Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ықылас Ожайұлының жастармен кездесу кеші...

02.05.2018 5952

Ықылас Ожайұлының жастармен кездесу кеші

Ықылас Ожайұлының жастармен кездесу кеші - adebiportal.kz

28 сәуір күні Еуразия Ұлттық университетінде «Алаш жастары» бірлестігінің ұйымдастыруымен халықаралық «Рух» әдеби байқауының «Поэзия: топтама өлеңдер» аталымы бойынша «Құдайға қарайтындай қасқайып...» атты өлеңдер топтамасы үшін бас жүлде иегері, «Адырна», «Қалам ұшына тұнған сыр» жинақтарының авторы ақын, журналист, абайтанушы, алаштанушы Ықылас Ожайұлының жастармен кездесу кеші өтті.

Кеш тізгінін алған «Алаш жастарының» төрағасы Серікбол Хасенов: «Құрметті жастар! Бұл кісінің қанға сіңген, санаға түйген әдетінде мақтау сүймейтіндіктен, атағын асырып, даңқын асқақтата таныстырмайын. Алдарыңызда Ықылас Ожайұлы», – деп қана жария етті.

Танымал ақынның жеке басына қатысты емес, бойындағы білімін алып қалуға ұмтылған жастардың сауатты сұрақтарына ой сорабынан өткен сәулелі жауаптар қайтарылды. Ресми, бейресми төрт сағатқа созылған әңгіме еркін ойлау, таптаурындарды қиратуға бағытталып, жуық арада ғана таныстырылымы өткен «Қалам ұшына тұнған сыр» жинағына енген мақалалар, басқа да өзекті тақырыптар төңірегінде өрбіді. Сұранысқа ие болған кітап жастарға еркін жол тартты.

Расында, сиқыры еліткен ақынның аузынан шыққан әрбір сырлы сөзі – оның кім екенін айтқызбай-ақ дәлелдеп берді. Есті сөзді жетімсіретпеген жастардың қарасы көңіл куантты.

Кеш соңында автордан қолтаңба алып, көк түсті кітапты қолдарына алып көгерген жастар ақынмен суретке түсіп, мәре-сәре болып тарқасты.

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар