Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Бауыржан Қарағызұлы: Жел тайғанақтап жүгіріп бара ...

17.10.2018 9555

Бауыржан Қарағызұлы: Жел тайғанақтап жүгіріп бара жатыр...

Бауыржан Қарағызұлы: Жел тайғанақтап жүгіріп бара жатыр... - adebiportal.kz

И+Ә!

Тəп-тəтті бір түн еді...
Сен сол түнді сағынасың, білемін.
Алай-дүлей күй кешесің ойласаң,
ауыра-а-ады жүрегің.

Ауыр-ауыр күрсініп,
отырасың өксігіңе тұншығып,
ескі оймен жанның тырнап жарасын,
аулақ барып, өксіп-өксіп аласың.

Жеңілдейсің...
Жыласа, жан жыласын.
Тағдырыңа нендей шара қыласың?
Содан кейін,
мұңлы, ғашық, əдемі,
сіңіліңе ақыл айтып тұрасың,
өмір ғой...

Иен

Біреу маған көз сұғын қадады ма?
Күн желі ме? Магнит бораны ма?
Неге менің көңілім құлазиды?
У тұнғандай жанымның жанарына.
Шыңылдайды о, тоба құлақтарым,
күні бойы ешкімді ұнатпадым.
Неге, неге есіме түсе берді?
Күнім, сені себепсіз жылатқаным.
Бәлкім, сенің жоқтығың бұның бәрі,
телефоннан сөздерің ұғылмады...
Жақындасам айнаға, басқа біреу??
қайта-қайта тұтатып шылымдарын,
кекесінмен күледі...
Дірілдейді...
қорыққаны жүзінен білінбейді...
Бір қызығы,
гүлдерің бөлмедегі
бір-біріне ынтығып күбірлейді...

...Ақылымнан адасқан сияқтымын,
өз-өзімді ұға алмай ұяттымын....

Желдің қатысы жоқ

Жел тайғанақтап жүгіріп бара жатыр... Байлығың - біреудің жүйкесінен есілген арқан. Қайғының өзі көңілді. Бәрі – елес. Кешегі ашынып жүрген – сабырлы. Өкінішіне асылып өлген ол емес. Байсалдық еді, Жарықтық. Арқанның да қатысы жоқ дей салдық. Есінеу үшін күрсініп... Қайғының өзі көңілді. Ақылды ойлап тапқанда, жоғалтып алдық өмірді...
Өкіне алмағанымыз – өкініш. Өкінішімізді тойладық. Өлімді сұп-сұлу қорлағанымыз үшін, байсалдық жайлы ойладық. Қатты беріліп ойға.


Күбірлеп...

Қолымыз дірілдеп...

Қолымызда есілген арқан.

Бір ұшы қайда?!

ОЛ

...жоқ шығар, табиғи өзгеру,
уытты, кекті көздері.
Не деген қатыгез еді,
не деген қып-қызыл сөздері,
ұятым қызарып кетті,
уақыт ұзарып кетті...
Ояндым.
Ол мені алдады, арбады...
Қорлады.
Құдай-оу!
Есім дұрыс адаммын ғой,
есім дұрыс, жынды емес.
Өмір сүргім келеді жай бір адамдай,
мазамды алмашы түнгі елес!
Болды енді.
Ғайып.
Бəлкім, асықты.
Міне,
ойымның сұп-суық қолдары,
Жанымды шошытты.
Рухымды жасытты.
Шыдаймын. Қайтемін, көндігем??
....Ұйықтай алсам ғой енді мен?!

БейБақ

Ей, бейбақ,
Ар алдында тыр жалаңаш шешінген,
және
өлім сотына тірідей кесілген,
сен ғана емессің,
сөз оғына атылған,
сен ғана емессің
қашып шыққан жатырдан...
Топырақ!
Топыраққа жанталасып жүгірген,
Мен ғана емеспін,
өз ойына өртенген, жүгінген, үгілген,
Мен ғана емеспін...
Көр... Көресің Көрді.
Көр... Көзіңнен жан толқып...
Мен – отпын. Отымнан шер іш,
тәп-тәтті қайтыс боласың,
тәп-тәтті аруақ боласың – сәби!
Уақыт қабатында жорғалап,
қорғалап жүрген кім, Хақтан?
Маңдайыңнан тағдырың сорғалап,
Өмір сүргің келеді оттап.
Ал
Менің күлкім келеді.
Күлкім – удай өртейді жасымды,
жылатып Ғасырды.

Сөзге қанат біткен түн

Тіле. Өзіңнен тіле, сұра өзіңнен.
Өзіңде – мəңгілік сəт сайын жаралған.
Сəт сайын жоғалған ойларың оралсын, гүлдесін.
Гүлдесе, көзіңнен сөз тамар мөлдіреп.
Басталар басқа əлем жүректе.
Күн туар күлімдеп тілекте.
Өзіңнен тіле.
Қадырың кетпесін өзіңе. Қадыр түні.
Көктесін күдігің, күдігің көктесе,
бір тамшы жаспенен басқа əлем жазылар,
оқылар шындығың бір тамшы жаспенен.
Пой, сосын Ой ұшыр алақаныңнан,
алақаныңнан сөз ұшыр, тағдырлас!
Енді бұдан былай Құдай ақыл айтпайды біздерге.
Айтқан Ол, уақытқа серт етіп.
Ал енді Арлы кім?!
Арсыз кім?!
Жазған. Жазылған барлығы.
Өзіңді оқы.
Қадыр Түні ұлымасыншы құлқының.
Тек қана Өлең түседі Аспаннан бұл Түні.

Қадыр түні. 2017 жыл. Қырғызстан. Бішкек қаласы.

Сезіктің көзімен қарасақ

Сезіктің көзімен қарасақ...

Келе жатырмын. Бəлкім, сенен кетіп қалған шығармын болашақ.

Сонша саған неге асықпын,

неге ғашықпын? Білмедім.

Білермін, жүзімді сағыныш даусымен жуғанда.

Жұлдызым оңымнан туғанда;

білермін, əділет көздерде күлгенде,

мейірім көктеген үндерде махаббат қанатын қаққанда;

білермін, өртенген қызғаныш күл болып өзендей аққанда,

ол өзен кəусарға айналған кештерде;

қиянат тапталып, көміліп,

көмілген төбеге аппақ гүл өскенде – білермін.

Сен неткен көркемсің!

Сен неткен сұлусың, сүйкімді.

Сен жайлы ойласам маңайым əн шалқып,

кірпікке мөлдіреп күй тұнды.

Мен сені сағындым, мұңдасым аяулы құрдасым – Болашақ!

Апатия

І

«Ымырт тағы өлең оқып өткенге,
Көшелерден сөз жинап жүр көп пенде...
Ертең үміт сығалаған шығыстан,
Келер жылы қар жылап тұр көктемде.

Ал сен болсаң түс көресің күнімен,
Өмір сүріп ой кешесің түнімен.
Желдің мұңын түсінбеген боласың,
Ай туғанда аппақ гүлдің түбінен...»

ІІ

Саусағыңа саусағым тиген нүкте

- жаңадан бір әлемнің жаратылған киесі.

Сүйесің. Ғалам кетті өзгеріп.

Ақиқатқа айналады сезгенің.

Бұл не деген ғажайып.

Бұл не деген өзгеру.

Әр секундта ғарыштың кезіп күллі ғұмырын,

жан дауысына үңілу.

Өлім деген - өтірік. Өмір деген - мәңгілік.

Қайда жүрдік қаңғырып???

Жаным. Ерініңнен шашырап қуаныштың інжуі,

жанарымнан төгіліп жұбаныштың жақұты

еріп кетті кеңістік, омырылды уақыт.

Бақыт.

ІІІ

Міне, тағы да ұйқысыз отырмын.

Бақұлмын бәріне.

Жаныма келген кім?! Жалғызбын.

Қанымда жаралған ғарышта балалар ойнайды,

бабалар бата оқып...

Ал мен болсам темекі шегемін,

терезе мөлдіреп қарайды далаға.

Дала да қарайды молаға.

Жоқ, мүмкін қайғымды шегемін, мысқылдап молаға?

Уфф... Ойыма келген кім?!

Ерменнің исі келеді мұрныма,

күрең тауларды еске алсам, келеді жылағым, келмейді өткен күн.

Осының бәріне сенбейді,

қартайған бұтақты сөйлеткен жап-жасыл нәресте жапырақ.

27.04.15.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар