Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ертегідей Елорда...

10.07.2018 7299

Ертегідей Елорда

Ертегідей Елорда - adebiportal.kz

Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Ел тірегі – Елорда» атты республикалық жыр-мүшәйра өткенін хабарлаған едік. Сіздерге жүлдегер ақындардың өлеңдерін ұсынамыз.

БАС ЖҮЛДЕ

Қазыбек ИСА

ЕРТЕГІДЕЙ ЕЛОРДА

«Қыштан қаланған Римді мәрмәрден салдырдым».

Октавиан Август,

Римнің тұңғыш императоры

Барады алып бақытқа басқан әр із,

Айтылуда сондықтан асқан аңыз,

Жаңа ғасыр ажарын жарқыратып,

Жалт қаратты жаһанды Астанамыз!

Көңілге әсем күмбірлі күй қонақтар,

Құлпырады құндыздай қилы алаптар.

Асқар тауға аудырмас аңсарыңды,

Аспан тауға айналған ғимараттар!

Құйылғанда көктен нұр бас қалаға,

Түнде жарық көшеде ел жасқана ма?

Жадыратар жаныңды жарқын әлем,

Аспанда емес жұлдыздар –

Астанада!

Сиқырласа нұрымен жас қаламды Ай,

Керек енді көркемдік басқа қандай?!

Елорданың тойына шашу етіп,

Жұлдыз шашып Жаратқан тастағандай!..

Еркіндіктің Есілде айт өлеңін,

Ерке сұлу сыр айтса, қайтер едің?..

Ойың менен бойыңды түзетеді,

Темірқазық жердегі – Бәйтерегім!

Бұрқыратып жұпарды бақшадағы,

Аңқылдап бір соғады ақ самалы.

Көкте қалқып көшкенде ақша бұлттар

Көзін алмай қарайды патша дағы...

Тұлғаларды тудырар уақыт, ғалам,

Жасаған Ер тарихты – бақытты адам.

Римді Август мәрмәрдан салса егер де,

Астананы Елбасы жақұттаған!

Жауһар жауған шаһарға мына нағыз,

Тіреледі сан елден құлаған із...

Сәулетті елі, сәулелі, сәнді орда бұл,

Сәулеткері болған соң Нұрағамыз!

Тайғақтан жол тар кезде Ер тауыпты алдан,

Жат та бізде аз емес жауып қалған…

Сақтан деймін – құмарлар қазынама –

Сақ батырдан саф алтын сауыт қалған!..

Қанат жайып қаламда өркенді өнер,

Ертегі елі ретінде ертеңге енер!

Алпамыстай ай сайын алыптанған,

Астана да күн сайын көркемденер.

Елім еркін елеулі кірді «елуге»,

Үздікке еніп елорда үлгеруде.

Сегізінші керемет сенсің бүгін,

Алты құрлық алқынар бір көруге.

Бәрі риза бітімгер Ерге күнде,

Асқақтауда ол асулы белдерінде.

Астанаға келгенде келіседі,

Әлемдегі шайқасқан елдерің де.

Зар заманнан жеткен соң нұр күніне,

Ақын біткен ағытар жырды міне.

Ұлы Дала төсінде – ұлт ордасы,

Айнала бер әлемнің кіндігіне!

Бабаларым бахадүр өткір едің,

Аңсап күнім Азаттық өтті менің…

Көк байрақты көргенде Ақ ордадан,

Көкке мәңгі өрлесін деп тіледім!

БІРІНШІ ОРЫН

Сәуле ДОСЖАН

СӘЛЕМ САҒАН, АСТАНА!

Сәлем саған, Астана,

Азаттықтың ордасы,

Жаңа ғасыр жолдасы!

Бар әлемге жар салып,

Бақытыңды толғашы.

Аманатын бүгіннің,

Болашаққа жолдашы!

Қилы-қилы дәуірде,

Боз тұманды жамылған,

Боз далаға салынған,

Бозақ болып табылған!

Тарихыңның таңбасы...

Тұлпарлардың ізі бар,

Топырағыңда аңдашы!

Қарсы шауып тажалға,

Басын тіккен ажалға,

Қабылан жүрек хан Кене –

Абылайдың жалғасы.

Жолын қуып солардың

Аман сақтап қатерден,

Шаңырағыңды көтерген

Өз қолымен Елбасы!

Сәлем саған, Астана,

Әлемдегі жас қала,

Жастығыңа қарамай,

Үлгі болған басқаға.

Жаса, жайна, Астанам,

Ұлы көшті бастаған.

Сенің жастық жалының

Ақ боранды ықтырып,

Сары аязды жасқаған.

Қайратыңа таң қалам,

Тоңды аударып тастаған.

Сәлем саған, Астана,

Жиырма жасын тойлаған.

Күндей күліп жайнаған!

Алтын нұрың Есілдің

Айдынында ойнаған.

Көк байрағың желбіреп,

Бәйтерегің бойлаған.

Сәлем саған, Астана,

Көркіңе көз тоймаған,

Қараймын да ойланам.

Елорданы өзіңдей,

Көріп еді қай бабам?

Дауыл соқса жел өтпес,

Қырға кілем жайғандай,

Жасыл желек айналаң.

Арайласа таңғы аспан,

Сәулетіңе сән қосқан

Сарыарқадай бай далаң.

Бүкіл қазақ тағдырын

Бір өзіңе байлаған.

Елден кетпес азамат,

Ел ертеңін ойлаған.

Сәлем саған, Астана,

Сәлем саған, Елорда,

Жырлап сені болар ма?!

Ел бірлігі нығаяр,

Басқа бақыт қонарда.

Ел бастайтын Ер болмай,

Қонар жері кең болмай,

Қиырды көз шалар ма?!

Ерлігіне бабаның

Шөліркеген даланың

Кенезесі қанар ма?!

Шалқып жатқан теңіздей,

Кенересі толар ма?!

Сәлем саған, Астана,

Сәлем саған байтағым!

Келген сайын өзіңе,

Қанаттанып қайтамын

Сенсің – нұрлы жол басы!

Сенсің – құнды сөз басы –

Сенсің – күллі Алаштың

Сорғалаған көз жасы.

Кіндігісің жерімнің,

Бірлігісің елімнің.

Қасиетін ұғынды

Күллі дүние төріңнің.

Қуаныштан шаттықтан,

Төгіл десең, төгілдім.

Өзіндесің жүректің,

Көзіндесің көңілдің.

Сәлем саған, Астана,

Ел байлығын еселе!

Сенсіз мерей өсе ме?!

Сендей сұлу қаладан,

Қусаң халық көше ме?!

Жыр шашайын тойыңа,

Гүл шашайын көшеңе!

Сәлем саған, Астана!

ЕКІНШІ ОРЫН

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ

АЙ ДИДАРЛЫ АСТАНАМ!

Астанам-ай, дидарлым, күн келбеттім,

Сенде атқан таңды құшып, гүлдерді өптім.

Еліме алтын тұғыр болдың-дағы,

Көгіме қыран қанат туды өрлеттің!

Бағзыдан Бозоқ – сенің іргетасың,

Әлемге азаттық боп тіл қатасың!

Тулатып бойымдағы ыстық қанды,

Күн сайын жүрегімді жырлатасың.

Астанам айналаңды нұрға малып,

Айналдың Елордаға тұлғаланып.

Қолымен Елбасының берекелі,

Түрленді төңірегің нуға жарып.

Білемін, бір кездері тозды далам,

Ол үшін енді кімді жазғыра алам?

Атақты Тәж-Мақалмен қапталдасқан,

Алашқа арай шашқан Тәжді қалам!

Көшіңді ұлтын сүйген ұл бастаған,

Көзімнің қарашығы – нұрлы Астанам!

Тілдескен зәулім көкпен әр ғимарат,

Әр тасың, әр кірпішің сырлас маған!

Жарысып желден жүйрік уақытпенен,

Толғанам тарихыңа батып терең.

Бөлендім бостандықтың рахатына,

Бақыттың балдай дәмін татып сенен!..

Жортпасын төсіңде енді долы құйын,

Сарыарқа – құт мекенім, жерұйығым!

Астанам, сен көркейіп өскен сайын,

Көрінер кең сарайдай менің үйім!

ЕКІНШІ ОРЫН

Аманжол Әлтай

ЖИЫРМА ЖАСҚА – ЖИЫРМА ШУМАҚ

Астана!

Жиырмадасың, жігіт болдың сен енді,

Киіп шығар болат сауыт беренді.

Ел тағдырын ойлайтұғын жастасың,

Жігіттерше сөйлесейік, кел енді.

Астана!

Ай шетіне жеткізетін жебеңді,

Ноян жасың найза қылар еменді.

Алты құрлық келбетіңе көз салып,

Есігіңнен алпыс түмен ел енді.

Астана!

Сырдың елі – қарт анаң,

Ақ күрішін орап беріп қалтадан.

Мейірленіп бақытыңды тілейді,

«Бақ қонсын!» деп арқар аумай, Арқадан.

Астана!

Отау қылып тізгініңді тартпаған,

Ақ сақалды, Алатаудай Қарт бабаң.

Заңғар тұлға болғаныңды қалайды,

Ата-баба аманатын сақтаған.

Астана!

Алашыңды, өкпелетсең аз ұлтты,

Өзге емес, өзің ғана жазықты.

Қаратауым тарту етті өзіңе,

Керей сұлтан қағып кеткен қазықты.

Астана!

Ақ түйенің сылап алған өркешін,

Ақ ешкінің тарап алған бөртесін.

Ордабасым, төріңе әкеп төседі,

Төле бидің малдас құрған көрпесін.

Астана!

Алашыңның үмітісің сен бүгін,

Төрт мұхитқа тегіс жетсін ерлігің.

Ұлытауым тағып берді беліңе,

Жошы ханның күміс зерлі белдігін.

Астана!

Сендей ұлдың аңыз болып есімі,

Еселенсін бар қазақтың несібі.

Тарпаң мінез керқұласын сыйлады,

Өр-Алтайым – Ер Түріктің бесігі!

Астана!

Оғыланым, қыран мұрын, ай қабақ,

Қос табаның кетпесе екен тайғанап.

Маңғыстаудан әулиелер рухы,

Тілеу тілер дұғаларын қайталап.

Астана!

Жайлауыңа бес жүз түйе байлатып,

Ақ Ордаңның дастарханын жайнатып.

Түркістаным той жасады сен үшін,

Тайғазанын таң сәріден қайнатып.

Астана!

Көкшетауым, келбетіне ай қанық,

Таңырқаған Күннің тілі байланып.

Кілемменен көтереді өзіңді.

Сексен көлім сексен қызға айналып.

Астана!

Әркімдерге олжа болмай ырысың,

Кеңейт енді туған елдің тынысын.

Алашыңа айбар болып қолыңа ал,

Хан Кененің алтын сапты қылышын.

Астана!

Ал, батырым, саған сенім артамын,

Апай төсін дүбірлетіп Арқаның!

Ақұдайлап, Ақжолтайлап ұран сал,

Білекке іліп Ағыбайдың қалқанын.

Астана!

Бар қазақтың жақсыларын жиып ап,

Көшті баста, бір Алланың сыйын ап.

Алты басты айдаһардың басын шап,

Махамбеттің дулығасын киіп ап.

Астана!

Жер бетіне мәшһүр болсын ер ісің,

Шер басылып, іштегі мұз ерісін.

Сыпырып ал білегіңнің күшімен,

Аю менен Жолбарыстың терісін.

Астана!

Қанағат пен тәубең болсын, мастанба,

«Мен Қазақпын!» деген сөзден жасқанба.

Ұрпақтардан ұялмайтын болғайсың,

Сен де ертең жасың жүзден асқанда.

Астана!

Ерте ержеттің азат күнде қайралып,

Жұрт жүрегін түсінерсің, жайды анық.

Жесірлердің жанарынан мұңын ұқ,

Жетімдердің панасына айналып.

Астана!

Тағдырыңды алған талай тонап та,

Саған сабақ, тарихтағы жол артта.

Арың биік тұрсын әр кез жаныңнан,

Жемқорларды маңайыңа жолатпа.

Астана!

Қарашаға тең бөлінсін жиғаның,

Өз халқыңның кесесіне құйма мұң.

Қамалыңды сонда ешкім алмайды,

Берік болсын рухың мен иманың.

Астана!

Аманатым – табаныңда жер қара,

Аманатым – үстіңдегі ел дара.

Ал, Астанам, арқаңменен арқала,

Қазақ үшін шын Баһадүр сен ғана!

ҮШІНШІ ОРЫН

Мұқият Қойшыбайұлы

Астана

Азаттық таңы – Астана,

Қазақтың бағы – Астана!

Рухы мәңгі өлмейтін,

Алаштың жаны – Астана!

Төрімнің сәні – Астана,

Өмірдің мәні – Астана!

Ұлтымның ұлы ұраны,

Елімнің әні – Астана!

Көзімнің нұры – Астана,

Сезімнің гүлі – Астана!

Шашу ғып шашқан шуағын,

Көңілдің күні – Астана!

Жастықтың жыры – Астана,

Шаттықтың сыры – Астана!

Бейбітшіліктің бесігі,

Достықтың үні – Астана!

Қаланың жасы – Астана,

Даланың досы – Астана!

Елбасы өзі бастаған,

Ерліктің басы – Астана!

Жігерді қайра – Астана,

Тұғырдан тайма – Астана!

Тойыңды тойла, думандат,

Жасай бер, жайна, Астана!

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар