Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әкім Тарази. Элиталық қоқыс (эссе)

13.09.2018 900

Әкім Тарази. Элиталық қоқыс (эссе)

Бұл эссенің атын осылай араластырып атамасам, басқа амал таппадым. Мұның себебін осы шығарманы соңына дейін оқып шыққан оқырман түсінеді-ау деген үмітім бар.

1991 жылдың күзінде Мәтеков құлады. Оңбай құлады. Бұны ешкім құлатқан жоқ. Өзі де құлаған жоқ. Бірақ әлдебір күш, әлдебір құдірет омақастырып кетті. Дұшпаным көп емес деп ойлайтын, достарының болмағанын өзі де қалайтын. Ешкім оның құлағанына қиналған жоқ. Тіпті, ешкім оның көштен қалып қойғанын байқамаған сияқты еді. Қара Ертіс облысының атқару комитетінде бірінші орынбасар. Өзі іштей өзін-өзі кекетіп «зам» дейтін. Кейде бір үміт те жылт ете қалатын, «бүгін зам болғанмен, ертең сам болып қалуым ғажап емес қой» дейтін.

Баяғы қызы онжылдықты бітіре салып, әлдебір жалаңаяқтың етегіне жармасып қашып кеткен еді. «Астроном әйелі» бұрынғыдан бетер үй шаруашылығын мүлде жатырқап, мектептен келе салысымен балконға шығып телескопына үңіліп, көк-жасыл аспанды қызықтап кететін болған. Ой сорлы-ай, деп ойлайтын бұл көк аспанды сен шарлай бер, мен мынау өмірден өзіме тиесілі қызықты іздеп табайын, сенің жолың қиял, менің жолым қиян, биікке талпынудың, биікке көтерілудің ләззатын сен қайдан білесің, білмейсің ғой, «астороном». Ләззат жолы, қызық жолы менде.

Сол 91-ші жылдың күзінде облыстық атқару комитеті төрағасының астындағы тақ тулап шыға келді. Асау айғырдай мөңкіп, үстіндегі жармасып отырған Александр Петровичті тастап кете жаздады.

Александр Петровичті бұл іштей жек көретін, бірақ кабинетіне кіргенде орнынан тұрып, жай ғана тұрып емес, апыл-ғұпыл қарғып тұрып, басын сәл иіп қарсы алатын. Сол Алпетр, бұл оның іштей қойған аты, Алпетр 19 тамыз күнгі Мәскеудегі төңкерісшілердің бірінің адамы еді. Қазақстандағы 19 облыстың біреуін қырағы қадағалап отырған, қит етсе Кремльге жеткізіп отырған өкілетті өкілі еді бұл. Горбиді жиналыс үстінде кекете-мұқата сөйлейтін батылдығын, батырлығын сездіріп, Горби туралы сықақ әңгімелерді айтып отыратын. Таңертеңгі соңғы хабармен жеткен Горби құлады дегенді естігенде ол қуанышын жасыра алмады. Оның көзінше Мәскеуге тіл шалып, кейін «ГКЧП» деген атқа ие болған бір топ саясаткерлердің біріне тіл шалып, құттықтап жіберген еді. Дәл сол сәтте Александр Петрұлы үлкен қателік жібергенін сезген жоқ. Бұны ол менсінбейтін, жиналыс үстінде де, оңаша отырғанда да бірінші орынбасарым деп кекетіңкіреп сөйлейтін еді, «Әй, біріншім, мен кетсем, сен бірінші боласың» деп қалжыңдайтын. Оның қалжыңы бұның жүрегін тіліп өтетін. Бірақ, амал жоқ, кім жеңерін әлі көрерміз деп іштей жабығып, тұншығып жүретін.

Сол күні Мәскеудің де, Алматының да теледидары Чайковскийдің көлде жүзген аққуларындай сұңқылдады да тұрды. Бастық біткен түгелдей кеңселерінен шықпай, ешкімді қабылдамай, теледидарға қарай телмірді де

отырды. Со заңды оқыс бұзған Александр Петрович еді. Ол бұны шақырып алып, сәл ғана жымыңдай түсіп.

− Мәтеков, мен саған қатты сенемін ғой, өзің білесің –деді.

Бұл «сенің сенемін дегенің сезіктенемін дегенің ғой, ал, жарайды, айта бер» деді іштей. Александр Петрович сөзін жалғай түсті, екі бетінің ұшы қызарып, көзі ұшқынданып тұр екен. Мынау жарықтық бір стаканды қағып салғаны-ау деп ойладым. Анау ешкімнен тайсалмастан әңгімені бастап жіберді.

− Горбачтың аяғы аспаннан келеді енді. Мен Ертісті қолға аламын. Қара Ертіс екеуміздің ашса алақанымызда, жұмсақ жұдырығымызда болады. Сені атқару комитетінің төрағасы қылайын ба, әлде обкомға екінші хатшы боласың ба? – деді.

Мәтеков қатты сасып қалды. Не айтарын білмей біраз отырып қалды. «Облыстық партия комитеті әрине беделді, екінші болсам да, сол дұрыс қой, ертең бұның өзі де бір жерде шоңқиып қалар, сонда мен бірінші болмағанда, кім болады» деді. Солай деп түйді де, бұл да ашығына көшті.

− Александр Петрович, − деді бұл нығарлай сөйлеп, іштей қатты жасқанып бұғып отырса да, сасқанын білдірмей батылдана сөйледі, − Сіз қайда жүрсеңіз мен сонда боламын ғой. Сізден басқа маған дос та жоқ, өзіңіз білесіз. Менің тағдырымды өзіңіз айтыңыз, − деді.

Александр Петрович қарқылдап қатты күлді. Аузын қатты ашқанда көрінетін екі алтын тісі бар еді. Солар анық жылтырап көрінді, бірақ, алтын тістердің ішкі жағы көгерген екен. «Халтурный тіс екен ғой» деп ойлады бұл. Ойлап үлгерді бұл, анау аузын қайтадан жаба түсіп:

− Мынау жауабың маған ұнады, − деді, − атқару комитеті деген не ол, қолбала ғой. Сен маған екінші боласың, − деді. – Мен әлгінде біріншіге кіріп, айтатын сөзімді айтып тастадым. Кешке қарай хабар болады. Москвадан хабар болады, есіңде болсын. Енді екеуміздің күніміз туады, − деді.

Мәтеков қанша сақ болғанмен, бұл жолы бір осалдық танытып қалды.

− Мен сізбен біргемін, Александр Петрович, − деді.

Александр Петрович мәз болып, шалқая күлді:

− Сәл, шыда, кешке қарай бәрі дұрыс болады, − деді.

Айдын көлдің төсінде кешке дейін сұңқылдаған аққулар күн еңкейе бірден тиылып қалды. Кешке қарай Москваның телевидениесі, радиосы бірден сарнап қоя берді. Сарнағанда жай ғана емес, тосын жағдайға байланысты құрылған мемлекеттік комиссияның мүшелері экран алдында көрінді. Солардың арасынан Александр Петровичтің пір тұтып, сыйынып, ылғи хабарласып жүретін бастығын көргенде, Мәтековтің бүкіл тұла бойына жып-жылы сезім ұялады. Алланың атын, құдайдың атын атағанда, бөрі көрген асау аттай ерін беліне алып мөңки қашатын Мәтеков бұл жолы «Я, Құдай!» деп қалды. Аузынан қалай шығып кеткенін байқамай қалды.

Мәтеков өз кабинетінде отырған. Әлгі кісіні көріп, таныған кезде «Я, Құдай!» деп орнынан қарғып тұрып тұра жүгірмек болды, Александр Петровичті барып құттықтамақ еді. Бірақ тез сабасына түсті, орнына қайтадан отырды. Әліптің артын бақ деді, ылғи да бұның көк желкесінен естілетін қарлығыңқы дауыс. Бұл дауыс өзінің даусы екенін Мәтеков білетін.

Билікті қолға алған топ, Горбачевтің денсаулығының өте нашар екенін, әне-міне дүниеден өтіп кетуі мүмкін екенін айтып жеткізген кезде, телевидениенің операторы отырған қайраткерлердің үлкен-үлкен бейнесін ірі-ірі қылып көрсете бастады. Министрлер кеңесінің төрағасы, Қарулы күштер министрі, Ішкі істер минстрі, Құпия мекеме мемлекет қауіпсіздігін бақылайтын министрліктің тұтқа ұстарын көрсетті. Содан кейін барып, Александр Петровичтің пір тұтатын, ылғи хабарласып жүретін негізгі тұтқасының ірі үлкен портретін көрсетті. Мәтеков тағы да «А, құдай!» деп қалды.

Сол кезде залда қаптап отырған журналистер арасынан бір талшыбықтай қыз жіп-жіңішке үнімен:

− О-о, тағдырым-ау, мынау отырған сендер, мемлекетті сатып отырғандарыңды білесіңдер ме? – деді.

Қыздың нәзік даусы қаһарлы естілді. Содан кейін әлгі телеоператор кеше ғана Горбачевтің орынбасары болған вице-президенттің бет-бейнесін жақындатып анық көрсетті. Сол сәтте Мәтеков әлгі жаңа болған бастықтың, әлгі бастығын сатып орнына келген пақырдың саусақтары дір-дір етіп, алдындағы үстелді барабандатып кеткенін байқады. Мәтековтің жүрегі зу ете қалды. «Мен бекер қуандым-ау» деп ойлайды. «А, құдай, сақтай гөр мені, құдай, сақтай гөр мені. Мынаған сенуге болмайтын адам ғой. Қолы қалтырайды. Ұзаққа бармас-ау мынау, екі ортада мен арандап қалдым ғой. Қайдағы бір Александр Петровичте нем бар еді» деп орнынан бір тұрып, қайтадан орындыққа отыра кетті Мәтеков.

Енді мұқият барлай қарап еді, төңкеріске қатысқандардың бәрінің де жүзінен абдырау, үрей, қорқыныш, сенімсіздік байқалды. Қорғаныс министрі өте ірі денелі, батыр тұлғалы кісі еді. Оның да кейпі кішерейіп қалғандай, бұғып, бүрісіп отырғандай көрінді. Қауіпсіздік комитетінің төрағасы шілтиген, шегірткедей жарықтық еді. Осындай бір шегірткелер болады, көзі айна сияқты үлкен, бастары кішкентай, денесі де қушиған. Сол тіпті орнынан қозғалмай, маған журналистер сұрақ қоймаса дегендей. Екі аяғын жабысқақ балшыққа малып алып, ұша алмай отырған шегірткенің кейпі. Дәл ортада отырған Министрлер кеңесінің төрағасы таң атпай бас жазып алып, оның өзі шалалау болып қалып, әлі де есеңгіреп отырған маскүнемнің кейпі. Мәтеков ойлады, «Ішкіш деуші еді, бұл жарықтықты. Сол түнімен бөсіп, енді есін жия алмай отырған болар. Мыналардың тобына қалай кіріп кеттім деп отырған сияқты» деп ойлады. «Әттең, әттең-ай...», − деді Мәтеков, −«Александр Петрович деген мынау қырттың жылы сөзіне еріп қалып, рахмет, мен сіз қайда болсаңыз, сонда боламын деп қалғаным бекер болды, бекер...» Орнынан қарғып тұрды. Кабинетінен қашқысы келді. Өйтуге болмайды әрине, әліптің артын бағу керек. Қара Ертіс облысын басқарып отырған майжелке ұлтшыл оңайлықпен берілетін адам емес ол. Олар жеңсе, мынау Петровичім қысатын жерін қысады, әрине. Сонда мен қайда қаламын».

Мәтеков орнынан қарғып тұрды. «Майжелкеге барып Петровичтің арам пиғылын жеткізсем жеткізейін, тездетейін» деп ойлады. Мен әдетте қырағы адам едім ғой. Майжелке мұның сондай кездерін ұнататын. Алдымен қыржиып, бұның айтқан сөздерін шала тыңдап отыратын да, кейде әлдекімдерді, оның анық жек көретін адамдарын жамандаған кезде көзінен от білініп, «сен, Мәтеков, маған жиі-жиі келіп тұр» дейтіні болатын. Қазір де ол екінші қабатқа түсе қойғысы келді.

Майжелке Горбиді ұнатпайтын, сөз арасында «пацан» деп ашықтан ашық кекетіп отыратын. Мәтеков соны пайдаланғысы келді. Екінші қабатқа түсіп, біріншінің кабинетіне бас сұқты. Алдында отыратын әйел жоқ екен. Қарсы кабинетте отыратын көмекші де жоқ екен. Не болса, о болсын деп, тәуекел деп Мәтеков біріншінің есігін ақырын ғана сығалай ашты. Майжелке орнында отыр екен. Әлдекімдермен сөйлесіп жатқан сыңай бар. Бұны көріп, телефонды тез орнына қойды. Жақтырмай, бұқа мойнын бұған әрең бұрды.

− Не саған, − деді майжелке.

− Сізге айтатын бір шұғыл хабарым бар, − деді Мәтеков.

− Шұғыл, шұғыл, − деп кекете мырс етті майжелке. – Бүгін бәрің шұғыл боп кеттіңдер ғой. Москва да шұғыл, сен де шұғыл. Жә, не айтайын деп едің. − Тез, − деді.

Мәтекев бұрын есік жақта сіресіп тұрған қалпын сәл бұзып, жақындай түсті, он шақты қадам алға озып, майжелкеге енді батылдана тік қарап:

− Мен қуаныштымын, − деді Мәтеков, − Горбиден қашан құтыламыз деп жүруші ем. Өзі біздің партияның ісін баланың ойыншығына айналдырып жіберді ғой, оған сол керек, өлмесе... – деп барып сөзінің аяғын жұтып қойды. Майжелкенің көзінен жылт еткен отты байқады.

− Мына кісілер былай шығып айтқаннан кейін оның халі нашар болғаны ғой, өлгені ғой, − деді майжелке. – Бәрі орнына келеді деп ойлаймын. Бірақ мынау отырған он бірдің ішінде біздің елді тікелей басқарып кететін ешқайсын көріп тұрған жоқпын, шынымды айтайын, − деді. Мынау президенттің міндетін атқарушы да онша...онша... – деп барып лебізін жұтып қойды майжелке.

Мәтеков оның ойын қағып алды.

− Рас айтасыз. Бірақ, бұлар әлі де болса ақылдасып, орталарынан бір мықтысын шығарар. Меніңше, осы құпия комитеттің төрағасы... – деп сөзінің аяғын құрдымға жіберді. Майжелкенің көзі бақырайған шегірткемен тікелей байланысып жүретінін бұл білетін. Мәтековтың мынау пікірі майжелкеге ұнады. Сәл күліп, денесін ауыр бұрып:

− Неғып қалшиып тұрсың, отыр, отыр, − деді.

Мәтеков креслоға абайлап басып келіп, қорқа-қорқа демін басты. Майжелкенің мінезі шұғыл, кейде сөзіңді бөліп қуып шығатыны бар және де орысша қатты-қатты боқтап жіберетін де кездері болатын.

Креслоға жаңа жайғаса берген Мәтековтың мұрны Сібір арағының ащы исін бірден сезді. «Ой, жарықтығым-ай, таң атпай бөсіп кіжілдей сөйлейтінің бар. Түсінікті болды сенің де жағдайың» деді. Бұл кезде Кремльден беріліп жатқан хабар аяқталып, қайтадан айдын көлде жүзіп жүрген аққулар сұңқылдай бастаған еді. Майжелке Мәтековқа сеніммен қарап: «Қазір күте тұр, бес-он минуттан кейін әлгі хабарды қайтадан береді. Бұл жолы екеуміз асықпай отырып көрейік», − деді.

− Павловтың ұсқынын көрдің бе? – деді майжелке оқыс еңкейе беріп. − Сенің Петровичіңнің шефі. Екеуі бірін-бірін іздеп тапқан, ә-ә, - деді.

- Қуды қу табады, сайды су табады, − деді Мәтеков. Бұл қазақтың мақалын Майжелке өзіне ұран қып алған еді. Кейде бір жиналыс өткізіп отырып, біреумен біреудің байланысы бар екені сезіліп қалса, осы мақалды айтып өзі селкілдей күлетін еді. Бұл жолы да майжелке бар денесімен қатты селкілдей күлді, риза болып күлді. Екі бетінің ұшы қызара түсіп, көзінің айналасы да қызара түсіп, риза болып, мәз болып отырды.

− Рас айтасың, Мәтеков, − деді, − рас айтасың. Қуды қу табады, сайды су табады.

Қанша жыл Қара Ертіс облысын билеп-төстеп отырса да, майжелке қазақ тілін менсіне қоймаған еді. Осы бір мақалды ғана білетін және де кейде не істерін білмей тосылып қалғанда, «солай, солай...» дейтін.Осы бір сөзбен және бір мақалмен өзін қазақ тілін өте жақсы меңгерген адамдардың қатарына қосатын. Ыза болғанда да айтатыны бар «солай, солай, карагим...» деп қоятын. «Карагим» дегені партиядан шықтың, қызметтен қуылдың,кетесің деуі еді.

− Қайта құру, қайта құру дегеніміздің өзі қайта құрып бітумен аяқталды ғой, − деді майжелке. − Қайта құру, қайта құру деп жүріп қайдағы бір адамдарды билікке алып келдік. Петровичіңнің мына арқа сүйері Павловтың отырысын көрдің ғой жаңа. Бөртіп таң атпай ішіп алған. Қайда отырғанын ол біліп отырған жоқ. Мәңгіріп отыр. Ол Госпланда отдел бастығы болып жүргенде күні кеше, сенің Петровичіңді ертіп барып, мен оны кеңсесіне кірмей-ақ ресторанға шақырып алатын едім. Ресторанға шақырып алып, ішкізіп-ішкізіп, Қара Ертіс облысына керек қаражатқа сол арада қол қойдырып алатын едім. Енді міне, Министірлер кеңесінің төрағасы болып шаниып отыр. Чебрик әлі бұлардың бәрін тақырға отырғызады. Павлов бірінші ұшып кететін шығар. Чебрикпен ойнауға болмайды. Ол барып тұрған қу ғой, зымиян.

Мәтеков таң қалды. Өзінің досымын деп арқа сүйеп жүрген Чебриковты майжелкенің қатты сынап отырғанына, оны қу деп айтып отырғанына таң қалды. Бірақ облысты көптеген жылдан бері билеп келе жатқан адам өзінің орнын, өзінің не істеп, не қойғанын кейде байқамай қалады ғой деп іштей түйіп қойды. « О да бір құдай. Құдайлар көбейсе, өзара қақтығыс басталады, құдайлар көбейіп өзара қақтығысып жатса, билік құлдың қолына тиеді» деп ойлады Мәтеков. «Әйтпесе, Горби сияқты апыл-ғұпыл басып жүрген, кеше ғана көшеде жүрген жалаңаяққа осындай ұлы мемлекеттің билігі тиер ме еді? Кремльде отырып алған шалдар бір-бірімен мүйіз қағысып, мүйіздері сырқырап тоқтаған кезде, араларындағы бір баланы апарып таққа отырғыза салды ғой».

Бұның сол ойын аңғарып қалғандай майжелке:

− Баланың ісі шала, − деп қазақтың бір мәтелін тағы қосты. Қосты да ырқылдап бар денесімен күлді. Бұған тесіле қарап, «сен, байқадың ба, мен қазақшамды көбейттім ғой, мен қазақ тілінің жартысын біліп қалдым ғой» деген сыяқты, Мәтековке мақтанышпен «менің осы жақсылығымды қазақ түсіне ме?» дегендей қарап отырды. Майжелкенің мұндайда желкесіне май жағып қою керек, Мәтеков оны жақсы біледі.

− О-о, Алексеевич, қазақ тілін әбден меңгеріп алыпсыз ғой. Судай сапыратын болыпсыз ғой,- деп орнынан сәл көтеріле беріп қайта отырды.

Осы кішкентай ғана мақтаудың өзі майжелкеге жағып қалғанын сезді. Дәл осы арада майжелкенің арам пиғылын жеткізсем деп енді оқтала бергенде айдын көлде жүзіп жүрген аққулардың сұңқылы кенет басылып, көзілдірік киген диктор қайтадан шықты. «Мемлекеттік комитет мүшелерінің журналистерге берген сұхбатын қайталаймыз» деді. Сонымен Майжелке мен Мәтеков қайтадан үнсіз отырып, Москваның хабарын тыңдады.

Талшыбықтай иілген, үні де жіп-жіңішке қыз баланың орнынан қарғып тұрып:

− О, тағдыр, о, Жаратушы, мыналар өздерінің мемлекетіне қарсы арам пиғылын жасырмай айтып отырғанына қалай таң қалмаймыз. Мынау мемлекеттік төңкеріс қой,− деген сөзін естігенде майжелкенің желкесі мүлде қыржиып кетті. Бұған оқыс бұрылып:

− Мәтеков, есіңде болсын. Осындай жексұрындар біздің Қара Ертіс бойында да бар. Мынау оқиға жақсы шешіліп, ертең билікті сенімді адамның қолына берген кезде, сен осындайларды бақылайтын боласың. Мұндайларды қылтиып басы көтерілген кезде, К-700-пен таптап тастамасаң қоғамға әрқашан қауіп төне береді. Мәтеков, түсіндің бе, сен?- деді.

Мәтековтың іші жылып сала берді. Әдетте облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қауіпсіздік комитетін, ішкі істер басқармасы, сот, прокуратураның тізгінін ұстап отыратын. «Демек, мынау Алексей маған екінші боласың деді ғой». Бүгін мерейі тасып, қуанып, бірақ қуанышын сездірмеуге тырысып үнсіз отрып қалған. Сол кезде Кремль сарайында өткен сұхбат берудің қалай аяқталғанын білмей қалды бұл. Енді тәуекел деп орнынан сәл қозғалақтап, Майжелкенің өз атын, әкесінің атын анық, әдеміліп айтып тұрып:

− Мен сізге келгім келген жоқ еді. Петровичті құдай ұрайын деп жүр. Ұрайын деп жүрген жоқ. Петрович... Оның соңғы кездегі қылықтары өте қауіпті, − деп Майжелкенің қып-қызыл болып, айналып кеткен көзіне тесіле қарады. – Петрович сізді аямас. Осы есіңізде болсын. Оңашада ылғи күліп отырады, сіздің қылықтарыңызды айтып. Бүгін маған анық өз аузынан жеткізді. Сіздің кететініңізді. Сіздің болашағыңыз жоқ деп айтты.

Осы сөздер бірінші хатшының кабинетінде радиомен айтылғандай қатты жаңғырылып естілді. Өз үнінен өзі шошып кеткен Мәтеков өзін-өзі қатты тыйып, осы арада тоқтай қалды. «Петрович туралы айтқаным мынаған ұнайды. бірақ бұл маған сене ме, сенбей ме? Қазір боқтап кабинеттен қуып шықса қайтем?» деген үрейде тұрды Мәтеков. Сол сәтте айналмалы креслосын шиқылдата бұрып, майжелке бұған тесіле қарап қалыпты. «Құрыдым!» деп ойлады Мәтеков. Бірақ бір сәтте көзінен жылы ұшқын жалт етті.

− Рахмет саған Мәтеков! – деді майжелке – оның ол арам пиғылын мен өзім де білемін, сезіп жүрмін. Павлов қайда барар дейсің. Павлов бір-екі күнде орнынан айрылады. Сол кезде екеуміз Петровичтің аяғын аспаннан келтіреміз.

Екі күннен кейін Петровичтің екі аяғы «аспаннан келді». Бірақ майжелке уәдесінде тұрмады. Мәтековты шақырып алып, жылы-жылы сөздер айтып: «Сен облыстық атқару комитетіне төраға бол, екіншілікті қайтесің, екіншіге басқа адам табылады. Шын мәнінде, облыстық атқару комитетінің төрағасы деген нағыз екінші билік қой, − деді. Мәтеков іштей өкініп қалды. «Іс жүзінде облыстық атқару комитеті дегені жәй ғана сөз, ол партияның «бұлай бұр, былай бұр» деп айдай беретін көк есегі немесе жауыр өгізі ғой. Бірақ айлығы жақсы, іштей қапаланғанымды ешкімге сездірмей сол арада жүре тұрайын. Кім біледі, мынау қиқы-жиқы заман бірден түзеліп қоймас. Майжелкенің өзін де әлі көрерміз» деп Мәтеков келісім берді.

2

Алматыдағы «Кино үйінің» тура қарсысында «Құрылыс материалдары» деп аталатын уәзірият болды. Сонда бірінші орынбасар болып істейтін досым бар еді. Жарықтықтың атын атамай-ақ қояйын. Болар іс болған. Өтіп кеткен оқиға. Бірақ, осы әңгіме-эссені жазып жүргенде, сол досым қайта-қайта есіме түсе берді. Шартты түрде оның атын Нағым деп қояйын. Кейде ол түс кезінде маған келетін, біздің кафеден тамақ ішетін, кейде мен оған баратын едім. Сол атақты 19-шы тамыз күні мен «Кино үйінде» отыра алмай, не істерімді білмей, сол Нағымға бардым. Соның кабинетінде теледидарды қосып қойып, хабар күтіп отырдық. Айдын көлдің төсінде аққулар сұңқылдап ән айтудан жалықпады. Онда да үн жоқ. Менде де үн жоқ. Нағым екеуміз бір-бірімізге қараймыз да аузымызды ашуға болмайтынын сеземіз. Сөйтіп отырғанда, бір кезде бойы қортықтау, домаланған бір ақсақал Нағым кабинетінің есігін ақырын ғана ашты да қайта жаба қойды. Нағым маған ыңғайсыздана қарады, ол «мына сұмырай... осы сұмырайға қайтадан жан бітіп келеді соңғы күндері» деді. Мен Нағымның сөзін түсіне қоймадым, үндемей отыра бердім. Жүзден аса қызыметкері бар министерлікте талай сұмырайлардың болатынын білемін, оған мен несіне таң қалайын. Бірақ әлгі, Нағым «сұмырай» деп атаған домалақ кісінің шашы аппақ екен. Сәл ойланып отырдым да, сұрайын деген ойым да жоқ, бірақ әңгіме болсын дегендей «шашы ағарған кісі екен, сен оны неге сұмырай дедің, ақсақал ғой» дедім. Нағым мырс етіп күліп жіберді: «Неғылған ақсақал, неғылған ақсақал. Осы біздің министерліктегі ең үлкен бастығымыз сол кісі, шынын айтсам, министр де басқармайды, мен де басқармаймын, менен кейін төрт орынбасар бар, олар да басқармайды. Министерлікті осы домалақ кісі басқарады» деді. Мен Нағымның ол сөзін анық түсіне қоймадым. Жұмбақтап отырған сыяқты көрінді. Екеуміз қайтадан үнсіз қалдық. Теледидардан әне-міне хабар жететін сияқты бұл қалай болды? Бұл неге Жер шарының алтыдан бір бөлігін, құрылықтың алтыдан бір бөлігін алып жатқан алып елдің теледидары күні бойы аққуларды сұңқылдатып қойды. Менде де түрлі ойлар болды, түрлі жоба, барлау ойлар болды. Бірақ Нағымаға оны айтуға батпадым. Сезіп отырмын. Ол да маған ештеңе айтуға батпай отыр. Жарты сағаттан кейін бе екен, Нағымның кабинетіне және бір ұзын бойлы бұйра бас жігіт бас сұқты. Екеуміздің отырғанымызды көрді. Көрді де қайтадан есікті жапты. Іле-шала есікті қайтадан ашты. Әлдене іздегендей кабинеттің түкпір-түкпірін шолып өтті. Қайтадан жаба салды. Мен Нағымға қарадым, Нағым алдыңғы үстелдің бетіне қарады. Сұрақ қоюға батпадым. Ол кезде біреуден біреу ашықтан ашық сыр тартуға болмайтын. Дос пен достың арасын ажырастырып жіберетін, досты қас қып жіберетін сұрақтар болады, сол сұрақтардан бәріміз де қашатын едік. Және бір он бес минуттан кейін есік ашылды да әлгінде көрінген ақ бас домалақ шал қайтадан есікті жаба қойды. Нағым қатты ыза болып кетсе керек, тісін қышырлатып біраз отырды да:

− Бұл кісінің атын білесің бе сен? – деді.

− Жоқ, білмеймін, - дедім мен.

− Білуің керек. Газет-журналда бұл кісінің мақаласы шығып тұрады. Осы біздің министірліктегі қызыметкерлер, біздің облыстағы бөлімшелер мен басқармадағы қызыметкерлер бұл кісіні сыртынан «домалақ арыз» деп атайды,− деді.

Неге олай деп сұрамадым. Жәй ғана әлдебір болар-болмас әңгімені айтып, досымның көңілін басқа жаққа бұрдым. Және бір он бес минуттан кейін, манағы ұзын тұра бұйра бас жігіт қайтадан есікті ашты. Қайтадан есік ашты да, кабинеттің түкпір-түкпіріне көз салғандай шолып өтіп, есікті қайтадан жаба салды.

− Мынау не? – дедім мен.

Нағым қатты күрсінді.

− Екеуі де маған жағымпазданып жүрген шығар? Мен министрдің бірінші орынбасарымен ғой. Көп мәселе менің қолымда,-деді Нағым.

Сөйтіп отырғанда, шамамен сағат үштер болар,телевизор кенет сықыр-сықыр еткен бір дыбыс шығарды да, сұнқылдап тұрған аққулардың үні өшті. Аққудай қалқып айдын көлде билеп жүрген балериналар да бізбен қоштаса алмай кенет ғайып болып кетті. Нағымның не ойлағанын қайдам, мен болсам «Апыр-ай!»деп әлдебір мазасыз түйсіктен қашып құтылғандай болып,жаным жай тауып қалды.

- Өзі қандай сұлулық көрсін, қандай ғажап музыка көрсін, ертеңнен кешке дейін қайталай берсе, одан да жеріп кетеді екен адам. Мен өзім Чайковскийдің музыкасын сондай жақсы көрем.Ондай ғажап композиторлар аз жер бетінде. Бүгін таң атқаннан бері Чайковскийдің бір ғана «Аққу айдынын» беріп, мынау теледидар мені ығыр қылып жіберіп еді. Сен қалай ойлайсың, Нағым? - дедім

- E-ей, Әкім-ай, - деді Нағым, - мен сен сияқты жазушы емеспін, киногер емеспін,музкада менің нем бар, сұлулықта нем бар. Менің кәсібім басқа ғой.

«Басқа ғой» деген сөзді бір түрлі солығып, қиналып айтты. Іле-шала ағаттық жібергендей жуып-шаймақшы болғандай:

- Біздің шаруа құрылыс материалдары. Құм, ірі тас, шлак, бетон деп шапқылап жүрген жоқпыз ба?

Бұл сөздің жай ғана сөз емес екенін сездім, түсіндім деп айта алмаймын, бірақ астарында үлкен бір құпия жатқанын аңғарып қалдым. «Неге бұл менің мамандығым деп келіп, аяқ астынан басқаша бұрып жіберді ?». Дәл сол сәтте теледидар тағы да сықыр - сықыр,қытыр-қытыр еткен бір түсініксіз дыбыс шығарып, іле-шала экран өзінің сәулелі ренің аша берді.

- Тыңданыздар! Тыңданыздар! -деді өзі көрінбей тұрған диктор, еркек даусы, - Москва, Кремль. Қазір біз сіздерге ресми хабар береміз...

Көп кешіккен жоқ, экран бір сөніп, қайта жанды да, әлдебір үлкен залдың төрінде отырған оншақты адамды көрсетті. Тілбезерді күнде көріп жүрген кезіміз, қайта құру кезінде билік басына жақындап келген, Горбидің төнірегінде жүрген қайраткерлерді, әрине, біз бірден таныдық. Қорғаныс министрі, одан кейін құпия комитеттің төрағасы, тағы төрағалар. Президенттің орынбасары ресми түрде шағын ғана сөз сөйледі.

- Құрметті совет азаматтары, құрметті совет халқы! Михаил Горбачев жолдастың деңсаулығы күрт нашарлап кетіп, хал үстінде жатқандықтан, біз, осы отырған азаматтар мемлекеттің қауіпсіздігін ойлап, мемлекеттің болашағын ойлап билікті өз қолымызға алдық, - деді.

Содан әрі қарай сөз басталды. Залда толып отырған журналистер екен. Әркім әрқандай сұрақтар бере бастады. Сол кезде... кенет... талшыбықтай бұралған бір нәзік қыз, үні де аққудың үніндей сыңғылрап шығатын жас қыз бала орнынан қарғып тұрып:

-Жолдастар-ау, Құдайым-ау! Сендер мемлекеттік төңкеріс жасап отырғандарыңды сезесіндер ме? - деді.

Президенттің орынбасары орнынан сенімсіздеу көтерілді. Сол сәтте... мынау мемлекет тағдыры қыл үстінде тұрғанда, асығыс құрылған комитет төрағасының қолын телевидение операторы анық көрсете қойды. Әлдене деп анау қызға жауап беріп отырған Президент орынбасары ГКЧП төрағасының қолы дірілдеп, үстел үстінде билеп тұр екен. Маған оқыс ой келді: «Апыр-ай, не деген шеберлік! Мынау оператор қандай ақылды адам. Анау жіп-жіңішке қыздың нәзік үні, талшыбықтай бұралған қыздың әлсіз үні телміріп отырған, бірнеше сағат бойы күтіп отырған 300 миллион. Халықтың ойына, санасына алыстан жіберілген құпия белгі сияқты болды ғой. Мынау төңкеріс жасап отырғандардың ахуалы онша емес қой!». Осы күдігімді айтпақ болып Нағымға қарап едім, Нағым менің ойымды керек қылатындай жағдайда емес екен. Қатты қорқып, сұрланып, дөңгелек беті тіпті шар сияқты домалана түсіп, артына қайырылған шаштары сәл көтерілгендей болып қиналып отыр екен. Үндемедім. ГКЧП-нің қайраткерлері айтар сөзін айтып, енді телевизор қайтадан айдын көлдегі аққуларды көрсете бастады. Сол кезде,сол бір сәтте Нағымның кабинетіне әлгі ақбас, домалақ шал, Нағымның сөзімен айтқанда «домалақ арыз» кіріп келді. Кіріп келді де өктем үнмен: «Есіттің ғой, Нағым. Естідің бе?»,-деді Нағым үндемей төмен қарады. Дәл сол кезде Нағымның кабинетінің есігі сарт етіп ашылып, әлгі ұзынтұра бұйра бас жетіп келді. «Нағым Серікбаевич, естідіңіз ғой, көрдіңіз ғой» деді анау тік тұрған қалпы. Нағым үндемеді. Екі көзін жып-жылтыр ғып сүрткен қоңыр үстелдің үстіне тастай салғандай болды.

- Сен мұнда неғып келдің? - деді Ұзынтұраға доп-домалақ ақ шашты кісі.

Ұзынтұра қашар емес, анау жетпістердегі шалдың жағасынан алғандай дөрекі дауыспен кіжініп тұрып:

- Ал, сен өзің неғып жүрсің бұл жерде ? Министрдің бірінші орынбасарының кабинетіне кіретін сен кім едің? - деді .

- Әй , мынау не деп тұр? - деп домалақ кісі столды салып қалды, - Сен өзің , не айтып тұрсың? Мен сенің әкеңдей адаммын ғой. Неге маған дікіндеп сөйлейсің ?

Ұзынтұра қайтатын емес.

- Сен менің әкемнен садаға кет, - деді анакісіге, - Әкем дейді ғой. Әкемнен садаға кет, сен. Сен дүниенің бәрін бүлдіріп біткен адамсың. Сенің заманың өтті, енді заман менікі!

Сол кезде Нағымның кабинетіне бірінен кейін бірі иіле сәлем беріп қызметкерлер кіре бастады . Нағымның жиналыс өткізетін ұзын үстеліне он-он бес адам жайғасты. Нағымға ең жақын жерге әлгі домалақ ақ шашты кісі келіп отырып еді, оның екінші жағынан барып Ұзынтұра Нағымның сол қолына орналасты. Ұзынтұра ақ шашты адамға кіжініп: «Сен мына жерге отырсаңшы, аңдағы жер менікі ғой» - деді . Мен тіпті қатты састым. «Қазақ ағасын сыйлайтын, атасын сыйлайтын халық. Мынау шағын ғана министрлікте осыншама дөрекілік қайдан шықты?» дегендей түсінбей отырмын. Бірақ орнымнан тұрып кетіп қалсам, Нағым ренжи ме дегендей, мен не кетерімді білмей, не қаларымды білмей қипақтап отырмын. Менің қипақтағанымды, әрине,ешкім сезбеді. Достарым айтатындай, жер қозғалса қозғалмайтын Әкім емеспін бе?

Ұзын үстелдің басына жиналған он бес адамның біреуі орнынан тұрып, Нағымға аты-жөнін айтып:

- Нағым Серікбайұлы, министріміз командировкаға кеткен. Қазір осы мекемені басқарып отырған өзің. Енді, біз не істеуміз керек? Сен бізге жол көрсет, айт! – деді.

Нағым қатты қысылып қалды, қипақтап қалды:

- Жолдастар! - деді, - маған әлі ешқандай нұсқау келген жоқ. Теледидардан келген хабарды естідіңдер. Біздің бастығымыз Москвада. Біздің Орталық комитеттен де, басқа ешқандай жерден де маған телефон шалынған жоқ . Сабыр етейік. Әліптің артын бағайық, күтейік, - деді.

Дәл сол кезде ұзынтұра бұйра бас жігіт орнынан шұбатылып тұра берді:

- Ойланатын несі бар? Күтетін несі бар? - деді.

Ол осы сөзді айтып, аузын жиғанша домалақ ақ бас шал жекіп, айқайлап жіберді.

- Әй, найсап, отыр, саған кім сөз берді, отыр. Дәл осы жерде сөйлетіндей сен кім едің? - деді.

-А-а-а,сола-а-ай ма-а…

Мен амалсыз ұзынтұра бұйра басқа қадала қарап қалыппын. Ол екі қолын үстелдің үстіне қойып, орнынан көтеріліп келе жатыр екен. Жалғыз мен емес, бүкіл кабинеттегі адамдардың бәрі әлдебір сиқыр, әлдебір жұмбақ, әлдебір үрейлі үннен шошып кеткендей жым бола қалды. Сол үрейлі, жұмбақ, қорқынышты үнді мен де сезгендей аузым ашылып қалған болар. Әлгі ұзытұра сүйретіліп орнынан түрып келе жатыр екен. Әлі тұрып келеді, әлі түрып келеді. Сұп-сұр болған бетінен көкпеңбек ызғар есіп тұрғандай, кәдімгі мұз, кәдімгі адам шошынарлық сойқан суық мұз.Сол сәтте ұзынтұра бұйра бастың аузынан айдаһардың аузынан шығатындай жалын от көрінді.

Ұзынтұра әлі де болса, сол қолымен үстелге сүйеніп тұр, оң қолын шошайтып тұрып, оның ішінде сұқ саусағын найзадай қадап тұрып, домаланған ақ бас қарияға ызғарлы сөзін айтып салды.

- Сенің,сенің екі қолын шынтағыңа дейін қан! Қанға боялған. Сен қазақтың талай азаматының қанын ішкен адамсың. 37-сенің мойныңда. Мына сенің мойныңда. Сен сияқтылардың мойныңда, - деді.

Бұл сөздер соншалықты ашумен, кекпен айтылғандықтан болар, менің жүрегім зырқ ете қалды.Сол сәтте байқадым, стол басында отырған он - он бес адамның да зәресі ұшып кеткен екен. Министрдің бірінші орынбасары түсі қашып, көзі аларып, «әне құлайды, міне құлайды» жағдайда отыр екен. Ұзынтұра бұйра бас тағы сол сөзін қайталап шықты:

- Сен, сен, сенің қолың шынтағына дейін қанға малынған . Сен қанға тоймағансың . Сен әлі де қанды аңсап жүрсің . Сен 37, оған 52,53-ші жылдарды қос. Бар бәле сенде,сенде, - деді. - Сен осы күнге дейін сол қызметіңді атқарып келесің. Сен.Сен.Сен.

Министрдің бірінші орынбасары ғана емес, осы оқиғаға кездейсоқ куәгер болып қалған менің де есім кіресілі-шығасылы. Тұрып кетерімді де білмедім, отыра беруді де білмедім, осы оқиғаға куәгер болғаныма өкініп отырмын, амал қанша, амал қанша.

Үнсіздік ұзаққа созылды. Үстел басында отырғандар көзін көтере алмады. Бір-біріне қарауға бет жоқ. Мен солай деп ойладым. Біраз уақыттан кейін бар қайратына мінгендей, өзінің осы еңселі кабинеттің иесі екені есіне түскендей, министрдің бірінші орынбасары, досым, әрең сүйретіліп орнынан тұрды. Орнынан тұрды да, иегі кемсеңдеп, өзін өзі әрең ұстап:

- Жолдастар, бәрің боссыңдар. Қайта беріңдер. Бүгін, бүгін... -деп барып тыйылып қалды. Үстел басында отырған он-он бес адам сүйретіліп шығып кетті. Бір біріне қарауға бет жоқ сияқты. Бұйра бас ұзынтұра да орнынан тұрып, министрдің бірінші орынбасарына «менің қажетім жоқ па» дегендей жалына, жалбарына қарап біраз тұрды, тұрды да, министрдің бірінші орынбасары үндемей, көзін ала қашып бұрыла бергендіктен, төмен қарай бергендіктен кабинеттен қимай, қиналып шығып бара жатты.

Енді біз екеу емес, үшеу едік. Үшіншісі жасы тоқсанға келіп қалған домалақ ақсақал еді. Ол министрдің бірінші орынбасарына қарап жалтаңдай қоймады. Ол маған да көңіл бөле қоймады. Екі қолын үстелге тіреп, тік көтерілді де, (көтерілді деген сөз шартты сөз болар,оның отырғаны да, тұрғаны да бірдей болып көрінді маған) ол домалана түсіп, домаланып барып есіктен шығып кетті. Жай шыққан жоқ, есікті қатты тарта ашып, сарт еткізіп қайта жауып кетті. Министрдің бірінші орынбасары өзін қалай сезінгенін білмеймін, мен дәл сол сәтте бүкіл тұла бойым дір етіп, орнымнан қарғып тұрыппын...

Мына жиналысқа сырттан келген адамның қатысқанына, менің қатысқаныма бірінші орынбасар досым ұялған болу керек, жалтырата сүрткен ұзын үстелдің үстінен көзін көтере алмады. Мен қипақтап, не істерімді білмей, орныма қайтадан отырып, көпке дейін министрдің бірінші орынбасарына сөз қата алмадым. Біраздан кейін сөзді оның өзі бастады:

- Сен түсіндің бе, түсінбедің бе, Әкім. Бұндайлар сендерде де бар ғой. Москвадағы билік өзгеріп жатқанда, бұндағы билік те өзгереді, әрине. Жанағы домалақ ағамыз осы министрліктегі салпаң құлақтардың жетекшісі еді. Бәрі соған барып, есеп-қисабын беріп тұратын. Жаңалықтарын жеткізіп тұратын. Енді жасы тоқсанға келіп қалды деп анау ұзынтұра бұйрабас белсене кірісіп жүр. Сырттан келген хаттардың бәрін сол бізден бұрын оқиды. Бізде қызмет істейтін адамдарға жақын туыстарынан, алыстағы достарынан хат келсе, бірінші болып сол оқиды. Қайтадан конверттің бәрін желімдеп, бәрін келтіріп жүреді. Оған кім рұқсат бергенін мен қайдан білейін. Біздің хатшы қыздар да «аға, аға» деп соған сыбырлап жүреді. Енді мынау... бүгінгі оқиға... өте қиын, ұят жағдай, сенің алдыңда мен масқара болып отырмын. Бұл – екеуінің арасындағы бақталас... Мен оны біліп жүргем. «Бір күні осылай болады-ау» деп ойлап та жүргем. Анау домалақ ағамыз «домалақ арызын» әлі күнге дейін тоқтатар емес. Мынау ұзынтұра соның орнына қызығып жүр. «Мен, мен ғана билеуім керек» деп жүр. Жаңағы «білектен келген қан» деген айқай, «қолың қанға толы» дегені осы айқастың бір белгісі, сұмдық белгісі, Әкім. Сен кешір. Сен, кешір, мені бұлар адам деп мойындамады. Сенің көзіңше әлгіндей қылық жасады. Соған қарағанда, менің де бұл арадан кететін кезім таянып қалғанын біледі-ау деймін осы екеуі. Осылар ғой бізді билейтін, осылар. Сендерде қандай екенін білмеймін. Жазушы деген халық өресі биік, беделі биік. Сендерге қызыға қараймын. Сендердің әрқайсысың бір-бір министрсіңдер. Сендерде бұл жоқ шығар. Бірақ мынау біз сияқты тірнектеп бедел жинап жүретін мекемелерді осылар билейді ғой, осылар.

Содан кейін досым ұзақ үнсіз отырып қалды. Мен де... «Ал,жақсы» деп шығып кету оңай еді, бірақ досымның көңіліне келеді-ау деп ойладым. Тағы да үнсіз отырып, басқа бір тақырыпқа әңгіме қозғап, досымның балық аулауға, аңға шығатын әдеті бар еді, сол тақырыпты қозғап, барып жүрсің бе, қандай олжаң бар деген сияқты әңгімеге бетін бұрып жібердім.

* * *

Құрылыс материалдарын өндіру деп аталатын министрліктегі досым сол сойқан жиналыстың үстінде біліп айтқан екен. Көп кешікпей бүкіл Совет Одағында, бүкіл Қазақстанда көптеген өзгерістер болды. Ол кезде кадр деп аталатын ұғым бар еді. Сол кадрдің астаң-кестеңі шықты. Көптеген кадрлардың қадірі аяққа басылды, қадірсіз болып қалды. Менің сол досым да шалғайдағы бір облысқа құрылыс материалдарын өндіретін, қазақ тілмен, адам тілмен айтқанда құм, қиыршық тас өндіретін бір зауытқа директор болып кетті. Анда-санда есіме түскенде оның телефонын тауып алып, хабарласып жүрдім. Кейін бірте-бірте мен де ұмыттым оны. Сонымен екеуіміздің достығымыз да сұйылып барып тыйылған еді.

Содан кейін де талай жылдар өтті. 2004 жылы күтпеген жағдайда біз Астанаға көшіп келдік. Дос іздейтін, таныс іздейтін кез емес еді. Өз тірлігімізбен өзіміз жүріп жаттық. Содан өткен жылы, 2010 жылдың күзінде мен әлдебір науқаспен ауруханаға түстім. Президенттің денсаулық сақтау басқармасы деген мекеме арқылы Абылайхан даңғылындағы атақты ауруханаға орналастым. Жаңадан орналасып, жеке бөлмеге қолым жетіп, енді сыртқа шығып жүріп келейін деп ұзын дәлізбен кетіп бара жатыр едім, артымнан «Әбеке, Әбеке!» деп біреу жүгіріп келеді екен. Бұрылып қарадым. Бірден тани қоймадым. Әлгі кісі ақсаңдап басады екен. Белі сәл бүгіліңкіреп жүреді екен.

Менің тани қоймағаныма әлгі кісі қысылыңқырап қалды. «Әбеке, менмін ғой, мен. Сізді бәріміз білеміз. Сіздің мені танымай қалғаныңызға таң қалып тұрған жоқпын, әрине. Біз кімге керепіз. Мен атымды айтайын. Есіңізге түсер ме екен?» деді. «Ия, айта қойыңыз» дедім. Әлгі кісі:

– Мен Қаштановпын ғой. Әбдуәли Қаштановпын ғой, – деді.

Мен оған «ия, таныдым» дей қоймаған соң, ол қысылды.

– Әбеке, мен құрылыс материалдарын өндіретін министрлікте бірінші зам болып істедім ғой. Көп жылдар істедім. Талай-талай жиналыстарда өзіңізге сәлем беріп жүруші едім ғой, – деді.

Мен енді керігіп, танымадым деп айтуға ұялдым:

– Шырамытып тұрмын түсіңізді, бірақ дөп басып атыңызды айта алмай тұрмын, – деп едім, тағы да әлгі Қаштанов Әбдуәли деген сөзді қайталады.

Сонда барып сарт есіме түсті. Баяғы жиналыс, баяғы жиналыстағы оқиға, тоқсанды алқымдап тұрған домалақ ақсақалға қолын шошайтып тұрып, «сенің қолың қан, білегіңе дейін қан» деп айқайлаған кісі екені есіме түсті. Енді өзі мүсәпір болып қалыпты. Белі бүгілген, бұйра шаштан ештеңе қалмаған, самайда аз ғана ақ шашы ғана, аппақ қудай шаштар ғана мен мұндалап тұр. Өзіне бағынбай үрпиіп, жан-жаққа қарай қаша жөнелейін деп тұрған ақ шаштар. Жаным ашыды.

– Е-е, енді таныдым, таныдым, – дедім.

Министрдің бірінші орынбасары болған досымның атын айттым. «Сонда бір барғанымда көрген едім, ия, кейін де жиналыстарда, «партактив» деген жиналыстар бар еді ғой ол кезде, сол партактивтерде кездесіп жүретін едік, енді есіме түсті» дедім. «Есіме анық түсті, өзімнің танымай қалғаныма қысылып тұрмын, Әбеке» деп көңілін көтеріп қойдым. Содан Қаштанов Әбдуәли, мені Әбеке деп тұрған адам қасымнан қалмады. Менің оң жағыма бір шығып, сол жағыма бір шығып, керемет мақтап, «Сізді сондай жақсы білеміз, Сізді құрметтейміз, үй-ішімізбен айтып отырамыз, мен бала-шағама, немерелеріме айтып жүремін, ол кісіні танимын мен, менің танысым, кейде тіпті жолдасым деп қоямын, сізбен мақтанамыз ғой біз» деп кейде алдыма шығып, кейде артымда қалып қойып, қайта жетіп, ақсаңдап жетіп, ұзақ уақытымды алды. Ол кісімен сөйлесе қойғым келген жоқ еді, бірақ менімен еріп сыртқа шықты. Ол аурухананың үлкен алаңдары бар еді, ауласында арлы-берлі жүретін көлеңкелі бақтары бар, соған шығып оңаша бір дем алам ба деп едім, әлгі кісі қасымнан қалмай қойды. Ішімнен ойлаймын «шіркін-ай, кетсе екен, шіркін-ай өзім жүрсем екен» деп, бірақ ол менің екі сағаттай уақытымды алды, бар өмірбаянын айтып берді, ақырында қызметсіз қалғанын айтты, Астанада тұратын жалғыз ұлының қолына көшіп келгенін айтты. «Кемпіріміз екеуіміз келінімізге қарап, жалынышты жағдайда, соның қас-қабағына қарап жүрміз, Әбеке! Біздің көрген күнімізді итке бермесін. Мынау егемендіктің алғашқы жылдары біраз байып, шіреніп жүріп едік. Екеумізде екі машина болып еді, байыған адамдардың соңына мынау салықшылар түседі екен. Олар өздеріне қызмет ететін адамдар ғой. Менің Алматыдағы төрт үйімнің үшеуін солар алып қойды. Өздері кіріп алды. Әйелімнің атындағы екі үйімізді тартып алды. Банкте жатқан ақшамызды суыртып шығарды да, «ал, сотталасың әйтпесе» деп қорқытты, бәрін бердік. Ақыры өзіміз отырған екі қабат үйімізді де солар тартып алды. Сонымен не керек, Әбеке, мынау қиын заманда, өстіп, Астанадағы баламның қолына көшіп келдік. Оның да шаруашылығы онша мықты жүріп тұрған жоқ. Қазір кім табыс тапса, соның соңына түсетін қарақшылар бар. Қарақшы емес, өзіміздің қызметкерлер де бар, сау-тамтығын қалдырмайды. Ұлымның да сау-тамтығын қалдырмай жүр Әбеке!» деп мұңын шақты.

Ұзақ сонар әңгімесімен Әбдуәли Қаштанов мені әбден шаршатып, жалықтырып, мезі қылып жіберген еді. Әрең құтылдым. Әрең құтылып, палатаға келген соң, қойын дәптеріме «Қаштанов Әбдуәли» деп жазып қойдым. Адам аттарын тез ұмытамын. Біреулерге өзім ат қойып, сол арқылы ғана еске түсіріп жүремін, ол әдетім. Дәл осы сәтте ол кісі менің және бір эссеме кейіпкер болар деген ой болған жоқ. Жай ғана жазып қойдым.

Ауруханалардың өзінің ішкі жүйесі бар. Түскі астан кейін екі сағат, үш сағат жатып дем алуың керек. Ұйықтап алсаң, тіпті, абзал. Соны пайдаланайын деп, шешініп төсекке жатқаным сол еді, «тық-тық» еткізіп есікті екі рет соқты да Қаштанов Әбдуәли белі бүгіліп, ақсаңдай басып, палатама кіріп келді. «Апыр-ай, мынау маған қиын болды ғой» деп ойладым. «Мен денсаулығымды түзетуге келдім, ал, бұған не керек?». Ондайда адам көбінесе оңаша болғанды қалайды ғой. «Келіңіз!» де деген жоқпын, «Төрлетіңіз!» де деген жоқпын. «А-а-а...» дедім де жата бердім. Бірақ менің ол ұнатпағанымды Әбдуәли Қаштанов сезе де қоймады, әлде басқа бір себебі болды ма?

– О-о, Әбеке! Палатаңыз кең екен, күн түсіп тұрады екен? Туу, мынау курорт қой, курорт, – деп орындыққа отыр демесем де өзі отырып алып сөйлеп кетті.

– Маған қиын боп тұр. Келгеніме төрт күн. Мынадан кішкентай, осының жартысындай палатада үш адам жатырмыз. Бізді платный деп атайды ғой, ақшасын төлеп жатырмыз. Қасымда бір көксау кісі бар, күні-түні жөтеледі, жөтелгенде қатты жөтеледі, буынып өліп қала жаздайды, оған не айтарсың? Екінші көршім бір грузин, таңертеңнен кешке дейін қалтафонын алып, өзі хабарласып, біреулерге әңгіме айтады, кейде тіпті ұрысып сөйлейді, бұйрық беріп жататын сияқты грузиннің тілімен, қайдан білейін, тіпті анекдот айта ма, қарқылдап күледі, ақшасы көп біреу-ақ деймін, қалтафонның ақшасын аямайтын адам. Түнгі сағат он екі-бірлерге дейін сөйлесіп жатады, таң атса болды өзі біреулерге хабарласады, о жақтан тағы хабар келеді. Сонымен бір даңғаза. Анау көршім жөтеледі,мынау тынбай сөйлейді. Мазам болмай жүр, Әбеке! Мынау сіздің палатаңыз жұмақ қой, жұмақ. Бірақ сіз қазақ еліне сіңірген еңбегіңіз ұшан-теңіз ғой, – деп менің астыма «көпшік қойып» қояды да, ары қарай екі көршісін жамандай береді. Мен жақтырмағанымды сезсін деп орнымнан тұрмадым. Сол жатқан қалпымда жата бердім. Бірақ оны ұғатын Қаштанов жоқ. Сөйлеп отыр, сөйлеп отыр. Ол заманды да жамандайды, бұл заманды да жамандайды. Адамдар бірін-бірі сыйламайтын болды дейді. Тек қана ақша, ақша билейді дейді. Мен ойлап жатырмын. «Осы... тәрбиелі болудың да өзі бір сор ғой адамға. Басқа біреу болса, кәні, тұр орныңнан, кет дер еді. Мен дем аламын, шық палатамнан дер еді». Мен басымды изеп қойып, тыңдаған болып, әлгінің көңілін қимай жатырмын. Бірақ ол түсінетін емес, кететін емес. Біраздан кейін қалғып-мүлги бастадым. Қалғып-мүлгігенімді одан жасырған да жоқпын. Қайта сезсе екен, кетсе екен деп жатырмын. Сөйтіп өзіммен өзім арпалысып жатқанда, менің ойыма бір оқиға түсті. Оқиға болғанда, бағана Қаштанов айтқандай, «жазушылар өздерін өркөкірек, керемет ұстайды ғой. Ешкімге бағынбайды. Бастықтарды менсінбейді. Бақытты жансыздар ғой» деген сөзді қайтадан айтқан кезде, баяғы өзімнің Жазушылар одағым, өз құт-береке отаным, достарыммен талай-талай қызық жағдайларды бастан кешкенім, шынында береке мекенім есіме түсе берді.

«Бұйрабас адамдардың шашы түссе, басы қушиып, өзі біртүрлі ыңғайсыз көрінеді екен ғой» деп ойладым. «Және де мынау жарықтықтың басы сопақ екен. Сопақ болғанда, кәдімгі түрікпенбас. Желкесі, шүйдесі қауындай созылып кеткен, маңдайы алға тартқан, желкесі артқа тартқан, төбесі теп-тегіс қызық бас екен.» Сол бас туралы өзімше философиялық ой қорытып жатып қалдым. Маған ендігі жерде оның әңгімесі қызық емес еді. Мана бірінші кездескенде айтқан жағдайларын қайтадан жіпке тізгендей көз алдыма елестетіп алып келіп айтып отыр. Қайталап айтып отырғанын өзі де сезбейді, жарықтық. Сол сөз арасында тағы да ГКЧП деген сөзді қайталай берді, қайталай берді. Мен сол сөздің қазақшасын айтпай, қазір осы эссемде ГКЧП деп жазғанды дұрыс көріп отырмын. Себебі ол қазақшаға келе бермейтін, бір қолайсыз оқиға еді. Беті ары кетсін, сол ұят оқиғаны орыс тілінде қалдыра берейін, оқырман! Себебін кейін өзің түсінерсің. Сол ГКЧП боларын мен қайдан білейін. Күнілгері кабинетіме біраз жазушыларды шақырып жиналыс өткізбекші болып тұрған едім. Жазушылар одағында біз сағат он бір-он екілерде жиналатын, келетін әдетіміз бар еді. Сол әдетпен келіп, жиналысты бастап кеттім. Жазушылар одағына көп келетін, көп жүретін бір ұсқынсыз кісі болды. Жас болса да шашы түсіп қалған, бет-бейнесі ешуақытта санаңда қалмайтын, сөйлеп отырғанда, қасыңа келгенде танисың, түсінесің, аты-жөнін әрең дегенде еске аласың, бірақ көңілден кетсе көзіңнен де кетеді, атын да ұмытып қалатын бір жазушы бар еді, жарықтық. Сол есікті қақпай ашып, кіріп келді кабинетке.

– О-хоу, отырсыңдар ғой, сендер! Мынау не? Отырсыңдар. Төңкеріс болып жатыр ғой. ГКЧП болып жатыр ғой. Біз телевизордың алдында отырмыз фойеде. Телевизорды фойеге шығарып, бәріміз сонда отырмыз. Давай, жиналысты қойыңдар, жүріңдер, – деді.

Намыстанып қалдым. Мен жиналыс өткізіп отырмын, ол келіп бізге «давай, тастаңдар» дейді. Орнымнан тұрып, әлгіге қатты сөздер айтып тастайын деп едім, сол ниетімді сезгендей ол кабинеттен зытып шығып кетті. Мен жұрттың көзінше көзімді алартып, бірден жиналысты тыйып тастай алмай, тағы да біраз отырып қалдым. Содан кейін, «ал, жаңағы айтқан хабарды не екен, жүріңдер, бәріміз барып, тілбезер көрейік» деп қалжыңдадым. Телевизор деген сөзді біз Қалихан екеуміз ылғи тілбезер деп айтатын едік. Шықтық. Көрдік. Соның алдында біраз аққулар ән салып, сұңқылдап билеген екен. Онысын біз көре алмай қалдық. Соныменен он шақты адамның президумда төрде отырғанын көрдік. Осының алдында хабар болған екен, о жағын байқамаппыз. Әлгі бізді кабинеттен шығарған кісі:

– Кешіріңіз, Әбеке! – деп менің қасыма жағымпаздана келді, – Жаңа Сізге жүріңдер, шығыңдар деп айғайлағаныма өкініп тұрмын, Әбеке! Кешіріңіз, кешіріңіз, - деді. Деді де кетіп қалды. Ол күнгі оқиғаларды енді мен айтып жатпай-ақ қояйын. Үш күннен кейін менің үстімнен арыз түсіпті. Сол арызды келіп оқы деп Камал досым мені партияның Орталық комитетіне шақырды. Бардым. Оқыдым. Осындай төңкеріс болып жатқанда, ел басына күн туып жатқанда Тарази Әкім кабинетінде жиналыс өткізіп отырды деп жазыпты. Бірақ жазған адам домалантып жазған екен, аты-жөнін көрсетпепті. Бірақ әлдебір кісінің, ойдан шығарған кісінің аты-жөнін жазып қойыпты. Камал күлді. «Бұның кім екенін біз білеміз» деді. «Сен, немене, оған қатты сөздер айтып па едің?» деді. «Жоқ, мен, шынын айтсам, оның қандай жазушы екенін де білмеймін. Бірақ әйтеуір, сәлемі дұрыс. Көрген жерде жүгіріп келіп амандасады, қолын ұсынады, қолын аламын. Білген адамдай, таныған «ия, қалыңыз қалай?» деймін, соны мен өтіп кетемін» дедім. «Ендеше, сол, Әшімов жолдас,– деді Камал Смайылов досым, ол мені көбінесе, «Әшімов, әй, Әшімов» деп сөйлейтін, - Сонымен қысқаша ғана мынаған жауап жазу керек болып тұр. Не деп жауап бересің» деді. Мен «Енді айтып отырмын ғой, мен қайдан білейін, ГКЧП дегеннің не екенін қайдан білейін, ондайдың болатынын қайдан білейін» дедім. Камал менен гөрі саясатқа жақын адам, сәл ғана күлді де, «Жарайды, мен бұл хатты өзім жауып тастаймын. Бара бер, жұмысыңа» деді. Жұмысыма келе жатып, тағы да есіме түсті. Әлгі тақырбас, оның да шүйдесі шығыңқы болатын, оның да маңдайы тайпиған, төбесі теп-тегіс, бір кесе су құйып қойсаң төгілмейтіндей еді, о, жарықтық-ай. Есіме онша анық қалмаған және де мен оған онша мән бермеген оқиға есіме түсті. Сол ГКЧП болған күні маған Москвадан келген бір журналист жолығып еді. «Әкім Өртайұлы, мынау ГКЧП-ға байланысты осында келіп едік. Мен Москвадағы үлкен каналдың, бірінші каналдың өкілімін. Жазушылардан пікір сұрап едім, ешқайсысы көнбеді, бәрі қашты. Маған бір жігіт айтты. «Аким Өртаевичқа барыңыз, сол көнуі мүмкін» деді. Сондықтан Сізге келіп отырмын» деді. Аты-жөнін айтты. Визиткасын берді. «Келіссеңіз, Сізден мынау ГГЧП туралы пікіріңізді білсем» деді. «Жарайды» дедім мен. «Білуге болады» дедім. «Ендеше, біздің бір шартымыз бар. Москвадағы бастықтарымыздың тапсырмасы солай. Кеңседе отырған кезінде алмаңыз, далаға шығып бір белгісі бар үй болсын, ғимарат болсын деп еді. Соған қалай қарайсыз?» деді. Мен мырс етіп күлдім. «Онда тұрған не бар, үйде отырып сұхбат бердің не, далаға шығып сұхбат бердің не?». «Ендеше, Әкім Өртайұлы, мен сізді далаға шығып күтейін, келе қойыңыз» деді. Іле-шала маған Әлжекең кіріп келді, Әлжаппар Әбішев ағамыз. Ол кезде ол кісі де тоқсанға келіп қалған еді ғой. Келді де айтты: «Әй, Әкім, сен анау тіміскілеп жүрген қуларға уәде беріп қойдың ба?» деді. «Ия, уәде беріп қойдым» дедім. «Жоқ, сен уәдеңнен тай, сұхбат берме бұларға. Бұлардың несі кетеді. Олар сұхбат алады да Москваға кетеді. Ал, сен осында қалатын адамсың. Сұхбат берме» деді. «Ой, Әлжеке, қойыңызшы», – дедім қалжыңдап, – «Неге мен сонша сақ болуым керек?» , – дедім. «Әй, Әкім-ай, – деді Әлжекең, – баласың әлі сен, баласың. Елуден ассаң да баласың сен. Менің ақылымды тыңда. Сұхбаттан бас тарт»,- деді. Деді де кетіп қалды. Мен киініп енді шыға бергенімде, кабинетіме Сәбит Досанов келді. «Әкім аға, анау москвалықтар сізді көндіріп қойды ма?» деді. «Ия, көндіріп қойды» дедім. «Бәсе, анау аппараттарын Жазушылар одағының алдына орнатып жатыр» деді. «Ия, орната берсін, – дедім, – қазір келем, сөйлеймін» дедім. «Әкім аға...» деп Сәбит біраз үнсіз тұрып қалды. «Мен сіздің ініңізбін. Мен сізді туған ағамдай жақсы көремін. Сіздің талантыңызды сыйлаймын. Өзіңіз білесіз, талай айтқам. Өз басыңызды сыйлаймын. Өзіңіз білесіз, талай айтқам. Мені тыңдаңызшы бір рет, мен сізге ешуақытта ақыл айтқан емес едім ғой. Осы жолы мыналардан бас тартыңыз, аға. Бас тартыңыз. Сұхбат бермеңіз». Мен күлдім. Сәл ғана кекетіңкіреп сөйледім. «Әй, Сәбит. Сенің маған ақыл айтатындай хақың жоқ қой. Мен үлкенмін. Мен саған айтам ғой, айтуым керек қой ақылды» дедім. «Дегенмен жасым кіші болса да, тыңдаңызшы мені» деді. Мен тағы да күлдім. «Әй, Сәбит, – дедім, осы күнге дейін сенің ақылыңсыз да өмір сүріп келе жатырмын ғой. Мен өзімнің ақылыммен болайын. Айтқаныңа рахмет» дедім де шығып кеттім. Ол менімен ере шықты. Бірінші қабатқа дейін еріп келді. «Дегенмен, Әкім аға, дегенмен... Бас тартыңыз» деп қоймады. Мен тыңдамадым, шығып кеттім. Москвдан келген журналистер төрт-бес адам екен. Камераларын қойып қойып, «Жазушылар одағы» деген үлкен жазуды түсіріп алып, енді маған келді. Сонымен, тротуарда, ағаштың түбінде, көлеңкеде тұрып сұхбат бердім. Шамамен, есіме алсам, сонда мен былай дедім. «Кез келген оншақты, он бес шақты адам келісіп алып, ешкіммен ақылдаспай билікті қолына ала беретін болса, біздің Совет үкіметі не болғаны, біздің кім болғанымыз. Халықпен ақылдасып шешілуі керек еді ғой. Партияның пленумы деген бар. Сонымен ақылдасып шешілуі керек емес пе? Одақтас республикалар деген бар. Солармен қылдасып шешу керек емес пе еді. Билік қолдан қолға өте беретін қолжаулық емес қой» деп сөйледім. Әлгі журналист қатты қуанды. «Рахмет Әкім Өртайұлы, (ұлы дегенді ол әрине орысша айтып тұр ғой) сізге ризамыз, сізге ризамыз» деп рахметін айтып кетті. Келесі күні таңертең әлгі аты да, заты да есімде қалмаған жазушы маған ұрлана кірді кабинетіме. «Ойпыр-ай, – деді, – Әкім, сен қызық адам екенсің. Түнгі сағат он екіде Москвадан сенің сөзіңді берді. – Мәселе әлі шешілген жоқ. Сен мыналарға қарсы екеніңді ашық айттың. Қорықпайсың ба?» деді. «Қорқатын несі бар?» – дедім мен. – Егер шынында да шағын ғана топ жиналып алып, үкіметтің басына келе беретін болса, біздің қандай ел болғанымыз. Сен өзің ойландың ба осыны? – дедім.

Енді қаттырақ сөйлемесем, мынау мені басынып алатынын сездім де, кернеген шын ашуымды жасырмай тікелей айттым. «Сен сонда мыналарды қолдайсың ба?» дедім. Анау сасып қалды. «Жоқ әлі, мен енді анығын біліп алу керек қой деп ойлаймын. Неге үй дедіңіз?» деді. «Жоқ, қарағым, – дедім менен жасы менен сәл үлкендеу болса да "қарағым" деп сөйледім. - Сен өз жолыңды өзің біл. Мен өз жолымды өзім білейін. Сен мынандай шығарма шығарма жаз деп айтқан емессің. Сондықтан екеуіміз өз жолымызды білейік, жарай ма? Ал қазір сен кабинеттен шыға ғой" дедім. Сол есіме түсті . "Арыз, арыз" дегенде Қамалдың қолына ұстап маған оқып берген арызы сол кісіден екенін әрине мен білдім, сездім.

Бірақ, абырой болғанда ГКЧП жеңілді, әлгі арызқойлар үнсіз қалды. Ал, егер ГКЧП жеңген болса, біздің орнымызға солар келіп отыратын еді ғой. Сол қайқы маңдай қауын шүйде, тегіс төбе отыратын еді ғой. Алла бізді аман сақтап қалды.

Алла бізді аман сақтап қалды. Ал, мынау палатада менің дем алатын кезім екенін, көз шырымын алу керек кезі екенін ескермей сөйлеп, өз мұңын, өз философиясын айтып отырған, шұңқыр шүйде, тақтай төбе шот маңдайдың сөзі таусылатын емес. Қарғып тұрғым келді, айқайлап қуып шыққым келді. Бірақ жатырмын. "Мәдениеттімін ғой, ұят болады ғой. Бұ да Алланың пендесі ғой" деп үндемей жатырмын. Тындаған боп жатырмын. Ұйқылы-ояу жатырмын. Тіпті ұйықтап кетіп, қайта оянып жатырмын. Мынау тоқтайтын емес. Мынау менің көңіліме қарайтын емес. Жатырмын... жатырмын. Ол отыр... отыр. Сарнап отыр. Зарлап отыр. Замандарды жамандап отыр. "Ол заман жаман дейтін қасқа, енді бұл заман жаман, анау заман жақсы еді дейді. Соғып отыр. Сөйлеп отыр. Өзінің қалай бірінші орынбасар болғанын, әні-міне деп, министр боламын деп тұрғанда, заманның өзгеріп кеткенін айтып отыр. Кімге керек еді осы егемендік деген бәле. Не тойып тамақ іше алмаймыз, мәз боп жүрген біз жоқпыз деп отыр. Ал мен сыпайымын. Мен Әкім Тарази өзімді өзім іштей жерден алып, жерге салып жатырмын. Бір кезде абырой болғанда бөлмеге, сағат бестегі шәйді алып дәрігер қыз кіріп келді. Сол кезде әлгі қайқы маңдай орнынан қарғып тұрды, ойбай мен де кеттім, шәйімді ішіп алайын деді. Мен бір үлкен тастан, үстімнен басып жатқан қара зіл тастан құтылғандай болып қуанып орнымнан тұрдым.

Қаштанов Әбдуәли деген тақтай төбе, қауын желке, тас маңдай мені үш күн қорлады, үш күн зорлады. Палатама кіріп келеді, әңгімесін, мұңын айтады, заманын жамандайды. Сыртқа шығып кетсем, соңымнан қуып жетеді, терезеден көріп, қуанып қасыма келіп алады. «Сіз жалғыз жүрсін демей, ермек болайын» деп келдім» дейді. Шойнаңдап соңымнан қалмайды. О, жарықтық-ай, деймін де тыңдай беремін. Бірақ, әңгімесі сол, сол. Өзі білмейді оныншы рет айтқанын білмейді, он бесінші рет қайталап келе жатқанын білмейді, айта береді, айта береді.

Төрт күннен кейін Қаштанов Әбдуіәли үйіне қайтты. Маған қоштасуға келді. Мен оны сыртқа шығарып салдым. Көшеге дейін апардым. Балам келіп алып кетеді деп еді, баласы келе қоймады. Аялдамаға дейін шығарып салдым, автобусқа отырғызып жібердім. Сау болыңыз дедім. Біржолата жазылып кетіңіз дедім.

Палатаға қайтып келгеннен соң, туалет бөлмеге кіріп, өзімнен өзім таң қалып тұрып қалыппын. Пайдаланған қағаздарды тастайтын жәшіктің бетінде ақ бояумен әдемілеп жазылған сөздер бар екен. Таң қалдым. Қалай көрмегенмін? Мән бермегенмін. «Элитный қоқыс». Алла-ай деп ойладым, бұл қалай? Осы аурухананы басқарып отырған дәрігерлер бар ғой, сауатты адамдар ғой, олар қалайша мынандай сөзді жазады. Мынандай қоқысқа, қоқыстың қақпағына элита деген сөзді қалай жазады деп қобалжып тұрып қалдым. Әр заманға – өз қағидасы, әр заманға - өз салты, әр заманға – өз кейіпкері, әр заманның өз қоқысы болады. Қоқыс тым көбейіп барады. Көбейіп барады.

Көк аспанда қырағы көз бар. Құтқарар ма екен қоқыстан?


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: әкім тарази, шығармашылық, әдебиет, #Проза
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар