Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Елге бай құт емес, би құт...

24.07.2018 12179

Елге бай құт емес, би құт

Елге бай құт емес, би құт - adebiportal.kz

Би – қазақ қоғамындағы ерекше тұлға. Биді көп жағдайда демократиялық биліктің иесі деп таниды. Сондықтан да қазақ: «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп, билік айтудағы бидің әділдігіне баға берген. Демек, туыс-туғанына, тамыр-танысына тартып, істің ақ-қарасын дұрыс айырмаған биді қазақ ежелден имансыздар қатарына жатқызған.

Би сөзінің шығу тегін «бек» сөзімен байланыстыратын ғалымдар бар екенін викибілім айтады. Дегенмен, біздіңше «бидің» мағынасы бектен гөрі ежелгі түркінің «білік» сөзінен шыққан сияқты. Араб тілі, ділімен мүлде дерлік байланыссыз қазіргі монғол тіліндегі «билигі» мен түркінің «білік» сөзінің еш айырмасы жоқ. Билигт – данагөй, оқымысты, шешен т.б. мағына береді.

Би – әрқашан ел билеуші бола бермейді. Көбінесе, ел билеушінің жанындағы ақылшысы ретінде қызмет атқарып, күрделі мәселелердің түйінін шешепеуші ме еді. Дегенмен, билер институтының Қазақ хандығының соңғы кезеңінде орасан үлкен қуатқа ие болғанын көреміз. Қазақ руларына Шыңғыс тұқымдарының ықпалынан гөрі сол рулардан шыққан билердің сөзі өтімді болғанға ұқсайды. Билер хан-сұлтандардың шексіз билігіне тежеу салып отырды. Сондықтан да бұл кездегі қазақ билері елдің билеушісі әрі соты мен прокуроры, батагөй шешені, елдестірмек елшісі қызметтерін қатар атқарған деуге болады. Мұның жақсы тұстары болғанымен, ұлт тұтастығына тигізген қатер-кесірі де аз болмағаны тарихтан белгілі.

Қазақ үшін бидің орны ерекше. Сондықтан да: «Батыр деген – барақ ит, екі қатынның бірі табатын, би деген – бір ақсарағат (сирек құстың түрі) – бүтін елден біреу ғана табатын», - деп бидің дәрежесін әспеттеп көтерген. Қазақтың билер соты бағзыдан келе жатқан жосықтарға сүйенген. Қазақ хандығы күйреп, Ресей империясының бодандығына өткеннен кейін де билер институты біраз уақыт жұмыс істегенін көреміз. «Абай жолы» романында билер сотының тамаша үлгілері бар.

Қытай, Монғолияны мекендеген қазақтарда бұл үрдіс ХХ ғасырдың алғашқы бөлігіне дейін жалғасты деуге болады. 1836 жылы Алтайдың күңгей бетіндегі Абақ керей елінің билері «Төрт би, төре заңы» атты заңнама түзіп, ақсүйек төрелер биллігі мен билер институтының өзара теңгеріміне қол жеткізеді.

Билер институты – адамды жазалауға емес, айыбын мойнына жүктей отырып, ақтап шешім шығаруға негізделген гуманистік жүйе. Билер институты коммунистік билік тұсында біржола шектелді. Қазіргі күні елімізде алқабилер сотының жұмысы жанданып келеді. Бірте-бірте билер институтын жандандыратын да күн туар. Бай болған - жаман емес-ау, бірақ "елге бай құт емес, би құт" деп қазақ бекер айтпаған.

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар