Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Есенғали Раушанов: Аяғам жоқ өзiмдi, жырды аядым.....

05.10.2018 7422

Есенғали Раушанов: Аяғам жоқ өзiмдi, жырды аядым...

Есенғали Раушанов: Аяғам жоқ өзiмдi, жырды аядым... - adebiportal.kz

2012 ЖЫЛЫ ҚАРҒА ЖАЗЫЛҒАН СОНЕТ

Көктем кешiктi

Көңiл жабырқау. Көктайғақ

Көше талдары көкке қол жайған көп бейбақ

Көп керек емес Алматыға да, маған да

Сәл ғана мейiрiм, аз ғана шуақ жетпейдi-ақ.

Шаршаңқы көңiл, шашыраған ой тарыдай,

Өтер ме екенбiз жылылыққа бiр жарымай.

Қадекең кеттi, Тұмағаң кеттi өткен жыл,

Түсiм болса екен осының бәрi, а, құдай.

Дүние жаңа едi, қалайша жылдам көнердi

Сен мұндай емес едiң ғой бұрын, Алматы

Сен мұнша суық емес едiң ғой, не болды?

Қош дейтiн кез де келедi-ау ертең фәниге

Қиналмай өлсем деп армандайсың, қор болмай

Қиналмай өлсем ...... (тап қазiр емес, әрине).

***

Менiң аңқау тәтемдi,

Менiң адал тәтемдi,

Менiң ауру тәтемдi

Алдап кеткен қара жүрек, келдiң бе?

Көрiнбесең болар едi сен мүлде,

Көп жұбаттым шыдашы деп мен оны,

Тез келер деп саған құлай сендiм де.

Күлгенiңдi, гүлдерiңдi сағынды ол,

Жайраң қағып жүргенiңдi сағынды ол.

Қашан ғана еридi деп сұрайтын,

Қаңтар байдың қатып-семген қары мол.

Жiбiмедi, ерiмедi сiрi қар

Кездi боран қара таппай ұрынар

Ешкiм сенi ақ тәтемдей күткен жоқ

Күтпейдi де. Бiлiп ал.

Сыбырлады ол ернiнiң ұшымен

Саған айтар сөзi бар-ды, түсiнем.

Сенi қашан келедi деп сарыла

Терезеге қарап жатты қысымен.

Соңғы күнi төңiрегiн жай барлап,

“Қашан?” дедi маған қарап қайран қап

...Келiп тұрсың түк бiлмеген болып сен

Бәрi бiткен кезде мiне, жайраңдап.

Мен сенi қарсы алмаймын, көктем.

БҰЛ ҮКIМЕТ БЕЛГIЛЕП БЕРГЕН МЕРЕКЕ

Қуан дейдi, тойла дейдi ол маған,

Жоқ сияқты түк қайғым.

Алматыңыз толған думан, толған ән,

Бұл не дырду – ұқпаймын.

Қуан дейдi, тойла дейдi жұртқа ұсап,

Күнә дейдi жырламау.

Менiң жаным қырық жамау, қырық пышақ,

Оны бiлер кiм бар-ау?!

Оңашаны ұнатам,

Дариғашыл дарақылау ғасырда.

Қазақстан емес шығар мына Отан,

Қазақ емес шығармын мен, расында.

Бiрге күлiп сендермен,

Ода жазсам қайтер едi олла деп.

Бұрылғым-ақ келгенмен,

Бiр қырсық бар, жiбермейдi сол нәлет.

Нәлет бiздiң жүрiске.

ОРЫНДАЛМАЙТЫН ТIЛЕК

Тоқтат, әже, қиссаңды осы маңда,

Керемет той бар деген тосын алда.

Жайық жаққа жаз келсiн, сүйiншi де,

Төлеген мен Жiбектi қосып ал да.

Жайды жағалбайлылар керегенi

Қонды сазға алты қаз төбедегi.

Сенiң балаң болмаймын өйте берсең,

Неге өледi Жiбектiң Төлегенi?

Дүрiлдесiн Жайықтың қырат-қыры,

Өледi деп айтпашы жылап түбi

Ең болмаса жалғыз түн көңiлдi өтсiн,

Жалғыз түнi, ой алла, бiр-ақ түнi.

***

Қалай тез өттi, зу еттi қалай ботам-ай

Кеп-кеше едi ғой бәрi де соның о, тоба-ай,

Ыңғайға бiрден құлай салатын боп барам,

Жылай салатын бол алдым тағы оп-оңай,

әжем секiлдi.

Жылай салам да жыртығым жаман бүтiндеп

Бүтiндемесем бүгiн өлердей күпiр боп

Ырым етемiн. Ырымым қырын кетедi

Қырын кетсе де сене беремiн шүкiр деп,

әжем секiлдi.

Байыз тапсамшы, шалабым бекер шайқамай,

Ескi дұғаны қайталай беремiн, қайталай.

Оқталып келiп тiрiлерге арнап айтпаққа

Өлгендерменен сөйлесiп кетем байқамай,

әжем секiлдi.

Бiлмеймiн, баста берместi неге сұрағам,

Жан-жағым түгел шытырман жолдар шұбаған.

Алысқа қарап отырам сосын күн салып

Келердей қайтып келмеске кеткен..... бiр адам ....

әжем секiлдi.

***

1974 жыл, Алматы

Абай даңғылымен,

Жуынып сәуiрдiң жаңбырымен

Келе жаттық жыр оқып жiгiт пен қыз

Таза едiк қой күнәдан, күдiктен бiз

Тұманбайды сүйемiз екеумiз де,

Екеумiз де үкiлi үмiттермiз.

Әсем әнi, қылығы неге тұрады?!

Ару едi ол, жолында өлетiн-ақ.

Көп ұзамай тұрмысқа шығып кеттi,

Тұманбайды аяппын мен ақымақ.

Аяғам жоқ өзiмдi, жырды аядым

О, не деген қатал ед, гүл баяным.

Бiр бәйбiше жүр бүгiн Алматыда,

Сыры кетпес сынса да сырлы аяғым.

Бар мiнiмен, бар сәуле, бар мұңымен

Жастық бiзден алыста қалды бiлем.

Гүл шоғы, тал бүрiмен,

Таза ауа, таң нұрымен.

Сәуiрдiң жаңбырымен

Жуынып баяғыдай

Сендер қыдырыңдар ендi Абай даңғылымен

Мен демаламын.

***

Қаш, қаш бала, қаш бала, қаш, қарағым,

Таста бәрiн.

Бұл пәләден есен-сау құтылудың

Ешкiм әлi тапқан жоқ басқа амалын.

Жалғыз көздi,

Жалмауыз басты,

Жез тырнақты,

Темiр тұяқты,

От тынысты,

Көк құрышты,

Дию тектес бiр нәнсоқ құж келедi.

Сен секiлдi балапан iздегенi,

Менi болса ерте ұстап алып кеттi

Қаракесек сол пәле мұз денелi.

Оның аты – Жалғыздық. Ол дегенiң –

Оман дария бойында шөлдегенiң

Өмiр бақи ол қуып, сен қашасың

Ең абзалы бiлмеген, көрмегенiң.

Алтын торға тап болып бiр керемет,

Суық үйге кiресiң мүлде бөлек,

Ештеңе жоқ, өлмейсiң, тек мен құсап

Өлеңшi боп кетесiң

(бiрақ ол кiмге керек?)

ИНТЕРВЬЮДЕН СОҢ

Несiн қазбаладың,

Өшкем де жоқ, жоқ және маздағаным,

Қателердi жасауға мен жасаған

Бiр кiсiнiң ғұмыры аз, қарағым.

Ақталам не деп бүгiн,

Бақа уайымым көп болды, бөлек мұңым.

Жаңсағым мен мiнiмдi түзетерге,

Мен бiлмеймiн қанша өмiр керектiгiн.

Сатпаған құстар ғана,

Әсiресе, бозторғай ұшқан дара.

Менiң ессiздiктерiмдi қайталауды

Тiлемеймiн дос түгiл дұшпанға да.

Көлден өтiп, көлденең шөлден өтiп,

Өлмегенмен өзiңдi өлмелi етiп,

Ел жадынан тезiрек ұмытылсаң,

Ешкiм бiлмес, танымас жерге кетiп.

Бiзде нендей алысқа самғар күш бар,

Бәрi өтпелi – арзу, ой, арман құштар.

Қалатыны түк те емес – бiр құлпытас,

Қонып ұшар қанаты талған құстар.

***

Мiнеки, үт те зу ете қалды бөгелмей,

Алып шаһар тұр жасармай-дағы, көнермей

Аяулы күндер көп болушы едi бiр кезде

Аяқталмаған өлеңдей.

Ендi оралмайтын есiл кештердi көрмей қап,

Аяулы күндер көп әлi деймiн мен бейбақ.

Жаз жылдам өтiп барады бұ жыл, ол жайлы

Ойланғың-дағы, тiптi бiлгiң де келмейдi-ақ.

Тұрғынымыз бiз баяғы жасыл көшенiң,

Тыңдама жұрттың қағытпа, қаңқу, өсегiн

Өтiрiк.

Жала.

Ол мүмкiн емес! Сенбеңдер!

Жаз шынымен-ақ бiтедi бiр күн десе кiм.

Сыршыл бақтарды бекерден бекер мұңшыл ғып

Жаз бiтедi деп неге бiз ерте күрсiндiк.

Қыс жылдан жылға сұмдық суытып келедi

Ол солай, рас.

Өкiнiшке орай, бұл шындық.

ҚАЗАҚША ХАЙКУ

Жаңа жыл

Аралаймыз қар басқан бақшаны бiз

Көзiм алды ақ әлем, аппақ дүние,

Ал көңiлде баяғы сап-сары күз.

Қадыр түнi

Еске түсiп ескi жайт алаңдадым

Не тiлейдi екенсiң бұл түнi сен

Соны бiлiп өлсем ғой – бар арманым.

Қысқы кеш

Тұр биыл аязды боп ақпан ұдай

Бағана тауда көрген жаралы құс

Өлiп қалған жоқ па екен, сақта құдай.

Кафе. Айырылысу

Жоқ, бiрiншi сен кеткiн. Мен отырам

Бiраздан соң жаныма Жаз келедi

Жаздың жүзi, бiрақ та неге тұман?!

Көктемде...

Көктем масаң бiр мәз боп, бiр өкiрдi,

Менiң анам қайтқан жыл дәл осындай

Арсыз желдер түнiмен үретiн-дi.

Есенғали РАУШАНОВ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар