Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ықылас Ожайұлы. Себебі біз...

16.03.2018 1531

Ықылас Ожайұлы. Себебі біз...

ГОЛОГРАММА

Голограмма дегеніміз - «біртұтас дене». Яғни ғалам - бүтін ағза деген сөз. Жер бетінде орын алған кез келген келеңсіздікке тіршілік атаулы пұшайман болады. Осы теорияны тұңғыш тапқаны үшін 1971 жылы Денеш Гарборға Нобель сыйлығының лауреаты атағы берілді.

Джон Кехо

Жалпақ ғаламның тілер дұғасы – тазалық

Салтанат құрса, сананың түсі ағарып.

Жалғыз жапырақ жұлынса жердің бетінен,

Тітіркенеді...

Тұтас дүние Қиянатына қабарып.

Обыр ғой адам... ойлағаны тек өз басы,

Осы жайында оймаңтай ғана ойлашы.

Қара жер – қанға,

Қалалар күлге Кететін бе еді айналып,

Көмектеспегенде

Көбелектер мен бөгелектердің көз жасы.

ӘН

Еркін Шүкімәнға

Сал Біржан, алдыңызда Ақан, міне! Алапат...

Қобыз-көмей, аспан-кеуде.

Бір дауыл көмекейден көтерілді,

«Кетпесін үйді жығып, бақан тіре».

Кеудеден кер даланың кеңдігі есіп,

Дауылы бұйра-бұйра бұлт көшіріп,

Жусандай жұпар шашқан мұндай әнді

Жаратқан етер ме екен енді нәсіп?

Пай, пай, пай, неткен дауыс, дірілі мұң?!

Жанымды, жазғаным-ай, үзілдірдің.

Мынау кім жеті түнде желдей ұйтқып,

Желпіген ақ боз үйдің түңілігін?

Абыздың домбыра ғой дуалысы,

Алаштың аруағы, бұла күші.

Сезсеңіз, еңіреген екі ішектен

Бұрқырап боз жусанның тұрады исі.

Бұл иістен аңдасаңыз мағынаны,

Жаныңыз жұпар бүркіп ағарады.

Сол мезет алпыс екі тамырыңнан

қан емес,

Қан орнына ән ағады.

Ереке-ау, екі ішекті еміндіріп,

Шырқашы, шарадан бір төгілдіріп.

Күмістей сыңғырлаған есті үніңе

Есімді бір алайын шомылдырып.

***

...Әжем қонды түсіме кеп

Үркітпеші, кірпігім...

Сұраған Рахметұлы

Бейіттен бір самал желп етті,

Бұл менің анамның исі ғой,

Зарықтым жүгіріп,

Жете алмай құладым сүрініп.

Жаңағы иіс...

Жанымда елжіреп тұр екен,

Жалғыз-ақ жалбыздың гүліне ілініп.

Бейіттің бетіне гүл өскен...

Мейірімге шөлдеген дүние алғандай мұны құп.

Анамнан тараған шуақша

Жайқала жапырақ өсіп тұр

Тамырын жылытып.

Бұл мезгіл таң еді,

Аспан тұр тама алмай түнеріп,

Қамырық күйге еніп.

Менің де кеудемде шық тұрды іркіліп,

Кірпіктің ұшында сүйеніп.

ТҮРМЕ

Біздің қоғам борсыған ой, қотыр сөз,

Сізде соған шырматылып отырсыз.

Мен осындай ойсыздықтан ұшынып,

Өзімді өзім өгей халге түсірдім, тамыр біткен ісініп...

Айқайлардың жер қуырып апшысы,

Жайқалып тұр жануарлық түсінік.

Иә, біздер жануармыз кәдімгі

Не демексіз енді сіз?

Себебі біз... санасы өлі елденбіз.

Біздің қоғам – тәтті ұйқының төсегі,

Біздің ғұмыр – ояу жүріп көрген түс.

Анау Алаш заманда

Ахметтің аспан аңқып ұғымы,

Ағып түсті алмас сынды ғұмыры,

Мазаң етіп кісәпір мен азғынды.

Қара жерді қызыл қанмен суарған,

Біздің сана – Сталиннің елесі,

Біздің ақыл – абақтының мазмұны.

Абайдың да арғытаным ішінен,

Масғұттың мас болуын түсінем...

Мұнымен де тыншымады-ау мұңды шу.

Құлқұтанның қиқуына көмілген

Тыр жалаңаш жындыхана мекенде

Ал ішпей гөр жынды су.

Өтірік пен өңеш жайлы ілімді

Өркениет, ғылым дейді бүгінгі

Мүгедек ми қырсығым...

Қараңғылық құшағында тербеліп

Талықсиды сәби сана, соңыр көз

Менің түрме-түйсігім...

***

Біздің қызық белден биік болмады,

«Поэзия – аң көйлектің дірілі...»

Дәл осылай дестеленді дәптерге,

Көк көрпенің ілімі.

Жар төсегі жаһаннамға айналған...

Қолдар жатыр омырау мен балтырда.

Қалш-қалш етіп қалтырайды ар-ұят,

Шымылдықтың артында.

***

Өзіңнен тыс... болғаннан соң әр ісің,

Ішкендейсің делңұлының дәрісін.

«Жа-лық-тым» деп айқайласам жапанға,

Жаңғырады

«Ғажайып» деп дауысым.

Селк етемін...

кілт қиылып күлгенім,

Қалай болды,

бұл ғұмырды сүргенім.

Жаңғырығым неге жалған сөйлейді?

Неге жалған,

Ал себебін білмедім?..

МЕТАФИЗИКА

Тәнді тастап

Ұзап шықсам өзімнен,

Бостандықты...

Сонда ғана сезінем.

Қызыл раушан қауызына қонақтап,

Қарар ма еді дүниеге бір мезет

Көбелектің көзімен?

Байтақ дала шық тіліне елтіген,

Адам тайған Адалдықтың сертінен.

Қолдар үзген гүл-ғұмырдың ңайғысын

көбелекпін қанатымен желпіген.

***

Табиғат сөйлейді

Таңғы шық тілінде.

Көкжиек боялған

Көз жастың ніліне.

Ал, ажал ақиқат,

Келе ғой, арайлым.

Оралған денемді

Ойыққа жамайын.

Талаурап тіршілік,

Күй кешкен әр қилы.

Ұяттан өртеніп,

Уақыт балқиды.

Түн суық...

Естілген

Гүлдердің дірілі.

Қара өлең – сол гүлдің

Бір тамшы күбірі.

ӨЛІМ

Жалғаншыға келмей бақ,

Келсең бірақ, өлмей бақ.

Қорқыт

Жан менен тән өзгергенмен әр күйге,

Өмір-өлім тұтас ұғым, әрине.

Тірі болу тірлік кешу емес ол,

«Өлгендер көп» өмір сүрген пәниде.

Келуің мен кетуіңнің тынысы

Ішіңде екен, сезсең соны, дұрысы.

Өмір деген – өз ақылың, өз ойың,

Өлім – соның азабы мен жемісі.

Өз кеудемде тозақ пенен жұмағым,

Өз шұғылам...

Қияметте шығар КҮН.

Өлім менің өзі ішімде шайқалып

Туғызады...

Түпкі сана тұрағын.

Қабірменен қорқытады көр молла,

Көрдің қашан көз бітеді орнына.

Бақи мекен

Жан жаралған ЖЕРҰЙЫҚ,

Жерұйығын аңсамайтын ЕР бар ма.

Ғақыл түсіп ғарыштағы бір Хаһтан

Өз бетіңмен өмір сүр деп тіл қатқан...

Сол жұмбақтың кілтін салды кеудеге,

Құдай бізді қуған күні жұмақтан.

Кеудеңдегі хикметпен ойлан шын

Кісіліктің кілтін тығып қойған кім?

Адамдағы ақиқаттың жауабын...

Көрден іздеп көрге айналған қайран «дін».

Жалқы өмірге жалғыз рет келгесін,

Жанның нұры

Жарқырасын, сөнбесін...

Ажал мені алдап соқпақ,

Тәйір-ай...

Тапқан екен «өлтіретін» пендесін.

Қарт Қорқыттың қазыналы қойыны

Бір үрейден айырады бойыңды.

ӨНЕР, БӘЛКІМ,

АЛДАП КЕТУ АЖАЛДЫ

ӨМІР, БӘЛКІМ,

ӨЛМЕЙ ҚАЛУ ОЙЫНЫ.

АЙЫРАУЫҚ

Ыңыранды қобыз

Сүттей шымырлаған үнге

Сүңгідім де кеттім.

Күндей күркіреген ойдың

Көмбесіне жеттім.

Ой іші кеңістік екен –

Бағзы бір адамдар көші.

Аспаннан ағады өзен

Ауада...

Көбелек исі.

Бұл жердің күні де басқа,

Шаттығы, мұңы да бөтен.

Торғайдан төгілген үнге

Топыраң жылынады екен.

Екі ішек бұрқ етті өрттен,

Қандай шер жандырды екен.

Қос қылдан құлаған дыбыс

Қазақтың Тағдыры ма екен.

Сол дыбыс татыса кермек

КҮЙ деген осы ғой деңіз.

...Шанақта шайқалған әуен

Бейне бір толқыған теңіз.

АРЗУ

Жүрегіңізден жұмақ іздеп ем,

Ол тозаққа айналды.

Ойыңыз кемел болар деп едім,

Ол мазаққа айналды.

Көзіңнен жылу күткен ем аңсап,

Мен де бір жан ем мұңлық.

Жанардан осы жалт еткен нұрға

Жүрсем деп едім жылынып.

Сөзіңнен шуақ болмады тағы,

Қақаған ол бір ақпан-ды.

Ұлпадай аппақ қауырсын сезім

Табаныңызда тапталды.

Өзіңді алғаш көргенде неге

Сапарым болды оң дедім?!

Құнарлы құрсақ...

Ұжданды ұлдың

Анасы, әне, сол дедім.

Бәрі де, қалқам, белгілі болды,

Ештеңе де енді айтпаңыз.

Мен бұрылдым, кері қайттым,

Жабық екен қақпаңыз.

***

Тәңірдің тілі бар...

Біз кеттік киелі ілімнен.

Сауал көп санаңда саусақтай бүгілген.

Құдайдың бар-жоғы байқалар кеудеңде

Қандағы ұжданның

Қарасаң нілінен.

ҚОҢЫР

Қ. Жантілеуовке

Қоңыр-қоңыр таулардың

Қолтығынан қой өріп,

Қоңыр үйдің ішінде

Қоңыр салқын ой өріп.

Маңырауық маңдайым

Ой дүретіп неше мың

Жасыл маңдай қыраттан

Жасыл сөз боп есемін.

Жасыл ойым саз еді

Жазиралы жаны ізгі,

Қоңыр сазға гүл атқан

Қара тастың қауызы.

Қайтқан құстың қаңқылын

Өзегіне толтырып,

Тырна жілік, төрт ойық

Сұңңылдайды сыбызғым

Аспан аңқып ауызы.

Мен осылай аңқыдым

Қос ішекке қондырып,

Қоңыр қаздың қаңқылын.

Солқылдатып күй шалған

Әй, шалдар-ай, шалдар-ай,

Сезім кешіп неше мың

Керегенің астынан

Күй тұнады күмбірлеп

Ернеуіне кесемнің.

Кім түсінер күй ұқпай,

Бұл пәнидің баянын,

Күймен бірге жөңкідім,

Жерге тимей аяғым.

Жан еріген сол сәтте

Маңдайымнан күн шығып,

Таңдайымда ай туып,

Күй кілкіген кесемді

Ұрттап-ұрттап қоямын.

Қайда кетті сол шағым

Қоңыраулы қоңыр үн?

Қоңырымды жоғалтып,

Тас көшені торыдым.

Жаңбырына жанардың

Омырауым боялып.

Қайнай-қайнай қаңсыды

Алпыс екі тамырым.

Тоғыз перне бетінен

Толқып соққан самалмын,

Толқын-толқын самал боп,

Сағасынан ағамын.

Қос ішектің үстіне

Құс дауысын жусатқан

Сен аман бол, қоңыр үн,

Сен аман бол, шанағым!

ШЕЖІРЕ

Міржақып пен Хақназарға

Қан-шежіре

тамыр тартқан мәңгіге,

Біздегі қан -

сол ақпарат, сол мүдде.

Жеті атаның алғысы мен қарғысы –

ПЕШЕНЕМІЗ –

Тағдыр деген сол, міне.

Ұрпағың мен ұлысыңды сүюің –

Осы екен ғой адамдықтың түйіні.

Өзіңді ойлау – өшкендігің өмірден,

Өзгені ойлау – КІСІЛІКТІҢ биігі.

Қан-топырақ құнарында тұғырым,

Тұғырымның тазалығы ұлы ұғым.

Өткен қазақ өміріме САЛАУАТ,

Келмек қазақ – менің жаңа ғұмырым.

Қан-шежіре

Тамыр тілі терең-ді,

Содан алдым дерегімді, денемді.

Қан деген ол –

Ұрпағың мен ұлтың ғой,

Ұрпағыңды орға жығып көр енді.

ҰШЫҚ

I

...Әрбір істе қазақ исі аңқығанын,

Тірлікте көзімізбен көреміз бе?..

Ғ. Қараш

Шіркін-ай!

Ойлай беру ойға да ауыр,

Ойлантпай ойсыздарды қойды-ау өмір,

Кеше менің ішіме торай түнеп,

Сол торай доңыз болып шықты бүгін.

Содан менің танауым тарс бітеліп,

Шырқырап шыбын жаным шықты білем,

Ұжданыма доңыздың демі тиіп,

Ұятынан ұшынған ұлттың бірі ем.

Әй, қайран, Қазақия-ай арды білген,

Аппақ ар ащы суға жанды білем,

Күлінен күлімсі иіс ұрпақ өсіп,

Ғұрпыңды буындырған қолды көрем.

Ұшындым не себептен ұшық шығып,

Ұшығым ұлтсыздықтан болды білем.

Салайын сал десеңіз ащы әніме,

Біздің де қариядан қашты әңгіме.

Құдай-ау, уәлі ауыз сақал қайда?

Қайғысы түннен қара, күннен ыстық

Бұл да өзі...

Өз алдына басты әңгіме.

Маңайым қызыл танау тердің иісі,

Айналған асқазанға көздің іші.

Обал да оралады от боп анық,

Көз жастың дөңгеленіп ағары хақ,

Иә, әлгі... дүние кезек

Бәріне әмір етер жоғарғы Хақ.

Адамдық айуанатқа ғапылданса,

Қайырылып қара жұртты табары хақ.

Санам-ай

Сақтан қалып сансыраған,

Ғұрпым-ай

Ғұннан қалып қансыраған.

Құдайым, құлдық ұрдым бір өзіңе

Құтылар құдірет бер бұл «тажалдан».

Қанымды қаламсапқа сертке байлап,

Арыңды ақ қағазбен ұшықтайын.

Не істейін бұдан өзге енді саған,

Қазақия?..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Ожайұлы
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар