Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Біржан Ахмер. Шекспир өмірінің шындығы...

10.05.2018 7836

Біржан Ахмер. Шекспир өмірінің шындығы

Біржан Ахмер. Шекспир өмірінің шындығы - adebiportal.kz

Әлем әдебиеті туралы сөз қозғағанда ойға бірінші болып оралатын атақты ақын-жазушылар бар. Мысалы, Эрнест Хемингуэй, Рю Мураками, Генри Миллер, Пауль Хейзе, Ромен Роллан, Томас Манн, ағайынды Гримдерді атауға болады. Олардың жүріс-тұрысы, туған жері мен өскен ортасы, шығармашылығы кімді болсын қызықтырмай қоймайды. Ренессанс дәуірінің көрнекті өкілі, әлемге аты шыққан Англияның ұлы драматургы, ақын Уильям Шекспир де солардың қатарында. Бүгінгі әңгіменің негізгі бағыты да осы қаламгер туралы болмақ.

Уильям Шекспир. Жалғыз түпнұсқа суреті.

Балалық шағы

Ол 1564 жылы сәуір айының 23 жұлдызында Лондонның солтүстігінде орналасқан Стратфорд қаласында дүниеге келген. Болашақ дарын иесінің ата-анасы Джон Шекспир мен Мэри Арден өз кәсібін өрге домалатқан қаланың ауқатты адамдары болды. Сондықтан болар, қиындығынан гөрі қызығы басым ақынның балалық шағы туралы естеліктер ел арасында жиі айтылмайды. Әкесі Джон ауыл шаруашылығымен және қолғап өндірумен айналысқан көрінеді. Тіпті, жергілікті тұрғындардың сенімінен шығып, қаланың мэріне дейін көтерілген-тұғын.

Уильям бала кезінен өнерге, әсіресе драматургия саласына қызығушылығы артып, көріністерді (спектакль) тамашалау үшін театрға асыға барып тұратын. Стратфордта білім алып, көптеген жетістіктерге жеткен дарын иесі алдағы өмірін тек өнермен байланыстырғысы келетінін ата-анасы да сезген. Гимназия қабырғасында оқи жүріп латын тілі мен ежелгі грек тілін толықтай меңгеріп шығады.

Аталған оқу орнынан басқа Уильям патшалық мектептерге де жиі барып, білімін шыңдап тұратын дейді ұстаздары. Онда ол ежелгі Рим елінің поэзиясымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Алып-ұшқан ақын жүрек

18 жас – ақынның өміріне өзгеріс әкелген ерекше жас болды. Сезімнің сергелдеңін кешіп, алғаш рет ғашықтықтың азабы мен рахатын сезген осы шақ - дарын иесінің есінде мәңгі қалары хақ.

Қаланың керім сұлуы Энн Хатауэймен шаңырақ көтергеннен кейін, 1583 жылы Сьюзен дейтін қызы туса, араға екі жыл салып Хемнета мен Джудит атты егіз баласы дүниеге келеді.

Уильям Шекспир отбасымен

Беймәлім жеті жыл

Шыны керек, әйгілі драматургтың жеке өміріне қатысты деректер некен-саяқ. Десе де, зерттеуші ғалымдардың ізденісінің арқасында оның өмірбаяны толықтай жасалды десек, қателеспейміз. Негізінде, Уильям Шекспир туралы барлық ақпарат замандастарының және әкімшілік жазбалардың мәлімдемесі секілді екінші көздерден алынады. Сондықтан, егіз баласының туғаннан кейінгі (шамамен жеті жыл) және Лондондағы қызметтері туралы мәлімет жоқтың қасы.

Сондай-ақ, Шекспир беделді жер иесінің оқытушысы ретінде қызмет етеді және Лондон театрларында промоутер, сахна қызметкері, тіпті жылқы селекционері ретінде жұмыс істейді. Бірақ ақын өмірінің осы кезеңі туралы деректер де дәлелденбеген.

Лондондағы өмірі

1592 жылы баспасөзде ағылшын ақыны Роберт Гриннің жас Уильямның шығармашылығы туралы мәлімдемесі жарық көреді. Бұл – Уильям Шекспирдің автор ретінде бірінші рет халыққа танылуы еді.

Сонымен қатар, осы жылдары Шекспирдің «Генрих VI» пьесасы Лондонның атақты «Роза» театрында сахналанып, драматург ретінде беделі арта бастайды. Қаламгер аталған пьеса арқылы Англияның ішкі соғысын тоқтатып, ұлт тұтастығын мадақтауға шақырады.

Уильям 1594 жылы «Лорд Камергердің құлдары» атты ірі актерлік қауымдастықтың мүшесі болады. Атышулы спектакльдер қою арқылы қауымдастық жетістіктерге жетіп, труппа қысқа мерзімде халыққа танылып үлегереді. Бұл келесі бес жылда әйгілі «Глобус» театрының ғимаратын салуға мүмкіндік берді. Ал 1608 жылы театр қызметкерлері жабық ғамарат сатып алды.

1603 жылдан бастап труппа «Корольдің қызметшілері» деп аталды. Шекспир тек пьесалар жазумен ғана айналысып қана қоймай, өзінің туындыларын сахнаға қоюға белсене қатысады. Атап айтқанда, Уильям өзінің барлық пьесаларында негізгі рөлдерді атқарғаны туралы ақпарат бар.

«Генрих VI» пьесасына иллюстрация

Шығармашылық кезеңі

Ұлы драматург қатарынан бес ғасыр бойы әлемдік мәдениет нәр алып келе жатқан өлмес қазына жасап кеткені белгілі. Оның пьесалары көптеген театр әртістері мен композиторлар үшін ғана емес, кино саласындағы қызметкерлерге де шалқар шабыт берді.

XVI ғасырдың 90-шы жылдарының екінші жартысында театрға арналған драматургиялық туындылар пайда болды. Ақын ренессанс дәуірінің арнасынан шықпай-ақ, жаңа форманы іздейді. Ол ескірген пішіндерді жаңа мазмұнмен толықтырып, «Ромео мен Джульетта» трагедиясы, «Жаздың түнінде көрген түс» комедиясы, «Венециалық сатушы» секілді классикалық шығармалар жазуға кірісті. Шекспирдің жаңа шығармаларындағы соны бағыт – болашақта әлемді өзіне қаратуға себеп болғаны даусыз.

Сонымен қатар, Шекспир махаббат тақырыбында циклды өлеңдерін жазады. Ақынның бұл поэтикалық туындылары екі ғасырға жуық уақыт бойы ұмыт болғанмен, романтизм пайда болуымен қайта жарияланды. XIX ғасырда ағылшын гениінің жазған өлеңдерін оқу және жаттау сәнге айналды.

Уильям Шекспир ғасырлар тоғысында әлемдік әдебиет пен театр тарихында өлшеусіз үлес қосып, өлмес атын қалдырды. «Гамлет», «Макбет», «Кинг Лир», «Отелло» секілді трагедиялық туындылардың сериясын жаза отырып драматург Англияның ғана емес, адамзаттың гениіне айналды.

Шығармашылығының шарықтау кезеңінде Шекспир тың идеяға толы қатарынан бірнеше туынды жазады. Күлдіре отырып жылататын комедия жанры мен күнделікті өмірдегі жағдайдарды сипаттайтын ертегі-әңгімелер жазу – қаламгердің ендігі мұраты болады. Сөйтіп, тынбай ізденудің арқасында «Дауыл», «Қысқы ертегі» секілді фэнтези қойылымдары, сондай-ақ, «Кориолан», «Энтони және Клеопатра» драмаларын көрермен қауымға ұсынады.

Сонымен қатар, Шекспирдің көптеген драмалық шығармалары оның көзі тірісінде жарияланған еді. Бірақ драматургтың барлық пьесаларын қамтитын кітабы 1623 жылы ғана шыққан болатын. Жинақ Шекспирдің достары Уильям Джон Хеминг пен Генри Конделдің бастамасымен басылды.

Кейінгі жылдары ағылшын авторының 36 пьесасынан тұратын «Бірінші фолио» кітабы қалың оқырманға жол тартты.

XVII ғасырда тағы үш жинақ жарияланып, олар бұрын шығарылмаған пьесалармен толықтырылды.

«Ромео мен Джульетта» пьесасына иллюстрация

Өлімі

Өмірінің соңғы жылдары Уильям Шекспир ауыр науқасқа шалдығып, пьеса жазуға мұршасы болмайды. Оны ақынның қолтаңбасынан да аңғара аламыз.

1613 жылы драматург өзінің күйеу баласы Джон Холлдың резиденциясында тұрғаны туралы дерек бар.

Уильям Шекспир қайтыс болмай тұрып өзінің меншік дүниесін зайыбы мен барлық ұл-қыздарына қолхат жазып қалдырады. Осылайша, ағылшын жазушысы 1616 жылы сәуір айының соңында өз үйінде қайтыс болады.

Үлкен қызы Сьюзанның отбасында драматургтің Элизабет дейтін немересі бар-тұғын, бірақ ол баласыз қалды. Әкесі қайтыс болғаннан кейін екі ай өткен соң Шекспирдің кіші қызы Джудит Томас Куинге тұрмысқа шығып, үш ұл бала туғанмен, олардың барлығы жастық шағында көз жұмды. Сондықтан, өкінішке орай, Шекспирдің тікелей ұрпағы жоқ.

Уильям Шекспирдің Лондондағы ескерткіші

P.S.

Сөзімізді қорытындылай келе санаға түйгеніміз: әлем жауһарларына жататын шығарма жазу үшін белгілі бір мекеннің я болмаса ұлттың қатысы жоқ екенін түсіндік. Себебі Уильям Шекспирдей ой алыптары уақыт пен мекенге бағынбай, толқын-толқынмен туып жатады. Туыла да бермек. Ешкімге ұқсамайтын жаңа бағыт іздеген жасампаз жазушылар мен ақындар һәм драматургтердің нәркез шығармалары қашан да бағалы. Оларды оқып-түсіну, сол арқылы сананы ояту – басты мақсұт болуы ләзім.

Қош, ой таразысына салып көрсек, Шекспирдің шындығы – оның басқаша ойлауында жатқанын көреміз. Артында ұрпақ қалмаса да, асыл сөздері ажалсыз әсердей бүгінгі күнге дейін сап түзеп келеді. Өмірді өзгеше қырынан көре білетін осындай генийлер қашан да жасай бермек. Абырой да, ақиқат та осында жатыр.

Біржан АХМЕР


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар