Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Герман Гессенің Маржан таспен ойнау романы туралы...

13.06.2018 3553

Герман Гессенің Маржан таспен ойнау романы туралы

Герман Гессенің Маржан таспен ойнау романы туралы - adebiportal.kz

Еуропа орта ғасырлық түнектен соң, қайта өрлеу дәуірінде ғылымы мен техникасы күрт дамып, қарыштап өркендеп көш бастайтын дәрежеге жетіп, «екі тізгін, бір шылбырды» қолға ала бастады. Дүниені шырқ үйірді. Отарлаушы алып империялар құрылды.

Ғылым мен білім қарыштап дамыған Еуропада философиялық ақыл-ой да жаңа қарқынмен тамаша өркендеді. Әйткенмен ғылым-білім қарыштап дамыған Еуропа рухани дағдарысқа, тоқырауға (стагнацияға) ұшырай бастады. Әлеуметтік сілкіністер, бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстар Еуропа жұртшылығын рухани күйзеліске ұшыратып, рухани апат табалдырығына әкелді. Қайтпек керек?! Бірыңғай ғылым мен ақылға сүйенсек құрғақ практицизм қоғамды рухани аштыққа ұрындырды. Рухани құндылықтар қожырап, затқа табыну (фетишизм), зат атаулыға дейін культ жайлап, шырқау биігіне шықты. Осындай жағдайда мәдениет, адамгершілік, рухани құндылықтарды қалай сақтап қалуға болады?! Ариадна жібін кім ұстайды?! Осындай күрмеулі сұрақтардың түйінін біз неміс жазушысы Герман Гесседен іздедік.

Герман Гессе – өзінің әлемге танымал «Маржан таспен ойнау» («Игра в бисер») және «Түз көкжалы» («Степной волк») шығармаларымен әлемге танымал неміс-швейцар жазушысы. Оның көптеген өлеңдері мен әңгімелері және 11 романы бар.

«Маржан таспен ойнау» – Герман Гессенің ең соңғы және ең басты романы. Жазушы бұл романы 1931-1942 жылдардың аралығында жазды. 1942 жылы 29 сәуірде тәмамдайды. Алғаш рет 1943 жылғы 18 қарашада «Френц және Васмут» деген Цюрих баспасында екі том болып жарыққа шығады. 1946 жылы Герман Гессеге әдебиет бойынша осы шығармасы үшін Нобель сыйлығы беріледі. Жазушының бұлардан басқа Готфред-Келлер сыйлығын (1936), Гёте сыйлығын (1946), Неміс кітап сатушыларының әлемдік сыйлығын (1955) иеленген. Кітаптың басты қаһарманы – Йозеф Кнехт. Ол «Ойын магистрі» деген титулды иеленген.

«Маржан таспен ойнаудың» тілі – музыка мен математика комбинацияларының кульминациясы. Гессенің романы – зерттеушілердің айтуы бойынша сюрреалистік романмен бүркемеленген философиялық эссе.

Роман сюжеті өңкей зиялы қауым, интеллектуалдар орденінің мүшелері төңірегінде топтасқан, ойдан шығарылған Касталия провинциясында өрбиді. Роман оқиғасы басты қаһарманның ғұмырын ойдан шығарылған тарихшының атынан баяндалатын алыс болашақта өтеді.

Өнеркәсібі дамыған индустриалды Еуропаны рухани күйрету, дағдарыс, тоқырау жайлаған. Бұл кезде кез-келген тұжырымның, байламның, көзқарастың ғылыми беделділігі, деңгей, дәрежесі сынға түсуден қалған. Экономика туралы әртістер, философия туралы журналистер төрелік айтып, пікір білдіретін болды. Ғылым салмақты зерттеу нысаны болудан қалды. Классикалық өнердің орнын бұқаралық мәдениет басты. Кез-келген жарияланым оқырман қауымның жай көңіл көтеретін ермегіне айналды. Бұл кездегі негізгі жанр фельетон болды. Осыдан келіп «фельетондық дәуір» деген ұғым пайда болды. Бұл біздің түсінігіміздегі фельетон сөзі емес. Неміс тілінде фельетон сөзі, «көңіл көтеретін газет жанры» деген ұғым береді.

Авторларының атақтары жоғары, тақырыптары мәнсіз болған сайын, сұраныс арта түседі. Мұндай шығармалардың тартымды материалдары ретінде атақты адамдардың өмірінен алынған анекдоттарға құрылып, тақырып атаулары әдетте «Фридрих Ницще және ХIХ ғасырдың жетпісінші жылдарындағы әйелдер модасы», «Композитор Россинидің сүйікті тағамы» немесе «Әйел куртизанкалардың өміріндегі үй иттерінің рөлі» сияқты оқшау тақырыптар болатын. Тіпті әйгілі химик пен пианистен әр түрлі саяси оқиғаларға баға беру, белгілі актер мен балеринадан салт өмірдің артықшылығы мен кемшілігі немесе қаржылық дағдарыстың себептері сұралатын. Кейбір ақылды фельетонистер ирониялық рухтағы өз жұмыстарына келемежбен қарады. Көптеген аңғырт, аңғал оқырмандар осының барлығын таза шындық деп қабылдады. Екіншілері ауыр еңбектен, жұмыстан соң демалыстарын бос торлар мен квадраттарға шұқшиып кроссвордтар шешуге арнайтын. Осындай фельетондарды үзбей оқыған, үзіліссіз кроссворд шешкен адамдардың айналада болып жатқан өмірлік түйіндер мен түйткілдерді, күрделі проблемаларды шешуге, мәніне жетуге уақыты да күші де болмады. Қорқыныштарын басып, жүрегін орнықтырып, айналадағы проблемаларды шеше алмады, «фельетондық гипноздан» шыға алмады. Олар «үнемі қалшылдап-дірілдеп және болашаққа сенбей өмір сүреді. Аржағында автордың өзі тұрған Касталиялық тарихшы мұндай өркениет өз мүмкіндігін тауысып және күйреудің алдында тұр» деген тұжырымға, қорытындыға келеді.

Осындай жағдайда көптеген ойлы адамдар, интеллектуалдық элитаның таңдаулы өкілдері рухани дәстүрді сақтау үшін Касталия атты мемлекеттің ішіндегі мемлекетті құрады. Ол жерде таңдаулы элита маржан таспен ойнауға беріледі. Касталия ашкөздікпен тұтунушылық рухына бой алдырып, дүниеқоңыздыққа белшесінен батқан технократтық қоғамның келісімімен рухани ой түзуші мекенге айналады. Маржан таспен ойнау жарысы бүкіл ел бойынша радиодан беріліп, таратылады. Оңтүстік Германияның табиғатына ұқсас Касталияда уақыт межесі тоқтаған, адамдар тек қана атпен жүреді. Олардың басты міндеті – педагогикалық буржуазиялық практицизм мен конъюнктуралық рухтан азат зиялылар тәрбиелеу.

Романның негізгі оқиға желісі – бұрынғы Ойын магистрі Иозеф Кнехт туралы аңыз. Әңгіме жасөспірім Иозеф Кнехтың Касталия мектебіне оқуға қабылдануымен басталады. Осы жерде ол өзі сияқты жасөспірім Плинио Дезиньоримен танысады. Персонаждың аттарының өзі белгілі бір мәнге ие. «Кнехт» – қызметші немесе құл, ал «Дезиньори» – «синьор» – «мырза» деген сөздерді білдіреді. Кнехт Дезиньоримен үнемі ұзақ дискуссияға түсуіне тура келеді. Дезиньори балаға тән максимализммен касталиялық тұрмыс-салттың маңыздылығы мен мәнін теріске шығарады. Плинио Касталиядан нағыз қайнаған өмірді жалғастыру үшін, «нағыз әлемге» кетеді. Алайда ол әрдайым касталиялық тұрмыстың досы әрі қорғаушысы болып қалуға ант береді.

Есейген Кнехт Касталия басшылығының иерархиясына қабылданады. Көп ұзамай оған Касталиямен бенедиктендік Мариафельс ғибадатханасымен байланыс орнату сияқты маңызды миссия жүргізіледі. Бұл ғибадатханада касталдық бауырластықпен арақатынасы онша емес, католик шіркеуінің үлкен тұлғасы, әулие әкей Иаков тұрады.

Иаков әкейдің сипатынан оның прототипі – белгілі швейцар тарихшысы Якоб Буркхардты аңғаруға болады. Алайда күтпеген жерден Кнехт Касталияны тастауға бекініп, өзінің ескі досының ұлына тәлімгер, тәрбиеші болуды қалайды. Біраз күндер өткен соң, ол таудағы көлге кетіп, қаза болады. Осымен Иозеф Кнехт туралы тарих аяқталады. Романның қорытынды бөлімі Касталияда оқып жүргенде жазылған Кнехтың өлеңдері мен үш әңгімесімен аяқталады.

Роман соңында Йозефтың жеке шығармалары берілген. Олар өлеңдері мен «Жауынды арбаушы», «Үнді өмір салты», «Уағызшы» атты үш әңгімесі келтірілген. Мұнда автор басқа әлем мен басқа уақытта өмірге келеді. Өлеңдерінде: сезім, ой, интуиция сияқты адамның үш қабілет болмысы, қасиеті берілген.

Орден мүшелері Касталия сияқты уақыттың әмірі жүрмейтін ғажап елде өмір сүреді. Елдің аты – Парнас тауындағы мифтік Касталь бұлағынан бастау алады. Оның суының жағасында Аполлон құдай өнер салаларының жебеушілері нағыз музыкасымен сайран салып, би билейді.

Касталия шегінен тыс бенедиктиндік Мариафельс қауымдастығының ортасында болып және Иаков әкеймен кездесу Кнехтіге үлкен әсер қалдырады. Ол тарихтың басып өткен соқпақ жолдары, мемлекет тарихы мен мәдениет тарихының арақатынасы туралы ойланып, касталиялықтар өз ойынымен болып жүргенде қоғам одан мүлде алыстап бара жатқанын сезінеді. Тіпті Касталияны пайдасыз бір ысырап, артық шығын деп біліп, касталияның мынау реалды өмірдегі нағыз орны қандай екенін түсініп, көзін жеткізеді. Мәселе мынада - деп есептейді Кнехт, жастарды кітапхана қабырғасына емес, қатал заңдары бар өмірдің өз ортасында тәрбиелеу керек, - деп ол Касталияны тастап, өзінің досы Дезиньоридің ұлына тәрбиеші болады. Сонымен бірге тау өзенінде жүзіп жүргенде, мұздай суық суда буыны тартылып суға кетеді. Өз өмір жолында Кнехт нәтижеге жетті ме, жетпеді ме, бірақ бір нәрсе анық – ол нағыз өмірден безіп, идеялар әлемі мен кітаптар тасасына тығылуға болмайды.

Бұл ойды кітаптың қорытынды бөліміне кірген және шығарманы түсіндру кілтін ұсынатын тұжырым да растайды.

Бірінші шығарманың қаһарманы – қызметші надандық жайлаған алғашқы қауымдық тайпаларда руханилық жүгін арқалап жүріп, шындықты ұшқыны өшпесін деп өзін құрбандыққа шалады. Екінші кейіпкер – ертехристиандық дәуірдің кезбе әулиесі Иосиф Фамулус (латынша - «қызметші») өзінің күнәһарларға қуат беруші рөліне көңілі толмай, артынан тәжірибелі кәрі уағызшыға жолыққан соң, онымен бірге өз қызметін жалғастырады. Үшінші кейіпкер – Даса («қызметші») өзін құрбандыққа шалмайды, қызмет те қылмайды, ормандағы кәрі йогаға қашып, өз Касталиясына кетеді. Гессенің қаһарманы Иозеф Кнехте осы жолды таңдап, өмірін құрбандыққа шалады.

Осы әйгілі романның атауының өзінде ащы да тәлімді ирония бар. «Маржан таспен ойнау» шындығына келгенде ойын мәнінде емес, бос шынылармен әурелену емес пе? Осы ойынның мәнінде не бар? Герман Гессенің көзқарасынша, бұл – суретшілер мен ғалымдардың зерттеулері, өнермен айналысуы теория мен ғылым бағытындағы рухани ұмтылысы.

Орталық сюжеттік желі Ойын магистрлерінің өмірін жан-жақты суреттеуге арналған, оқиға біздің қазіргі өмірімізден мың жыл өткеннен соң басталады. Аталмыш провинция – дін, ғылым, өнер және білімнің орталығы мен қорғаны. Міне осы жерде басты қаһарманның, болашақ «ойын магистрі» білім нәрін алады.

Ол тамаша оқушы болады, маржан таспен ойнау шеберлігінің биігіне жетеді. Ойынның мәні – сюжеттік желі, идея және өзінің жеке философиясы. Романда ойынның, оның ережелерінің нақты сипаттамасы жоқ. Кейбірулерге ол философиялық талас, жаттығу немесе спорттық сайыс сияқты көрінеді. Ойынға дәл анықтама берілмейді, ол ғылым, өнер және барлық касталиялықтардың жетістіктерін біріктіреді.

Басты қаһарман Йозеф Кнехт өзінің табандылығы арқасында шебер ойыншы болып қана қоймайды, оның алдынан тек қана ойынның жаңа ғана емес, барлық әлемдік жүйенің қырлары ашылғандай болады. Соңында ол Касталияны өзінің «Менін» ашу үшін тастауға шешім қабылдайды. Қазіргі әдебиеттегі барлық өзгерістерді назарға алғанның өзінде «Маржан таспен ойнауды» роман айдарымен, терминімен атау шартты көрінеді. Бұл біздің түсінігіміздегі утопия немес антитутопия емес, дағдылы фантаст-жазушылардың жақсы көретіндей алдағы болашағын болжау да емес. Кітап ойға салып, мұқият оқуды қажетсінеді, көптеген ойлар шифрланып, терең жасырылған. Өзінің шығармасында автор Еуропалық орта ғасыр, Ежелгі Үндістан, Қытай сияқты әртүрлі халықтардың мәдени образдарына үңіледі. Кітапта персонаждар көп емес, рухани тәрбиеші, мектептес дос, музыка магистрі, Үлкен аға, Якоб әкей және Плинио Десиньйори – бұлардың барлығы Йозефтің ойшыл және ойын шебері адамы болып қалыптасуына үлкен әсер еткен.

Кітап толыққанды рухани өмірге ұмтылуға, тұрмыстың қиыншылығын қайыспай көтеруге үйретеді.

Гессе өз романымен қазіргі қоғам элитасы кез-келген түкке тұрмайтын, арзымайтын көр-жермен айналысып, қоғамды күйреу жағдайына әкелгенін айтқысы келген тәрізді. Романның өн бойында Гессе қойған сауалдарды былай тұжырымдауға болатын шығар: «Барлық білім мен өнер, адамзаттың рухани талпынысы шыны моншақпен жай ғана ойнау емес пе екен?»

Гессе сонымен бірге: «Кез-келген шығармашылықа жат буржуазиялық қоғамда өнер қандай күйде болады?», - деген сауалды да алға тартады. Басты қаһарманның өлімі бізге Кнехт сияқты адамдарға қарапайым жандардың арасында орын жоқ екенін көрсетеді.

Герман Гессеннің бұл романы «тәрбиелеуші роман» (Кнехт өмір бойына). Характерінің іс-әрекеті» идеялар мен утопияларды дамытуға бағытталғандықтан философиялық прозаға да жатады.

«Маржан таспен ойнау» әлемдегі 1930-40 жылдардағы орын алған оқиғаларға ашық контраспен алынған параллель ретінде қабылданады.

Кнехт пен оның қарсыласы Плинио Дезиньоренің романның өн бойындағы жоғарғы құндылықтар мен адам өмірінің мәні туралы қызу таластарды оқиғасыз әңгімеге толқыныс, ерекше бір леп, жоғары кернеу, фабулалық сипат, интригалық қызығушылық үстінде дарытады. Олар бір-біріне қарсылас болып қана отырып, бұл негізгі персонаждар бір-біріне ымырасыз қалыпта деп есептесек те конфликт, тартысқа бармайды. Жас кезінен ежелгі Үндістан мен Қытайдың философиялық концепцияларымен таныс болған Гессенің көзқарасы бойынша болмыс қарама-қарсы контрастан емес, қарама-қарсы негіздердің бірлігінен құралады, осы шығыс данышпандарының еңбектерінен алынған концепциялар жүйелі түрде роман беттерінде іске асады.

Қарама-қарсылықтардың бірге өмір сүруі мен өзара әрекет етуші тұлғалардың орнын белгілеп қана қоймайды. Ол романның ең маңызды коллизияларының дамуын да анықтайды. Кнехт пен Дезиньори арасындағы Касталияның орны туралы оның өмір сүруінің қажеттілігін дәлелдеп, ақтау туралы таласқа толы дискуссиялар сырттай қарағанда ымыраға келмейтін екі позицияның негізділігін білдіреді. Олар бір-бірін толықтыра отырып, автор көзқарасын да білдіреді.

Гессенің «Маржан таспен ойнау» романының композициялық арқауында басты тартысты түсіндірудің көптеген мүмкін болар интерпретациялары бар.

Абсолютті шындықты түсіндіруде жазушы үшін бір қарағанда біржақты немесе сағымға айналатын ақиқат маңызды емес, ең бастысы – адамның қадір-қасиеті сақтай отырып, ақиқат өмірді бастан өткеру.

Осындай этикалық императив Кнехтіге бұл өмірді тастауға итермелейді. Ол мұздай суық тау өзеніне мәңгілікке батады. «Маржан таспен ойнаудың» эпилогының мәні басты кейіпкердің табиғат стихиясына араласып кетуі арқылы шешімін табады. Полифониялық принципке құрылған роман финалы әр түрлі тұжырым-тәпсір түсіндірулерге, талдауға интерпретацияға жол ашады, жетелейді. Бұл полифониялық сипат Гессені жасөспірім кезінен, әуестеніп, өзіне ынтық қылған Достоевский дәстүрімен жақындастырып, туыстастырады. 1920 жылдары Гессе «Нақұрыс» романы туралы мақала жазған болатын.

Кейіпкердің алмағайып тағдырын шешер жағдаяттарды анықтаудағы негізгі сипаттар Гессе мәтінінде ішкі жан дүниені нұрландырар мамыражай тыныштық емес, мәңгілік рухани беймазалық, ұмтылыс, әрекет. «Маржан таспен ойнаудың» беттерінде стоицизм уағыздары, даостық «әрекетсіздік принциптері» айтылса да Гессе өзінің шығыстық дүниетанымға, ал оны қанша ынтықтырса да еуропалылықты баса енгізгенін айтады.

Қандай жағдайда болмасын Кнехт санасында қызметінің идеясы тұрақты орын алады. Ақиқат өмір трагикалық хаос билігінде болса да, мінсіз гаромниялық әлем құру талпынысы бір жағы абзал, ізгі іс болса да, көп жағдайда әпенділік талпыныс болса да, Кнехт үшін ол жай жеке рухани қажеттілік қана болған жоқ, оның мәдениет зияткерлік пен қамал-бекінісін, бастионын құруға деген ұмтылысы адамзат өмірінің жоғары мәні, жоғары адамгершілік өлшемдер барлық уақытта да жоғалмайтынын, сақталатынын баса ескертуі еді.

С.Н.Жәмбек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар