28 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Бұрымның қасиеті туралы бірер сөз

18.04.2018 525

Бұрымның қасиеті туралы бірер сөз

Ғасырлар керуенінің көшімен жеткен аңыз бен ақиқаттың арасындағы байланыс адамға ой туғызары анық. Біреудің махаббатын маздатып, қызғанышын қозғаған, сағынышын оятқан қос бұрым туралы өлең өрмеген ақын кемде-кем шығар.

«Батырларды матап байлап тастауға,

Жетіп жатыр қара шаштың бір талы»,

– деп Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, адамның жан дүниесін сан алапат сезімге салатын шаштағы қасиетке таңдай қақпай тұра алмайсың.

Ел тарихы мен ұлттық тәрбиенің тереңінен сыр шертетін қос бұрымның қай кезден келе жатқанын болжап айту қиын әрине. Десе де, Қазақстандағы қола дәуірі ескерткіштерінің зерттелу тарихына назар аударсаңыз, патшалық Ресей, Кеңес үкіметі тұсындағы және Тәуелсіздік жылдарындағы зерттеу нәтижесінде жерлеу орындарынан: алқа, моншақ, шашбау, шолпы және т.б. сәндік бұйымдардың табылғанын нақты дәлелдеп келеді.

Қазақстанда қола дәуірін яғни Андронов мәдениетін зерттеу 1926-1928 жылдары Батыс Қазақстандағы М.П.Грязнов пен Оңтүстік Оралдағы Б.Н.Граков зерттеулерінен бастау алған. 1982 жылы А.Н.Марьяшев бастаған археологиялық экспедициясы Алматы облысы Жамбыл ауданы Тамғалы шатқалындағы 1-3 қорымынан қыш ыдыстар, сырға, моншақ, шаштеңге тапқан. Таң қаларлығы, ғалымдардың сараптамасы бойынша кешен б.з.б XIV-XII ғасырларға жататынын көрсетті.

1990 жылы Қазақстан археологиясының дамуымен қатар көп өңірлерде далалық ізденістер өз жалғасын тапты. 1997-1999 жылдары К.А.Ақышев жетекшілігінде Есіл археологиялық экспедициясы Ақмола облысы аумағына зерттеулер жүргізіп, түрлі тарихи дәуірлерге жататын ескерткіштер кешенін ашты.

Соның бірі Степногорск қаласынан солтүстік батысқа қарай алты шақырым жерден Ақсу өзенінің сол жақ жағалауындағы Шоңдыңқора қорымы еді. Қорымнан қоладан, алтыннан жасалған білезік, сақина, алқа қалдықтарымен бірге бас киім және шашбаулар табылған. Зерттеушілер қорымды Алакөл мәдениетіне жатқызады да, б.з.б екінші мыңжылдықтың үшінші ширегімен белгілейді.

Осыдан-ақ, халқымыздың бұрым қою дәстүрінің өте ертеден жалғасып келе жатқанын болжап айта аламыз.

Халқымыздың тағы бір құнды жауһарларының бірі – ғашықтық жырлары. Қыз бен жігіттің кіршіксіз, қалтқысыз, мөлдір махаббатын белді арқау еткен асыл қазынамызда әділетсіз, қатыгез заманның жауыздығынан азап шеккен, құрбан болған ғашықтардың зар-мұңы мен қайғы-қасіреті және тығырықтан жол таппақ болған арман тілегі жырланған. Сол жырларды оқып отырсаңыз, құлай сүйген ғашығының сипатын қыздың тәтті қылығымен және сұлу бұрымымен суреттейді. Қыз Жібек жырында көштің соңынан қуған Төлеген кездескен қыздардың сұлулығын бұрымымен байланыстырып отырады. Мысалы:

«Жез құмандай тамағы,

Жүзген қаздай иіліп.

Беліне түскен қос бұрым,

Қынай белі үзіліп»

немесе

«Өзі он бес жасында,

Алтынды шашбау басында.

Танадай көзі жалтылдап,

Ақ маңдайы жарқылдап», – деп жеткізеді. Ақыры Қыз Жібектің күймесіне жетіп, сұлу дидарын көргенде де:

«Жүзінен нұры тамып тұр,

Дүрия жауһар сырғасын,

Көтере алмай құлағы,

Шашбауы желде шалқып тұр», – деп тамсанады.

Жырдағы кездескен сұлу қыздың сипатын тарих жүлгесімен қуалап, Қазақ хандығы тұсындағы қоғамдық өмірден де кездестіре аламыз.

Жәңгір ханның қызы Зылиха мен немересі

Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңнамасының үшінші тағаны «Кек пен жаза» деп аталады. Әдет-ғұрып заңдарының бір тармағы ретінде әр түрлі қылмысқа қатысты жазалардың ішінде ең ауыры – өлім жазасы. Бірақ, өлім жазасынан кем соқпайтын түрлері де баршылық, солардың бірі мойнына құрым іліп, бетіне күйе жағу (ауыл ішіндегі тәртіп пен имандылықты бұзғандарға) болған. Бұл жаза билер емес, ауыл тентектерін «тектеп» отыратын ақсақалдар шешімімен болады.

Сол жазаның тағы бірі – бұрымын кесу. Нәпсіқорлыққа байланысты қолға түскен еркектің атының құйрығын кесіп, ардан аттаған қыздың немесе күйеуі бар әйелдің бұрымын кесу. Бұл түсінгенге астары ауыр жаза болып табылады. Себебі, ат құйрығын кесу – не өлімде, не жаугершілікте кездесетін дүние болған. Бұл қылмыскерге енді аяушылық болмайтынын көрсетсе керек.

Еркек адам қайтыс болғанда мініп жүрген атының жал-құйрығын, кекілін кесіп, тұлдап қоя береді. Ол атты тек ас бергенде сояды. Өзгенің жылқысының құйрығын ұрлап кескен қылмыскерге бір жыл ішінде билік айтпай, мал иесінің босағасын қаратады. Егер бір жыл ішінде сол шаңырақта өлім-жітім болса, сол ұрыға кісі құнын төлететін болған.

Хандық билік тұсында қазақ қоғамынан көрініс тапқан, тіптен оны кесу өліммен тең жаза саналған. Қасиетті бұрым туралы хәкім Абай:

«Білектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.

Кәмшәт бөрік, ақ тамақ, қара қасты,

Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін», – деп жырлағаны бар.

Қалмақ қызы. 1895 жыл, Астрахань.

Сол шаштағы қасиет Абайдан да өтіп, кешегі Мұқағалидың заманына жеткенде «Келші, шашыңнан иіскетші» деген арманға айнала бастады. Бұл, әрине, XX ғасырдың екінші жартысы, Мұқаңша айтсақ: «Соғыстан кейін басталған соғыс» жылдары. Қазіргі оқырмандар Мұқаңның сол өлеңін оқып отырып «Иіскейін, тек қана тиіспейін», – деп мұрттарынан күліседі. Меніңше, бұл өлең біз ойлағандай жеңіл ой емес, ұлы трагедия.

«Қолаң қара шашың-ай күн қақтаған,

Қос бұрымың жотаңда бұлғақтаған.

Қарғам, сенде жерімнің иісі бар,

Жердің исі жұпардан қымбат маған»

– деген жолдардан-ақ ақынның қызға ғана емес, қазақы табиғатқа, ұлттық болмысқа деген теңдессіз сағынышы жатқан жоқ па?! Сол қарапайым шаш үлгісі – киелі қос бұрым Кеңестік дәуірдің салқынымен санамыздан ұмытыла бастаса керек-ті.

Қытай халқында «Сүмбіл шаш – сұлудың екінші жамалы» деген сөз бар. Ал, Қазақ қоғамында байырғы ақсақалдар шаштың қою немесе жұқалығына, реңіне қарап шашы көмірдей қара, жылқының қылындай ширақ, қатты болса, ондай адамды тік бақай, айдалы дейді. Ал сұйық, қоңырқай болса, жұмсақ, жылы сөзді, шашы артына қарай бітіп, маңдайы кең болса, ел ұстайтын көсем, шашы қасына мініп тұрған маңдайы тар адамды күншіл деп адам мінезін де бағамдап отырған.

Бұрымды – біріншіден сұлулық үшін, екіншіден тәрбие құралы ретінде қарастыруға болады.

«Жеңгесі кетті бұрылып,

Асықпай басып бір қалып.

Сылдырлап алтын теңгесі,

Қасында барады ырғалып»,

– деп Төлеген Жібектің жүрісіне таңдай қағады. Өлең жолында айтылғандай, қыздың әрбір әрекетін бағып отыратын асыл аналар үйде отырып сырттағы қызының олпы-солпы жүрісі мен дөрекі әрекетін тектеп, қызын денесін тік ұстап, салмақты, майда жүруге тәрбиелеген.

Шаштың беріктігін алюминиймен салыстыруға болады. Бір шаштың өзі 100-ден 200 грамға дейінгі салмақтағы затты ұстап тұруға шамасы келеді. Әйел адамның бұрымы 20 тонна салмақтағы затты көтеріп тұра алады дейді мамандар. Сондықтан, қола дәуірі ескерткіштерінен табылған шолпының салмағы 6 килограмм дегенге де аса қатты таң қалуға болмас. Шашқа осыншалықты ауыр шолпыны таққан қыздар денесін тік ұстап жүруді үйренген.

Осы қазақ қыздары халық әніндегі «Керім-ау, айдай, керме баудай» деген сұлу тіркестің тууына тікелей себепкер болған. Енді бір жағынан, үйде отырған үлкендер де келе жатқан қызды шолпысының сылдырынан біліп, әңгіменің денін дұрыстап, оғаш әрекеттері мен артық әзілдерін қыз-қырқынға естіртпей, дұрыс үлгі болуға да тырысқан.

Бұрым – тазалық құралы. Ас-сумен жанасатын әйел затына ас үйдегі тазалық түсінікті болар. Əр күні таңертең мен кеш арасында автобусқа отырсаңыз, жайып алған шашы елге кедергі жасап, түс шайысып, басы сиған көлікке шашы симаған «қаралы сұлуларды» да жиі кездестіреміз.

Бұрым – денсаулықтың кепілі. Қазақта «итаяққа салу» деген дәстүр бар, жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда, есік көргенде үлкендер «итаяғыңа сал» деп күмістен алқа, моншақ, теңге, түйме сыйлайды. Итаяққа салу – әйел босанғанан кейін баланы шаранасынан жуатын суға, яғни «шілде суына» сол күміс заттарды салып, «Күмістей жарық болсын» деген ырыммен нәрестені жуып, судағы әшекейлерді сол жердегі әйелдер бөліп алады.

Бізге жеткен тағы бір аңызда: Ертеде Қазақ әскері мен қалмақтар соғысып жатқан аймақта жұқпалы ауру тарап, қалмақ қолы дерлік қырылып қалыпты да, қазақ сарбаздарының ешбіріне кесел дарымаған екен. Мұның негізгі себебі, қазақ сарбаздарының қару-жарағы мен ат әбзелдеріндегі күмістің пайдасынан болған дейді. Дәл осы аңыз араб халықтарында да сақталған. Ертеде бір өңірдегі халық жаппай тамақтан уланып қырылғанда, сол тамақты күміс қасықпен жеген бір басшы ғана аман қалыпты деседі.

Қазір медицинада күмістің ауру тудыратын элементтерді жойып, ағзаға зиянды токсиндар мен микробтарды шығарып, бактерияның 650 түріне қарсылық көрсете алуымен бірге шашқа тағылған күміс теңгелер белге түсіп әйел затының өмірге ақаусыз ұрпақ әкелу үшін аса пайдалы екенін дәлелдеп отыр. Сондықтан да, ғылымды ерте білген әжелеріміздің қолында бар күмісінен түйме тағып, әсіресе бойға жете бастаған қызының шашын өріп, бұрымына күміс моншақ тағатыны осыдан болса керек-ті.

Соңғы жылдары ғалымдар «Шаш – адам мен кеңестік арасын тұтастыратын байланыс құралы екенін, әйелдердің шашы инь қуатына бағынатынын, бұл қуат қыз-келіншектердің бойына жұмсақтық, мейірімділік, байыптылық, кешірімшілік қатарлы қасиеттер дарытады» деп әлем халқы таң қалып жатқан шақта қара қоста отырып: «Балам, жалаңбас жүрме, жаман болады», – дей салған қара шалдан қарапайымдылық пен ғылым аспапты ғой деп қайран қаласыз.

Сәті түсіп, ауылға бара қалған бір сапарымда, сексеннен асқан әжем Күннің нұрына қыздырынып, шашын тарап отыр екен. Жұқарып кеткен бурыл шашын асықпай тарап болғасын, үстіне жабысқан, жерге түскен шаштарын жинап жатып: «Балам, қарашы, шаш қалып қалмасын», – деді. Іздегенге сұраған: «Неге?» сұрағыма қарапайым ғана «Шаш аяқтың астында қалса немесе құс іліп кетсе бас ауыруына шалдықтырады», – деді де жұқа бурыл шашын бұрым етіп өріп алды.

Әжем бүгінге дейін шашын түйіп көрмеген жан. «Соғыс жылдарында әйелдер шашын түйіп, еркектермен бірге қан майданға аттанған кездер болды ғой, оның бетін ары қылсын», – деп күрсініп отыратын. Сөзіміз дәлелді болуы үшін 1941-1945 жылдардағы соғыс кезінде бұрымынан амалсыз айырылуға мәжбүр болып, майданға аттанған аруымыздың бірі Шығыс шолпаны – Мәншүк Мәметова еді. Оның бұрымынан айырылған қайғысы туралы ақын Дүйсенбек Қанатбаев былайша жырлайды:

«...Айқасқа барам өліммен,

Қайтемін жалғыз бас қамын.

Бұрымымды төгілген,

Туған жер, саған тастадым.

Батыр қыз майдан құрбаны,

Омырауынан оқ тесіп.

Қиса да сол қыз ғұмырын,

Жүргендей әлі от кешіп,

Қия алмай қара бұрымын».

Қыздың шашындай жылқының жал-құйрығын халқымыз қасиет санайтынын мақаламыздың басында айттық. Тай күнінде баланың қарын шашын алғандай етіп, жылқының жал-құйрығын күзейді де, тиіспейді. Ал, біз ше?

Қыз баланың шашын әжелер ортасынан емес, маңдайынан сәл қиғаш жарып тараған. Оған себеп те бар. Әйел заты бұл дүниеден қайтқанда ғана шашын маңдайдың дәл ортасынан жарып, екі омырауын жауып қояды. Ұзатылған қыз шашын екеу етіп өріп, үйден шығарда бұрымын артқа тастап шығады (Қыз қылығының артта қалғаны және болашақта сүйгенімен қос бұрымдай егіз, тату-тәтті болсам деген ниетте). Келін болғанда да солай өріп жүрген. Алда-жалда қаралы жағдай болғанда, күйеуі дүниеден қайтқанда, ұятты ауыр күнә жасағанда ғана шашын жайып жылайтын болған.

Мұхтар Шахановтың «Ғайша» өлеңіндегі ұятты болған әйелдің өлім алдындағы:

«...Сонан кейін шашын жайып жіберіп,

Күйеуінің аяғына құлады.

Құлап жатып ағыл-тегіл жылады,

Жылап жатып зарлады»,

– деген сөзі есімізде.

Бұрым – әдетте жалғыз өрім, қос өрім болып, шаштың қалыңдығына қарай үлкен бұрым және кіші бұрым болып бөлінеді. Халқымыздың қара өлеңдерінде суреттелетін «Жеңді білектей бұрым» мен «Таудан аққан бұлақтай бұрым» осы түріне қаратылса керек-ті. Қасиет санаған бұрымға тағатын шашбаудың үзбелі шашбау, шашақты шашбау, сөлкебай шашбау, теңге шашбау, үкі аяқты шашбау қатарлы түрлері бар. Бұлардың ерекшелігі мен жасалуы, өзіндік қасиеттері басқа бір мақалаға себеп боларлық дүниелер.

Бұл мақаладағы біздің айтпағымыз басқа. Халқымыз «Әйел мінезді еркекте қуат жоқ, еркек мінезді әйелде ұят жоқ» десе, кешегі Бұхар бабамыз: «Қызда қылық болмаса, құр шырайдан не пайда?!», – деп толғайды. Ал, бүгінде белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева апамыз: «Өмірде қыз болу бар да, Қазақ қызы болу мүлдем бөлек», – деп пікір айтқан.

Сол тәрізді, ғасырлар бойы халқымыздың ұлттық дүние танымымен қалыптасқан ырымдар мен тиымдардың астарын, оның ішінде, Жаратушы қылықты қыздарымызға сыйға берген қасиетті шаштың да киесі барын жете түсініп, шолпы сылдыры мен күлкі сыңғыры, бұрымы мен қылығы жарасып, өшкенімізді жандырып, жоғымызды толықтырса деген тілек қана.

Қалғаны сіздерге аманат, арулар...

Нұрбол МҰРАТБЕКҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар