Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ. Шаңырақ...

20.03.2018 5371

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ. Шаңырақ

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ. Шаңырақ - adebiportal.kz

(әңгіме)

Жер аяғы кеңи бере басталып, қызу жүрген құрылыс күзге таман аяқталып қалды. Анасының айтуы бойынша, ескі тамның сынық ағашына тиіспестен, барлығын жаңадан алып, шымқай қызыл кірпіштен өріліп, сәулетін асырып-ақ салды. Айналаға айдындана қарағандай сәндене бой көтерген еңселі ғимарат Көксудағы ең көрікті үйлердің қатарына қосылды.

Күн-түн демей еңбек еткен Досбол жаңа қонысқа кірудің қамына кіріскен күні күтпеген көңілсіздікке тап болды. Жаңа үйге көшуге қамданып, заттарды жинастыра бастағанда анасы:

– Менің заттарым осында қала берсін, - дегені. Досбол шоқ басып алғандай ыршып түсті:

– Қалай? Сіз сонда?..

– Иә... Мен осы үйде қала берейін.

– Жише!..

– Ештеңе етпейді. Бұрыннан тұрып келе жатқан үй ғой, құлап кетеді дейсің бе...

– Ел не дейді, мұныңыз не? Түу, сіз де...

– Оны қайтесің, кімнің қайда тұрғанында елдің не шаруасы бар дейсің?..

Даусы сәл қатқылдау шық­қан секілді сезілді. Бұдан әрі сөз­­д­і созудың қажетсіз екенін тү­сін­­ген Досбол үнсіз қалды.

Күйеуі Қуан дүниеден өтке­ні­не жиырма жылдан асса да, оның заттары мен жатар орны сол күйі қаз-қалпында тұр. Дос­бол оларды да қозғаған жоқ. Ақы­рын басып, үйден шығып кетті...

Содан бері, міне, жеті күн, жеті түн өтті. Бүгін құрбандық шалып, аруақтарға арнап Құран оқытып, ауылдастарға шай берген.

* * *

Бәтима отыз жыл бойы түті­нін түтеткен үйіне бүгін алғаш тү­ней­ін деп жатқандай күй кеш­ті.

О тоба! Бүгін мына үй мүлде бас­қаша ғой. Оның көңіліне әлде­бір алаң кірген секілді. Жым-жырт тыныштыққа оранған жал­ғыз­дық мұны да бірге қымтап алған­дай. Ұйқысы келер емес. Жастыққа басы тигені сол еді Қуанмен бірге Қаратаудың бауырында, Көксудың бойында қол ұстасып бірге жүрген, осы үйге алғаш келін болып түскен, ауыл адамдары қуанып қарсы алған кездері бірінен соң бірі есіне түсіп, көз алдынан алма-кезек тізбектеліп өте берді...

Сөйтіп жатып, кірпігі ауырлап, өң мен түстей түсініксіз бір қызық күйге енді. Еңсесін бас­қан ауыр ой өз-өзінен сейіліп, тұла бойы жеңілдеп сала берді. Тіп­ті салмақ атаулыдан арылып, құс қауырсынындай қалықтай жө­нелді...

«Бүгін мені есіне алған екен ғой!..» деп ойлады ол бір түпсіз, тұңғиық, жұмбақ әлемге еніп бара жатып. Тап осы сәтте төсегінің аяқ жағынан Қуанның елесі қылаң берді. ...

– Келдің бе, – деді Бәтима күбірлеп. Табалдырықтан бері аттап, аяқ жақтағы киізге тізе бүккен елес бейне басын ақырын ғана шұлғығандай болды. Содан соң:

– Ұйықтамағансың ба? – деді сыбырлап.

– Иə, ұйықтай алмай жүрмін. Балалар жаңа үйге көшті ғой, білесің. Қуанның жүзінен нұр төгі­ліп, күлімсірегендей болды.

– Балалар есейді, ержетті. Біздің күткеніміз де осы емес пе?

– О Жаратқан ием! – деді Бәтима енді қолын кеудесіне қойып.

– Көрсеткеніңе шүкір...

– Сен мұнда неге жатырсың? Бәтима жеңіл күрсінді. ...

– Есіңде ме, - деді содан соң өткен күндер есіне оралып. – Маған осы шаңырақты аманаттап едің ғой. «Түтініміз сөнбесін, ошағымыз өшпесін» деген сөздерің құлағымнан кетер емес. Өзің шыққан үйден мен де көшсем, босағамыз иесіз, шаңырақ киесіз қалмай ма?

– Құдайға шүкір, – деді елес-бейне орнынан сәл қозғалғандай болып - Бала сүйдік. Бақытты болдық. Енді міне, олар ер же­тіп, өз алдына отау тігіп жатыр. Со­ларды жеткізген саған разымын, сен де балаларға разы бол. Олар­дан бөлініп, жалғыз қалма. Көңілдері жабырқап жүрер...

– Қайдам... Сені күткен шы­ғар­мын. Ескі үйдегі тәтті күн­дер­ді қимаған болармын, сірә.

– Иә, айтпақшы, тәтті күндер дегеннен есіме түсіп отыр-да­ғы... Әнеукүні үлкен баланың үйіндегі келін: «Апа, сіз атамнан жап-жас күніңізде айырылыпсыз ғой», - дейді. «Бір нәрсе сұрасам ренжімейсіз бе?..» «Сұ­рай ғой, қарағым». «Қан­ша дегенмен, бәріміз де пен­де емеспіз бе. Атамнан кей­ін біреуді көңіліңізге жақын тар­­тып, қайта тұрмыс құруды ойла­ған жоқсыз па?..»

Шай ішіп отырған кесем қолымнан түсіп кете жаздады. Бір уақ үн қата алмай, шашалып, тұншығып қалдым. Келінім орнынан ұшып тұрып, мойнымнан тас қып құшақтай алыпты. «Айналайын апатай, кешіріңізші мені! Кейде өстіп, ойымдағыны ірікпей айта салатын әдетім бар», - деп шыр-пыр боп, жас балаша өбектеп жұбатып жатыр мені...

Үндемей қалсам, апамның бір құпиясы ішінде кетті-ау деп ойлар дедім де, оған бар шындықты жасырмай айтып салдым.

«Құй сенерсің, құй сенбессің, мен атаңнан айырылған жоқпын, қарағым. Кей күндері ол түнде, балалар қаннен-қаперсіз пысылдап ұйқыда жатқанда келіп, басымнан сипап: «Сағындың ба?» деп сыбырлайды құлағыма. «Иә!» деп, қолынан ұстай алам. Құдды бір, тірі күніндегідей саусақтары салалы, демі ыстық... Сондай күндері таңертеңгілік бойым сергіп, боз биенің сүтіне шомылғандай жеңілдеп, күліп оянам... Міне, қарағым, менің өмірімнің бар құпиясы осы!» дедім. Дұрыс айттым ба?..»

Елес бейне иіліп келіп, оның басынан сипағандай болды. «Дұрыс қой», - дейтін сияқты. Содан соң, ол:

– Ал енді, жаңа үйге көш, - деді шаттана сыбырлап.

– Сен ше?.. – Бәтиманың көзі жасқа толып, иегі дірілдеп кетті. – Меніменен қоштасуға келгеннен саумысың өзің...

Ол ғайып болған Қуанның елесінен «Мен сендермен мәңгі біргемін» дегенді анық сезініп, қапысыз ұққандай болды. Содан соң селк ете түсіп, жан-жағына қарап еді, ешкімді кө­ре алмады...

Терезенің сыртынан ағараң­дап таң белгісі білініпті. Үй іші бірте-бірте жарық тартып, бо­са­ға жақтағы кебеже-сан­дық­тар көз­ге шалына бастады. Әп-сәтте нұрға шомған ша­ңы­­рағы жұмақтың бақшасына ай­­налып кеткендей ғажап бір жан рахатын сезінді...

* * *

Күн көкжиектен қазық бойы к­өтерілген кезде жаңа үйге қа­ра­й аяңдаған анасын көрген Досбол аз-кем аңтарылып тұрды да:

– Балалар, жишем келе жатыр! – деп айқайлап жіберді.

...Ақырын ашылған есіктен мейірлене енген күннің сәулесі шуағын шашып, жамырай алға ұмтылды...




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар