Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Гүлжайнар Нәренқызы. Маңдайыма қай жазу көшіп алға...

01.08.2018 6533

Гүлжайнар Нәренқызы. Маңдайыма қай жазу көшіп алған?

Гүлжайнар Нәренқызы. Маңдайыма қай жазу көшіп алған? - adebiportal.kz

Қалдина Гүлжайнар Нәренқызы – 1981 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Аққайтым ауылында өмірге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті, журналистика мамандығының түлегі. Алғашқы еңбек жолын облыстық «Ақтөбе» газетінен бастады. Қазіргі таңда С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры. «Әке әлдиі» және «Үн» атты жыр жинақтары жарық көрген.


Дүниеден сезінбей-ақ кем-кетік,
Өкпе-назын ақтармастан елге түк
Бір азамат кең көшенің бойында,
кетіп бара жатыр әне, әндетіп.

Еш алаңсыз.
Еш уайымсыз жанары,
Әй, жаралы!
жүрегі оның жаралы...
Құшағына бір бөтелке қыстырып,
«Атамекен» әнін шырқап барады.

Әнді аядым – жаралыға жар болған,
жанды аядым, кең дүниесі тар болған.
Азамат пен ән мұңдасқан көшеде –
Арман көрдім арбалған.

* * *

Таңымда тырналар келіп,
Жолымда жылғалар еріп,
Бағым да базарын беріп,
Несібем толсын!

Күлкімнен күмістер шашып,
Бір күнім бір күнге ғашық,
Арманым ақ бұлттан асып,
Аспанға қонсын!

Түсінсең, тарланым, бізді,
Дəл қазір арманым ізгі –
Құшақтап көрейін Күзді:
Келісесің бе?

Даланың маңдайын сүйіп,
Баланың бақытын биік,
Қояйын жүрекке түйіп,
Бөлісесің бе?

Жүрегі жылы, əдемі,
Айтатын сыры əдемі,
Жып-жылы күзім бар еді,
Кім көрді?

ЭКСПРОМТ

Кеңістігің кең бе екен?
Тағдыр деген тар ма екен?
Өзек болар өмірге,
бір ғажайып бар ма екен?

Қарашығын көзімнің
қарайғанға байлатқам...
Өмір деген – өзіммін,
Удан ұрттап...Ой баққан...

Куанғанға қуанып,
қуарғанға гүл алып
жүгірем деп жүрегім
сорға батар...сыналып...

Қара талым, жүдеусің -
қара орманға тіреусің.
Күндер, неге күреңсің?
Әйтеуір бір күлерсің -
Соны мен деп білерсің.

* * *


Айдың мұңы бар ма екен?
Түн біледі.
Күннің мұңы бар ма екен, кім біледі?
Қарашығым кетті де қара аспанға,
Қара шыбық жанымды тілгіледі.

Маған ашып тұрса да төсін арман,
Маңдайыма қай жазу көшіп алған?
Қара талға тағдырым ұқсағанмен,
Қаратауда қайғының көші қалған.

Сазды əуен сағынышты ұғындырып,
Қара таудың қайғысын түңілдіріп...
Көрейін жанарыммен жылындырып,
Тұрғанда күнім күліп...

Мұңы болса, ұмтылма айды алуға,
Аспан-кеудем.
Ал, күнім ой бағуда.
Жүрегім асығады көзіңдегі
Көктеміңнің нұрына айналуға!

* * *


Көкірегіңде күпсіндірме «көзірді»,
Талғамыңды тыңдамайды тағдырың.
Мейіріммен көкке салсаң, көзіңді,
сүйіншіге береді аспан жаңбырын.

Сонан кейін...

Күзімді де күйретпе,
Сыры мөлдір сұлу ғой – сырғалы.
Жалған отты жасап алған – суреттер,
кәдімгі адамдар – туғалы.

Сені қайтіп ақтап алар екенмін,
жалғыз өзің жарты әлемсің – ұдайы.
...мен Күзбенен мақтана алады екенмін,
күрсінісі – шынайы.

* * *

Аспан тұр жанарынан жұлдыз ағып,
Мен тұрмын мұңнан ішіп, мың бозарып.
Кірпігіме ілінген күрсінісім,
Көңілімнің көктемін бұзды барып.

Қайыстырды қабағын ашпай ғалам,
Айналып кеткендей ме тасқа айналам?!
Мама-ау, сенің аңсадым, құшағыңды,
Құс жастық та бүгінде тастай маған.

Көркем – көркем өткерді күн дерегін,
Мен сенің жанарыңда гүлдеп едім.
Өзің барда өзгенің бәрі жақсы,
Адамдардың аласын білмеп едім.

Мұздай көңіл – мұз басқан мекен бүгін,
Мама - ау, бөтен көрсетті бөтендігін.
Мен сезбеппін – шуақты жарық әлем
Сенің нұрлы жанарың екендігін.

КӨЗ ЖАСЫМНАН ТАМЫП КЕТТІ БІР ТҮЙІН...

Жайсыз хабар неге жақын Жерге тым?

Босағама түнемепті бекер мұң.

Көрікті еді, Көркем еді келбетім,

Күн нұрындай күлкісімен Әкемнің.

Ерте күннен ерке қылық – серігім,

Ал, бүгінде көңіл – қапа, жанар – мұң.

Сұлу еді, Сәнді еді өмірім,

Сабыр тұнған жанарымен Анамның.

Келбетімді ұрлап алды күндерім,

Сұлу өмір суық тартып барады.

Алтын тірек жан әкемдей кім менің?

Алтын жүрек анамдай кім болады?

Көкейімде кіреукесіз күн қалған,

Бала ниет жел тиместен жетілген.

Бүгін енді «жетімсің» деп сұм жалған,

Бедерімді тартып алды бетімнен.

Көз жасымнан тамып кетті бір түйін:

Қайғы маған көрсетсе де қылышын

Көңілімнің көзәйнегін сүртейін,

Күлкіме кеп қонақташы күміс үн!

Маңдайыма, мейлі, шаттық айналса,

Тағдырыма қонсын, мейлі, мұң - күйші.

Сұлу өлең, ой – санамда сайран сал,

Сұлу өмір, маңдайымнан бір сүйші.

* * *

Жүрегімнің дүрсіліне қосылып,
Тереземнен түртіп тұрған түн мынау.
Есіл ойдың ескегі боп есіліп,
Жер бетінен сая таппай жүрмін-ау...

Қабағымда қарыс мұңды жасырдым,
Кірпігімнен төгіп күміс күлкімді.
Қара түнде қауыз болып ашылдым,
Қауыз – ғұмыр бір түрлі...

Аспан жақтан
Сазды сәлем жетеді,
Шақырады шаттығы мол ән қайдан?
Жер дегенің - тағдырлардың мекені,
Тамашасы ортайған...

ТҮН СЫЙҚЫРЫ

Айлы түн!
Тамаша түн!
керім едің,
балғын шөп – бал тамғандай төңірегім.
бұл өзен өмірімнің арнасындай,
мен соның толқыны боп өрілемін.

Шырылдап шегірткенің салған әні,
Сыбдырлап жапырақтар жанданады.
Маң дала маңдайымнан сыйпап қойып,
терегін тербетуге қамданады.

Самал жел бұрымымды шашып ойнап,
көмкеріп күлкісімен жасыл аймақ.
Алтын ай көктен жерге түсе алмай жүр,
жүгірген бұйра бұлтын қосып айдап.

Пүліштен көйлек киіп дала жатыр,
Көз алмай көркем сәтке қара да тұр.
Түтіні түнгі оттың түзу ұшып,
бұлттармен бірге билеп бара жатыр.

Қамыстар сыбырласқан үні жетті,
тып-тыныш маужыраған тіліп көкті.
Жанарымнан ән ұшып айлы түннің
тағдырына айналып, сіңіп кетті.

КҮЗГІ КӨҢІЛ

Жапырағын жайды да жарты әлемге,

Күз де келді...Сағыныш сырға тағып.

Сәлем беріп селдір шаш қарт еменге,

Сары кәмпит шашып жүр қырға барып.

Күн сайын күнбатыстан бері қонған,

Жасыл қыр бергісі жоқ түсін әлі.

Сары күз - етегімен егін орған,

Сары қыз – сары қымыз ұсынады.

Қыстың қамы – қымтайды күркесін жұрт,

Кіреуке көз – Аспан шал аһ ұрады.

Күн келбетін жасырып бүркесін бұлт,

Тағдырын тамшылатып отыр әлі.

Күн қыздың жанарынан жарық тұнса,

Езуін әлсіз жиып қала да тұр.

Бір жастық қыстан хабар алып тұрса,

Қария күнін санап бара жатыр...

* * *

Күз. Көше. Гүлдер және Біз,

Өтер дәурен, келер күндер –

Өлең – із.

Жасаураған жанарыңды сүртейін,

Құлап жатқан жапырақтар - жаны егіз.

Жаз – жайлауым.

Бүгін алтын қонысым,

Жеңілісім...Өмірдегі жеңісім...

Күзіңді айтып күрсіндіріп қайтемін,

Көктем әнін шырқап берем сен үшін.

Қадіріңді қайдан білсін Қар сенің,

Көзіңдегі сағынышың – жансебіл.

Мен дегенің – көңілі Күз күйші едім,

Сен дегенім - жаны таза әнші едің.

Жанымыздың жайлауы – жаз.

Мұңы – күз,

Күзден алтын сырға салсақ – тіріміз.

Сен – ағаштан.

Мен - ауладан үн қатып,

Жұбатайық бірімізді – біріміз!

ТҮСІНШІ, МЕНІ!

«Бақытың ғана боламын» дедің,

«Түсінем сені...» деп едің.

Мөлтілдей қалса жанарым менің,

құлазып тұрса өлеңім –

Дауа болмаса, мұңыма өзге,

Жыламай жүрек тына ма?

Түсінсең мені,

Шарқ ұрған кезде

«Не болды?» деп те сұрама!

Жуынсам көңіл жаңбырыменен,

Түсінбейсің – ау.

Күлерсің.

Тал – теректердің тағдырыменен,

Сырласайыншы, жіберші!

...Жіберші мені!

Көңілің босап,

Түспеші бекер уайымға...

Көшеде жалғыз отырам бір сәт,

Арқамды сүйеп қайыңға!

Нала ма? Мұң ба көңілім мынау,

Дауыл ма тұнған айнала?

Жапырақтарым жабығып тұр – ау,

Сырласып қайтам жай ғана.

Көңілім бұлт боп көше береді,

Көрсетпе маған, қысым сен.

Жіберші, енді көшеге мені,

Сен солай түсін!

Түсінсең!..

...Нәзік тағдыр – ай, бәріне көнді!

Мейлі ғой, қина! Қинама!

Бәрібір сенің дегенің болды,

Жарайды, кеттік киноға!

Түсінші, жанымды сен менің,

Жүректе жұтылды кермек үн.

жүдетті тағы да

...жанымды

Өтірік күлкімен емдеуің.

Мұңая бермеспін лайым,

Мен сенен өтініп, сұрайын.

Тізеңе басымды қойып ап,

сәл ғана ойлана тұрайын.

сонан соң...жыр оқып берейін,

қарлығып...талғанша көмейім,

сен тыңдап болған соң...ал, кеттік!

Ерт мені!

Соңыңнан ерейін.

...енді не десең де көнейін!

* * *

Көз алдымда бір белгісіз жан билеп

Жүреді ылғи...

...Менің санам сан күйреп,

Тағдырымның терезесін түрте алмай

отырамын өз мұңымды әлдилеп.

...Басқаларда жұмысым жоқ.

...Ал мені,

түсіне алмай неге солар әуре еді?

Менің күнім – мұңдарыммен маңызды,

Менің түнім – ойларыммен сәулелі.

...Түсінбейсің мендік жайды.

Түсінбе!

...Менің мұңым белгісіз бір пішінде

Тек өзімнің еніп кеткен ішіме -

Күбірлесіп, сырласады менімен,

Сонан кейін билейді ылғи түсімде!

...оны бірақ түсінбе -

Сен өмірді сүрмейсің тек, жарқыным,

Жалғыз мені түсінуің үшін де...

...Өз мұңыммен емдеп алам жанымды

Менің жаным үнсіздікті сағынды...

...Сен ұйықтай қой!

Тыныш қарсы ал таңыңды!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар