Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ғаділша ҚАҺАРМАНОВ: Мағжан ағамды «Жәжеке» дейтінбіз

05.06.2018 448

Ғаділша ҚАҺАРМАНОВ: Мағжан ағамды «Жәжеке» дейтінбіз

Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл

Мағжан ақынның немере інісі, ұзақ жылдар мектепте ұстаздық еткен, әдебиет пен өнер десе ішкен асын жерге қоятын, мінезге бай, ақынжанды Ғаділша Қаһарманұлымен 1993 жылы Көкшетауда облыстық телевизияда жұмыс істеп жүргенде таныстым. Сол жылы жазда Ақан серінің 150 жылдық мерейтойына байланысты облыс әкімшілігі ұйымдастырған «Ақан-Абай» автокеруенімен Көкшетау, Павлодар, Қарағанды, Семей аймағындағы тарихи жерлерді бірге аралап, он күндей сапарлас болдық. Ұзақ жол үстінде Ғадекеңнің Мағжан ағасы туралы шерткен әңгімелерін қызыға тыңдаймыз, айта түссе екен деп жарыса сұрақтар қоямыз. Ол кісі жалықпайды. Он екі – он үш жасында Мағжан ағасын екі рет көргенін көзіне жас ала отырып, аса бір сағынышпен баяндайды. Кейіннен ол кісімен телесұхбат жасадым, арнайы хабар түсірдік.

Астанаға қоныс аударған соң да Ғадекеңмен арадағы байланысымыз үзілген жоқ. Жолым түскенде Бурабай поселкесіне соғып, сырқаттанып жатқан Ғадекеңнің хал-жағдайын біліп, ұзақ-ұзақ әңгіме шертетінбіз. Бірде барғанда: «Ағам туралы «Жәжеке» деген атпен естелік кітап жазып жүрмін. Алла нәсіп қылып тәмәмдасам өзіңе тапсырам, бас-көз бол, Астанадасың ғой... Әрі оған ие болатын ешкім жоқ, балаларым орыс тәрбиесімен өскен...» деп еді біртүрлі мұңайып.

Ғаділша Қаһарманов 2002 жылы жаз айында қайтыс болды. Төмендегі естелік мақаланы сол көп кездесулердегі әңгімелерден қалған бір белгі деуге болады.

«Алыстан мұнарланып шалқыған көл...»

Ғаділша аға Мағжанның туысқа деген сезімі мен сүйіспеншілігін, әсіресе балаға деген кішіпейілділігін, мейірімділігін ұмыта алмайды. Мағжанды балалар мен жас келіндері – «Жәжеке» деп атайтын.

Жаздыкүні ауылдан Қызылжарға шығатын үлкен жолдың үстінде, шыбықтан ат мініп, жалаңаяқ жарысып, жолдың шаңын бұрқыратып ойнап жүрген. Араларындағы ересектеу Жианша, Қабдош болуы керек, біреуі «Жәжекем келді!» деп айқай салды. Сөйткенше болған жоқ, пар ат жеккен пәуескелі арбамен жолаушылар келіп қалды. Оң жақтағысы арбадан тез секіріп түсіп, балаларды кезек-кезек беттерінен сүйіп жатты. Оған қоса Зылиха тәтей де кішкентайларды аймалап жатыр. (Мағжанның әйелі Зылиха жеңгейді балалар «тәте» дейтін). Екеуінің де үсті-бсы аппақ. Әсіресе Ғаділшаның көзіне түскені Зылиха тәтейдің басындағы ұзын шашақты ақ жібек бөртпе шәлісі мен аяғындағы өкшесі біздей туфлиі, құлағы мен мойнындағы жарқыраған алтын әшекейлері. Бұл Ғаділшаның аға-жеңгесін алғашқы көруі. Жәжекең де, Зылиха тәтей де ауылға қарай балалармен бірге жүрді. Жол бойы әңгімелесіп, балаларды қызықтап әрбіреуіне жеке-жеке сұрақ қойып, сөйлеген сөздеріне қуанғандары естен кетпейді. Мүмкін кішкентай бауырларын сағынғаны болар. Күнде түскі тамақтан кейін Мағжан мен Зылиха екеуі Сасықкөл басына баратын. Балалар өздеріне жүктелген міндеттей Мағжанмен бірге көл жағалауға құмар еді. Бұрын күнде суына барып шомылып жүрген Сасықкөлдің ерекше қасиеттерін балалармен қыдырып жүрген кезінде Мағжан балалар жүрегіне айырықша ықыласпен, тәптіштеп, жақсылап түсіндіреді. Көлдің басындағы қара топырақтың арасында ағарып жатқан ұсақ тастарды қолына алып: «Иіскеп көріңдерші, қандай иісі бар», - дегені бар. Сол бала кезде мұрынға сіңген туған жердің тасының өзіне тән жұпар иісі мәңгілік көкірегінде сақталап қалды. Міне, ширек ғасырдай өтсе де Сасықкөлді отбасымен іздеп барып, ата-бабалары қоныстанған өңірді көрсету, Мағжан ағасының аяқтары басқан топырақты қасиеттеп ұрпақтарына таныстыру Ғаділша ағаның міндетіне айналған іспетті. Осы Сасықкөл басында жерленген ата-бабаларының зираты қазір жермен-жексен болып, тың игерген жылдары жыртылып кетсе керек. Бұл Ғаділша ағалардың әулеті үшін орны толмас қасірет. Мағжанның Сасықкөлге арнап жазған өлеіңінің екінші бір түрін тек өз туыстары ғана айтатын. Сол өлеңді Ғаділша аға айтып беріп еді. Ұзын-ырғасы былай:

Алыстан мұнарланып шалқыған көл,

Бетінде күннің нұры балқыған көл.

Жасарып сар күмістей ақ көбігі,

Мап-майда мөлдірінде қалқыған көл.

Жанында жас балалар ойнаған көл,

Су ішіп, жан-жануар тоймаған көл.

Шешініп қыз-келіншек су алған көл,

Әр жанды мөлдірінен суарған көл.

Көз салып жалтырына мұңға батып,

Ғашықтар жарын іздеп ойнаған көл.

Масайрап төрт түлік мал суға тойып,

Дөңінде ойнақ салып ойнаған көл.

Сыртында ақбоз үйлер жарасқан көл,

Байлары кедейлерге қарасқан көл.

Ағайын тату-тәтті қоныс бірге,

Саулықты сағат сайын сұрасқан көл.

Сапырып сары қымыз ертелі-кеш,

Басында кеңес құрып дауласқан көл.

Кір жуып, кіндік кесіп сенде өскен көл,

Құрбымен әзілдесіп белдескен көл.

(Ғаділша аға бұл өлеңді Күлбану әпкесінің айтуы бойынша 1947 жылы қағазға түсіріп алған екен. Т.Ә).

Ағасымен алғашқы кездесуден соң ұзақ жылдар бойы Мағжанды Ғаділша көрген жоқ. Жоғарыдағы Сасықкөл өлеңін әнге қосып, отбасында сыңсытып айтумен ұзақ жылдарды өткізді.

1936 жылы Қызылжарда, педагогикалық техникумда мұғалімдер мамандығын жетілдіру курсында сабақ беріп жүрген кезінде Мағжанды екінші рет көрді. Мағжан ағасы мен Зылиха жеңгесі Дзержинский көшесіндегі екі қабатты ағаш үйдің үстіңгі қабатында бір бөлмелі пәтерде тұрды. Сенбі, жексенбі күндері Ғадекең мен туысы Мүташ екеуі ағасының үйіне барып, қонатын.

Ол кезде екі баланың 11-12 жастағы кезі. Мағжан бауырларына бала деп қарамайтын. Төредей сыйлап, өзі жұмыстан шаршап келсе де, қонақ балаларға әңгіме-ертегі айтудан жалықпайтын. Қашан көздері ұйқыға кеткенше әңгімесін аяқтамайтын, шыдамды және бауырларының жанын нәзік түсінетін. Кейбір демалыс күндері Мағжан мен жеңгесі Зылиха Ғаділшаны ертіп, қаладан он шақырым жердегі «Мещан» ағашына арбаға ат жегіп барып қайтатын. Ағаштың көлеңкесіне бұлардан бұрын барып, аттарын доғарып, алқа-қотан болып отыратын көп азаматтар Мағжандардың келуін тағатсыздана күтетін. Ғадекең мен аға-жеңгесі «Мещан» ағашына жақындағанда барлығы оларға қарай лап қойып, Мағжан мен Зылиханы лезде қаумалып алатын. Олардың ортасында қатар түзеп отырған Мағжан мен Зылиха жеңгелері қос аққу сияқты әсер қалдырушы еді. Мағжанның аузынан шыққан әр сөзді жиналған қауымның зор ықыласпен тыңдайтынын Ғадекең бала болса да анық аңғаратын. Көпшіліктің ортасында отырса да, туысқа деген сүйіспеншілігінен бір айнымай, Ғаділша ағадан көз жазбай, дәйім назар аударып, қас-қабағына қарап отырғандығын сезетін.

Мағжан ағасы бұның есімін ерекше айтатын. «Ғаділша» дегенде дауыс ырғағын көтеріп, екпінді басты буын мен соңғы буынға түсіретін. Сонда Ғадекеңнің аты әдемі бір үн шығарып, ғажап әсер қалдыратын Ара-тұра: «Алысқа кетіп қалма, ағаштың ішінде адасып, қорқасың» деп ескертіп те қоятын. Ал кешкі салқынмен қалаға қайтқанда мінген аттарын жол бойы жеңіл желіспен жарысқа түсіретін. Аттың делбесін Ғаділша аға ұстайтын, бала да болса тізгінге мықты еді. Мағжан ағасы да риза болып, жымиып отыратын.

«Кітаптың атын «Жәжеке» деп қойдым»

Ғадекең Мағжанның туысы ретінде, ағасы жөнінде жазылған мақала, естелік кітаптардың барлығын мұқият оқып отыратын. Және библиографиялық тізім сөздік толтыратын. Әрине Мағжанға қатыстыларын ғана. Бұлай етуінің себебі, өзі де ағасы жөнінде көрген-білгендерін талайдан бері қағазға түсіріп келді. Өзге қаламгерлердің жазғандары оған салыстыру үшін, қате жерлері болса айту үшін қажет.

1999 жылы «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген «Мағжан және Сәкен» кітабында Тұрсынбек Кәкішұлы тарихи деректерге сүйеніп, архивтен көп материалдар жинастырып, Мағжан мен Сәкен шығармашылығына ерекше көңіл бөліп, оқырманға құнды дүние ұсынған. Көрнекті ғалым Т.Кәкішев сияқты архивте отырып, материал жинау Ғаділша ағаның да арманы еді. Өкінішке қарай, денсаулығы сыр беріп, көп уақыт ауруханаларда жатып емделумен болды.

Өте бір қызық жәйт. Ғаділша аға 2001 жылғы 16 тамызда, бейсенбі күні таңға жуық ұйықтап жатқан кезде, түсінде Мағжан ағасымен кездесіп, сұхбаттасады. Ағасының үстінде жіңішке жолақ ақшыл матадан тігілген судай жаңа көстюмі бар екен. Ақ көйлек, әдемі галстугі де көрініп тұр. Мағжан сол жағына келіп отырды да, сөйлесе бастады. Ар жағында Қабдош. Алдарында Болат Сәлтайұлы фотоаппаратпен жүр. Оның пленкасы бітіп қалыпты. Ғадекең Болатқа: «Тез барып базардан пленка сатып ал, бізді фотаға түсір, мұндай мүмкіншілік бола бермейді, ескерткіш болсын» - дейді.

Мағжан ағасымен әңгімесі жалғасып жатыр.

-Сіз жайлы естелік кітап жазып едім, «Жәжеке» деп атасам бола ма? – дейді Ғаділша.

-Мен жазған еңбектерімнің соңына «Жәжеке» деп қол қоятын едім. Бұл менің бүркеншек атым болатын. «Жәжеке» деп атағаның дұрыс, қуаныштымын, - деп жауап береді Мағжан.

Тура осы тұста Ғадекең оянып кетті. Қуанышы қойнына сияр емес. Құдай-ау, түс дейтін емес, тура өңіндегідей! Мағжан ағасын көргені анық! Алланың берген аяны! Қуанғаннан есі шығып, егіл-тегіл жыласын кеп. Көпке дейін сол түстің әсерінен айыға алмай, теңселіп, арқаланып, шабыттанып жүрді.

Көрген түсін жұбайы Шекерге, балалары Юраға, Гүлнарға да айтып көңілі аспандады. Мағжан жәйлі жазып жүрген естелік кітәбің жарық көреді екен деп, олар да жақсылыққа жорыды.

Халық жауының туысы деп тұқыртатын

Ғадекең, Мағжанның немере інісі ретінде соншама қуғын-сүргін көрмесе де, өмір жолында біршама кедергілер кезікті. «Халық жауының тұқымы», «Қасқырдың бөлтірігі» деген сөздерді ес білгелі естіді. Әсіресе Қызылжарда тұрған жылдары соңынан көлеңкедей ілесіп, қалмай қойды.

1939 жылы 13 жаста еді. Қызылжар қаласындағы Водопроводный көшесімен теміржол вокзалына қарай келе жатқан. Көшенің екінші жағында кетіп бара жатқан үш-төрт үлкен кісі: «Әне, халық жауының інісі» деді тоқтап, бұрылып. Жүрегі зу ете түсті. Естімегендей алға жүре берді. Келесі 1940 жылы комсомол қатарына өтерде: «Бұл халық жауы Мағжан Жұмабаевтың туысы, комсомол қатарына алуғы лайық емес», - деді. Одан соң екі рет комсомол жиналысында Ғаділшаның мәселесін қарады. Ақыры ырың-жырың ұзақ әңгімеден соң төмендегідей тапсырма берілді. Қызылжардың Куйбышев көшесінен 20 сауатсыз адамды тауып, хат танытуға тиіс болды. Сөйтіп жазғы каникулда жиырмы кісіні сауат ашуға үйретті. Күзде, қараша айында Ғаділша оқытқан адамдардан бақылау алып, соның нәтижесінде комсомол қатарына қабылданды. Одан соңғы уақытта да жоғарыдағы жанама ат қыр соңынан қалмады. 1942 жылы он алтыға толып, он жетіге аяқ басқанда Петропавлдағы қалалық әскери комиссариатына келіп, майданға жіберулерін өтінді. Ондағы ойы, бұйтіп көзтүрткі болғанша соғысқа барып ерлік көрсеткісі келді. Ажалы жоқ екен, 1946 жылы майданнан аман-есен елге оралды. Бірақ КГБ соңынан қалмады. Қайда барды, кіммен сөйлесті, бәрін жіпке тізіп хабарлап отыруы керек екен. Осының бәрі адамды сарсаңға салып, үрей тудыратын. 1960 жылы Шучье аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сурниченконың кепілдемесімен партия қатарына өтті. Бұл сенім Ғаділша ағаға қанат бітірді. Енді қай жерде болса да, жеке анкета толтырғанда: «Мағжан Жұмабаевтың інісімін», - деп жасырмай, бұқпантайламай айтып, жазатын болды. Бұған тағы бір себеп: Көкшетау облысының Шучье ауданына қоныс аударуы болды. Олар Мағжан Жұмабаевтың кім екенін білмейді. Сондықтан аса мән берген жоқ.

Жазушы Ғабит Мүсіреповпен кездесу

Ғаділша ағаның қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсіреповпен бір сәт кездесуі әсер-тағылымы мол үлкен ғибрат еді.

1978 жылдың 22 қаңтары болатын. Күннің суықтығына байланысты мектептегі сабақты уақытша тоқтатуға тура келді. Осы жайды жергілікті радио торабы арқылы ата-аналарға хабарлап жатқан болатын. Сол сәтте Торғайда тұратын туысы Қазыбек Зағыпаров келіп кірді. Ол осындағы санаторийде демалып жатқан болатын.

-Аға, сізді ертеңге Ғабит Мүсірепов шақырып жатыр, - деді амандықтан соң.

Бұл хабар Ғаділша ағаны қатты алаңдатты. Күні бойы Ғабеңнің неге іздегенін ойлады. Жан дүниесінде үміт оты тұтанғандай болды. Бәлкім бұл шақыру Мағжанға байланысты болар деген ой келді. Келесі күні Ғабең шақырған мерзімде барып, сәлем берді. Ғабең салған жерден ұстаған қолын босатпастан ыстық ықылас білдіріп, амандық-саулық сұрасқан соң, залға барып жайғасты. Мағжанмен заманы бір жолдас болғанын және оның өлеңдерін өте жоғары бағалайтынын айта келіп, оның жазықсыз жапа шеккеніне үлкен өкініш білдірді. Осы Бурабайда Мағжанның талай рет болғандығын айта келіп, Мағжанның Ақан сері өмірінен тарихи очерк жазғанын, «Көкшетау», «Оөжетпестің қиясында», «Батыр Баян» поэмалары да осы жер шоқтығы Бурабайдың баурайында жазылғандығын еске алды.

-Айып етпе, Мағжанмен туыстығыңды таратып берші? – деді Ғабең.

-Біз Арғын ішінде Атығайдың бір тармағы Есентаңырық боламыз. Одан Жақсыбай, Өтеміс, Меңдібай, Шонай, Шонайдан Жұмабай. Одан Бекен (Бекмағамбет). Одан жеті ұл, екі қыз болған. Осы жеті ұлдың бірі менің әкем Қаһарман, бірі Мағжан.

-Сенде ағаңның суреттері бар ма? – деп сұрады Ғабең.

-Бір бейнесі сақталған.

-Қалай көруге болады?

Ғаділша аға Ғабеңнің бұл сауалына жауап берместен бұрын үйде кәрі анасының барын, ол кісінің Мағжанның жеңгесі екендігін айтты.

-Олай болса, үлкен кісіге сәлем беру міндет қой, үйлеріңе өзім барғаным жөн. – деді Ғабең.

Ғадекең үйге оралысымен анасына Ғабит Мүсіреповпен жолыққанын айтып еді, шешесі қатты қуанып, үйге шақырмадың ба деп сұрады.

-Алла қаласа, ертең келеді, - деді Ғаділша аға.

Кейуана қайнысы келердей қуанып, өңі ажарланып сала берді.

Ертеңінде Ғабең мен Сәкен Жүнісов екеуін санаторийден үйге алып келді. Ғабең кәриямен сәлемдесіп, танысты.

-Төремді іздеп келген қайсысы? – деді кейуана.

Ғадекең Ғабит ағаны көрсетті.

-Келші қарағым, бетіңнен сүйейін. - Қайнысын сағынып, көзіне жас алған үлкен кісі қазақ ғұрпымен Мағжанның атын атамай, «төрем» деп ілтипат білдіргені ғажап еді.

Осы отырыста Ғабең шешіле сөйлеп, көңіліндегі көп армандарын ортаға салды.

-Мағжанды ақтап алу – біздің азаматтық міндетіміз. Мағжандай ақын мынау жарық дүниеге көп келе бермейтін шығар, - деді тебіреніп. – Ғаділша архивіңде Мағжанның асыл жаухарларынан сақтағандарың бар ма, болса маған бер, көшірмесі болса да архивімде жатсын. Мағжан, түптің түбінде ақталады.

Расында Ғабеңдей үлкен жазушының көрегендігіне қалай таңданбассыз. Асыл пышақтың қын түбінде жатпайтындығы сияқты, ақиық ақын да ғасырлар қойнауынан жарқ етіп, қазақтың жыр көгіне еркін самғап шықты емес пе?!

Ғабең Ғаділша ағаның ұлының есімі Мағжан екндігін естігенде қатты қуанды.

-Мына ұлыңа ағаңның есімін берген екенсің, оның өте орынды. Бақытты болсын! – деп батасын беріп, өзінің «Ұлпан» атты кітабына қолтаңба жазып сыйлады.

Мағжанның суреттерін көріп отырған Ғабең:

-Мына суретті маған берсең қайтеді. Мен үлкейтіп, қайтарып беремін, - деді.

Ол кезде компартияның үстемдігі шексіз жүріп тұрған. Мағжан әлі ақталмаған. Соған қарамастан Ғабең Мағжанды елінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен, соны аңсап өткен қайсар ақын деп танып, ризашылығын білдірді.

Ғаділша ағаның ойына Мағжанның мына өлеңі түсті сонда:

Ертегі уатпай ма баланы да,

Сөз сиқыр ғой, жазбай ма жараны да.

Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған,

Еркімен өзі-ақ отқа барады да...

Сонда, Ғабеңдей заңғар жазушы бүгінгідей күн туарын жүрегі сезген де болар. Оның Мағжанға деген кіршіксіз пейілі Ғаділша ағаны айрықша қуантты.

Ғабеңмен кездесу Ғаділша аға үшін үлкен мәртебе еді. Өз өмірінде тұңғыш рет атақты жазушымен кездесті. Әрі болашаққа деген үлкен сенімге ие болды.

***

Қазақ елінің тәуелсіз ел болуын аңсаған, сол жолда күш-қайратын, бойындағы дарын-қабылетін, білімін аямаған Мағжан Жұмабаевтың туған халқына оралғанына отыз жылға тақады.

Мағжанның кез-келген өлеңінде қазақтың асқақ рухы жатыр, келешекке деген сенім жатыр. Сондай өлеңдерінің бірі «Сағындым».

...Не көрсем де алаш үшін көргенім,

Маған атақ ұлтым үшін өлгенім!

Мен өлсем де, алаш өлмес көркейер,

Істей берсін қолдарынан келгенін...

Қазағымды, қалың елді сағындым,

Сарыарқамды – сайран жерді сағындым.

Балдай бұлақ, мөлдір күміс көбікті,

Арқадағы айдын көлді сағындым...

Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,

Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.

«Қарашығым, құлыным!» - деп зарлаған,

Алыстағы сорлы анамды сағындым...

***

Р.S. Жаны жайсаң, жақсы азаматтар көп қой. Қазақтың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев жәйлі, ақынның немере інісі Ғаділша Қаһармановтың он алты баспа табақ көлемдегі «Жәжеке» атты естеліктер кітәбын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, белгілі ақын, баспагер, «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев өз қаржысына, 2005 жылы «Жәжеке» деген атпен басып шығарды.

Аталмыш жинақ мағжантануға қосылған үлкен олжа, сүбелі еңбек деп айтсақ артық болмас.

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ, жазушы,

ҚР мәдениет қайраткері

Астана қаласы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Мағжан Жұмабаев, Ғаділша Қаһарманов, Толымбек Әбдірайым
(0)

Пікірлер

Нұржан Әнуәрбекұлы

06.06.2018 09:42
Ораза қабыл болсын, бауырлар!!! Ғаділша аға айтқан әңгіме мағыналы екен! Ол кісінің топырағы торқа болсын!!! Аталмыш эссе-мақаланы жазған авторға да, "Жәжеке" кітәбін шығарған Темірғали Көпбаевқа да көп рахмет!!!
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар