Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Есенғали Раушанов. Қыркүйек...

18.09.2018 3814

Есенғали Раушанов. Қыркүйек

Есенғали Раушанов. Қыркүйек - adebiportal.kz

Сөйтіп, Демокрит қалдырған жазбаларға сенсек, Адамзат о баста кілем, алаша, өрмек тоқуды өрмекшіден үйренген көрінеді. Ал біз Демокрит ақсақалдың бұл ойын Адамзат о баста кілем, алаша, өрмек тоқуды өрмекшіден күзде, анық айтсақ қыркүйек айында үйренген деп толықтырғымыз келеді. Халық жұмбағында айтатындай “ұзын-ұзын ұзардай, ұзын аққан сулардай, ағаш атқа мінгізіп, ұзартып қойған мұнардай”, қиыннан қиюластырып, үзілдіріп үзбелеп, тізілдіріп тізбелеп көз жауын алатын көркем өрмекті осы айда тоқиды. Өрмекшінің торы! Әсіресе, таңертең қарасаң, бейне бір уыс жаңбыр (бір уыс бұлт емес) тұтасып келіп жауа алмай біз білмейтін әлдебір құдіреттің күшімен ағаш басына ілініп қалт тұрып қалған секілді. Күн сәулесімен құбылып жылт-жылт етеді. Бұл – таңғы шық тұнған өрмекшінің торы. Ол сізге жете алмай, сіз оған жете алмай аңтарылып тұрғаныңыз. Бұл аралықта ауа райының өзі мынадай әсем тізілген әлгі шықмоншақтарды төгіп-шашып алмайын дегендей үп еткен желсіз, жаңбырсыз жадырап, жайнап тұрады. Классик айтатын “сұлулық әлемді құтқарады” дегенге саямыз ба, әлде гидрометеорология заңдылығы ма – әйтеуір ерте күзде осындай бір естен кетпес ерекше күндер болады. Қазақ мұны мизам шуақ десе, орыс ағайындардың аузынан суы құрып “бабье лето” деп тамсанатын кезеңі осы кезең. Барлық жақсы әндер секілді “бабье лето” да тез таусылады. Іле сұрғылт тұман, суық жаңбырлар дәуірі басталады да, соңы боз қырау, одан ақ қар, көк мұзға айналып сала береді. Ақ қар, көк мұзға асықпайықшы. “Ах, август, аялдашы бір апта” дейді ақын қыз Шәмшия Жұбатова. Әсте, осы сөзді қыркүйектегі тамылжыған тамаша таңдарға арнап айтса да орынды болар еді. Шынында, жақсы күндер, жайдарман түндер неге жылдам өте шығады екен.

Тағы бір рауаятта – қыркүйек жылдың ымырты деп те аталады. Сонда қалай, алдымызда түн тұр ма? Сенгің келмейді. Сенгің келмейтіндіктен жаңағы айтқан жарқ етіп өте шығатын жақсы шақтар туралы ойланғың келеді.

Бұл ай – сағыныш айы.

Сағыныш айы. Тыраулап тырналар қайтады. Жүрегіңді суырып алатындай мұңды дауыс. Тырна төмен ұшса қыс жылы болады, жоғарылап ұшып жоғалса – қақаған қаңтар, ашулы ақпан күтіп тұр дей беріңіз, мейлі, қыс қатты болса болсын-ақ, әр нәрсе өз мезгілімен емес пе! Мына тырналарды қайтеміз? Кеудеге сыймай аласұрған жүректі қалай жұбатамыз?!

Содан ба екен, кейбір елдердің ауыз әдебиетінде кездесетін “қыркүйек – сары түлкідей құбылады” деген теңеу де ұнамайды. Неге оны қызыл түлкі емес, сары түлкіге теңейді. Орман-тоғай, шөп-шалғын арасында әуелі қу түлкінің өзі емес құйрығы не жоны жылт-жылт көрініп қалады, бара-бара бүкіл дүние сап-сары боп құлпырып сала бермек.

Украйындар бұл айды “вересень” деп атайды. Мұнысы “қырау түсетін ай” дегені. Біз болсақ қырау түседі дегеннен гөрі шық түседі дегенді қалаймыз. Қырау да, қар да әлі алда емес пе?

Жоқ, бұл қу түлкінің айы емес, жылдың ымырты да емес бұл кезең.

Жаз әлі өткен жоқ.

Жақсы күндер алда әлі.

Қараңызшы, өзгерген не бар, бәрі қаз-қалпында емес пе? Гүлкекіре тура тамыздағыдай, тамыз ғана емес шілдедегідей ағы ақ, көгі көк құлпырып тұр. Солған, мұңайған, сарғайған, қураған жоқ. Сол қалпы. И.Бунин мен М.Пришвин сүйсіне жырлайтын көгілжім гүл де (мальва) солай. Шайшөп болса, “Кім сізге күз келді деген?” деп етектен төске өрлеп балмағыз атып жайнап тұр. “Мен сенен қалайын ба?” дегендей жұпар гүл мен қарабас шөп таңғы салқын, кешкі желмен таудың сәнін келтіріп еркін ырғалады. Кейбір гүлдер бұл айда екінші рет гүлдейді. Күн жайлы келсе, алма мен өрік ағашы да қайта гүлдеп кетуі мүмкін. Әлбетте, олардың жеміс беріп үлгермейтінін ойласаң жүрегің ауырады. Бәлкім, “алты күн атан болғанша, бір күн бура болып зіркілде” демекші, төмен қарап бұқпантайлай бергенше төніп келе жатқан күз қаһарын қаймықпай қарсы алайын дейтін болар.

Ағаш жапырақтарының сарғайғанын бақылаудың өзі қызық. Жер-дүниені суық демімен бір қарып өтетін алғашқы үсікке гүлдер болмаса жеміс ағаштары да, жабайы өскен тал-қайың, емен-теректер де сыр бере қоймайды. Сырт келбеті гүлхеріге немесе шашыратқыға ұқсайтын сентябрина атты екпе қоңырқай бақтарға гүлдер жаңа реңк беріп, солғын ажарын ашып, шырайландыра түседі. Ағаштар да “қане, қайсымыз мықтымыз?” дегендей қаһарлы суыққа қарсы тұрып, іштей қалтырағанмен сырттай асқақ қалпын бұзар емес.

Дегенмен, жайдары жаздағыдай күміс күлкі, сыңғыр да, сыбдыр да жоқ, үнсіз ымдасып, ақырын сыбырласады. “Бөрі арығын білдірмес сыртқа жүнін қампайтар” деген осы.

Айдың 22-нен 23-іне қараған кезі – күн мен түннің күзгі теңелуі, яки, күздің астраномиялық тұрғыдан басталатын күні. Тұқымдастары арасында күз келгенін алғаш мойындайтын долана. Бірінші соның жапырағы сарғаяды. Бірақ, долана аз. Сондықтан бір қарағанда одан да бұрын үйеңкі сарғайған секілді көрінеді. Іле Алатауы, Талас, Жоңғар Алатауларында айдың аяғына таман үйеңкі біткен қып-қызыл түске еніп көздің жауын алады.

Тізбе, тізбе, тізбе тау, тізбек орман,

Тізбек орман еді ғой – біздегі арман.

Күрең қызыл үйеңкі аралына

Күрең қыздың ауылы күзде қонған.

Алтын теңге төккендей жолға кілең,

Тізбе, тізбе жапырақ – ол да күрең.

“Қарама!” деп, күледі, көзім басып

Күрең сұлу ып-ыстық қолдарымен.

Күрең тауды қиялап таң атады,

Көр, көр деймін, өзіме қара тағы,

Қарай бер сен жапқанша жанарымды,

Қара күздің сұп-суық алақаны.

Іле-шала алмұрт ағаштары сары алтын сырғаларын сыбдырлата бастайды. Отыз күн, кейде қырық күн бойы беріспей, ақтық демі қалғанша айқасатын үш батыр – емен, қайың, шетен. Бұл кезде мойыл мен көктерек жапырақтарынан түгел айырылып, қырқымнан шыққан тоқтыдай жалаңаштанып қалады.

Бірақ күз әлі кемеліне келген жоқ, қорғансыз да нәзік жасыл жапырақтарды сарғайтумен шектеліп тұр. Тұрсын солай. Әдепкі теке тірестен өзі де болдырып қалған сыңайлы, аптықпайды, асықпайды, ұйытқи соғып, берекетіңді алатын оғаш, одағай мінезі басылған. Біз айтып отырған, мизам шуақ осы.

Біз табиғаттан өзімізге керегін, өзімізге дүниетанымы сәйкес құбылыстарды іздейміз һәм табамыз да. Табиғатпен үйлесе, үндесе алмаған кез - ажалдың тақап қалған кезі болар, әсте. Беті аулақ.

Қожақаттың мөлдір қара жемісін бүгін теріп кетсең, ертең тағы сонша жемісі пісіп жетіледі. Бөріқарақат бұтақтары тығыз салған дән жемістерін көтере алмай майысып тұр. Мына берекелі, мерекелі күзге шашуы болар, алып еменнің дәнегінен аяқ алып жүргісіз. Тиын сол дәнекті ағаш қуысындағы ініне тасып әлек.

Алматының алмалары-ай дегізетін кез ғой бұл. Әттең, баяғы бала кезіміздегі апорт жоқ. Алматының тауларын бұл айда апорттың елесі кезіп жүреді.

Тырна мен сарғалдақ, көкек пен қарлығаш көрінбейді. Бөдененің быты-быты естілмегелі қашан. Қайтеміз, қайтқан құстардың жолы болсын! Есесін, “таудан түсіп келе жатыр салқын күз” (Аманхан Әлім) деп ақын айтпақшы, алты ай жаз биікте жүрген сарыбауыр шымшықтар төменге түсіп, “қырдағы, ойдағы елмен араласқандай” жыра-жыра, сай-сала азан-қазан, у да шу. Жылы жаққа қайтарда біздің далада аз күн аялдап өтетін құстар қаншама?!

Қараторғай мен жаурауық, таңшымшық пен бүрген торғайдың жаздағыдай сайран салғанын қалар едік, бірақ бір сұмдықты сезгендей бәрі де үнсіз, ән салса даусын шарықтатпай бәсең салады, шуылдамайды, қанаттарын қатты қақпай төмен ұшады. Қарғаның өзі қарқылдамайды. Сақ сауысқан бәрін сырттан бақылып тал басында жеке отыр. Не ойлайды ол? Нені біліп отыр? Не болды, сендерге құстар?

Баяғыда, ауылда, ат суытамыз деп таңды таңға ұрып ұйықтамай бәйгеге жүйрікті де, баланы да дайындамаушы ма еді? Ондайда, тіпті аламан жарыстың ширегін, кейін жарты жолын, келе-келе бүтіндей шауып өтіп, қосар атты қаншырдай қатырып әбден баптаушы еді ғой. Құстар да солай. Ұзақты күн ұзақ қарғалар мен қарлығаштар, қара сайрақтар мен қаздар, тырналар топ-топ боп топтасып көк төсін тілгілеп, әрі-бері ұшады. Тас түйін боп шырқау көкке тік көтеріліп, өзін-өзі жерге допша лақтырады, енді бір сәт қайқаң етіп қайта көтеріліп жазыла ұшады, жалт етіп оңға бұрылып, солға бұрылып түрлі-түрлі қимылдар жасайды. Ғалымдардың болжамы бойынша мұның бәрі бекерден бекер болмайды. Бұл кезде құстар әбден семіреді. Бұл да “Жортар аттың тоғы игі” демекші, Құдайдың құдіретімен біз ессіз санайтын қанатты ағайындарымыздың ұзақ жолдың алдында күш жинауы, қазақша айтсақ “жал-жаясын жауып қоңдануы” болса керек.

Сөйтіп, бізден ұшып құстардың көбі Африка, Үндістан, Еуропа елдеріне кетіп жатса, енді бір тобы солтүстіктен біздің далаға қыстауға келіп жатады. Олардың арасында – қызыл төс суық торғай, кекілді самырқұстар (ертеректе Алматыдағы Таулы Қыраттың әр бөктерінде топ-тобымен қыстап жүретін), бір бойында жеті түсті қауырсыны бар әсем шымшық, қызылқунақ, шекілдек құстар бар. Біздің даламыз бен біздің қаламыз ашыққандар мен торыққандарға пана болатынын ойласаң тұла бойыңды қуаныш кернейді.

Бұл кезде құстар түлейді. Түлек кезі олар үшін қауіпті кез. Үйректің кежегі қызылды-жасылды “тонын” тастаса, қоңырқай “жадағай” жамылады. Жаңа қауырсындар ұзын, салалы және өте қалың боп өседі. Табиғат қандай шебер десеңізші, әр нәрсе өз уақтысымен, өз кезегімен! Осының бәрін басқарып, үйлестіріп тұрған бір құдірет барына қалай сенбейсіз?

Ертең ұшып кетеді олар. Содан келесі көктемге дейін жоқ. Алаң көңіл күндер басталмақ. Туу жазға дейін.

Үш мың, бес, он мың шақырымдық жолдар күтіп тұр оларды.

“Тұлпар тұрып ұйқтайды” деуші едік қой, сол сияқты құстар ұшып бара жатып ұйықтайды. Мысалы, дегелектер тәулігіне бар-болғаны 10-15 минут қана көз шырымын алады екен. Ұшып бара жатып ұйықтағанда бағытынан ауытқып басқа жаққа лағып кетпеуі үшін “ұйқышыл” дегелек әуелі қалың лектің орта тұсына кіріп алады екен, сәл бұрылып бара жатса, өзге құстар қанатымен қағып дұрыс жолға салып отыратын көрінеді. Ұйқысы қанып, сергіп оянған дегелек содан соң серіктерін демалдырып өзі топ бастап жөнеледі. Сөйтіп, алма-кезек демалып, ерте күнді кеш қылмай межелі жерге жеткенше тынбай ұшады екен. Мұндай мықтылық адамның қолынан келмейді. Әсте, біз өзіміздің әбден толысқан, толған, шығыста айтатындай (Инсони Камил) кемелденген тіршілік иесі болуымыз үшін әлі талай жолдардан өтуіміз керегін естен шығармауымыз керек шығар.

Қарқылдақ шағала болса туу ит арқасы қиянға – Арктикаға барып ұя басады. Қыстауға Антарктидаға ұшады. Сонда ол ұшып өтетін жолдың жалпы ұзындығы – он мың шақырымнан асады екен.

Қыркүйек құстардың өздеріне тән ерекшеліктері айқындалатын ай. “Ат жүйрігі білінбес бәйгеге түсіп жарыспай” демекші, кешеге дейін ең жылдам ұшатын құс деп сұңқар мен бүркітті, жоғарыда айтқан қарқылдақ шағаланы атап келдік. Қыркүйек айы - фенологтардың бұл қателігіне түзету енгізетін ай ретінде бағалы. Ғылыми дәлелденгендей, ең жылдам ұшатын құс – кәдімгі сіз бен біз бала кезімізден көріп өскен ақ тамақ қарлығаштар екен. Және бұл жаңалыққа Қазақстанда Шақпақ құс сақиналайтын бекеті деректері бойынша тағы бір рет дәлелденген.

Бой тоңазытар таңғы салқынмен орманға келсеңіз, емен, қарағайлардың түбіне үңіліп, сай-саланы кезіп жүрген саңырауқұлақ терушілерді көресіз. Арасында қазақ ілуде біреу. Біздің ел қызықпаған кәсіп. Бекер-ақ, әсте, кәсіптің үлкен-кішісі жоқ, пайдалы әрекетімен қай-қайсысы да тәуір емес пе? Міне, сол шөпші ағайындардан жазып алған кейбір мәліметтеріміз:

  • Жөкенің тұқымын қыркүйек – қазан айларында;
  • Еменнің дәнін қыркүйек – қараша айларында;
  • Қайың тұқымын шілде – тамыз айларында;
  • Көктал мен теректің тұқымын жаздың басында, алғашқы бүрін жарып, гүлін ашқан соң 35 күннен кейін жинайды. Бұл шамада, сәуірдің аяғы, мамырдың бастапқы аптасына тұспа тұс келеді.
  • Мойылдың дәнін – тамызда;
  • Қарағайдың дәнегін қараша мен наурызда;
  • Үйеңкі дәнегін қыркүйек - қарашада жинайды.

Көшеттен өнім аламын дейтіндер емен мен қылқан жапырақты ағаштардан өзге ағаш дәнін күзде еккенді дұрыс көреді екен.

Сондай-ақ, қазір қан-қызыл долананың, жатаған арша мен итмұрынның дәні, андыз, бақ-бақ, аюбалдырған, шүйгіншөптің тамырын қазатын кез.

Өзге жан-жануарлар да бұл айда қоныс жаңартып, қысқа дайындыққа кіріседі. Бұлан бауырынан жарап, кең тоғайды шиырлайды. Бұл кезде оның жолына кесе көлденең тұру қауіпті. Түлкі түлеп, құндыз біткен құнайы үшін су бөгеп “үй сала” бастайды. Ұрпақ қамын ойлаған осы бір кішкентай аң атан бойлы ақ қайыңды кішкентай тісімен қырқып, қиып баудай түсіреді дегенге сену қиын. Құндыз “құрлысшы” туралы әңгіме – басқа әңгіме.

Ат жаратып, бие ағытатын күн де алыс емес.

Тобылғы күнгейде, ырғай теріскейде – қойшы-қолаң, жылқышы, түйекеш, диқан мен сушы – әркім өз харакетінде.

Жылан ініне кірсе жылы күндер аяқталды дейді екен бұрынғылар.

Қыркүйек айы туралы елдің төмендегідей ырым-жорамалдары, аңдатпалары мен аңғарған жәйіттері бар:

Еменнің дәні мол боп, тарыдай шашылып жатса (биыл дәл осылай боп тұр) қар қалың, қыс қатты болады дейді.

Қыркүйектің басында өрмекші торын жиі құрса да – қыс аязды келеді дейді.

Қайың жапырақтары ұшар басынан бастап сарғайса – көктем ерте шығатын көрінеді.

Бұл айда күн күркіресе – күз жылы болғанмен, қыста қар көп түседі дейді.

Қыркүйек әрі жылы, әрі жаңбырсыз, желсіз боп келсе – қыс кеш түседі.

Жаңбырлы кеште үкі шақырса – күн жәйлі болатынының белгісі.

Күздің келгенін – итмұрынның піскеніне қарап білерсіз.

Қара мал қалай қарап жатады – ертеңіне жел сол жақтан тұрмақ.

Құмырсқа илеуінің төбесі шошақ боп бітсе – қатты қыс келе жатыр дей беріңіз.

Тауық ерте түлесе – қыс керісінше жылы болады.

Тоғыстың бірі – “Киік матау” – қыркүйектің соңы. Киіктің текесі желге қарап желсе – күн әлі жылы, ыққа қараса суытады.

Көрдіңіз ғой, біз мақтап, марапаттап отырған айда қар да, аяз да, жаңбыр да, жел де болады екен. Жел, жаңбыр демекші, бұл айдың екінші аты Көктем айы. Қалайша? Өзіңіз білесіз, экватордың көлденең сызығы Жерді Оңтүстік және Солтүстік жарты шар деп екіге бөліп тұр емес пе, сол Оңтүстік жарты шар елдерінде бұл кезде көктем басталады. Ол біздің наурыз айына сайма сай келеді. Сөйтіп сіз осы тұста алда жалда Африкаға немесе Жаңа Зеландия мен Австралияға не Оңтүстік Америкаға бара қалсаңыз осыдан алты-жеті ай бұрын өтіп кеткен Көктеммен қайта қауышасыз.

Қыркүйек, расында да біз айтқандай бейқам, мамыражай, жылы, жұпар, жұмсақ, берекелі, мерекелі мезгіл ме? Анығында “сұрғылт тұман дым бүркіп” (Абай) келетін салыңқы иін салқын күз емес пе? Диқан егінін ерте түскен суыққа үсітіп алып, малшы күзеуге күйзеліп түсіп, бағбан жемісін қар астында қалдырып, жолаушы жолдан қалып, көктайғақ тарпаң мен тағыны тұсап-шідерлеп аңшы мылтығының қарауылына іліндіретін кәдімгі күз ғой дейсіз бе?

Мүмкін, бірақ сіз ғафу етіңіз, біздің қыркүйегіміз осындай мезгіл. Сізге, не ұнамай ма? Ұнаса мен сіздің досыңызбын.

"Қазақ әдебиеті" газеті


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар