Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әдеби байқауға арналған брифинг...

24.04.2018 9037

Әдеби байқауға арналған брифинг

Әдеби байқауға арналған брифинг - adebiportal.kz

24 сәуір күні сағат 12:20-да Орталық коммуникациялар қызметінде «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсының басталуына арналған брифинг өтеді. Оған «Ауыл» партиясының Төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев, байқауға төрелік етуші қазылар алқасының төрағасы, белгілі жазушы Жабал Ерғалиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Роза Мұқанова, әдебиеттанушы, ф.ғ.к., доцент Лариса Харитонова, «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Данияр Әлжанов қатысады.

Конкурстың мақсаты: қаламгерлерді ауылдың рухани өмірін, тыныс-тіршілігін, ауылда жүріп жатқан әлеуметтік-экономикалық процестерді суреттеуге ынталандыру; ауыл құндылықтарын насихаттау; ақындар мен жазушыларды қолдау және шығармашылығын дамыту; «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы мақсаттарды жүзеге асыруға үлес қосу.

«Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсы «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы мен «Қазконтент» АҚ «Әдебиет» порталының ұйымдастырумен биыл үшінші рет өткізілгелі отыр.

2016 жылы конкурсқа 219 шығарма қабылданды. Келіп түскен барлық шығармалар топтастырылып, «Ауыл» партиясының қолдауымен «Алтын тұғыр» деген атаумен 3 томдық жинақ болып басылып шықты. Жинақ «Ауыл» партиясының аймақтардағы филиалдары арқылы кітапханаларға таратылды.

2017 жылы әдеби-онлайн конкурсқа 213 туынды келіп түсті. Қазіргі таңда 2017 жылғы үздік шығармалардың үш томдық топтамасы баспаға тапсырылды. Маусым айының 8-де үш томдықтың тұсаукесер салтанаты өткізіледі. Конкурс онлайн болғандықтан, елімізден бөлек Қырғызстан, Ресей, Қытай, Моңғолия мемлекеттеріндегі қандастарымыз және шетелде білім алып жатқан жас қаламгерлер де байқауға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Мәселен былтырғы жылғы конкурсқа Түркия елінде білім алып жатқан жас қаламгер қатысып, жүлделі орынды жеңіп алды.

«Ауылым – алтын тұғырым» әдеби конкурсына қатысушылардың шығармалары жыл бойы adebiportal.kz порталы және auyl.kz. сайтында қабылданады. Әр номинацияда үздік шығармаларға жүлделі орындар тағайындалған. Проза, поэзия, драматургия жанрлары бойынша ең үздік шыққан шығарма авторына дәстүрлі «Алтын тұғыр» сыйлығы тапсырылады.

Конкурсқа қатысушылардың шығармаларын комиссия мүшелері онлайн режимінде бағалайды. 2018 жылғы «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсына алғаш рет орыс тілді қаламгерлер де қатысуға мүмкіндік алып отыр.

Брифинг барысында конкурстың шарттары таныстырылып, ережесі түсіндіріледі. Ұйымдастырушылар мен қазылар алқасының мүшелері БАҚ өкілдерінің конкурсқа қатысты сауалдарына жауап береді.

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар