Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Ықылас Шалғынбай: Өлілерге арналған әңгіме...

23.02.2018 6794

Ықылас Шалғынбай: Өлілерге арналған әңгіме

Ықылас Шалғынбай: Өлілерге арналған әңгіме - adebiportal.kz

Түнгі сағат он екі болатын. Нөсерлі жаңбырға малшына жүріп қаланың шетінде орналасқан жатағыма әрең жеткенім есімде. Иә, қайдан қайтып келе жатқанымды ұмытып қалыппын. Әйтеуір аласұрып жұмыс іздеп жүрген күндердің бірі болу керек. Дұрыс айтасыз, сол күні жаңбыр өте қатты жауған болатын. Жатаққа келе сала су болған киімдерімді шешіп жатып үстімнен біртүрлі иіс шығып тұрғанын байқаған едім. Дереу моншаға кіріп, сабынды көпіршітіп, әбден жуындым. Денемдегі иіс кеткендей болды. Бойымды билеген қорқыныш лезде ғайып болып, моншадан шықтым да, жатып қалдым. Ертесі таңертең оянғанымда бөлменің ішін адам шыдап тұра алмайтын өте жиіркенішті сасық иіс жайлап алыпты. Қандай иіс дейсіз бе? Кәдімгі ұзақ тұрып, құрттап, сасып кететін ет болады ғой, соған келіңкірейді. Шыдай алмай, терезені аштым. Бөлменің іші тазарғандай болды. Денемді иіскеп едім, сасып кетіпті. Лоқсып құсып жібере жаздадым. Үсті-басым кәдімгі өлексе сасып тұр екен. Моншаға кірдім де, тағы да жуына бастадым. Денемді ысқылап, сабынды көпіршітіп әбден жуындым. Бірақ қанша жуынсам да күлімсі иіс кетер емес. Кеткендей болады да, біраз тұрып қайтадан иістеніп, өрши бастайды. Иістің қайдан шығып жатқанын білмек болып, аяғымды, қолтығымды, аузымды, қысқасы жаман иіс шығатын жердің бәрін тексеріп шықтым. Бірақ олар саси қоймаған секілді. Сол кезде ішкі органдарымның біреуі бүлінгеніне анық көзім жетті. Не ішек қарным саси бастаған, не өкпем шіри бастаған, я болмаса жүрегім қарайып кеткен болу керек деген қорытындыға келдім. Иістің сасық болғаны сонша жаныма тыныштық бермеді. Оған қоса жанымды билеген үрей тағы бар. Не де болса емханаға баруға бекіндім. Бірақ мына сасық иіспен көшеге қалай шығамын?. Көшеде кездескен адамдар не деп ойлайды, олар жиіркене қараса қайтемін, дәрігердің өзі тексеруден бас тартса ше? Өзімнен жиіркенгенім сонша жанымды қоярға жер таппадым. Маған бір құтқарушы керек еді. Амалсыз, әтірден молынан шашып алып, көшеге шықтым. Бағыма қарай көшеде адам аз екен. Дереу такси ұстадым. Таксиге отырғанымда, шофёр айнадан маған ұрлана қарады да, терезесін баяу ашып қойды. Ол біліп қойған болу керек деп топшыладым. Такси емхананың қақпасына әкеліп қалдырып кетті. Аулада жүрген адамдардан тығыла жүріп, ішкі аурулар бөліміндегі дәрігердің бөлмесіне бардым. Дәрігер бетіме қарап ұзақ отырды да нарау тіл қатты.

- Қай жерің ауырады?

Бойымды билеген үрейден арыла алмай, кібіртіктеп:

- Сасып кеттім, - дедім.

- Не болдым дейсің?

Дәрігер сұраулы бейнемен қарады.

- Денемнен күлімсі сасық иіс шығып, қанша жусамда кетпей жатыр, - дедім күмілжи тіл қатып.

Дәрігер жиіркенгендей болып, еңкейіп келіп, денемді жасқана иіскеп көрді де:

- Қайдағы жаман иіс? Әтірдің иісі шығып тұр ғой, - деді.

- Иә, иіс білінбеу үшін әтір сеуіп алдым. Мен саси бастаған секілдімін. Тексеріп көріңізші, - деп жалына тіл қаттым.

Киімімді шештіріп егжей-тегжейлі тексеріп көрді де:

- Сенен ешқандай иіс шығып тұрған жоқ, - деп тағы қайталады.

Мен мүлде сене алмадым. Денемді қайта-қайта иіскеп, лоқсып жібердім. Иіс күшейіп тұр екен. Дәрігер маған ажырая бір қарады да, орнынан тұрып жатып тіл қатты:

- Алдында да сен секілді ауылдан келген бірнеше адам келді. Олар да сенің айтқаныңды айтады. «Сасып кеттік, шіри бастадық», - деп. Түгел жынданайын дегенсіңдер ме?

- Ішімдегі бір органым бүлінген секілді. Денемнен шыққан сасық иістен жиіркеніп өлетін болдым, дәрігер, мені құтқарыңыз, - дедім тағатсыздана.

Дәрігер маған көзін алайтып:

- Есің дұрыс па? Сенде ешқандай жаман иіс жоқ деп айтым ғой, - деп жекіп тастады да, біраз үнсіз қалып қайта тіл қатты:

- Не жұмыс істейсің?

- Ауылда жұмыс жоқ. Қалаға жұмыс іздеп келгем.

- Жұмыс таптың ба енді?

Мен үнсіз қалдым.

Дәрігердің бөлмесінен құр сүлдерімді сүйретіп, үмітсіз халде шықтым да, дәлізбен сыртқа қарай жүгіре жөнелдім. Ондағы ойым тезірек жатағыма жету болатын. Жұрттан тығыла тұратын ең ыңғайлы жер сол еді. Такси ұстап баруға ұятым жібермеді, себебі сасық иіс барынша күшейіп кеткен еді.

Қаланың адамдар сирек жүретін тар көшелерімен тығыла жүріп әбден кеш кіргенде жатағыма жеткен едім. Келе сала, қайтадан моншаға жуынуға кірістім. Бірақ баяғы иіс мүлде кетер емес. Моншадан шығып, кереуетке келіп жаттым да телевизорды қостым. Тұқымы құруға айналған аң-құстар туралы деректі фильм көрсетіп жатыр екен. Телевизорға мағынасыз телміріп жатып ұйықтап кетіппін.

Түс көріппін. Түсімде қалың жыныс орманның ішінде бір түсініксіз мақұлықтан қашып келе жатыр екенмін деймін. Ол менің соңымнан қалмай қуып келеді. Қашып келе жатып бұл не қылған мақұлық деп артыма қараймын. Мүлде тани алмаймын. Өмірімде көрмеген, атын да білмейтін, ешбір хайуанға ұқсамайтын мақұлық. Қалай суреттеп айтсам екен? Оны бейнелеп жеткізуге сөз таба алмай отырмын. Сонымен мақұлықтан қашып, терең шатқалды құздың басына келіп тіреліп тоқтаппын. Шатқалдың арғы бетіне қарасам, қалада тұратын туысқанымыз отбасымен бейғам өмір сүріп жатыр екен деймін. Соларға «құтқарыңдар!» деп айқайлап жатырмын, бірақ қанша қатты айқайласам да дауысым шықпайды. Олар бір нәрселерді айтып қарқылдап күліп жатыр. Әлгі мақұлық қуып жетіп ұстай берем дегенде, арғы жағаға қарай секірмек болып, дәрменім жетпей терең құзға қарай құлап бара жатып шошып оянып кеттім.

Денемді тер басып кетіпті. Сағатқа қарасам, сағат таңғы он болған екен. Күлімсі иіс бөлменің ішін жайлап алыпты. Иіске де үйреніп қалған секілдімін. Кереуетте жатып ойға баттым. Бұл не қылған иіс сонда? Негізі әр адамда өзінің иісі болады ғой. Бірақ оны кейбіреулер өздері сезбейтін болу керек. Егер сен өзіңнен сасық иіс шығатынын байқасаң, бұдан өткен қайғы жоқ шығар. Денеңнен сасық иіс шығатынын сезбей өмір сүргенге не жетсін, шіркін. Мысалы Асан мен Жасардың аяқтары шуаш сасиды. Ал әлгі бір қыздың ауызы қандай сасық еді. Сондықтан көп адамдар иісін жасыру үшін әтір сеуіп алатыны белгілі ғой. Адам баласы өзіндегі сасық иісті жоғалту үшін қаншама қымбат бағалы әтірлер ойлап тапты. Сонда да жаман иістен арыла алмай келеді. Ал менің иісім әтірдің күшіне де бағынбайтын мүлде жат иіс болып тұр. Отырықшы халықтардың біздің ата-бабаларымызды сасық, жуынбайды деп жиіркенетін деген сөзді жақында бір кітаптан оқығаным бар еді. Олардың сасық иісі қалай болғаны туралы білмеймін. Мүмкін денелеріне сіңіп қалған малдың иісі шығар, не үйге жаққан қидың иісі шығар. Сонда менің денемнен шығып тұрғаны да солардың бойындағы отырықшылар жиіркенген сасық иіс болғаны ма? Бірақ одан кейін де талай заман өтті ғой. Біз де отырықшыланып, басқа өмірге үйрендік, қала жағалай бастадық емес пе?

Осы кезде кенет есік қағылған еді. Жатақ иесі жесір орыс кемпір болу керек деп, үнсіз жата бердім. Бөлменің ақысын төлемегеніме де екі ай болған еді. Есікті екі-үш рет қақты-дағы, атымды атап шақырған ер адамның дауысы естілді. Ауылдасым екен. Үнсіз біраз тұрдым. Ол есікті қайта-қайта ұрғылады.

- Сәке, осында екеніңді білем, мен Асқармын ғой. Ашсаңшы есігіңді

Есікті аштым. Ол ішке кірді де, амандасып, төмен жақтағы орындыққа келіп отырды.

- Терезеңді кішкене ашып қойсаңшы бөлменің іші не болып кеткен?!

Терезені ертерек ашып қоюым керек еді, біліп қойды деп ойладым.

-Үстіменен жиіркенішті сасық иіс шығып жатыр.

- Қалжыңдамашы.

Ол тісін ақситып күліп жіберді.

- Шынымен. Саси бастадым. Бөлмедегі соның иісі.

Ол орнынан тұрып қасыма келіп, денемді иіскеді.

- Қайдағы иіс. Ешқандай жаман иіс шығып тұрған жоқ

- Неге сендерге білінбейді, мен саси бастадым, түсінемісің?! Ертең шіріп кетуім де мүмкін. Көңіліне ауыр алып қалмасын деп әдейі айтпай отырсың.

Күйгелектене оны кінәлай тіл қаттым.

- Сен жынданайын дегенбісің?

Ол маған үрейлене қарады. Оның бәрібір мені түсінбейтінін сездім де, не үшін келгенін сұрадым. Ауылға қайтуға қарызға ақша сұрап келіпті. Ауылдағы шешем мен жалғыз інімді ойладым. Олар маған үміт артып отыр ғой.

Үнсіз біраз отырдым да тіл қаттым.

- Менде ақша жоқ. Болса берер едім.

Ол ауыр күрсінді.

- Кешкі автобуспен кетіп қалайын деп едім.

Екеуміз де үнсіз қалдық. Ол орнынан баяу көтерілді де кетуге ыңғайланды.

- Ауылға барсаң мені иістеніп саси бастапты деп айта көрмеші. Шешем алаңдап қалады ғой, - дедім өтінішпен. Ол бетіме ұзақ қарап тұрды да еш жауап қатпастан есікті жауып, шығып кетті.

Орныма келіп қайта жаттым. «Енді не істеуім керек?» дедім өзіме-өзім күбірлеп. Бар ойым, өз тәнімнен құтылу ғана болды. Әрине мен оны, тәнімді айтамын, кейінгі кездері жек көре бастаған едім. Әр күні айнаға қараған сайын екі иығым төмен түсіп, жағым мүлде суалып, сорайып өсіп кеткен, құлағым қалқиып, үлкейіп бара жатқан секілді көрінетін. Көздерім де ішке қарай тартылып, шүңірейіп кеткендей. Түрім кәдімгі өлген адамның бейнесі секілді болып кеткен еді. Енді келіп ол мынадай жиіркенішті сасық иіс жұқтырып алғанда мен оны қалай өмірімнің соңына дейін сүйреп жүрмекпін. Айтыңыздаршы! Өзімнің адам түсініп болмайтын дертке шалдыққанымды сол кезде түсіндім. Сол күні түнге қарай адам аяғы сирегенде қаланың шетіндегі үлкен өзенге қарай бет түзедім.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар