дәуір мен дәуренге қойылса қойылсын, кісі басындағы дәурен сияқты кісі бойындағы қажыр, қайрат пен кісі бетіндегі ажарда да өлшеу мен мөлшер болса болсын. Сайып келгенде соның бәрі күні жеткенде қайтарып алатын кемді күнгі қарыз ғана. Сондықтан тән тозған. Беттегі бояу оңған. Шоқ жайнаған көздің жанары сөнген. Үлбіреген бетке әжім түскен. Ал соның бәрі баянсыз. Бәрі кемді күн көз алдар, көңіл аулар өлшеулі болғанда, қайта осы мына адам бойындағы сезімнің өмірі ұзақ. Күндердің күнінде жалындаған жастықтың да түбіне жетіп титықтататын ит кәрілік қайрат пен ақылды да тасқа шапқан қылыштай мұқалтып, түйтелеп тастағанда, қайта садағаң кеткір кісі бойындағы сезімнің әрілесе уақытқа да іргесін алдырмайтын беріктігін қайтерсің.

Неге екенін қайдам, Жәдігер бүгінгі кісілерден гөрі баяғыда өткен пақырларды аяды. Олар адыра қалғыр атамекенді гүлдетем деп не істемеді. Болашақ ұрпақ үшін ғазиз басты тауға, тасқа соқты. Жанын жалдап қанын, терін төккенде нені тындырды? Ал бұлардың жүрісі мынау. Бұлардан кейінгі ұрпақ не тындырады? Олардың күні не болады?

Жәдігер күрсінді. Іштен шыққан дем бет алдын буландырып жіберді. Аузын жапқан мұрттың сояудай-сояудай тікірейген боз қырау талдары тереңнен шыққан демнен дір-дір етті. Күні бойы бір орыннан тапжылмай сұлқ тұрған қалпынан қозғалып төңірегіне кез тастап еді, қай жағына қараса да ақ қар, көк мұз үстінде кез тоқтайтын қылау болмағасын ба, назары тағы да соңында шұбалып жатқан ізге түсті. Әлгінде бұл арада өзінен басқа ештеңе жоқ-тұғын. Енді қараса, әлдеқандай кіп-кішкентай құстың ізі қар бетіне жыбыр-жыбыр түсіпті. Ақ матаға төккен әлдебір ұсақ өрнектей үш тармақ із жыбырлап, бұның өзінің ізінің бойымен біраз жарысып барған да, кенет жерге батып, көкке сіңгені белгісіз, ғайып бопты. Бұл аң-таң. Бір темен, бір жоғары қарады. Сүйтіп тұрып желдің көтерілгенін байқамапты. Алды-артында ығы жоқ аңыраған ашық теңіз үсті ызғып түр. Жан-жақ шаңытып мұнарта бастаған.

Жәдігер әлгі кішкентай құсты іздеп көк жүзін көзімен тінтіп түр еді. Кенет кішкентай құс қасынан шықылықтады. Үркітіп алам ба деген қорқынышпен көз қиығын аяғының астына тастап еді; сүйтсе, бір шөже торғай бұл тұрған жерден ілгерілеп озып барып қоныпты. Қарға баурын басып жатыр. Қозғалуға құлқы жоқ; тек бұның назары ауғанын байқап мазасыздана бастады. Кішкентай құстардың тілімен ренішті бірдеңелерді шықылықтады да, құдды жас бала қолынан түсіп кеткен доптай баурын басып жатқан жерден қомп етіп ары қарай ырғып түсті. "Не қылса да, бұл пақырды да жер бетіне сиғызбай жүрген бір қасірет болды ғой. Өзі аш па, әлде ауру ма?"

Жел жұлмалаған арқа жүні үрпі-түрпі. Жәдігер ауру торғайды сол көзінің ығымен бағып тұрғанын енді ғана байқап, әлденеге тіксініп қалды. Бәкизат айтса айтқандай, бұның не көрсе де сол кезімен көретіні қалай? Сол тегін бе? Анада да, колхозшылар жиналысында сөйлеп тұрғанда да бұл дәл осылай жүрегі су етіп, аузындағы сөзінен жаңылып қап еді-ау. Сонда да залда отырған жұртқа көзі түспей, әлдене іздегендей жанары сол жағына жалтақтап қарай берген-ді. Әдепкіде нені іздеп тұрғанын білген жоқты. Сүйтсе, анада Көткеншек Көшен қыршып алып, жерге түкіріп тастаған шұнақ құлағының шұқыршағына жіп қыстырып алып, бұның аузынан шыққан сөзді аңдып, бағып қалған жаман туысының төбе жағы буланған ақ құйқа басына көзін тігіп алған екен. "Сырқат шығармын" деп ойлады. Тек соны мойындатпай жүрген ит мінез болмаса қайтсін? Сол жолы сөзін шаққа аяқтаған еді. Енді, міне, көрмейсің бе... Күн ұзын ақ қар, көк мұзда аяғынан сарсылып тұрып та мезгіл-мезгіл ала көздің қиығы жалт етіп, сол жағына қарап қап тұр. Бәкизат айтса айтқандай, әлгі бір ылғи сол жағынан көрінетін елес бар болғаны ма? Әйтпесе, дәл осы бүгін дүниедегі бар жамандық бір басына үйіліп-төгіліп, жапан түзде аяғынан сарсылып тұрғанда басқа жақтан емес, тек бір жақтан, онда да үнемі сол жақтан ұрланып келе жатқандай болатын себебі не? Басқасы басқа, ал мына торғай... бәсе, торғай екеш торғайға дейін неге бұның сол жағына шықты? Ендеше осы торғай боп елестеп жүрген... Жәдігер басына келген оғаш ойға мырс етіп күліп жіберді. Торғайдан көзін ала бере, тағы да соңындағы ізге қарады.

* * *

Апыр-ай, тірлікте ізі оңалмаған адамның ісі де оңғарылмайтыны ма? Мына ізге қараш. Бұл не деп тұр? Басы иығына түскен ұзын қара кісі осы араға аяғын ілбіп басып келгені айтпаса да көрініп тұрған жоқ па? Жалғыз бүгін бе, бұнан бұрын да бұның соңында осындай сілбу із жатпаушы ма еді? Әсіресе күні бойы теңізден үсті-басы малмандай су боп сілбулеп келе жатқанын көргенде, Бәкизат: "осы ауылдың өлмелі шалы ма десем, сен екенсің ғой?"– деп күйіп-пісетін.

Шал демекші, жұрт бұған бала кезде де шын жасынан артық беретін. Берегірек келгесін бұл тіпті кәрі көрініп, жасы кішілер түгіл, қатарлары да бұны "шал" деді. Оған бұның құлағы үйренген. Тек әйелінің көзінше кемсітпек болғанда қытығына тиетін. Әсіресе, әне бірде Аралға барғанда таныс дәрігер Бәкизат екеуін қонаққа шақырып еді; кеш барып, қысыла-қысыла келген бұларды бұйра бас жігіт күтіп алып тұрып, бұған; "ақсақал, қызыңыз өзіңізден гөрі жеңгейге тартқан ба, қалай?"– дегенде, бұл аузына қапелімде сөз түспеді де, көргенсіз жігітке ала көзбен атып жіберердей ажырая қараған-ды. Қозы Қарын бастаған аудан басшылары тұр екен. Дудар бастың кекесінін олар да есітіп күлкіге булыға қапты.

Сен осы кештің өзіңе жақсы болмасын білдің де, келмей жатып кету жағын ойлап есікке жақын отырғың кеп еді; дудар бас неме бұған: "ақсақал, қарсы болмасаңыз қызыңыз жастардың қасына отырсын" – деп, Бәкизатты төрге апарып, Қозы Қарынның дәл қасынан бір-ақ шығарды.

Қозы Қарын сені шақырып алып:

– Әй, слушай, мынадай перизатты қала қауымына көрсетпей, тығып ұстап жүргеніңе қарағанда, хе-хе-хе... сен, сірә, феодал болуың керек,– деп еді, стол басындағылар:

– Ойбай, айтатыны жоқ, бұл нағыз феодал!

– Әсіресе әйелді қатты ұстайтын көрінеді,– деп бәрі қостай жөнелді.

– Ал, кәне, сен бұнда не қып жүрсің?– деді Қозы Қарын.

– Бір шаруамен...

– Ол не қылған шаруа?

– Шалғай жатқан ауылмыз ғой. Халықтың жағдайы...

– Халық? Балық қайда? План қайда?

– Е-хе-хе... Бұлар планды қайтсін. Планға басы ауыратын сіз ғой,– деді тәшірейген қара жігіт.

– Иә, жастар жұмысқа немқұрайды қарайды,– деді Қозы Қарынмен қатар отырған бурыл бас кісі.

– Нағыз рахат өмір осылардікі,– деді тәшір қара.– Ауыл жалықтырып бара жатса, салып ұрып қалаға келеді. Жегені – ет, ішкені – арақ. Хе-хе... Рахат!..

Қозы Қарын кекірейіп алған. Бағана осында келгенде бұлтиған қарын үстіне саусақтарын айқастырып алған қолы сонан әлі жазылған жоқ; кісі бетіне назарын тіктеп қарамайтын кілмік көздің дәл қазірде қайда қарап отырғаны белгісіз. Алдындағы ас пен стол басындағы кісілер түгіл сол жағындағы Бәкизатты, оң жағындағы өз әйелін көріп те, біліп те отырған жоқ. Тіпті олардың бұл дүниеде бар жоғынан да бейхабар сияқты еді; кенет Бәкизатқа мойын бұрды. Әуелі хе-хе-леп күліп, сосын ақырын тіл қатты; әдетте сен шаруамен алдына барғанда "балық..." "план" дегеннен басқа сөз аузына түспейтін бастықтың осы жолы кәдімгідей аузы-басы қимылдап, сөйлеп жатқанына таң қалдың. Сөйлегенде бұл не дейді екен деп тыңдап еді; кісі жаритын ештеңе жоқ сияқты: "Ыдысыңа ас салып берейін" дей ме... "Прибор әперейін?" дей ме?. Соны сұрамай, өзі біліп істесе, құдды қолы сынып, немесе аузы қисайып кететіндей.

Енді бірде Бәкизаттың құлағына сыбырлап:

– Ас алыңыз. Фигурамды бұзып алам деп қорықпауыңызға болады,– деп хе-хе-леп кетті.

Аржағында отырған әйелі қызарақтап, мазасы кете бастады:

– Саған не болды. Асың суып кетті. Мына жұрт саған қарап отыр ғой.

Үй иесі тост көтерді. Басқалар сияқты бұ да сөзін Қозы Қарынға арнады. Өзінен бұрынғылардан мақтауын асырғысы келіп еді, бірақ ойын жеткізетін оңтайлы сөз аузына түспеді де, абыржып сасып тұрып "кемеңгер, данышпан басшымыз үшін... кәне, жолдастар, бәріміз түрегеліп тұрып алып жіберейік"– деді. Соған ұқсас талай тост болды. Осыдан бұрын да Қозы Қарынмен екі-үш рет қонақта болғаны бар. Соның бәрінде де дастархан басындағы жұрт Қозы Қарынға есі шыға елпілдеп жатқанда, ол кілмік көзін бір жаққа салмай, кекірейе түсетін.

Ол кекірейсе, қалған жұрт есі қалмай, асты-үстіне түсіп, өліп-тіріліп, көз біткен осыны көріп, құлақ біткен осыны тыңдап, ықылас, пейіл тек осының үстінде болатын. Қошемет, қолпаш тек соған айтылатын. Қол соған соғылатын. Бұл күнде соған құлағы үйреніп алғаны сонша, осы күні бұл өзін жер-көкке сиғызбай мақтаған әлгі көлгір жұрттың өтірігі қайсы, шыны қайсы екенін айырудан қалған-ды.

Сол Қозы Қарынға сен қазір қайран қап отырсың. Оның әншейіндегі паңдығы қайда? Оның ана тарақтап алған қолына бір жалпылдақ жүгіріп барып пышақ, вилка ұстатқанша саусағы жазылмайтыны қайда? Жоқ, бүгінгі Қозы Қарын бұрынғы Қозы Қарыннан мүлде басқа. Әне, әдемі көршісі сөзден тартынып, тұйық отырғанына қарамастан оған қайта-қайта еңкейіп алдына тәрелке ысырама-ау... Тәрелкесіне тағам салғысы келеме-ау... "Ac адамның – арқауы, ас алыңыз!" дейме-ау... Тағы бірде кекірейген бойын әдемі көршісіне қайта иді. Бұл жолы лак жаққандай жылмиған жып-жылтыр әжімсіз бетіне күлкі жүгірді:

– Сіздей оқытушылар қаладағы мектептерге де керек...

– Әйел жайы белгілі ғой, азаматы қайда болса, біз де сонда боламыз.

– Жәдігерді де алдыруға болар еді. Бірақ, әне, өзі айтсын, планы нашар.

– Демек, сылтау бар деңіз.

– Неге?.. Жоқ, бикеш... Шыдасақ, айналайын, планды белден басып, өзіңді бұнда күйеуіңмен қоса алғыза аламыз. Солай ғой, ә!– деп Қозы Қарын бурылбасқа қарап еді.

– Әрине, Сіз айтсаңыз... Қолыңызда ғой, алғызасыз да қоясыз,– деді бурылбас.

Бурылбас бұрын бұндай емес-ті. Бұрын ол ешкімнің ығымен жүрмейтін өз пікірі бар кісі болатын; қайсы бір келелі мәселе тұсында оның тіпті Қозы Қарынға да қарсы шығып, қасарысып отырып алатын көк беттігі жұртқа ұнайтын.

Пенсияға жасы келгелі бұл сорлының да қажыры қайтып, Қозы Қарынның қас-қабағына қарайтын бопты.

Мына арадан тезірек кеткің кеп отыр. Апыр-ай, тостар қандай көп. Жұрт не деген жәдігөй, көлгір. Ал мына жұртқа тос беріп отырған бұжыр қара не деген көбік ауыз! Қозы Қарын болса-болмаса да Бәкизаттың құлағына жабысып алған. Кілмік көзге кәдімгідей ұшқын пайда боп, жанары тіріліп қапты. Бағанағыдай емес, қазір Бәкизат та батылдана түскен бе, қалай? Қайта-қайта құлағына еңкейіп жатқан Қозы Қарынға қарағанда оның да көзі шоқтанып, жанары жалт-жұлт етеді.

– Бастықтың бәрі бір екен-ау. Жылы сөзбен алдап-сулап шығарып салуға үйреніп алған.

– Жоқ! Жоқ, докажу... Алғызам дедім, алғызам.

Бәкизатқа қайтайық деп құлақ қағыс қылып еді, ол ұзын столдың аржағынан қылжақтаған әлдебіреулерге күліп, сенің қыңқылыңа құлақ аспай қойды. Амал қайсы, шараң құрып, жіпсіз байланып отырсың. Бұндағы жұрт сенің бар-жоғыңды ұмытып кеткен секілді. Әлде қалай ұмыта қоймағандар болса, олар да кеш бойы сұлу келіншектің бір жағына түн орнатып түсі кірмей тұнжырап отырған сенің түріңе тіксініп қарайды да, сосын көзін сенен тайдыра бере мырс-мырс күледі.

Ал Қозы Қарын көңілді. Әрі-берідесін, ол тіпті аржағында аузы-басы бұртыңдап отырған өз әйелінің ашуын да жыр демеді. Бұрынғыдай емес, Бәкизатқа тіл қатқанда аузына да қайдағы бір қылжақ сөздер түсе бастады:

– Анада осында астанадағы атақты жерлесіміз келді емес пе...

– Атақты? Ол кім?

– Әз-ағаңды айтам. Ой, ол керемет қой! Осында біраз дуылдаттық. Бір отырыста, Әз-ағаң: "Жігіттер, өз әйелің сұлу болғаннан көрі, көршіңнің әйелі сұлу болғаны дұрыс" деген-ді. Тауып айтқан жоқ па, а? Ха-ха...

Байқап отырсың, дастарқан басындағы қайсы біреулер жымыңдап саған қарап қапты. Сен көңіл бөлмеген сыңай аңғартып, сазарып алғансың-ды. Қозы Қарын тағы да Бәкизаттың құлағына аузын апарып:

– Сіз отырған дәл осы орында, сіздей болмаса да, өз заманында көл шайқаған бір сары торы келіншек отырған-ды. Әз-ағаң сөз таппасын ба, әлгі әйелдің бас-аяғына осылай бір қарады да, "әттең дүние-ай, осыдан бес-алты жыл бұрын кездескенде туфлиіңізбен қоса жұтып қойғандай екенсіз" деп еді. Қалай, а?!

Мына сұм бұны саған тигізіп айтты. Жұтқалы тұрған тамақ жұтқыншағыңда тұрып қалды. Шай ұрттап жібергелі ілгері созған қолың кесені ұстай бергенде, қалтырап кетті де, коньяк құйған рюмканы қағып, төгіп алды. Шыны шылдыр етті. Шүпілдете құйған коньяк ақ дастарқанға лақ етіп ақтарылып, кісілердің үстіне шашырады.

– Оқасы жоқ,– деді бурылбас.

– Где пьют, там льют;– деді Қозы Қарын күліп.

Осы кештің жақсылыққа апармасын жүрегі құрғыр сезген еді-ау. Кеткің кеп әзер отырсың. Кетейік деп қыңқылдай бергесін бе, Бәкизат келесіде тіпті сенімен ісі болмай, аржағында отырған Қозы Қарынмен шүйіркелесіп кетті. Осы әйелдің қазіргідей кісі басы құралған жерде еркектерге өзінің құдіретін көрсеткісі кеп, шайтаны қозып кететін әдеті бар. Сондайда әсіресе батылдана түседі, күлкісі сыңғырлап, қара көзі жайнаңдап, жарқылдап шыға келгенде, е, ол кезде қандай ұстамды еркек те өзін ұстай алмай қалатын-ды.

– Жігіттер, кәне билейік. Музыка... Музыка қайда?– деді Бәкизат.

– Маладес!... Ай, маладес! Кел, екеуміз...

– Жоқ! Әйеліңізбен билеңіз!

Сүйдеді де, Бәкизат өзін биге шақырып, емешесі үзіліп тұрған Қозы Қарынды көрсе де, оған қайрылған жоқ; қайырылмақ тұрсын назарын да салмастан бұрылып жүре берді. Сен әйеліңнің бұнысына ырза боп, айызың қанып тұр.

Жаңа Қозы Қарынды көзіне ілмей, сырт айналып жүре берген Бәкизат көп қонақтың ішінде қайдағы елеусіз біреумен билеп кетті. Бір-екі айналғасын оны тастай сала, келесі бидің кезегінде әне-міне пенсияға шығады деп жүрген бурылбаспен биледі.

Басқа ермек таппағасын сен альбомдағы суреттерді қарап отырғансың-ды. Би бітті, ту сыртыңнан шыққан аяқ дыбысын есітіп атып тұрдың.

– Қалай, саған көңілсіз болған жоқ па?

– Қайтайық!..

– Қой. Жүр, билейік!

– Аяғыңды басып...

– Апырай, бұндай да күйеужанды боларсыз ба?

Қозы Қарын анадайдан күлімсіреп келді де, әй-шәйге қаратпай Бәкизатты биге әкетті. Кетіп бара жатып кілмек көздің қиығын альбом қарап отырған саған тастады да, сосын Бәкизаттың құлағына еңкейді:

– Мына сабаз аяғыңды аз баспаған болар?

Бәкизат Қозы Қарынды итеріп жіберді. Оны сонан кейін бойына жолатқан жоқ. Бірде қатарласып, бірде бетпе-бет қарама-қарсы тұра қап, бірін-бірі қайрап жанып жүр. Қозы Қарын құшақтайын деп ұмтылса, Бәкизат сықылықтап күліп, оның кейде оң, кейде сол иығынан айналып, құшағынан сытылып кете береді.

Құрсын, уақыт өтпей қойды. Сағатқа қанша қараса да, қастан шықпағыр біреу аржақта сағаттың қысқа тілі түгіл, әншейінде аттай шапқылап тұратын ұзын тілін де тырп еткізбей ұстап тұрғандай.

Тыныш кетті. Төзім таусылды. Тізеңде жатқан мақпал тысты альбомның бетін құр ашқаның болмаса, көз тоқтатып қарап отырған жоқсың. Өзің білмейтін әлдебіреулердің жұптасып екеуден, үшеуден, төртеу, бесеуден шоғырланып түскен суреттердің ешқайсысына көңіл аударған жоқ; олар да әдетте ығы-жығы қаланың көшесінде топырлап өтіп жататын бейтаныс кісілердей.

– Келініңіз екеуміздің студент кездегі суреттер ғой.

Қасына кеп қатарласып тұра берген үй иесі жігітті жаңа байқады. Альбомды сарт еткізіп жапты да, орнына апарып қойды.

– Жәдігер аға, мен де сіз сияқтымын. Жұрт билеп жатқанда мен де сіз құсап альбом қараймын.

Шынында да, мына дәрігер жігіттің саған ұқсайтын бірдеңесі бар сияқты.

Бәкизат ұзақ биледі. Екі беті алаулап қызарып алған. Пластинка бітіп бара жатса, Қозы Қарынның құшағынан сытылып шығады да, жүгіріп барып басынан қайта қояды. Бір рет қоярда қоймай сені де сүйрелеп ортаға алып шығып еді, бірақ бір айналуға келмей "ой... ой, аяғымды бастың"– деп, сені итеріп жіберді де, Қозы Қарынның құшағына қайта кірді. Қапырық үйдің іші биден кейін тіпті қайнап кетті. Бас-басына жетпегесін қатар отырған екі кісіге бір сүлгіден тастаған-ды. Енді қараса, Бәкизатпен екеуіне тастаған сүлгіні Қозы Қарын алып, терін сүртіп жатыр екен. Сен үндеместен сүлгіні оның қолынан жұлып алып едің, Қозы Қарын саған кілмік көздің қиығынан алара қарады. Сен де жасқанбай, алақандай ала көзің ақырайып қарсы қарағансың-ды.

– Әй, мынау неге ажыраяды?

– Немене, қарауға болмай ма?

– Жоқ, жайдан жай ажырайған жоқсың. Білем, аржағыңда айта алмай тұрған бірдеңең бар.

– Болса болар...

– Онда, давай айт!

– Несі бар. Айтсам айтам,– дедің де, сен атып тұрдың. Стол басындағы ала-жабыр сап боп тиыла қалды. Жан-жақтан аңтарыла қараған кісілердің сен бірде-біріне назар аудармай, Қозы Қарынға жетіп барғансың-ды.

– Шынында да, сізге айтуға ыңғайы келмей жүрген бір шаруа бар еді.

– Онда айтпай-ақ қой! Сенің шаруаңнан шаршадым.

– Жоқ, тыңдаңыз...

– Тыңдамаймын. Тым құрыса, қонақта отырғанда маза берші.

– Ана жақта халық ауыз судан қарап қалды...

– Е, сен енді... су мәселесін арақ ішіп отырғанда шешпексің бе?

Қозы Қарын кеудесін көтеріп, кеңк-кеңк күлді. Сосын: "Қалай, тауып айттым ба?" деп қошемет тілегендей, стол басындағыларға қарап еді, бастық не айтса да құлдық ұрып отырған қошеметшілер бас шұлғып шу ете түсті:

– Мірдің оғындай болды.

– Қатырдыңыз.

– Иә, сазайын бердіңіз. Бәлем, өзіне де сол керек. ІІІаруа... Шаруа деп... Ал шаруа керек болса...

Қозы Қарын көңілді. Тек он иығының тұсында түнеріп тұрған сені ары итеріп:

– Бар... бар! Орныңа бар!– деп еді, сен тұрған жеріңнен тапжылған жоқсың.

– Өтінем, бұрғышы жіберіңіз. Тез арада тұщы судың көзін таппасақ, халыққа қиын болғалы тұр.

– Ау, анада тұщы судың көзін таптық... тұщы су шықты деп шулағандарың қайда?

– Шығуы шыққан. Бұрғышылар бес жүз жетпіс метрден су шығарып, халық қуанып, шалдар құрбандық шалып шуласқанбыз.

– Безобраз. Қазіргідей ет жоқта, бұлар, әйтеуір, бір сылтау тауып мал сояды да жатады.

Бастыққа жақын отырған бурылбас дереу қостады:

– Бұлар бала піштірсе де, қой сойып құдай жолы беретін көрінеді. Жын-шайтан, черт знает что...

– Безобраз. Сенің аулыңа бұрғышы емес, үгітшілер бригадасын жіберу керек.

– Үгітші өзімізде де жетеді. Бізге бұрғышы...

– Бұрғышыны қайтесің, әлгі құдай жолының суы бар емес пе?

– Онан түк шықпады деп отырмын ғой.

– Жаңа су шықты дегенің қайда?

– Теңіз тартылғалы топырақтың құрамында тұз көбейіп, тұщы судың көзі ары кетіп жатқан жоқ па. Басында біздің мәз болғанымыз, шамасы, сірә, бір кездегі тұщы судың үзіліп қалған азғантай сарқыншағы болуы керек. Бірер атқылады да, ертеңіне кермек татып ащы суға айналып кетті.

– Құдай жолыны аз берген болдыңдар ғой.

Стол басы тағы ду күлді. Қозы Қарын сұлу көршісінен де қошемет дәметкендей, Бәкизатқа бұрылып еді, Бәкизат көзін төмен сап тұйық отыр. Әлгі бір қытықты әңгіме тұсында түсін бермей, өңін билеп қалу оған да оңайға түскен жоқ-ты.

– Сонымен... бұрғышы жібересіз бе, жоқ па?

– Көрерміз.

– Жоқ, сіз...

– Әй, сені бұрын сөйлете алмаушы едік қой. Қарай ғой, өзі тіріле бастады. Тамада, давай, келесі тосты осыған берші. Көрейік, сөйлесін.

Ішерін ішіп, жерін жеп, енді тек ермек қайдан табылар екен деп, желеу іздеп отырған жұрт қуанып кетті. Қозы Қарынды қостап шыға келді. Бұл ызалы еді. Тосыннан сөз бергенде аузына сөз түспей, қолындағы рюмкаға қарап тұрып қалды. Стол басы сілтідей тына қапты. Алғашында "не айтар екен" деп демін ішіне алып отырған кісілер үнсіздік ұзағасын шыдамы таусылып, қозғалақтай бастады. Қайсы бір шыдамсыздары қасындағы көршісіне бұрылып, аузына сөз түспей, көзі алақтап, сасып тұрған бұны ымдап мырс-мырс күлді. Сен Бәкизаттың да оты бетіне шығып отырғанын көрдің. Абдырап сасып тұрғанда аузына қайдағы бір келіспеген сөз түсіп: "Қасиетті Кәрі Арал үшін... Кәне, сол үшін... түрегеліп..." деп тоқтап қалды. Онсыз да өзін әзер ұстап отырған кісілер қыран-топан. Әсіресе Қозы Қарынның құдайы беріп:

– Маладес! Маладес!– деп, ішегі түйіліп жатып та бұны өп-өтірік арқасына қағып-қағып қойды. – Маладес, Ай, маладес. Сенің, сірә, түнде ұйықтап жатқанда да түсіңе Арал кіретін шығар? Ай, маладес! Маладес! Айттым ғой, бұл Демоспен, Аралдың Демоспені, ха-ха-ха!

Сен қолыңдағы рюмка қалтырап бара жатқасын жалма-жан столға қойғансың-ды...

* * *

Ыстық астан кейін қонақтар сыртқа шықты. Біраз бой жазған соң ішке қайтып кірсең би басталып кеткен екен. Бәкизат Қозы Қарынды тастап, ұзақ уақыт бағана өздерін күтіп алатын ши борбай шегір көз сыптығырмен биледі.

Неге екенін қайдам, осы шегір көз, ши борбай саған салған жерден ұнаған жоқ; әсіресе, оның жас шамасы өзімен қатар болғанына қарамастан қонақтардың ішінде бұғағы, не қарны барлардың бәрін "аға" деп, ал бұны біресе "ақсақал" деп, біресе Бәкизатқа әке ғып қойғаны тіпті жынына тиіп болды. Оны Бәкизат байқады ма, жоқ па белгісіз, әлде әйел батылданғанда қаласа күйеуінен де айылын жимай көзді жұмып жіберетін қайсарлық па?

Бағана байқаған-ды. Осы ши борбай әйеліңе ұнап қалған сияқты. Столға отырғасын сенің көзіңді ала бере оған екі рет бұрылып қарады. Алғашқы қарағанда сенің иығыңның тасасынан қара көздің жанары жалт етіп қысқалау назар салып еді; екінші жолы қонаққа келер алдында ерінбей-жалықпай әр талына бір-бірлеп бояу жағып, күйлеген қаншықтың құйрығындай қолдан қайқайтып алған сабаудай ұзын кірпік астынан назарын тіктеп, ұзағырақ қараған-ды.

Өй, өтіп бара жатқан өмір-ай!.. Сонан бері де... Тоқта, сонан бері алты ай. Иә, аттай алты ай! Сол алты айда бұл қанша оқиғаны бастан кешті? Сұм дүниенің адам түгіл, атан түйе көтермейтін ауыр бейнеті мен азабын тартты? Мына жалғанда бұл ішпеген у мен дерт қалды ма?

Басқаны қойғанда, сонан бері сен Амударияда кісілеріңмен бір ай қостанып жатып, тұщы суға құлаған лай балыққа қарық болдың. Іле-шала орталарыңды ойсыратып жиырма бес үй көтеріле көшті. Онан қырдан босқан қара құрттай киік теңіздің ащы суын ішіп, үйір-үйірімен қырылғанын көргенде қан жыламады ма? Онан Сырдария. Қылшылдаған қара суық. Ызғыған қамыс қос. Қатын-баланың көз жасы ма... Әлде, ата-баба, аруақ қолдады ма, әйтеуір сәті түсіп қамау судың балығына қарық болды. Сонан бұлар іші-сырты майланып, қуаныш қойнына симай қатын-балаға құстай ұшып келгенде... О, Тәңірі!.. Тас бауыр тағдыр, саған мен не жаздым? Кісіге қылдай қиянатым болып па еді? Мен шеккен азап пен мен көрген мазақ аз болып па еді? Бұрынғы қайғыдан бүгінгі қайғы асып түсіп, адам көтермейтін зіл батпан салмақ жанымды жаншып, жер қылғандай қорлап мен қай қылығымнан жазықты болдым? Естимісің, Құдай! Уа, естимісің?

Жәдігер қалшылдап алақандай ала көздің шарасы жасқа толып, иегі кемсеңдеп кетті. Ертеден бері жанын баурап, көзін арбап алған мына ақ қардағы ізден назарын алып, бүгін ертеңгісін кеп тоқтаған бір орында екі аяғынан сарсылып түр. Міне, түс ауды. Күн кешке тақады. Бұл осылай тұра бере ме? Өзін қаумалап өріп кеткен мына ашқарақ ойда шек бар ма? Бел-Аранның үстінде үйірілген суық сүр бұлттай бұл байқұстың басын шырмап, жанын итке талатқандай азаптап, у үстіне уды іше бере ме?

Апырай!.. Апырай, пәле неден басталды? Кімнен басталды? Сен бе? Ол ма? Жоқ, онда кінә жоқ! Рас, ол астанада болғанда қыз кезінде сүйген, әлі де сүйетін жігітпен... кемді-күн ойнап күлген азғантай қызығын көре алмай... ішің күйіп қызғанып... сорлы әйелді өлтіре жаздадың. Бишара әйелді бетіне күле қараған еркектің бәрінен қызғанғаныңа жөн болсын? Аралда таныс дәрігердің үйінде қонақта болғанда Қозы Қарын мен әне бір үрпек бас, шегір көз, сыптығырдан қызғанып бұлан-талан боп... Қырсық қылғанда, сол күні Қозы Қарын мен ши борбай неменің Бәкизатты кезек-кезек биге шақырып, кенедей жабысып алғанын қайтерсің. Бірақ, соған бола әйелді жазғыруға бола ма? Билегенде не тұр? Қонаққа барған әйел мен еркектің билемей қалған жері бар ма? Аузына арақ тисе, құйрығы құрт түскендей қылмыңдап қоя беретін әдет емес пе? Билемесе ішкен асы бойына сіңбейтін жастар түгіл, алдына кебеждей қарын өңгерген осы күнгі қазақтар да қойқаңдап ортаға түсе кететін боп жүрген жоқ па? Сол жолы да бір-екі рюмка ауызға тигесін жастардан да бұрын кебеже қарындар желігіп, тақтай еденнің шаңын бұрқылдатып ала жөнелгенде-ақ бұның аяғы бір пәлеге апарып соқтырмай қоймасын білген еді-ау! Түсі демде бұзылып түнере бастағанын елден бұрын байқаған үй иесі шыбыжықтап қасынан кетпей қойды.

– Жәке,– деді бұған,– бір жерің ауырып тұрған жоқ па? Дәрі берейін бе?

– Жоқ...

– Бәлкім, жүректің дәрісін?..

– Жоқ. Жоқ, ештеңенің керегі жоқ...

– Апырай, ә?..

Әлі де болса қалбалақтап қасыңнан кетпей қойған үй иесі жігіттен құтылудың есебін таппағасын, сырт айнала бере Бәкизатқа бұрылып еді, әйелі жаңа ғана қасында тұрған сияқты еді, енді қараса ши борбай, сыптығырдың құшағында кетіп барады екен.

Е, Құдай, осыларды да еркекке теңестірем деп әлек боп жүрген большевиктерде ес жоқ; еркекке теңесіп қайтеді? Әйел болғаннан есесі кетіп жүрген ұрғашыны көрген жоқ; әсіресе Бәкизаттың еркектермен теңесуге тіпті құлқы жоқ. Әне, басқа әйелдер есебін тауып түздегі қылығын күйеуіне білдірмей тасаға тығылып жасырып істесе, бұл жазған ұрғашы екенін жұртқа жариялап болады. Оны сенен де жасырған жоқ еді. Е, ол қашан етегі ашылмаған періште боп тымпиып отырып еді? Аралда қонаққа барарда да соңыра қайткенде жұрт назарын аударам деп әлекке түспеді ме? Сен: "ау, кеш қалдық қой, болсайшы" деп асықтырғанда да, шар айнаның алдынан кетпей, көлбеңдеп тұрып алмап па еді? Әуелі сояудай қып-қызыл тырнақтарына қарады. Онан ақ борық саусақтарына, құлағына, мойнына соңыра сұғанақ көздердің жанарын тартып жаутаңдатып қоятын бар-бар жалтырақ пен жылтырақты тағып сәнденіп баққаны қайда? Соның бәрі аз болғандай, енді бір кезде айна алдына ентелеп отырып алып, осы жасқа келгенше сенің не атын, не затын білмей-ақ қойған қап-қара қоймалжың бірдеңені сабаудай кірпіктерге әрі-бері жаққанда әр талы құдды күйлеген қаншықтың құйрығындай қайқайып шыға келмеді ме? Сен: "келістің" деп кіржің етіп, қабағыңды қарс жауып алдың. Жол бойы қасыңда қазық өкше туфлиді қыдың-қыдың басып, құшағыңа кіріп жабысып алған әйелдің қара көзі жаутаңдап, қайта-қайта жалтақтап қараған жанары да жаныңды жадыратпаған-ды.

Оның үстіне ши борбай, сыптығыр неме кеш бойы құдды ешкі емердей Бәкизатты баурына қысып, жабысып алды. Стол басында да тар жерде тілмен айтуға болмайтын әлденені Бәкизатқа көзбен ымдап, бірін жеткізіп, бірін жеткізе алмай әлекке қалып болды. Сен де соны байқап, ыза мен қызғанышқа булығып, қашан кете кеткенше іштей әбігерге түсіп болғансың-ды.

Стол басы ала жабыр. Бірінен кейін бірі тост көтеріп сұңқылдап жатқан мына шуылдақтардың бір сөзі миыңа кірген жоқ. Тек әлдебір желөкпе, қызбалау қонақ Қозы Қарынды мақтай келе: "ал, кәне, алып жіберейік!" деп қынаулап дауыс көтергенде, стол басындағылардың жаны қалмай атып-атып тұрғанын көріп, сен де орныңнан лажсыз тұрғансың. Бірақ біріне – су, біріне – арақ құйған алдыңдағы рюмка, фужерлердің қайсысын ұстарыңды білмей дағдарып қаласың. Және он үш жыл ескек, таяу болмаса, дәл мынадай қылмиған құмырсқа бел шыны шөлмек ұстап дағдыланбаған қол қалтырап әлек-шәлек.

Көз қиығың Бәкизатта. Бұл жолы Бәкизат ұзын столдың аяқ жағында отырған үрпек бас, ши борбайға көз қиығын да салған жоқ. Ішіп-жеуден аузы босап, тағы бір үзіліске шыққан қонақтар тоқ басқысы кеп әйел, еркек екеу-екеуден жұптасып биге түсе бастады. Сен шам жарығы аз түскен ала көлеңкелеу шетте Бәкизатпен әлгі ши борбай кәйтер екен деп тұрғансың-ды. Шиборбай шегір көзі жылтыңдап жан-жағына қарады. Бәкизатты көріп жымың етті. Жетіп барып, аяғындағы табанына балшық басқандай сіре қарыс бәтенкенің өкшесін өкшесіне сарт еткізді. Үрпек басты қыз алдына сылқ еткізе иіп биге шақырып еді, Бәкизат ләм деместен бұрылып жүре берді. Енді сен жымың еттің. Көре қал, ол қазір қонақтардың ішінде елеусіз біреуге барады. Әне, айтпады ма, май балақ қатыны екеуі бір шетте оқшаулау тұрған жуан қара қазаққа барды. Жаңа столда отырғанда басынан қалпағын алмаған-ды. Және етті жұрттың бәрінен көп жеген-ді. Арақты да көп ішкен-ді. Енді қазір аузын ашып, азу тісін шұқып тұрғанда, Бәкизат оған жетіп барды да, тісін шұқыған қолын тартып алды.

– Ақсақал, ұят болады,– деп еді.

Жуан қазақ:

– Шырағым, оны біз қайдан білейік,– деді де, сосын қасында басындағы жаулығының шетімен аузын басып тұрған әйеліне қарап,– қатын, есіттің бе, тіс шұқыған ұят деп тұр. Қалаға келгенде есте болатын нәрсе екен,– деді.

Бәкизат сонан кейін де қарап тұрмай, жуан қазақтың қабақтай қарнын түртіп қап:

– Ағасы, жаяу жүру керек қой. Ал сіз, сірә, машинадан түспейтін боларсыз?– деп еді.

Анау:

– Айналайын, оның рас. Әй, қатын, естимісің, мына бала көріпкелі бар ма, дәл тапты,– деп мәз боп қасындағы дәл өзіндей қарынды әйеліне қарап кеңк-кеңк күліп жатқанда, бұлардың сырт жағынан жымсиып келген әлгі шиборбай, сыптығыр Бәкизатты шынтағынан ұстап қатарласа берді:

– Ғафу етіңіз! Қарындас, биге шақырам.

– Мен, бәлкім, сізге апа болармын.

– Ой, жаса! Әй, қатын есіттің бе, мына қыз ақырында пәле боп шықты. Жігітті қатырды.

Сүйдеді де, кеңк-кеңк күлді. Сосын кентті жұрттың үйтпе-бүйтпесі есінен тарс шығып кетіп, тісін шұқығалы қолын аузына апара берген-ді. Бәкизат шап беріп білегінен ұстай алды. Сосын қолын тырп еткізбей темен басып тұрды да, қалпағы қоқырайған жуан ірі қазаққа бойы жетпей бара жатқасын өкшесін көтеріп, оның құлағына бірдеңе деп сыбырлап еді; жуан қазақ бұған да мәз болды. Бұл жолы да кеңк-кеңк күліп әйеліне бірдеңе деп еді; әйел мырс етіп қолындағы жаулықтың шетімен аузын баса қойды. Не дегенін сен есіткен жоқсың. Бірақ не дейді дейсің, мықтағанда: "Әй, қатын, мынау маған тісіңе бір қойдың еті кірсе де шұқытпаймын. Қолыңды осылай ұстап тұрам дейді"– деп, келеңсіз бірдеңені айтып кеңкілдейтін шығар.

Оның сөзі де, өзі де қаперіңе кіріп шыққан жоқ. Екі көзің әлі де Бәкизатта. Сосын Бәкизаттың біресе оң жағына, біресе сол жағына шығып ыңылдап жүрген әлгі шиборбай, сыптығырда. Қалай ыңылдаса да Бәкизат көңіл бөлмей, бұрылып кетіп жүр. Бәкизат өзі ұнатқан еркекті емешесін үзілтіп ынтықтыра түсу үшін де әдейі өститін. Осындай көрсеқызар еркектердің ықыласын өзіне аударып алғанша қызық үшін арбап қылымсып бағады. Сосын оның ес-түсі қалмай жүрегін ала жүгіргенін қалай көрді, солай өзгеріп сала беретін. Кейде, әлгінде шиборбай, сыптығырға көңіл бөлмей қойғанындай діңкесін құртса, енді бірде онымен балаша ойнап "тю-тю!" деп сұқ саусағын тұмсығының алдынан бір-екі безейді де, түк демей жөніне тартып кете береді. Сондайда не істерін білмей жүйкесі құрып тұрып қалған әлгі немеге, керек десе, бұрылып та қарамай, басы қайқайып кетіп бара жатқан мына келіншек саған әрқашан көкте қыранға, жерде құмайға ілдірмей, құйрығы бұлаң етіп шатқалға кіріп құтылып кете беретін қырдың қырық айлалы түлкісі сияқтанатын. Осы жолы да сүйтесің-ау деп ішінен ырза боп тұрған-ды.

Жоқ, үйтпеді. Шиборбай, сыптығыр неменің құшағына күлімдеп кірді де, екі қолын иығына салып билеп кетті. Сол күні жазбастан сонымен биледі. Байқап тұр: сымпыс неме билеп жүріп аузын Бәкизаттың біресе ана, біресе мына құлағына апарады. Ыстық дем құлағын өртей ме, әлде еркек шіркіннің осындайда ұнатқан әйелге емешесі үзілгенде не айтатынын білгесін бе, Бәкизат онан құлағын алып қашады. Бірақ сымпыс жабысып алған. Әне, тағы да құлағына төніп еді, Бәкизат бұл жолы тыңдауын тыңдады. Бірақ тыңдап алғаннан кейін не әрі-не бері ештеңе демей, өзінің еркекті кейде ұзын арқан, кең тұсаумен ұстағысы келгендегі әдетпен сықылықтап күле берді, күле берді.

Қонақтар көңілді. Жаңа ғана дастарханнан тұрған кісілер ет пен шайға іші-сыртын сықап алған. Бәрі де буы бұрқырап, қызара бөртіп, билегені билеп, билемегендері үйездеген жылқыдай үйір-үйір боп, анда да гу-гу, ду-ду, бұнда да гу-гу, ду-ду, сосын ха-ха... а-х-ха... Солардың арасында жалғыз сен теріңе симай тырсиып алғансың-ды. Есіл дертің мына дырду тезірек бітіп үйге қайту. Қызара бөртіп алған мына қонақтар мен ана Қозы Қарын, сосын әлгі үрпек бас, шиборбай, сыптығыр неменің қонақасыдан әлі де олқысы болса столға отыра қалып тағы да толмаған жерін толтырып керелеп ішіп-жеп, тезірек кетіп, тезірек үйге жету. Онан басқа ой басына келген жоқ. Шыдамы құрып ширыққаны сонша бір орында тақат тауып отыра алмай сыртқа шықты, ішке кірді. Іштегілер буы бұрқырап бабына келіп алған. Қасына жақындасаң бәрінен еттің, арақтың, сосын тердің исі аңқып қоя береді. Ана жақта ішетін, жейтіннің әлі де үйіліп тұрғанын көрген кісілердің жуық арада тарайтын түрі жоқ. Сен бұрынғы бұрынғы ма, енді тіпті шыдамың құрып кімге, қалай тиісудің есебін таппай ширығып тұрсың. Осы жиын түбі бір тарап, түбі үйге бір жетсе, табалдырықтан аттап ішке кірсе, бұл есікті ішінен тарс жауып алар еді де, әй-шәйді қойып неке қағазды столға салар еді. К черту, ажырасады. Иә, ажырасады. Бұдан артыққа төзер жай жоқ. К черту!

Иә, кіжінудей-ақ кіжінді. Бірақ... Сонан не шықты? Кіжінген күйі үйге келді. Міне, табалдырықтан аттады. Үнсіз томсарып алған екеу ішке кірді. Жаңа бір бүлікті бастағалы үйге жеткенше шыдамы қалмай ширығып келсе де, бірақ үйге келгесін бұған бірдеңе көрінді. Кереуіттің аяқ жағында тұрған орындыққа басын ұстап отыра кетті. Бәкизат қасыңа кеп еңкейіп бетіңе қарады. Сосын қолын иығыңа сала бергенде, сен қиқаң етіп, иығыңды тартып алдың.

– Әй, саған не болды?

– Аулақ!..

– Тіпті жазығым жоқ қой...

– Иә, сенде жазық болмайды.

– Не болды, айтшы. Әлде, жаңа қонақта саған ұнамаған бірдеңем болды ма?

"Көрдің бе, түк білмегендей өп-өтірік мүләйімсуін".

– Әй, қызғаншағым-ай,– деп Бәкизат кенет сықылықтап күлді.– Жаңа мені біреуден қызғанған болдың ғой? Ту, қызықсың. Бала секілдісің.

– Иә, бала қып алдаумен келесің...

– Қойшы. Сондағы қызғанғаның... Тоқ-та, ана... әлгі... әлгі сендердің... қалай деуші едіңдер? Оған қойған аттарың бар еді ғой? А, я... Қозы Қарын... Сол ма? Қойшы, сенің кез келгенге қызғанатын осы ит мінезің-ақ шаршатып болды.

Бәкизат бұны мойнынан құшақтады да, сықылықтап тұрып қатты күлді. Түсіңді бермей томсарғаның болмаса, сен бірақ бұл жолы құшағына тартып, іші-бауырыңа кіріп бара жатқан әйелдің қолын қаққан жоқсың-ды.

* * *

Соның ертеңі болар-ау, Бел-Аранның ығында отырған балықшы ауылда ойда жоқ бір оқиға болған еді. Бұл күнгі ұрпақ тұрсын, бұлардан бұрын баяғы ата-баба заманында да көк теңізге төр жайған балықшы елдің тірлігінде болмаған, болмақ түгіл тіпті құлақ есітіп, көз көрмеген сұмдық оқиға еді ол!

Аралдың басынан бағы қайтты дегенмен бұрын көк теңізге тор жайғанда ау көзін азын-шоғын балық қағатын. Құрығанда күнделік қазан қайнататын асымдық балық қағатын. Ал, сол жолы... Иә, сол жолы бір күн, екі күн емес, қатарынан алты күн ау көзін дені дұрыс балық түгіл, қылағай шабақ та қақпай қалған еді-ау!

Бағы жанбаса да, сағы сынбайтын сіңір қара жігіттер ерт сөндіргендей қап-қара боп түтігіп кетті. Рахымсыз қатал тағдырдың дәл өзімен тайталасып, бермесін тартып алғысы келгендей, олар келесі бесінші күні тағы да таңмен таласа тұрып ертелете теңізге шығып еді; кеше жайған қара торды қараған еді: бірақ кешегі, оның алдындағы күндердей, бұл күні тағы да қара торды күрт шабақ та қақпаған еді-ау.

Сүйтіп, алты күнді артқа салған жұрт аң-таң. Бұл Арал Арал болғалы, бұл өңірдің ер-азаматтары қолына бір таяу, қос ескек ұстап, қара қайықты суға салып, талап қылған арғы-бергі заманда өмірі бастан кешпеген сұмдық оқиға боп еді, жұрт теңселіп кетті:

– Тәңірге не жаздық?

– Не пиғылымыздан таптық? Кешегі қайғы мен қасіреттен бүгінгі қайғы, қасірет асып түсіп жатқан бұл не пәле? Не сұмдық?

– Иә, бұл тегін емес, бұнда қандай да бір сыр бар.

– Апырай, бұл теңізге бірдеңе көрінді ғой! Жарықтықтың пиғылы неге тарылды?

– Теңізге түк те көрінген жоқ,– деді Сары Шая. – Біз Құдайдың қаһарына ұшырадық. Қой сойып, құдай жолы беру керек.

– Тәйт! Тәйт! Сен сұңқылдаққа не жоқ... Бұл Құдайдың кәрі емес, балық бір жаққа ауған...

Сол күні сен үйге кеп, дастархан басында үнсіз ас ішіп отырып әлгінде Сары Шаяға ақырған Көткеншек Көшеннің сөзі ойыңнан шықпады. Балық бір жаққа ауған деді-ау? Ауғанда қайда ауады? Рас, алапат аштықта, ақыр заман басына түскенде жан сауғалаған халық жерін, суын тастап босатын. Жұт болған қуаңшылықта жайылымын тастап мал, аң ауатын. Ал!.. Ал, бірақ... теңіз тірлігіне сыр-мінез бола жүргенде, бұл, сірә, балық ауыпты деген сұмдықты есітпеп еді ғой. Және... Жасаған Ие-ау, құрылықтың қақ ортасында, басы, аяғы тұйық судың балығы ауғанда... бәсе, қайда ауды? Не себепті ауады?

Өтіп бара жатқан өмір-ай!.. Ойлап отырса, оған да алты айдың жүзі бопты. Теңіз тартылғаннан бері аралдықтар үшін қай жылдың да оңып тұрғаны шамалы еді. Соның ішінде биылғы жыл, әсіресе биылғы жылдың кейінгі алты айы адам түгіл атан түйе көтере алмайтын, бірінен бірі өткен қиындықтарды үйіп-төгіп жіберген еді-ау. "Ә" дегеннен жыл беті қатты болды. Қыста қар жаумады. Жаз жаңбыр тамбады. Көктем шығар-шықпаста оңтүстіктен соққан өрттей аптап ыстық қылтиған қылтанақты күйдіріп жіберді. Осыған дейін де қатарынан он жыл тамырына ылғал тимей, түбірі қара томарланып күйіп кеткен жер биылғы қуаңшылықта әсіресе қатты азған-ды. Мал тұяғы, аң тұяғы тисе де жер бауырынан сары шаң бұрқ ететін. Ал жел тұрса, аспан мен жер арасы ала қиғаш бұрқырап ала жөнелетін.

Сөйтіп, аптап ыстық аспан астындағы тірліктің апшысын қуырып тұрғанда, бір күні... Тоқта, сол өзі ау көзін алты күн балық қақпай қойған оқиғадан кейін болған ба еді? Ел іші енді қайтерін білмей дағдарып отырғанда ауыл сыртындағы шөбі күйген сары даланың сонау көз талатын алыс қиясынан бір шөкім шаң бұрқ еткен еді-ау! Оны біреу көріп, біреу көрмеді. Сәлден соң әлгі шаң әр жерден бұрқ-бұрқ көтеріліп, қапелімде қарамы үлкейіп, аспан мен жер арасында сары лай тұтасып бірте-бірте бермен жылжып жақындап келе жатты. Жақындаған сайын тысыр-тысыр тұяқ дыбысы шықты. Әзір көзге көрінбесе де, танауына шаң толған әлде бір мақұлықтықтар қайта-қайта пысқырады. Шаң тіпті жақындап жылжып келіп қалды. Лайсаң шаң арасынан тұла бойын сап-сары лайға батырып алғандай қисапсыз көп түз тағысы қылаң берді. Бәрі де басын жерге салып жіберген. Шаң астында жоны бұлтылдап жосып келіп қалды. Ай мүйізді теке қара қорым нөпірдің алдына түсіп жортып келе жатыр екен. Кенет көз ұшында мөлдіреген көк теңізді көрді ме, әлде көкірегі сезді ме, жорытып келе жатып, салбырап темен түсіп кеткен басын жерден көтеріп алды. Селт етіп тұра қалды. Тосын қуаныштан тұла бойы дір етті. Сосын, түк сезбей, соңында аңтарылып тұрып қалған қара құрым киікке мойын бұрып, ешкіше маңырады да, тұрған жерінен ырғып-ырғып түсті. Ағыза жөнелді. Соңында шаң жұтқан қара құрым азан-қазан маңырап, ауыл сыртындағы қара деңді қыруар көп тұяқ дүбірлетіп жосып ала жөнелді. Ауыл үстінен өткенде алдарынан өре түрегелген иттерге де қарамады. Аң алып жүрген алымды иттер аузына іліккенін алып ұрып жатыр. Осы араға ұзақ жолда оты, суын ала алмай әлсіреп жеткен құралайдың лағын балалар қуалап, қатындар иінағашпен ұрып алып жатыр. Ауыл үсті абыр-сабыр. Айқай-шу.

Шөлден қаталап өліп бара жатқан киіктер қырылғанына да қараған жоқ. Тірілері өліктердің үстінен ырғып, балықшылар ауылының бет алдындағы теңізге ұмар-жұмар, опыр-топыр түйдегімен ағызып келді де, ащы суға бас қойды. Ащы су іштерін алып түсті. Онсыз да көнін сүйреткен жануарлар іші-бауыры қатып, инеліктей мықшиды да қалды.

Қырдан құлаған киіктер сонда да теңізді тастап кетпей, шаңдағы бұрқыраған сары далада үйір-үйір боп жүріп алды. Қанша жылдан бері жаңбыр тамбаған қуаңшылық жер бетіне қылтиып көрінген шөп бұл кезде тастай тікенге айналған-ды. Күні ұзын қылтанақты қуып жүріп жайылған киіктердің кешке қарай тұмсығы құдды мысық тырнағандай қан жоса боп қалатын-ды.

Құрсын, айтары жоқ, қырда құстар, түзде киіктер қатты қырылды ғой. Қара құрттай киік қайда барса да қыбыр-қыбыр тұяқ құдды күл шашқан баладай жер шаңын бұрқ-бұрқ көтеріп, сары лай ыдырамай тұтасып тұрып алатын. Көзіне, құлағына шаң кірген киіктер жайылып жүріп те басын шайқап пысқыра береді.

Теңіз жағасының түні – қапырық. Күні – өрттей ыстық. Жанына сая таппаған түз тағылары жосып жүр. Күн қызған кезде топырақ қайнап кетеді. Әсіресе сол кезде тұяқ екеш тұяқ шоқ басқандай шыдатпай, төрт аяғын кезек көтеріп жаны қыдырып безектеп кетті. Қайсыбірі қырдың қырбық бұтасын паналап, бүйірін соғып ырс-ырс. Өрттей ыстықтан өліп бара жатқан киіктер бір кезде лажсыз ауылға тығылды. Малқораға кірді.

Қара торға қылағай ілікпей, теңізден күдер үзген балықшылар сол күні үйде жатып алған-ды. Сен де анада Көткеншек Көшеннің аузынан шыққан жорамалдың жөнін ойлап: "басы-аяғы тұйық теңіз емес пе? Балық ауғанда қайда ауады?" деп басың қатып жатқан-ды. Сыртта арсылдаған ит даусы естілді. Және қора жақтан шығатын сияқты. Қолға іліккен таяқты ұстап жүгіріп барса, қарала төбет киіктің текесін жығып сап талап жатыр екен. Киік тұяқ серпуге шамасы келмей, шаң жұтқан өкпесі сырылдап дір-дір етеді...

– Жәдігержан, қазан аузы жоғары. Пай-пай, мүйізі қарағайдай теке екен,– деді әлдеқайдан сап ете қалған Сары Шая. Көңілді. Қиқ-қиқ күледі. – Жәдігержан-ау, мына киік әншейінде ит-құс салып қуғанда қолға түспейтін, желмен жарысқан жүйрік аң ғой. Енді "мені соғып алатын кім бар" дегендей өз аяғынан кеп қораңа кіріп жатыр. Ау, көктен тілеген ырзық жерден табылып жатса, о да Құдайдың қарасқаны емес пе? Қашаннан бері тісіңе ет тимей, қызылсырап жүргенде... Апырай, Құдай беріп қызыл ала қуырдаққа қарық болдық-ау. Несін айтасың, бұйыртса сен же-мен же болатын болдық қой!

Сен оны тіпті тыңдаған жоқсың. Не деп тұрғанын да білген жоқсың. Иттің тісінен айырып алған киікті не істеріңді білмей, қиналып тұрғансың-ды.

– Қазинесі кең Құдай, пендесіне берейін десе ризығы шаш етектен ғой. Көктен тілегеніңді жерден беріп қораң ешкіге толып шыға келгенін қайтерсің,– деді де, Сары Шая үйіне кетті. Есіктен кірер-кірместе үйді басына көтеріп:

– Уа, қатын, қайдасың? Түр! Қазаныңа су құй! От жақ! Ет, ет деп сен-ақ құлағымның құртын жеп болып едің. Еттің әкесін енді көресің. Майы шылқылдаған қызыл қуырдаққа көкірегіңді аздырайын. Ау, қатын, пышақ қайда?

Бұл күндері Сары Шаяның қолынан пышақ түспеді. Талай киікті тыпырлатып қор-қор бауыздады. Талай құралайды жерге топ еткізіп алып ұрып, көзін жаудыратып сойды. Қыза-қыза талай текенің де терісін сыпырды. Бірақ бәрі көкей жасық. Арық. Текелердің басында қарағайдай қақырайған мүйіз. Жаз шыққалы оты, суын ала алмаған киіктердің баурында төрт тұяқ қыбырлағаны болмаса, тұла бойында тері мен сүйектен басқа тіске ілігер түк жоқ. Көк жасық етті қуырса да, асса да көне етіктің сірісіндей сағырдаң сіңір. Сары Шая ауызға іліккеннің өңештен өткенін қалап, азуға салып әрі-бері шайнады да, жұта алмағасын түкіріп тастады. Сосын табақты теуіп, тұрып кетті:

– Әй, бәсе... Өзім де бұл не қылған батпан құйрық деп едім-ау. Қара тер боп күн-түн жүргенде бүйіріңді бір шығармайтын Құдай, қызыл ала етті тектен-тек қайдан үйе салсын.

Ашу буған Сары Шая алау-далау боп сыртқа атып шықты. Киік қуалап кеткен иттер ауылда жоқ екен, бұған үрмеді. Колхоз конторының көлеңкесінде қауқылдасып тұрған бір топ кісіге келді. Киік соғып қайтқан жастардың омырауы қан-қан. Өздері аң қызығына есіріп алған. Сары Шаяны көріп қуанып кетті. Сары Шая да жымыңдап, қойнынан кішкентай қобдиша темірін шығара бастады. Жылтырақ темірді желөкпе жігіттердің әр қайсысына бір тосып, ананы бір, мынаны бір тыңдады да, ақырында өзі сөйлеп кетті. Өзі де дәл қазір бір шаруаны тындырып келгенін айтты. Қораға кірген ақбөкеннің ай мүйізді бір текесін алып ұрып, әп-сәтте бұтарлап сойып, ой, несін айтасың, қатын-баланы қызыл қуырдаққа іші-сыртын бірдей ғып сылқитып тойдырдым деді. Сөзімнің шиі шығып қалар-ау деген тұста сұңқылдап сөйлеп отырып көзін жұмып-жұмып қояды. Жұрт тамсанып қапты. Соны көрген Сары Шая енді екіленіп кетті:

– Ау, білікті кісілер баяғыда суға сенбе демеді ме. Ал, қане... судан не опа таптың? Теңіз, әне, тартылды. Балық, әне, алты күн ау көзін қақпай қойды. Осы ауыл қазан қайнататын соқыр шабақ таппай, тарығып отырғанда, садағаң кетейін, Құдай, үйір-үйір киікті үйіңе кіргізіп берді. Қызыл ала етке қарық боп жатсың. Терісі қандай. Қаласаң, қыста жарғақ шалбар тігіп ки. Тіпті от басына бір қағып салар тулаққа да жарап жатыр. Ал теке болған текенің арқасына сыймайтын қарағайдай мүйізін айт! Ойбай, біз мүйіздің қасиетін қайдан білейік. Сүйтсе, үкімет мүйізден дәрі жасайды екен ғой. Оны кім білген. Ал енді, ондай дәріні ішкен еркек хе-хе... түнемелікке қарай астымен алысып шығады дейді. Әй, сен неге күлесің? Күлкісі жоқ, айналайын. Сенбесең өзің ішші. Айғыр боп азынап шыға келмегеніңді көрейін.

Жастар желігі қозып, көзі ұшқындап барады. Соны байқаған Сары Шая келесі сөзін тіпті құтыртып, қайдағы жоқты соғып кетті.

– Үлкен қалаларды айтпағанда, сендер өзіміздің мына Арал, Шалқарға киіктің мүйізін апарыңдаршы... Сәні мен салтанатын жұрттан асырғысы келген ауқатты үйлердің бикештері алдыңнан тосып тұратын көрінеді. Ойбай,

Құдай-ау! Көк теңізге көзіңді сатып көк тиын таба алмай, арам тер болғанша, текенің мүйізін сатып ана қалтаңда будақ-будақ ақша, мына қалтаңда будақ-будақ ақша, аяғыңды алшаң-алшаң басып жүрмейсің бе?

Жігіттердің көзі жайнап кетті. Айтса да алты күннен бері тор, тұзақ түк ілмей, көзі көкшиіп отырғанда өз аяғынан қораға кіріп жатқан қыруар киіктің мүйізін сатып шаш-етектен пайданың астына қалса несі кетеді?

Бұлардың тілегіне қарай сол күні қыр жақтан кен іздеген геологтар келді. Астарында гүжілдеген көк қасқа машина. Сары Шая түз кезген жігіттерді шай үстінде қот-қоттап оп-оңай көндірді де, күндізгі аптаптың беті қайтқасын алдын кештете аңға шықты. Жарығы саулаған машиналар былай шыға бере-ақ ауыл іргесінде үйір-үйір боп жайылып жүрген киіктерге кездесті. Көнін шаққа көтерген аш, арық киіктерде қашатын қауқар жоқ. Және көзге түртсе көрінбейтін қараңғыда жан-жағынан жарық саулап гүрілдеп келе жатқан мына пәлелерді көргенде естері шығып кетті. Бас сауғалап қаша алмай, үргедек сорлылар аядай жерге топырлап тығыла түсті. Гүжілдеген ауыр машиналар о жағынан да, бұл жағынан да тиісіп кетті. Қақтығысқан киіктің қалың тобын омыраумен қағып, домалатып ұшырып түседі. Ал доңғалақ астына түскен киіктер қаңқасы күтірлеп жатты. Сары Шаяның қот-қотына есіріп алған жігіттер бұнан кейін тағы екі күн киік аулауға шықты. Тұла бойында бір шайнам ет жоғына қарамай, басындағы мүйізіне бола қуып жүріп қырған-ды.

Бұл хабар жеткен бойда сен жүгіріп Сары Шаяға барып едің, Сары Шая сөзіңді жыр демеді. Көк ала ақша көкейін тескен жастар болса-болмаса да есіріп, ешкімді тыңдайтын сыңайлары жоқ. Бұл күндері екі кісінің басы қосылса айтатындары: Сары Шая. Киіктің мүйізі. Қаланың мода құмар қатындары. Көк ала ақша түнде түстеріне кіреді. Аң қызығына түскендердің алып-қашпа лақабы сенің кісілеріңе де әсерін тигізе бастады. Алты күн ay көзін соқыр шабақ қақпай салы судан шыққан кісілер қамыс қоста қабағы түсіп отырған-ды. Үйден алып шыққан азығы таусылып, біреулер қатқан нанды қытыр-қытыр қажап отыр еді, қара шал:

– Әй, Жәдігер,– деп дәл құлағының түбінен шаңқ етті.– Кісілерің, әне, тышқанға айналды. Көресің бе, көз бар ма өзіңде?

– Көшеке... көргенде, қайт дейсің?

– Қайткені сол, ауыңды ал. Қос ескек, бір таяуды, қара қайығыңды қоса ал. Мына теңізде балық түгіл бақа да жоқ.

– Ау, Көшеке...

– Көшеке... Көшеке деп көлгірсуін бұның. Бұрын Қара шал дедіңдер, енді қартайған шағымда қатқан нанды қытырлатып қара тышқан атанар жайым жоқ. Ана Сары Шаяға қос болам. Киік аулайым. Мүйіз сатам.

Қозы Қарын балық планы орындалмай жатқанда өкіл шаптыратын әдеті. Қара шал кететін күні бұларға қаладан өкіл келді. Бұрын бұларға тәшірейген шертік қара келетін. Ол осы ыстықта қара костюм киіп, қара галстук тағып және оны тоқпақтай ғып дәл тамағының астына қылғындыра байлап алып: "ал, бауырым, балық қайда, балық?"– деп келмей жатып төс сүйегі қайқайып тұрып алушы еді. Бұл жолы басқа өкіл... Басқа болғанда, анада Аралда қонақта бірге болатын бурыл бас. Байпаң-байпаң басады. Бас сұқпай жатып барқырап амандасады. Қамыс қоста басы салбырап түсіп кеткен үнсіз кісілердің бетінен бірдеңе іздегендей жағалай қарап шығады. Сосын "апырау, ә?"– деп таңданып тұрады да, қолында бұлғақтаған портфелді босаға жаққа былқ еткізіп тастай сап, тағы да байпаң-байпаң басып, бұның жанына отыра кетті.

– Ауылдарыңда киік қойдай өреді ғой. Черт знает что?!.

Бұл үндемеді. Бурыл бас өкіл біраз үндемей отырып:

– Құдайдың күні қайнап кетті. Аламат. Шөп жоқ. Су жоқ, черт знает что...– деді.

Сенде үн жоқ. Бурыл бас терін сүртті. Омырауын желпіді.

– Сорлылар, шөп жоқ, су жоқ, қырылып қалады-ау. Апыр-ай, ә? Черт знает что...– деп, бурыл бас алақ-жүлақ бұған қарады. Сен бұл жолы да үндемедің.

– Сендерге кеше келуім керек еді. Жолға шығарда ана шаруа, мына шаруа, шайтан-жын толып кеткені. Шыға алмадым. Мына киіктер... апыр-ай, ә?– деп, әлі де түсіңді бермей тұнжырап отырған саған қарағанда көзі үрейлене ашылып аңырып қалды.

Бұрыл бас өкіл қамыс қостың іргесіне жайғасты. Сонан ол балықшылармен талай таңды бірге атырып, талай күнді бірге батырды. Балықшылармен бірге теңізге шықты. Соқыр шабақ ұстай алмай сілесі құрып, үсті-басынан су сорғалап қайтқан кісілердің арасында, қазан көтермеген көңілсіз қоста жуан портфелін басына жастанып, үй төбесіне қарап үнсіз жатады да, кенет басын шұғыл көтеріп алады.

– Шайтан-жын; черт знает что. Апыр-ай ә?– деп аңғалақ көзін әлде бір үрейге толтырып, алақ-жұлақ қарап аңтарылып отырғаны.

* * *

Кісі жамандықты көре-көре ығыр болғанда жақсылық аңсайтын әдеті ғой. Сен балалар оқу бітірген күнді қайта-қайта есіңе түсіріп тұрсың. Ұмытпаса, бурыл бас өкіл келетін күннің ертеңі ме еді? Сол күні бұл ауылдың кісілері иығы жарқырап киінген еді-ау! Қызыл-ала киінген кәрі-жас клубқа жиналған еді. Жиын ішінде бала жетелеген қатындар, қойнына бөтелке тыққан бозбалалар да бар. Азан-қазан, у-ду аз дегендей клубтың маңдайына ілген даңғаза радио даланы басына көтеріп жатыр. Қуанышты күндерде де құпиясыз жүрмейтін қыздар жиын арасынан екеу-екеу, үшеу-үшеуден жырылып шығып оңашалана береді. Aт көпір жиын қызыл мата жапқан кішкентай столдың алдында иін тіресіп тұр. Столдың аржағында мектеп директоры. Бір жағында завуч ағай. Екінші жағында пионер вожатый апай.

Директордың қолында оқу жылының қорытындысы. Жұрт соның аузына қарап арбалып қалған. Кімнің баласы қалай бітіргенін есіттіргенде жым-жырт боп тұрған жұрт шу ете қалады. Ду қол соғады. Құдды тай жарысын қызықтап, дуылдасып жатқан думандай. Жазатайым баласына мақтау тиген ата-ананы ортаға алып: "Қуанышыңды жу! Бұнда шабылмағанда, сорлы, су кешіп қызыл сирақ боп тапқан бес-он тиыныңды соңыра басыңа қоясың ба?"– деп қауқылдасып жатқандары.

Сол күні шуылдақтар бұны да жүндеген түйедей қылған-ды. Қызыңды үйге иығыңа мінгізіп әкеле жатып, жолшыбай:

– Сен бүгін патшасың. Папасына ақ патша. Ақ патшам менің,– деп жынды кісіше сөйлеп келе жатқансыңды. Иығында отырған ақ патша өткен-кеткеннің бәрінен қысылып: "Айтпа, үндеме",– деп аузыңды басады. Көрші үйдің терезесінде тәмпіш танауы әйнекке жабысып қалған тентек қара тілін шығарып еді, онсыз да әке иығында әзір отырған ақ патша ұялып қап, қыңқ етті. Жерге дік етіп секіріп түсіп, артына қарамай құлдырап жүгіре жөнелді.

– Айналайын... Ақ патшам менің!

Осылай жүрегің елжіреп тұрғанда, кенет кеуде толы қуанышқа бір мұздай күдік жыланша ирелеңдеп кіріп бара жатты. Жаңа қызын мақтағанның бәрі "Еңбек сүйгіш" деді-ау? "Ынталы" деді. "ЬІждағатты" деді. Жарайды, десін. Солай болса, солай шығар. Бірақ... өмір жолына түскен әр адам тірлікте ылғи өз теңінің алды боп озықтар мен озаттар арасында жұлдызы жарқырап, ылғи жүлдені жеңіп алу үшін әлгі қызына таққан үш қасиет жете ме? Адам еңбек сүйгіш болса, ынталы болса, ыждағатты болса, сонда қойны-қонышың әлгіндей сары ала мақтау қағаз бола ма?

Бұл ойланып тұр. Басын шайқады. Әй қайдам. Қайдам. Дүние тек соған тіреліп тұрса, әлгі құрғыр үшеудің үшеуі де бұның да өз бойынан табылатын сияқты еді ғой.

Кіп-кішкентай қуаныштың да бұйырмағанын қараш. Көңілден семіретін кісіні қашан да сол көңіл ғой жүдететін. Кіп-кішкентай қуаныштың да осылай шырқы бұзылып, ғазиз бас тағы да көк соқта толқынға түскен қайықтай былғақтады да қалды. Күн кешкіріп қамыс қостың іші қара көлеңкелене бастады. Сен төсегіңді бурыл бас өкілдің қасына тақастырып салдың. Бүгін тағы қазан көтермеген қоста ауыр үнсіздік бар. Теңіз үстінің есірік желі күн батар алдында басылған-ды. Тек іргеде ұлы теңіз ыңыранады. Өксік толқын әлі де болса солығын баса алмай, жағаға жалп-жалп жығылып жатыр. Қараңғы қос ішінде әр жерден қорыл шыға бастады. Бір кезде сені бүйіріңнен бурыл бас өкілдің шынтағы ақырын түртті:

– Ояусың ба?

– Иә...

– Ояу екеніңді біліп едім. Бізден ұйқы қашқалы қай заман.

Өкіл басын көтерді. Темекі тұтатты. Құнығып бір-екі сора түсті де, ащы түтінге шашалып әпі-шәпісі шықты. Сосын сенің қасыңа кеп қатарласып отырды. Өрге қарай жүргендей ентігіп өкпесі сыр-сыр етеді.

– Бала, осы сен үйде айналмадың ғой?

Аралда қонақта болғанда осы бурыл бас Қозы Қарынның аузынан не шықса соны қостап, жынына тиіп болып еді. Соған қарап: "Сенің де шамаң белгілі болды. Бастыққа бас шұлғығаннан басқа білерің жоқ бишара бопсың ғой",– деп ойлаған-ды. Сүйтсе, бұның да өз қасіреті өзіне жететін сияқты.

– Балалар көп пе?

– Жетеді. Жеңгең жұмыс істемеген кісі. Жас кезімізде қайдан білейік, төбесі көрінген қара шұнақтарды қызық көріп, жеңгең екеуміз балапан басып шығарған тауықтай қыза-қыза келгенде сол шіркіндердің екі түсінен де егіздетіп жіберіппіз. Шүкір, ұл да, қыз да жетеді. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Бірақ осы күнгі балалар баяғының енесін сіргесімен қуалап жүріп еметін баспағы секілді... Е, Құдай әлі күнге бізге ауыз ашады.

– Солай деңіз?

– Ойбай, сұрама. Шайтан-жын... черт знает что...

Екеуі біраз үнсіз отырды. Қатты ұйқтаған кісілер қамыс қосты басына көтеріп дүр-дүр етеді. Әлдебіреу бастығырылды ма, бырқырап, булығып жатты да оянып кетті. "Құдай біледі, осы шофер бала болар-ау",– деп ойлады.

– Иә, Жәдігержан, баласы жоқтың қайғысы – біреу, баласы барда – мың қайғы. Шайтан-жын, черт знает что.

Сүйдеді де, бурыл бас өкіл төсегіне қисайды. Жастыққа басы тие бере күбірлеп: "Апыр-ай, ә?.. Черт знает что",– деді. Ұйықтай алмасыңды білгесін, сен жадағайыңды иығыңа ілдің де, сыртқа шықтың. Қос маңынан қырға таман ұзап бардың. Дала тас қараңғы. Күндіз көз алдында қаңқиып тұратын Қаражар мен Бел-Аран қазір көрінбеді. Күндізгі жынды жел сап бопты. Теңіз беті түн астында түксиеді. Сол жақтан салқын леп білінді. Қосқа қайтқың келді. Бурыл бас "апыр-ай, ә? Черт знает что..." деп өзінен басқа ешкім білмейтін ішіндегі бір сұраққа үнемі жауап іздеп, ұйықтай алмай жатқанын білдің.

* * *

Сол күннің ертеңіне бурыл бас өкілді қонаққа шақырып жібергің кеп үйге келсең, Бәкизат сені шыдамсыздана тосып отыр екен:

– Келгенің жақсы болды. Сөйлесетін шаруа бар,– деді ол. Иініне іле салған атылас халаттың түймелерін әлі салып үлгермеген екен. Екі жағына айқара ашылып кеткен омырауының аржағынан албыраған аппақ төсіне қарадың да жанарыңды ала алмай арбалып тұрып калғансың-ды.– Естимісің? Шаруам бар деп тұрмын ғой.

Сен көзіңді тайдырып әкеттің:

– Айта бер!

Бәкизат халаттың өңірін қымтап жатып, сенің әлі де болса қыңыратқып көзіңді алып қашып тұрған түріңе қарап ақырын езу тартты; сосын шаруасын айтты. Бұрын бұған бірге дем алайық деп ешқашан тілінің ұшына алған емес-ті. Осы жолы жатты да жабысты:

– Алматыға барайық. Баяғыда бірге оқыған жолдастарға кездесерміз.

– Түсінем. Бірақ, Бәтіш, уақытым жоқ, өзің барып қайт...

– Сен демалмайсың ба?

– Мені қайтесің. План орындалмай жатыр. Биыл балыққа бірдеңе көрінді.

– Көрінсе – көрінсін. Онда сенің кінәң қанша? Теңіз тартылды. Су ашыды. Балық құрыды. Вот и все...

– Бастықтар оған қарай ма. Суға сүңгісең де плаНды орындауға тиіссің.

– Сол бастығың анада менімен билейтін... Аты қалай еді? Сендер оны... Иә, есіме түсті. Әне бір кілмік көз... Қозы Қарын ба?

– Сол.

Бәкизат күлді:

– Жарайды, босана алмасаң, бармай-ақ қой.

– Бәтіш, айналайын... түсінгенің қандай жақсы болды. Тек ренжіме, жарай ма?

– Ертең жүрсем қайтеді?

– Өзің біл.

– Сен ренжімейсің бе?

– Жо-жоқ...

– Онда жолға жиналайын.

– Әрине!.. Сөйт!..

Бұнда самолет аптасына бір-ақ рет келетін. Қалған уақытта Тұщыбас қолтығының арғы бетінде бұрын балық заводы болған поселкеден ұшатын. Балық заводының жабылғанына бес жыл. Онда да кәсіпсіз қалған халық жыл сайын бес-он семьядан көшіп, үй саны күрт азайып кеткеніне қарамастан Арал мен екі ортаға қатынайтын самолет әзір оларға күнде келетін. Және ертеңгісін ұшатын-ды. Бұл ауылдың қалаға жолы түскен кісілері асыққанда әрқашан арғы беттегі балық заводына баратын. Ертеңгі самолетке үлгергісі кеп асыққан Бәкизаттың аяғы жерге тимеді. Әр бөлмеге бір кіріп, сырлы есіктер сарт-сұрт ашылып, жабылып жатыр. Қай бөлмеге бас сұқса да, қолына жаңа сойған түлкінің терісіндей сары ала көйлек, кофта, юбка ұстап шығады. Кебеже құрсақ шамадан қапелімде қампиып шыға келді.

Сол күні сен Бәкизатты салдырлақ машинаға отырғызып, арғы беттегі балық заводына апарып сап қайтып келгенсің-ді. Көзің колхоз конторының көлеңке бетінде отырған бір топ кісіге түсті. Ішінде Сары Шая. Сен жақындап келе бергенде, құлағының шұқыршығына шұбалтып жіп тағып алған Сары Шая кенет иығының басы бүлк етіп, құбыла бетке қолын көлегейлеп қарай қалды. Көз ұшында бұрқ еткен шаңды басқа жұрттан бұрын көріп:

– Бұл кім болды екен?– деді.

Жұрт назары шаңға ауды. Бұлар дегбірі қалмай шыдамсыздана тосып тұрғанда, тұла бойы сары ала шаңға батқан бір машина кісі-қара жиналған контор алдына гүжілдеп тұмсық тірей тоқтады. Кабинадан сырмақ тақияның сыпыра жиегіне бастың тері мен шайыры сіңген балпиған бұжыр сары біреу түсті. Тілінің астына толтыра салған насыбайдан астыңғы көнтек ерін салбырап кеткен. Ұрты бұлт-бұлт етеді. Табаны жерге тиер-тиместе ышқырлығын алдыңғы жағынан қос қолдап көтеріп қойды да, сосын машинаның үстінде құрықтай мойнын қайта-қайта келген жағына бұрып, көкжиекке көзі боталай қарап ыңырсып тұрған қызыл нарға бұрылып еді.

Сары Шая қиқ етті:

– Қоралы кісіні көзіне ілмей, түйесіне тағзым еткен бұл қай көргенсіз өзі?

Балпиған бұжыр сары әуелі үсті-басының шаңын қақты. Сосын кедір-бұдыр қыр жолының шайқалағында басына тұрмай қайта-қайта желкесіне түсіп кете берген сырмақ тақияны қозғап, төбесіне апарып қойды. Тақияны көтергенде байқап қалды. Жасында таз болған ба, әлде теміреткі, әлде ұра шыққан ба, әйтеуір, бершімек-бершімек тас төбесінен басқа жағы ала сиырдың бүйіріндей ақ таңдақ екен.

Балпақ сарының бұларға назар аудара қоймағаны басқадан бұрын Сары Шаяға батты:

– Терісі түйеден де қалың, мынау не қылған неме?

Балпақ сары бұлармен бас-басына қолдасып жатпай, басқа бір халықтың үрдісі бойынша қос қолын кеудесіне апарып, тақиялы басын әдеппен иіп амандық ымыратын жасады. Сары Шая балпық сарыға тісі батпасын байқады. Тек сөйлеп қалған ауыз қарап тұра алмай, әлі де болса келген жағына мойын созып ыңырсып тұрған қызыл шұнақ нарға қарап:

– Пай, пай, мына жануардың қонысы келісіп тұр екен,– деді.

– Ал сапар оң болсын!– деді Сары Иван сөз тартып.

– Әлей болсын. Қоңырат қаласынан кеше шығып ем. Сондағы бір көже тамыр қарақалпақ досымнан тұқымы асыл дегесін мына қылқи мойынды алып едім. Артына қарап ыңырси береді, жануар.

– Бұлар бауыр басқан жерін ұмытпай, іші-бауыры адамнан бетер аңырап тұрады ғой.

– Иә, бұлар жер, суын іздегіш. Абай бол, айрылып қалып жүрме!

– Қап, шығарда қара матамен көзін байлап тастамаған екенсің.

– Өзім де байқап келем, соным қате бопты. Сүтіне бола алып едім. Жеңгелеріңнің басқа өнері болмаса да, құрсағы құтты. Бала-шаға, шүкір, баршылық еді. Жазда күртілдетіп шайнатып қоятын әлгі... немене деуші еді? Иә, көкөніс болмағасын, шөлдегенде балаларға сусын болсын дегенім ғой. Шофер балам асығыс, бір шайланып түнгі салқынмен жүріп кетем. Кәне, ағайын, қайсыңның үйіңдегі келін шапшаң, шайы тез? Сені қой! – деді балпық Сары Шаяға қолын түңіле сілтеп.– Сыңар құлақ екенсің, сығыр боларсың. Және сыңар құлақтың өзін Құдай аржағынан күн көрінетін аламан тышқанның құлағындай ақ жарғақ қып жаратқан екен. Сенен сөз шықса шығар, әй, бірақ шай шықпас.

Балықшылар ду күлді. Бейқам тұрған Сары Шая қапелімде аузына сөз түспей қызарақтап қап:

– Ау, ортамызда басқарма тұрғанда, басқамыз үйге жүр дей аламыз ба?– деп әзілге жеңдіріп жатыр.

– Аруана, жарықтық, асыл мал ғой. Еңбегіңді ақтар. Игілігіңе тұтын.

– Әумин. Айтқандарың келсін.

– Ал, қонағым, ол жақтарыңдағы ел-жұрт қалай екен?

– Шүкір, аман. Тек Амудария тасып...

– А, не дейді?

– Айтары жоқ, қатты тасыды. Теңізге көп су құлады.

– Апырай, ә?! Ол, жарықтық жойқын ғой. Қатты тасыса... Апыр-ай, ә? Черт знает что...

– Айтары жоқ. Аламат. Бұл заманның балалары қанша ауыздықтаймыз деп алақанына түкірсе де, әй, не қыласың, тентек неме әңкі-тәңкісін шығарып жіберді.

– Апыр-ай, ә? Қарай ғой, ә? Халық... қалай аман ба?

– Суда қалған үйлер бар дейді. Мал басында да шығын бар көрінеді. Құдай оңдап, әйтеуір, адам аман деді.

– Амудария ашулы ғой. Қайта балшевек балалар Қарақұмға бұрып әкетіп, жынын біраз басты.

– Әй, сол... Қарақұмға бұрғаны халық бишараға қара қырсық болды ғой.

– Иә, үйтпегенде Арал бұлай болмас еді. Ал, қонағым, сонымен... дария әлі тасып жатыр ма?

– Қазір бәсеңсіп қалды.

Сен ертеден бері әңгімеге араласпай, үнсіз тұрғансың-ды.

– О жақта балық талабы қалай?– дедің көңіліңде көптен жүрген бір күдігіңді анықтағың кеп.

– Аламат. Өмірі болмаған балық. Қарақалпақтар қырып ұстап жатыр.

– Апыр-ай, ә? Басқарма жолдас, енді білдің бе, балығыңның қайда кеткенін?

– Иә, қаталап жүрген сорлылар не қылса да оңтүстікке құйып жатқан тұщы суды сезген болды-ау?

– Ал, басқарма... Кәне, не істейміз? Ауған балықтың соңынан қуып барамыз ба?

Сен колхоздың катеріне ау-құралды тиеуге әмір бердің. Кейінге қалдырмай, сол күні алдын кештете жүріп кететін болғасын балықшылар жанталасып жол қамына кірісті.

Бұжыр сары шайланып алғасын теңіз бойының түнгі салқынын бетке ұстап тартып кетті. Қонақты сен ауыл шетіне дейін апарып, аржағын шофер балаға сілтеп жібергенсің-ді. Көк қасқа машина маңдайындағы қос жарығын саулатып, қоңырлық жусанды даланы сүзе жөнелді. Мына жүріспен жер қояр емес. Қапелімде ауыл сыртындағы қара жалға жетті. Сол арада жол іздеп, әрі-бері ойқастап алды да, гүжілдеп тартып кетті.

Сен жолаушының қарасы көзден үзілгенше қыбыр еткен жоқсың. Жер апшысын қуырып, гүжілдеп тартып бара жатқан көк қасқа машинаның үстінде аруананың сырық мойны сораяды. Қарсы алдынан туған табақтай айға да селт етпеді. Емешесі үзілген іңкәрі артта. Сол баяғы алыс, алыста, талай қырдың, талай сай-салалардың, асу-асу белдердің арғы жағында қалған. Бұнан былайғы жерде тек түсіне кіреді. Өмір бақи орындалмайтын арманға айналып, көзінен бір-бір ұшатын да тұратын сол адыра қалғыр мекеніне жас толы көзі боталап, иір мойны үзіле жаздап аңырап барады.

Қалайда осы бір тілсіз хайуанның көкірегін жарып шыққан зарлы үн кеше қонысын тастап көтеріле көшкен жиырма бес үйді сенің де есіңе салып, ет бауырың езіліп түр.

Мына аруананы да аяды. Иә, қатты аяды. Дүние тас-талқаны шығып, өзгеріп жатса да, осы жануарды өзгертер күш жоқтай еді-ау. Ендігі жерге жер бетінде тек осы жануар араласқан тірлік қана өзгермей, өзінің сол баяғы баяу, мешеу әрі момын, әрі аңқау күйінде қалардай көруші еді. Әне, көрдің бе... дүркіреген дүлей заман бұл жануардың да қол-аяғын жерге тигізбей дедектетіп әкетіп барады. Соңыра замана көшіне ілесер, ілеспес, ал әзірге о да гүжілдеген көк қасқа машинаның арқасында кетіп барады. О, жануар! Ғасырлар бойы шығыстың жүгін адам аяғы жетер жерге тасыған осы ойсылқара, енді, әнекей, өзі жүкке айналып торт доңғалақтың арқасында кетіп барады!

* * *

Бұл жастықтан басын үрейлене көтеріп алғанда, жаңағы жылан шаққандай шар еткен сәби дауыс үзілмей құлағында тұрған еді-ау! Апалақтап көзін ашып алды. Алақ-жұлақ айналасына қарады. Теңіз үстінің тастай қараңғы түні көзіне тіреліп, айналасынан ештеңе көре алмады. Қорқып оянғандікі ме, құлақ шыңылдап, кеудеде жүрек дүрс-дүрс соғады.

Жүрегінің аптығын баса алмай, біраз отырды. Жел жоқ. Қараңғы түн құшағына енген теңіз қап-қара боп түнеріп, көк пен жер тұтасып кеткендей. Мына түн, жаңа, тап жаңа ғана босқан балықтар жосып бара жатқан тұңғиық қара иірім сияқтанып кетті. Ең аяғы, шошып оянғанда бетін желпіп өткен теңіз үстінің бір үзік ескек желі де нағыз жел емес, теңіз астының дәл бір тән түршіктірер шекеңнен шыққандай суық ағысы сияқтанып, әлі де болса жаны зәр түбіне кеткендей қорқынышты түс пен қазір басынан кешіп отырған өңіндегі мына көріністің екі арасын анықтап айыра алмай, қара иірімнің қалтарысынан қапысын тауып су астының аузы-басы тіске толған әлдебір жыртқышы шыға келетіндей, үркектеп айналасына қарады. Бірақ босқын балықтар да, босқын балықтардың жолын тосқан әлгі аузы-басы тіске толған жыртқыштар да көрінбеді. Тек оңы мен солынан әлде бірдеңелер қараяды. Бұл не? Түсі ме? Өңі ме? Что за чертовщина? Көзі жетпегесін еңкейіп қарап еді; ой, мынау... мынау өзінің кісілері ғой. Е, е, енді есіне түсті. Бұл бағана каюта қапырық болғасын жоғарыға шығып, палубада жатқан кісілерінің жанына қисая кеткен екен-ау. Қараңғыға ептеп көзі үйренгесін оңы мен солына қарап еді, күндізгі ыстықтан талықсып жығылған кісілер палубада қатып ұйықтап жатыр екен. Бұның дәл қасында құдды тентек баладай аяқ-қолы тыриып жатқан мына біреу, Құдай біледі, Көткеншек Көшен болар-ау!

Жаңағы түстен кейін көзіне ұйқы оралмады. Ау-құралын тиеген кішкентай тырқылдақ катер бағана күн барында жағадан ұзап, ұлы теңізге шығып алған-ды. Сонан бері бір орынында табан серіппей тұрып алған сияқты. Мотористер қалғып, дұрыс жүргізбей келе жатқан жоқ па деген оймен төменге түсіп еді. Анау-мынау емес қоқан арбаның доңғалағындай көк темір жан-тәнін сап гүрс-гүрс соғып жатыр екен. Көк ала түтін ішінде үсті-басы май-май екі жігіт әлгі арсы-гүрсі ауыр доңғалақтың бірі аржағында, бірі бер жағында түр. Үстеріне келген бұған бұрылып қарады да, өз шаруаларымен бола берді.

Сен кідірмей, сыртқа қайта шықтың. Жел көтерілмей, дәл қазіргідей шырадай тымық болып тұрса, Амударияға күн шыға жететініне күмәнданған жоқ. Ойламайын десе де жаңағы шар еткен сәби даусы құлағынан кетпей қойды. Бір ғажабы босқан балықтың арасында бұ да жүр. Өзінің адам екені де, балық екені де белгісіз. Егер, адам болса, мына ұланғайыр теңіздің бір басынан екінші басына қарай жосылып бара жатқан босқын балық арасында лай суда малтығып келе жатқаны түсініксіз. Қанша күннен бері тобын жазбай, қара құрттай қаптап келе жатқан қисапсыз көп балық теңіз түбін лайлап жіберген. Сары лай су бетіне дейін көтеріліп, тыныс алар ауа қалмай барады. Араларындағы әлсіздері мен кәрі-құртаңдар көп дүрмекке ілесе алмай кейіндеп қала бастады.

Босқын балықтың басында Көксерке мен Ақбалық; Ақбалықтың аппақ денесі күмістен құйғандай; тек салыңқы қарынның бауыр жағындағы қанаттары қып-қызыл, көздері қап-қара; лай су ішінде де аппақ денесі қылау шалмай жарқ-жұрқ етті де отырды.

Бір кезде лай су жүзуге ауырлап еді; Көксерке балықтардың алдына түсті; соңындағы қарақұрым балыққа мойын бұрып: "тығылыспай, араларыңды алшақ-алшақ салып отырыңдар" деп, о, ғажап кәдімгі адам тілімен айқайлап әмір бергені. Бұл аң-таң; балықтың тілін балық түсінеді. Қала берді бақа түсінеді дейтіні қайда? Ал Көксеркенің адамша сөйлегеніне жол болсын? Және ұзақ жолдан титықтаған кәрі кісінің қажыңқы даусы; бірақ оның сөзін ешқайсысы тыңдамады; қыстан көтерем шыққан арық мал сияқты арық балықтар да тырысқақ; Көксерке араларыңды алшақ сап жүз десе, онсыз да сіркесі су көтермей, лай суда денесін әзір көтеріп келе жатқан аш, арық балықтар қасарысып бұрынғыдан бетер тығылыса түсті; иыққа иық, бүйірге бүйір түйісіп қап, аралары сығылыса бастады; үнемі су ішінде ағысқа қарсы алқынып келе жатқан-ды; азабы мол, ауыр жолдың жарты ортасына жетті ме, жоқ па, белгісіз, бір кезде бұлардың тобына оз үйірінен адасып қалған бөтен, бөгде балықтар кездесе бастады; қиын кезде қара тапқанына бұлар да адамша қуанып, қалаш құйрығымен су шапаттап секіріп мәз болады.

Бір кезде теңіз тереңдеп, әлгі тыныс ауырлатқан сары лай сұйылды; есесіне енді бас айналатын қара иірім басталды; Көксерке қасында қатар жүзіп келе жатқан Ақбалықты тастай сала бере артына бұрылып: "төмен қарамаңдар! Бір-біріңе жақындап, топтарыңды жазбай жүзіңдер! Қалмаңдар!"– деді; теңіз әлгіден де көрі тереңдей түсті; су шұғыл мүздап, ағыс күшейіп бара жатқан-ды; дәл осы кезде бұлар қалай болғанын байқамай қалды; әуелде ағыс тартты ма деп қалған-ды. Көксерке мен Ақбалықтың арасында келе жатқан Ақшабақ кенет ана бауырынан бұлт беріп қара тұңғиыққа құлдырай жөнеліп еді, аржағында осы сәтті тосып тұрған аузы-басы тіске толған репетсіз үлкен жыртқыш тап беріпті; ақсиған найза тістер сарт-сұрт етті. Аппақ Ақшабақ шыңғырып жіберді. Жыртқыштың тісінде кетіп бара жатқан Ақшабақ па, әлде... жас сәби ме, сен сол арасын ажырата алмай қалдың. Бірақ оның жан ұшыра шар еткен даусынан шошып оянғансың-ды. "Апыр-ай, мына түсі құрғыр қандай жаман еді? Жігіттер жақсы ниетпен үлкен сапарға аттанып шыққанда... Әй, бірақ... Тәйірі, түс түлкінің боғы. Не болса соны көңілге алып керегі қанша",– деп, сен іле-шала өзіңді жұбатқан болғансың-ды.

* * *

Шіркін, ол күндердің несін айтасың! Қай жылдан бері балық планы орындалмай, ілгері басқан аяғы кері кетіп, аудан алдында абыройдан айырылып, Қозы Қарын бастық қырына ала бастағанда, Амудария бұлардың атағын аспанға бір шығарып еді-ау! Бірақ о да қас пен көздің арасында өтті, кетті. Өткен күнде белгі жоқ. Араға күн түскесін-ақ кісінің өңі де – түс, түсі де – түс! Тек кешегі кел шайқаған қызық күндерді аңсағанда, қай пенде өзегі талып бара жатқанда саусақ сорып жұбанатын аш құрсақ баладай жадына жармаспаған. Сен де, мінекей, ақ қар, көк мұзда балағыңнан жел ызғып тұрып сол күндерді есіңе алып тұрсың!

Балпақ сарының айтқаны рас болды. Аяқ астынан Амудария бірнеше күн ие бермей гүрілдеп-сарылдап Аралға лақ-лақ құйыпты. Ағыл-тегіл лай су дария сағасындағы көлдерді толтырыпты да, ауысқаны теңізге құйыпты. Бұлар келгенде теңіз суы едәуір жерге дейін тұщып, сары лайланып жатыр екен.

Апыр-ай, бұл жарықтықтар да адам секілді ындыны кеуіп өліп бара жатқанда тұщы су исін жер түбінен сезетіні-ау! Ел басына келген ашаршылықта жүрек жалғар бір үзім нан үшін елін, жерін тастап босқан аш халықтай, көрдің бе, таңдай жібітер бір тамшы тұщы суға бола ту-ту терістіктен, шығыстан, батыстан оңтүстікке үйір-үйірімен жөңкіліп ауған. Қашық жолдың қиындығына қарамаған. Жолдағы тұңғиық қара иірімдер, түпсіз құрдымдар, ала қашатын ағыстар қаперінен шығып, күн-түн сабылып өліп-талып оңтүстікке жеткен. Сүйтіп, бір тамшы тұщы суға бола Амудария сағасындағы аядай жерде үйме-жүйме боп жатқан қарақалпақ, өзбек балықшыларының үстіне терістіктен қара тор жайған қазақтар да жеткен-ді. Бұлардың соңынан "Райым" колхозының балықшыларын бастап таңқылдақ басқарма да жетті. Қалған қазақтар да ау-құралын артынып-тартынып келіп жатты. Ол күндері су беті қайықтан көрінбеді. Қырғын балықтың қызығына түскен үш ел – қазақ, қарақалпақ, өзбектің кәсіпқор кісілері ұйқы, күлкісіз күн-күн, түн-түн балық аулап бергенде теңіз жағасы қан сасып кетті. Ана жерде де, мына жерде де балық қабылдайтын пункт. Олардан сәл әрегіректе сатырлаған ағаш бөшкелер. Ағаш бөшкелердің қасында тау-тау үйілген түз. Түз маңы пышағы жалақтап балық сойып жатқан қатындар. Осынау үш ел түгел жабылған абыр-сабырда үсті-үстіне құйылып келіп жатқан балықты қолма-қол қабылдап, тұздап, әуемен де, қара жермен де, сумен де үлкен қалаларға жөнелтіп жатыр, жөнелтіп жатыр. Соның өзінде үлгере алмай, алды шіри бастаған-ды.

Несін айтасың, жұрт көңілді. Әсіресе сен мәзсің. Бір айлық жоспарды бір жетіде орындап, аудандық газеттің бірінші бетінде суреті басылып шықты. Тайдай тулаған балықтар арасында бұл үлкендеу бір балықты қолына ұстап ыржиып күліп түр.

Сол күндері мойнына фотоаппарат іліп, мосы ағаш арқалап жылтыңдаған біреулер толып кетіп еді. Шамасы, сірә, солардың бірі бұны сыртынан аңдып жүріп, білдірмей түсіріп алған болды-ау. Сол күні де бұның кісілері балықты қырып салған-ды. Сол күні сен қызуы көтеріліп ауырып қалған бурыл бас өкілдің қасында болған едің де, сыртқа күн қыза шыққансың-ды. Қабылдап үлгере алмаған балықтар қырман астықтай жағада тау боп үйіліп қапты. Қайықтар құйрық тістесіп әлі де келіп жатыр, келіп жатыр, жағадағы жұрттың бәрі басын ақ шыт орамалмен шарт байлап алған. Бәрі де екі білегін шынтағына дейін сыбанып, балағын түрініп апты. Көйлегін сыпырып тастаған қай біреулер, кеудеден жоғарғы жағын тыр жалаңаштап алған. Бәрі жанталасып, бәрі сүрініп-қабынып жағаға тұмсық тірей-тірей тоқтап жатқан қара қайықтармен қаз-қатар құрып тастаған таразылардың екі арасында ерсілі-қарсылы тачка айдап, ырс-ырс зембіл көтеріп безектеп жүр. "Біздің жігіттер қайда екен? Әне бір тачка дедектеткен... Жо-қ, ол басқа"...

Кісілерін көре алмай, абыр-сабырдың бір шетінде алақ-жұлақтап тұр. Бұнша кеп балық соңыра күн қызғасын қабыршағы түсіп, іші кебеді. Ісінеді... Сосын шіріп, есіл балық ысырап болуы ықтимал.

Ыссыға қалғысы келмей, жанталасып жатқан кісілер бір кезде абыр-сабыр, шаң-шұң болды да кетті. Балығын бұрын өткізгісі кеп жанталасқан кісілердің қолындағы тачкалар бір-біріне бүйірін тарс-тұрс соғып таразыға кимелеп ұмтылып жатыр.

– Менің кезегім.

– Ә, ортақ... қойың.

– Әй, айналайын, ортағыңды соңыра кек базарда айтарсың. Кезек менікі!

– Ә, ортақ, мені жүдә қапа қылдың...

Енді бір кезде шаң-шұң болып қалған дауысқа жалт қарап еді, осында келгелі балықтың қаны-жыны, шырышы жұққан сары ала сауыс таразы басына жиналып қалған кісілер қабылдаушыны жағадан алып жатыр екен.

– Әй, мынау не істеп кетті? Ісі өнбейтін жаман қатындай қағаз шұқылап кеткені несі, әй?

– Қағазыңды қой, балықты қабылда.

– Бол! Бол!– деп ызалы біреулер ана жақта өжектесе, мына жақта:

– Ә, әке, тезірек алың!– деп майысады.

Өрттей ыстық күн тас төбеге кеп тұрып алды. Сен кісілеріңді іздеп, келесі қабылдау пунктіне барып едің, бұл жер тіпті ығы-жығы екен. Ау қарап қайтқан балықшылардың жуық арада аяқситын түрі жоқ.

Бұнда да қабылдаушыны жағадан алған кісілердің даусы алыстан естіліп жатты:

– Енеңді с...-ай!.. Буаз қатындай маймаңдап аяғын баспай қойды ғой мынау.

– Ақсақал, тіліңді тарт.

– Ал тартпадым... Ал кесші менікін?

Сен күліп жібердің. Көткеншек Көшен. Әне, анау Сары Иван... Әй, мынау кім? Сары Шая ма, әй? Бұл ант соққан қайдан жүр? Кешелі-бүгін о жақтан кеме келген жоқ еді ғой? Бұлардың балықты қырып ұстап жатқан хабарын есітіп, кездейсоқ біреудің көлігімен теңіз басын жағалап жетті-ау?

"Райым" колхозының кісілері де осы арада екен. Бұлар да қан сасыған қыруар байлықты тачкамен тасып зыр-зыр қағып жүр. Сен бұнда айналмай, өзіңнің кісілеріңе қарай өте бергенсің-ді. Көзі кенет бір келіншекке түсті де, тұра қалды. Түсі таныс. Шырамытады. Иә, Сырдарияға барып жүргенде "Райым" балықшыларының арасынан көретін. Өзі тығыншықтай тобылғы торы екен. Басын ақ шыт орамалмен тастай ғып тартып апты. Басындағы шыт орамалдай, үстіндегі шыт көйлектің бір етегін алдыңғы жағынан көтеріп ышқырына қыстырып алған. Өзіне сұқтана қарап тұрған бөгде кісінің назарын әлі байқаған жоқ.

Келіншек ауылдас жігіттердің осынау жан алып, жан беріп жатқан абыр-сабырда да қатарласа қалса, жанары жалт ететін сұғанақ көзіне онша селт етпей, тек ақ шыт орамал тартқан әдемі басын бауырына алып жымиып қана қояды екен. Екеу ара қолдасып көтерген зембілдің бір басын ауырсынып жүрген жоқ. Тек онсыз да өзіне ынтық еркектердің қытығына одан әрі тие түскісі келе ме, қалай, күміс теңгедей қабыршықтар саулап төгіліп жатқан кебіртең жерді келіншектің қарулы аяғы дік-дік басып бара жатқан. Кенет келіншек бойын бір лезде жиып алып, буған "сен де осындай ма едің?" дегендей шытына қарады. Қанша дегенмен бөгде кісіден қысылды ма, өзінің әлгі бір әдемі аяқ алысын әнтек бұзып алды. Зембілді еңкейіп жерге қоя бере бір қолымен жалма-жан көйлегінің шалғайын тартқылап төмен түсіріп жатты.

Бұрын Бәкизаттан басқа әйелге дәл бұлай қызығып қарамаушы еді; осы жолғы қылығына өзі де таң қалды. Байқауынша, жеме-жемге келгенде бұның батылдығы жетсе, тобылғы торы келіншек тайынайын деп тұрған жоқ.

Бұл беті ду ете қап, көзін келіншектен тайдыра берді. Кетіп бара жатып кісілердің тасасынан әлгі жаққа тағы бір көз тастап еді, тобылғы торы келіншек басына байлаған орамал шетімен көзінің алдында шүпірлеген терді сүртіп, қалайы кружкамен көлеңкеде тұрған бөшкеден су ішкелі еңкейіп жатыр екен.

Жұмысты жапырып істеп жатқан кісілердің арасынан көзі Сары Шаяға түсті. Осы ыссыда ақ тер-көк тері шығып зембіл көтеріп, тачка айдап жанталасып жатқан кісілерге Сары Шая "ананы – үйт, мынаны – бүйт" деп, біреуге "тездет" деп, біреуге, "бол! бол!" деп айқайға басып жүр. Сені көргесін тіпті жанталасып, қабылдаушы жігітке жетіп барып:

– Біздің кісілерді жібер. Балық қызып барады,– деп

еді.

Қабылдаушы:

– Ары... ары тұр!– деп, оны кеудесінен итерді.

– Әй, қалқам, ары тұрың не? Мынау үкіметтің балығы екенін білесің бе?

– Білем.

– Ал бұның қып-қызыл байлық екенін білесің бе?

– Білем... Білем, ақсақал.

– Жоқ, білмейсің. Білмегесін де маған ары тұр дейсің. Бұның қадірін сен білмесең де, ана жақта білетін кісілер бар. Осы балықты, нанбасаң, қазір қалаға апаршы. Жұрттың көзіне алыстан бір көрсетші. Сумка ұстаған қатындар соңыңнан қалай жүгірер екен. "Екі есе, үш есе бағасына сат" деп, жалынып, аузы-басын бояған ақ жеңгелерің өзі соңыңнан ақ балтыры жарқылдап қуып бергенде, машинамен қашпасаң, басқа көлігіңді құтқармайды. Сен, қалқам, абайла, үкіметтің қып-қызыл байлығын осыдан күнге қалдырып шіріттің бар-ау...

– Әй, сен өзің не қылған кісісің? Ары тұр дегенді білесің бе?

– Е, білмесем – үйрет. Ал айтпады деме... мына балық шірісе ісім сенімен болады. Қазақ ССР заң кодексінің статьясына ілігесің. Іліктірем.

– Көрерміз.

– Көретіні жоқ, қылмысқа тарттырмасам, атым өшсін!

– Ой, сорлы. Онан да ана жаққа барып балық тасыспайсың ба!

Шынында да, балық көп, кісі аз, жігіттер үлгере алмай жатқан-ды. Сары Шая үнсіз шегініп кетті де, балық салған зембілдің бір басын ұстады. Екінші басын көтеретін серік іздеп жан-жағына қарағанда, көзі Көткеншек Көшенге түскені.

– Әй, бер кел.

– Мен неге барам? Өзің кел.

– Кел, қолдас.

– Ал, қолдаспаймын. Сонда...

– Әй, көткеншек сорлы, сөзді қой. Кел, көтеріс!

– Ал көтеріспегенім. Сонда қайтесің?

Сары Шая "бұған не істесем?" дегендей ши қалпақтың астына қолын сүңгітіп жіберіп шекесін қасып тұр. Кенет жымың етті. Өзі қанша шақырса да, анадай жерде ит көрген текедей, бір орыннан табаны аумай одырайып тұрған қырсық шалға енді бұл да айбатын шығарып:

– Өзім де саған көтергізбеймін,– деп еді, бұндайда қашанда қасарысып кері жығылатын қара шал:

– Қалай көтергізбейсің?– деп шақ етті.

– Қалайы сол, көтергізбеймін дегесін көтергізбеймін.

– Ал мен көтерем.

– Жоқ, көтермейсің.

– Көтерем.

Көткеншек Көшен дедектеп жүгіріп барды. Көзі шатынап кеткен. Шеке тамыры білеудей. Енді, ол:

– Жоқ, көтерем,– деп өзеленіп, зембілдің екінші басынан шап беріп ұстады. Екеуі бір зембіл балықты көтеріп дедектеп ала жөнелді.

"Ой, қырттар-ай!" дедің. Осы қырттарды да адам деп былтыр осы екеуіне қалай жұмыс тапсырғаныңа күліп тұрсың. Былтыр да дәл осы биылғыдай балықшы ауылдың азаматтары жаз бойы жөндеп табыс таппай, қатын-балалар тарыға бастаған-ды. Күн көріс аса қиындаған бір кезде шай-сулық ақша болсын деген оймен әр үйден бір-бір қойдан жинап, осы екі қыртқа алдағы базарға үлгеріңдер деп қалаға қой айдатқан-ды. Екеуінің астына бір-бір жарамды түйе берді. Бас-аяғы жетпістен астам қойды үш күндік жолда ыстыққа ұрындырмай, отын-суын қандырып, әуенімен айдап жеткізіңдер деп тапсырды да, өзі Шалқарға салдырлақ машинамен тартып кетті.

Қой айдаған кісілер ертең базар деген күні алдын кештете қалаға жетуге тиіс-ті. Бірақ олар уәделескен күні келген жоқ; күн шығар-шықпаста базар басталып кетті. Сен дызалақтап жаның шығып барады. Міне, күн көтерілді. Онан түс ауып, базар тарқауға қарады.

Қой айдаған кісілер сол жоқтан жоқ... Сүйтсе, Сары Шая мен Көткеншек Көшен алдарына салып берген бір қора қойды басқарма бала айтқандай екі күн ыссыға ұрындырмай, отын-суын қандырып, әуенімен айдап ертең базар деген үшінші күні уәделі уақытта Ұлы Құмның шетіне аман-есен ілігіпті-ау. Басқарманың құм ішіне кіргесін қойдан айырылып қалмаңдар, абай болыңдар деген тапсырмасын дақа қатты сақтапты. Құм ішінің әдетте қалың өсетін қызыл шағылына кірген қойлар бет-бетіне бытырап бара жатыр екен. Көткеншек Көшен мен Сары Шая астындағы жүрдек атанмен желіп жүріп, екеуі екі жақтап қайырып, шашау шығармай, иіріп ұстапты. Құм арасының бой алып өскен қызыл изені мен қара бұйра жусанын қуалап жүріп жайылған қойлар екеуінің көз алдында жоны бұлтылдапты да отырыпты. Бір шоқалақтан кейін бір шоқалақ асып, бір өрге тырмысып, бір ылдиға құлап, бір көтеріліп, бір түсіп келе жатып, сонан бір кезде алдарында дөңкиген биік ақ шағылдың басына шыққан екен.

Жазылы түйе үстінде қоқырайып отырған Көткеншек Көшен мен Сары Шаяның ілгергі жағынан, көз ұшынан үлек мойын қызыл водокачка сорайып тұра қалыпты. Жазылы түйе үстінде қоқырайып отырған мына екеуге мойын созып "Әй, мынау сендер ме?" деп таңдана қарағандай. "Иә, біз!.. Біз ғой" дегендей бұлар да дереу қопаң етіп көтеріліп қойыпты. Шалқар шаһарының жер тістеген аласа үйлерінен жалғыз бой асырып тұрған қызыл водокачкамен бұлар осылай үнсіз тіл қатысып алғаннан кейін тіптен көңілденіп кеткен.

– Әй, ана қызыл мойынды көрдің бе?

– Е, көрмегенде ше!..

– Осы жарықтықтың жер түбінен көрінетіні-ақ жақсы.

– Өзі су тартады дейді ғой.

– Әй, қайдам... Мен білсем, дәу де болса, бұны өзіміз сияқты жер, суы басқа жолаушыларға белгі үшін салған.

– Болса болар. Ана қараш, көш жерден "мен мұндалап" тұрғанын.

– Орыстар біледі ғой. Осы қызыл мойынды осы күнгі орыстар емес, баяғы Мекелайдың орыстары салыпты деген не?

– Рас болар. Қай заманда да біздей емес, бұл орыс тас қалауға шебер ғой.

– Иә, шіркіндердің ерінбейтінін қайтерсің.

Екеуі дөңкиген екі ақшағыл құмның басында сирағы серейген екі жазылы атан үстінде бірімен бірі алыстан айқайлап тіл қатысып тұрған-ды. Айтар әңгімелері бітіп қап, көз ұшындағы қалаға қарап тым-тырыс түр. Сары Шая ши қалпақтың астына қолын сұғып жіберіп, ақ қылшық шекесін қасып ойланып қалған сияқты. "Апыр-ай, ә,– деп ойлады,– мына қойларды ғой ертең қаланың қу мүйіздері пышақ ұшынан бөлісіп әкетеді. Бұлар аты-жөнін білмейтін әлдебіреудің қорасына апарып байланады. Пышағы жалақтаған бір қу теріге үйген етті қадақтап сатады. Онан ол ет бұлар білмейтін біреудің қазанына түседі. Онан бірер қайнап, буы бұрқыраған табақ-табақ етті алдарына алғасын-ақ сенің сонша жерден қоңын қисайтпай, отын-суын қандырып мәпелеп бағып әкелген ақтылы ала қойың қаланың қай қуының қарынында кететінін бір Құдай білсе білер, ал, бірақ сенің білмейтінің ақиқат. Ендеше, бұлардың өзіне бұйырмайтын нәрсені осынша өбектейтін несі бар? Онан да қасындағы серігін кішкене қылжақтап көңіл көтеріп алмай ма? Әй, осы итті жұрт неге "Көткеншек" деп әлдеқандай қылады? Әне! Әнекей!.. Қара атанның екі өркеші арасында иегі астында ұйысқан қара сақалын көкке көтеріп әуелете түсуін қараш! Ал, мына қойлар... Тәйірі, күні ертең қала алаяқтарының қазанында қып-қызыл қуырдаққа айналатын момақан мына жануарлар қайда кетер дейсің, құм ішінің шебіне әзір жайыла тұрсын. Жаман қара шалмен кішкене тәжікелесіп көңіл көтеріп алғасын, о, Құдай иек астындағы қалаға жостырып қуалап айдап берсек... е, тәйірі, бір қозғалып кеткен тұяқ жер қоя ма? Басқарма бала кешкі асын алдына ала бергенде біз де жетерміз-ау".

– Әй, Көшен?

– Уа, не?

– Осы халық сені неге Көткеншек дейді?

– Е, десе несі бар? Көткеншек болғасын дейді де.

– Сен, ендеше... менің де көткеншектігім бір басыма жететінін білесің бе?

– Е, онда осы жұрт сені неге Көткеншек демейді?

– Дер, демес, ал өзің менімен көткеншектесесің бе?

– Е, несі бар... Кел!.. Көткеншектесіп көрейік!– деп Көшен шап етті.

Осыған дейін екеуі дөңкиген екі ақшағыл құмның басында бірін-бірі алыстан қайрап айқайласып тұрған-ды. Әлгіден кейін екеуі де кенет астарындағы түйенің басын асығыс бұрып, кендір қамшымен остыртып тартып-тартып қалды да, құдды қазір бірінің-бірі қолында өлетіндей тап берді. Тайрақтатып желіп келді. Майса құмға май табандары мамырлай кіріп, бас білгеннен бері талай бұйданы үзген жырық танаулары шуылдап, екпіндеп желіп келген екі атан бірін-бірі төспен қағатындай омыраулай тоқтады. Жазы үстінде қоқырайған екеудің де көздері қып-қызыл, ежірейіп кеткен. Бірі бажбиған сап-сары. Екіншісі шүңірек, тебен инедей қадала кетеді.

– Кәне, кел! Келе ғой! Тәуекелің жетсе, менімен көткеншектесіп көр.

– Келсең – кел! Тек қалай көткеншектесеміз?

– Қалай болса солай. Қайсысына да тұрам.

Сары Шая құм арасының көгін қуалап бытырай жайылып бара жатқан қойларға көз тастады. Онан астындағы ұзын сирақ қара атанның танауын шуылдатып кимелеп тұрған қиқар шалға қарап еді. Мына түрі құдды кезегін күткен батыр сияқты шүңірек көзі шатынап тұр екен. Теке сақал тікірейіп әуелеп кеткен. Жаңа бұган "келсең – кел" дегенде көйлек жағасынан қиқарлана созған сіңір мойын ұзара түсіпті. Е, Жасаған, күзгі қара суықта түбін жел қазып тастаған қара кеңірдек жусаннан ауса не дейсің. Шынында да, мынаны жеңу қиын сияқты.

Қара шал көткеншектесуге келгенде өзінің алдына адам салмайтын көкбеттігіне сенді ме, уысындағы екі бүктеп қысып алған кендір қамшыны шошаң еткізіп жоғары көтеріп алды.

– Әй, қырт, ана қойларды қайыр!– деп ақырып еді, Сары Шая қайырмақ тұрсын, бұл кезде шет жағы ыдырап бытпылдақ құм арасына шашырап бара жатқан қойлар жаққа тіпті назар салмады. Ол тек көткеншектесетін сылтау табылғанға қуанып:

– Өзің қайыр!– деп өзеуреп, анадан бетер шаңқ-шаңқ етті. Астындағы ілгері жүргісі кеп ұрынып тұрған ақ ауыз сары атанның қызыл түзгеннен істеген мұрындығын жұлқи тартып еді, мұрны ауырған атан бақ етіп, артына қарай шегіншектеп қалды. Енді Көшен өзінен де асқан көткеншек шыққанына бір жағынан таң қалса, екінші жағынан соған ызаланып:

– Жоқ, сен... сен бар!– деп ерегіске белдесіп түсті де кетті. Бұл да үш күннен бері алдарына сап айдаған бір қора қойдың шетке шыққанын желіп жүріп қайырғанға үйреніп алған елпілдек әдетпен тақым астында танауы шуылдап, ілгері жүргісі кеп тұрған алмас өркеш қара атанды кендір бұйдасынан тартып-тартып қалғанда, мұрны қанады. Қанмен бірге жан даусы қоса шыққан жануар бақ-бақ етіп, басы кегежектеп кейін қарай бір емес, екі басты.

Қойлар басын жерден көтеріп апты. Аналық саулықтар аузындағы үзіп алған құм ішінің тамыры үнемі ылғалға тиіп жататын балауса шөбін шайнамай, ауылдан шыққалы өздеріне бас-көз боп келе жатқан түйелі екеуге "сендерге не пәле көрінді?" дегендей таңдана қарап қапты. Екеуі қамшысы шошаңдап, біріне-бірі кіжіне-кіжіне, шаңқ ете-ете ілгері басудың орнына келген жағына қарай көткеншектеп шегіне берді, шегіне берді. Сүйтіп, ертең базар деген күні ақ пен қызыл арасында, не тілектің үстінде тұрған мұсылман қауым басын сәждеге қойып тілек тілейтін қасиетті кезде көткеншектесуді бастап кеткен бұл екеуі сонан ел жатқанша бір-бірімен өжектесіп, ілгері басудың орнына кері басып, артына қарай шегіне-шегіне, ақырында Үлы Құмның шетіне шығып кеткен-ді. Бірін-бірі сонда да жеңе алмай, ызаға булыққан екеу сонан түн ортасына дейін, онан таң алдына дейін көткеншектесе-көткеншектесе құм ішінде қалған қойлардан ұзай берсін. Сонан күн шықсын. Сонан сиыр сәске болсын. Хан сәске боп шілде айы шыжғырып күйіп берген-ді. Сары Шая мен Көткеншек Көшен бірін-бірі сонда да жеңе алмай, көткеншектесе беріпті.

Бұл кезде ана жақта базар тарқауға қараған-ды. Басқармада зәре жоқ. "Сірә, олар сау болмас" деген ой басынан кетпеді. Базарға келген біреудің атын сұрап мініп, қой айдаған кісілерін іздеп шаба жөнелді. Жаман атты басқа-көзге сабалап келеді. Бір кезде Ұлықұмның шетіне ілікті. Тапырақтап шапқан ат сусылдақ құмға шашасына дейін кіріп алқына бастады. Бұл үсті-үстіне тебініп, алақандай ала көз жан-жағына алақтап қарап келе жатқан. Кенет кірпігін қағып қалды. Онсыз да май ішкендей боп келе жатқан жүрек су етіп, құм ішінде қасқыр қуған қой іздеріне үрейлене көз тікті. Екі-үш жерде құмға тамған қанды көрді. Танау қағып ырсылдап қалған жаман тұғырды ызалана тартып-тартып жіберді. Тұғыр ыңыранып тезек тастады. Алдындағы ақ шоқалаққа шауып шығып еді, соның ар жағы қасқыр қырған қойлар қызыл ала қан боп жатыр екен. Шамасы, күшігін ауыздандыруға шыққан көп қасқыр бір қора қойға емін-еркін тиісіп, оң келгенін оң, сол келгенін сол мойнынан бұрап лақтыра беріпті. "Құдай төбеден ұрған екен. Апыр-ай, сорлылардың өздері аман болса жарар еді?" О л енді атын басқа-көзге төпеп құм ішіндегі қасқыр қуған қойдың ізіне түсіп шауып келеді. Ат өкпесін соғып ырсылдай бастады. Бірақ бұл кезде қызыл шағыл құмның шетіне шығып қалған еді; ілгеріректегі нар шоқалақтың аржағынан түйе бақ етті. Енді тіпті зәрең қалмады. Ат үстінен созылып, ілгері жаққа құлақ тігіп еді; бұл жолы қырылдаған әлсіз дауыс шықты. Қасқыр алқымдап жатқан сияқты. Сен қолыңда қамшыдан басқа қару жоғын ұмытып, жаман тұғырды басқа, көзге сабалап нар шоқалақтың басына шауып шығып едің, дәл иек астында әлгі екеу... О, қырт! Қырт! Қырттар!.. Қой айдатып жіберген екі қырт астында борша-боршасы шыққан екі атанның бүйірін бүйіріне түйістіре қатар тұрып, біріне-бірі кіжіңдеп, ілгері басудың орнына кейін қарай шегіншектей-шегіншектей бере құмнан шығып кетіпті. Өздерінде не өң, не түс жоқ; еріндері кезеріп, көздері шүңірейіп кетіпті. Тамағы қарлығып, ар жағынан тек қырылдаған дыбыс әзер шығады. Соған қарамастан, әлі де болса бірінің дегеніне бірі көнбей, өкіректеп өжектесіп тұр екен. Сен екі етегің далақтап шауып келдің де, ат басын қатарласа бере кілт тарттың. Олар сенің ызалы түріңді көруін көрді; бірақ бұл кезде бір-біріне қаны қатып өшігіп алғандары сонша, біріне-бірі кіжіңдеп өжектесе берді; екеуінің астында дәл өздері сияқты сілесі құрыған ақ ауыз сары атан мен алмас өркеш қара атан аяғына әзер түр. Аяғын ілгері басайын десе де, үстіндегі екеуі бақ еткізіп бұйдасын тартып қалады. Сенің көзіңше де олар бір-біріне: "қойды сен қайыр!" "жоқ, сен қайыр!" деп қыр-қыр етеді.

Әдепкіде: "мыналарды елсіз жапан түзде жын ұрған шығар",– деп қалған-ды. Бұндай жағдайда тіл қатар-қатпастың жөнін білмей, екеуіне жалтақ-жалтақ қарады. Сары Шая соны сезді ме, басқармаға бұндағы мән-жайды айтайын деп еді, оған даусы шықпады. Сосын, құр қамшысы шошаңдап:

– Мынаған кеше құмға кіргесін қойды қайыр, бытырап барады дедім,– дей беріп еді, Көткеншек Көшен дереу қолындағы кендір қамшыны Сары Шаяға қатулана сілтеп:

– Е, мен неге қайырам, сен... сен қайыр дедім,– деді өжектеп,– халық сені емес, мені көткеншек атаған дедім.

Бұл ләм-мим деместен аттың басын бұрып, келген жағына бүлкілдеп жөнеле берді. Өзінің әлгінде осы қырттар жазым боп қалды ма деп, есі шыққанша далақтап шапқанына өкінді. "О, қырттар! Қасиетсіздер! Бұл қасиетсіздердің өнбес істен енер тауып, айдалада көткеншек таластырып болып тұрған сиқын қарашы!"

Қайтып келе жатып құм арасынан қасқыр талаған бес-алты қой тапты. Аман қалған тағы біраз қой қалың шағыл арасына кіріп, бет-бетіне шығынып кетіпті. Бұл кешке дейін бір-бірлеп ізіне түсіп жүріп, бас-аяғы оншақты қойды әзер тауып қалаға жеткенде, іле-шала соңынан Сары Шая мен Көткеншек Көшен де келген-ді. Сен олармен тілдеспек тұрсын тіпті жүздерін көргің келмеді. Бірақ Сары Шая шай ішіп, ес жиып алғасын, сол күні бір жанға тіл қатпай, темен қарап тұнжырап алған інісінің үстіне кірді де, тақымдасып қатар отырып алды.

– Жәдігержан-ау, не десең де еркің. Қаусаған жаман екі шалды өлтірем десең де мейлің. Сенің қолыңды қағатын ешкім жоқ. Тек, айналайын... Әуелі тыңдашы,– деп жалтақ-жалтақ қарап қойды да, Жәдігер үндемегесін батылданып, бұрынғысынша сұңқылдап сөйлеп кетті,– Оу, баяғылар жүз сиырды жүз шақырымға боқтамай айдап апарған кісі тұп-тура жұмаққа барады демеп пе еді? Ал, енді мына қойлар... Қойлар ше, бұл құлағыңды с... дер тіпті сиырдан да жаман екен ғой...

Сен онсыз да қара тырнағыңа дейін күйіп отырғансың-ды. Жөніне тыныш отырмай, енді мына сұмырайдың сұңқылдағаны жынына тиді. Үнсіз орныңнан тұрдың. Үй толы кісілердің еш қайсысына көз салған жоқсың. Екі қыртты отырған орындарынан тырп еткізбей екі қолыңмен кек желкеден бүріп ұстадың да, тіс жарып түк деместен сүйрелеп алып шықтың. Екеуінің екі жақтан бажылдап тыпырлағанына да қараған жоқсын. Тек сыртқа шыққасын:

– Бар! Жоғал! Қараларыңды батырыңдар!– деп ақырдың да, қатты нұқып екеуін екі жаққа итеріп жібергенсің-ді.

Сары Шая мен Көткеншек Көшен оңаша қалғасын екеуі біріне-бірі:

– Бәрі сенен!

– Жоқ, сенен!– деп кіжіңдесіп жағаласа кетті. Даланы басына көтеріп, шаң-шұңдасып, бірінің бетін бірі тырнап, жағасын жыртып ұйқы-тұйқы. Жұрт жиналып қалды. Бірақ оларды ажыратқан жоқ. Құдды ит пен мысықтың таласын қызықтап, бірің ел де, бірің қал деп тұрғандай. Көткеншек Көшен мен Сары Шая қора ішінің шаңдағын бұрқылдатып бірін-бірі домалатып, ұмар-жұмар алысып жатқан-ды. Кенет Сары Шая жан дауысы шыға шар етті. Қызығына қарап тұрған кісілер, "ә" дегенде не болғанын білмей қалды. Сүйтсе, астында жатқан Көшен күш алып, үстіне мініп, мыжғылай бастаған Сары Шаяның оң құлағы аузына дөп келе бергенде, дәл түбінен қыршып алыпты да, жерге түкіріп тастапты.

Сары Шая қан саулаған құлағын алақанымен басып атып тұрды. Сол арада біреу киіз күйдіріп басайын деп еді, Сары Шая көнбеді. Сап-сары бажбық көз шаң арасында жатқан өзінің қан-қан құлағына қарап әлдене ойлап кеткендей қыбыр етпей түр.

– Ойбай сорлы, дәрігерге жүгір!– деді біреу.

– Иә, құлағыңды ал да, тез больницаға жет! Қан ұйымай тұрғанда қолы білетін хирург орнына тігіп береді,– деді екінші біреу.

– Жоқ! – деді Сары Шая.– Соңыра сотқа барғанда бұл дәлелге керек болады. Мойын бұрғызбайтын факт! Ал, кәне... куә болыңдар! Акті жазамыз,– деген екен, сол арадағы жұрт үн-түнсіз жөніне тарап кетіпті.

Сары Шая топырақ арасында жатқан қан-қан құлақты "бұл соңыра сотқа барғанда керек болады" деп беторамалдың шетіне түйіп алған-ды.

Сүйтіп, сен балықшылардың орталарынан жиып берген шай-пұлдық жандығынан айрылып, қой да жоқ, шай да жоқ, ауылға тірі масқара боп оралсаң, бұндағы жұрт қыран-топан. Кісі басы құралған жерде айтатындары Сары Шая мен Көткеншек Көшен. Қалаға қой айдатқан қалашылардың жолда бастарынан кешкен хикаясын әркім әртүрлі айтады. Тіпті осы ауылдың бір қуы домбыраға қосып жыр ғып айтып жүр. Оның жырын тыңдасаң, Көткеншек Көшен мен Сары Шая әлдеқандай біреу емес, әлгі бір қиссалардағыдай тоқсан үйлі тобырды қолының күші, найзаның ұшымен асырап отырған Қара Қасқа атты Қамбар батыр. Астарындағы ақ ауыз сары атан мен алмас өркеш қара атан, аты түйе демесең, нағыз қас батырлар мінетін желмая. Тыңдаған жұрт езулерін жия алмайды. Кешегі күні қатын, баланың шай-суын айырсын деп өздерінің ортадан шығарған қойларын қалаға кірер ауызда ақшағыл арасында қасқыр қырып кеткені ешқайсысының қаперіне кіріп-шығып жатқан жоқ; қайта өздері соған мәз, әсіресе екі батырдың айдалада жекпе-жекке шығып, бір күн, бір түн көткеншектесіп кеткенде бірін-бірі ала алмай, сонан Құдайға сыйынып, ата-баба аруақтан, әулие-әнбиелерден медет тілеп жалбарынатын жерге келгенде күлкіден ішектері түйіліп, отырған-отырған жерде жығылып жатқандары. Бұ да күлді. Әрі-берідесін ренішін ұмытып та кеткен-ді.

Енді, міне, тағы да сол екеуі... Сары Шая – қу. Іш есебіне түгел. Пайдасына жетік. Ал, ана сорлы өзіне не тиімді, не тиімсіз екенін де біле бермейді. Тек көткеншектессе, кері сиіп ерегіскенде жеңсе, мұратына жеткені...

* * *

Бұлар аулап жатқан балықтардың негізгі дені алабұға, шортан, тісті. Аты балық демесе, тұқымы азған. Өздері және арық.

Теңіз ашығалы балықтар тереңге кетті. Тек ащы суға әзір төтеп беріп шыдап жүрген жыртқыш балықтар. Олар да қазір жемін оңайлықпен таба алмай, көк теңізде сабылып жүр. Таңдай жібітер су іздеп, жаны қыдырып жосып кеткен осы теңіздің азын-аулақ балығын қуа-қуа қазір арса-арсасы шыққан. Еті азайып, сүйегі өсе берген. Әсіресе сүйектері арбиған баста үңірейген қомағай көз бен ауыз ғана.

Бұрын су астының жайылымы бай еді ғой. Қамыс дейсің бе, қопа дейсің бе, ал қоға мен балаусадай балбыраған теңіз түбінің балдыры қандай еді! Бар балық соған жайылатын. Дауыл боп теңіз түбіне дейін шайқалып кеткенде әлгі қамыс пен қопа, қоға арасының ығы қай балық үшін де құдды киізі бүтін ақ боз үйден кем болушы ма еді? Ұйысып өскен cap балақ балдыр арасы тіпті былқ етпейтін. Балық әулеті көктемде үйір-үйірімен кеп ұрығын соның арасына шашатын. Бірер айдан кейін балдыр арасында бауырын көтерген балық әулетінің болашақ ұрпақтары шүпірлеп толып кететін. Түк білмейтін аңқау бала балықтар шапқылап кеп жыртқыш балықтың аузына өздері түсуші еді-ау!

Бұл пақырлар үшін о да бір дәурен екен ғой! Әттеген-ай, сормаңдай тісті мен шортан соның қадірін білмепті-ау. Қамыс арасында тығылып тұрып осы теңіздің тіске жұмсақ әлдебір момыны жанынан өтіп бара жатқанда тап беріп, бір жалмап жұтып қоятын баяғы заман бұларға енді жоқ. Иә, су астының қазіргі тіске жұмсақ момындары дәл бір жер үстінде желмен жарысқан түз тағыларындай. Қазір бұларға да күн көру қиындады. Бұлар да күнделікті қорегін қызыл танау боп қуып жүріп табады.

Шортан тұзды суға төзімді болса да, бірақ судан сыртқа шықса жаны бірге шығатын пәлесі бар. Әне, тіс толы аузы ақсиған шортан үй жанына үйіп тастаған отын ағаштай секейіп-секейіп жатыр. Күнге қызып ісінгені тіпті жаман. Құдды қарнын үрлеп-үрлеп аңқау біреуге алдап сатқалы тұрған сығанның кәрі аты сияқты.

Кенет, әлде біреудің ашынған айқайынан селк етті. Еңсесін тіктеп дауыс шыққан жаққа қараса:

– Апыр-ай, мынау өлгенде көрген балығым еді. Есіл еңбегім зая кетті-ау! Қайдан шықса онан шықсын, сен иттің баласын...– деп, күнге күйген шойын қара жігіт қабылдаушыға ұмтылып жатыр екен. Жердегі қызыл өңеш айқай аз дегендей, күн шығар-шықпаста көк жүзінде қаптап кеткен өгіз шағалалар да қан сасыған балықты біріне-бірі қимай, қанаттары сатырлап қиғылық сап шаңқ-шаңқ етеді.

– Әй, жігіттер, қойыңдар!– дедің сен.

– Жоқ-ау, балық қызып бара жатса, бұл неме кісінің ызасына тиіп, тұқшыңдап қағазға қарай ма... шот қаға ма.

– Жә, онан да жұмысқа кірісіңдер. Кәне, кімде бос тачка бар?

Көйлектің жеңін шынтағыңнан асыра сыбана бергенің сол еді; көзіңнің қиығы бір шетте оқшау жатқан ақ балыққа түсті. Туғалы теңіз кешіп жүрсе де, бұрын соң дәл осындай әдемі аппақ балық көрмеген-ді. Мынау басқа балықтардан анағүрлым ірі. Көзі қап-қара. Қанаты қып-қызыл. Қабыршағы да күмістен құйғандай. Күнге шағылысып жылт-жылт етеді. Өзі әлдеқашан өлген сияқты. Жаны шығарда алақандай қара көз ағып түсетіндей ыршып тоқтапты. "Ә" дегенде аппақ ақ балықтың әдемілігіне таң қалған. Көзін ала алмай арбалып тұр. Дәл осындай бір балықты білетін сияқты. Білгенде қандай! Анада түсінде көретін Ақбалық, Иә, сол! Соның дәл өзі. Сондағы үріп ауызға салғандай аппақ Ақшабақ, әне, жаны кеудесінен алдақашан шығып кеткен ана-балықтан пана күткендей бауырына бетін басып тығыла түсіпті. Сен түгіне түсінбей аң-таң боп тұрсың. Бұл не ғажап?! Сондағы түс пен қазіргі мына өңінің екі арасын анықтап ажырата алмай ақылы дал. Әлде?.. Әлгі бір түсінде көргені, ояна келсе, аумай-төкпей өңінде келетін көріпкел сәуегей болғаны ма? Әй, қайдам. Бұл қазір жақсылыққа көрінетін түстерді көруден де қалып барады. Иті қырын жүгіріп тұрған қазіргідей кезде түс қайдан оңғарылсын. Түсінде көрген жамандық ояна келгенде аумай-төкпей алдыңнан шығып жатады. Көрмейсің бе, кеме үстінде түсіне кірген Ақбалық он бес күннен кейін бұның өзі жайған торға түсіп қан-қан боп алдында жатады деп, бұл, сірә, ойлады ма? О, бишара! Кәрі Аралдың сонау теріскейінде шөлден қырылуға қараған балықтарды бастап аман-есен кеп, енді тұщы суға таңдайын жібіте бергенде тұзаққа түскенін көрмейсің бе? Тұзаққа өзі түсті ме? Әлде, баласын құтқарам деп шыр-шырлап жүргенде қанды қармаққа ілінді ме? Көріп тұрсың. Тірлік үшін бұл пақыр да біраз тайталасыпты. Су ішінде салдыр-күлдір қиғылық ұрғанда бауыздаулықтан іліккен қыл тұзақ қылыштай тіле беріпті. Үлбіреген аппақ тамақтан аққан қан әлі де тыйылмай, бауырындағы Ақшабақтың аппақ тәніне тырс-тырс тамады. Бір түйір қан шекесіне тырс еткенде Ақшабақ есін жиды. Кіп-кішкентай аузымен емізік сорған баладай үсті-үстіне дем тартқанда сұлық қалды. Сен суға жібергің кеп ұмтыла бергенсің-ді. Осы кезде ар жақтан Көткеншек Көшен де келіп қалған екен. Енді бір аттаса Ақбалықтың баурында жатқан Ақшабақты басатын түрін көргенде, сен жан ұшырып:

– Көше-ке... Тоқта!– деп ұмтыла бергенсің-ді.

Көшен жер қозғалса қозғалмайтын жігіттің осы арада неге безектеп кеткенін білген жоқ; тек оның жолын кес-кестеп тоқтатпақ болғанына қырсығып жыны кеп кетті. Бұндайда ненің дұрыс, ненің бұрысын қайдан ойласын.

– Ал, тоқтамаймын. Сонда қайтесің?

Қара шал бұның ілгері созған қолын қағып жіберді де, аяқ астында кіп-кішкентай аузымен шөп-шөп ауа қармап жанталасып жатқан әлгі аппақ Ақшабақты резеңке етікпен былш басты.

– Ал, ал тоқтамадым.

Сен сол арада көзіңді жұмып, сұлық тұрып қалған едің-ау. Тоқ ұрғандай тұла бойың түршігіп кетті. Көз қарауытты ма, әлде оңтүстіктің өрттей ыстығында миы қайнап басы айналды ма, әйтеуір, құлап қалатындай қорқып қолын созып қасында тұрған біреуден ұстай алып еді. Бурыл бас өкіл екен.

– Жә-ді-гер,– деді ол,– күн өткен шығар? Черт знает что. Мүмкін, дәрігер...

Басыңды шайқадың. Көзіңді ашуға қорқып тұрсың. Қос шеке солқылдап әкетіп барады. Құлақ шыңылдады.

Бурыл бас өкіл мазасызданып:

– Апыр-ай, ә? Бір жерің ауырып тұрған жоқ па?– деді.

– Жо-о... Жәй.

Содан артық тілге келмей бұрылып жүре берген-ді. Қосқа соғып жол дорбасын алды. Жүргелі тұрған кемеге ілесіп сол күні ауылға тартып отырды. Амударияда қалған кісілеріне сонан кейін соқпады. Бұл мінген кеме ашық теңізге шыға бергенде дауылға ұшырады. Бір күн, бір түн дауыл шайқаған кеме екі қапталын кезек сабалап қара жерге өлдім-талдым дегенде әрең жетті. Бұл үйге аяғын сүйретіп, тәлтіректеп келсе, Алматыда айға жуық дем алып қайтқан Бәкизаттың да оралғанына бір-ақ күн болған екен. Бәкизат бұнан ол жақта балық талаптарың қалай болды деп сұрамады. Бәкизаттан Алматы қалай болды деп бұл сұрамады.

Тек бірдеңе деу керек болғасын:

– Күте алмадым... кешір,– деп еді, басқа ермек таппағандай осы сапарда лактап қайтқан тырнақтарына қарап отырған Бәкизат бұған салғырт жүзін салмақпен бұрды. Бетіне бей-жай ғана көз салып отырды да, мырс етті. Түк деместен тұрып кетті.

Жалғыз қалғасын тұсындағы айнаға көзі түсіп еді, түрінен шошып кетті. Жүдепті. Сақал-мұрт өскен. Бұрын да үстіне салақ қарайтын кісі қазір тіпті ебіл-себіл. Бәкизат екеуі ана жолы Аралдағы таныс дәрігердің үйінде қонақта болғанда да бұның түрі онша оңып тұрмаған шығар-ау. Жанындағы үріп ауызға салғандай аппақ сұлу келіншектің қасында құдай қосқан қосақтан гөрі ұсқынсыз кәрі әкеге ұқсаса ұқсаған шығар. Онда жыл басы еді. Қазір жыл аяғы. Бір қиындықтан бір қиындық асып түсіп бұрынғыны кейінгі қиындық пен қайғы-қасірет ұмыттырып келеді.

* * *

Теңіз шайқады ма, онан да бұрын Амударияның лай балығының қызығына түсіп қатты шаршағандікі ме, сол күні сен үй ішімен тілдесуге де шамаң келмей, кешкі асты ұйқы көзіңе тығылып отырып ішкен едің де, дастархан жиналар-жиналмаста төсекке жығылғансың-ды. Құрсын, қалжырап жүрген кісіде пәтуа болған ба... Ертеңіне оянғанда төсектен ерте тұрып кеткен әйелдің жып-жылы орнын сипап қалды. Осы түннің өкініші жынына тиді. Кешкі асты есіл-дертің ертерек ішіп, үй іші күндегіден ертерек жатқанын тілеп, сонан қашан күн батқанша дегбірің қалмады. Бұндайда уақыт өте ме. Оның үстіне, күйдіргенде, бірінші күнгідей, келесі, екінші күні де Бәкизат жатар кезде әдейі уақытты созып, ас-суды кешегіден де кеш берді. Онан жоқтан өзгені сылтауратып, ана жақта оны-пұны үй шаруасын істеп жүріп алды. Онан бір кезде кішкентай қызын қасына алып отырып түннің бір уақытына дейін сабағын даярлатты. Сен мына жақта ызаң ішіңе симай, ашу иектеп, төзіміңді тауысып дір-дір етіп жатырсың. Астауынан жеріген жылқыдай әйеліңнің астанадан кейін неге бұлайша некелі жар төсегіне жоламай, ана жақта ұзақ жүріп алған себебін жүрегі құрғыр сезіп те жатыр. Онан сайын ызалы дене теріге симай дір-дір...

Сонан тек түн ортасы ауған бір мезгілде Еңбек Озаты ұйықтаған болар деді ме, есікті сықырсыз, ақырын ашты. Аяғын да ақырын басып, қатар тұрған қос керуетке жақындады. Бәкизат сен жатқан төсекке созылып бір қарады да, өз төсегіне бұрылды. Көрпе астына кіріп тып-тыныш бола қалған-ды; кенет тым-тырыс үйден тұрпайы дауыс дүңк етті: "Ал, демалыс қалай болды?" Бәкизат бұны күтпеген-ді. Дір етіп тіксініп қалса да, бірақ мейлінше сыр бермеуге тырысып: "жаман болған жоқ" деді. Сәл үнсіздіктен кейін әлгі дүңкілдек дауыс: "Алматы қалай екен?"– деді. Бәкизат әлі де сыр бермеуге тырысып, жай ғана: "жақсы ғой" деді. Бұл да, ол да әзір алым-берім тіл қатысқаннан артыққа баспай, әлгіден кейін іштей аңдысып тым-тырыс бола қалса да, бірақ бұның арты жақсылықпен тынбасын іші құрғыр сонда-ақ сезіп еді-ау.

Аз ғана үнсіздіктен кейін әлгі дүңкілдек дауыс: "Әзім қалай екен?" демесі бар ма. Бәкизат аржағына қарай аударылып түсті: "Ертең сұрарсың. Түн ортасы ауды. Ұйықтайық!" Сүйдеді де, шынымен де ұйқы тірелген көзін жұма бергені сол еді, бұл жолы діріл енген дүңкілдек дауыстың үні қаттырақ шықты: "Әзім қалай екен?" Бәкизат басын жастықтан көтеріп алды. Қараңғыда көрмесең де, бірақ көңілің сезеді; Құдай біледі, қара көздің жанарына сәтте сайқал күлкі шауып ұшқындап кетті. Дүңкілдекті қызғаныш өртеп, дір-дір етіп өзін әзер ұстап жатқанын білсе де, қорқу орнына, сол арада қайта әлденеге аяқ астынан көңілденіп: "Әзімнің несін сұрайсың, шалшық судан шабақ аулап жүрген жоқ",– деді де, көрпесін тас қып қымтап, теріс қарап жатып алды.

Әрине, мына атылған оқтай ащы тіл көкірегін тіліп түсті. Түк дей алмай, тілің байланып үнсіз қалғансың-ды. Түнімен көз ілген жоқсың. Төсектен өрт сөндіргендей түнеріп тұрдың. Дастархан басыңда да көзіңді көтермей түнеріп отырдың. Күндіз де күні бойы қабағың қарс жауып түнеріп жүрдің. Кешкі асқа отырмастан қызыл іңірден төсекке барды да, кереует астына тығып қойған бір бөтелке арақты алды. Шойын қара жұдырықпен бөтелкенің түбіне бір қойып тығынын ытқытып жіберді де, ыдыс іздеп жатпастан кеңірдегі дүрсілдеп басына бір-ақ көтерді.

Бәкизат оны көрген жоқ, бірақ осы кеш бұның бір сойқанды саларын біліп, қызының бөлмесіне барып жатқалы бір жастық, бір көрпені қолтығына қыса бергені сол-тұғын. Сен төсектен атып тұрдың. Жүрегі су етсе де, Бәкизат сыр берген жоқ; өңінде бұның артын күткен сабырлы ажар бар; сол сабырлы салқын қалпын бұзбай, назарын тіктеп саған қарады; бірақ үндеген жоқ; анасының осы күйеу баласын кемсітпек болғанда "нар қара" дейтіні, есіне түсті. Қалай тауып айтқан. Апырай, десе дегендей. Кіммен қатарласса да, жұрттың бәрінен иығы асып шыға келетін нар қара; сен де осындай бойлы-сойлы, ірі еркекті ұнатып, ішіңнен "супермужчина" деп мақтаныш сезіммен сүйсіне атаушы едің; нар қара жауар бұлттай түнеріп алған; жалаң бас; жалаң аяқ, түйе табан жап-жалпақ аяқтардың башайлары бақандай-бақандай; ал бақандай башайлардың сыпыра үсті сол ана көк мүйіз тырнақтарға дейін жүн басып қарауытып көрінеді; сырлы еденді салмағымен сықырлата солқ-солқ басып есікке сенен бұрын жетті де, ішінен тас бекітіп, кілтті қалтасына салып алды.

– Бұның не?

– Солай! Ешқайда бармайсың.

– Жібер.

Сен үндеген жоқсың. Құлап қалатындай қорқып, аяғыңда әзер тұрсың.

– Жібер! Жібер деп тұрмын ғой саған!

– Жібермеймін. Академикпен айқұшақ қабысқанда жақсысың. Ал, некелі байыңа зауқың жоқ. Солай ғой, ә?

– Өтінем, жібе...

– Жібермеймін. Ешқайда бармайсың. Енді мені де көр. Балықшының академиктен айырмасы бар ма екен.

– Қайуан.

– А-а?

– Қайуансың!

Басың айналып, бойыңды әзер билеп тұрсың. Есің де кіресілі-шығасылы. Бірақ әйелдің не дегенін білесің. Сонан кейін әйелдің бетіңе түкіріп жібергенін де біліп тұрсың. Бірақ сонан кейін... Бәсе, соның аржағында не боп, не қойғанын мүлде білген жоқсың-ды. Өзіне салса, өмір осы арада кілт үзіліп кеткен сияқты. Тіпті теңіздің аржағында балықшы қоста жатып қанша ойласа да, әйелдің аузынан соншалық жиіркенішпен зығыры қайнап айтқан әлгі жалғыз ауыз сөз бен оның дал-дұлын шығара жыртқан халаттан басқа бір нәрсе есіне түспеген-ді. Керек десе, қасында қаны қайнап тепсініп тұрған әйелге назар аударған жоқ, есесіне томырық, дөкір неменің алпамсадай ірі денесі қандай да бір өрескел, ожар қимылға анық басатындай іштей ызғарланып ауырлай түскендей; әйел соны байқаса да, онан қорыққан жоқ; аяғындағы осы жолы астанадан киіп келген қылмық туфлидің қазықтай тақасымен еденді тесетіндей кіжіне теуіп-теуіп қалды да:

– Жібер! Жібер!– деуін деді; кіп-кішкентай жұдырық сәтте түйіліп, бүкіл дене дір-дір етіп, зығыры қайнап айтуын айтқанын біледі; бірақ соның аржағында не боп, не қойғанын ойлауға шамасы келмейді; жо-қ, шамасын келтірмеді; қапылыста құйын көтергендей ме, әлде тұтқиылдан дауыл соққандай ма, не де болса, әйтеуір, бір сондай ғаламат күш әйелді қаңбақ құрлы көрмей аяғын жерден үзіп әуелетіп көтеріп алды да, анадай жердегі төсекке лақтырып жіберді; жастыққа етбеттей жығылды; ендігі қарсылықтан пайда жоқ; құттай қарсылық та мына нар қараның ашуына от қоярын білді де, үні бітіп тұншыға жылады; қанша жатқаны белгісіз; оны білген жоқ; білгісі де келмеді; масқара қылғанда, ардан безген неме қазір әй-шәйге қарамай, бас салып зорласа қайтеді? Зәресі ұшқаны сонша, көзін тас жұмып алды; ештеңе көрмейін, ойламайын десе де, тас қып жұмып алған көзінің алдына жараған қара бурадай өлімін сала ұмтылған алпамса еркек келе берді; түлкі алған бүркіттей бүгерлеп астына басып алатындай; оған қарсы қайрат қылар өзінде күш те, қауқар да жоғын ойлағанда, сол арада о да ұрғашы атаулының осындайда дәрменсіз сорлылығына бағып, бауырындағы жастыққа бетін басты да, ернін қырқып тістелей берді; үй ішінде не боп, не қойып жатқанын білген жоқ; осы жасқа келгенше сыңар тамшы татпаған тақуа неме, әлгіде бір жартыны басына бір-ақ көтергесін түк сезбей үй ішінде тәлтіректеп жүрді де, ауыр денесі гүрс етіп құлап түсіпті. Сосын у ішкен иттей тақтай еденде дөңбекшіп жатып: "ойбай-ай! Ойбай-ай, мені кімге айырбастады? Мен кім, ол кім? Ол екіжүзді артист қой!"– деп сөзінің аржағын айта алмай, сырлы еденнің мұздай тақтайына маңдайын ұра беріпті. Сүйтіп жатып, кенет су түбіне шым батқандай төңіректен түк сезбей ессіз, түссіз талықсып кетіпті. Нар қара сонан тек ертеңіне күндегі дағды бойынша таң қылаң бере ояныпты. Кіресілі-шығасылы есін әрең жиыпты. Есін жиғасын да бағана бір жартыны бір өзі басына бір-ақ көтерген соң тамырынан үзілген теректей, тұрған жеріне гүрс етіп құлап түскенін білмепті; ес-түссіз құлағасын жығылған жерде жан тапсырған кісідей қыбыр етпей жатып-жатып, бір кезде басын көтеріпті. Бұлдыраған көз әйел үстінде астанадан киіп келген әдемі халатқа түсіп, қос өңірден ұстап алып өші кеткендей дар-дар айырыпты. Сосын бағана есі дұрыс кезде есікті ішінен тас қып кілттеп алған бөлмеде ылаң салып, тыр жалаңаш әйелді шырылдатып арпаң-тарпаңдап қуып жүріп, үй ішін әп-сәтте астаң-кестеңін шығарыпты да, тағы да дәл бағанағыдай гүрс ете құлапты; ес-түссіз қалай талып түсті, солай су түбіне шым батқандай қап-қара тұңғиыққа тартылып жұтылыпты да кетіпті; сонан тек ертеңіне, жазғы таң сыз берген елаң-алаңда ес жиып, түнде өзі шым батқан әлгі бір қап-қара тылсымнан осы дүниеге құр сүлдері оралған-ды; бірақ көзін аша алмады; шеке сүйегі сынып бара жатқан зілдей басын жерден көтере алмай ыңырсып жатты; қанша жатқанын білмеді; сонан бір кезде кірпігі асты-үстіне айқасып кеткен көзін жыртып әрең ашты; көзін ашуын ашса да, бірақ жанары жуық арада тірілмеді; солқылдап әкетіп бара жатқан басын қос шекеден қысып алып, үй ішіне сүзіле қарап еді: көзінің алдын кіреуке кептеп тұрып алған екен; жанарына үй ішінен кешегіні есіне салғандай ештеңе ілікпеді; қолымен жан-жағын сипалап отырып байқағаны – неге екені белгісіз – жерде жатыр. Жер болғанда да мұздай тақтай: басында жастық, астында төсек жоқ; неге бұлай, түсінбеді; түсінгісі кеп, жерден көтере алмай жатқан зілдей басына сәл-пәл салмақ салса да, қос шекесі қазір жарылатындай солқылдап ала жөнеліп тұр; сосын басын қос қолдап қысып, біраз ыңырсып жатты да, жаны саябыр тапқандай болған бір кезде тағы да айналаға қарап еді; көзінің алдын көлкештеген кіреуке әлгіден көрі аздап сейілген сияқты; үй-іші опыр-топыр. Жастық бір жақта; көрпе бір жақта; қалада үй тонайтын ұрылар көбейді дейтін, солар үй ішінің астаң-кестеңін шығарып кетпесе қайтсін? Ендеше бұны да солар басына ұрып таяққа жығып кеткен болды-ау?

– Әй, қанішер...

Мынау, шамасы, үй тонаушылар болар. Бірақ таныс біреудің даусы секілді ме?

– Тұр, қанішер! Көр, не істегеніңді!

Иә, таныс дауыс. Осы бір шалғайыңа жармасып, шабалаңдаған қаншық иттей шекеңнен шығатын шаңқылдаған әйел даусы құлағына қанық-ты. Қашанғыдан бұрын осы шаңқыл бұның жүйкесін құртып бітпеуші ме еді? Тоқ-та... Сол өзі кім еді? Басы құрғыр көтертпейді. Не қылса да, ұрыларға қарсыласқанда қолы қарулы біреу басына ұрған болды-ау? Сүйегіне зақым келмесе не қылсын?

– Тұр, жауыз!..

Шаңқылдаған дауыс әлгіден де көрі зәрлі шықты; қолынан келсе, орнынан тұрғызбай түтіп жегісі келетіндей. Көргісі кеп назарын тіктеді; қарауын қарады; бірақ жанарынан жан кетіп қалған ба, қалай? Құлағын шағып бара жатқан мына шаңқылдаған ащы дауыс болмаса, жаны кетіп қалған жанар қарсы алдында тепсініп тұрып алған әйелдің ажарын ажырата алмады; көзінің алдын көлкештеген бұлыңғыр кіреукеден байқағаны – үстіне төніп шаңқ-шаңқ еткен мына пәленің сырт жағында тұрған тағы біреу бар ма, қалай?

Шабалаңдаған дауыс қайта шаңқ етті:

– Әй, нар қара, тұр дегесін тұр!

Енді оны бұл да таныды; кім екенін білгесін, онан көзін тайдырып әкетті; қас қылғандай, көк запыран лықсып кеңірдегіне келіп қалды; кәрі қақсалдың алдында абыройын төккісі келмей, өңешін буып булыға түсті; қызының қойнында жатса да, өмір бақи іші жылып көрмеген залым; бұны үйде де, түзде де тақымдап мұқатып, мошқап жер-жебіріне жетіп отырғаны; бұған тақпаған аты жоқ; тек солардың ішінде бұрын "қанішер" деген ат жоқ болатын. Бәсе, қанішері не? Оны қайдан тапқан? Кәрі қақсал бұның кісі өлтірмек тұрсын, тыпырлатып сойып жатқан балық екеш балыққа да назар тіктеп қарай алмай, бұрылып кететінін біле ме екен?

– Әй, жауыз!..

"Бұнысы не тағы? Ойыны ма, шыны ма?" "Жоқ, шын" дегендей келесі де шабалаңдаған дауыс құлағының дәл түбінен шаңқ етті:

– Тұр дедім ғой саған! Әне, көр не істегеніңді!

"Не істегені несі? Сондай-ақ, бұл не істеп еді?"

– Тұрасың ба, жоқ па?

Шапалақ шарт етті; көзінің оты жарқ етсе де, бұл бірақ сүлесоқ қалпы, кеудесіне түскен басы салбырап былқ-сылқ; соған ыза болды ма, бұны ұрған әлгі еті қашқан қолдың тарамыс саусақтары енді шап беріп көйлегінің омырауынан қысып ұстады да, сосын өңірін әпсәтте уысына жиып алып кеңірдегін қыл өңештен қылғындырып тұрып дәл иектің астынан бір нұқып, бауырына түскен басын кегжең еткізе кілт жоғары көтерді.

– Көр! Көр, не істегеніңді, қара бет! Қанішер!

Жағадан сығымдап ұстап алған тап-тастай тарамыс қол босатар емес; қайта буындырып өлтіргісі келгендей, бұрынғыдан бетер алқымын сыға түсті; сен қарсыласқан жоқсың; құрықтай мойының буын омыртқасы босап былқ-сылқ; кәрі қақсал тағы да дәл әлгіндей иегі астынан мықтап бір нұқып қалып еді; тісі сарт етті; кеудеге түскен бас кеңірдегі үзілетіндей кегжең етіп шалқалай бере қалт тоқтады. Кірпігін қағып қалды; көзі осы жолы кәрі қақсалдың сыртында тұрған әйелге түсті де, денесі тоқ ұрғандай дір етті. Мең-зең басын сілкіп қап қайта қарады. Иә, қателеспепті. Бәкизат. Түрінен адам шошығандай; шашы қобырап кеткен. Үсті-басы да ебіл-себіл; әсіресе, иінінде әзер ілініп тұрған алба-жұлба халатқа көзі түскенде қыбырсыз қатты да қалды. Иә, мынау астанадан киіп қайтқан халат. Жағасы мен жеңінің аузына қара жібектен жіңішкелеп әдіп жүргізген. Біздің ел емес, кім де болса оты, суы басқа, ұсынықты бір елдің шеберлерінің қолынан шыққан халаттың өңірі дар-дар айырылыпты.

– Көрдің бе? Көрдің бе, жауыз? Қанішер.

Иә, көрді. Көріп тұр. Бәкизаттың аяғына жығылып кешірім сұрағалы ілгері ұмтыла бергенде, кәрі қақсал қызына:

– Ойбай қаш, мынау өлтіреді,– деді...

Құрсын, итыржыңмен өткен өмір ғой! Сен жалт бұрылдың да, тәлтіректей басып балықшыларыңа кеткенсің-ді. Бәкизат кешпес, осы жолы айрылысар деп еді; жоқ, үйтпеді; не қылса да, араларындағы екі жапырақ бала себеп болды ма, кім білсін...

* * *

Әлде ояу, әлде ұйықтап жатқанын білмейді. Құлағына әуелі алыс-алыстан, талай қыр, талай асу-асудың ар жағынан сырт-сырт дыбыс келді. Сол еміс-еміс, сырт-сырт бір қырдан кейін бір қыр, бір жалдан кейін бір жал асып жақындап келеді, жақындап келеді. Жақындаған сайын құлақ тігіп тыңдаудың орнына әлденеге жүрегі дүрсілдеп әкетіп барады. Әзір бұған сыры белгісіз, зәресін алған сырт-сырт шыныменен жақындап қалды ма, әлде кеудесін дүрсілдетіп алып бара жатқан жүрек соғысы ма, оны да анық біліп жатқан жоқ. Бар білгені демі алқымға тығылып қысыла бастаған-ды. Сүйткенше, қыр жақтан, аспан мен жер арасынан алып Көк Өгіз көрінді. Теңіз өңірінің түз сепкен тері тулақтай ала тағанақ жерін күтір-күтір басып желіп келеді...

Бұл көзін ашып алды. Ақшағылтақ ай сәулесі түскен бөлме іші бозамық екен. Өңіндегі қиындық аз дегендей, түс екеш түсі бұзылғанына қынжылып жатты да, қатар тұрған керуетке көз салып еді. Керует бос. Үй жым-жырт. Тек көшенің арғы бетіндегі дырдудың жуық арада аяқситын түрі жоқ. Қызып алған көңілді жиын күле ме, ән айта ма, әзілдесе ме. Үйықтай алмағасын басын көрпемен бүркеп алды. Олай-бұлай дөңбекшіді. Ана жолы Шалқарға қой сата барғанда темір жол ауруханасында істейтін таныс дәрігердің кеңесі есіне түсті де, жүзге дейін ішінен қайта-қайта санап, қиыр-шиыр боп жатып бір кезде көзі ілініп кеткені сол екен, бұл тағы да дәл әлгіндей жаман түстен шошып оянды. "Туһ, сайтан алғыр. Не боп кетті, өзі? Алғашқы түс бұнан бұрын да талай көріп жүргесін бе, онша ойына ала қойған жоқ-ты. Ал мынадан зәресі қалмады. Бұрын қыр жақтан қара жерді қамырдай илеп дүрсілдеп желіп келетін алып Көк Өгіз бұл жолы бір шалғайы салбырап теңізге тиіп тұрған қара бұлттың ар жағынан желіп келе жатты. Екі көзі қанталап кеткен. Танауынан күс-күс дем шығады. Дем алған сайын дауыл тұрғандай төменде теңіз толқып, топырақ борап, әлгінде ғана тамылжып тұрған дүние дем арасында ұйқы-тұйқы болды да кетті. Сол алай-дүлейде қара бұлттың аржағынан шыққан Көк Өгіз бұрынғыдай қара жерді баспай, темір тұяқтар қаңылтырмен қаптап тастаған аспанды дабыл қаққандай даңғырлатып желіп келе жатты. Даңғыр-дұңғыр. Даңғыр-дұңғыр. Бұл жастықтан басын көтеріп алғанда аспанның дәл өзінен шыққан әлгі дабыл құлағынан әлі де сөніп болған жоқ-ты. Бір ғажабы, кеудесінде дүрс-дүрс соққан жүрекпен бірге үй ішіндегі шыны атаулы шайқалып миын шағып зың-зың ете ме?

Бұл алақан астында лүп-лүп соққан жүрегін қос қолдап қысып алды. Айналасына абайлап көз тастады. Дүниеге жаңа келген кісідей көзі түскен нәрсенің бәріне күдіктене қарап отырды да, бетін жастыққа басып жата кетті. Құрсын, ұйқы ұйқы болмады. Ширыққан жүйкелер ұйықтап бара жатса шиыршық атып, қол-аяғы селк етіп оянып кетеді. Оянған бойда қайта-қайта түсіне кірген әлгі алып Көк Өгіз тағы да бір жерден шыға келетіндей, төңірегіне алақ-жұлақ қарап отырғаны. Енді жатқысы келмеді. Жатса тағы да түсіне жаңағы пәле кіретін болғасын түрегеліп, төсектен аяғын салбыратып отыр.

Басы зілдей. Қалайда бұған бірдеңе көрінді. Көзі ұйқыға кеткенін аңдып тұрғандай түсіне не Көк Өгіз кіреді, не бастықтар кіреді. Сол немелердің бұған өңінде де бауыры бітіп тұратыны шамалы еді; а л түсіне кіргенде тіпті ызбарланып, ит көрген текедей көздері ежірейіп кетеді. Аузын аша алмай тұрған бұған біресе Тәшір Қара, біресе Қозы Қарын тап-тап беріп: "балық... балық" деп безектейді. Бұл таңданып алақанын жаяды. "Әке-көкелер-ау, теңіз тартылып, су ашып жатқанда балық қайдан болады?" дегісі келеді.

Тамағы құрғап қалды. Тілі тіл сияқты емес. Жұрт құсап бұрын да тақылдап тұрғаны шамалы еді, жаны қысылғанда тіпті тиесілі сезін айтып деректесуге жарамай, таңдайына жабысып алғанын кермейсің бе?

Түн ортасы ауды. Бәкизаттың келмесіне кезі жетті. Заты жуас болғанмен, бұл өзі ашуланса адамды тыңдамайтын томырық еді. "Енді келсе де кіргізбеймін",– деп, әлгінде ішінен бір байламға кеп бекіп алған-ды. Сонан кейін көңілінен Бәкизатқа орын қалдырмай, ақи-тақи айдап шыққан сияқты еді. Сүйтсе, жоқ... өзіне өңінде тыйым салса да, түсінде дәрменсіз боп шықты. Бұл жолы қасындағы төсекте біреу жатқан сияқтанды. Иә, жатыр. Кеудесіне дейін жамылған атлас көрпе астынан әйел мүсінін аңғарды. Әйел болғанда мынау басқа емес, түнімен дегбірі қалмай күткен өз әйелі. Жағасына жіңішкелеп шілтер жүгірткен жібек іш көйлектің жұп-жұқа өңі жас әйелдің жүрек тынысын жасыра алмай тұр. Ана үйде ән айтып, би билеп шаршап кепті. Және кеш бойы астанадан келген қонақпен билегенін де білетін сияқты. Соны біле тұра қызғанбайтынына таңданды. Есіл-дерті мазасын алып тұрған күдікті анықтағысы кеп, әйелдің шашына қарай береді. Қанша қараса да көзі әйелдің шашына түспей, жұп-жұмыр әдемі иегінің астынан сырғанап ауып бара жатқан ақшағылтақ ай сәулесіне ұсталып қала бергені. Алақандай ақшыл сәуледе кісі арбайтын әзәзіл сиқыр бардай, иегі астында білінер-білінбес бұғақ пен аппақ тамағын албыратып тұрып алды. Бұл онан сайын тақатын тауысып, әне бір үйленген жылдардағыдай емешесі құрып барады. Қазір атып тұрып, қасына жетіп барайын десе... қол-аяғын қозғалтпай темір кереуетке таңып тастағандай. Неғұрлым тұрғысы кеп ұмтылған сайын, солғұрлым дәрменнен айырылып, тұла бойындағы бір мүшесін қозғай алмады. Сонсоң "Бә-ки-зат..." деп дыбыс берейін деп еді, оған даусы шықпады. Бірақ өз даусы өзіне естілмесе де, қасындағы әйелдің құлағына шалыныпты. Бұл дыбыс бергенде ол басын жастықтан көтеріп алып: "Бәкизат ана үйден әлі келген жоқ қой"– деп еді, оның бет-өңіне үңіле қарағанда өз көзіне өзі сенбеді. Бұл не? Не ғажап? Ертеден бері емешесі үзіліп жатқан мына әйел Бәкизат болмай, басқа біреу... Басқа болғанда да мынау бұның есігі алдында отыратын қызыл орамалды қыз ғой? Иә, сол!

Бұл оянғасын да қыбыр етпеді. Жаңа ғана қолға ұстатқандай ап-анық көріп жатқан Бәкизаттың, басын көтергенде, үш ұйықтаса ойында жоқ әлдебір басқа кісіге айналғанына қайран. Бұл қалай? Сірә, тегін болса жарар еді? Сонда... Тоқта, бұл... бұл ненің нышаны болуы мүмкін?

"Таңға қанша қалды екен?" деп ойлады. Таң таяу болса конторға барып, Сырдарияда болған соңғы бір айда жиналып қалған қағаздарды қарағысы келді. Ана жолы ауыл іргесін үңірейтіп көтеріле көшіп кеткен жиырма бес үйден кейін де көшеміз деп жатқандар аз болмас. Адай шал да бағана тегіннен-тегін келіп жүрген жоқ. Конторға барып айтам деген шаруасы – көшуден басқа не дейсің?

Ұйқыдан күдер үзді. Онсыз да көзі ілінсе келіспеген бірдеңелер түсіне кіріп, зықы кетіп бітті. Әсіресе, жаңағы түс бұған мүлде түсініксіз. Неге жорырын білмеді. Он үш жыл отасқан әйелін бұл түсі түгіл, осы күні өңінде де түсіне алмай қойды. Жә, әйелі солай болсын, ал бұның кабинет алдында өткен-кеткеннің бәрінен қысылып өз-өзінен абыржып болатын ұялшақ қыздың түсінде дәл бұлайша батылдана қалғаны қалай?

Апыр-ай, ә?.. Бұны қалай түсінуге болады? Бұны неге жорырын білмей тым-тырыс үйде қыбыр етпей жатыр еді. Әлдене сықыр етті. Бұл елең етті. "Қайталар ма екен" деп демін алмай, әрі-бері тосып еді. Сықыр қайталанбады. Бірақ... бұл жатқан бөлменің есігі жартылай ашық. Өзі ашық қалдырды ма, әлде біреу ашты ма? Айтса да, есіктің аржағында біреу тұрғаннан сау ма?

Басын көтерді. Көзін есіктен айырған жоқ. Әлде қалай кірпік қақса да қапы жіберіп алатындай, ұйқы қашқан жанарына шыр жолатпай бағып қапты. Мынау, егер хатшы қыз болса, қара торы беті өз-өзінен өртеніп табалдырықтан аттау мұң боп тұрған шығар? Шиедей қызыл ернін қанын шығара қырқып алмады дейсің бе? Бір басып, бір тоқтап есікке әзер жеткен шығар-ау? Діріл енген қолын соза бергенде топсасы майланбаған есік сықыр етті ме екен? Оқыс дыбыстан ол бишара дір етіп, ілгері соза берген қолын дереу кейін тартып алып кеудесіне қысып тұра қалған болар? Өзі барып жәрдемдеспесе ұялшақ қыз қазір-ақ жалт бұрылып тұра жөнелер-ау. Бұл "тоқта" деуге әзер қалды.

Жастыққа шалқалап жата кетті; өз өзінен мырс етті. Босағаны бағып отыратын бишара қызды қарағаннан-қарап қиялдағаны қызық. Көзін сәл жұмса да, осы бір ұйқы қашқан кезде көңіл алдауға жараған әдемі елестен айрылып қалатындай. Сонда бұл не? Уақыт өткізу үшін ойлап тапқан ермек пе? Әлде тентек ақын арман ететін әлгі бір "қатыны жатып қасында, қыз ойлайтын қайран күн" бұның басынан өтіп болмаған ба? Ол күн біреуден ерте, біреуден кеш өтер. Бұл бірақ ондай кісіге ұқсаушы ма еді? Бәкизатпен қатар жатқанда қайсы бір түндері бұның да көз ілмей шығатын кезі болатын. Сонда теңіз тірлігінің қиындап бара жатқанын ойласа ойлаған шығар, бірақ әлгі тентек ақын аңсайтын қайран күнді қиялдап көрген жоқ еді ғой?

Осы күнгі өз басындағы халді қанша ойласа да, түбіне жете алмады. Қалайда қазіргі тірлігі бір түрлі. Өзге түгіл бұның өзіне түсініксіз. Тек, бір таң қалатыны, бір сезім бұның бойында өмірін тауысып өліп бара жатқан осы бір кезде басқа бір беймағлұм сезім жүрегіне ұрық сап жатыр ма, қалай? Әлгі өмірін тауысқан сезім тамырын тегіс үзіп болмай жатып та сыр-сипаты әзір белгісіз жаңа жас сезім тұла бойына тамыр жіберіп балапан көк қылтия ма? Е, бәрекелде? Ендеше әлгі тентек ақын дәмеленетін қайран күннен сенің де қашып құтыла алмағаның белгілі болды.

Ертеңгісін басы ауырып тұрды. Шешесі екеуі алдарына жайған дастарқан басында шүңкиіп отырып шай ішті.

* * *

Бұл ертеңіне қонақ келген үйден көңілі ауырлап шыққан еді; өзін есік алдына дейін шығарып салған атақты жерлесімен қоштасар жерде құрдасының қолын қысып жатып жүзін жылытып күлімсіреуін күлімсіресе де, бірақ арғы жағы жібімей мұп-мұздай боп кетті. Былай шыға бере мырс етті. Көлгірлік деген иттің өзгелер сияқты бұның өзінің де қолынан келгеніне таң қалды.

Өзіне салғанда осы үйге аяқ басатын ойы жоқ еді. Анасы қоймады. "Екеуің бір жылы туып едіңдер" деді. "Бірге өсіп едіңдер" деді. "Жас кездеріңде егіз қозыдай жұптарың жазылмайтын еді. Осы араның төлі болғанмен қазіргі мекен-жайы бөлек болғасын о да құдайы қонақ. "Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал арнайы барып сәлем береді" деген бұрынғы қазақ. Бар, шырағым, бар",– деп қоймағаны. Ал барды. Ал сәлем берді. Дидарласты. Арбасты. Кәне, сонан не тапты? Жүз көріскенмен ар жақтарында мұз боп қатып жатқан жүрек жібіді ме?

Бұл барғанда Әзімнің үкі көз быдық ағасы есік алдында жатқан аяқ киімдерді жиыстырып, күйбеңдеп жүр екен. Бұны күтпегесін бе, сірісі қажалған резеңке галошты қолына ұстай түрегелді де, дөп-дөңгелек үкі көзі ұясынан шығып аңырып тұрып қалды. Сосын іле-шала есін жиды. Бірақ сасқанда қолындағы галошты қайтерін білмей, қос қолдап қысқан күйі қалбалақтады да қалды:

– Ал деген... Бәрекелде, жақсы келдің деген. Әзімжан үйде. Кір... Кір деген.

Қонақ жігіт шар айна алдында түр екен. Жаңа ғана қырынған күтімі қатты бетін қияр суымен шайып, енді исі бұрқыраған шетел кремін жағып алақанмен ысқылап жатқан үстіне бұл кірді. Қонақ жігіт бірден бұрылған жоқ. Есіктен кіріп келе жатқан бұны шар айнадан көріп:

– Ә, құрдас... Кел! Кел!– деді де, асықпай ақырын бұрылды. Бұны дәл баяғы жас кездегідей, бас сап құшақтай алатындай қос қолын созып келе жатты. Тек қолдасар жерде алғашқы беттегі ықыласынан кілт айнып, құрдасының қолын саусағының үш жағынан сәл қысты да, босатты.

– Отыр,– деді орындықты иегімен нұсқап.

– Сапар оң болсын!

– Иә, әумин деген,– деді үкі көз ағасы.– Әзімжан деген... айналайын деген, туған жерін ұмытпайды деген... ұмытпайды деген... Осы жолы тіпті күтпеген жерден келді деген.

– Бір есептен, қазір келгені дұрыс болды. Кейінірек келсе, кім біледі, көшіп жатқан халықтың орнын сипап қалар ма еді...

– Апыр-ай, Апыр-ай деген... Тек, әйтеуір, түбі қайыр болсын деген.

Әзім мына сөздің өзіне түк қатысы жоқ сияқты міз бақпады. Сен үй ішіндегілерге байқатпай, терезеге тұтқан ақ жібек пердеге жалтақтап қарай бердің. Әзім оны байқады ма, жоқ па, белгісіз көз қиығын саған керенау тастап, миығынан мырс-мырс күлді:

– Жас кезіңде түйедей жүндеп жатса да үндемеуші едің. Байқаймын, батырым, сенің де терің жұқара бастаған екен. Немене, өзің шаптығып тұрсың ғой?

– Біздің орнымызда болсаң, терің жұқарған емес, тесілген болар еді.

– Рас, рас деген. Ел жағдайы қиындап кетті деген... Құрыды, құрыды деген.

– Кел, отыр,– деді Әзім тор жақта тұрған бір орындықты көрсетіп. Сен қозғала қоймағасын ол күліп кеп қолтығыңнан алды да, төр жақтағы орындыққа апарып отырғызды. Сонан кейін де өзімсініп кете беретін жас кездегі еркіндікке басып, сені ықтияр еркіңе қаратпай баурына тартты.

– Ту, черт, құшаққа сыймайсың ғой,– деді күліп.

Сен тартыншақтап бойыңды алып қашып отырсың.

Қарамайын десең де көзі құрғыр ықтияр-еркіңнен тыс көше беттегі терезелерге тұтқан ақ жібек пердеге түсе берді. Мүмкін, түнде көргені Бәкизат емес, қайын енесі болар? Айтса да, сол қақсал жасы ұлғайған сайын кәрілікті мойындағысы келмей, шашын жұдырықтай ғып желкесіне түйіп алатын боп жүр ғой.

– Шешең қалай, қуатты ма?

– Шүкір...

– Қолынан талай дәм татып едім. Уақытым аз боп тұр. Дегенмен, кіріп шығармын.

– Келеріңде алдын ала хабар бер, қамсыз қалмайық. Сыбағалы малыңды жеп кет.

Әзім күтімі қатты бетіне сыңар әжім түсірмей, сылқ-сылқ күлді:

– Ай, құрдас-ай, үкімет қанша оқытса да қазақшылығың қалмайды. Европалықтар қонағын бір стакан кофемен шығарып салатын дәстүрден Құдай біледі, сен ғой бейхабарсың.

Сен құрдасыңа үнсіз бұрылып, ұзақ қарадың. Осы жігіт өзі білетін әлдебіреуге ұқсай ма, қалай? Тоқта, сол өзі кім еді? Кім де болса, о да жақтырмаған кісінің жер-жебіріне жеткісі келгенде көз қиығын дәл осылай керги тастап, дәл осылайша сұлу бетіне сыңар әжім түсірмей сылқ-сылқ күлмеуші ме еді? Иә, сондай біреуді білетін...

– Достым, әр елдің өз дәстүрі бар. Азияда отырып, әлдеқайдағы Европаңды қайтейін.

– Сөз болғаныңа. Ата-бабаңның аты мен ала шапаны қазір қай қазақтың кәдесіне жарап жатыр.

Енді сен күлдің:

– Шапанын білмеймін, ал атын өзің мініп келген секілді едің ғой...

Осал жерін дәл басып ұстасаң да, бірақ өңін билеп үйренген неме бұл жолы да міз бақпады. Ол үндемегесін сен сөзді жалғап:

– Мақалаңды оқыдым,– деп едің,

Әзім есітсе де, бірақ есітпеген сыңай танытты. Тек оның аңғалақ көз аясы ұшқысы кеп қанатын қомдай түсіп, тұғырына қайта отырған үкідей бір-екі қомпалаңдады да басылды:

– Ойбай, ол мақала керемет болды деген. Керемет деген. Әзімжан деген... айналайын деген... табиғаттың бермесін тартып әперем деп жатса, құрсын, құрсын деген... бұл халық құрыған деген... құрыған деген. Маңдайына ыссы май тамсын деген.

– Иә, жерлестеріңе мақалаң ұнамады.

– Саған ше?

– Мені қайтесің. Менің қай сөзім сенің миыңа кіріп еді. Онан да сен бұндағы халықтың не дейтінін тыңда,– деп құрдасын сөзге жетелеп көріп еді, ол бірақ осы жолы тағы да түк сезбей, түк есітпей кереңденіп ала қойды. Бұнда келсе, Аралды ауызға алмайды. Ал, ана жақта Аралдың жер бетіндегі жан алғыш жалғыз Әзірейілі осы. Бұлар Амударияда жатқанда тағы бір мақаласы шықты: "Біз табиғаттың құлы емеспіз, қожасымыз" депті. "Табиғатқа біз де қарсы емеспіз, тек біздер табиғаттың адам баласына, ала-бөле совет елінің өскелең шаруашылығына келтіретін пайдасына қарай бағалаймыз" депті. "Рас, баяғыда ата-бабаларымыз табиғаттың сұлулығына тамсанған. Ақындар сылдырап аққан суға, сыбдырлаған жапыраққа, айға, күнге, жұлдызға қарап жыр арнап емешесі үзілген. Бірақ, ол дәурен өтті. Ол кездің көңілшек шалдарымен күліп қоштастық. Қазір істің заманы. Экономикалық прогреске қолма-қол септігін тигізіп, әл-ауқатымызды өркендететін шұғыл шараларды шұғыл қарастырып жатырмыз. Ашығын айтсақ, санаулы құмыры қалған кәрі Аралдың біз үшін қазір неғұрлым тез тартылып, теңіз астында жатқан пәленбай гектар құнарлы жерді тезірек босатып алудан артығы жоқ",– депті.

Жұрт мақаланы жабыла оқыды. Бұ да оқыды. "Ынданы ашылған адам әлемді апатқа ұшыратпай тынбас-ау" деп ойлады. Жалғыз Әзім болса бір сәрі ғой. Қазір аспан астындағы ел болған ел, халық болған халықтан қанша Әзімдер шығып, жұдырықтай жердің жан алғыш жендетіне айналып жатыр. Егер, адам баласына ақыл кіріп, ашқарақ ындынына тез арада тиым болмаса, көрерсің де білерсің, Аралдың кебі көп ұзамай жер бетіндегі қалған көлдер мен теңіздердің де басына келер-ау!

– Былтыр Алматыға барғанда ойламаған жерден сендердің бір жиналыстарыңның үстінен шыққаным бар. Қызыл кеңірдек боп жатыр екенсіңдер. Мені байқамаған шығарсың. Кейінгі жақтағы бір орынға отыра кеткем.

– Көрдім. Жиналыс соңынан соғар деп отырсам, жып беріп тайып кетіпсің.

– Мазалағым келмеді. Менсіз де айғайларың жетерлік көрінді. Бір Аққұба жігіт үш рет сөз алып сөйледі.

– Иә, кер ауыз біреу. Соның алдында докторлық диссертациясын құлатып жіберіп едік. Саған, әрине, оның... сөзі ұнаған болар?

– Ұнағанда қандай. Өзіне құдай баспен бірге жүректі де берген екен. Есіңде ме, сол айналайын, сөзінің соңын "келешекте адамның болу-болмауы табиғаттың болу-болмауына тікелей байланысты",– деп еді-ау.

– Табиғатты құртайын деп жатқан кім бар?..

– Құрт-құртпа оны өздерің білесіңдер. Қайсы бірде жазғандарыңды оқып қалатынымыз бар. Сонда біріңнің аузыңа бірің түкіріп қойғандай, қит етсе, "табиғаттың қатесін түзетеміз" деуші едіңдер. Қазір оны қойдыңдар. Енді экономикалық прогрестің мүддесіне қарай пайдаланып жатырмыз дейтін сылтау таптыңдар.

– Бұл, сірә, мен ғой?

– Иә, сен.

– Есіңде болсын, табиғат көрмеге қоятын экспонат емес. Халық шаруашылығының күнделікті мұқтажы мен мүддесіне...– дей бергенде, сен күйіп кетіп:

– Қой, әрі!– деп қолыңды ызалана сілтедің,– халық қамын шын ойласаңдар ұмытпас едіңдер ғой!

Қай заманнан көкірегіңде қордаланып жүрген ыза мен күйінішті алғаш рет сыртына шығарып ашынып сөйлегесін бе, сен өзіңнің әншейінде булығып, ішіңнен тынатын да жүретін тұйықтығыңнан арылғансың. Әзімге тайсалмай тура қараған ала көздің жанарында батыл жігер бар. Әсіресе, екіленіп қызып кетіп, киіп кетіп, омыраулап сөйлегенде даусы да жасырақ кездегі анасының даусындай саңқ-саңқ етіп:

– Иә, солай академик жолдас-с...– дедің де, тоқтадың.

"Мына жаман қайтеді, әй?" деді Әзім ішінен... Сөйтсе де, сыртындағы салқын қандылықты сақтап, бөрі айбатын алдыра қойған жоқ.

– Сен-н, айналайын, ауылда жүріп...– дей түсті де, Әзім сөзі қынусыз шыққаны ұнамады ма, аяқ астынан кілт тоқтады. Әлгінде орындықтың арқалығына іле салған костюмының қалтасын қарап емен трубка алды. Сосын сен көрмеген бір әсем коробка ішінде иісі бұрқыраған гаваялық темекінің бір шұқымын саусақ ұшымен іліп алып, оны да баппен асықпай әлгі емен трубкаға сап бармағымен үстінен ақырын нығырлап басып-басып қойды. Сонан соң да өзінің осы дүние өртеніп бара жатса да абыржып саспайтын әдеттегі іш пыстырарлық қимылын бұрынғысынан да көрі баяулатып, әлгінде қалтасынан темекімен қоса алған коробка ішінде ақсиған сіріңкелердің бірінен кейін бірін таңдап, ақырында, әйтеуір, көңілі тоқтаған бір талшықты ұстады...

Осы жігіттің ана жолы да осыған ұқсас жынына тиген бір қылығы есіне түсіп отыр. Ол былтыр жаз еді-ау. Аз ғана күнге соғып кетуге келген құрдасына осы елдің хал-жайын сөйлескісі кеп үстіне кірген-ді. Терезелерін тұмшалап қымтап тастаған үй қара көлеңке екен. Табалдырықтан аттауын аттаса да, бұл бірақ қара көлеңке бөлмеде көзі үйренгенше аяғын ілгері баспай, есік алдында тұрып қалған-ды. Қай жаққа жүрерін білмей тұрғанда, перде тұтқан есіктің ар жағынан қаз дауыс қаңқ етті:

– Кім де болсаң бері кел!

Құрдасы қара көлеңке бөлменің тор жағында болыскей керуетте аяғын аяғына сап жатыр екен. Сені о да көрді. Бірақ тырп етпей жата берді. Сен керуетке тақап келе бердің де, амандасар жерде көз алдыңа атам заманғы бір елес кеп тоқтап қалдың. Ләм деместен жалт бұрылып жүре берген саған ол іле дауыстап:

– Әй, тоқта!– деп еді. Сен қайрылған жоқсың. Жын ұрғандай сыртқа атып шықтың да, желге қарсы омыраулап жүріп кеттің. Сырт алай-түлей. Сол баяғы Аралдың өрттей ыстық күні. Сол баяғы жынды жел. Шаңдағы шыға бораған топырақ. Құйындай ұйытқыған сезім саған да ештеңені байқатып та, ойлатып та келе жатқан жоқ. Есіңе қайдағы-жайдағы түсіп, жаңа, ойда жоқта осы өлкенің бір жерінде сүйегі қурап қалған жетінші атасы көзіне елестеп кеткені. Көшпелі елдің ер-азаматы көп қыдыратын заман ғой. Жетінші атасы бір ауылдан шығып, бір ауылға маңдай түзеп келе жатыпты. Шөл қинап келе жатқан салт атты жолаушының алдынан терең сай кездесіпті. Сай табанындағы салқын сабатта қырық шатыр. Қаңтарулы қырық ат. Қырық нөкер. Тұсарлықтан келетін көк майсаға тізерлеп шегеріп тастаған қырық нар. Әр қайсысының жанында тең-тең жүк. Бұл өңірде дәл бұндай сән-салтанатпен хан тұқымы бекзадалар ғана жүреді. Соны білген жетінші атасы ханға сәлем беріп қос қолын ұсынғанда, шатырдың дәл төрінде жаңағы Әзім сияқты шалқасынан жатқан хан:

– Кісі бойындағы мүшенің бәрі бір ғой,– деп шуаш сасыған аяғын ұсына қойыпты дейді... Қайдан есіне түсті? Неге түсті? Хан аяғын ұсынғанда атасы байғұс не күйге түсті? Қорлықтан көзіне қан толып кеткен сорлы тап сол арада шуаш сасыған аяқ хандікі ме, қаранікі ме, оншасын ойлап жатпай қамшымен тартып-тартып жіберіпті дейді. Айызын солай бір қандырар-қандырмаста қырық нөкер тарпа бас салып сыртқа сүйреп алып шығып, етбетінен жығып сап дүре соғыпты дейді.

Атасы пақыр намыс үшін отқа түсті. Ары, намысы үшін ажалынан бұрын өлді. Ал сен?.. Бәсе, сен ше? Көкірек тола ашу баяғы Қыдырбай атаңша сыртқа ақтарылып шықпай, ішіңде тұншыға беретіні не? Академик болмақ түгіл, екі аяғы аспаннан салбырап түссе де астамдығын көтере беретінің не? Түнде әйелін ақ жібек перде ұстаған терезе алдына оңаша алып шығып емешесі үзіліп тұрғанын көрді. Осы үйде бірге қонып шықпасына кім кепіл? Соның бәрін жаны, жүрегімен сезе тұра еркек басымен қолынан түк келмей, сүмірейіп үйге қайтып келген жігерсіздігі... Соған төзгені... Сонысы не?

Қаз дауыс саңқ етті:

– Сен, айналайын, ауылда жүріп от басы, ошақ бұтының күнбе күнгі қамынан басқа дүниені ойлауды қойған екенсің. Әрине, бүгінгі күнге де қызмет істеу керек. Бірақ...

Әзім тағы да кілт тоқтады. Бойын ызаға алдырып, өзін әзер ұстап отырған ірі қара жігіттің қатты бұзылған кескінін байқады. Себебін де іші сезетін сияқты. – ...бұл дүниеге бізден кейін де келетін ертеңгі ұрпақтың қамын ұмытпауымыз керек. Ертеңгі ұрпақ сіз бен біз сияқты теңізден шабақ ауламайды. Олар басқаша өмір сүреді. Атамекен, ата кәсіп, ата-баба салты мен дәстүрі, есіңде болсын, ілгері талпынған ұрпақты шалғайдан тартып, ойы мен өрісін өсірмейтін нағыз кертартпа қылық.

– Ой, айналайын, тусаң, ту деген... Дұрыс, дұрыс де-ген...

– Сен жақсы жігітсің. Жаның, жүрегің жақсы. Білем халқыңа жаның ашиды...

– Иә, рас деген. Қайтсын... Қайтсын деген...

– Институт бітіргесін астанада қалуың керек еді. Сен Бәкизатқа үйлендің де...

– Жә, мені қайтесің...

– Қайтпегенде ше. Алыстағы ауылдың ортасына түсіп, ой өрісің еспей қалды.

– Е, солай де?

– Қатты айтсам, кешір. Бірақ білесің ғой, дос жылатып...

– Айта бер!

Денедегі діріл дауысқа көшіп, демігіп бара жатқасын лажсыз тоқтадың. Аз іркіліп, қайта сөйлеп кеттің:

– Халықтың бетке ұстаған аз ғана азаматы бар. Астанадағы оқымыстылардың бірісің бе, бірегейісің бе, әйтеуір, атағың жер жарады. Осы өңірдің халқы арамыздан шыққан азаматымыз деп сыртыңнан күпілдескенде, бишаралардың басындағы бөркі желп-желп етеді...

– Тағы не айтасың?– деді Әзім.– Байқауымша, маған артық кеткен бірдеңең бар сияқты. Көпсініп тұрғаның болса, қайтып ала ғой.

– Саған берерім де, аларым да жоқ.

– Ендеше тіліңді тарт. Тайраңдап барасың.

– Үндемеуге де болар еді...

– Ең дұрысы – сол.

– Жоқ, айналайын, бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Ойымдағы бойымда кетпесін. Ыңғайы келгенде айтып қалайын. Бұл ел өзіңді арқа тірер азаматы көретін. Ал сен... Сен... Сол халықтың тарыққанда тартқылап емер аузындағы ағы мен басындағы бағына жармастың.

– Әй, сен деген... Қой, қой деген. Әзімжан соңыра халықты қарық қылады деген...

– Ақсақал, араласпаңыз!

– Аға, араласпа. Бұның арғы жағында айта алмай жүргені бар екен. Жарайды, айтсын.

– Айтсам, туған жеріңе істеп отырған мына қиянатыңды елің де, жерің де кешпейді. Құдай деген соқыр шал бар болса, табиғатта кие бар деген рас болса, сен кәрі Аралдың киесіне ұшырарсың-ау.

Әзім ашулану орнына рахаттана қарқ-қарқ күлді. Иығында жатқан бүршік-бүршік сүлгінің салбырап алдына түскен шетімен көзін сүртті.

– Жә, таусылып қайтесің. Менің Арал жөніндегі ойымды қазір ұқпасаңдар да, соңыра көздерің жеткесін түсінесіңдер. Көрерсің, соңыра басы өзің боп маған мәрмәрдан ескерткіш қоясыңдар.

Енді сен күлдің:

– Саған? Мәрмәрдан? Ой, шіркін, есек дәме-ай! Сонда саған ескерткішті не үшін қояды? Әлгі халық аңызында келді жұтатын осы заманның тажал Көк Өгізі деп қоя ма?

– Әй, слушай!.. Сен... Сен деген, абайла деген... Әзімжан үкімет адамы деген. Жаңағы сөзіңе тиісті жерде жауап бересің деген...

Үстіңе төніп тұрған мына имек тұмсық қара кісіге түсетін бурадай екен. Аузынан түкірік шашырап болып тұр. Несі бар, тағайындаса, басқарма болады да шығады. Қос уыс колхоз түгіл бұның әкесіндей жерлерде де осы жайсаңдай біреулер отырған жоқ па? Сары Шая айтса айтқандай, халық айналайынның сыры белгілі: күңкілдейді-күңкілдейді де көнеді. Көнгенді айтасың мықты бір орынға иығында басы бар, маңдайында көзі бар, қанар қапқа толтырған еттей біреуді әкеп креслоға қонжитып отырғызса, жетіп жатыр. Ал, мынаны басқарма сайласа колхозшыларды клубқа жиып алып: "Сендер деген құрыған... құрыған деген. Ана жақта бастықтар жан алып жатыр деген. План... план деген... Маңдайыңа ыссы май тамсын деген..." деп, жұрт алдында екі езуінен көбік шашырап, жараған бурадай шабынып тұрып алғанда, көрерсің де білерсің, қай балықшы қайқаңдамас екен.

– Әй!.. Әй, сен деген... неге күлесің деген?..

Байқап тұрсың: жаңағы сөзің Әзімнің шымбайына қатты батты. Орнынан созалаңдап түрегелді де, саған көз қырын да салмай, сыртын беріп бұрылып кетті:

– Ойыңдағыны айтқан сияқтысың. Қалай, енді ризасың ба?

– Жоқ, әлі де саған айтарым бар.

Саған шүйдесін көрсетіп, сыртын беріп тұрған Әзімге қарап "апырай, осындай біреуді қайда көріп едім?"– деп ойлағансың-ды. Қайда көрді? Кім еді сол өзі? Кім де болса о да дәл мынау сияқты орнынан созалаңдап тұратын. Кердең-кердең басатын. Кекірейіп қарайтын. Сөзі де ауыздан шыққанша іш пыстырып болатын біреу еді ғой. Иә, сондай біреуді білетін.

– Ендеше құмардан шық. Валяй!– деді Әзім.

– Бар бәлені бастаған Бабаев болатын.

– Кім?

– Академик Бабаев. Сенің сүйікті ұстазың.

– Ондай академикке өзім ұстаз болам деп жүрсем, сен де...

– Білгем жоқ, кешір. Қайсысың қайсысына ұстаз болсаң да, әйтеуір екеуің де пышақтарың жалақтап Аралдың алқымына тақап тұрасыңдар.

– Иә, сонсын... Сөзіңнің ыңғайына қарағанда бұл жолы да Құдай жолы құрмалдықсыз бітпейтін шығар, сірә?

– Біз ауыл адамымыз. Ғылыми сөз аузымызға қайдан түссін.

– Бетің енді түзелді. Аралдың келешек тағдыры – халық емес, ғалымдардың қолында. Ал, ғылымға, айналайын, өзіңнің аузыңа түсе беретін әлгі ауыл арасының бата, жаназа... сондай тағы нелер бар еді? Со жағына сен жүйрік едің ғой?

– Әркім білгенін айтады. Академик Бабаевтың Аралға қарсы болғанда аржағындағы пиғылы белгілі. Осы өңірде тұратын бүкіл халықтың қазіргі таңдағы тағдыры мен болашақ ұрпақтың... ұрпақтардың тағдырын ол академик өз басының мүддесіне құрбандық қып отыр.

– Құрбандыққа шалып десең, дәл өз сөзің болады да шығады.

– Кекет...

– Жоқ, шыны сол. Сені бұрын Құдайдың көктен тастаған кітабын ғана оқиды деп ойлаушы едім, сөйтсе кейінгі кезде қолыңнан ғылыми кітаптар да түспейді деп жүр ғой.

"Бұған кім айтты екен? Басқа кім дейсің, Бәкизат... Иә, сол айтқан болды".

Әзім сенің қатты бұзылған түріңнен шошып:

– Жә, сабыр!.. Сабыр,– деп, сені орныңа отырғызғысы кеп еді, сен қолын қағып жібердің.

– Ары итеріп, бері жығатын баяғы әдетіңді әлі тастамапсың. Мен саған халық жөнінде сөйлесем деп келсем...

– Халық қамын мен ойламай жүр дейсің бе? Халықты ойлағасын да... келешекте халыққа шаруашылықтың қай түрі тиімді – күріш пен мақта ма, әлде балық па? Біздің айтысымыз осы.

– Бос сөз.

– Жоқ, айналайын, бұл үлкен проблема. Тұйық теңізде келешек жоқ. Ал келешексіз теңіздің тағдырына бола, төрт ел, түсінесің бе, төрт ел бірдей қарап отырған екі өзеннің суын халықтың аузынан жырып алып, Аралға беріп қойып отыра алмаймыз. Сеніңше, халық не болса ол болсын, тек теңіз аман болсын деуіміз керек пе? Жоқ, ол болмайды. Өзің, айналайын, бар, орныңа отыршы.

– Ал отырдық.

– Иә, бәсе сөйтші. Қазір, халық жер бетіне симай барады. Демографтардың болжамы бойынша, таяу жылдарда әлі де екі-үш есе өседі. Сонша халықты бұрынғы ата-баба кәсібімен асырау мүмкін емес екенін әркім айта бастады. Ертең сонша халықты асырау ғана емес, жұмыс тауып беру үшін де балық шаруашылығынан гөрі мақта, күріш шаруашылығы тиімді, демек, келешегі күшті деп, прогрессивтік жолын ұсынып отырмыз.

– Сол тиімді шаруашылығың мына халықтың түбіне жетіп отырған жоқ па? Кеше осы ауылдан жиырма бес үй көшкенде ішінде болған жоқсың...

– Есіттім. Ол уақытша күйзеліс. Ал большевиктер...

– Қой әрі!– деп сен қолыңды ызалана сілтедің.– Егер халықтың келешегін ойлап, келешек ұрпаққа жандарың ашыса, сендер, басқа-басқа, табиғатқа мұқият қарар едіңдер ғой.

Әзім жанынан темекі алып жатып, саған көз қиығын тастады. Ана жақта бұның жағасына жармасқан жаулар мына жаманның да аузына түкіріп қойғаннан сау ма? Обай-ау, бұның да дәл соларша сөйлеуін көрдің бе?

– Ата-бабамыздан қалған байлықтың басы – осы теңіз еді. Сені мен біз өзімізден кейінгі ұрпаққа сол байлықтан не қалдырдық? Кешегі біздің бала кезімізде "балығы тайдай тулаған" деп ақындар жырлаған телегей теңіз орнында соңыра тұз бетіне шығып, шаңдақ бұрқырап, топырақ борап жататын сахара шөл ме? Қылтиған көкті күйдіріп жіберетін өрттей аптап аңызақ па? Соңыра бізден кейінгі ұрпақ құс ұшса – канаты күйіп, аң жүгірсе – тұяғы күйетін өрттей ыстықта бір тамшы су таппай кенезесі кеуіп бара жатқанда, сені мен бізге алғыс айта ма? Жоқ! Жоқ, бауырым, тек қарғыс айтады! Лағынет айтады!

– Сен ақыр заманды төндіріп жібердің. Бүкіл Аралдың берген балығын соңыра біз ақ мақтадан алған бір жылғы өніммен өтейміз. Соңыра Тұран ойпаты сияқты Арал ойпаты деп аталатын теңіз астынан босаған осынау жерден біздің ұрпақтарымыз ақ мақта өндіріп, дүние жүзілік рекорд жасайды.

– Тоқта! Сонда оның қай жылдар болмақ? Сендер халықты неше жылдан кейін қарық қылмақсыңдар?

– Дәл айту қиын. Ал, шамамен айтқанда... жиырма жылдың ар жағы. Ол ақиқат.

– Апыр-ай, ә? Ақиқат дедің-ау, сен?

– Иә, ақиқаттығына ант беруге болады,– деді Әзім. Бірақ жанары ойнақшып алып қашып тұрған көзін саған ұстатпады. Сен қарқ-қарқ күлдің. Ара-арасында: "Қайран Қожа Насыр-ай" деп, күлкіңді тия алмай жатқансың-ды.

– Ой, неге күлесің? Сен... Сен деген... сірә, сау болмассың деген... Құрыған... құрыған деген.

Күлкіні кілт тыйдың. Әзім түкке түсінбесе де, бірақ бұның аржағында өзіне тиетін бір қолайсыз нәрсе барын іші сезіп, түсі бұзылып тұр.

– Қожа Насырдың әңгімесі бар еді ғой. Оны сен де білесің.

– Білмеймін. Білгім де келмейді.

– Жоқ, сен тыңда. Есіңде ме, еріккен хан Қожа Насырды шақырып алып: "Есегіме хат таныта аласың ба?" дегенде, Қожекең ойланбастан: "Әбден болады, хан ием",– деп келісе кетпеуші ме еді?

– Е, ол деген... қызық деген...

– Әне, ағаң білетін боп шықты. Оны сен де білесің.

– Ал білдік делік. Сонда аржағында тұспалдап тұрғаның не?

– Ештеңе де емес. Жарықтық, Қожекеңнің аңқаулығы ма, әлде әулиелігі ме, кім білсін... Хан: "Егер, осыдан уәдеңде тұрмасаң басыңды алам",– деп қаһар тіккенде, есіңде ғой, ол жарықтық қол қусырып: "Құп тақсыр, болсын! Тек жиырма жыл пұрсат берсең есегіңе хат танытайын".– деуші еді ғой. Соны есіткен жанашыр жақындары Қожа Насырға ұрысып: "Ойбай-ау, есің дұрыс па? Есек хат танушы ма еді? Уәдеңде тұрмағасын хан басынды алады ғой дегенде, жарықтық Қожа Насыр түк саспастан: "Жиырма жылға дейін кім бар, кім жоқ. Жиырма жылда я хан өледі, я есек өледі, я мен өлем",– демеп пе еді. Ал, енді бұған қалай күлмессің? Күлмей көрші кәне?

– Иә, күлесің. Қожа Насыр қу деген... Кісіні күлдіреді деген.

– Жә, болды.– деді Әзім ағасына. Сыртын сыздатып алған.

– Тұспалыңды түсіндім. Ал, сау бол!– деді де, араларыңда түк болмағандай сені қолтығыңнан алып есікке дейін шығарып салды.

Суық жел сыртқа шыққан бойда денені тітіретіп жіберді. Сен жалма-жан өңіріңді қымтап жатып: "Апырай, ә? Осындай біреуді қайда көрдім!" деп ойлағансың-ды. Кім де болса, өзі білетін менменсіген біреудің кекірлігі... Жаңа құрдасына қараған сайын көзін әдеттегіден көрі ұзағырақ ұстап қалғанда да осы сұрақ ойын мазалап болған-ды. Қанша ойласа да есіне түсіре алмай қойған, бірақ әйтеуір өзі жақсы білетін бір кісі сияқты құрдасы да жаңа бұған сыздана қараудан жаңылмады. Астанаға кеп оқуға түскен күннен бастап өзіне көлденеңнен қатал сақшы қойып, қол-аяғын қорғасын құйғандай ауырлатып алды. Аяғын әрең басады. Аузын әрең ашады. Сөз де аузынан зарықтырып әрең шығады. Қарсы келген кісі иіліп сәлем бермесе, көзі түспей кекірейіп өтіп кетеді. Саған назар аударғанда да әуелі қасы, қабағын керіп, аспай-саспай ақырын бұрылады. Осы кекірлік пен керенау кербездіктің бұл бәрін біреуден аудармай қағып алды. Сол кім еді өзі?

Құрдасының қолдан жасап алған осы бір жасанды мінезіне таңданып келе жатып, бұл контордан өтіп кетіпті. Ауыл артта қапты. Өріске бармай, ауыл іргесінде жайылып жүрген жабулы түйенің жанына кеп, ұйқыдан оянған адамдай айналасына алақ-жұлақтап тұрған ұзын қара кісіге түйе екеш түйе де "есі дұрыс па?" дегендей аузындағы үзіп алған шөбін шайнамай, мойнын бұрып, одырайып қарап қалған екен.

Дереу ізінше кері қайтты. Конторға келді. Жаңағы ой ма, әлде түнде шала ұйқы болғандікі ме, орынына кеп сүлдері құрып отыра бергенде, күтпеген жерден, кенет... құрдасының жаңа кімді аудармай қайталағаны есіне түсті де, столды салып қап:

– Ой, көк соққан-ай!– деп күліп жіберді.

Бес жыл оқыған Әзім астанада тұратын құрылысшы ағасының үйінде жатқан-ды. Ағасы үй салатын үлкен треске бастық екен. Алмаған ордені жоқ. Құрылысшыларға тиесілі құрметті атаққа да ие бопты. Кейінгі жылдары астанада бой көтерген сәнді сарайларды сол салды дейді. Әзімге еріп құрылысшы ағасының үйінде болғаны бар еді. Е, е, сонда көрген екен-ау. Бұл барса, Әзімнің ағасы газет оқып отыр екен. Бұл сәлем берді. Трес бастығы газеттен басын кідіріп көтерді. Інісіне еріп келген ұзын сирақ қара балаға қолындағы газеттің бір шетінен көзінің қиығын ғана тастаған еді. Сосын ол бұның тұла бойындағы басқа мүшелерінен көрі бұтында тыртиған тар шалбардың шолақ балағынан қызыл тобығы шығып тұрған тертедей сирағына күлкі қашырған көздің қиығын керги тастаған еді-ау. О да сөйлегенде қоңыр даусын қолдан созатын. О да аузынан шыққан әр сөзін арғы жағынан зордың күшімен сығып шығарғандай ыңыранып еді-ау! Анда-санда күле қалғанда да, атақты құрылысшы бетіне сыңар әжім түсірмей, құдды оты-суы мол көл жағасында қонысы келіскен қоңыр қаздың га-га-сына келетін бір керенеу үн көмейінен ырқ-ырқ шыққан.

"Ай, бауырым-ай, артиссің-ау. Тек сенің сондай екеніңді ешкім білмейді ғой".

Сары Шая есіне түсті. Өтірікшінің аузынан шыққан шындық та өтірік. Әйтпесе, сол бишара бірдеңе біледі. Әне, моншада айтқаны шын болды да шықты. Жарайды, Сары Шая айтқан қисынның түбі шикі болсын. Шынында, құлауға келген колхоздың басқармалығы кімге қажет. "Апыр-ай, ә?" деп бұл өзін қинаған сауалға қиналып, айналасына алақтап қарады. Бұл жігіт ауылға бұрын да келетін. Бірақ келер алдында хабар беретін. Оның соңыра шығатын күні, сағаты, пойызы, вагоны, купесіне дейін білуге тиісті кісілердің қаперіне түгел жететін. Ол келетін күні, әсіресе, бұлар қатты әбігерге түсіп, үлкен-кіші үй төбесінен түспеуші еді. Көкте құс көрінсе де, көз ұшынан шаң бұрқ етсе де, балалар шу етіп сыйлы жігіттің аға-жеңгесіне дереу хабар беріп жатпаушы ма еді? Күткен қонақ аудан басшысын қасына ертіп көкпен келсе, іле-шала теңіз басын жағалап жеңіл машина жететін. Бір рет... Иә, ол тіпті керемет болды! Мініп келген ақ кемені балықшылар ауылының бет алдындағы қолтыққа байлап қойып, бұндағы ағайын-тумаларын аралап жатып алғанда, әсіресе, шалдар жағы айызы қанып: "Құдіретіңнен айналайын-ай" – деп тамсанып еді-ау!

Сүйткен жігіт... Жоқ, бұл тегін емес! Орнынан ауырлау түрегелді. Ызғыған мұздай кабинетті әрлі-берлі кезіп жүрді де, кенет аяқ басысы ауырлап тас төбеде жіп бауы салбыраған шам астына келе бере қалшиып тұра қалды.

Басы зілдей. Біреу келді. Біреу кетті. Бұл бірақ не істеп, не қойып жатқанын білген жоқ. Тіпті алдына келген кісілердің әңгімесін тыңдап отырып та, оқта-текте осы күнгі өз басындағы хал киіп кете береді. Бәкизат қайда? Түнде қайда түнеді? Осыларды ойлаған сайын көкірегіне бірінен соң бірі тікендей қадалып жатқан көп күдік, көп-көп сауал мазасын алып мұздай кабинетте көз жанары адасып отырғаны.

Шамасы, сірә, үйге кірген лаң қайда барса да бұлаңдап қасында жүретін көлеңке сияқты қашып құтыла алмайтын бір пәле.

* * *

Сол күні жұмыс алдақашан аяқталса да бұл ел жатқанша үйге қайтпады. Бәкизат түнде шешесі екеуі таң атқанша ана үйде қонақпен бірге болғанын Сары Шая бағана жүгіріп кеп шүйінші сұрағандай айтып кетті. Сонан кейін де ол сөзді үдетіп:

– Мыналар үнсіз. Бүгін-ертең колхозшылар жиналысын шақыратын түрі жоқ. Бір елдің аузы-басына қарап отырған басшысын орнынан алып тастау оңай ма. Батырға да жан керек. Кім біледі, басқа біреудің қолымен істеп үйреніп қалған қу жігіт жаманатты өзіне аударғысы келмей отыр ма. Сөйтіп, ауданнан біреуді күтіп отырса да өзі білсін. Әйтеуір, тегін емес,– деп, мұздай кабинеттің төрінде тұнжырап отырған інісіне қарады. Сап-сары көздің жанарында "сен қалай ойлайсың?" деген сұрақ бар. Бірақ, бұның үндей қоятын түрін көрмегесін.– Әліптің артын бағайық,– деп, бұл үшін де жауапты өзі берді де, шығып кетті. Оңаша қалғасын бұл енді не істерін білмей отырғанда, есік ақырын ашылып, аржағынан хатшы қыз сығалады. Бұл басын көтергенше ол жалма-жан есікті жаба қойды. Сырдариядан келгелі осы қыз әр нәрсені сылтауратып жиі кіретін боп жүр. Соның бәрінде де табалдырықтан аттай бере жаудыраған көзі жаутаңдап, мұздай кабинеттің түп жағында еңсесі түсіп отырған ірі қара кісінің қасы мен қабағына қарай береді. Сенің жаныңа батқан қиындықты өзінің нәп-нәзік талдырмаш денесіне көтеріп алғысы кеп тұрған тәуекелді көреді. Осы қыз түсіне тегін кірмеген сияқты. Дүниеде өзінің де біреуге керек екенін сезіп, есігінің алдын баққан қаршадай қыздан сүйеу іздеп, жүдеу жанын жылытпақ болған дәрменсіздігіне оқта-текте таңданып қап отырған-ды.

Сырттан біреу кіргендей болды. "Бұл кім екен?" деп ойлады. Басын көтермей сұлық отырған күйі жабық тұрған есіктің аржағындағы дыбысқа құлақ тікті. Хатшы қыз емес. Мынау кім де болса тақтай еденді тепсініп басқан біреу. Есікке жете бергенде әлденеге кілт тоқтады. Сол арадан не ары, не бері баспай тұрып алды. Бұл кім? Бұл кезде кеңсеге келетін кім болуы мүмкін?

Есік шапшаң ашылды. Ар жағынан... Бұл күтпеген кісі кіріп келе жатты. Күтпеген кісіні кергенде сен не түрегелеріңді, не отыра береріңді білмей аңтарылып қалғансың-ды. Қара етіктің қазық екшесін тық-тық басып келе жатқан Бәкизат саған таяна бере кілт тоқтады.

– Жәдігер,– деді жүзін тіктеп. Орныңнан қалай атып тұрғаныңды өзің де білген жоқсың. Қос қолыңмен қолын ұстай алдың. Сенің қолың ба, әлде Бәкизаттың қолы ма, әйтеуір, саусағына саусағың тигенде біреуінің қолы қалтырап кетті.

– Бәтіш, айналайын... Келгенің жақсы болды. Қайда кетерімді білмей отыр едім.

Сен толқып тұрып, байқамай қолын қаттырақ қысып жібердің бе, Бәкизат тыжырынып қалды да, уысыңнан тез тартып алды.

– Бәтіш, айналайын, өтінем. Тек кінәласпайықшы. Шыным сол, шаршадым. Қалған уақытта біз де адам құсап өмір сүрейікші.

– Оны ертерек ойлауың керек еді.

– Әлі де кеш емес.

– Жоқ, кеш.

– Қа-лай?..

– Қалайы сол, әрі ойлап, бері ойлап, ақыры бір шешімге бел байлап келіп тұрмын.

Шекең шыңылдап кетті. Бәкизаттың қатты бұзылған түрін көріп тұр. Аузынан шыққан әр сөзін де анық есітті. Бірақ осының бәрі өңі емес, кейінгі кезде жиі көретін боп жүрген көп жаман түстің бірі сияқты. Мынау шынында да өңі емес, түсі екенін растағысы келгендей:

– Сенен кетем,– деді Бәкизат.

Қос шекең әлгіден де көрі қатты шыңылдап, әлдене дегің келсе де, дәл айтар жерде аузыңа сөз түспей, сілейіп қалғансың-ды. Сен оны кейін білдің. Сосын қараптан-қарап көйлегің жағасы буындырып қысып бара жатты. Сен оны тіпті сезген жоқсың-ды.

– Есітіп тұрмысың. Сенен кетем.

Иә, естіп тұр. Әр сөзіне дейін анық естіп тұрса да, бірақ осы сөздердің мәні де, мағынасы да санасына жөндеп жеткен жоқ. "Кеткені қалай?" деді ішінен.

– Өзің кінәлісің,– деді Бәкизат.

Бұл сенің өмір бойы естіп келе жатқан сөзің болғасын әсер етпеді. Және кіналасқысы келмеді. Не де болса, бар кінәні өзіне алып, мына бетін ашып айбық адамданып алган әйел алдында басы салбырап тұрған-ды.

– Әй, сенің осы ит мінезің-ай! Неге үндемейсің? Саған айтып тұрған жоқпын ба?

– Шын... Шын айтып тұрсың ба?

– Иә, шын. Сенен кетем.

– Қайтем. Бақытты бол!

– Бұл не – кекесін бе?

– Шыным.

– Өзің кінәлісің.

– Иә, солай. Бірақ... Бірақ, әй құрысыншы, болар іс болғасын, кінәласып керегі қанша.

– Жоқ, айт!

– Айтсам... безбеннің бір басы мен болғанда, оның екінші басы бар емес пе еді?

Бәкизат түсінбеді. Сосын, таңданып иығын қиқаң еткізді.

– Безбен-н?

– Иә, кәдімгі безбен...

Бәкизат ызалана бастады:

– Причем тут... без-бен?!

– При том, дорогая... безбеннің бір басы төмен басуы үшін екінші басы жоғары көтерілуі керек. Осындай бір заңды баяғыда да мектепте...

Бәкизат түкке түсінбеді. Сондықтан миға кірмейтін түсініксіз сөздерге ызасы келді:

– Сен дені дұрыс кісі болғанда, біз әлдеқашан...

– Иә, әлдеқашан астанадағы аруақты семьяның бірі боп отырар едік.

– Сол өтірік пе?

– Рас.

– Мамам байғұс сені қанша сүйреледі.

– Бірақ жетелеген төбет қораға кірмеді.

Бұл жолы Бәкизат түсінген сияқты. Саған ала көзбен ата қарады да, түк деместен бұрылып жүре берді. Оның қайырылмай біржолата кеткенін білдің де, орныңа барып отыра бергенің сол-ды. Жаңа, Бәкизаттың соңынан қатты жабылған есік қайта ашылды. Ашуын ашса да, бірақ кірер-кірмесін білмегендей Бәкизат есік алдында іркіліп тұрып қалды.

Сен түрегелдің. Жаңағының арасында оның бұлайша неге түсі қуарып жүдеп қалған түріне әрі үрейлене, әрі таңдана қарап тұрсың.

– Жәдігер... Біздің сөйлесетін шаруамыз бар екен...

– Иә? Тыңдап тұрмын.

– Ол... ол өзің білетін жағдай. Екеуміз шешетін нәрсе. Болса да, қыз менің анамда қалады ғой. Кішкентайынан бауыр басқан немересі. Ал...

– Бала жайы ғой?

– Иә-ә...

– Оған қиналмай-ақ қой. Сенен де, менен де гөрі әжесінің бауырында болса, ол балаға бөтен болмайды. Ал, ал сау бол!

– Ке-шір,– деді Бәкизат. Тұрған жерден табанын әзер жазды. Есікке дейін су кешкендей сүлдерін қозғап малтығып барды. Есікті ашқасын да сәл бөгеле түсті де, сосын ширақ басып шығып кетті.

Сен қыбыр еткен жоқсың. Аржағың құлазып, шофер жігіттің езуінен түспейтін ащы темекіні аңсап тұрғаныңды өзің сезген жоқсың-ды. Бәкизатқа ренжіген жоқсың, оны қайта аяғансың-ды. Осы жасқа келгенде сары далада сағым қуған баладай, о да бір басына бақыт іздеп барады. Бірақ оның да көкірегін тырнаған жаңағы зәрдей ащы қасірет жүрек басына запыран жиып, улап тұрғанда алдағы өмірден не опа табар дейсің...

* * *

Қысқы күн кешке тақапты-ау. Оны енді байқады. Бүркеу аспаннан бірер түйір қар қыламықтады. Бүгін epтеңгісін мұз үстіне шығып кеткен жалғыз кісі тұрған жерінен әлі тапжылған жоқ. Қарны ашты. Сырдариядан келгелі не ішіп, не қойып жүргенін өзі де білмейді. Түнде де үй іші жатып қалғасын келді. Сыртқы есікті сықырсыз ашып, аяғын ұшынан басып ілгері өтті. Сырт киімін шала-пұла шешіп, қызының кішкентай керуетіне жата кеткен-ді. Төсегі жайсыз болды ма, басы ауырып қапты. Және қызының кіп-кішкентай керуетінен тертедей серейген сирағы жерге салбырап түсіп кеткен екен. Оянған бойда тақтай еден қарып бара жатқан аяғын бауырына тартып алды. От жақпаған мұздай үйдің ызғарын көрпе астында жатып та сезді. Мұздай башайлар көрпе астына кіргесін де жуық арада жылына қоймағасын, бауырына қысқан аяғын бір-біріне үйкеп ысқылап-ысқылап жіберді. Содан кейін де қол-аяғын бауырына қысып бір уыс боп бұйығып жатып, осы күнгі өзінің басындағы қиындықтарды ойлады. Өткен түн сияқты бүгін тағы да кішкентай қызының бөлмесіне қонып шыққанын есіне алды. Кеше кешкісін әйелінің "сенен кетем" дегені есіне түскенде, башайларының ұшы мұп-мұздай боп қатып жатқан аяғын ұмытып кетті.

Ұйқысы шайдай ашылды. Төсектен атып тұрды. Қараңғыда қолын қайда созса да, қатты бірдеңенің қырына тие бергесін, терезенің пердесін ашып жіберіп еді, қысқы таң қос қабат әйнектің аржағынан сыз беріп келеді екен. Асығыс киіне бастады да, кенет қолы қапталына сұлық түсіп отыра кетті. Әй, бұл қайда асықты? Бәсе, қай шаруасынан қалып барады? Киімдерін қайтадан шешер-шешпесін білмей, екі ойлы боп отырды да, өзі түнеп шыққан бөлмеге көз тастады. Бұрын әне жерде құрттай стол болатын. Кішкентай қызы томпиып отырып сабақ даярлайтын. Мына жерде қызының кішкентай шифонері тұратын. Ал, дәл мына өзі жатып шыққан кішкентай керуеттің тұсында кіп-кішкентай кілем ілулі тұрушы еді. Кәрі қақсал бәрін сыпырып әкеткен. Кілем орнында сояудай-сояудай шегелер бадыраяды.

Бәкизат пен Әзім бүгін кешке жүреді деп есітті. Әзім асығыс көрінеді. Бұл арадан он шақырымдай жерде үлкен ауыл бар еді. Бұрын балық заводы болған-ды. Бүгін кешке соған барып қонып, ертең азанда келетін самолетпен Аралға ұшамыз деп, аға-жеңгесін "бол да болдың" астына алып асықтырып жатса керек. Ұшсын. Кетсін. Олардың жүзін сен де көргің кеп өліп бара жатқан жоқсың. Тек анасын ойлағанда, іші иттей ұлып қоя береді. Апырай, ұясы қалай бұзылды? Бәкизат "өзің кінәлісің" деді. Қайын енесі де қит етсе: "адам болған адам бағын жарыста сынаған",– деуші еді-ау. Ал, бұл... Жарысты жаратпайтын. Баяғыда, осы теңіздің бақты, кезінде, бастықтар: "көрші колхозбен жарысқа түс" – дегенде, бұл зәресі ұшып, ат-тонын ала қашатын. Қызыл танау боп жарыспай-ақ, әркім өзінің жағдайына қарай жұмыс істеп те замана көшіне ілесуге болады ғой деп ойлайтын. Соны есіткенде кәрі қақсал күйіп-пісіп: "Бұны қой! Бұл келе болмайды. Бұл сабаз ат болса, өле-өлгенше құлағының түбінен қиқу есітпей кететін топырыш торы болар еді. Сонда тұяқтының бәрі үстінен басып озып, шаңына тұншықтырып жатар еді",– деп тегін түңілмеген болды-ау!

Бұның ат болмай, адам болып та келістіріп жүргені шамалы. Әні, кешегі қатарының бәрі қарасын көрсетпей ұзап кетті. Алды – шырқап астанадан шықты. Кемі – ауданда жүр. Әжәптәуір қызметке ілігіп, ел көзінде елтең-селтең етеді. Тіпті ана жылы кішкентай кабинетте қара шыбын қуалап кететін Жуан Жақайымға дейін есебін тауып бірдеңеден кандидаттық қорғап, астанада аяғын алшаң-алшаң басады. Атақты оқымыстылардың өзін қан қақсататын көрінеді. Иә, қатарының бәрі басып озды. "Өзі кінәлі. Бәкизат айтса-айтпаса да, бұлардың басындағы бақытсыздыққа тек бұл... бұның өзі кінәлі!".

Кішкентай бөлме құлазып кетті. Көшкен үйдің жұртына қонып шыққандай көңілі құрғыр аңырап бара жатқасын, аяғын сүйретіп сыртқа шықты. Түнде қар жауыпты. Биылдыққа түскен бірінші қар. Бұндай күні аңшылар сияқты балықшылар да таңмен таласа тұратын еді-ау! Ол кез болғанда, мына жұрт ақша қарда үйде жатар ма еді? Ас-суын әлдеқашан ішер еді. Күз басынан көк құраққа байлаған кереге жал аттарды қорадан шығарар еді. Шанаға жегер еді. Қазіргідей жағалау жаңа ұстасып жатқан көкше мұздың қызғалдақ балығынан сыбағасын алғанша жаны қалмай, асыққан кісілер дәл мынадай бозала таңда, дәл мынадай алғаш жауған ақша қарда ау тиеген шананың төс темірі ұлпа қарды сыр-сыр тіліп, жортып бара жатар еді-ау! Балықшы өмірінің о да бір сәні екен гой!

Канторға кірер алдында ұйқыда жатқан ауылға тағы көз тастады. Тек көшенің қарсы бетіндегі қонақ келген үйге қарамай, көзін алып қаша берді. Ауылдың әрегірек жеріндегі үйдің қорасынан ит үрді. Сен ішке кіргенде, хатшы қыздың да келгені сол болса керек. Үсті-басын дұрыстап та үлгермепті. Сен кабинетіңе кірдің де, есікті жауып алдың. Ештеңеге қолың бармады. Не істеріңді білмей, құлазыған кабинеттің көлеңке үйірілген қабырғаларына қарап, ала көзің адасып отырсың.

Дүние қалай тез өзгерді. Әнебір жылдарда осы жаман кабинетке кісі-қара құлқын сәріден толып кетпеуші ме еді? Жүзін жел қаққан жылтыр қара кісілер алдын босатпайтын. Өздерінің теңіз үстіндегі дарқандығына басып дабырлап бірі кіріп, бірі шығып жататын. Бірінің анасы, бірінің мынасы жетіспей, жас басқарманы жағадан алып, ал тентектері стол сабалап тұрып алатын. Солар қайда? Жер жұтты ма? Қайда-а? Қайда-а?! Өзі де кенет "қайда" деп айқай салғысы кеп кетті. Қан шапшыған басын қос шекелігінен қыса қалды. Тым құрыса, әлде бір папканы бауырына қысып, үстіне именшектеп кіретін ұялшақ қыз қайда? Ол құрғырға не болды?

Кнопкаға қол созды. Дағдылы тұсынан таба алмай, сипалап қалды. Мына бір түймедей нәрсені саусақ ұшы тиген бойда езіп жібергісі келгендей, бармағымен нығырлап басып-басып қалып еді, ана жақта шар-шар еткен қоңыраудан үргедек қыздың қайткенін қайдам, бұл селк етті. Қате істегенін білді. Елеңдеп есікке қарағанша болмай, аржақтан қыз да көрінді. Сен есік алдында жанары жаутаңдап тұрған қара торы қыздан қысылып:

– Айналайын... Қағаз... Қағаздар жоқ па?– дедің ақырын.

Қыз басын иді. Іле-шала қайта келгенде қолына қарны қабақтай сары папка ұстай кірді.

– Ке-шір... айналайын.

Қыз үндемеді. Тек шығар жерде сәл іркілді. Сосын, қысылған бойын қайда қоярға білмей, сасқалақтап қалған ірі қара кісіге таңдана қарады. Бетін ары бұра бере, әлденеге сәл жымиғандай болды. Оңаша қалғасын папканы ашты. Бұндағы қағаздың негізгі дені қоныс аудармақ болған балықшылардың арызы екен. Өздері – он үй. Көбі өзімен бала күннен бірге өскен қатар-құрбы жігіттер. Кешегі заманда әкесімен бірге қанжығалас болып, кәрі теңізге қара қайықты қатар салған бірнеше қартты да көріп отырған... Осы кезде есік ашылды. Бұл басын көтерген жоқ. Қалың киімді біреулер кірді. Тақтай еденді дүңк-дүңк басып келді де, үш аяқ алдына кеп тоқтады. Тізеден төменгі жағын көріп отыр. Үшеуінің де аяғында қонышы қара саннан келетін балықшы етік. Басын көтеріп қарамаса да, ортадағы кісінің шеткі екеуден әлдеқайда әлдеменді, ірі екенін аяғындағы ұрты ақ жемденген жайын ауыз етіктің репетіне қарап біліп отыр.

– Иә, жезде... ертелетіп жүрсіңдер ғой.

– Жәдігержан, сен де қолға түсе бермейсің. Тыным көрмей, тыртақтап жүресің...

– Ал, отырыңдар! Сөйлесейік.

– Рахмет, шырағым. Уақытыңды алып қайтеміз, саған қағаз тастап кетейік деп...

Ортадағы бөрене аяқ ілгері бір басты. Қасындағы екі серігі де бөрене аяқтың істегенін істеп, бір-бір аттап столға мінбелеп тоқтады. Өмір бойы ескек қажаған күректей-күректей қолдар бірінен соң бірі ілгері созылып, жең арасынан бір-бір жапырақ қағаз тастады. Бұл алдына жалп-жалп түскен үш жапырақ қағазға қол созбай, көзінің астымен қарап отыр. Бұнда не жазылғанын біледі. Осы үш шал бұдан бұрын да келген. Алғашқы келгенде: "бұл Арал баяғы ата-бабалар заманында талай тартылып, талай тасыпты. Осы жолы да аңысын аңдап көрелік. Кім біледі, Құдай оңдап су көтеріліп, кәрі Арал баяғы қалпына қайтып келер",– деп үш шалды алдарқатып жіберген. Олар соған мәз боп: "айтқаның келсін, шырағым. Жақсы сөз – жарым ырыс",– деп, жоқтан жұбаныш тауып кетіп еді. Екінші рет келгендерінде де: "сонау шалғайдан ұлы Сібір өзенін Аралға бұрғалы жатыр",– деп, аңқау шалдарды алдарқатып, шығарып салған еді. Енді, міне... сол үшеуі тағы келді. Салмақты тағы да саған салып, алдында үнсіз түр. Бұларға енді не сылтау айтады?

– Жәдігержан, біздің сөзіміз осы қағазда айтылған. Аржағын өзің ойларсың.

– Жарайды, жезде, ойланайық.

– Мақұл шырағым. Ойлан.

– Хабарын кешіктірмеспін...

– Жақсы, Жәдігержан.

Қарт балықшылар шыққан есік іле-шала қайта ашылып, ішке жып беріп Сары Шая кірді. Аптығып кеткен. Жаңа есіктен емпелеңдеп кіріп келе жатып, басынан бөркін жұлып алған-ды. Ақ құйқа бастың бөрік астында пысынаған төбесінен бу бұрқырап қоя берді.

– Айналайын, Жәдігержан,– деп ол әлденеге көңілін тоқтата алмай кемсең-кемсең еткені. "Бұған не боп қалды?"– деп ойлағанша, Сары Шая сөйлеп кетті.– Бізге қарағанда саған менен жақын ешкім жоқ. Біле білсең, мен, айналайын, саған әке орнына – әке, аға орнына – ағамын. Ия, ия, қалқам... Жалғыз жанашырыңмын...

Қарғыс атқырдың түрі қандай нашар: анада қара шалдың аузында кеткен құлақтың орны тып-типыл боп бүрісіп қапты. Тек екінші жақтағы сыңар құлағы әлде бір дыбыс тосқандай, ілгері қарай ұмсына түсіпті. Сорлының басы да бас емес, қасы да қас емес екен. Қас орнында жидіген мес жүніндей сұйқылтым бірдеңе сарғаяды. Соның бәрін жаңа көргендей, сен жақтырмай тыжырынып отырсың. Сары Шая енді мүләйімси жыламсырап:

– Сен ағаңның қай сөзіне құлақ асып едің. Айтпасам екен-ау... Айттым ғой. Баяғы ата-бабаң: "Қатынға сенбе, суға сүйенбе,"–деп қақсап кетпеп пе еді? Қатын – жау! Сырттағы жау көзге көрініп келсе, қатын... Ойбай-ау, бұл қатын қойныңда құшақтасып жатып құртады ғой. Құртты ғой. Құрыдым ғой, құрыдым ғой, ойбай! Ойбай!– деп еңіреп жіберді.

Кәдімгідей дауыс салып, өз басын өзі сабалап еңіреп қоя бергенде, аза бойың қаза болғаны. Әрине, ағаңның байбалам сала келгендегі аржақ есебі белгілі: "айтқанына көне бермейтін томырық інісін қазіргідей еркек намысы қорланып күйіп тұрғанда шабына шоқ тастап, ширықтыра түспек. Ширыққан інісін ноқталы баспақтай жетелеп алып, өзінің әдеттегі машығына басып, рушыл, жікшіл жол-жораның ізіне салып бағады. Келесі сөзінде, шынында да, сүйтті:

– Бұрынғылар "боқ болсаң да, көп бол" демеп пе еді? Мыналар бізге көптігін істеп отыр. Бізді көп бидай ішіндегі жалғыз арпадай тұншықтырмақ. Басқамызды қойып, олар енді сенің қойныңдағы қатыныңды тартып әкеткелі жатыр. Бұрынғы ата-баба жесір дауы, жер дауы үшін жанын беретін. Қырғын салатын, қан төгетін. Ой-бай, інім-ау, бұл тұрысың не тұрыс? Енеңді ұрайын-ау, еркек емессің бе? Ер намысы қайда? Ал жарайды, ер намысын сен аяққа бассаң бас, бірақ ру намысына жан пида деп айқайлап шықпайсың ба? Халқың, әне!.. Сыртта жиналып әзір тұр. Жаңа үй жағалап жүріп, өзіңе қарағанның бәрін жиып әкелдім. Тек, баста! Басташы бізді!

Әдеттегідей, ағасының бір сөзін тыңдап, бір сөзін тыңдамағасын ба, көбіне оның жалпылдаған аузын көрді. Безеңдеген тілін көрді.Түбін құрт жеген тісін көрді. Сөйлеген сайын жанары шоқтана түскен сап-сары бажбық көзін көрді. Ал шанаш бетте сақал да, мұрт та жоқ. Тек әр жер-әр жерде сілті жаққандай жидіңкі қылтанақтар тікірейеді. Сөйлеп тұрып әлдекімге зәр төгіп, кіжініп-кіжініп қалып еді, шанаш беттегі әлгі қылтанақтар тіріліп, айбат шеккен әлдебір мақұлықтың кісі шағатын улы тіліндей мынаның да тілі зәр шашып безеңдей ме? Мынау, шынында да, адам емес, у-зәрін тілінің ұшына жиып алып тұрған шаян сияқтанып кетті. Баяғыда ұлы ақынның әлгі бір аза бойы қаза болатын "беті – адам, көті – шаян" осы емес пе?

– Жо-ғал!

– А-а?

– Жоғал! Жоғал деп тұрмын саған!

– Ә, жоғал дедің бе? Хи-хи...

Кету орнына, Сары Шая жанында тұрған орындыққа жайғасып отырып алды.

– Сүйдеп шын айттың ба, қалқам?

– Өй, Сар-ы шаян.

– Е, бәрекелді. Дегендей. Жаман ағаңды бұл халық "Сары Шая" дейтін, сен "Сары Шаян" дедің бе? Хи-хи-хи... Жетістірдің, қалқам,– деді Сары Шая. Зілсіз, зығырсыз, жайбарақат айтты. Есесіне сен теріңе симай долданып тұрсың. Дүлей ашудан дір-дір етіп, жұдырығыңды зәрлене түйіп алғансың-ды. Оны өзің сезбесең де, Сары Шая көріп, көз қиығын жеңіңнен шығып тұрған шойындай қара жұдырыққа тастады.

– Қалқам-ау, мынау қара гүрзі ғой,– деп жұдырығыңды салмақтап ұстап,– сен тек бұны жұмсайтын жерін білмей тұрсың,– деп, қиқ етіп күліп жіберді.

Жұдырығыңды жеңіңе тартып алдың. Сол арада сен мына шанаш бетіне мысқыл шаптырып, шықылықтап күліп тұрған туысыңның тұла бойы толған жамандық екенін ғана ойлағансың-ды. Бұл ауылдағы бүлік тек осыдан шығып, онсыз да берекеті кетіп отырған елді аздырып, үй мен үйді, ру мен руды, туыс пен туысты қырық пышақ қып қырылыстырып біткенін ойлағанда, өзіңді ұстай алмай, Сары Шаяға тап бердің.

– Әй, әй!.. Мына ит.. Қара бет, қайтеді? Ойбай, ойбай, ағасына қол көтеріп...

Сен енді Сары Шаяның ит талаған мысықтай шаршар еткеніне де қарамадың. Қашанғыдан қаныңды қайнатып біткен тұла бойыңдағы дүлей ашу мен ызаны, қыжыл-кекті шойын қара жұдырыққа жиып алдың да, басқа, көзге былш-былш ұра бастадың. Кенет Сары Шаяның мұрны қанады. Жаңа ғана шар-шар етіп жатқан Сары Шая мұрнынан сау еткен қанды көрді де, әлденеге алақанымен бетіне жағып-жағып жіберді. Сүйтті де, үні өше қалды. Неге бүйткенін білген жоқсың. Оны енді бұрышқа тығып қойып, қан-қан бетіне, ежірейген бажбық көзіне, дыбыс шығармай тістеніп алған аузы-басына аямай соғып жатсың, соғып жатсың...

Үстіңе біреу кіргендей болды. "Ағатайлаған" қыз дауысы құлағыңа келді. "Ұят қой" деген сияқтанды. Қайта-қайта қолыңа жабыса бергесін қызды итеріп жібердің. Оны өзің білген жоқсың. Тек жаңа, тап жаңа бір ол жағыңа, бір бұл жағыңа шығып шыр-шырлап жүрген қыз даусы кенет тыйыла қалғанына таңданып, жалт қарап едің, хатшы қыз сырт айналып, иығының басы селк-селк етіп жылап тұр екен. Сары Шаяны итеріп жіберіп, сыртқа ата жөнелгенсің-ді. Шығар жерде қарсы келген біреу кеудеңнен тіреп, тұра қалды.

– Жолдас-с, бұның қалай?– деді парторг сенің алау-далау үсті-басыңа, өрт сөндіргендей қап-қара кескініңе сыздана қарап, басын шайқап.– Калхоз мүшесін сабап... Қан жоса қып. Жолдас, бұл сұмдық! Масқара! Коммуниске жат қылық...

– Әуелі... істің мән-жайын біліп...

– Жо-жоқ, жолдас... білетін ештеңесі жоқ. Бұны біз... Ескертем, бұны елеусіз қалдыруға болмайды. Бізде де бас екеу емес.

– Ну и... к чер...

Құдай оңдап, әйтеуір, өзіңді дер кезінде ұстап қалдың. Парторг ашулы сөздің аржағын айтсын дегендей әдейі тосып тұрды да, бірақ сенің дыбыс шығармай тістеніп алған түріңді көріп:

– Мына халық не? Бұларды неге жидың?– деді.

– Қайдағы халық?

– Білмейсің, ә?!

Түкке түсінген жоқсың. Бірақ жүрегі бір сұмдықты сезіп сыртқа парторгтан бұрынырақ жүгіріп шықты. Сүйтсе... О, масқара! Масқара! Әлгінде "Сары Шаяның "халқың жиылып тұр" деген сөзіне мән берген жоқ-ты. Енді қараса, шынында да, есік алды иін тірескен халық. Бәрі бұның өзіне қараған жанашыр жақын-жуықтар. Көбі Жақайым руының бас көтерер жігіттері. Бәрі түнеріп алған. Қайсы бір ұрда жық ожар жігіттер төбелеске шыныменен бел байлап сайланып шыққандай, білегін сыбанып алыпты. Бір-бір сырғауыл, сойылды сығымдап ұстап апты.

– Сендерге не керек? Неге тұрсыңдар?– дедің ақырып.

Сары Иван мен Көткеншек Көшен ілгері шықты.

– Жәдігер қарағым... бүгінгідей басыңа іс түсіп тұрғанда, мына халқың...

– О, қырттар! Қырт-тар! Кәне, қараларыңды батырыңдар!.. Жоғалыңдар! Жо-ғал!..

Дәл қазір есінде жоқ. Қанталаған көз түк көрмей кетті. Сол арада біреудің қолындағы қамшыны жұлып алғаны ғана есінде.

– Жоғалыңдар! Қараларыңды батырыңдар!– деп ақырып, әркімге бір тап беріпті. Ешкімнің беті-жүзіне қарамай, үлкенге де, кішіге де қамшы сілтеп, оң келгенін оң, сол келгенін сол ұрыпты. Жұртта ес-түс қалмаған. Әншейінде жер қозғалса қозғалмайтын жігіттің енді қазір құдды жын ұрғандай ала көзі ақиып, бет-аузы қисайып кеткен. Жұртта зәре қалған жоқ.

– Мына сорлыға бірдеңе болған шығар?

– Сау емес.

–Жазым ғып тастар... Ойбай, жүр! Жүр, кетейік!

– Қашыңдар!

– Иә, кетейік!– деп жұрт бықпырт тигендей, бет-бетіне безіп бара жатты. Сары Иван мен Көткеншек Көшен де қашқан кісілердің арасында саған қайта-қайта жалтақтап қарап, ықтап барады. Тек шофер бала тұрған орнынан тапжылған жоқ. Қолында машинаны бұрайтын темір. Жаман машинаның астынан жаңа ғана шыққаны көрініп тұр. Беті-аузы, басындағы жыпырайған кепка мен үстіндегі киімі май-май.

– Ой, күлді-күйелеш ит!

Бұған да тап берді. Қамшымен шолақ шалбардың балағынан сидиып шығып тұрған сирағын дәл қызыл тобықтан остырта тартып-тартып жіберіп еді. Шофер былқ етпеді. Сен қамшыны қайта көтеріп алсаң да, бірақ қайтеріңді білмей, қолың ауада асылып тұрып қалды.

– Кет! Жоғал!

Шофердің көзінен жас мөлт етті. Қаһарлана көтерген қолың сылқ етіп түсіп кетті. Қамшыны лақтырып жібердің де, парторг осы араға әкеп байлаған торы төбелге қарғып міндің.

– Әй, жолдас, тоқта! Қайда барасың? Сөйлесуіміз керек.

Aт тізгінін қолыңа жиып алам дегенше, қасыңа қапталдасып келіп қалған парторгке бұрылдың:

– Теңізге барып, мұзға балықшыларды шығаруға бола ма, жоқ па көріп қайтам,– дедің де, атты тебініп жүріп кеттің.

– Мұз әлсіз ғой. Балықшыларды мұзға бүгін-ертең шығаруға болмайды. Тек айналма, тез орал!– деді парторг соңыңнан дауыстап...

Сен жуық арада орала қоймасыңды білдің. Ауыл алдындағы қара жардың құлауынан қиялай түсіп, торы атты жағаға тұсап қалдырған едің де, аржағына жаяулап кеткен едің-ау. Түнде жауған көбік қар ақырын алған аяқ астында сықыр-сықыр. Жапан түзге шыққасын да Сары Шая есінен бір сәт шықпай, шарылдап аяғына оралып жатқандай. Ширыққан жүйкең онан сайын шиыршық атып, сен енді ауыр етік киген аяғыңды арпаң-тарпаңдап жеделдете басқансың-ды, ішің өртеніп барады. Тұла бойыңды кернеген ыза ашу былайғы кездегі сылбыр ізіне жан бітіріп ақ қарды арбаңдап басқан ізіңді тағы да іздеп таптың. Таптың да, міне, тағы да көзіңді ала алмай арбалып тұрсың. Апырау, бүгін бұған не болды? Неге із ойын баурап алды? Сондай-ақ, теңіздің арғы-бергі бетінде бұның талай ізі жосылып жатқан жоқ па? Солардың біріне назар аудармай келіп, мына із көңілі мен көзін арбап, бұған неге осынша мән, мағына беріп әлек боп тұр? Бұнда не сыр бар? Фәни жалғанға келген, кеткен жалғыз бұл ма екен? Бұнан бұрынғылар да өзінен кейінгі ұрпақтан ілтифат, ықылас дәметіп, олар да артына із қалдырмаушы ма еді. Сонда олар да соңыра тау кезіп, таспен тілдесіп жүретін әне бір жүн бет әпенде жігіттер бір кез Бел-Аранға душар келіп, назарына ілігер деген есек дәме ме? Солай ма? Сол ой бұның да мазасын алып тұр ма? Әй, қайдам... Баяғыда дүние ауғандар мен дүниеде дүбір салып жүргендердің арасы үзілмей, ұрпақ пен ұрпақты, дәуір мен дәуірді бір-біріне жалғастырып келе жатқан түптің түбіндегі күре тамыр – осы із емес пе? Бәсе, солай ғой! Әлгі бет аузы жүн-жүн әпенде балалар... Сол қарақтарым тау кезіп жүріп Бел-Аранның бауырынан тұла бойын қына басқан әлдебір көк тасқа тіл бітіріп, бұлардың да дәуірін сөйлететін болар-ау! Сонда жер бетіндегі мың, миллион іздің ішінен бұлардың ізін де табар ма екен?

Жәдігер мырс етті. Ызалы ащы мысқыл бетіндегі бар-бар түктері боз қырауланып алған сұп-сұр өңінен көпке дейін айықпады. "Омай!.. Омай шіркін,– деді өзін-өзі мысқылдап.– Өмірінде түк бітірмей, бір тұтам өмірді пұшайманмен өткізген неменің дәмесін қарай көр!".

Жәдігер көзін ізден алған жоқ. Шар-шар еткен Сары Шаяның даусы да бір алыстап, бір жақындап құлағын шағып тұрып алды. Төбелес үстінде аңғармаған бір нәрсе есіне осы арада түсті. Шар-шар етіп жатқан Сары Шая қанды көргенде үні неге кілт өшті. Ол неге сол арада мұрнының қанын бетіне алақанымен үйкеп жағып-жағып жібере салды да, Жәдігердің онсыз да кіжіне сілтеп жатқан шойын қара жұдырығына өзі қарсы ұмтылып, аузын, мұрнын тосты? Көзін тосты. Неге үйтті? Бәсе, онысы не? Өзіңдей кісіден қызыл ала қан боп таяқ жегеніне қорланып, қолында өлгісі келген көкбеттік пе? Әлде, тоқта!.. Иә, иә... Ой, сұм-ай... Көз шықса, мұрын бұзылса, тіс сынса, соңыра сотқа барғанда мойын бұрғызбайтын факті екен-ау! Соны көздеген екен-ау! Бұл оның кісіні су түбіне батырмақ болғанда істейтін тәсілі екен ғой!

Апыр-ай, мына Сары Шая, шынында да, сары шаян боп шықты-ау. Өлімге басын тіккенде өзін-өзі шағатын кәдімгі сары шаян. Көре қал, ол енді бұның соңына шырақ алып түседі. Құдай біледі, ол ғой, қазір қалтасын актіге толтырып алып, ауданға шапты. Сотқа, прокурорға... Сосын, салып ұрып Қозы Қарынның өзіне баратын болар? Ал, барды: қаралайтын қағаздарды алдына жайып салды. Сонда анау кәйтер екен? Қолын қарнының үстіне тарақтап алып, Сары Шаяға кілмек көзі күлімсірей қарап: "Маладес!.. Маладес!" дер ме екен?..

Көре қал, Сары Шая ауданнан ештеңе шығара алмаса, облысқа шабады. Облыстан шықпаса, онан жоғарыға барады. Аяғы жеткен жердің бәріне барып, бұның үстіне бәле-жәлені үйіп-төгеді-ау! Сосын, елге қайтып келгесін кісі басы құралған жерде қиқ-қиқ күліп: "Інім болса қайтейін. Тура биде туған жоқ. Жаман неме жетекке жүрмеді. Онымен де қоймай, маған текешік қылам деді. Сосын қайтейін, шірік немені су түбіне батырдым да жібердім. Менімен ойнамаңдар. Менімен ойнасаң, бәріңді де осылай, су түбіне батырам",– деп жұртқа көрсеткен қоқан-лоқысы-ау ол сұмырайдың?

Иә, бұл бүгін Сары Шая салған лаңнан кейін үйге сыймады. Ыза мен намыс өртеп бара жатқасын тор атқа қарғып мініп, теңізге бет қойып тартып кеткенде, ауыл үйдің сыпсыңы мен сықсыңынан ғана аулақ болғысы келген жоқ-ты. Бәрінен бұрын ойраны шыққан от басында жүйкесі құрып отырып қалған кәрі ананың жүзін көру аса қиын соққан-ды. Атты жағада тұсап қалдырып, ал өзі балықшы ауылдың бет алдында жаңа қатқан жас мұздың кісі көтеретін жеріне дейін барған еді де, тоқтаған еді ғой. Сол арадан әлі тырп еткен жоқ; ықсыз, панасыз ашық теңіз үстінде күні бойы екі аяғынан сарсылып тұра-тұра уақыт өткізе алмай азапқа түсті.

Сағаты үйде қапты. Уақыттың қай шама болғанын біле алмай, қайта-қайта аспанға қарады. Қанша қараса да... Жасаған-ау, қысқы күннің қысқа болатыны қайда? Әдетте, теңізге шыққан балықшы мұз астындағы бір-екі тартым ауды қарап шыққанша қысқы күн шыбыш ешкі құйрығындай шолтаң ете қалмаушы ма еді? Ертеден бері бір орында табанынан тозып тұра-тұра шыдамы таусылған бір кезде қалжыраған көздің жанарын жиып көкке қарап еді, әлгінде еңкейіп бесіндікке барып қалған күн әлі де сол орнында тапжылмай тұрып апты. Күндізгі суық сұр бұлт қазір көк жүзін қалыңдап басып, тұтаса бастапты. Қиыршық қатты қар қыламықтай түсті де, кенет сап боп тиыла қалды. Жәдігер үйге қайтқысы келді. Ойраны шыққан от басын, шынашақтай сырқат баласын, карт анасын ойлап мазасыздана бастады. Анасы қайратты еді. Ана жылы соғыста қаза тапқан үш баласы мен бір аяғын оққа жұлғызып кеп, көп кідірмей қайтыс болтан шалын жерлегенде де белін қайғыға бере қоймаған-ды. Әсіресе, балалардың алдында қабағына қайғы жолатпай, бұрынғысындай жарқылдап жүрсе де, екі жыл шалын қатты іздеді. Әсіресе, алғашқы жылы балаларына білдірмей, қараша іңгеннің ботасын қараған боп күнде-күнде ауыл сыртындағы қорымға баратын. Көп моланың шет жағында шөккен нардай жоны күдірейіп жатқан жас бейіттің құбыла бетіне жантая қисаятын. Сосын мынау әлдеқашан тәні топырақ боп кеткен өлік емес, құдды көк теңізде балық аулап титығы құрып кеп, енді көз іліндіріп алайын деп жамылғы астында бүркеніп жатқан кешегі қара шалына үй ішінің әдеттегі тірлігін сыр ғып айтқандай, томпайған топырақты алақанымен сипап отырып әңгіме шертетін. Сонда ол: "шалым-ау, жатсың ба?" дейтін. Қажыңқы даусын сонан кейін де көтермей, шалының көзі тірісінде келін-бала үйде жоқта, оңашада, от басында екеуара шай ішіп отырғандағы жайбарақат әуенмен әңгімені сонан ары соза түсер еді; сонда ол: "күйеудегі қыздарың аман. Шүкір, ел қатарлы біреуден кем, біреуден артық өмір сүріп жатыр. Ал жалғыз бала... Есіңде ме, ылғи да бір жаққа жолға шығып кеткенде, сол шіркінді сен бір сәт ойыңнан шығармай; "е, Құдай, жалғыздың жанына жамандық бере көрме" деп сыртынан тілегін тілеп жүретін жаман қараң ... о да, шүкір, аман. Теңіздің арғы бетінде қостанып балық аулап жүр. Басқа өзгеріс жоқ. Айтпақшы, ұмытып барам екен. Қараша інген суалады-ау деймін. Ботасын баурына жолатпай қойды..." деп дүние салғанына бір жыл болған шалына от басының күнделік жаңалығын айтып, іштегі шерін тарқатып қайтатын.

Ал кеше шалының көзі тіріде бұлардың арасында да әртүрлі жағдай болатын. Әдетте, шүйкедей қара кемпірден балалар ғана емес, көзі тіріде әкесі де айтқанын істеп, ығын алып отыратын. Үй ішінде әлде бір шаруаның шеті шыға қалса, әкесі марқұм «анаңмен ақылдас" деп, от басының билігінен өзі сыртқары қала беретін. Қой аузынан шөп алмайтын сол жуас әке бір жолы... Тоқта... Сол өзі қалай болып еді? Ертеңгі шай үстінде әкесі мен шешесі тілге кеп қалды. Бұл оған мән бере қойған жоқ. Үйткені, болмашы бірдеңеден басталған кикілжіңнің аяғы ушығады екен, дастархан жиналып сыртқа шыққасын тіріде ұмытылмастай ыңғайсыз оқиғаға айналады екен деп, бұл өз басы, сірә да, ойлаған емес-ті. Сыртқа шыққасын әкесінің іштегі реніші үдеп, ақыр аяғында ызаға, ашуға айналды.

Ал шалының ашуы анасының кәперіне кіріп шыққан жоқ. Қараша іңгеннің былтыр жазда күзеп алған балақ жүнін қолына ұстай шыққан-ды. Күншуаққа төсеген тері тулаққа отырды да, дорбадағы жүнді саусағы жыпылдап түтіп отыра берді. Әкесінің жынына тиген де сол болды. Кемпіріне жетіп барып, қаһарын төгіп, қалш-қалш етіп тұрған сияқты еді; Жәдігер оның қолындағы қамшыны көтеріп алғанын байқамай қалды. Есін енді жиям дегенше қамшы сартылдап ала жөнелді. Жәдігер атылып барды да, әкенің қолынан қамшыны жұлып алды. Ажырая қараған әкеге бұ да дір-дір етіп, қос қолымен кеудесінен тіреп тұрғанын кейін білді. Онда да жетіп келген анасы ақырып:

– Ой, қара бет! Тарт қолыңды шалымнан,– деп жағынан тартып жібергенде, бұ да есін жиған-ды. Сүйтсе, анасы қамшы ұшырып түсірген қақыра жаулыққа да қарамай, атып тұрып әке мен бала арасына кимелеп тұра қалған екен.

– Өзі... өзі неге... Сені...– деді бұл міңгірлеп.

– Ой, күшік! Тісі шықса, ала күшік атасын талайтын. Сен ақымақ маған шалымнан жақын болмақсың ба? Тұтақ?!..

– Апа-ау...

– Тәйт арман. Тыңдамаймын. Бүгін атасын жағадан алған бала, ертең анасын шашынан сүйремесіне кім кепіл. Кет! Жоғал, көзіме көрінбе!

Сонан қашан әкесі көз жұмғанша, бұл оның бетіне қарай алмай, ұяттан беті күйіп жүрген-ді. Ертедегі қазақтың білмегені бір басына жететін шығар-ау. Бірақ сол аруағыңнан айналайындардың ата-ананы, әрілесе исі үлкенді силап, өзінен кейінгі ұрпақты инабаттылық пен имандылыққа тәрбиелеген сол қасиетін, әттең дүние-ай,мына имансыздар ұмытып барады-ау.

* * *

Жәдігердің үйге қайтқысы кеп тұр. От басына түскен қиындық қанша ауыр болса да, анасын жалғыз қалдырмай, қасында бірге болғысы келді. Алды-артында не ық, не пана жоқ аңыраған ашық теңіз үстінде күні ұзын екі аяқтан сарсылып тұра-тұра жілігі де жеміріліп барады. Ертеден бері иттей талап жатқан мына ашқарақ ойлардан да зықы кетіп болды. Жалғыз кісіге жер бетіндегі пәленің бәрі үйір ме? Күні бойы қай-қайдағы ой қамап, құдды ит бауырынан өрген күшіктей қыңсылап, ұлып, бұл сорлының жанын шығарып, жабылып талап жатыр, талап жатыр. Өздері неткен ызалы! Бұрын да бұндай ой да, уайым да бір басына жететін. Бүгін тіпті өріп кетті. Тұла бойында тіс тимеген сау тамтық қалмады. Бір удай ащы тырнақ бұның ауырып тұрған жерін тағы да қанын ағыза осып алады. Көкірегі құрғыр ана жақта астаң-кестеңі шыққан үйді сезіп тұр. Топырлап кіріп-шығып жатқан түсі суық кісілерді де көретін сияқты. Құдай біледі, қарт ана өзінің пеш түбіндегі дағдылы орнында ауру немересін бауырына қысып тырп етпей, тістеніп алған болар-ау! Мына астаң-кестеңмен тіпті ісі жоқ. Топырлап кіріп-шығып жатқан түсі суық кісілерді де көзіне ілмей, қақыра жаулық қайқайып тіп-тік боп алмады дейсің бе? Тек бауырындағы немеренің үйге келген лаңнан есі шығып кеткен.

Бүгін азаннан бері үй ішіндегі дүние-мүлікті әлдебіреулер құшақтап, екеу-екеуден қолдасып көтеріп әкетіп жатқан абыр-сабырға ақыл-есі кеміс сорлы бала... балапаны үрейлене қарап, өкіріп жылап жіберуге бата алмай дір-дір етіп отыр ма, кім білсін? Әрине, олар шүйкедей кемпір мен шынашақтай баланы қайтсін. Дабырлап, даурыға сөйлейді. Дүрсілдеп кіреді. Көп бөлмелі үйдің әр есігін сарт-сұрт ашып, іштегі жиһазды жау тигендей сыртқа алып шығып, машинаға тиеп астаң-кестең қып жатқанда кәрі қақсал оларға ана жақтан әмір беріп сөйлеп келе жатады. Үлкен бөлменің бір қабырғасын тұтас алып жатқан кілемді нұсқап: "бұны да алыңдар! Бұл Еңбек Озатына бес жылдық жоспарды үш жылда орындағаны үшін сыйға берген жүлде емес, өзіміз алған дүние",– деді-ау? Иә, сүйдеді. Кәрі қақсалдың басқаша деуі мүмкін емес.

Апырай, анасы пақыр бұл қорлыққа қалай шыдады екен? Әрине, өркөкірек ана ұрынарға қара таппай тепсініп жүрген көк айыл қақсалды қайтсін. Көзіне де ілмеген шығар. Бір сөзін жүрегіне дарытпай, өзінің өрлігі мен ірілігіне басып тас түйін боп бекіп алмады дейсің бе? Өзі білетін анасы болса, ақиқат сүйтті. Сосын, салғыласқан қатын ұрыстан бойын аулақ ұстайтын айналайын ақ анасы сыртына шығарып айтпаса да, ішінен: "осы үйдегінің түгін қалдырмай түгел ал! Сыпырып әкет!"– деді ғой. Сосын тағы да ішінен: "боқ дүниенің әуселесі белгілі еді ғой. Біз түгіл, айналайын ата-бабаның тістесіп жиған дүние – мүлкі бір ұрпаққа бұйырмай, кезенген жаудың жетегі мен қанжығасында кетпеп пе еді?" деді ғой. Онан кеше, балшевек балалардың заманында қатын-баланы аз ғана малдың ағымен алдап, қоңымен күнелтіп, үстінен жонып жеп отырған елдің тышқақ лағына дейін сыпырып әкетпеді ме? Сол жылы қырда қыс қатты болып еді ғой. Малынан айрылған халық қара суық ұрған қара шыбындай қырылмап па еді? Ту-ту, баяғы ақтабан шұбырынды басына қайта туған бишара халық қыстың көзі қырауда мына жағы Ресейге, ана жағы Қытайға боспады ма? Ызғырық боранда аштан, суықтан қырылған қатын-бала, кәрі-жас қақпағымен қырылып жатқанда, сол жарықтықтардың керек десе, сүйегі де көмусіз қалмап па еді? Сонда осы адыра қалғыр боқ дүние аш халыққа жүрек жалғар не ас болуға, не көмусіз қалған қарақтарыма кебін болуға жарап па еді? О, дариға!.. Заманында бұлғақтаған қазақтың талай боздағының түндігі ашусыз қалған ақ ордаларда сол адыра қалғыр боқ дүние – қалы кілем, құндыз ішік, түлкі ішік, қасқыр ішік, жиһаз-мүлік жинауымен қалмап па еді? Ұзататын қыздың жасауы, жаңа түскен жас келіншектің өзімен келген дүние-мүлік босқан елдің жұртында көзден біp-6ip ұшып қалып бара жатқанда... ой, дүние-ай, күңіренген сорлылар: "алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен" деп, өзінен кейінгі ұрпаққа зарын қалдырып кетпеп пе еді?

Тек жарықтық теңіз ғой бұлардың жанын сақтап қалған. Өзен жағалағандардың өзегі талған жоқ. Ал атты кісі араға үш қонып баратын мына тұрған Шалқар, Ырғыз қара шыбындай қырылды ғой. Жәдігержанның әкесінің Шалқарда тұратын жалғыз інісі үй іші толған бала еді; содан тек біреу қалды емес пе? Жақсы жігіт еді. Бишара он балаға ас тауып бере алмай жаны қысылғанда үйдегі бетке ұстаған жалғыз кілемді көшеге алып шығып бір үзім нанға өткізе алмапты. Тарыққанда асыл дүние талшық болуға жарамағанда, аруағыңнан айналайын қайнысы әлгі қырмызы қызыл кілемді аяғымен тепкілеп-тепкілеп, табанына басып тұрып пышақпен паршалап турап-турап тастап еді. Бұл сол боқ дүние ғой. Кімнен қалмаған адыраға бола арымды төгем. Осы үйде кәдеге жараған тағы қандай жылтырақ бар. Түгін қалдырмай, түгел ал! Бәрін әкет! Үстімде мына қара шаңырақ қалқиып тұрса, қара бала аман болса, қара қазан үш мезгіл қайнаса, ендігі қалған тірлікке сол жетеді. Соған қанағат!..

Жәдігер көзінен мөлт-мөлт аққан жасты сүртпеді.

* * *

Жәдігер қырауытқан кірпік астынан ақ қарда шұбалып жатқан ізден көзін алмай, сүлесоқ қарап тұрды да, кенет мырс етті. Адам шіркін өмір бойы жоқтан жұбаныш іздеп, өзін-өзі алдаумен келеді. Бұ да бүгіндікке соңындағы мына ізден мағына, мән таппақ боп әлек. Шынында, бұнда не мағына болуы мүмкін? Итыржыңмен өткен өмір сияқты мына із де мықтағанда бүгін, не ертең жауған бір қар, бір үрлеген боранмен көміледі де қалады. Өзінің де осы ізден артықшылығы шамалы. Арпалыста өткен мына ит жегір өмірдің ақырғы демі ертең бітіп, қара жердің қойнына қалай кірді, солай борасын қар астында көмілген әлгі із сияқты сен де зым-зия жоқсың.

Жә, сонда адам өмірінің мәні неде? Егер жарық дүниеге шыр етіп келген әр пенде өз тірлігінің ақыры бір жауған қар, бір бораған топырақпен көміліп қалатын із сияқты кемді күн көңіл алдар бірдеңе болса... Тоқта!.. Сонда, бәтір-ау, адам байқұсқа жарық көрудің қажеті қанша? Ана сорлы жатырында ақ жұмыртқа, сары уызды тоғыз ай, тоғыз күн шайқап, толғақ азабын шегіп, тек ата-ана ғана емес, ағайын-тума, ауыл-аймақ жарық дүниеге тағы бір адам келді деп ел-жұрт боп қуануда қажет бар ма еді?

Жә, дүниеге адам келді екен. Жұрт қуанды екен. Ал ертең?... Соңырағы күн?.. Тірлікте татар дәм соңыра таусылғанда ше? Кеше туғаныңа қуанған халық ертең өлгеніңе аңырап, қара жамылып жатса... Кеше адам туған ана әлгінде ғана жанын көзіне келтірген толғақтың азабы есінен тарс шығып, ақ жаулықты алшысынан сап, аяқты алшаң-алшаң басып жұрт алдына шыққанда ғой, сол күні жер бетіне онан асқан бақытты жан бар ма еді? Енді сол ана соңырағы күні кеше дүниеге әкелген азаматты ысырат сапарына жөнелтіп, басына қара жамылып, аңырап бетін алып салғанда, мына жарық жалғанда онан асқан бақытсыз жан бола ма?

Тоқта! Тоқта, сонда жарық күннің арты қараңғы түн болса, бүгін туған кісі ертең өлу үшін дүниеге келсе, бүгінгі қуаныш ертең қара жамылар қайғының басы болса, осы адам кемді күнгі алдамшы жалғанға неге өлімін салады? Бүгін қолы жеткен болмашы бірдеңеге мәз боп бөркін аспанға атқан адам ертең әлдебір шаруасы ойлаған жерден шықпаса, құдды суы тартылған көлдей көңілі пәс бола қалатыны не? Неге сүйтеді? Не-ге?.. Жә, басқаны қайтесің... Сен өзің ше? Кеше балықшыларды ойға, қырға сүйрегенде, сенің де аржақ ойың белгілі еді ғой. Құдай құрамаған байлық пен барлыққа өліміңді сатып, Тәңірінің бермесін тартып алам дедің. Сүйтіп, Амударияның лай балығына қарық болдың. Сүйтіп, сенің Сырдариядағы қамау судың балығына қолың жетті. Іші-сыртың майланды. Ал, кәне, ойланшы. Соның бәрі кемді күн көңіл делбеу, өзіңді өзің алдарқату емес пе? Әне бір сахара шөлде қаны кеуіп, есінен танып құлаған кісінің өлі мен тірі арасында талықсып жатқанда түсінде мейірі қанып су ішкеніндей ғана алдамшы жұбаныш емес пе еді? Тіпті сол көзің тірідегі кемді-күнгі байлық пен барлықта, әрілесе басыңа қонған бақыт шіркін де әлгі бір тау басына айналған бұлттай, бір соққан дауыл, бір үрлеген желден қалмайтын түбі бос еді ғой. Соның бәрі мықтағанда байсыраған дозақы қатынның еркек исі аңқыған мәкіру төсекте бір аунап тұрған ләззатынан несі артық? Сен, міне, маңдайыңа жазған бір тұтам өміріңнің ақырғы қадамын аяғыңмен басып тұрсың. Басқаны қойғанда, арпалыспен өткен кешегі күндерден сенің жадыңда не қалды? Уысыңда ұстап қалған не бар?

Жәдігер күрсінді. Еркіне жіберсе, осы қазір еңіреп қоя беретін болғасын дыбысын шығармай тістеніп алған. Опасыз өмірдің өкініш пен күйігі көкірегін өртеп, у мен дерт іші бауырын жалап бара жатқанда, кәне, айтшы кім, қай пенде итше ұлымап еді?

Жәдігер тұла бойы тітіреп баратқанын байқады. Ол не? Сүйек-сүйегінен өтіп бара жатқан бүгінгі күннің суығы ма? Әлде өз басына таялған тықырды сезгені ме? Бірақ оны өзі білген жоқ еді.

* * *

Күн шұғыл кешкірді. Жәдігер бүгін ертеңгісін кеп тоқтаған жерден әлі тапжылған жоқ. Арты Бел-Аран. Оның аржағы – далиған Арал даласы. Алды өкірген теңіз. Теңіз бен даланың екі арасындағы жаңа қатқан жас мұздың кісі көтеретін жеріне етігінің тұмсығын тірей тоқтаған еді. Соның аржағы әлі қатпаған. Әншейінде шексіз көрінетін далиған дүниенің бұл қазір, таусылған жеріне кеп тұрғандай. Ақырғы ізі, міне, аяқ астына кеп жығылған. Осынау дүниеде не алға, не артқа басар жер қалмай, жолы таусылып тұрғандай.

Кәне, қайда барады? Кімге барады? Мына арқыраған, сарқырағанның аржағында адам аяқ басар ұлтарақтай жер бар ма? Оның аржағында, сірә, аспан, жер-су, ел-жұрт жоқтай. Баяғыда балықшы ауылдың қариялары осынау дүниеде өздерінің қолынан келмеген арманның небір асқағын әлдеқашан игілігіне айналдырып алған өнерлі ел-жұрт болар-ау деген ой басына кіріп-шықпай, екі көзді тарс жұмып алып жүрген кез бопты. Сонда олар құдіретті дегеннің бәрін көкте – Құдайға, қасиетті дегеннің бәрін жерде – Пайғамбарға теліпті. Сонда осы ауылдың қарияларына су пайғамбары Сүлеймен көңілі қаласа, көк теңізді қара жерше басып жүре беретіндей көрінетін.

Егер, Сүлейменнің сол киесі басына қонса, бұ да қазір көз алдында өкіріп жатқан мына кәрі теңіздің бір қиясын бетке ұстар еді де, әлгі сиқырлы аспанның ұшымен көк толқындардың шекесін тық-тық шертіп, көз көрмеске асып кетер еді; оған бірақ қолында киелі аса, қасында су пайғамбары Сүлеймен тұрған жоқ. Рас, балықшы ауылда Сүлеймен деген аппақ сақалы беліне түскен шал бар. Асасын қос қолдап қысып, күншуақта күрк-күрк жөтеліп отырғаны. Өмір бойы су кешсе де, басына су пайғамбары Сүлейменнің киесі қонбаған. Тірлікте тындырғаны – әр айдың аяғында пошташы баладан алатын бес-он тиын пенсия. Баяғыда әкесімен бірге теңіз кешіп, тор сүйретіпті дейді. Кім білсін, рас шығар. Ал, қазір... сәлем берсең, қолындағы асасын дір-дір еткен тізесінің арасына қыса салады. Сәлем берген кісінің қолынан тас қып ұстап алады да, түк есітпейтін керең құлағын аузыңа тақап: "А-а? Қаттырақ айт!"– деп, басыңды әлекке салады.

Адам байғұс Құдайдан өліп-өшіп өмір тілегенде, тірліктің ақырында пендесін жарылқаған сиқы жаңағы болса, онда ол бар болғырдың да берекеті шамалы болды.

Күрсінді. Өріп кеткен ой аш күшіктей жапан түзде жалғыз тұрған кісіге жан-жақтан ауыз сап, әлі де болса талап жатыр, талап жатыр.

Жел көтеріліпті. Аралдың құбылмалы ауа райының аяқ астынан бұзылатын әдеті. Айнала төңірек қапелімде түксиіп, көк жүзін суық қара бұлт басып келе жатқанын Жәдігер жаңа байқады. Қар жауа бастапты.

Бетінің ұшы тызылдап ашып бара жатқасын алақанымен уқалап жіберді. "Бұл кезде кететіндер кетіп болған шығар,"– деп ойлады. Жаңа қатқан мұздың көбесін жағалап, теңізбен кетсе, қарасы көрінер еді. Көзге түспегеніне қарағанда, сірә, қыр жолымен кетті ме екен? Сүйткен шығар, сірә.

* * *

Жәдігер ілгері жағына қайта-қайта көз тастап, желге қарсы омыраулап келеді. Күн шұғыл суытты. Аңыраған ашық теңіз үсті ұйқы-тұйқы. Жаға бір көрініп, бір жоғалып қарасы көзден үзіліп кетіп тұрған-ды. Кенет ілгері жақтан, Қара-Жардың құлауынан әлдене қылаң етті. Бұл не? Жағада жайылған мал ма? Әлде адам ба? Анықтап қарайын десе де, қарсы алдынан сабалап ұра бастаған қар мен жел көз аштырмай бара жатқасын Жәдігер бетін бұрып қырындап жүрді. Жаңағы қарайған шоқалақ тасасына түсіп кетті ме, жасаураған көздің жанарын тіктеп қайта-қайта қараса да, әлгіден кейін көрінбей қойды.

Күн жарықта жағада қалған атына жеткісі кеп еді. Оған қарсыдан соққан жел мен қалыңдап түскен қар жүрісін мандытпады. "Ә" дегенде Жәдігер түбіне дейін шайқалып кеткен теңіз суы тез көтеріліп, ісініп келе жатқанын байқаған-ды. Мұз астындағы ағыс күшейгенін де сезе қойған жоқ-ты. Тек әлсіз мұз аяқ астында сықырлап бүлк-бүлк еткенде, шошып кетті. Қырдан соққан қатты жел мен су астының ағысы әдетте қазіргідей жаңа қатқан жас мұзды шыдатпай қуып әкете беруші еді. Жәдігердің көңіліне қобалжу енді. "Жағаға қанша қалды екен?" деп ойлады. Қар борай бастады. Ашық теңіз үсті ұйтқып, ақ түтек боран анық нышан бере бастады, Ызғырық жел уілдеп қойны-қонышына кірді. Тітіркеніп қап, мойнын жағасына тығып ала қойды.

Көктен қиыршақ қар түсті. Қарсы алдынан қадалып соққан желден көзі жасаурады. Шып-шып ұрған қардан бұл енді бетін алып қашып, бір оңға, бір солға бұрыла бастады. Сабалаған қар мен азынаған желге қарсы омыраулай бергесін, су кешкендей малтығып, тынысы ауырлады.

Көңілге болмаса жел әлгіндегіден де күшейіп, Арал өңірінің әдеттегі қаптай соғатын қара дауылына айналғандай. Жағаның алыс-жақынын байқағысы кеп, көзін ілгері тастап еді. Қар мен жел басқа, көзге ұрып, әлгі-әлгі ме, енді тіпті ес жиғызбай сабалай жөнелгенде, тағы да лажсыз жалт беріп, бұрылып кетті. Желден алып қашқан бетін тері қолғап киген қолымен көлегейлеп, жүзін оң жағына бұра берген-ді. Көзі сабалаған қар арасынан әлдебір кіп-кішкентай нәрсеге түскені. Әдепкіде аңғара алмады; тек қайта қарағанда бағанағы шөже торғайды көрді. Күндіз қасына ұшып келген кіп-кішкентай пақыр бағанағыдан да әлсіреген. Жел жұлмалаған арқа жүні үрпі-гүрпі. Қар мен желге бұ да қайрат қып ұшуын ұшса да, бірақ ауада тұра алмай, құрық бойындай жерге барады да, жалп етіп жығылады. Сонан қанатын жия алмай алқынып жатады. Кім білсін, әлсізді арасына сиғызбайтын бұлардың да арасынан темір тұмсық тентек біреу шықты ма?

Қарға баурын басып жатқан торғайға қатарласа бере қолын созып еді, торғай қозғалмады; Жәдігер торғайды ақырын ұстады да, қойнына тықты. Жылы жерге кіргесін құс қанатын жайып сілкінді де, тынышталды.

Жаға көрінбей кетті. Жел қатайған сайын Жәдігер де жас мұз жарық аша ма деп қорқа бастады. Қарсы алдынан қадалып тұрған жел мен қиыршақ қатты қар көз аштырмай қойды. Жәдігер жалтақтап бетін алып қашып бір оң, бір сол жағына бұрылады. Сабалап қатты жауып кеткен қар енді бұның самайы мен шықшытына шып-шып ұра бастады. Көзі жасаурап, қасы, кірпігіне мұз қатты. Тынысы ауырлап алқына бастағанда, кенет алдынан әлде бірдеңеге қарама-қарсы кездесіп, кимелей тоқтады. Үріккен жылқы осқырынған сияқты еді. Жәдігер кар мен желге қолын көлегейлеп жалт қарап еді, ат шана алдын кес-кестеп тұр екен. Ақ түтек арасынан алау-далау боп шыққан кісіден үріккен ат әлі де танауы пырылдап, осқырына береді. Шанадан қасқыр ішікті біреу түсті. Түсе сала аржағында кілем төселген жеңіл шанада отырған ақ шарқатты әйелге қол созды.

–Көрдің бе, біз бұны ана жақта іздеп әлек боп жүрсек, ал мына жайсаң бұнда жүр,– деді ол күліп. Сосын шанаға бұрылып, қасқыр ішікке оранып алған әйелге қолын созып еді, Бәкизат шанадан түсуін түссе де, бірақ қас пен көздің арасында көктен жауып, жерден борап кеткен мына ақ түтек дүниеге үрейлене қарап, аяғын ілгері баспай қойды. Сосын Әзім оны қолтығынан алмақ боп ұмтыла бергенде, өз денесін өзі билей алмай тәлтіректеп кетті.

– Әзім, кетейік! Кетейікші.

– Неге?

– Өтінем.

– Ау! Баланы тапсырам деп іздеген өзің емес пе?..

– Кешір. Кетейікші. Күн бұзылып кетті!

– Қорқасың ба? Че-пуха. Аралдың өзіміз білетін қары, бораны. Мен қайта, осыны ұнатам,– деді Әзім күліп. Жолға шығар алдында қызып алғаны көрініп тұр.– Ал, құрдас,– деп ол бұған бұрылып, тәлтіректей басып қасына келді,– Біз кетіп барамыз.

Жәдігер құдды жағаға шығып қалған балықтай демі жетпей бара жатқасын ауаны аузымен қармай берді.

– Сені мен біз,– деді Әзім тілі күрмеліп,– Қанша дегенмен... жана заманның адамымыз. Өз басым сезімнің жетегіне еріп, қызғаныш деген пәлеге құл болуға қарсымын.

Жәдігерге бірдеңе көрінді. Бұның да айтар сөзі аржағына келіп тұрса да, демі жетпей алқынып бара жатқасын тағы да аузымен ауа қармап бір-екі жұтты.

– Кешірім сұрамаймын. Маған артық кеткен дәнеңең жоқ. Бар болғаны сенен өзімнің бергенімді қайтып алдым. Ал, сау бол!

Әзім қатты жел астында құйрық-жалы суылдап, тықыршып, қозғалақтап тұрған атқа бұрыла берді. Бір аттады ма, жоқ па, құлақ түбінен атылған мылтықтай бір ащы дыбыс тарс-с етті. Әзім кілт тоқтады. Бәкизат құлағын баса қалды. Келесі сәтте жан ұшырып Әзімге қарай ыршып түсті.

"Ә" дегенде Жәдігер түкке түсінбеген-ді. Көзі Әзім мен Бәкизаттың аржағындағы атқа түскенде ғана жүрегі су етті. Бауырының дәл астынан қақ айрылған мұзда аттың алдыңғы аяғы кетіп барады екен. "Ә" дегенде аяғын жия алмай қалған ат тырп етуге қорқып, қалшылдап тұрды да, кенет жалт бергелі қос аяқтап қарғып еді. Соңындағы шананы өзімен бірге ала күмбір-самбыр теңізге құлап түсті.

– Ойбай, құрыдық!

Ащы дауыстан Жәдігердің төбе шашы шымыр етті. Қара дауыл қақ айырған мұз он бойына қақырап, күтірлеп сынып жатыр. Қапелімде ырсиып жарық ашылып, екі араға су түсіп, ар жақ, бер жақ болды да кетті.

– Енді қайттік?– деді Әзім. Есі шығып кеткен. Мастығы да сәтте тарқап кетіпті. Кенеттен киліккен мына тосын оқиға – ыққан мұз, азынаған дауыл, сабалап жауған қар, өкірген теңіз – әлде өңі, әлде түсі екенін біле алмай, алақ-жұлақ етеді.

– Бұл... бұл қалай болды, а? Қалай болды?!

– Дүние бірде олай, бірде бұлай...

– А-а?

– Жай...

– Апырай... Апырай, бұлай болады деп... кім... кім ойлаған.

– Ойла-ойлама, болар іс болды.

– Неге?

– Болары болды деймін. Енді... өлместің амалын ойла.

– Қалай?

– Ішігің қайда? Соны киіп алғаннан басқа амал қалған жоқ.

Есі шығып кеткен Әзім ештеңені сезіп тұрған жоқ. Жәдігердің айтқаны да санасына жеткен жоқ-ты. Бір орнында дәйек тұтып тұра алмай, безектеп жүгіріп кетті. Қар мен қара дауыл астында ес-түссіз сілейіп тұрған Бәкизатқа барды. Онда да тұрақтамай, іле-шала Жәдігерге қайтып келді. Ық жағын ала тоқтады.

– Құрдас...Жаңа қайту керек деп едің?

– Қайту керек дедім.

– Бір амал бар деген сияқты едің ғой?

– Ішігіңді киіп ал деген шығармын. О да өлмеудің амалы.

– Апырай... Оны қайда тастадым екен?

Кенет Жәдігердің көзі атқа түсіп еді, ат қара жерге тартпай, ығып бара жатқан бұлардың соңынан салыпты. Жал-жал толқын арасында жанталасып, пыр-пырлап жүзіп келеді екен. Қайнаған қап-қара теңізге бастан асқан толқындарға бір батып, бір шығып, құрықтай мойнын ілгері соза береді. Пыр-пырлап келе берді де, су сорғалаған басын мұзға сүйеді. Ұясынан шыққан көзі бұған "бірдеңе істесеңші" деп жалбарынатын сияқты. Жәдігер аттың сағақ бауына жармасып еді, оның ойын түсінген жануар да құрықтай мойнын құдды союға сүйрегендей ілгері созып, мұзға қарғып шыққалы әрі-бері ұмтылды. Жәдігер қолына тиген қос тізгінді әрі-бері тартып еді, әлсіреген аттың мұзда жатқан мойны бауыздаулығына дейін созылып, көзі аларып ыңырана берді.

– Қайтесің,– деді Әзім.

Жәдігердің қолынан сағақ бау шығып кетті. Осы кезде кейінгі жақтан үйдей сең еңкілдеп келіп қалған еді. Қатты жел қуған сең толқынмен бір көтеріліп, бір түсіп аудандап келді де, ат соңындағы шанаға лап берді. Келесі толқын көтеріп алған сең ауыр салмақпен ілгері қарай ысырылып, атты бүгерлеп астына бір-ақ басты. Жан ұшырған жануар ақтық рет құлындай шыңғырды да, көзі аларып, қара құрдым түбіне батып бара жатты.

Жәдігер сырт айналып кетті. Қара дауыл қуған сең жаңағының арасында жағадан алыстап кеткен-ді. Ауыл жақ қап-қара. Қара-Жар да, Бел-Аран да көзден бір-бір ұшқан тастай. Қиыршық қар бара-бара жапалақтай бастады. Аядай жерде ұйлыққан үшеудің алды-арты – ұйытқыған ақ түтек.

Жәдігер ыққа қарап мойнын ішіне тығып тұрған-ды. Кенет есіне ізі түсті. Еңкейіп, аяғының астына қарады. Бірақ қойны-қонышына қар тыққылап, алды-артынан ұйтқып тұрған ақ түтек көзін аштырмай, сабалап ала жөнелді. Сонда ғана өз ісінің оғаштығы есіне түскен Жәдігер қарлы қара дауылға бетін бұрып, қарсы қарап тұра қалды да, жынды адамдай қарқ-қарқ күлді.

О, есалаң! Есалаң! Осынау көктен жауып, жерден борап, улап-шулап жатқан дүниеде әлдеқандай із түгіл, дәл қазір аспан қайда, жер қайда? Батыс қайда, шығыс қайда? Дүние дүние боп жаралғалы сайқал қатындай, ылғи опасыздық пен баянсыздықтың мекені боп келген мына сұм жалғанда есі бар адам дәл осындай алағай-бұлағайда әлдебір ізді іздеп, сонан мән-мағына таппақ боп әлек бола ма?

О, есалаң! Есалаң!

Бірінші кітаптың соңы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар