Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Бүлдіршіндерге туған жердің қадірін ертегі арқылы ...

17.05.2018 10216

Бүлдіршіндерге туған жердің қадірін ертегі арқылы түсіндіру тиімді - ғалым-ұстаз

Бүлдіршіндерге туған жердің қадірін ертегі арқылы түсіндіру тиімді - ғалым-ұстаз - adebiportal.kz

Бүгінде балалар әдебиеті кенжелеп қалған, балалардың кітап оқуға деген қызығушылығы мүлдем жоқ деген пікірлер көп айтылып жүр. Күні-түні үзілмейтін интернет, әлемдегі бар қызықты алдыңа тосатын әлеуметтік желі, таңсәріден қара кешке дейін теледидардан түспейтін Спанч бобтар бар кезде балаларды кітап оқимайды деп жазғырудың өзі өрескел қате екені түсінікті. Дамыған елдердің «сай-саладан төгілген» сапалы өнімдеріне төтеп бере алмасақ та, «Балапан» арнасын барынша дамытып, азын-аулақ кітапшалар шығарып, балаларды қайсек қызықтырамыз деген талпыныс та жоқ емес.

Солардың бірі ретінде бүгінде қазақ және орыс тілдерінде балаларға арналған бірнеше ертегі кітаптар шығарып, оларды бастауыш сынып оқушыларына жан-жақты танытып жүрген Нұрсұлу Шаймерденованың атқарған шаруаларын айтуға болады.

Филология ғылымдарының докторы, М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандық филиалының және Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің құрметті профессоры Нұрсұлу Жамалбекқызының ғылыми монографиялары мен оқу-әдістемелік құралдарынан басқа, балаларға арналған шағын ертегілері де жоғыры бағаланып, бүгінде бастауыш сынып оқушыларының қызыға оқитын кітаптарына айналған. «Әдемі қызыл қаздар туралы ертегі», «Глоссиктің алғашқы сапары», «Гүлдер ханшайымы», «Ананың ертегілері» сияқты ертегі кітаптары түрлі суреттермен көркемделіп, арасына балалардың өздері бояуларына мүмкіндік берілген бояма суреттер қосылып, бүлдіршіндерге барынша қызықты болатындай етіп шығарылған. Сонымен қатар, бұл кітаптар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде, сондай-ақ, Қазақстан халқының 8 тілінде: балқар, ингуш, қабарда, қарашай, неміс, өзбек, украин және шешен тілдерінде жарияланған.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Нұрсұлу Жамалбекқызы бұл ертегілерді эксперимент ретінде жазып қана қоймай, мектептерді аралап жүріп, балаларға насихаттап, олардың ертегіге, әдебиетке, жалпы кітап оқуға деген қызығушылығын оятуда қыруар шаруа атқарып жүрген ұстаз. Осындай шаралардың бірі кеше Астана қаласындағы № 72 мектеп-лицейінде өтті. Аталған білім ордасының бүлдіршіндері қаламгер-ұстаздың «Гүлдер ханшайымы» атты ертегісін сахналады, соңынан Нұрсұлу Жамалбекқызы оқушылармен ертегі жазуды қалай қолға алғаны, оның балаларға қандай пайдасы бар екендігі туралы ойларымен бөлісті.

Балаларды барлығынан жоғары қоятын ұстаз сәл босай қалған уақытнда бізге де бес минутын қиып, бүгінгі шараның маңызы туралы бір ауыз айтып берген еді:

«Гүлдер ханшайымы» ертегісі Қазақстанның оңтүстігінде, Созақ өңірінде, одан кейін Қаратау жотасында, Шу-Іле тауларында, Қоржынтауда, Талас және Қырғыз Алатауында өсетін, гүлдегенде кең байтақ даланы түгел көмкеріп кететін Грейг қызғалдағы туралы балаларға арналған танымдық ертегі. Бұл сирек кездесетін Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген қызғалдақ түрі бұрындары Алтай қызғалдағы деп аталған екен. 1873 жылы Петербор ғылым академиясының академигі, атақты ботаник Эдуард Регель Қаратау жоталарында зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында осы гүлді зерттеп, «Ресей бағбандары қауымдастығының» президенті Самуел Грейгтің құрметіне Грейг қызғалдағы деп ғылыми айналымға енгізіп жіберген екен. Одан кейін оның тұқымы шетел асып, бүгінде Голландия қызғалдағы деп өзіміз сатып алып, мәз болып жүрген гүл түрінде аты өзгеріп жетіп жатыр. Мен ертегім арқылы бүлдіршіндерге осыны түсіндіргім келді. Өзіміздің туып-өскен жерімізде де, туған Отанымызда да небір ғажайыптар бар, солардың бірі осы қызғалдақ гүлі дегенді саналарына сіңіргім келді. Осы идея Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласында да айтылады. Туған жердің қадірін жас жеткіншектерге құрғақ сөзбен емес, осындай жолдармен сіңіре білуіміз керек. Тек сонда ғана олар ойланып, ой қорыта алады», - дейді автор.

Әбу-Асқар Мекешұлы

(фотолар автордікі)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар