Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бүгін Қазақстан Жазушылар одағының құрылған күні...

12.07.2018 21621

Бүгін Қазақстан Жазушылар одағының құрылған күні

Бүгін Қазақстан Жазушылар одағының құрылған күні - adebiportal.kz

Бұдан 93 жыл бұрын, 12 шілдеде (1925 жылы) қазақ әдебиетінің қара шаңырағы Қазақстан Жазушылар одағы құрылды. Оның алғашқы басшылары – танымал қаламгерлер С.Сейфуллин мен Б.Майлин болды. Қазақ руханияты мен мәдениетінің марқасқалары осы шаңырақтың астында ұлтқа қызмет етті. Одаққа қарайтын «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналдары өнер мен әдебиеттің негізгі басылымдарына айналған.

Жазушылар одағы – 700-ден астам қазақстандық ақын-жазушының басын қосқан, еліміздегі ең алғашқы және ең ірі шығармашылық бірлестіктердің бірі. Одақ – еліміздің мәдени өмірінің дамуына, моральдық және рухани құндылықтардың нығая түсуіне, жастар тәрбиесіне зор үлес қосып отырған іргелі ұжым. Жазушылардың бүгінгі буыны – Қазақстан әдебиетінің кешегі Абай, Жамбыл, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсі­репов сынды көптеген көрнекті тұлғаларының баға жетпес мұраларын лайықты жалғастырушы ізбасарлары.

Кешегі жыр алыбы Жамбыл бастаған жыраулар тобы Алматыда айтыс өнерін жоғары деңгейге көтерді. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды алыптар тобы небір классикалық туындыларын дүниеге әкелді. Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев сияқты ақиық ақындар қазақ поэзиясын жаңа биікке шығарды.

Азаттықтың алғашқы күндерінен мемлекет қаламгерлерге қолдау білдіріп, қоғамдағы шы­ғармашылық орта мен ұдайы ұлттық рухты қалыптастыруға қамқорлық жасап келеді. Әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлық бар. Жас таланттарға Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы беріледі. Жыл сайын қаламгерлерге Президенттік және Мемлекеттік стипендиялар тапсырылады. Мемлекеттік тапсырыс аясында қазақстандық үздік авторлардың жүздеген кітаптарын шығару игі үрдіске айналған.

Бүгінгі таңда бұл қара шаңырақты белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет басқарып отыр. Сонымен қатар, қазақ әдебиетінің өркендеуіне үлес қосып жүрген Одақ төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, Мереке Құлкенов, Бақыт Беделхан, Бауыржан Жақыпты да айта кеткен жөн.

«Әдебиет порталы» Қазақстан Жазушылар одағын атаулы күнмен құттықтайды!

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар