Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Алтынбек Нухұлы: Мұса Шорманұлы – ерекше құбылыс...

06.09.2018 9300

Алтынбек Нухұлы: Мұса Шорманұлы – ерекше құбылыс

Алтынбек Нухұлы: Мұса Шорманұлы – ерекше құбылыс - adebiportal.kz

15-қыркүйекте Теңдік ауылында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мемлекет және қоғам қайраткері, 15 жыл бойы Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған этнограф, фольклортанушы, өлкетанушы, ағартушы Мұса Шорманұлының 200 жылдық мерейтойы тойланбақ. Осы орайда «Ертіс-Баян тарихи тұлғалары» қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы, ПМПУ-нің ректоры Алтынбек Нухұлымен әңгімелескен болатынбыз.

– Ұстаздар ордасының мемлекеттік университет статусы құтты болсын! Еңбектеріңізге жеміс тілеймін! Алтынбек Нухұлы, өзіңіз басшылық ететін Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің мұрындық болуымен Мұса Шорманұлының 200 жылдық мерейтойын ұйымдастыруда ауқымды істер атқарылып жатқанына куәміз. Теңдік ауылында Алты Алаштың баласы бас қосар күн де алыс емес. Әуелгі сөз тойға дайындық барысы жайлы болса...

– Мұса Шорманұлының 200 жылдық мерейтойын тойлау идеясын бастама ретінде көтерген – облыс әкімі Болат Бақауов. Ақпан айында Болат Жұмабекұлының бастамасымен басталған жұмыс шарықтау шегіне жетті. Бұл тойдың мақсаты – тек қана кесене көтеруде емес. Баяғыда бір орыстың ғалымы қазақтың сайын даласын аралап жүргенде «Қазақ деген қандай қызық халық? Өздеріне үй салмайды да, дүниеден өткен ата-бабаларына үй тұрғызады» деп айтыпты. Ата-баба рухы деп өмір сүретін халықпыз, өзіміздің салт-санамызға сіңіп қалған қасиет – бұл. Рух сыйлайтын, аруақты қадірлейтін жұртпыз. Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кезіндегі солақай саясаттың әсерінен елге қаншама жақсылық жасап, ағартушылық білім жолында өлшеусіз еңбек еткен тарихи тұлғаның есімін ұлықтау – мақсатымыз. Мұса Шорманұлы – қазақ азаматтарының Ресей жерінде білім алып, сауат ашуына жағдай жасаған адам. Бұл той Мұса Шорманұлын тануды жаңа белеске көтермек.

Советтік идеология санамызды улағаны соншалық, еңбегі аса елеулі Мұса Шорманұлын санадан ысырып тастауға күш салды. Ендігі кезекте, біз ол кісінің Баянауыл еліне сіңірген өлшеусіз еңбегін қайта жаңғыртуымыз керек. Өскелең ұрпақ Мұса мырзаны лайықты тануы үшін әлі де еңбектенуіміз қажет. Мәшһүр Жүсіптің өзі Мұса Шорманұлын қадір тұтқан. Әулие: «Мұса еді қосақтаған Мәшһүр атты» деп жырлады емес пе?

– Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің тың жобаларының бірі – Ертіс-Баян өңірінің ұлы тұлғалары жайлы деректі бейнефильмдерді түсіру. Жобаның екінші шығарылымы – Мұса Шорманұлына арналған екен. Бұл жоба нені көздейді?

– Бейнефильмдерді «Павлодар облысының 100 тарихи тұлғасы» сериясымен шығарып жатырмыз. Біршамасы Бұқар жыраудың, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Естай Беркімбайұлының, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мерейтойларында көрсетілді. Солтүстік өңір болғаннан соң, тұлғаларымыздың кім екенін таныту үшін қос тілде ақпарат беру қажет. Павлодарда бір көшенің атын ауыстыруда сол көшеге берілетін тұлғаның есімін өзгелерге таныстыру үшін біршама күш жұмсаймыз. Неге? Өйткені сол тұлғаларды жалпақ жұртшылыққа кеңінен танытуда дер кезінде насихат жасалмағандықтан. Атақты тұлғаларымыз жайлы көбінесе қазақ тілінде ғана жарияланып келіпті. Осыдан кейін орыстілді аудиторияға да таныстыру үшін қос тілде жариялай бастадық. Бейнефильмдердің ұзақтығы 5-10 минуттан. Оларда нақты ақпарат беріледі. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалар арқылы орыстілді қазақтар өз тарихи тұлғаларымызды тереңірек танып, кеуделерін мақтаныш сезім билей бастады. Демек, жоба өз жемісін беріп жатыр деп есептеймін.

– Кесене құрылысына қайта оралсақ...

– Кесенені көтеру мәселесі халықты біріктіретін, рух беретін жұмыс. Сол арқылы тарихи тұлғаның қайта жаңғыруы жүзеге аспақ. Біз тек қана Мұса Шорманұлының кесенесін көтеріп қоймаймыз. Ол жерде мемориалдық кешен болады. Мұса Шорманұлының тұрған ағаш үйінің орнына, 1903 жылы ашылған алғашқы қазақ-орыс мектебінің орнына тас қою көзделуде. Мұса Шорманұлының ағаш үйінде Шоқан Уәлиханов бірнеше рет болған. Ал, Сәдуақас Шорманов салдырған мектепте Қаныш Сәтбаев оқыған және кейіннен сол мектепте сабақ та берген.

Самуил Дудин 1890 жылы түсірген бұл ағаш үйлердің суреттерін Ленинградтағы Кунтскамерадан археолог Тимур Смағұлов алып келді. Осы құнды деректер арқылы біз сол орындарды да қайта жаңғыртып жатырмыз. Ал, музейде осы үйлердің макеті орналасатын болады.

Арнайы қоршаумен қоршалған аумақ пен кесене арасы жалғасады. Қорымға кіреберіс жерден кесенеге дейін орыс ғалымдары Потанин, Ядринцев, Путинцевтердің, Мәшһүр Жүсіп, Ақан сері, Біржан сал, Саққұлақ би, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаевтың бабамыз Мұса Шорманұлы жайлы айтқан сөздері жазылған тақтатастар орнатылады. Бұл сөздерді оқыған адамдар Мұса Шорманұлының Абай мен Мәшһүр Жүсіптің замандасы болғанын таниды. Мұса Шорманұлы жайлы пікір білдірген тұлғалар – ол кісінің биік парасаттылығын, асқан білімділігін мойындаған, ерекше қадір тұтқан. Мұса Шорманұлының өмірбаяны мен марапаттары туралы мәліметтер де тақтатастарға басылып, кешенге орнатылады. Оның үстіне Сәдуақас Шормановтың басы да жаңғыртылуда. «Қазақ кім?» деген кезде, «Абай, Шоқан, Қаныш» деп жауап береміз. Ендеше осындай үш ұлы тұлғаның табаны тиген топырақ қалайша қасиетті болмасын, қалайша тарихи орын саналмасын?!

Мемориалдық кешен бой көтергеннен кейін ол жер туристік аймаққа айналады деген сеніміміз мол. Мәшһүр Жүсіпке тағзым етуге келген қонақтар әуелі Мұса Шорманұлының кесенесіне соғады, Мәшһүр әулиенің ұстазы, қамқоршысы ретінде қадірлейтін болады. Қос кешеннің арасы 60 шақырым. Олай болса, Мұса Шорманұлының кесенесі туристік маршрутқа айналуға әбден лайық. Ауылға келуші қонақтар саны да артады, ауыл дамиды. Тағы бір қуанышты жағдай ауылда мәдениет үйі бой көтеруде. Онда Бұқар жыраудан бастап, Шорман би, Зейнеп Шорманова, Мұса Шорманұлы, Сәдуақас Шорманов, Әбікей Сәтбаев, Қаныш Сәтбаев, Кемел Ақышевқа арналған музей орналасатын болады. Осынау ауқымды іс жүзеге асар болса, тек Мұса Шорманұлының ғана емес сол тарихи тұлғалардың да рухы жаңғырар еді. Міне, бұл тойдың, бұл жұмыстың негізгі идеясы осыған тіреледі.

Аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдинов бастап, ауыл әкімі Ғалым Әмиев, жергілікті тұрғындар қостаған Теңдік ауылына Мұса Шорманұлының есімін беру мәселесінің көтерілу себебін айтайын – ауылдың іргесінде Мұса Шорманұлының бейіті жатыр. Қаныш ағамыз «Ауылдың атын Мұса Шорманұлының есімімен атаңдар!», - деп өзі сұрар еді деп ойлаймын. Теңдік ауылы – Мұса Шорманұлы, Қараащы ауылы – Қаныш Сәтбаев, Жаңажол ауылы Мәшһүр Жүсіп ауылы деп аталса, өңірімізде «Ұлылар үштағаны» құрылар еді.

Тойға дайындық жұмыстары басталар уақытта зиратты тазалау жұмысын жүргіздік. Бір ғасырдан астам уақытта Мұсекең және Сәдуақас Шорманов жатқан зираттар топырақ астында қалыпты. Қаншама археологтар жұмыс жасады. Баянауыл ақсақалдарына және ел ағаларына айтар алғысымыз шексіз. Қиын-қыстау замандарда Мұса мырза бейітіне қойылған тасты сақтап қалып, бүгінге жеткізген. Мұса Шорманұлының бейітінің жанында төрт адам жатыр деп білетін едік. Қазба жұмыстары нәтижесінде 12 мүрде анықталды. Ал, Сәдуақас Шормановпен бірге де 12 адам жерленіпті. Көрдіңіз бе, беймәлім бейіттер табылып, оларға да тас орнатылмақ. Тек бір өкініштісі, ол кісілердің кім екендігі анықталмады. Жорамалымызша Мұса Шорманұлы әулетінің туыс-туғандары болуы керек?!

Жоба бойынша ешқандай бейіт басылмай, кесене мұсылманша сегізбұрышты болып салынуда. Одан бөлек қорым жалпы жартылай қоршалатын болады.

– Ауылды тілге тиек етіп өттіңіз. Ауылдың дамуына тың серпін болады дедіңіз. Ал, қазіргі уақытта ауыл тұрғындарының тойға дайындығы қалай? Кесене, кешен құрылысы бір бөлек те, ауылдың тазалығы, ажары басқа дүние. Осы орайда ауыл тұрғындарының еңбегі қаншалықты?

– Ауыл халқы атсалысып жатыр. Кесене құрылысымен айналысып жатқан жұмысшыларды халық кезек-кезек қонақ етіп, құрмет көрсетеді. Ауыл әкімі, мектеп директоры түсіндіру жұмыстарын жасап жатыр. Қазір ауыл адамдары қаржылай қолдау көрсетуде. Той барысында өтетін спорттық жарыстардың жүлделерін тағайындаған азаматтарға алғыс білдіремін.

Қазір ауылдың орталық көшесін абаттандыру жұмысы жасалуда. Ауыл тұрғындарынан бөлек, аудан халқы да кезек-кезек келіп тазалық жұмыстарына атсалысуда. Бұның барлығы аруақтарға деген құрмет. Кезінде 1885 жылы Мұса Шорманұлының асына 10 мың адам жиналды деген жазбаны Мәшһүр Жүсіп бабамыздың жазбаларынан оқитын едік. Бұл тойға да бұйыртса, көп адам жиналады деп ойлаймыз. Сол кезде ауыл сәні мен салтанаты жарасқан кейіпте қонақтарды қарсы алатынына сенім білдіремін.

– Мемориалдық кешеннен бөлек қандай жағымды жаңалықтарыңызбен бөлісесіз?

– «Мұса Шорманұлы» атты қазақ тілінде кітап шығарып жатырмыз. Марқұм Серік Жақсыбаев, Ернұр Рахымов, мен үшеуіміз орыс тілінде архивтік құжаттармен «Мұса Шорманов» атты ғылыми монография дайындадық. Бұлар Мұса Шорманұлын тануды жаңа бір деңгейге көтеретін жұмыс болмақ.

– «Ақ желкен» журналында Аслан Тілегенов «Бір ауданнан жиырмадан аса академиктің шығуының сыры неде?» деп сауал тастап, «Мұса Шорманұлы деген ұлт жанашырының қазақ балаларына арнап мектептер салып, оқуға жағдай жасауында» деп ой түйеді...

– Осы ойды өзіңнің аузыңнан естігім келіп отыр еді. Мұса Шорманұлының негізгі рөлі осында. Білімнің, ағартушылықтың түбінде жарып шығатындығы. Мұса Шорманұлы – ерекше құбылыс. Бұқар жыраудан басталған ағартушылық саланы дамытып, жоғары деңгейге көтерген тұлға. Ал, оны жалғастырып бүгінгі күнге жеткізген – Қаныш Сәтбаев. Осы үш тұлға арқылы Баянауылдың білімі, ғылымы өте жоғары деңгейге көтерілді. Баянауылдық ерекшелік, Баянауылдық феномен деген – осы.

– Алтынбек Нухұлы, алда келе жатқан дүбірлі тойдың сәтті өтетініне тілектестік ниетпен, сұхбатыңызға алғыс білдіремін.

Сұхбаттасқан Еламан ҚАБДІЛӘШІМ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар