Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Асылбек Байтанұлы. Әбдөкейден Амалға дейін

14.03.2018 1317

Асылбек Байтанұлы. Әбдөкейден Амалға дейін

14 наурыз. Жылдың әдепкі 365 күнінің бірі – жайымен келеді, өтеді. Бір қарағанда осылай сияқты. Бірақ Еуразияның төсіндегі түркі, мұңғұл және славян халықтарының жыл санау дәстүріне үңілсек, 14 наурыздың әсте әдепкі күндердің қатарында еместігіне көз жеткізген болар едік. 14 наурыз – жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар бойы түркі, монғол, славян халықтары үшін көктеммен қауышатын қастерлі күн болып келген екен. Яғни, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін; ескі түтіліп тозатын, жаңа төрге озатын, суықтың аузы ары, сабаның аузы бері қарайтын берекелі, мерекелі күн.

Мал баққан көшпелілер де, егін еккен отырықшы халықтар да ерекше мән беріп, меркелеп келген 14 наурыз көктем мерекесі – ғасырлар жүзінде көптеген факторлардың әсерінен көмескіленіп қалған деуге толық негіз бар. Біздіңше, солардың арасында діни және саяси факторлар басты рөлге ие болса керек. Ендеше, дін мен саясаттың жыл санауға қатысы қанша? Осы төңірегінде ой қорытып көрелік.

Славяндар 14 наурызды бағзыдан бері көктемнің бірінші айы, яғни жылдың басы, еңбек маусымының бастауы ретінде санаған екен. Алайда, ғасырлар жүзінде пұтқа табынушылықтан біртіндеп христиандыққа өткен кезде 14 наурыз шіркеу күнтізбесінде азап шегуші (мученица) қасиетті Евдокияны еске алу күні болып діни сипат алғанын көреміз. Орыспен етене қазақтардың әлгі «әбдөкей келмей күн жылымас» дейтін күні – осы Евдокия күні.

Қорқыт бабамыз желмаяға мініп, қобызын құшақтап сар желіп, зар шегіп өлімнен қашатын аңыздың мәні тереңде. «Қайда да барса, Қорқыттың көрі» деп ақыры түңілуші еді ғой. Біздіңше, аңыз Қорқыттың өлімнен қашуы арқылы сол кезеңде Ұлы Даладағы тәңірлік танымға күшті қарсылас ретінде таралып, ығыстыра бастаған ислам дінінің ықпалын ишаралап отырса керек.

Әбдөкейге қайта оралсақ, мұнда да осындай ишара барын бағамдауға болатындай. Ендеше, азап шегуші қасиетті Евдокия кім? «Илиополь қаласының тумасы Евдокия деген әйел ұзақ уақыт бойы күнәһар өмір салтымен өмір сүріпті, - дейді христиандық аңыз. Сөйтіп жүргенде, әлдебір себеппен Евдокия бұл қылығынан жиреніп, тақуа христиандыққа бет бұрады. Өзін ешқандай кешірімге лайық емесін деп санаған Евдокия азапты құлшылықтың ең ауырын таңдайды. Тәубеге келіп, шексіз ерік-жігер танытқаны үшін Жаратқан ие оған құдыретті сиқырлық жасау қабілетін сыйлайды. Тіпті ерекше дұға арқылы өлген адамды қайта тірілте алатын қасиет береді. Жаратқан иенің оған берген «өкілеттіліктің» бірі – жер дүниені қысқы ұйқыдан оятып, тірілту еді. «Қара жердің өлгені – үстін қардың жапқаны, ағын судың өлгені – бетіне мұз қатқаны», - деп Жиренше шешен айтпақшы, ежелгі славяндар «қыста бүкіл су атаулы өледі» деген нанымда болса керек. Міне, осы өлген суды көктемде тірілтудің құпия кілті Евдокияның қолында екен. Ал Евдокия болса бұл іске 14 наурызда сол күнгі көңіл-күйіне байланысты кіріседі-міс. Әбдөкей келіншектің сол күнгі көрсеткен мінезіне сәйкес, алдағы маусымның райын болжаған екен. Бұл күні славяндар көптеген ырым-жоралғылар жасап, қарғын сумен науқастарды жуындырып, үйді тазартып, алдағы далалық егіс пен бақша жұмыстарына әзірлікті бастаған. Яғни Авдотья – Евдокия – Әбдөкей күні жаңа өмірдің есігі ашылады: жаңа тірлік қамы басталады. Діни сипаттағы аңыздың ар жағында көне славяндық таным жатыр дегеніміз – осы.

Еуразияның көне тұрғындарының бірі – мұңғұл халықтары. Бүгінгі күні жер бетінде тым аз болса да, тарихын арғы дәуірлерге таңбалаған бұл халықтың да дәстүрі бай, салты мығым, тарихи танымы терең. Мұңғұлдар үшін тоғыз санының қадір-қасиеті ерекше. Шыңғыс ханның өрлігі де (өрлік – тоғыз реткі қылмысы кешірілетін, еңбегі сіңген адам), өзі тоғыз еді ғой. Тоғыз-тоғыз – түркі халықтарына да жат емес, әрине.

Мұңғұл халықтары қыстың аязды күндерін «тоғыз тоғыз» немесе 81 күнге бөліп есептейді. Әр тоғызды үш үштен және топтап, алғашқы үш тоғызды «кіші үш тоғыз», келесі үшеуін «орта үш тоғыз» соңғы үшеуін «кәрі үш тоғыз» деп атайды. Сақылдаған сары аяздың шырқау шыңы кіші үш тоғыздың аяғына дөп келеді. Әр тоғыздың өзіне тән сипаты бар. Мысалы, жетінші тоғызда дөңестің төбесі қараяды, сегізінші тоғызда былқ-шылқ болады, тоғызыншы тоғызда қыстың ызғары қайтып көктем лебі еседі. 23-желтоқсаннан басталатын бұл санау 12-13 наурызда аяқталады. Қазіргі күні мұңғұл халықтары григориан күнтізбесіне қоса, шығыстық алпыстық санау жүйесін қолданады. Мұңғұл жылнамашылары үшін 2018 жыл – 17-алпыстықтың 32-жылы немесе топырақ ит жылы. Қыстың аяқталуын тоғыз тоғыздық жүйемен белгілеп тойлатып келген мұңғұл халқының бағзы дәстүрін қытайлық жылнаманың ықпалына бұрған Құбылай хан еді. Міне, осы кезеңнен бастап мұңғұл халықтары да жаңа жылды ақпан айының ішінде атап өтетін болды. Ал бұрынғы дәстүрде 12 наурыз қыс аяқталуы, 13-наурыз бітеу күн, 14 наурызда жаңа жылды қарсы алып жолығысу (мұңғұлша – жолғақу (көне мұңғұл бичіктегі жазылуы) – золгох (қазіргі мұңғұл тіліндегі айтылым-жазылым) күні. Бұл күні ер мен әйелінен өзгелердің бәрі (ер мен әйел бір әлем саналады) бір-бірімен көрісу рәсімін жасайды. Бір замандарда осылай болғанымен, 14-наурыз мұңғұл халықтары үшін маңызын жоғалтқан. Тек тоғыз тоғыздың аяқталу амалы ғана.

Амал демекші, 14 наурызды жыл басы ретінде белгілеп атап өту – ішінара болса да тек қазақтарда ғана сақталған екен. Ішінара деп отырғанымыз, Ертістен Еділге, Тәшкеннен Түменге дейін ұласып жатқан қазақ әлемінің тек батыс бөлігінде, қазіргі Қазақстанның Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен Ресейдің осы облыстарға шекаралас жатқан аймақтары үшін 14 наурыз – Көрісу (немесе қауышу) күні. Бұл күні жастар жасы үлкендерге сәлем беріп, «Жасың құтты болсын!», - деген тілек айтып, өкпе-реніш болса кешіріліп, шеке асында бірігіп отырып дәм татып мәре-сәре болысады. Маңғыстауды ен жайлаған Адай елі дәл осы күні Отпан тауда от жағу дәстүрін жаңғыртуда.

Мінеки, Еуразияның қоңыржай белдеуіндегі халықтардың өмір-тіршілігіндегі 14 наурыздың кешегі, бүгінгі орны туралы азырақ шолу жасағандағы оқырманға ұсынған мағлұматымыз осы еді. 14 наурызда немесе ескі есеппен 1 наурызға дөп келетін, табиғаттың климаттық өзгерісіне орайластырылған жыл басының маңызы көмескіленіп, тіпті ұмытылып кетуіне себепкер – көбінесе діни танымның өзгеруі десек, ұлттық құндылықтарымызға абай болу қамы – күн тәртібінен еш түспек емес.

Амал құтты болсын, қадірменді алаш жұрты!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар