Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ерік Омарғали. Мен күзден бұрын келген, Қаздардың ...

18.10.2018 3904

Ерік Омарғали. Мен күзден бұрын келген, Қаздардың қаңқылымын...

Ерік Омарғали. Мен күзден бұрын келген, Қаздардың қаңқылымын... - adebiportal.kz

Мен мінген мейірім кемесі,

Сен жүрген жерге аялдар.

Сені ойлай беремін неге осы,

Ойымнан қиын оянбау.

Үнсіздік.Уақыт. Бос үміт.

Сезіну сендік тынысты.

Қалар ма ек біздер қосылып,

Жаратса жерді бұрыш қып.

Тағы да сол түн.Тыныштық.

Тұнжырап тұрған ай-бейне.

Шынжырды үзер күй құшты,

Өзің деп соққан жан-кеуде.

Мәңгілік тыныс үзілсе ед(і),

Жалғыздық кешсе ол егер.

Біз, бәлкім, күнім, бір жүрсек,

Көтермей қалар қара жер!

***

Аңсаулар... азапты өмір-түн.

Білегін ұстаған сенімнің.

Көзіңнен жалт еткен сәуледей,

Келеді өзіңе көрінгім.

Мен бұл түн

мұң ішем шарапсыз,

Мен бұл түн

күрсінем тағатсыз.

Көбелек хаттарым дірілдеп,

Үзілер аспаннан сағатсыз.

Бұрынғы түсімдей таң алды,

Ертеңгі үміттей алаңды.

О, неге, жұп-жұмбақ бұл ғұмыр,

Аяулым...

***

Күз ғана түсінген жанымды,

Сіз ғана түсінбей жүрсіз бе?!

Бізге ара түсетін тәңір-мұң,

Мұздана, күрсінген тылсым дем.

Ғұмыр ма тұсаулы? Жүректе-от,

Жауапсыз...Сұрақсыз...Мұратың.

Күз-сезімімнен құдірет жоқ,

Қыз-сезімі мені уатып.

Жаңбыр үнімен тоңулы,

Жабырқап кеуде нұр сіңген.

Күз ғана түсінген жанымды,

Сіз ғана түсінбей жүрсіз бе?!

***

Көкбозатпенен ертек бел,

Емірене құшып самал да.

Семсерді баба, серттеп бер,

Еркіндік қуамын далаңда.

Шашақты найза оң қолда,

Қалқанды күнге сүйгізіп.

Тас илеп тарпаң тауларда,

Құйғытсам дауыл тұрғызып.

Жебеге тола қорамсақ.

Садағым тарттым Алтайдан.

Үш жүзден жинап қол алсақ,

Күлік ат мініп шалқайған.

Бақсысы-қобыз сарнаса,

Бапшысы болар жерімнің.

Жақсысы-тоғыз толғаса,

Жоқшысы болар елімнің.

Қағанат болдым дүбірлі,

Жер Көкті жайпап ұлысым.

Қанағат жоқ боп бүліндім,

Жерұйығына жетпей уысым.

Шоқпардай ойым түйіліп,

Қыранша көзім қадалып.

Киеңе далам сыйынып,

Көш түзеймін кеткен шаң ауып.

Айбалта-тілім тасқа өткен,

Аңыздан-аңыз жалғаған.

Батыр жоқ бізден басқа өткен,

Ақын жоқ деп те арланам!

***

Мен күзді неге күтем?

Бояулы жапырағы.

Бір қызды елеңдетем

Аяулы... алтын жаны!

Мен күзден бұрын келген,

Қаздардың қаңқылымын.

Жібектей бұрымға өрген

Ғаламның жарқын үнін.

Мен енді күзге айналдым

Сарғайып отыра мұң.

Өлеңнің жүзген бәрі –

Көктемнің жапырағы.

***

Ол үнсіз қалмасын,

Сенімсіз жауындай.

Сезінсін ар-жасын,

Көрінсін қайыңдай.

Ол алыс ұзаған,

Күмәннән аршылар.

Ол алыс ұзаған,

Тұманнан аршылар.

Ол не үшін жасырын

жасырын жылай ма?

Менің шер-ғасырым

асылым-құдайдан...

***

Ерте мамыр, Жалбызды ауыл,

Кештеу сәуір, Жалғызға ауыр.

Әлпеш сәуле Үзік күннен.

Ол кешті әлде Үзіппін мен...

Еркем қәзір, Өзен жақтан.

Сыңғыр назың, Көз аунатқан.

Ерте сәуір Жалғызға ауыр.

Бәрін-бәрін, Жазып жатыр.

Жалбызды ауыл...

***

Біз күзден хабар күтіп,

Ақырын жылжыр уақыт.

Ертістен шағала ұшып,

Ақынның жырын оқып.

Біз тағы күзден келген,

Әуеннен жараламыз.

Үмітін үзгендермен,

Әлеммен ораламыз.

Күз ғой бұл, күз соңында

Кімге артар жүгін ақыр.

Жап-жасыл қыз қолында,

жігіттің жыры жатыр!

***

Жарық шашып сонау-сонау зеңгірден,

Жұлдыз біткен күллі біздің жырымыз.

Жалған мынау көзімізден мөлдір ме,

Жанымыздан қымбат шығар мұңымыз.

Жарық күннің сәулесінен гүл аңқып,

Жалғыздықтың пернесінен күй шертіп.

Жалған мынау өзімізден түбі артық,

Жандарды да аялаумен сүйші еркін.

Жарықтанып жанарымыз соңында,

Жұлдыз біткен...оу жарық күн... кімді аңсар?

Жалған жалған жалықпайды болудан,

Жаннан асыл кім бар дейсің бір кәусәр!

***

Еске алмас кім бала күнін?

Бала күнін...Лала гүлін.

Балдай тәтті бал шақтар-ай,

Бұлдырлай ма? Қайда бүгін?

Менде еске алам, сол күн қайда?

Бел-белестен қол бұлғай ма?

Балалық ол-жарты өзен ғой,

Мөлдірлігі солғын бойда.

Ояу-ояу таңдарда анам,

Мейірімін аямаған.

Сені де «ана» боп қалғаныңды,

Аңдамаған аяулы анаң!

Бал шақтар-ай. Қоңыр ауыл.

Аңсатқаны-ай туыс-бауыр.

Сендей ару-қәзір ана,

Жүрегімнің қоңырауы!

Таудай әкем қойдан келген,

Ауыр-ауыр ойдан да өрген.

Қамшысының сабындай-ау,

Хан-Аталар майданда өлген.

Көктемге айтқан жаз өлеңін.

Өктем қайтқан қаз әуенін.

Текеметтей теперішті

Қайран менің әжелерім!

Ақ селеулі жазықтарым,

Жел сыбдырлап,нәзік қайың,

Ол да менің қарындасым,

Сұлулыққа жазып бауырын...

Сонау қырқа,анау төбе,

Асау мінген ағам-керуен.

Ұзап-ұзап бара жатыр,

Жеңешем-ау,бала-дәурен.

Ұзақ қонған наурыздарда,

Күмбір көңілім сар күз болған.

Ұлы атаның шаңырағы

Ұя сапты жалғыз талға.

кім өкпелер дәуреніне,

нығмет берген сәулеліге.

ақ қардай-ау, орамалың,

орда ішінде, тәубе, міне!

бұлақ басы шөл қандырған.

қуат-күшің жол талдырған.

тулап-тулап дүние тарғыл,

өмір қойнын толғандырған.

Балалық-ай, қайта кешсем.

Кешір.Кешір. Қателессем.

Кісінеген құлынымдай

Дүние төрін шайқап өтсем!..

Ақберенім-арым жықпасым.

Көкдөненім-көңіл қырықпасым.

Оу, дүние-ай, бірер сәтке,

Балалықпен бәрін құтқаршы...

БІР КЕРУЕН ҒАСЫР ШАМЫ МҰҚТАР ОМАРХАНҰЛЫНА

Тарамыс заман нарқобызымның қылынан гулеп,

Қуатты ойдың бұрқырағанда буынан түйдек.

Күнбатыс жаққа бұйыра сөйлеп түнерген бұлттай,

Құяды нұрын толқында-толқын құмыра-жүрек.

Қауымға арсы, дауылға қарсы, шайқалып кемем.

Сират-сүрлеуде еркін жүзген бе сом тарихпенен.

Дәуірмен-дәуірді гүлдей қаулатып, ұлы аңыз тартқан,

Бөрілік рухпен, тәңірлік құтпен, ай жарық төбем!

Тостаған көлін көзімен маржан сіміріп үнсіз,

Маңырақ дала, шаңырақты оба, жүгін буып түз.

Арбасын ардың терістік желі итжеккен бұрып,

Қайта туар күн... білтедей сөне жылымық-жұлдыз.

Манартауға да, жанартауға да, қанатын қомдап,

Сүйген Ер елін! Күйігі өлең. Ар аты-жұмбақ!

Қырау шалса да, қайнау болса да, баратын жолдар,

Кетті-ау ақыры, отты қайраты мұратын жалғап.

Аңсаған бәрі, таңшолпан таңы, туғасын дара!

Кімге ортақ еді? Сен айтшы, баба, тыңдасын дала.

Күн көрем содан, мұң өрем содан, елдік аңқыған,

Зұлматта сонау, көтерген көштің сұлбасын қара.

Сұлбасын қара! Шоқтай жайнаған кер боздақтарым.

Ұлы арман бізде, қарағай-текті көр мұзарт қауым.

Толқында-толқын тулаған жүрек-күншығыстанды,

Қырық алаулы, қырда да жанып, жел қозғап шамың.

Болаттай құрыш, шанақтай намыс, үркерлі басым.

Ертісте тасып, боздаған дала сүртеді жасын.

Еркіндік жырын жүзеді жазып ақ кеме ішінде,

Нарқобызымның қылы үзілмеген бір керуен ғасыр!

***

Бір аңқылдап қалғанда шын аңқылдап,

Не бар дейсің ақынға шыннан қымбат?

Кесесіне көңілдің сыр толтыра,

Сыйға тартсам кетпеңдер сырдан сырғақ.

Бәріңді де жүрекпен ақ көрем де,

Сыйдырамын жап-жарық шақты өлеңге.

Шарықтасар жан іздеп қырандарша,

Қалықтасам сөкпеңдер қақ төбеңнен.

Ал кейде бір күз бұлты секілденіп,

Мұңымменен бұлттансам шөкімденіп.

Жүректегі дертіңді жыр суырып,

Алса егерде ол менің отым деп ұқ!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар