Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Асылбек Байтанұлы. Мәңгілік ғұмыр - Мәлік...

04.05.2018 4829

Асылбек Байтанұлы. Мәңгілік ғұмыр - Мәлік

Асылбек Байтанұлы. Мәңгілік ғұмыр - Мәлік - adebiportal.kz

Қазақтың даңқты ұлдарының бірі – Мәлік Ғабдуллин. Өз заманындағы мүмкін болған атақ пен даңқтың бәріне қол жеткізген азамат. Кеңес Одағының батыры, академик ғалым, филология ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдоллаұлы Ғабдуллиннің өмір жолына қарап отырсаңыз, көп жағдайда «алғашқы» деген анықтауыш жарасатын сияқты. Себебі, ол – Екінші дүниежүзілік соғыс барысында Кеңес Одағының батыры деген атаққа қол жеткізген алғашқы қазақтың бірі. Бір қызығы, 1934 жылы белгіленген бұл жоғарғы атаққа Кеңес Одағы бойынша ең алғаш ие болған қазақ Мәлік Ғабдуллин болса, 1991 жылы Бауыржан Момышұлына берілген екен. Қазақтың екі біртуар ұлы Алматыда құрамдалған әйгілі 316-атқыштар (кейіннен 8-гвардиялық панфиловшылар) дивизиясының құрамында соғысқаны белгілі. Мәлік Ғабдуллиннің өмір жолы – қай дәуірде да болмасын, қазақ ұландарына үлгі болғандай саналы ғұмыр.

Көкшетаудың ең биік шыңы Бүркіттінің басына шығып қарағанда оңтүстік батыстан аламан бәйгелік қашықтықтан мен мұндалап тұратын қарабарқын таулар бар. Солардың ішіндегі ең биігі – Желтау. Осы Желтаудың бауырындағы Қарауыл Қанай елінің Қойсалған ауылы бар. Болашақ батыр, ғалым Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы 15 қазанда осы атақоныста дүниеге келеді. Көрші ауыл Құлеттегі мектепті бітіргеннен кейін Көкшетау қаласындағы қазіргі өз атымен аталатын мектепте білімін жалғастырады.

Мәлік Ғабдуллиннің әдебиетке, ғылымға деген қызығушылығы осы Көкшетау қаласында қалыптасқандығы анық. Осы тұста елде кеңес өкіметін құру ісіне қызу араласып жүрген Сәбит Мұқановпен кездескеннен кейін Алматыға барып оқуға біржола бекінген жас талап 16 жасында Ауылшаруашылық институтына түседі. Бірақ бұл оқу орны өзінің әдебиетші болсам деген арманына қол емес екенін түсінген жас өрен ақыры дегеніне жетіп ҚазПИ-ге қабылданады. Бұл тұста Қазақстан Ахмет Байтұрсынов жасаған төте жазудан латын қарпіне өтіп жатқан тұс еді. Қазақ жазушылары осы іске қызу кірісіп, өзге қаріптердегі туындыларды латыншаға түсіруді қолға алып, жұмыс күшіне зәрушілік туындаған кезде Бейімбет Майлинге көмекші болып, біршама жұмыстар атқарады.

Міне, осылайша өзінің елгезектігі мен жауапкершілігі арқасында ел астанасындағы әдебиетші қауым арасында танылған Мәлік Ғабдуллин 20 жасында жоғары оқу орнын бітіріп, ғылым-білім, әдебиет жолына түседі. 1934 жылы «Пионер» газеті редакторының орынбасары болады. Аудармамен айналысып, көсемсөз жанрында да көсілтіп қалам сілтейді. Әдебиет саласында жүрген ағалары Мәлік Ғабдуллинді жақсы көріп, өздеріне сенімді ізбасар санайды. Сондықтан да болар, Мәлік Ғабдуллин кейінірек майдан даласында ерлік көрсеткенде белгілі ақын Ғали Орманов былай деп толғаған екен:

Құлыншақ балғын жүзі мәлім маған,

Балалық ерке табы арылмаған.

Көзіңен кірсіз көңілі көрінгендей,

Мәуе еді сабағынан жарылмаған.

Яғни, Мәлік Ғабдуллин өзінен үлкен ағаларының көз алдында балаң шәкірт ретінде қалып қойса керек.

1936 жылдың қыркүйегінен 1937 жылдың қарашасына дейін Ферғанада әскери борышын өтеу барысында дивизиядағы ең мергендердің қатарынан табылады. Әскер қатарындағы осы бір мерзімде мерейі өсумен қатар, тергеуге де алынады. Құдайберген Жұбанов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин т.б. ұстаздары мен сыйлас ағалары нәубет құрбаны болып келмеске кеткен кез еді бұл. «Солардың үлгі-өнегесін көрген идеялас шәкірті» деген жала жабылып, комсомол билетінен айырылған Мәлік Ғабдулллин әупірімдеп бұл қанды шеңгелден аман құтылады.

1938 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалында кіші ғылыми қызметкер болып орналасқан Мәлік Ғабдуллин қазақ әдебиеті тарихы мен фольклорының түйінді мәселелері бойынша ғылыми жұмысқа кіріседі. Аспирантураны бітіріп, «Қобыланды батыр» жыры бойынша кандидаттық диссертациясын қорғауға әзірленіп жүргенде соғыс басталады. Дайын диссертациясының қолжазбасын Сәбит Мұқановқа аманаттап 316-атқыштар дивизиясы құрамында майданға аттанған Мәлік Ғабдуллин автоматшылар ротасының саяси жетекшісі болып қызмет атқарады. Мәскеуді қорғаған 316-атқыштар дивизияның даңқы күллі майдан даласына белгілі болатын. Осы әскери құраманың сапында жүріп асқан ерліктің үлгісін көрсеткен Мәлік Ғабдуллинге, Төлеген Тоқтаровқа Кеңес Одағының батыры атағы берілуіне Бауыржан Момышұлының еңбегі аз болмағанын білеміз. «Мен майданда немістермен қолма-қол соғысқан адаммын. Көптеген немісті атып өлтірдім. Біразын қан төбелесте бауыздап салдым. Жаудың он шақты танкісін гранаталармен қираттым», - деп өзі жазғанындай, Мәлік Ғабдуллин жан аямай соғысудан қолы қалт еткенде майдан даласында жүрген түрлі ұлт жауынгерлеріне өз тілінде фольклорлық шығармалардан үзінді айтып беріп, оларды рухтандырып отырған. Тылдағы, майдан өтіндегі ақындар мен жазушыларға, ғалымдарға хат жазып, қазақ әдебиеті мен сахна өнерінің даму бағыты туралы хаттар жазады. Әдебиет алыптары арасындағы кейбір түсініспестік жағдайларға сын көзбен қарап, оларды бірлікке шақырады. Майдан эпизодтарын, көз алдында опат болған қаруластарының ерлігін қағазға түсіріп, келешекте қажет болады деп тынбастан жинақтады. «Менің майдандас достарым», «Алтын жұлдыз», «Майдан очерктері», «Сұрапыл жылдар» атты еңбектері осы жылдардың жемісі. Генерал И.В.Панфилов, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев, Бақтияр Меңдіғарин т.б. қаруластарының соғыс жылдарындағы шынайы іс-әрекеті Мәлік Ғабдуллиннің осы жазбалары арқылы жетті.

Мәлік Ғабдуллин – қазақ әдебиетіндегі эпистолярлық жанрдың, әскери мемуарлық жанрдың іргетасын қалаушылардың бірі. Оның эпистолярлық жазбаларында қанатты сөзге айналып кеткен айтылымдар қаншама: «Бейнет көрмеген берекесіздік жасайды», «Айлалы адам ажалды жеңеді», «Сақтық та батырлық», «Ел намысы – ер намысы» т.б. мысалдарды көптеп табуға болады. «Өлмеу үшін өршіл бол, үрейленіп үрікпе, қорқып қысылма. Өлімге тік қадала қара, сонда өлім сенен қашады, сен өлімді жеңесің, мұратқа жетесің!» немесе «Кеудесінде намыс оты жоқ адам батыр да, батыл да болмайды, ынжық болады», - деген орамды ойларды айтқан Мәлік Ғабдуллин мұны өзінің көзсіз ерлігімен, батыл іс-қимылымен дәлелдеген тұлға.

Мәлік Ғабдуллинің ойлары өмірдің өзінен алынған. Шынайы. Мысалы, былай дейді: «Батыр мақтанған айып емес, корқақ мақтанған айып. Батыр естіген батырлығын, шындығын айтады. Ал қорқақ өтірікке басады, жоқты бар деуге тырысады». Шындық емес деңіз. Дей алмайсыз.

Мәлік Ғабдуллин соғыс басталғанға дейін өзінің ғылыми жетекшісі болған академик М.Әуезовпен де тығыз байланыста болғандығын көреміз. Майданда жүргенде полк комиссары Бақтияр Меңдіғазин екеуі ұстазының «Абай» романын оқып шығып пікір білдіреді. Сондай-ақ осы жылдары қойылмақ «Абай» операсына қатысты да Мәлік Ғабдуллиннің сын-пікірі сақталған. Майдан шебінде жүргенде халық арасынан шыққан тума талант Иса Байзақовқа қамқорлық жасап, сақтау туралы өтініш білдіруі, халықтың рухани мұрасы әндер мен күйлерді жинақтау және зерттеу, ұлттық ою-өрнектердіің қолданысын кеңейту сияқты ойлар – бейбіт өмірде үстелде отырған адамның емес, от пен оқтың ортасында жүріп, блиндажда жазған жауынгердің жазғандары болатын.

Мәлік Ғабдуллиннің майдан даласынан жазылған хаттары әрқашан патриотизмге, отансүйгіштікке, халықтар достығын аялауға толы. «Қазақ» деген сөзді мақтанышпен, кеудеңді биік, иығыңды өзгелермен тең ұстай отырып, ауыз толтыра айтуың керек деген идеяны ұстанған Мәлік батыр былай деп жазады: «Қазақпын» деген сөзді мен: ұлтын сүю, халқын, елін, жерін сүю, ғасырлар бойына жасалған ұлттық әдебиет пен мәдениетін сүю, өз ұлтына адал қызмет ету, өз ұлтының басқалардан артта қалмай солармен қатарлас (кейде олардан асып түсуін) болуын көксеушілік... деп түсінемін».

Соғыс жылдарындағы ұлтының әдебиеті мен мәдениетіне деген өлшеусіз махаббатына да бола Жаратқан Мәлік батырды аман-есен елге оралтқан шығар. Әркімнің қолы жете бермейтін Мәскеудегі Әскери академиядағы оқу, қызметтік пәтер – барлығынан өз еркімен бас тартып, Алматыға оралып, ғылым мен білім саласындағы ғұмырының соңғы күніне дейін ұласқан қызығы мен қиындығы мол жұмысына кіріседі. Қазақ фольклоры туралы толымды еңбек жасап, филология ғылымдарының докторы дәрежесіне дейін жетеді. Сөзіміздің басында Мәлік Ғабдуллин есіміне АЛҒАШҚЫ деген анықтауыш лайықты дедік қой. Сол сөзіміздің дәлеліндей, педагогика саласы бойынша отандық алғашқы академик атанады. Академиялық оқулықтар, хрестоматиялар, педагогикалық, көркем әдеби туындылар жазды. Небәрі 57 жасында өмірден өткен Мәлік Ғабдуллиндей ұлт тұлғасының жасап кеткен еңбегі, көрсеткен қамқорлығы ұшан-теңіз. Сұм ажал ерте алып кетпегенде, Мәкеңнің ұлт руханиятына қосар үлесі әлі де мол болар ма еді? Соның бірі – өз өмірінен алып үлкен бір мемуарлық дүние жазбақшы болғандығын жазушының жеке мұрағатында сақталған қолжазба мен «Албырт» атты оның алғашқы бөлімінен көреміз. 1973 жылы 2 қаңтарда үлкен жүрек тоқтағалы да қырық бес жылдан асып барады. Мәкеңнің көзін көріп, алдынан сабақ алған шәкірттерінің соңғыларының жасының өзі бүгіндері жетпіске жуықтап қалған екен. Көзін көргендердің қатары сиресе де, елі үшін, жері үшін жасаған өшпес ерлігі мен қалдырған мол рухани қазынасы мен үлгі өнегесі Мәлік Ғабдуллин есімін ел жадынан өшірмек емес. Мәлік Ғабдуллиннің әскери саладағы ерлік жолы, әдебиеттану ғылымының тарихы мен теориясы, сыны, фольклортануды дамытуға қосқан үлесі, ұлттық педагогиканың басты мақсаты - жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудегі әдістемелік жосығы, көркем әдеби мұралары, қайраткерлік қызметтері - барлығы бүгіндері жүйеленіп, жіктеліп зерттелу үстінде екендігінен хабардармыз. Бұл игілікті де жауапты істің екі шылбыр бір тізгініне ақын, жазушы Құдайберлі Мырзабек бастаған Мәлік Ғабдуллин музейі ұжымының іргелі ісі зор нәтижелі болғай!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар