Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Әбжан Әбілтай. Мұқа, сен ұмыттың ба?.....

07.08.2018 6959

Әбжан Әбілтай. Мұқа, сен ұмыттың ба?..

Әбжан Әбілтай. Мұқа, сен ұмыттың ба?.. - adebiportal.kz

«Калинин көшесінде Опера тұр,

Операның қасында «Кооператор».

Ауылдан келген ақын інішегі

Ағасын бас жазуға әкелатыр».

(М.Мақатаевтың жұрт білетін әзіл шумағы)

Мұқа, сен, ұмыттың ба,

түске енбедің,

Бетіме тиді тағы ішкен лебің.

«Қызталақ, бүлдірме» деп баяғыдай,

Не кейіп,

не үйге кеп түстенбедің.

Тау- тарлау,

қиыр еді беталғаның,

Сен соған, қайран Мұқа, жете алмадың.

Торғайға бір әкеліп тойдырам деп

Айтып ем.

Көкке ұшты ғой, көке, арманым.

Мен қазір жігіт болдым әжептәуір,

Кездігін тұрса-дағы кезеп дәуір,

Жимаймын айылымды бұрынғыдай.

Кей-кейде сүйегімнен сөз өтті ауыр.

Тау- тарлау,

қиыр еді беталғаның,

Тұяғын тоздырған кіл не тарланың.

Қияға қиял құсың жетіп тұрып,

Қызылға аузың тола жете алмадың.

Бұл ғұмыр басымыздан өтеді ақыр.

Қолыңнан келсе мені, көке, шақыр.

Қарасаң қай жағыңа – кілең кәпір,

Қарасаң қай жағыңа – «Кооператор».

Мені, аға,

мәжүн деме, дәлдің деме,

Қол боста күн өткізем қалжыңменен.

«Өлеңді, өнер емес, жын» деген бар,

Мен доспын,

Өле-өлгенше сол жынменен.

Басыңнан бағың тайып,

батарда күн,

Қасыңнан қиып сені кете алмадым.

Тіріңде бәрі тапшы.

Өлгеннен соң

Көл-көсір көбейді ғой татар дәмің!

***

Қой демек жоқ.

Анда-санда ой демеп,

Көкше жақтан соққан кезде майда леп,

Мен мұңаям

Жамбыл шалға шағынып,

«Қайран Ақан,

Біржансалым қайда?! – деп.

Көргем талай костюм киген көп итті!

Көп ит мені

Күте тұр деп мөлитті:

Аспандама,

Адам бар деп сенсіз де.

Атып тастар бір адам жоқ мен итті.

Қанша батыр болсам-дағы,

Әлі мен

Қорқам, рас, бабалардың кәрінен.

Мұңдас болдым мен ақынмын дегенмен,

Сырлас болдым сол шіркіннің бәрімен.

Қайран Мұқаң!

Қайран сүйрік Жарасқан!

Иранғайып

артық туған алаштан!

Қақты арқамнан асқақтаған Алатау,

Қақты арқамнан атам туған Қараспан!

***

Алматыда.

Ен даланы енші ғып,

Жасым кіші.

Отырушы ем мен сұлық.

Дарынсыз деп жекіруші ед біреуге,

Қызып алса көпіруші ед Кеңшілік.

Өкіруші ед ақынмын деп кейбіреу

Тоқпағымды ап тоқтатқанша мен шығып.

***

Есімнен тандырды деп мені бір қыз,

Демеңдер мені Мәжнүн,

мені жұлдыз.

Тырнаның тырауымен,

қырауымен

Білемін тұрғандығын іргемде күз.

Мен енді соншалықты осал да емен.

Біреуден дәл мен үшін өш ал демен.

Мен, рас, аздап мастау,

Аздап тағы

Кей-кейде тізгін бермес асаулау ем.

Менде жоқ жатып атар жау дегенің,

Менде жоқ «дәл дұшпаным осы-ау» деген.

Қолдаған, қия бассам, Қобыланды.

Пір тұтам,

ірі тұтам оны мәңгі.

Біреулер ғайбат айтып, даттағанмен

Атамның мәңгі өшпейтін жолы қалды.

Қазақтар, асқаның жоқ Қобыландыдан,

Қи десе, міне, басым.

Әбжан құрбан.

Даламда Тайбурылдың тұяғы мен

Санамда Құртқа қалды ол қалдырған.

Мен енді қызып алсам, тоқтамаймын,

Тентекпін түсуге де отқа дайын.

Кішкене шалқып кетсем, артық кетсем,

Соншама ештеңе жоқ,

Сөкпе, ағайын.

ҚАСЫМҒА ЕЛІКТЕУ

Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,

Сонда да тастамаймын астанамды.

Қасым Аманжолов.

Бір ісім көрген емес ақсап қалып,

Жүруші ем жұмысымды жақсы атқарып.

Қудалап, қыр соңымнан қалмай қойды,

Кекиген керіктей боп Қапсаттаров.

Жұмысқа жырдан бетер ден қоятын,

Қазақта көп деді ме мендей ақын,

Қасымды қуған әкім сияқты

Ол да

Шығарар біреу болды өлмей атын.

Кім білген ойында не мақсат барын,

(Білерміз, бәлкім ойлап бақсақ бәрін).

Аздай-ақ соңына еріп келгендері,

Әкелер қалған ақсақ-тоқсақтарын.

Бұл кеңсе менен басқа «шал» таппапты,

Бастары қалғанының қалтақтап тұр.

Көргені Кодекстің мен боппын ба,

Адалын айтшы маған әй, мал тапқыр!

Тартқылап, тәркі қылма тіл өнерін,

Көрерміз кім өнерін, кім «өлерін».

Көлеңкең құсап сенің

Қайда барсаң

Көтіңнен қалмас түбі бұл өлеңім!

ӨМІР, ӨЛІМ ТУРАЛЫ ӨЛЕҢДЕР

Ал, мен өлдім.

Абызың бар, қазың бар,

Мен туралы әдемілеп жазыңдар.

Қаламдасқа құйттай ғана өкпем бар.

Замандасқа таусылмайтын назым бар.

***

Өлімнен әділетті ештеңе емес.

Ол келер.

Таңертең де, кешке де емес.

Жарайды, мен кетермін.

Қайран құрдас,

Қалды ғой аяқталмай көп төбелес.

***

Менің бүкіл жазғанымнан қалғаны –

Жазбағанның арманы.

Бір-екі ауыз өлең жаздым.

Өкінбен.

Өмірімнің сол мәні.

***

Қайран ел, мен өлемін.

Сен қаласың.

Қазақтың қиям мен де ен даласын.

Елім деп еміренген

Мына мендей

Қазақтың таба алмайсың сен баласын.

***

Кім білген ертең-бүгін өлеріңді?

Өлем деп күн жарықта не көрінді?!

Әбжан-ау, өлмейтіндей ұл едің ғой,

Өлеңің неге тұнжыр,

Неге мұңды?!

Жүректі мазалама, жазалама,

Жабырқап,

Жазбадым деп неге өнімді.

Орысша оралымды сақау жұрттың

Қайсы бар орып алған мол егінді?

Басыңды тауға, тасқа ұра бермей,

Онсыз да таппайсың ба қорегіңді!

***

Саясатқа жоқпын тіпті әу бастан.

Кезім болса, әй, әй дескен, дауласқан,

Кешіріңдер,

қолдан түсіп кей кезде,

Абайсыздау жерде жатса алдаспан.

***

Қыздарым бар.

Бар бір-екі ұл менде.

Қазағым бар қолтықтаған іргемде.

Қолымдағым қолдан түсіп кетеді

Ғибратым «ата, ата» деп күлгенде.

***

Мен өлмеймін.

Мен жасаймын.

Мен өнем.

Керулі тұр алты қанат керегем.

Бұл дүние қымбат еді не деген!

Бәрінен де сен қымбатсың.

Сен, Өлең!

***

Мағжан өлді.

Әбжан өлді.

Көр енді

«Өзім, өзім, өзім» деген өреңді.

Кім ұстап тұр?

Күмілжіме.

Бол енді!

Өңшең ынжық.

Өңшең тыржық.

Енеңді...

***

Мені достар ұлық дейді.

Жоқ, мен әлі баламын.

Жандарыңа, қандарыңа

нұр боп сіңіп барамын.

Мені өледі,

мен өлемін

деген сөзді қойыңдар.

Сен де – дара.

Ол да – дара.

Мен де сондай

Дарамын.

Нұр деген сөз

ойыншыққа айналғанмен бүгінде,

Мен – сол нұрмын.

Солай болып қаламын.

Нұр себемін жүректерге жырыммен,

Түскенінше

қолдан жүйрік қаламым!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар