Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Айгүл Үсен. Поэзиядағы дәстүрден тыс форманың даму...

24.09.2018 11102

Айгүл Үсен. Поэзиядағы дәстүрден тыс форманың дамуы

Айгүл Үсен. Поэзиядағы дәстүрден тыс форманың дамуы - adebiportal.kz

Қазақ - дәстүршіл халық. Қоғамда қалыптасқан іргелі концепцияларды бұзу, оның шеңберінен шығу сынға ұшырап, нәтижесіз аяқталады. Сондықтан қазақ қоғамының эволюцилық дамуында барлық салада классикалық даму үлгісі басым. Өнердің барлық саласында дерлік классикалық өнер үлгілері қолдау тауып, өзге бағыттағы формалар туралы пікір түрліше қалыптасады.

Сондықтан қазақ өнерінде түрлі бағыт пен формадағы даму үлгілерінің үлес салмағы мардымсыз. Халықтың қызығушылығын оятып, қолдау таппаған соң олар басталғанымен дамымай, тұйықталып, нәтижиесіз бітетін жайлар көп ұшырасады. Жай қолдамау тұрсын, сыншылар сынап, іске алғысыз қылып тастайтын жайлар да бар. Дәстүрден тыс өнер ағымдарының дамуының қазақ топырағында өніп, тамырын терең тартпайтыны да осы дәстүрге берік сырымыздан болар.

Өнер мен мәдениеттен әлемге үлгі көрсетіп, әр өнімі бернд пен эталонға айналатын француздар мен американдықтардағы жай бізге мүлдем кереғар. Олар өздерін дарашылдық қасиетін ашуды мақсат етеді. Ағымға ілеспей, өзіндік болмыс-бітімімен көрінуді қалайды. Сондықтан олардың әрбір таланты өзіндік дара сипатымен, жаңашыл үрдісімен көрінеді. Сондықтан француз әдебиетінде әдебиеттегі турлі ағымдар мен мектептер, әдістер дүниеге келді. Француздық өнімнің рухани немесе заттық түрінің басым бөлігі әлемге үлгіге айналып шыға келеді. Қазақта нағыз жаңашыл реформатор Абай екендігі даусыз. Абай сөз өнерін жаңартқанда қалаған үлгісі – орыс және батыс әдебиеті болғандығы да әмбеге аян. Дәстүршіл халық арасында жаңашыл болу да қиын. Абайдың қырық жасқа дейін өлеңіне өзі ие бола алмағандығының бір сыры осында жатқан болуы да мүмкін. Шығармасын елдің қабылдауы, елдің түсінуі автор үшін ең маңызды мәселе. «Сөз түзелді, Тыңдаушы сен де түзел» - деген Абай жолдары осыны аңғартса керек. Өлеңнің ішкі мазмұны мен сыртқы құрылымын түзеген Абайды сол кездегі қазақтың арасында түсінгені аз болғандықтан азап шеккенін де білеміз. Абай жалғыздығы заманына озып туған жаңашыл, дарашыл әлемінде. Абай жаңашылдығы тұтас қазақ мәдениетінің үрдісі мен үлгісіне, жолына айналды. Сәкен де, Мағжан да жаңашылдығы үшін сыналып, мінеліп келгенін кімнен жасырамыз. Сәкеннің футуризмі мен Мағжанның символизмі қазақ поэзиясының да дәстүрден тыс өмір сүруге бейім екендігін байқатты. Осы ақындардан кейін қазақ поэзиясы жаңа бір үлкен арна таппады. Ізденістер көп, бірақ сол ізденістер бір ақынның шығармашылығы деңгейінен аса алмады. Классикалық дәстүрден тыс жаңа үрдістерге аса талантты ақындар жол салғанмен, ол әдебиетте үлкен бір ағымға айнала алмай, ақын ізденісінің бір сипаты ретінде көрініп, жоғалып кетіп жатыр. Қазіргі қаламгерлер де Абай сияқты ізденсе, қазіргі әдебиетте де сан түрлі ағымдар орын теуіп, әлем әдебиетіне таң қала қарасып, оқырмандарымыздың бір бөлігін өзімізге қаратар ма едік? Әйтсе де қазақ сөз өнерінде ізденіс болмады деу, қаламгерлерге үлкен қиянат болады. Поэзиядағы дәстүрден тыс формаларды саралау осыны көрсетеді.

Қазіргі поэзияда формалық жағынан дәстүрден тыс, яғни дәстүрлі өлшемдерден тыс дамудың ақ өлең, верлиберлер, прозалық өлең дер мен графикалық суреттер арқылы көрінуде. Мұндай формалар ақын ізденісінің бірі, яғни, мазмұнды берудің бір жолы ретінде талантты ақындардың шығармаларында көрнекті орын алмаса да, тәжірибелік деңгейде ұшырасып жатады.

Олардың ішінде і кең жайылғаны – ақ өлеңдер. Ақ өлең қазақтың қара өлеңіне мүлдем кереғар құбылыс деуге болмайды. Оның атауының өзі де екі өлең болмысының қарама-қайшылығынан туындағаны белгілі. Жалпы өлең құрылысында бұл өлшем көптен таныс болғанмен, оның мәні терең ашылмаған-ды, ақ өлең мен еркін өлеңді, ақ өлең мен ырғақты поэзияны алмастырып жататын. Олай болуы заңды да. Себебі ақ өлең біздің поэзияда жоқтың қасы болатын. Ол поэзияның бір сипаты ретінде көрінген емес, қайбір ақынның ізденісі ретінде танылып, аса терең зерттеу обьектісіне айналған емес. Өлеңтанушылардың мұндай көзқарасы ақындардың ақ өлеңге деген қатынасынан туындаған. Өйткені ешбір ақын бұл өлең түрін шығармашылық негіз ретінде бағалап, мақсатты түрде ізденбеген, ол қосалқы рөлде болған. Ақ өлең поэзияның негізгі құрылымдық негіздерінен бас тартып, ұйқассыз, шумақсыз қалыпта көрініп, модернистік бағыттың аясында танылып жүрді. Оның оқырман санасына өгей болып, ақындардың өзінен қолдау табудың орнына сынына ілігіп жүргеніне ақын Қ.Мырзалиевтің төмендегі байламы дәлел: «Ақ өлең бізде бұрыннан бар. Бірақ ойға, образға, екпін-ырғаққа ғана сүйенген ұйқассыз өлең күні бүгінге дейін оңбай-ақ келеді. Оны айтасыз, қазақ поэзиясы он бір буынды шалыс ұйқастың өзін баурына баспай-ақ қойды. Содан да болса керек, Абай орыстың он, он бір буынды шалыс ұйқастарын өзіміздің көне қара өлең формасымен аударған. Иә, қазақ поэзиясы түшіркенгіш поэзия. Ұйқассыз өлең жаза бастасақ болды, сәби жырымыздың өн бойын бөрткен басып кете жаздайды. Төл туындыларымызды былай қойғанда аудармашылардың өзінде осылай. Сондықтан біздің көпті көрген тәжірибелі тәржімашыларымыз Уитменді де, Таку Бокуді де, Пабло Неруданы да амалсыз ұйқасқа түсіріп жүр» .

2003 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған Жақсылық Жүнісұлының өлеңдері ақ өлеңнің көрнекті үлгілері болып табылады.

Өткінші // жаңбырдан соң,

Келуге // тиістісің.

Өткінші // жаңбырдан соң

Саған деген // үміт үшін.

Жарқырап // күн шығады.

Бәлкім, // мен білмеспін,

Күн шуағы –//

Өмір екенін. – //

Ұмыт болған // жол үстінде

Сен тұрарсың // мүмкін.

Мұндағы бунақтардың ырғақ жасап сабақтасуы да дәстүрлі өлшемдерге мүлдем ұқсамайды. Ырғақ пен ұйқастың нәзік, білінер-білінбес сызбасы ғана байқалады. 1-3, 2-5, 4-9 тармақтардың ұқсастығы байқалғанмен олар бүтін жүйе жасамайды. Тиістісің - үміт үшін, күн шығады - күн шуағы, екенін- мүмкін деген ұйқасушы негіздердің дыбыстық үндесу сапасы әртүрлі. Ырғақ пен ұйқасқа тәуелсіз дегенмен, оның өлең екені анық. Себебі мұндағы тармақтардың соңғы бунақтарының [8,10 тармақтардан өзгесі] барлығы дерлік төрт буынды. Өлеңнің ырғақ жүйесі дәстүрлі поэзиялық шектен қаншалықты ауытқып, алыстады дегенмен соңғы бунақтардың өлең өлшемінде үлкен мәні бар екенін академик З.Ахметов баса көрсеткен-ді. В. Белинский поэзияның жаны пафос, оның болмысы пафос деген болса, оның өлеңдік сипаты ішкі мазмұндық желісінде. Өлеңдегі әрбір сөз өзінің тікелей мағынасынан ауытқып поэтикалық мәнге ие болған. Мұндағы өткінші жаңбыр, жарқырап шығатын күн, ұмыт болған жол поэзияның сәулесіне шомылып, сезімді, жанды шығады. Поэзиядағы сөз сан түрлі мәнге ие болып, бояуға боялатын сиқырлы сөзге айналады. Өткінші жаңбыр лирикалық кейіпкердің басындағы мұңды, өзегін өртеген күйіктің сыртқы қалпы болса, жарқыраған күн үміттің бейнесі, ұмыт болған жол жалғызсыраған, жүдеу жанның өткені мен болашағындай бүтін болмысын айқындап тұр.

Кірпіктеріңді // жап та, (7)

Ұмыт // мен туралы, (6)

Ұйықта.// (3)

Кеземін, // (3)

Көздерің // ғажайып түн (7)

Жұлдыздар,// жарық // ай туыпты. (9)

Оянсаң, // өкінбе. (6)

Ұрладым // сансыз // жұлдызыңды, (9)

Жібердім// ұстамай// еркіне, (9)

Өбемін //жұмулы//көзіңді. (9)

Тұрып кетпей, // сен тыныш жат, (8)

Перделер // жабық тұр. (6)

Өлеңде белгілі бір ырғақ жоқ, ұйқасушы жұп та екеу ғана: жап та - ұйықта, өкінбе - еркіне. Және бұл ұйқастардың таяздығы сонша, тек соңғы буындары ғана дыбыстық үндестік жасайды. Ырғақты күрделендіріп, тіпті көмескілендірген тармақтардың соңғы бунақтарының үш, төрт буынды болып, жүйесіз араласып келуі. Өлеңнің мазмұндық өрісінің шешуі сансыз жұмбаққа айналуы, оны дөп басып айтпай, жүрекпен сезінуге ғана, түйсікпен түсінуге ғана тиіс тереңдігі, биіктігі, нәзіктігі сыртқы құрылымдық шарттарсыз-ақ поэзия құдіретіне бас идіргендей. Ақ өлеңдерде поэзияға тән өлшемдердің орнын поэтикалық образдар, көркемдік жүйесі толтырады. Сондықтан бұл өлеңдер реалистік бейнелерге емес, романтикалық бейнелерге негізделеді. Жоғарыдағы шумақта лирикалық кейіпкердің болмысы, субьектінің обьектіге қатынасы тек Көзбен ғана беріледі. Әр оқырман өзінше түсініп, сан-саққа жүгірту, ойға, сезімге мейлінше мол орын беру ақ өлеңнің үлкен жетістігі.

Ақ өлеңнен келісті әуен, сұлу ырғақ іздеме, ой ізде, сезім ізде, сұлулық ізде, сонылық ізде, тапқырлық, даралық ізде. Қара өлең деген атпен белгілі қазақтың дәстүрлі өлшемдерге негізделген өлеңдер ырғағының түзулігімен, ұйқасының әуезділігімен көрікті еді. Ал қара өлеңге кереғар ақ өлең әуенге, мелодикаға, мәнерлеп оқуға негізделмеген, жеке оқуға, сезінуге, ойлануға бағытталған. Қара өлеңдегідей сұлулығын, келістілігін жарқырата ашпай, сұлулықты табуға, іздеуге, көруге меңзейді.

Ақын Ұ.Есдәулеттің «Жүректегі жарылыстар» атты өлеңдер жинағындағы «Ақ өлеңдер» деген топтамамен берілген өлеңдердің барлығы ақ өлеңдердің сипатын толық танытады. «Цирктегі ой» атты өлеңінде бес тармақты шумақта өзара ұйқасқан бірде бір тармақ жоқ.

Алабажақ // аренада // жылпос қолды // жонглер

Шар тастарды // қақпақылдап // ойнайды.

Бір шар кенет // түсіп кетті // қолынан...

Күлдік біздер, //

Күлу үшін // келдік қой.

Алабажақ // кеңістікте // уақыт деген // жонглер

Планеталарды // қақпақылдап // ойнайды.

Бір шар түсіп // кетпес пе екен // қолынан?..

Күлеміз-ау,//

Күліп болған // жоқпыз ба?..

Өлең ырғақтарының басым бөлігін төрт буынды бунақ құрайды. Сондықтан өлеңдегі поэзиялық интонация үлкен өзгеріске ұшырамаған. Ал тармақ арасындағы ұйқасушы сөздер арқылы пайда болатын ырғақтық тиянақтылықтың жоқтығынан қара өлеңдегі келісті ырғақтар өз өрісін өзгерткен. Бұл шумақтарда ұйқастардың ырғақ тудырушылық қасиеті, олардың ырғақты тиянақтап, интонациясын келістіру қасиетінен айрылуы қара өлеңді ақ өлеңге айналдырған. «Әнге ода», «Кім өшірер», «Шыңыраудағы құдық» атты өлеңдерінде бұл тұжырым нақтылана түседі.

Өмір өзі өлтіргенде

Бойыңдағы пәк сезімді

Тамырынан тірілтетін

Ән, ән ғана, ән ғана! «Әнге ода»

Өшіріп жатыр//суретші

қағазға түскен кескіннің

көңілге /кеміс /көрінген

керексіз, құнсыз тұстарын. «Кім өшірер»

Сусамырды /суарған

шөлейттегі / шыңырау.

сырты аптап, іші сыз

Менің жаным // секілді. «Шыңыраудағы құдық»

Бірінші шумақ қара өлеңдегі дәстүрлі 4+3, екіншісі дәстүрлі 3+2+3, үшінші өлең 3+3 ырғаққа құрылған. Тармақтардың өзара ұйқаспай, дәстүрлі ырғақтардың тиянақталмауы өлеңнің ырғақтық-интонациялық өрісін өзгеше етеді. Ақын ақ өлеңдерін жазу барысында қара өлеңнің ұйқасынан азат етуге назар аударған. Қара өлеңді жасаушы негізгі фактор ұйқас екені даусыз. Ұйқастан айрылған өлең өлеңдік мәнін жоймағанмен, ырғақтық- интонациялық келістілігі әлсіреген.

Қарын шашымды // алдырып, // (8)

Қырқымнан // кеше шыққанмын. // (8)

Қырыққа келіп // ілінбекпін бе // құрыққа?! (13)

Қырықпа, // қысқа ғұмырымды сен, // қырық жас! (13)

Қырқында анам // көтеріп мені, (10)

Қырық жыл //қырғын // кешкен ем, (8)

Қапысын тауып // ажалды алдап // келемін. (12)

Ырғақ жүйесін 8-13-10-12 буынды өлшемдер құрайтын өлеңде ұйқасатын сөздер жоқ. Өлеңдегі сегіз буынды өлшем өрнегі – 5+3, он буынды өлшем өрнегі – 5+5, он екі буынды өлшем өрнегі – 3+5+3, он үш буынды өлшем өрнегі – 5+5+3. Өлеңнің ырғақ негізін құрайтын бес және үш буынды бунақтар сабақтастығының жүйесі сақталғандықтан, өлеңнің өлшемдік өрісі тиянақты. «Қырық жасқа» сөз арнаған ақын дыбыс әуезділігін де қ дыбысына бейімдеп, өлеңнің мазмұндық, көркемдік, түрлік, дыбыстық қабаттарын қырық сөзінің төңірегіне жинақтап, өлеңді барлық жағынан көріктеуге тырысады.

Ақ өлеңнің қарапайым түрлерін тудырған ақын тек сыртқы өлшемінің бір қырын өзгерткен болса, өлеңнің аса күрделі ырғақтық-интонациялық жүйесін Т.Әбдікәкімов, А.Нұрғазыұлының поэзиясынан табуға болады. Т.Әбдікәкімовтың «Сүйіс» атты өлеңінің оннан аса тармағының ұйқасушы негіздерінде дыбыстық үндестік мүлдем көрінбейді.

...Ү-у-у-уу //... бүкіл жандылар мен // жансыздар, (13)

Бір-ақ сәтке // тыныш таба // көріңдер! (11)

Біз екеуміз! // Жалғызбыз // (7)

Екі жалғыз жұмыр // жұмбақпыз – біз,// (10)

бір-бірімізге // жұтылған (7)

Алдарыңда // тұрмыз – қызғылт // сағым төгіп, // сәл ұйып...(15)

Көкейіміз бар // – күннің нұрын // тамұққа да // тамызар! (15)

Ернімізде – от шеңберлі // дауасы бар // азаптың!... (15)

Кіп-кішкентай // қызыл шыбын, (8)

Ызыңдама,// (4)

Жұлынымызды // үзесің! (7)

Сен де, торғай, // ұшып-қонба, (8)

Көзің тиер // біздерге!... (7)

Біссіміллә, // біссіміллә... (8)

Бір-ақ сәтке // тыныш таба // көріңдер, (11)

Бір-ақ сәтке! (4)

Сүйектеріміз де //– құлақты! (9)

Құлақтарымыз да // – жанарлы!.. (9)

Өлеңнің ырғақ жүйесі мынадай өрнектерге негізделген: 4+6+3, 4+4+3, 4+3, 6+4, 4+4+4+3, 5+4+4+3, 4+4, 4, 6+3 өрнектер екі немесе бірнеше рет кездеседі. Он бес буынды құрылымның 4+4 және 4+3 өрнектер болып екіге жіктелген, сегіз буынды тармақтардан өзге тармақтардың соңғы бунақтары бірыңғай үш буынды болғандықтан ырғақ жүйесі қаншалықты күрделі болғанымен, өлеңдік өлшемнен ұзап кетпеген. Өлең мазмұны сүйісу сәтіндегі қас-қағым сезім сырын суреттеуге ниеттенеді. Сүйісу сәтінде адамның сезімталдығы сан есе артып, көңілі қанаттанып, шалқып кететінін ақын одағайлар мен дыбыс жүйесі, тасымал арқылы эмоционалдық екпін түсіру арқылы жанды да, шынайы бейнелейді. Сүйісу сәтіндегі шытырман түйсіктердің динамикасына сай ырғақтық-интонациялық жүйесі түрлендіріліп беріледі.

Ақынның өзіндік дүние танымы мен әлемді сезіну түйсігі, оны жеткізудегі поэтикалық образдардың көркемдігі мен күрделілігі, өзіне ғана тән даралығы өлеңді өлең ететін шарттардың ең бастысы. Бұл қара, ақ деп аталатын екі түрлі өлең табиғатына тән. Сондықтан ақ өлеңді зерттеудің өзіндік алғышарты жасалуы тиіс. Қара өлеңдегі ырғақтық-синтаксистік өзгешелік өлеңнің ішкі сарайына ықпалы зор болғандықтан оның құрылымы шығарманың идеялық, көркемдік, бейнелілік сипатымен тұтас қарастырылуы шарт. Ал ақ өлеңде белгілі бір ырғақ қайталануы тән болмағандықтан ырғақтық жүйесін тексеру аса үлкен роль ойнамайды. Ақ өлеңнің ішкі сарайы тереңдігі, образдар жүйесінің күрделілігі, ойды тура меңземей, тұспалдап жеткізетін жұмбақтығы тұрғысынан өте бағалы.

Жалпы қазақ поэзиясы қай кезеңде де сөз өнерінің ең дамыған саласы болып танылған. Қазіргі күні де ұлт поэзиясы көркемдік образдық жүйесінің байлығымен көрінеді. Ақ өлеңдер сол дамудың бір көрінісі. Талантты деген қайбір ақын болмасын поэзияның аса бір күрделі түрі ақ өлеңде өз мүмкіндігін байқамай қоймасы анық. Ойды өлшемсіз өрнектеу қиындығының үстіне сол ойға қанат бітіріп, сезімнің шырқау шыңына шығара білу ақ өлеңнің асқар асуы екендігінде дау жоқ. «Әрине, жаппай үрдіске айналдыруға ақ өлеңнің қиын табиғатының өзі де көне қоймас... Біздіңше, ақ өлең оны оңай олжа көргендердің емес, шындап келгенде өзіне шын сенгендердің өрнегі болатын секілді», -деген ақын пікірі орынды.

Т.Әбдікәкімовтың соңғы жинақтарында ақ өлеңнің күрделі түрлері мен верлибрлер көп көрінеді. Өлеңде қайталауды қаламайтын ақынның ең соңғы кітабы «Қас сақ аңқымасы» деп аталатын өз таным лұғатында өлең мен қара сөз бірге өріліп, өз дүниетанымын білдіру үшін прозаға жүгінеді. Ақындардың қара сөзбен ой термелеуі ұлы Абайдан белгілі үрдіс. Аталмыш жинағында ақын формаға ерекше ынта қойып, өлеңінің кескіндемесін де өлеңдік бағанамен шектемей, ой діңгегіне сай, суретпен беруге жасаған талпынысы байқалады. Мұндай өлеңдер туралы зерттеуші А. Квятковский «Поэтический словарь» атты еңбегінде мынадай тұжырым келтіреді: «Кескінді (фигурные) өлеңдер бүкіл мәтіннің тармақтары, жұлдыз, крест, жүрек, ваза, үшбұрыштар, пирамида сияқты белгілі бір кескіннің сызбасынмен беріледі. Өлеңнің осындай көрнекі үлгісін алғаш жасаушы ежелгі грек ақыны С.Родосский» екендігін көрсетіп, бұл кескіндердің өлеңнің тақырыптық-идеялық сапасымен сабақтастықта болатындығын айтады: «Кескінді поэзияның түп тамыры сонау антика дәуіріндегі александрия поэзиясына барып тіреледі. Одан кейін бұл өлең жүйесінде барокко ақындары, бергі дәуірлерде модернистер өз шеберлігін сынады. ХХ ғасырдың басында европаның модернист ақындары К.Моргенштерн мен Г.Апполинари де кескінді өлең түріне жүгінеді. Ақындар сөзбен кестелеген кескіндер арқылы өлеңнің мәнін ашуға талпынады». Қазақ өлеңін жаңа даму белесіне бағыттап жүрген ақындардың көрнектілерінің бірі – Тыныштықбек Әбдікәкімов кескінді өлеңде де өз шеберлігін сынап байқайды.

ЕЛІКТЕР –ТӘҢІРГЕ ДЕГЕН СЕНІМ

э

лектр

темірге д

еген сенім т

үріне түпкілікті ау

ысып. Уақыт жылдам

дығы барған сайын үдей

түсіп, түрлі үкіметтік төңкеріс

тер мен табиғи жойқын апаттар ө

рті бықси тұтанып, О ЖАЛҒАН: А+М.

Ақын сөздермен уақыттың құм сағаттың суретін салуы уақыттың өзгергіштішін, баянның жалғандығын сөз суретімен көрсетуді мақсат еткен. Егер кескінсіз, суретсіз жазғанда, мынадай мәтінді көресіз: ЕЛІКТЕР– ТӘҢІРГЕ ДЕГЕН СЕНІМ электр темірге деген сенім түріне түпкілікті ауысып. Уақыт жылдамдығы барған сайын үдей түсіп, түрлі үкіметтік төңкерістер мен табиғи жойқын апаттар өрті бықси тұтанып, О ЖАЛҒАН: А+М. Өлеңде өлшемдік негіздің ешқайсысы көрінбейді. Өлеңде белгілі буын санына негізделген ырғақтар да, тармақтарды байланыстырып, өлең әуезділігін арттыратын ұйқастар да жоқ. Тек өлеңнің сыртқы суреті құм сағат пен оның мәнін ашатын уақыттың өткіншілігі туралы ой толғам бар. Орыс өлеңтанушысы М.Гаспаровтың «жаңа ырғақтық мәнерлілікті іздеу ХХ ғасыр басындағы ақындарды өлеңнің графикалық кескіндемесі сияқты сыртқы аспектіге назар аудартады» деген пікірі Т. Әбдікәкімовтың өлеңінің тосын сыртқы кескіндері ақынның ізденісінің бір көрінісі ретінде бағалау қажеттігіне нұсқағандай. Ал мұндай өлеңдер батыс поэзиясында кең жайылып, көрнекілік түйсігіне бағытталған дәстүрлен тыс жүйелер көрнекі әдебиеттің жаңа жанры ретінде қалыптасқан. Оларға акроөлеңдер, анаграммалар, полиндром және кескінді немесе пішінді өлеңдер жатады. Акроөлеңдер де біздің ақындарға жат емес. Ол өлеңнің басындағы дыбыстар арқылы түзілген сөздер өлеңнің ішкі мәніне тікелей қатысты болады. Бұл жанрлар ақынның өзі үшін әуесқойлық болса, оқырмандар үшін қызғылықты, әрі таңқалдырар поэзияның бір қыры.

Осындай шектен шыққан түршілдік ақын Б.Қошым-Ноғай шығармашылығынан да байқалады. «Есте қалған экспромттар» деген топтамамен берілген өлеңдерінің бірқатарында жалаң, әсіре түршілдікке бой алдырады.

Көфөзіфің жафақсыфы, сөфөзіфің жафақсыфы, жефеңефешефе

Афайтафарыфы жофоқ, өфөзіфің жафақсыфы, жефеңефешефе

Іфішіфім пыфысыфып офотафуыфыңафа кефелгефендефе,

Офоңафашафа біфір кефезіфің жафақсыфы, жефеңефешефе.

Көзің жақсы, сөзің жақсы, жеңеше,

Айтары жоқ, өзің жақсы жеңеше.

Ішім пысып отауыңа келгенде,

Оңаша бір кезің жақсы жеңеше.

Қазақтың алты ауызына жақын өлең жолдарын әрбір буынға ф дыбысын қоса отырып, өлеңнен «ойын жасайды». «Сағыныш» өлеңі «Қайран, Сайран!...» деген екі-ақ сөзден тұрады. Осы екі сөзден қаншама сағыныш лебі сезіледі. Бұл өлең ойынының шегі жоқтай, тіпті түрлене түседі.

Жігіт:

-...

Қыз:

-...

Жігіт:

-?..

Қыз

-!..

«Үнсіздік» деп аталатын өлеңі қыз бен жігіттің үнсіз диалогына құрылады. Қыз бен жігіттің көп нүктемен өрілген әңгімесінің мәнін сұрау белгісі мен леп белгісімен ұқтырғысы келеді. Жігіт сұрағына қыздың леп белгімен берілген жауабынан олардың сүйіспеншілігі мен қуанышын айтпай-ақ түсінесіз. «Как много значит недосказанность в стихах...» деген зерттеуші сөзі Байботаның өлеңмен «ойынына» дөп келгендей. Ақын өлеңдеріндегі айтылмай қалған сырлар, сөздердің орнындағы тыныс белгілер жүйесі өте әдемі жырлар туғызған автордың шеберлігінің көрінісі. Мұндай түршілдік әр автордың өзіндік қолтаңбасы ретінде көрініп, талант даралығы тұрғысынан бағалануы тиіс.

Осындай дәстүрден тыс ырғақтық жүйелер қазіргі жапон поэзиясының да көрнекті өкілдерінен көрініп қалады. «ХХ ғасыр поэзияға үлкен өзгерістер әкелді. Көп жапон әдебиетшілері, Батыстың мәдени мұрасымен танысқаннан кейін жаңа дәуір адамының жан дүниесінің тебіренісін толыққанды жеткізу үшін ұмытылысында лексикалық шектеулер мен стеоретипті сюжеттерден бас тартты. Дәстүрлі поэзияға тән ескірген бес-жеті буынды өлшемдердің сабақтастығына негізделген интонациялық тұтастықтардың өлшемдік жүйесі алғаш рет бұзылып, кейіннен толық ығыстырылып шығарылды. Каноннан қол үзу ешқандай тыйым салынбайтын және шектеу қойылмайтын жан-жақты поэзияның дамуына жол ашты. «Гэндайси» деп аталатын поэзия ғана суреткерлерге қоршаған әлемді ішкі қуат пен азаматтық пафосқа толы әлеуетті, толыққанды шығармаларда бейнелеуге мүмкіндік берді». Олардың бірқатарының ақын Байбота өлеңдерімен ұқсастығы байқалады.

Муравей Бурый пригорок.

Тащит крыло Колодец.

Бабочки – Лошадь

Это яхта. Цветы сливы.

Көрнекті жапон ақыны Тацудзи Миесидің «Жер» және «Ат» өлеңдері жұмбақ сияқты. Ақындар кейде дәстүрлі өлең жазудан шаршап жалыққан сәттерде осылайша сөзбен «ойнатындай» әсер қалдырады. Мұндай қызық өлеңнің бірі Байбота ақында былайша көрінеді:

Қайран Эһ, менің Жалғыздық

«Сайран»! Көктемім, Сарсаң ой.

Теп-тегін Сәл мызғып

Өтпедің!.. алса ғой!..

Адам көңілінде жылт етіп сәуле берер төрт буынды құрылымдарды 2+2 екіге бөлшектеп, ойды шымыр да, ширақ жеткізеді. Жалғыздықтан қажыған жанның жалғыз тілегі ұйқыға кетіп, өзін-өзі ұмыту. «Бұлбұл мен гүл» өлеңінде бес бунақты өлшемдер 3+2 өрнекпен екіге жіктеледі. Лирикалық кейіпкерлер қыз бен күздің сезім күйінің динамикасы қатар беріледі. Төрт буынды бунақтың екіге ажырауына ішкі ұйқастардың септігі тиген. Мұндағы бір буынды бунақтарға эмоционалдық екпін түскен.

Сайрады

бұлбұл,

Жайнады

бір гүл.

Өлеңдегі сөзден көрі астарындағы ой қабаты қалың. Бұлбұл сайраса, гүлдің жайнайтыны – тіршіліктің аксиомасы. Бұл аксиомадан тарайтын тіршіліктің сан алуан бояуы бар. Байботаның өлеңдері тәжірибе ретінде жасалғанмен, қазақ өлеңінің құрылымдық жүйесінің бір мүмкіндігін танытуымен құнды. Олар үрдіс болып бекитін жаңашылдық емес, құбылыс күйінде, артынан із тастамай өтеді. Ал ақынның өзі қазақ өлеңінің ырғақтық-интонациялық бір жүйесі ретінде өте тапқыр, сәтті тәжірибе жүргізгендігімен белгілі.

Көрнекті жапон ақыны Сюнтаро Таникаваның төмендегі өлеңіндегі қайталаулар Байбота да мол ұшырайды. «Школьники» деген қайталаулар олардың, оқушылар санының көптігі мен олардың түрлі қимыл қалпын, тіршіліктің үзілмес, жарасымды жалғастығына меңзейді.

На перроне толпятся

школьники

школьники

школьники,

школьники.

Болтая.Балуясь. Закусывая.

Правда ведь славные?

Б.Қошым-Ноғайдың «Жалғыз жауап» және «Арбасу», «Қас-қағым сәтке кідірші, жалған» өлеңдері ақын ойын, діттеген мақсатын ақтайды. «Арбасу» өлеңінде:

Сенің тұнық жанарыңнан көріп тұрмын өзімді,

менің тұнық жанарымнан көріп тұрсың өзіңді;

Сенің тұнық жанарыңнан көріп тұрмын өзімді,

менің тұнық жанарымнан көріп тұрсың өзіңді; -

деген жолдар еш өзгермей жеті рет қайталанады. Бұл жолдарды әрі де өлшеусіз соза беруге болады. «Арбасудың» түпкі мәнін аз сөзбен сәтті де тапқыр ұқтырған.

Қас-қағым сәтке кідірші, жалған,

Қас-қағым сәтке кідірші!

Қас-қағым сәтке кідірші, жалған,

Қас-қағым сәтке кідірші!

Суретіңді салып алайын деп едім!..

Соңғы шумақта ақын қайталауларының мәнін ұғамыз. Қайталаулар арқылы ақын өмірге деген ғашықтық пен ынтызарлықты бейнелейді.

Жаңа қазақ поэзиясында көрініп жүрген ерекше құбылыстың бірі, ерікті өлеңнің күрделі де ерекше түрі – верлибрлер. Ондай ерікті өлеңнің күрделі түрлері Т.Әбдікәкімовтың поэзиясынан және Қытай елінен келген жаңашыл қазақ ақындарының шығармашылығынан көрінеді. Орыс өлеңтанушысы, мәтінтанушысы Ю.Тынянов: «Біздің дәуірде верлибрлер жеңіске жетті» деп, академик М.Гаспаровтың «оқырмандардың верлибрлерді қабылдауға әзір болмағандығы» туралы айтқан пікірлері бұл өлең өлшемінің жаңа дәуір поэзиясының мазмұны мен көркемдік жүйесін жеткізе алар мүмкіндігінің молдығын байқатады.

Орманның, // түннің // елесі... -а

Сыдырылған // қабағынан // ашылды //есік, -ә

Уақыттың // арнасы // тарайып, -в

Домалаған // тамшы жас // жағадан //жараланды, -г

Жарға соғылып. -ғ

Өзектен // құлаған өрт – -д

Теңізге // талпынған // тамшы – -ж

Тынды...// Толқын толқынға // қосылды. -з

Аспаннан //аққан жұлдыз // – түннің жасы, -е

Уақыттың //көзінен // тамды -и

Ақын А.Нұрғазыұлының өлеңінің көркемдік-бейнелілік жүйесі жаңа, ырғақтық-интонациялық жүйесі тосын. Өлеңде дәстүрлі ырғақтық сабақтастықтар жоқ, ұйқасушы негіздер де көрінбейді. Бір оқығанда көңілге де, жүрекке де қона қоймайды. Бірақ оқыған сайын қызықтырып, тереңіне тартып, көркемдік құралдарымен сүйсінтіп, таң қалдырады. «Домаланған тамшы жас жағадан жараланды жарға соғылып», «Өзектен құлаған өрт– теңізге талпынған тамшы», «Аспаннан аққан жұлдыз– түннің жасы уақыттың көзінен тамды» деген жолдар өлеңде жүйелі ырғақ тезіне салынбай, синтаксистік құрылымының жүйесі сақталып, біртұтас құрылымдар логикалық немесе эмоционалдық екпін арқылы тасымалданып, екі тармаққа жіктелген.

Көше // автобусқа // шықтым

Біреулер // түсіп кетті.

Босаған // орынға // отырды // енді // біреулер.

Сарғайған // күзгі // орман да

Үп еткен // желмен // еріп,

Сылдыраған // сары // жапырақ,

Ізді // жасырып // кетті.

Көшеде // арлы-берлі // ағылған адам...

Жолды // жапырақ // жапқан,

Жым-жылас //... Уақыттың // ағысы.

Өмірдің бірін-бірі ауыстырған толқындары ақын өлеңінде қарапайым да, соны сипатта беріледі. Өмір – автобус, түсіп кеткен әлдекімдер мен бос орынға жайғасқан біреулер, ізді жасыратын сарғайған күзгі жапырақтар, арлы-берлі ағылған адамдар ізін жапырақ жұтып, уақыт ағысы өтуде. Өмірдің өтпелілігі қазақ поэзиясында кең тараған тақырып, оны қаншама ақын неше түрлі жырлады, оларға Ардақ Нұрғазыұлы да өзіндік дара бейнелер мен символдармен, өзгеше ырғақтық-интонациялық жүйе арқылы үн қосты.

Ақын Ардақ Нұрғазыұлының «Ұйқысұраған біреудің жыр парағы» деген атпен берілген жыр топтамасына енген өлеңдерде белгілі бір толқынмен қайталанатын ырғақ та, ұйқасқан бірде бір сөз де жоқ. Бұл өлеңге тән өлшемдер – тармақ пен шумақ. Тармақтардың ырғақтық ролі жоқ, тек сыртқы кестелік функцияны атқарып тұр. Өлеңдегі әрбір сөйлем бір немесе екі тармаққа қондырылған. Екі тармаққа жіктелген сөйлемді бір тармақ етіп құрса да, өлеңде ешқандай ырғақтық өзгеріс болмайды.

Тармақтарды шумаққа жинаған ішкі логикалық өріс. Бірінші шумақ түн мен тамшы төңірегіне топтасса, екінші шумақтың өзегі автобустағы біреулер мен күзгі жапырақтар. Қанша ырғақсыз дегенмен, поэзияға тән шарттар болмаса, өлең деп танылмайды. Ақынның бір өлеңін өлшемдік қалыпқа салып, тармаққа бөлмей оқып көрейік.

...Түсіңде жұттың өзіңді-өзің жаңғырық. Қараңғы түнде жартасты жалғыз қалдырдың. Мен де жартас. Айғайды жек көргенімізден үнсіз отыруға үйрендім. Тарих жазылған кітап парақталып, одан да дауыс шыққанда, ол да бізді айғайымен есеңгіретіп кетті. Мейлі оны үнсіз отырып, қабыл алсақ та, Тамға шапталған қағаздардағы ірі жазулардың елесі миымызды торлап, картадан алып күнді ғана көрдім... Саяси- философиялық көркем лирика. Жаңғырық – жартастың жандаусы. Үнсіз отыруға үйренген жартас тарихтағы жаңғырықтан да сескенеді. Тарихтағы ірі жазулар, үлкен оқиғалар замандар қойнауында қалды. Алып күн – уақыт көрсеткіші.

А.Нұрғазыұлының: «Поэзияда ақынның бойындағы түйсіктің ролі ерекше маңызды. Ақын өмір сүрген сол ортамен поэзия арасында көрінбейтін бір есік бар. Ақындардың бойындағы түйсік осы есікті ашатын кілт сияқты. Есік ашылған сәтте сөз бірден түлеп ұшады. Ақын санасындағы шынайы шын жаңа мән алып, тыңнан жасақталады. Ерекше сапалық өзгерісті басынан өткізетін мұндай түлеу өлеңнің сыртқы көрнісіне қашан да сын айта келеді. Немесе ақын суреттің сыртқы көрінісін өзі салады» деген пікірі Маяковскийдің «ырғақ дегенді білген емеспін» деген сөзін растай түседі. Ешбір ақын форма іздеп, оған сөз салмайды. Өлеңнің мазмұнына сай кесте өзінен өзі туылатыны белгілі. Егер форма бірінші туылса, ол ақынды формализмге ұрындырады.

Ақын бас көзімен емес, өзіне тән көкірек көзімен барлайды өзін қоршаған дүниені. Қара өлеңдегідей сезім селін ақтармай-ақ, ұстамды суреттер жасап отырып-ақ өмірдің терең философиясын ұқтырады. Уақыт деген ұғымға алыстан барлап баға бермей уақыттың ішінде жүргендей оның тамырының бүлкілін сезініп, жүрегінің соғысын сезеді. Адам өмірге келуі беймәлім қараңғы әлемнің есігінің ашылғаны, мәңгіліктің қысқарып, уақыт деген адамзаттың өлшеулі ұғымына айналғаны, адамдар дүниесі автобустардай, біреу мінеді, екінші түседі, әркімнің өмірі өз бекетімен өлшенеді. «Жаңбырда табыт көтердік» деген бейнеліліктің аса күрделі, нанымды, сәтті көрінісі. Жаңбыр – табыт соңында қалған тірілердің көз жасы емес пе?

Екі бекеттің арасы – үнсіздік...

Жаңбырда табыт көтердік...

Езілген ми батпақ – жер

Шұбалаң жолдың ақыры – Есік

Автобустан түсіп кеттім.

Жабылды есік...

Өлең қазақ әдебиетінің даму тарихының алғашқы кезеңі ауыз әдебиетінде әуенге тәуелді болды. Абайдан кейін жалпы осы күнгі формасыз өлең жазып жүрген Ұ. Есдәулет, Т.Әбдікәкімов, О.Айтанұлы, А. Нұрғазыұлы, сияқты ақындарға дейін ырғақ пен ұйқасқа тәуелді болып, оның заңдылықтары аясында дамып келген поэзия өзгеше мүмкіндіктерін ашып, түрден-түрге өзгеріп даму мүмкіндігінің шексіз екендігінің бір айғағы – верлибрлер. Омарғазы Айтанұлының «Далалар» деген өлеңі көркемдік-бейнелілік жүйесі мен ырғақтық-интонациялық құрылымы назар аударарлық шығарма.

Қаңбақ па домалаған?

Далалар – таңғы түс.

Ұзатылған қыз

Ол және қанаты талған құс.

Жеңілген көшпенділер –

Далалар

Солардың жығылған туы.

Оққа ұшқан арғымақтың –

Далалар соның

Терсіген буы.

Бірінші тармақта даланы таңғы түске теңеуі таңғы түстің шындығын айтқаны болар. Ұзатылған қыз деуі оның өрісінің тарылмайтындығы мен шексіздіген айтқаны болар, құстың талған қанатымен оның кеңдігін өлшегені болар, ал домалаған қаңбақ оның жазықтығын, ашықтығын айтқаны болар. Дала бетіндегі шайқастар арқылы оның киесі мен қасиетін, қат-қабат қасіретін танытпақ болады. Өлеңде мынадай дыбыстық үндестіктер ұшырасады: таңғы түс - талған құс, жығылған туы - терсіген буы, анасы - жасы, кіндігін кескен - тұяғы тескен. Ал жүйелі ырғақтық өлшемдердің кестесі жоқ. Өлең мәтінінде өлең өлшемі мен соған сай түрленетін синтаксистік құрылымдардың инверсиялануы, орын тәртібін өзгерту деген құбылыстар көрінбейді дерлік. Жеңілген көшпенділер – Далалар солардың жығылған туы. Мұндағы күрделі сабақтастықтың мәні далалар сөзінің екі ұғымды айқындап беруінде. Негізі екі айқындаушы болғанмен, екі айқындалушы болмайтын-ды. Ақын жеңілген көшпенділерді де, солардың жығылған туын да далаларға балайды. Оққа ұшқан арғымақтың – Далалар соның терсіген буы, – деген синтаксистік құрылымда далаларды терсіген буға теңеуі айқын.

Өлең дамуының бастапқы сатысы да, жоғарғы сатысы да – түрсіздік, яғни формасыздық. Поэзияны жасаушы мазмұн түрден азат болған жағыдайда, шығармадағы ой мен сөз сыртқы өлшемдерсіз өлең болып танылған мұндай құбылыстар тек тәжірибе қалпында қабылданып, оқырман, сыншы, әдебиетші тарапынан тиісті бағасын алмай жүр.

Қазіргі ақындардың ішінде өлеңдік сырлы ой мен сұлу сөзді формадан азат етіп, ой мен сезімнің толық билігінде өлең жазып жүрген ақынның бірі – Т. Әбдікәкімов.

Топырақ // тың тыңдауда. //

Ағаштар // үрей мүңкуде //

Құстар // Жарық // Дүниеден де // жарық // түс көруде //

Әуеде //дерт атаулының // жындары мен //

Ұрғашылар // етегінің // лебі бар.

Сезімнің // бәрін // сөндіріп

Телміремін //,

Терезеге // айналып //:

тұла-бойын // көкшіл – жасыл // түк басып,

кіндігі // бек қызарып, //

қараңғылықты // тоқып отыр //

қорқыныш пен // құмарлықтың // құдайы.

«...Түн» деген өлеңінде өлшем мүлдем жоқ дерлік. Өлең тармақтарының соңындағы сөздер тұлғалық жағынан біркелкі болғанмен дыбыстық үндестігі жоқ. Бірінші шумақты тармақтарға ажыратпай қарастырсақ, прозалық оралым іспетті. Себебі мұндағы сөздер орын тәртібінен ауытқымаған. Ал екінші шумақтағы орын тәртібінің өзгертілуі өлеңді прозалық сипаттан алшақтатады. Бұл шумақтағы сөздер мағыналық ерекшелігіне қарай екпін түсіріліп, тармақтың не алдына не соңына шыққандықтан ой-сезімге әсері өзгешелейтін бір қыры. Сондықтан ақ өлеңді ырғақты прозадан ерекшелейтін тармақтардағы сөздердің орын тәртібіндегі өзгешелігі. Бірін-бірі қайталайтын ырғақтық-интонациялық бірліктің жоқтығы өлең табиғатын өлшемді қара өлеңге кереғар етеді. Бірінші шумақта тармақтардың соңғы бунақтарының буын сандарындағы ауытқушылықтыр өлең ырғағын дәстүрлі ырғақтан мүлдем алыстатып прозалық сипатын күшейткен. Ал екінші шумақтағы тармақтардың басым көпшілігінің, яғни төрт тармақтың соңғы бунақтарының үш буынды болуы тармақтарды белгілі ырғақтық қалыпқа жақындатады.

Сонымен верлибрлер өлеңнің сыртқы формасы ғана емес, ішкі көркемдік- бейнелілік жаңғыруы. Өлең жанының, өлең пафосының формасыз сұлу көрінуі. Верлибр жазушылардың мақсаты – синтаксистік жүйені сақтай отырып, ішкі көркемдік-бейнелілік мәнерлілікке назар аударту. «Верлибр (ерікті өлең) ақ өлеңнен ырғақтық жағынан еркіндігімен ерекшеленсе, ұйқастардың болмауы оларды жақындатады. Орыс ерікті өлеңі (верлибр) еркін акцентті ақ өлең түрінде көрінеді».

Еркін өлеңнің еркіндігі бастапқы семантика буын және екпін сандарын есептеуден азат болған, тармақтардың мағынасы мен олардың көрінісі болып табылатын лексикалық бірліктері, синтаксистік конструкциялары мен интонациялық жүйесі тікелей буындық екпін мен акцентті түр бермей-ақ тікелей астасқан. Сондықтан верлибрде ақынға қажетті мүмкіндіктердің барлығы берілген – көпбуынды ұзын сөздер, күрделенген синтаксис, өте нәзік дауыс толқыны мен мәнері, жекелеген өлеңдердің кез-келген өлшемдік түзілісі, тропика, ұйқас, қайталаулардың барлық түрі мен паралелизмдер.

Верлибр авторы сыртқы шектеулерден азат, оның жалғыз шегі маңызы артқан соңғы үзілістер. Еркін өлең өлшемінің бір ғана өлшемі — “үзілістер өлшемі.” Ю.Тынянов өлең тармағын ырғақтық қана емес, мағыналық қатар құбылысы ретінде зерттеді. «Верлибрлердің «бірлік» пен «тығыздық» сияқты семантикалық сипаты анықталды. Сонымен қатар сөздер семантикасы өлең сөзде тәуелсіз, дара емес. Сөз поэзия тілінің құрылымдық бірлігі ретінде өз мүмкіндігін өлеңдік тармақ аясында жүзеге асырады» . Верлибрлер – жаңа өлеңдік форма. Мұнда ырғақтық бірліктерден көрі, синтаксистік бірліктердің маңызы үлкен. Бұл құбылыс орыс поэзиясында Фет пен Полонскийдің есімдерімен байланысты. Ал оның бастауын Жуковскийдің «Рүстем – Зораб» дастанының аудармасынан көруге болады.

Еркін өлеңдердің, өлшемсіз еркін өлеңдердің шебері П.Неруда мен У.Уитменнің шығармаларын қазақ ақындары аударғанда дәстүрлі өлшемдер құрылымдық негіз болған. Өлшемсіз еркін өлеңдер бунақтармен өлшенетін ырғақтық жүйе аясынан шығып, синтаксистік құрылымдармен өлшенеді. «Ал графика өлеңнің, өлшемнің сигналы, ал оның салдарынан шығатын өлшемдік динамика – ырғақтың қажетті шарты болып табылады».

Поэзиядағы дәстүрлі ырғақтан тыс жүйенің бірі – прозалық өлеңдер әлем әдебиетінде кең жайылған құбылыс. Ол қай бір халықтың поэзия дамуының жаңаша формасы. Поэзиялық мәтіндер өлшем мен ырғаққа тәуелді болған кезеңді еркін ырғақтық құрылымдар алмастырса, кей ақындар еркін ырғақтардан да асып, прозалық шекке дейін жетуде. Бұл шебер ақындардың ізденісінің нәтижесі. Поэзиялық өлшемдерден мүлде бас тартып, прозамен поэзия тудыру аса күрделі іс. Поэзияның жаны биік пафостық, рухани шабыттылық екенін ұлы әдебиетші В.Белинский атап көрсеткен-ді.

Өлең – адам рухының биікке самғауы, сезімінің сұлулыққа ұмтылысы. Поэзиялық шығармалар ырғақтық-интонациялық иірімдер арқылы сұлу сымбат алатын. Кәдімгі прозалық тіркестер арқылы поэзия ажары ашылады ма? Өлеңдер ырғақтық өрнектер ғана дарытатын сұлулықты қайдан алады? Бұл сұраққа жауап табу үшін қазақ ақындарының прозалық минатюраларына жүгінеміз.

Прозалық өлеңдер қазақ поэзиясында Мағжан Жұмабаевтан кейін алпыс жылдан соң көрініп отырған үрдіс. Оның «Балапан қанат қақты», «Домбыра» атты екі прозалық өлеңі белгілі. Прозалық өлеңдер қазақ поэзиясында жекелеген ақындардың тәжірибелік дәрежесінде көрініп жүр. Көп қазақ ақындары поэзияны дәстүрлі ырғақтық жүйесінен еш бөліп қарай алмайды. Сондықтан прозамен жазылған өлең саусақпен санарлықтай ғана ақындардан табылады. Қазіргі қазақ поэзиясында Е.Раушановтың үш өлеңі, Ж.Бөдешовтың «Кек» деген шағын поэмасы, Б. Қошым-Ноғайдың «Мені талай ит қапты» деген шығармасы белгілі.

Қазақ әдебиетінде қара сөз жазған ақынның алғашқысы – Абай. Абай өз ғақлияларын жазғанда поэзияның осы түрі болатынын ойламаған да болар. Ақын өзі айтқандай ойына оралған дүниелерді қағаз бетіне түсіре берген. Яғни, ақын өз ойын проза формасы арқылы беруді жөн көрген. Ақын сөздері поэзияның шарттарынан тыс құрылғанмен, ақынның ойын білдірудің бір түрі ретінде алынып отыр. Орыс ақындарының ішінде де прозаға жүгінгендері көп-ақ: М.Цветаева, А.Ахматова, О.Мандельштам, А.Блок, В.Маяковский. Зерттеуші А. Квятковский М.Цветаеваның прозаға жүгіну себебі туралы мынадай ой айтады: «Оның жүріп өткен жолы талап етті. Ол бірінші кезекте ақынды прозаға жүгінуге мәжбүрледі.», «Проза Цветаева үшін поэзияның жалғасы болды. Проза Цветаева үшін оқшаулану аясын кеңейту, яғни тіл мүмкіндігі болып табылады. Өлеңдердегідей ақын прозасында да біз монолог тыңдаймыз, бірақ бұл монолог лирикалық кейіпкердің монологы емес, сұхбаттасушының жоқтығынан туындаған ойлар нәтижесі».

Абай прозасы да Абай өлеңдерінің, оның философиялық-азаматтық тақырыптағы ойларының заңды жалғасы. Абай өлеңдерінде айтылған қазақ, халық, қоғам мәселелері мен ақынның қоршаған рухани және материалдық әлемге деген көзқарасы оның өлеңдері мен прозасында ұштасып жатады. Поэзиялық өрнекпен емес, прозамен ғана дөп жететін өзінің нәзік қырларынан айрылатындықтан прозалық форманы ақындар интуитивті түрде барлап біледі. Абайдың қара сөздері де – монологтың көрнекті үлгілері.

М.Жұмабаевтың «Балапан қанат қақты», «Домбыра» атты өлеңдері қазақ поэзиясындағы қара өлеңдердің алғашқы үлгілері.

Балапан қанат қақты ...

Жас еді. Қанаты қатып кеткен жоқ еді. Амалсыз қақты.

Солтүстіктің суығына шыдай алмады. Суық жел сүйегіне жетті. Ызғар өкпесіне өтті.

Өлең тұтас метофораға құрылған. Бұл тұрғыдан алғанда шығарма өлеңдік мәтіннің астарлық бірнеше қабаттан тұратындығына сай. Поэзиялық шығармада семантикалық, идеялық бірнеше қабат астасып жататындығы белгілі. Бұл өлеңдегі мәтіннің астарында кәдімгі құстың балапанынан өзге маңызды мәселе жатқандығы түсінікті. Егер олай болмаса, шығарма негізгі көркемдік құндылығынан айрылып қалған болар еді. «Балапан» журналының құс балапанына айналуы шығармадағы басты метафора. Бұл шығарма туралы ғалым Д.Қамзабекұлы: «Мағжан Жұмабайұлының соңғы аталған журналға қатысты «Балапан қанат қақты» атты аллегориялық туындысы қазақ әдебиеті тарихында біздіңше, әлі жете бағамдалған жоқ. Ақын бұл шығармасында көзіқарақты оқушыға «Балапанмен» бірге жаңа бағыттағы (еуропалық сипаттағы) әдебиеттің туғандығын айтуды мақсат еткен. «Балапан қанат қақты ...жас еді. Қанаты қатып кеткен жоқ еді. Амалсыз қақты», – дейді ол әдебиет пен заман шындығы арасындағы қатынасты түсіндіріп. Осы туындыдағы балапанды титықтатқан «солтүстік суығы» – Ресей империясының кескін-келбеті, демократияны тұншықтырған цензурасы, оған «мойын бұрмаған орман», пана бола алмаған «тоғай» – орыс орныққан Сібір қалалары, «солтүстіктің салқын жүрек, тас бауыр адамы» – қазақты ел деп есептемеген отаршыл пиғылдағы жандар. Міне, сондықтан \Мағжан пікірінше, Омбыда дүниеге келген әдебиеттің ізашар «Балапанын» қорғайтын да, қолдайтын да – Алаш елі. «Балапанның ойы: жан дәрмен жылы жаққа жетпек» , – деп өлеңнің мән-мағынасын кеңінен ашып, нақты түсіндіреді.

Алғашқы «Жас еді. Қанаты қатып кеткен жоқ еді. Амалсыз қақты. Солтүстіктің суығына шыдай алмады. Суық жел сүйегіне жетті. Ызғар өкпесіне өтті» деген жолдар бір морфологиялық тұлғаға, яғни етістіктің өткен шақ формасына құрылған. Бұл топтағы сөйлемдерді жинақтаушы семантикалық бірлік қана емес, бірыңғай формалар. Өлең арасында қайталанып отыратын «Балапан қанат қақты» деген синтаксистік бірлік ой арнасы өзге арнаға ауар тұста қайталанып отырады.

«Аштан өлетін болды. Ойды-қырды қар басқан. Бір қылтанақ таба алмады. Тоңып, дірілдеп, аласұрып жүрген балапанды көріп: «Қорама кір, қолымда тұр, қалған-құтқанымды беремін» – деп күледі солтүстіктің салқын жүрек, тас бауыр адамы!» Осы сөйлемдерде шығарма өзегіндегі ой мен оның салдарынан туындайтын эмоционалдық-экспрессивтік реңк кульминациясына жетіп, түрлі формада көрінеді. Өлеңнің соңғы бөліміндегі қимыл-әрекет етістіктің мақсатты келер шақ формасында беріліп, бірыңғай грамматикалық тұлғада жасалуы мен субьект ортақтығы, күрделі сөйлемдерді құраушы жай сөйлемдердің синтаксистік құрылысының ұқсас болуы бір шумақтық құрылымға жинап тұр.

Ақынның екінші прозалық өлеңі «Домбыра» көлемді өлең. Онда ауыр күй шерткен домбыра мен жылаған зарлы жас сұлу бейнесі сабқтастықта алынады. Бұл шығарма ой метафоралығына құрылғандығымен емес, сөйлемдердің өзара синтаксистік, грамматикалық бірыңғай құрылымдары мен олардың әуезділік, әуенділік сымбатының негізінде құрылған.

Жазушы Ғ. Мүсіреповтың «Кездеспей кеткен бір бейне» поэмасы да проза үлгісімен жазылған ең көлемді поэзиялық шығарма. Бірақ бұл поэманың аты да, ішкі әлемі де поэзияға тән сезімділігі мен пафосты рухымен биіктейтіндіктен поэзия деген сұлулық пен салтанаттылық сарайына енген. Шығарма кейіпкерінің суретші болуы және оның сол бір бейнеге ынтық болуы, және бұл ынтызарлықтың ғұмыр бойы жүректе сақталуы – міне, сюжеті мен идеясының поэзиялық сипаттары оны сезіммен сәулеленген өлең өлкесіне тартады. «Ғабит Мүсірепов бұл шығарманы проза түрінде жазса да, поэзия деп атаған еді. Бұл шынында мейлінше көркем жазылған, зергер қолмен бастан-аяқ барынша мүсінделіп, суреткерлік өнердің ең бір мөлдір тұнығынан сығымдалып, талап таразысына қайта-қайта тартылып шыққан терең ойлылық пен нәзік лиризмге бірдей толы, нағыз поэзиялық шығарма еді», – деп ғалым Ж.Ысмағұлов шығарманың поэзиялық сипаттарын нақты көрсетеді. «Кездеспей кеткен бір бейне» шығармасының жанрын тақырыбы мен идеясы ғана емес, сондай-ақ тілі мен стилі де анықтайды. Ырғаққа, яғни жүйелі бунақтық қайталауларға негізделмесе де, прозаның өзіне тән симметриялары бар. Ол симметриялар сөздердің морфологиялық құрамы мен сөйлемдердің синтаксистік құрылысына тән.

Прозалық өлең формасы прозалық болғанмен, жаны поэзиялық болуы шартты шығарма. Осы ұстанымның үдесінен шығатын шығармалар ретінде ақын Е. Раушановтың «Сатқын», «Тас балбал» және «Ымырт» атты прозалық өлеңдерін атауға болады. «Жаңа өлеңдерде, әсіресе, ең бастысы прозалық өлеңдерде бірінші мәнге поэтикалық бейне ие болады» – деген зерттеуші прозалық өлеңнің өлшемдер орнын поэтикалық бейнелілік арқылы толтыратын ең негізгі белгісін анықтайды.

Прозалық өлеңдегі нәзік лиризм кей поэзиялық шығармалардан да сезімді, терең. Бұл өлеңдегі поэзиялық жүктің барлығы ақ толқын драмасында жатыр. Прозалық өлеңдердің поэзиялық қуаты, сезімділігі прозалық фон аясында арта түседі. Яғни, «Сатқын» өлеңіндегі кейіпкердің күйбең, қамсыз, қызықты тіршілігінің аясында ақ толқынның жанұшырған ұмтылысы, жарқабаққа жетпек үшін арпалысы, зарыққан зарлы күйі күшті драмалық сипат алады. Ақ толқынды кері итерген қаба сақал Қара түн оның басына мәңгі орнайтын қаралы күй іспетті. Шығармадағы сатқындықтың көрінісі – лирикалық кейіпкердің аттанған тас жолы, сіңіп жоғалған тас қараңғылығы, ештеңе селт еткізе алмаған сезімсіз тас жүрегі сияқты ұғымдар арқылы шебер шешіледі. Поэзиялық көркемдік-бейнелілік, мәтіндік көпқырлылық және ой метафоралығы шығармада жетілген түрде көрінеді.

Прозалық өлеңдердің сезімділігі мен тереңдігін, құпиялылығы мен сиқырлылығын арттыратын факторлардың бірі олардың берілу формасы, яғни синтаксистік және стилистикалық ерекшелігі. Мұндай прозалық мәтіндерде атаулы сөйлемдер жиі кездесіп, сөйлемдер бітпей, қысқа қайырылады немесе толымсыз құрылады. Сондай-ақ ой тіке берілмей, оның орнына көп нүкте, сұрау белгісі сияқты тыныс белгілері жиі қолданылып, ой ағыны ашық емес, емеурінмен жеткізіледі.

Мынау көне түркiнiң әрiптерi. Қара тасқа қашалған әрi жат, әрi жақын жазулар… Бiр кезде менiң ұрпақтарым да ата-баба мұрасына дәл бүгiнгi маған ұқсап түсiнбей қарауы мүмкiн-ау деген ой келедi.

Ымырт. Ұзамай қаламызға қараңғылық орнайды. Қараңғы түнде көне түркi жазулары қара тастан қанаттарын дыбыссыз қағып ұшып шығады да қаламызды щарлап кетедi. Олар алаңдар мен проспектiлердi, Үкiмет үйiн (ескiсiн де, жаңасын да), сыраханалар мен перзентханаларды көредi, адамдардың әңгiмелерiн тыңдайды. Шахардың шетiндегi менiң дәптерiмнiң терезесiнiң алдына қонып, ашық жатқан дәптерiме үңiледi. Қандай әсер алады екен. Бiлмеймiн. Бiлетiнiм – Олар орындарына ұзамай қайтып барып, қара тасқа айналып қатып қалады. Мәңгiге ...

Шығармада ой емес, сөзбен көмкерілген тереңдегі ойдың сәулесi ғана көрiнедi. Ой негізі тым тереңде, қат-қабат сезiмнiң алуан түрлi бояуына оралған. Оны түйiп қою мүмкiн емес. Ол бір ұғым-түсінік аясына сыймайды, оны тек сезiнiп, түйсiну қажет. Ымырт аталуының себебi мезгiлдiң қараңғы да емес, жарық та емес бұлдыр кезеңi. Замандардың, арада ғасырлар жатқан дәуiрлердiң, уақыттардың, ұрпақтардың бiр-бiрiн ұғынбауын, жете түсiнбеуiн айту үшiн түркi әрiптерiн ұшырып, құсқа теңеп бейнелi образын жасайды. Шығарманың құрылымдық жүйесі өлеңге тән өлшемнен азат. Жиi қолданыстағы қара тас пен ымырт арасында көрiнбейтiн ассоциациалық байланыс бар. Қара тас, ымырт, қараңғылық үшеуі де арғы жағы белгісіз құпиялылықты меңзейді. Барлығы дерлiк сөйлемдер бiр грамматикалық тұлғада, яғни ауыспалы келер шақ формасында қолданылған. Мұнда поэзиядан да терең, айшықты образдылық бар. Поэзия ырғақтан, ұйқастан айрылғанмен, образдылығы мен пафосынан айрылмаған, формасынан айрылғанмен, мазмұнына қылау түспеген.

Ақынның келесi прозалық өлеңі – «Тас балбал». Адамзат жатырқаған тас балбалды Күн күнде құшағына алады. Оның мұздай денесiн жылытпақ болады. Әке, бала барлығы сырт айналған балбалға Күн ғана берiлген, адал. Мазмұны осы болғанмен астарындағы ой бәрi айнығыш, өтпелi, тек уақыт қана мәңгiлiк, әрi ақиқат дегенді айтқысы келедi. Прозада әрбiр ұғым жанды бейнеге айналады. «Ымырттағы» қара тасқа жазылған қара әрiптер, «Тас балбалдағы» балбал, күн, «Сатқындағы» ақ толқын мен қаба сақал қара жартас барлығына жан бiтiп, терең ойды білдірудің көркем құралына айналады. Бұл өлеңдерде өлшемдер есебінен образдылық күшейген. Ырғағынан айрылған, мазмұны толық метафораға құрылған прозалық өлеңдер терең ойланып, түйсiнудi қажет етедi.

Мұндай шығармалардағы көркем бейнелер мен ой образдылығының қуаты күштi. Бұл шығармада өлең сезiм мен ойға ғана емес, адамның интуициясына, табиғи танымына да әсер еткендей. Бұл өлеңдер сезiндiредi, ойландырады. Мұның лирикалық күшi ғана емес, эпикалық күшi де орасан. «Прозалық өлеңдер лирикалық болмысымен ерекшеленеді. Негізінде эпикалық сюжет жатса да, оның лирикалық табы күшті сезіледі». Осы қасиетiне орай болар соңғы кезде прозалық поэмалар да жазыла бастады. "Қазақ әдебиетi" газетiнде жарық көрген ақын Ж.Бөдешевтiң "Кек" шығармасы шағын болса да, ақын оны поэма жанрына жатқызады. Поэманың мазмұны құс төресi бүркiттiң қасқырдан кек қайтарғаны туралы.

Ұлу жылы қыста бала бүркiт арлан қасқырға түсiп, оң аяғының тегеурiнiн шайнатып алды. Ел iшiнде ер-тұрман, жүзiк, сырға, өмiлдiрiк, құйысқан, алқа соғып, атағы шыққан он саусағынан өнерi тамған Қалымхан ұста Сыпырманың шайналған тегеурiнiнiң тұғылына жезден саусақ жасап кигiзiп, жаз бойы қадағалап жүрдi." Елесi қыста Сыпырма ерекше мiнез танытты. Басындағы томағасын аяғымен қағып түсiрiп, сәт сайын саңқылдап, мазасыз сiлкiнiп, тым ширақ күй кештi. Әсiресе, соны қар жауған алакеуiм таң алдында. Сiлкiнген сайын жұмыр топшысының бұлшық еттерi сымдай ширатылып, шиыршық атады. Екi көзi боталап, тастай жұмылған қос жұдырығын бауырының астынан алма-кезек шығарып әлдекiмге «Мынаны көрдiң бе?» – дегендей сес қылады. Қайың тұғырды қаншалықты қарпыса да жез тегеурiн сыр бермейдi, алмаспен суарылғандықтан қайда салса да тiлiп түсердей қаршылдап тұр. Жасандылық байқалмайды. Табиғи, тума өз денесi секiлдi. Саятты әбден сағынған құсбегi араға бiрер жыл салып, құсын ауға алып шықты. Жатаған қоңыр таудың бауырынан түлкi мен бөрi бiр мезгiлдiң iшiнде бiр бағытқа қарай жарыса қашты. "Сыпырма" құйрығын бұлаңдатқан өрттей қызыл түлкiге түспей, қылаңдаған көкшулан көк жалын – арланға түстi.

Бұл қара сөз үлгiсiне поэма деп ат қою авторлық позициядан туындаған. Ав тордың бұл шешiмiне бүркiттiң қайсарлығы мен сүйсiнтiп, тәнтi етер ерлiгi негiз болған. Бұл қаламгердiң жүрегiн тереңнен қозғағандықтан, өлеңге тән пафоспен жырлау тiлегiн поэмаға арқау еткен.

Шынын айту керек, осындай ұлы ерлiктер мен өрлiкке, биiк мұраттарға толы шығармалар баршылық. Олардың барлығына поэма деп ат қойылмай, новелла, әңгiме аясында жазылып келедi. Сондықтан жанрлық мәселелердiң дамуының теориялық алғышарттары жасалмағандықтан, канондық тұрғыда қарастырылып келгендiктен көп мәселе субьективтi көзқарас аясында қалып қояды. Өлең мәтіндерінің прозалануы мен прозалардың поэтикалануы – түрлік көрсеткіштермен байланысты ғана емес, (мысалы, прозалық ырғақтар), сондай-ақ мәтіннің ішкі мағынасымен, оның ерекше авторлық ұстанымымен, оның эмоционалдық және дүниетанымдық болмысымен сабақтас.

Мұндағы айтылатын басты мәселе жанрларды даму тұрғысынан зерттеудiң қажеттiлiгiн, бүгiнгi әдебиеттегi соны көрiнiстердi назардан тыс қалдырмай, қайта дамуына, терең тамыр жаюына ықпал ету қажеттiгiне назар аударуы керек.

Байбота Қошым-Ноғайдың «Ақ өлеңдер топтамасына» енген «Мені талай ит қапты», «Түссіз адам» деген прозалық өлеңдері белгілі. «Мені талай ит қапты» деген сөйлем ой арнасын өзге арнаға бұрар тұста көрініп отырады. Ақынның хайуан иттерінің астарында адам иттер тұрғанын олардың адамдар атымен аталуы байқатады. Есенғали Раушанов пен Жаркен Бөдешұлының прозалық өлеңдеріндей биік пафос пен нәзік лиризм анық көрінбейді. Құрылысы бойынша, тілдік ерекшелігі бойынша сатиралық өлеңдерге жақын. Барлық сөйлемдер бір ырғақтық-интонациялық, композициялық-синтаксистік, эмоционалдық-экспрессивтік сипаты тұрғысынан бір арнаға бағытталған, жұмыр емес.

Прозалық өлеңдер жапон әдебиетiнде өлеңнiң ең жоғарғы формасы болып табылады. Өлең форманың ауқымынан шығып, формасыз-ақ көрiну деңгейiне жетедi. Мұндай өлеңдерде ой тереңдiгi мен сезiм қуаттылығы шырқау шыңнан көрiнедi. Бұл шығармаларда лирикалық кейіпкерлердің аты аталып, түсі түстелмейді. Оның кейіпкерлері «Мен, сен, сіз, ол, біз, олар» деген жалпы есімдермен аталып, жалпылық принципіне сүйенеді. Поэзияның күші де сонда – ол жалқының динамикалық көңіл-күйін суреттей отырып, жалпының әрбірінің жүрегіндегісін айтады. Адамның тілі жетпегендігін тек жүрегінің түкпірінде жататын ойлары мен сезімдері ақын тілімен сыртқа шығады. Оны оқыған оқырман ол шығармалардан өзінің жан-дүниесін тапқандай болады. Бұл тек поэзияның, нақтырақ айтқанда лириканың ғана құдіреті жететін керемет, ғажап құбылыс. Поэзиядағы субьективтіліктің обьективтілікке ұштасып жатуы заңды.

Прозалық өлеңдердің болашағы қандай, неге кең жайылмай отыр деген сауал туатыны сөзсiз. Кең жайылмай отырғанына бұл өлеңдегi ойдың берiлу формасының, шағын шығарманың композициялық құрылысының аса күрделiлiгiн алға тартамыз. Сондықтан ол бiрегей талант иелерінің шеберлігі жетер поэзияның аса талғампаз түрі деп айтуға болады. Дәстүрлi поэзияда ой мен сезiм ашық, яғни тiкелей де, жанама, яғни жұмбақтап та бiлдiруге оңтайлы болса, прозалық өлеңдерде ой жұмбақтап, метафорамен берiлуi тиiс. Дәстүрлi өлеңдерде ойды бiлдiрушi элементтер, сөздер айшықталса, көркем бейнесі жасалса, мұнда жеке образдармен бiрге ойдың өзi көркем бейнеге енуi тиiс. Сондықтан болар бұл шығармалар Мағжан Жұмабаев, Есенғали Раушанов, Жаркен Бөдешұлы, Байбота Серікбаев сияқты аса шебер ақындардың ғана қаламынан туындап отыр.

Сонымен қорыта айтқанда мақалада талданған прозалық өлеңдерде ойды беруші сөздер емес, ойдың өзінің метафоралығы мен бейнелілігіне негізделген. Сондықтан оның композициясы өлең сияқты құрылады. Оның негізіндегі сюжеттің динамикалық сипатынан көрі статикалық сипаты басым. Сондықтан прозалық өлең лирикалық жанрға жатады. Лирика шағын жанрға жатқандықтан мұндай өлеңдердің де көлемі шағын.

Формасы жағынан прозалық болғанымен, оларға тән тілдік, стильдік ерекшеліктер болады. Проза сияқты еркін жайылмай белгілі прозалық шеңбер аясында өрбиді. Олардың етістіктері көбінесе бір грамматикалық формада көрінеді. Мысалы, Е.Раушановтың «Сатқын» өлеңіндегі етістіктер бірыңғай өткен шақ формаларымен беріледі: оралды, бар еді, бұра алмады, жаңғыртып жатты, оталды, беттеді, алып ұшқан еді, шалқасынан түсірді. Ойлануға жетектейтін ойдың ашық, тікелей айтылмауы прозалық өлеңге тән көркемдік-стильдік ерекшеліктердің бірі. Сондықтан бұл шығармаларда толымсыз сөйлемдер мен атаулы сөйлемдер молынан ұшырайды. Е.Раушановтың «Ымырт» өлеңінде атаулы сөйлемдердің бірнеше түрі көрінеді: «Мынау көне түркiнiң әрiптерi. Қара тасқа қашалған әрi жат, әрi жақын жазулар… Ымырт. Білмеймін. Мәңгіге.» «Өзінің дариясына... Көп заман өтіпті-ау... Тас жол. Тас қараңғы. Тас жүрек» деген толымсыз және атаулы сөйлемдер өлеңді эмоционалдық-экспрессивтік мазмұны жағынан байытып, ырғағын түрлендіріп тұр.

Түйіндей айтқанда, дәстүрлі формадан тыс түрлік ізденістер талантты ақындардың шығармашылығында ұшырасып жатады. Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында ол тек ақ өлең түрінде ғана көрінсе, одан кейінгі кезеңдерде поэзияда верлибрлер мен прозалық өлеңдер, графикалық суреттер мен «өлеңдік ойындар» арқылы көрінуде. Олар да қазақ поэзиясының, оның көркемдік-бейнелілік, ырғақтық-интонациялық жүйесінің дамуының көрсеткіші. Олар көркемдік және құрылымдық жүйесі бойынша поэзия әлемінен алыс болғанымен, оларда поэзияның жаны пафостан ажырамаған. Олар формалық жағынан өзгеше, өлеңге тән өлшемдерден азат, мазмұны поэзиялық шығармалар.

Айгүл ҮСЕН,

ф.ғ.д.,

Л.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университеттің профессоры


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар