Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ескендір Тасболат. Адам көп шаттығынан мұңы басым....

25.06.2018 6763

Ескендір Тасболат. Адам көп шаттығынан мұңы басым...

Ескендір Тасболат. Адам көп шаттығынан мұңы басым... - adebiportal.kz

РАМАЗАН

Рамазан – рақымы бұл бір Алланың.

Айтады бұл жөнінде Құран Кәрім.

Отыз күн оразасын ұстағанға

Жаратқан мол мейірім қылар мәлім.

Ағайын, бұл да сенің сынақ шағың.

Жақшы бір жүрегіңнің шырақ-шамын.

Жәннаттан орын табар, Жаратқанның

Жарлығын орындауды ұнатса кім.

Пайдасы ашығудың адал дейді.

Әр пенде өзі ойланып қарар мейлі.

Сынағын оразаның өткерген жан,

Жұмағын бір Алланың табар дейді.

Ауызды бекіткен соң таң-азаннан,

Аттамай мұсылмандық дара заңнан,

Сабыр ғып күн батқанша жүрер болсаң,

Көрерсің үлкен сауап оразаңнан.

Адам көп шаттығынан мұңы басым.

Сәттер көп көрсетпейтін шұғыласын.

Осынау тоқшылықтың шын қадірін

Ораза ұстағанда ұғынасың.

Пайғамбар өсиетін еске ал ізгі,

Орында Исламдағы бес парызды.

Хақ жолдан жаңылысқан жандар үшін

Пәниде кешкен ғұмыр еш тәрізді.

Намазбен, дұғаменен, тілегіңмен,

Жақсы ғой жарқын ғұмыр сүре білген.

Алланың ақ жолынан жырақ кетпей,

Адал боп өтсек екен бұл өмірден.

ТӘУБЕ

Ерте, ерте, ертеде,

Азғындық пен қылмыс тұнған өлкеде,

Бар өмірі арылмаған күнәдан,

Болған екен кісі өлтіргіш бір адам.

Сәл нәрсеге бола ашу шақырып,

Жүрген екен көпке тізе батырып.

Бірақ, кейде ақыретін еске алып,

Оңашада өкінетін аһ ұрып.

Өкініші өртесе де өзегін,

Қылмысына сала алмапты тежеуін.

Ал талай жан бұл кәззаптың қолынан,

Ажалының күтіп тұрды кезегін.

Тірлігі оның ұстатады жағаңды.

Сорлы пенде көкірегі қараңғы,

Күннен-күнге күнәсына күнә артып,

Өлтіріпті тоқсан тоғыз адамды.

Құрбандардың көбейгенмен тізбегі,

Алладан тек үмітін ол үзбеді.

Ақыл айтып, түзу жолға шақырар

бір адамды жанұшырып іздеді.

«Тәубе етпесем тірі тұрған шағымда,

Ертеңгі күн жанбаймын ба жалында?!», –

деген оймен жолығады бір күні,

еліндегі мәшһүр монах ғалымға.

Оған айтты: «Көңілімде мол кірбің.

Жүрегімді шер мен мұңға толтырдым.

Осы күнге дейін мына қолыммен,

Тоқсан тоғыз адамды мен өлтірдім.

Бір басымда күнәларым көп менің.

Уайым болды мағынасыз өткенім.

Егер енді тәубе қылсам, Жаратқан

сол күнәмді кешіре ме тек менің?

Алдымда бар ажал дейтін бір ақыр,

Тозақтағы оттан қорқам сұрапыл.

Бір Алланың тура жолын табатын,

Айтыңызшы маған енді бір ақыл».

«Қылмысыңның сезіп тұрмын шамасын, –

деді монах, – Енді не бақ табасың?

Алла сені кешірмейді ешқашан,

Демек, мəңгі жəһаннамда жанасың!».

Бұл жауаптан бойын баурап ыза-кек,

Монахты да өлтірді ол тұра кеп.

Осылайша, ажалына жүз жанның

себеп бопты бойға сіңген сұм әдет.

Бірақ, оның жаны тыныш таппады,

Ақыл айтар жан іздеді, жатпады.

Сөйтіп жүріп бір ғұлама адамның

ниет қылып, босағасын аттады.

Оған да айтты: «Жүз адамды мерт қылдым.

Қанша жанға ауыр азап шектірдім.

Енді ертеңгі күнім қалай болар деп,

Сізден көмек сұрағалы кеп тұрмын.

Ешбір амал жасамаппын ұнамды.

Осыны ойлап ақша жүзім қуарды.

Егер енді шын көңілден тәубе етсем,

Алла менің кешіре ме күнәмді?».

Ғалым айтты: «Кешіреді Ұлы Алла.

Тек нəпсіңді салсаң болды бұғауға.

Жаратқанға серік қоспа, басқасын

шын пейілмен болар, сірə, сұрауға.

Айтар болсам саған сырын мұның мен.

Мынау елің – азғын ел ғой бүлінген.

Егер, қалқам, қоям десең күнəңді,

Кету керек басқа жерге бүгіннен.

Намазы мен оразасы өтелген,

Тағдыр сынын қаймықпай-ақ көтерген,

Бір Аллаға құлдық қылған қауым бар,

Бақытыңды табарсың сол мекеннен.

Иә, ол жер жақын емес, алыста.

Сен де олармен құлшылық қыл, қалыспа.

Бірақ, қайтып келіп жүрме бұл елге,

Ақыретте жетем десең табысқа».

Алғыс айтып, жігіт шықты қуанып,

Ғалым берген кеңестерді құп алып.

Табан тіреп алыстағы сол елге,

жетсем деген мақсатына жұбанып.

Ізгі ойлары алға сүйреп сотқарды,

Ғалым айтқан ғазиз елді бетке алды.

Бірақ, әттең... барар жерге жете алмай,

Орта жолда ажал да оған кеп қалды.

Мақсатына жетпей жігіт өледі.

Ажал оның барар жолын бөгеді.

Сол уақытта таласты оның жанына,

Жұмақ және тозақ періштелері.

Біріншілер білдірді оған мейірім:

«Қараңыздар, оның ізгі пейілін,

Бар қылмысын тастап әрі тәубе етіп,

Тақуа елге бұрған еді зейінін.

Жаратқанға келе жатты ол адымдап.

Жүрегінде иман оты жалындап.

Сондықтан да лайықты жан жұмаққа,

Біз аламыз оның ғазиз жанын да...».

Жауап берді тозақ періштелері:

«Расында, оның жақсы істері кем еді.

Есесіне, қаншама адам өлтірді,

тамұққа да осындайлар керегі».

Екі жақ та ие болмай жеңіске,

Бірі – тозақ, бірі – тартып пейішке.

Сол сәт қазы болу үшін ортаға

Келді адам кейпіндегі періште.

«Мен айтайын әділ үкім, көнсеңдер,

Екі жақтың қашықтығын өлшеңдер,

Келген жер мен барар жердің арасы,

Қайсы жақын, соны анықтап көрсеңдер.

Несібесін білу үшін оның шын,

Қанша сапар шеккендігі көрінсін.

Жаман жақ пен жақсы жақтың қайсына,

Жақын болса, соған жаны берілсін».

Періштелер қоя салып таласын,

Өлшеп жатты екі жақтың арасын.

Жұмаққа ма, тозаққа әлде лайық па,

Білмек керек бұл пенденің бағасын.

Оңға барса, жәннаты тұр гүлге орар.

Солға барса, жәһаннамда күл болар.

Өлшей келе, орта жолдан жігіттің

асып барып өлгендігін білді олар.

Бұл марқұмның бар екен ғой көрері.

Ертеңі үшін уайым-қайғы жеп еді.

Осылайша, оның жанын сол күні

Алған екен жәннат періштелері...

...Сіз де бұған зейін қойып, қараңыз.

Бұл хадистен біраз ғибрат табамыз.

Əрқашанда ізгі, иманды жандармен

Бəріміздің жақын болсын арамыз.

Азғын орта итермелер жаманға.

Ондай жерден бас тартайық табанда.

Жақсы доспен, шын тақуа жандармен

бірге болған бақыт табар əманда.

Көкке дейін жетсе-дағы көп күнəң.

Сеніміңді баспасын тек көк тұман.

Шын тəубеңді қабыл етер бір Алла,

Ешқандай да кедергілер жоқ бұған.

Азғырады шайтан сынды жау небір.

Оған ерсең, бар өмірің – əуре кіл.

Көкірегіңде жаның барда кідірмей,

Бір Алладан рақым сұрап, тəубе қыл.

Тәубе қыл да, сұра Алладан кешірім.

Ашсын саған жәннат бақтың есігін.

Қаншалықты болса сенің ниетің,

Соншалықты болар және несібің.

Тәубе сені жетелейді жұмаққа.

Амалды да ұмытпағын, бірақ та.

Осы шағын хикаядан көргендей,

Тәубешіл жан жетеді екен мұратқа.

БІР ЖАҚСЫ, БІР ЖАМАН

Сыр ақтарсам қазақтай іргелі елден,
Қойынына үлде мен бүлде көмген.
Жақсысы көп марқайтып, жан сүйсінтер,
Жаманы да, алайда, бірге келген.

Бір жақсысы – таниды бір Алланы,
Қаншама ақын Раббым деп жыр арнады.
Бір жаманы – сонда да құлшылық қып,
Елемейді бұйрығын Құрандағы.

Бір жақсысы – болса да талабы көп,
Бір жаманы – әлі де намазы жоқ.
Бір жақсысы – сүйем деп пайғамбарды,
Бір жаманы – сүннеттен хабары жоқ.

Бір жақсысы – Құранды төріне ілген,
Бір жаманы – оқымас оны мүлдем.
Бір жақсысы – біртұтас үмбетпіз деп,
Бір жаманы – келеді бөлінумен.

Бір жақсысы – пейілі аңқылдаған,
Бір жаманы – ісі жоқ қарқындаған.
Бір жақсысы – Құдайды жалғыз дейді,
Бір жаманы – ширктен тартынбаған.

Бір жақсысы – болса да діні күшті,
Бір жаманы – дос тұтар Ібілісті.
Айып іздеп басқадан – бір жаманы,
Тек өзінің көрмейді мінін ішкі.

Бір жақсысы – жәннатқа кірем дейді,
Бір жаманы – нәпсісі жібермейді.
Бір жақсысы – тозақтан құтылам деп,
Бір жаманы – амалы түзелмейді.

Бір жақсысы – түзу жол табам дейді,
Бір жаманы – сонда да харам жейді.
Бір жақсысы – ниет бар оразаға,
Бір жаманы – жетпейді шамам дейді.

Бір жақсысы – бақытқа жетем дейді,
Бір жаманы – парызы өтелмейді.
Бір жақсысы – ниетті қажылыққа,
Бірақ, әттең, қалтасы көтермейді.

Бір жақсысы – десе де өлімді хақ,
Бір жаманы – күтпейді соны бірақ.
Бір жақсысы – терсе де сауапты көп,
Бір жаманы – тез оның төгілуі-ақ.

Бір жақсысы – ойлар ел бүтіндігін,
Бір жаманы – нақты істі бітірді кім?
Бір жақсысы – берді Алла тәуелсіздік,
Бір жаманы – аз айтар шүкірлігін.

Таңы атқалы Исламның көп болмады,
Бір жақсысы – жақсы ғой жоқтан бары.
Болайықшы, бауырлар, екі өмірде,
Бір Алланың иманды хақ құлдары!

ДҮНИЕНІҢ ШЫРАҒЫ

Дінінде қуатты,

Иманда тұрақты.

Үмбетін ойлаумен,

Үнемі жылапты.

Алласы сынапты,

аянбай шыдапты.

Өмірге әкелді

Хақ дінді шуақты.

Шындықты жеткізді,

Көзден жас төккізді.

Аллаға қаратты

«Құдайың» деп бізді.

Жеткізді Құранды,

Істерден күмәнді

Халықты тосумен,

Хақ жолға шығарды.

Уайымдап үмбетін,

Жалғады күнге түн.

Құраннан кейінгі

Қалдырды сүннетін.

Адасқан жан аз ба?

Шақырды намазға.

Жалынды сөздері

Жазылды қағазға.

Жаттады ел әр сөзін,

Жібіді жан-сезім.

Бақыттың бағына

Бастады барша елін.

Күнәдан аулақта,

Шақырды болмаққа.

Өсиет хадисі

Өлместей қалды артта.

Парызын өтемек,

Үмбеті өте көп.

Аллаға төтелеп,

Келеді жетелеп.

Тек иман ұтар деп,

Оны пір тұтар көп.

Жетекші біздерге

Пайғамбар Мұхаммед.

Есімін даралап,

Құрметтер жамағат.

Мәулітін ұлықтап,

Айтамыз салауат.

Шығарды түнектен,

Өмірді гүл еткен.

Пайғамбар есімі

Өшпейді жүректен.

Күн болып шығады,

Көгімде тұрады.

Пайғамбар Мұхаммед –

Дүние Шырағы!

Әбу Юсуфтың тапқырлығы

Өткен күннен шертейінші бір дерек.
Қайран қылып жүрген мені ұдайы,

...Даңқты патша Харун Рашид жұбайы

Зүбәйдамен қалды бір күн тілге кеп.

Ерік беріп ашу деген дүлейге,

Айтты сөзін, ескерместен шын мәнін:

«Бүгінгі түн мен басқарған бұл елде,

түнер болсаң, сені талақ қылғаным!».

Бірақ, бірақ... Айтып алып өкінді:

«Бұл амалым болмады ғой әсте құп.

Өз қолыммен өшірдім бе отымды?», –

деп қынжылды, жанарына жас келіп.

Іште ниет болмап еді шынайы.

Бірақ, сөзің – атқан оқ қой əр кезде.

Енді ертеңгі күннен бастап жұбайы,

Айналмақшы Харун үшін жанға өзге.

Қалай ғана бір шаңырақ қирамақ?!

«Жазбады ма бірге ғұмыр сүруді?», –

деген патша ғалымдарды жинап ап,

Шариғаттың көмегіне жүгінді.

«Мен осылай жасап қойдым ағаттық, –

деді патша, – Бола көрсін Алла жар.

Уайым билеп, таппай тұрмын тағат түк,

Олқылықты түзейтін бір бар ма амал?».

Әрбір мезет жалғағандай мұңға-мұң,

Сарғайғандай көңілінің бақтары.

Бірақ, қанша ойланса да, бір ғалым,

Харунға айтар сүйеніш сөз таппады.

Сонда тұрып сөз сөйледі бір адам:

«Я, тақсырым, – деп Харунға қарады, –

Егер тапса бір жауапты мынаған,

Имам Əбу Юсуф қана табады».

Жүрегінде жағып үміт алауын.

Дереу сол сәт көп оздырмай уақытты,

Харун Рашид айтып осы хабарын,

Ұлы имамды құзырына шақыртты.

Имам Әбу Ханифадан хат танып,

Ілім алған, ой жіберіп алғыға,

Әбу Юсуф шақыртуын патшаның

қабыл алып, келіп кірді алдына.

Ғалым еді ол ілім қуған әрдайым,

Тақуа еді ұмытпаған шүкірін.

...Білгеннен соң оқиғаның мән-жайын,

Патшасына айтып берді үкімін:

«Шындығында, Жаратушы Құранда:

«Мешіттер тек Аллаға тән», – деп еді.

Ой жіберші, бой алдырмай күмәнға,

Ол – Алланың үйі емес пе, себебі?!

Қасиеттің төрі болған бұл үйге,

Еш патшаның жүрмек емес әмірі.

Сондықтан да берілмеңіз үрейге,

Мұсылманның болу керек сабыры.

Сәттіліктің лебі сізге есіп тұр.

Ақиқатты қалай ішке бүгесің?!

Тек Алланың үйі болған мешіт бұл,

Жұбайыңыз бүгін сонда түнесін!..».

Патша лезде мәз-мейрам боп күлімдеп,

Имам айтқан сөзге қайран қалды шын.

Әбу Юсуф бойындағы білімге,

Тәнті болып, білдіріпті алғысын.

Санаңменен ұғар болсаң бар мәнін,

Исламменен өмір құнды, сәндірек.

Бұл жалғанда үйі болған Алланың –

мешіттерге байлансыншы әр жүрек...

ЖЕЛТОҚСАН АЛАУЫ

Бодандықтың талай жылғы қиратылды қақпаны,

Намысты жас тәуелсiздiк отын үрлеп жаққалы.

Қазақ халқын жұтпақ болған зұлым күштiң екпiнi

Желтоқсанда Алматының алаңында тоқтады.

Егемендiк жоқ болса егер, өмiрiңнiң жоқ мәнi,

Тек соны аңсап, қарт бабаның атқан едi көп таңы.

Қайсар қазақ жастарының жығылған жоқ намысы

кеудесiне тақалса да қарулы әскер оқпаны.

…Лаулап-лаулап жанып жатыр Желтоқсанның оттары.

Туған жерiм, елiм деген ұран шығып қайдан да,

Дәл сол күнi бүкiл қазақ келгендей бiр байламға,

Алматының ыңыранған алашапқын алаңы

айналып ед тәуелсiздiк үшiн болған майданға.

Қарулы әскер сап түзедi бәсеңдетпей қарқынын,

Орындады озбыр ойлы орталықтың тәртiбiн.

Жас жiгiттiң жаны кеттi көздеп атқан оқтарда,

жас қыздардың тәнi кеттi таптауында танкiнiң.

Мойымайық, уақыт әлi шығарады оң шешiм.

Қаһармандық шыңын әркiм Желтоқсанмен өлшесiн!

Зұлымдықтың таптауында кеткенiмен жан-тәнi,

Жас қазақтың рухы ғана құлатпады еңсесiн.

Мiне, осылай Отан үшiн жан қиюға болады.

Бұл – ұрпаққа айтып кеткен бабалардың талабы.

Ата-баба өсиетiн орындады бұлжытпай

Жас қазақ пен Алматының Тәуелсiздiк алаңы.

…Лаулап-лаулап жанып жатыр Желтоқсанның алауы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар